ӘӨЖ 94:314.7/8](574) Қолжазба құқығында
Ниязханқызы Гүлжанат
Қазақстан Республикасындағы көші-қон және оның әлеуметтік-демографиялық дамуға әсері (1991-2009 жылдар)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік процестер бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекші:
|
ҚР ҰҒА академигі, тарих
ғылымдарының докторы, профессор
М.Х. Асылбеков
|
Ресми оппоненттер:
|
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Т.О. Омарбеков
тарих ғылымдарының кандидаты
Қ.Қ. Сүлейменова
|
|
|
Жетекші ұйым:
|
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
|
Диссертация 2010 жылы «29» сәуір күні сағат 14-00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29)
Автореферат 2010 жылы «27» наурызда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Тәуелсіз Қазақстанның алдында жүзден астам ұлт өкілдерінен тұратын халықтың болашағын қамтамасыз ету, экономикалық-нарықтық қатынасты негіздеу, ұлтаралық қатынастарды заман талабына сай ілгері дамыту мәселесімен бірге, ел қоғамындағы әлеуметтік-демографиялық ахуалды жақсарту да үлкен міндет.
Қазақстанның егемендік алуымен бірге басқа ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына, алыс-жақын шетелдерге қоныс аударуы басталды. Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік даму бағыттарындағы орасан зор ғаламдық өзгерістер көші-қон мәселелерін күрделендіріп жіберді: көші-қон көлемдері мен оның толқындарының бағыттары ғана өзгеріп қойған жоқ, сондай-ақ амалсыз көші-қон, жер ауып келген халықтардың қайта кетуі, экологиялық және басқа себептер бойынша жаңа көші-қон түрлері пайда болды. Сондықтан, зерттеу жұмысында Қазақстандағы көші-қон процесінің 1991-2009 жж. барысы, себептері, үрдістері, нәтижелері сараланады. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстанның егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолы жеңіл бола қойған жоқ. Демографиялық ахуалға кезінде кері әсерін тигізген әлеуметтік-экономикалық дағдарыс еліміздің негізгі байлығы болып табылатын - адамдар ресурстары жағдайын да көрініс тапты. Жеке дербес мемлекет болып қалыптасып, дамып, өз саясатын жүргізе бастаған Қазақстанға алғашқы күннен бастап-ақ терең тарихы бар көші-қон мәселелеріне қатысты өз бағытын айқындауға тура келді. Егеменді Қазақстанның көші-қондық қозғалысына он сегіз жыл, оның өзіндік тарихы бар, оны өзіндік «кезеңдерге» бөліп, динамикасын, бағыттары мен көлемін талдау қажет. Қазақстан Республикасындағы көші-қонның себептері мен нәтижелері қандай, көші-қонның, кеңірек алсақ, демографиялық және әлеуметтік дамудың болашағы нені меңзейді? Осы сұрақтарға жауап алмайынша, тиімді де сенімді мемлекеттік саясат жүргізу мүмкін емес. Сондықтан да өзара байланыста болатын көші-қон мен демографиялық жағдайлардың арақатынасының соңғы кеңестік санақ кезінен бергі барысын көрсете отырып, негізгі заңдылықтары мен үрдісін анықтау өзекті мәселе болып табылады.
ХХ ғ. соңғы онжылдығында республика халқы 1.2 миллионнан аса адамға кеміп, келгені мен кеткені 3.6 миллионға жуық (1991-2000 жж. иммигранттар - 807 мың, эмигранттар – 2772 мың, барлығы – 3579 мың) адам көшіп-қонды. Республика ішіндегі көші-қон толқындары да едәуір өсе түсуде. Республикадан басқа мемлекеттерге қоныс аударушылардың басым бөлігі еңбек жасындағылар, қажетті мамандық иелері, ғылыми сала қызметкерлері. Бұл процесс көші-қоншылардың келген және шыққан жерлеріндегі этникалық құрылымына, халықтың білім деңгейі мен жастық-жыныстық, әлеуметтік құрылымына, некеге тұру деңгейінің өзгерістеріне және табиғи өсім үрдістеріне әсер етеді. Өз кезегінде халықтың жастық-жыныстық құрамы көші-қоншылардың белсенділігін айқындайды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2009 ж. 6 наурыздағы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауында барша әлемді алаңдатқан күйзеліс кезеңінен шығудың жолдарын қарастыра отырып, біздің болашағымыздағы ең басты мәселе ретінде елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуді атап көрсетеді [1]. Әлеуметтік тұрақтылықтың еліміздің негізгі байлығы – халық санының өсіміне тигізер әсері оң болмақ. Ал, халықтың өсімі – мемлекеттің алдында тұрған үлкен мәселе. Оны шешу – заман талабы. Өйткені, осыншама кең-байтақ жеріміз бола тұрып, халықтың саны өспесе, ұлт болшағына үлкен қатер төнетіндігі сөзсіз. Осы мақсаттарға жетуде халықтың табиғи өсімімен қатар, елдегі этнодемографиялық дамудың қозғаушы күштерінің бірі – көші-қон құбылыстарын реттеу өте маңызды.
Көші-қон процесіне байланысты Қазақстан республикасы да салиқалы саясат жүргізе бастады. Ол саясат халықтардың орналасуына, тұрғындар өмір сүрген жердегі саяси, экономикалық, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты жүргізіледі және әртүрлі нысанда көрініс табуда. Бұл үрдісті жүргізу тетігі мемлекеттік деңгейде сараланып, көші-қон мен халықты орналастыруға байланысты мәселелердің мәні мен маңызы барлық ғылыми білімдердің қарастыратын мәселесіне айналуда. Сондықтан да, 1991-2009 жж. көші-қонның Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-демографиялық дамуға әсерін зерттеу Отан тарихы ғылымының тарихи демография саласындағы өзекті мәселелерінің бірі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Отандық тарихнамада көрсетілген мерзімдегі Қазақстандағы көші-қон процестерінің мәселелеріне байланысты арнайы зерттеулер, тарихи демографиялық бағыт бойынша, жеткілікті түрде жүргізілді деп айта алмаймыз. Тарихи демография арнайы сала ретінде қалыптаса бастаған ХХ ғ. 70-80-жж. бері осы тақырыпқа ішінара болса да тоқталып, халықтың этнодемографиялық дамуы мәселесін қарастырған жалпы және диссертациялық зерттеулер жариялануда. Бірақ көші-қон проблемасы арнайы ғылыми зерттеуге әлі түскен жоқ. Бұл диссертациялық жұмыста ХХ ғ. соңынан осы күнге дейінгі көші-қон процестерінің ерекшелігі зерттелетіндіктен, мәселеге қатысты тарихнамалық еңбектерді кеңес дәуіріндегі және қазіргі кезеңдегі зерттеулер деп екі топқа бөле талдаймыз.
Кеңестік замандағы еліміздің демографиялық даму барысына арналған зерттеулерде негізінен Қазақстан Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде қаралып, басқа ұлт өкілдерін қоныстандырудың барысы мен қорытындылары кеңестік саясат негізінде жүргізілген шаралардың оңды нәтижесі деп көрсетілді. Мұндай бағытқа Н.В. Алексеенконың, Н.Ф. Голиков пен А.И. Седловскийдің, Н.Ф. Голиков, Б.Я. Двоскин және М.Д. Спектордың, Ф.Н. Базанованың, Е.И. Гладышеваның [2] және т.б. зерттеулері жатады.
Қазақстандағы әр кезеңдердегі, соның ішінде оның кеңестік дәуір уақытындағы демографиялық ахуалдың әр бағыттары, оларды жақсартудың шаралары мен ұсыныстары, осы саладағы ғылыми тұжырымдар мен сараптамалар көптеген диссертациялық зерттеулердің тақырыбына айналды. А.Н. Алексеенко, Е.Г. Васильева, Б.Б. Мананов, М.М. Тажин, Г.В. Кан, В.В. Козина, М.К. Төлекова, М.Н. Сдықов, А.И. Құдайбергенова, Б.Р. Найманбаев, Қ.М. Ерімбетова, Қ.А. Еңсенов, А.И. Каржаубаева, З.Ә. Сабданбекова, Қ.Қ. Сүлейменова, О.Д. Табылдиева, Ш.А. Сәлімгереева және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде Қазақстандағы халық санының өсіп-өнуі, табиғи және механикалық қозғалыстың барысы мен салдарларына талдау жасалынып, республика тұрғындарының демографиялық ахуалы мен көші-қон түрлеріне ғылыми тұрғыда баға берілуде [3.
Егемендік жағдайында Қазақстандағы демографиялық құбылыстарды зерттеуге арналған еңбектердің көпшілігінде Қазақстандағы этно-демографиялық даму тарихына талдау жасалынып, қазақ жерінің көп ұлт өкілдері мекеніне айналуының барысы, оның кері әсерлері сараланған. Мысалы, Қазақстандағы кеңес кезеңіндегі демографиялық ахуалға талдау жасалған М.Х. Асылбеков пен Ә.Б. Ғалидың, М.Х. Асылбеков пен Л.Х. Төлешованың, республиканың Орталық аймағындағы демографиялық дамудың тарихы баяндалған В.В. Козинаның зерттеуі де осы мақсатта жазылған. Т. Жұмасұлтанов пен А. Ибраеваның зерттеуінде көне заманнан ХХІ ғ. басына дейінгі Қазақстан тұрғындарының қалыптасу тарихына жалпы шолу жасалса, М.Х. Асылбеков пен В.В. Козинаның бірлескен ғылыми зерттеулерінде Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі демографиялық өзгерістер мен оның барысы, маңызы, республикадағы қазақтардың әлеуметтік-демографиялық дамуы қарастырылып, Қазақстандағы ХХ ғ. 80-90 жж. демографиялық құбылыстардың қарама-қайшы жақтарына ғылыми талдау жасалынған [4].
Отан тарихының әдістемелік, теориялық және қолданбалы мәселесін өңдеу барысында тарих ғылымының өзекті мәселелеріне байланысты әдіснамалық тұжырымдар С.Ф. Мажитовтың зерттеулерінде көрсетіледі [5, 10-29-бб.].
Туған отанынан тыс жерлерде өмір сүруге мәжбүр болған қазақтардың тарихы мен ұрпақтарының қазіргі күнгі жағдайлары саясат пен ұлттық демографиялық зерделеу негізінде еліміздің тарихы, руханияты, ұлттық сана мен болмысы және ділімен қатар көші-қон мәселесі де бірқатар ғалымдар еңбектерінде талдануда. Авторлар республика халқының қазіргі кезеңдегі өсу динамикасына шолу жасай отырып, көші-қон мәселесінің тіршілік талабы екендігін қоғам дамуының заңдылықтарына орай көрсеткен [6].
Зерттеу жұмысында тақырыпқа байланысты жарық көрген еңбектер мен зерттеулер салыстырмалы тұрғыда жүйеленіп, сараланып берілді. Бірақ, тарих ғылымының зерттеу бағыттарының бірі болып табылатын тарихи демографиялық мәселелердің ішінде 1991-2009 жж. қөші-қон мәселесі және оның Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық дамуға әсері дәйекті түрде осы күнге дейін арнайы зерттеу нысаны болған емес. Сондықтан, Қазақстан Республикасындағы халықтың саны мен құрамына көші-қон процесінің тигізген әсері кезеңдерге бөліне отырылып, алғаш рет осы диссертациялық жұмыста арнайы ғылыми зерделеуге түседі.
Зерттеудің деректік негізі. Еңбек көптеген және әртүрлі деректерге негізделіп жазылды, олардың ең бастылары:
1. Көші-қон процесін реттеу мен бақылауды жүйеге келтіру жолындағы мемлекеттік көші-қон саясатын құқықтық қамсыздандыру мақсатында қабылданған заңдық құжаттар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғылары мен Үкімет пен басшы органдардың заңдық актілері, ережелері мен әртүрлі құжаттары. Соның ішінде, Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Халқымыздың көші-қоны туралы» Заңы (1997 ж. 13 желтоқсан), ҚР көші-қон саясатының Тұжырымдамасы (2000 ж. 5 қыркүйек), ҚР көші-қон саясатының 2001-2010 жж. арналған салалық Бағдарламасы (2001 ж. 29 қазан) мен «Нұрлы көш» Бағдарламасы және т.б.
2. Мұрағат қорларының мәліметтері. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қр президенті мұрағаты, ҚР Ұлттық мұрағаты, сондай-ақ, облыстық мұрағаттар, соның ішінде Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстық, Семей қалалық мұрағаттар қорларындағы құжаттармен жұмыстар атқарылды. Мысалы, ҚР Ұлттық мұрағатындағы «Қазақстан республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитеті» деп аталатын 53-қорда 1992 ж. 15 желтоқсанында құрылған Еңбек министрлігі Көші-қон департаментінің, 1997 ж. 8 желтоқсанда ҚР Президентінің № 3783 Жарғысы бойынша құрылған ҚР Көші-қон және демография жөніндегі Агенттіктің, 2004 ж. әкімшілік реформаларының негізінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитеті болып қайта құрылған мекемелердің 1998-2004 жж. құжаттары сақтаулы. Диссер-тациялық жұмыста осы қордың ҚР Президентінің, үкіметтің көші-қонға байланысты шешімдері, оралмандарға, босқындарға, азаматтығы жоқ азаматтарға және т.б. қатысты құжаттары пайдаланылды. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық мұрағатындағы 64-қорда тәуелсіздік жылдарындағы статистикалық мәліметтер, соның ішінде, қайта құрылып, жылдарға сәйкес атаулары өзгеріп отырған: 1990-1996 жж. ҚР статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік комитеті, 1996 ж. ҚР Ұлттық статистика агенттігі, 1997 ж. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттіктің статистика мен талдау жөніндегі комитеті, 1998 ж. қайтадан ҚР Ұлттық статистика агенттігі аталған мекеменің құжаттары жинақталуда. Диссертацияда 64-қорда жинақталған осы ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің құжаттары қолданылды.
Кеңестік дәуірдің соңғы кезеңіне қатысты мәліметтер ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы 698-қорында (Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Орталық статистикалық басқарма), 1987-қорында (Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің еңбек ресурстарын реттеу жөніндегі Мемлекеттік Комитет) шаруашылықты реттеуге байланысты көшірілгендер туралы мәліметтердің ішінде Қазақстанға қатысты мағлұматтар кездеседі.
Кезіндегі Семей облыстық мемлекеттік мұрағат, ал қазіргі Шығыс Қазақстан облысы қазіргі заман тарихы құжаттама орталығының (ШҚОҚЗТҚО) 615-қоры «Семей облыстық атқару комитетінің статистикалық басқармасы» деп аталады. Бұл қорда жинақталған мұрағат деректері облыс көлеміндегі халықтың құрамындағы өзгерістері, соның ішінде халықтың көші-қоны туралы мағлұмат алуға көмектесті. Ядролық қарудың зардаптарынан демографиялық ахуалы нашарлаған Семей жері халқының құрамындағы өзгерісті нақтылаудағы бұл құжаттардың маңызы зор. Осы мұрағаттың 652-«Семей облысы атқару комитетіндегі жұмыс күшін тіркеу және бөлу бюросының» қорында көшіп келушілердің саны және әлеуметтік, ұлттық құрамы жөніндегі материалдар жинақталған. Сондай-ақ, осы мұрағаттағы «Семей облыстық әкімдік аппаратының» құжаттары сақталынған 810-қордағы сандық және мәтіндік мәліметтер осы аймақтан халықтың сыртқа көші-қонының мөлшерін нақтылауға дерек болды.
3. Жарияланған статистикалық еңбектер, 1989 және 1999 жж. санақтар материалдары мен Статистикалық агенттіктің ағымдағы мәліметтері қолданылды. 2009 ж. Қазақстанда екінші ұлттық халық санағы өтті. Санақ материалдары әлі жарияланған жоқ. Бірақ, негізгі қорытынды көрсеткіштер баспасөз беттерінде айтыла бастады. Диссертацияда осы санақтың мәліметтері де мүмкіндігінше қолданылды.
4. Тақырыпты талдауда, сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарияланған экономикалық, әлеуметтiк, ұлттық және демографиялық және көші-қон саясаты жөнiндегi материалдар, 1989-2009 жж. республика, жекелеген облыстар, аудандар бойынша көші-қон мәселесі көтерілген мақалалар, хабарламалар және басқа да баспасөз мәлiметтерi зерттеу жұмысын жазуға кеңінен пайдаланылды. Сонымен зерттеу жұмысында өзара бірін-бірі толықтыратын, әрі нақтыландыратын деректер қолданылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негiзгi мақсаты – Қазақстан Республикасында жүрген көші-қон процесін, оның түрлері мен барысын, нәтижелерін, оның елдің әлеуметтік-демографиялық дамуға әсерін анықтап, кешенді түрде зерттеу; еліміздегі көші-қонның түрлеріне орай, осы процестің барысы мен тұрғындардың ұлттық және әлеуметтік құрамындағы өзгерістері мен әлеуметтiк-психологиялық тұрғыдан тұрғындардың басынан өткізудегі күрделi тарихи-демографиялық даму үрдiстерiн жүйелi зерделеу. Осыған орай диссертациялық зерттеуде төмендегi мiндеттердi жүзеге асыру көзделдi:
-
Қазіргі әдістемелік қағидалар тұрғысынан республикадағы көші-қон процестері мәселесін зерттеушiлердiң тарихи-демографиялық, тарихи және әлеуметтік-саяси негiздегi еңбектеріндегі зерттелу деңгейін талдау;
-
Қазақстандағы кеңестік дәуірдің соңғы жылдарындағы (1989-1991 жж.) сыртқы және ішкі көші-қон процесін және оның әсерін қорытындылау;
-
1991-2009 жж. көші-қон процестері динамикасының негізгі факторларын ашып көрсету;
-
1991-2009 жж. көшi-қон үрдiстерiнiң ерекшеліктерін, барысын және нәтижелерін кезеңдерге бөле отырып айқындау;
-
Көшi-қон процестерінің негізгі бағыттарын, түрлерін анықтап, аймақтық ерекшеліктерін саралау;
-
Тәуелсіздік кезеңіндегі көші-қон процестерінің халық санының динамикасы мен жастық, жыныстық, территориялық орналасуы, білім деңгейі және т.б. құрамының өзгеруіне ықпалын анықтау;
-
Кіші қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының көші-қон мен өз кезегінде халық санының динамикасына әсерін көрсету;
-
1991-2009 жж. көшi-қон ағындарын республика тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістерге әсер етушi негізгі фактор ретінде негіздеу;
-
Зерттеудің мерзімдік шеңберіндегi Қазақстанның әлеуметтiк дамуына көші-қон процесінің әсерін нақтылау;
Көші-қон процестерінің өркениетті даму жолындағы тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму ерекшелiктерiне сай, ұлттық саясатты жүргізудің тұжырымдамасы ретiнде практикада қолдануға болатын iс-шаралар бағыттарының қалыптасуындағы маңыздылығын көрсету.
Жұмыстың әдістемелік негіздері. Зерттеу тарихилық, жан-жақтылық, объективтілік және басқа ғылыми методологиялық қағидалары сүйеніп жүргізілді. Тарих ғылымындағы зерттеудің диалектикалық тәсілдерімен тығыз байланыстағы жүйелілік-құрылымдық, салыстырмалы-тарихилық және т.б. әдістемелік талаптарына сай іске асырылды. Зерттеудің басты әдістемелік негізін демографиялық-статистикалық талдау, салыстырмалы зерттеу және нақтылығын анықтау әдістері құрады. Әдістер кешенінің қолданылуы пайдаланылған әдебиеттердің сипаттамасына орай анықталды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертацияда 1991-2009 жж. көші-қон процестерінің барысын көрсете отырып, осы процестің Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық жағдайға әсерін алғаш рет жан-жақты баға беруге әрекет жасалынды. Нақтылап айтқанда:
-
республикадағы көші-қон процестері мәселесіне арналған зерттеу-шiлердiң тарихи-демографиялық, тарихи және әлеуметтік-саяси негiздегi еңбектері объективті түрде талданды;
-
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік көші-қон саясатының құқықтық қамсыздандырылу барысы талданып, оны қадағалау тетіктерін жетілдіру жолындағы мемлекеттік іс-шаралар сараланды;
-
1989 ж. кеңестік соңғы санақтан тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңдегі Қазақстандағы көші-қон процестерінің барысы мен ерекшеліктері нақтыланды;
-
1991-2009 жж. аралығындағы республикадағы көші-қонның ерекшелігі, барысы мен негізгі үрдістері екі кезеңге бөліне отырып анықталынды;
-
Қазақстандағы көрсетілген кезеңдегі көші-қон құбылыстарының облыс, аудандар бойынша қозғалысына талдау жасалынды;
-
1991-2009 жж. көші-қон процестері динамикасының негізгі факторлары ашып көрсетілді;
-
ХХ ғ. соңы ХХІ ғ. басында Қазақстанда көрініс тапқан көшi-қон процес-терінің түрлері нақтыланып, талданды;
-
Аталған мақсатта көрсетілген мерзімдегі шетелдерден тарихи отандарына қайтып оралған отандастарымыздың еңбекке араласуы бағытындағы атқарылған істері сараланды;
-
Республикаға осы уақыттағы келгендер мен кеткендердің жас мөлшер-леріне, білім дәрежелеріне талдау жасалынды;
-
1991-2009 жж. көшi-қон ағындары республика тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық дамуына, әсіресе, оның саны мен сапалық көрсет-кіштеріне, ең алдымен, ұлттық құрамындағы өзгерістерге әсер етушi негізгі фактор ретінде негізделді.
Зерттеу нысаны 1989-2009 жж. аралығындағы республикадағы көші-қон құбылыстары, оның көлемі, негізгі үрдістері, түрлері, нәтижелері мен әсерлері, қорытындысы мен заңдылықтары негізінде Қазақстандағы көші-қон процесінің ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеу пәні 1991-2009 жж. Қазақстандағы көші-қон процестерінің түрлері мен нәтижелеріне тарихи демографиялық тұрғыдан талдау жасау.
Зерттеудің қорғауға ұсынылатын тұжырымдары:
– ХХ ғ. соңына қарай Қазақстанда жүрген саяси ірі оқиға – тәуелсіздіктің жариялануы көші-қон құбылыстарының белсенді жаңа түрлерін туындатып, республика тұрғындарының ұлттық құрамының өзгеруіне елеулі әсер етті;
– Тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон процестерінің негізгі векторлары кеңестік дәуірмен салыстырғанда кері бағытта болды;
– Кеңес өкіметінің асыра сілтеушілік саяси науқандарының, ашаршылық, індет, ауа көшу секілді апаттарының нәтижесінде сыртқа кеткен отандас-тарымыздың қайта оралуына негізделген көші-қон түрі пайда болып, қазақ халқының үлесінің өсуіне оң әсерін тигізді;
– Әкімшіл-әміршіл жүйе кезінде қуғын-сүргінге ұшырап депортацияланған, еңбек лагерлеріне күштеп жер аударылған көші-қоншылардың ұрпақтарының өздерінің тарихи отандарына кері көші-қоны – парасатты құбылыс;
– 1991-2009 жж. аралығындағы республикадағы көші-қондағы ерекшелік – ішкі көші-қонда село-қала бағыты ерекше белсендірілді, деурбаниязациялану процесі тоқтатылды;
– Қазақтар тұңғыш рет, кейінгі сексен үш жылдан аса мерзімдегі тарихында Қазақстан халқының көпэтникалық құрамы жөнінен өзінің тарихи аумағында көпшілік бола алды;
– 1991-2009 жж. көшi-қон ағындары республика тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістерге әсер етушi негізгі факторға сай болды;
– Аталған кезеңдегi Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық, экологиялық, саяси дамуының аймақтарға тән ерекшеліктері ішкі көші-қон процестеріне әсер етті;
– ХХ ғ. соңына қарай елдегі жағдай бірсыдырғы тұрақтанып, 2004 ж. бастап механикалық және табиғи өсімнің оң айырымына өтуі байқалды.
Диссертацияның территориялық ауқымы 1991-2009 жж. арасындағы болған әкімшілік-территориялық өзгерістердің негізіндегі Қазақстанның қазіргі территориясын, яғни, 14 облыс пен республикалық деңгейдегі Астана және Алматы қалаларын қамтиды.
Зерттеудің мерзімдік шеңбері 1991-2009 жж. қамтиды. Еңбек Қазақстан Республикасындағы халық санының динамикасына әсер еткен көшi-қон процестері мен оның әлеуметтік-демографиялық дамуға әсерін зерттеуге арналғандықтан, 1991 ж. бастау керек болғанымен, 1989 ж. санақ мәлімет-терімен салыстыру қажеттілігіне орай, мерзімдік шеңбері осы 1989 жылдан басталады. 2009 ж. Қазақстан Республикасының екінші ұлттық санағы өтті. Бұл санақтың мәліметтері әлі толық жарияланған жоқ. Соған қарамастан, статистикалық агенттіктің ағымдық мәліметтеріне сүйене отырып, 2009 ж. диссертациялық жұмыстың соңғы мерзімдік шекарасы ретінде алдық.
Зерттеу жұмысының қолданыстық маңызы. Зерттеуде ұсынылған мәліметтер, жасалған қорытындылар мен тұжырымдарды жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы, оның арнайы курстары, тарихи демография, әлеуметтану, деректану, саясаттану пәндерi бойынша оқылатын дәрістер мен семинарларында пайдалануға болады. Көші-қоншылар, оның ішінде оралмандарға, сыртқы, республика iшілік көшi-қонға байланысты ғылыми мәлiметтердi жалпы зерттеу жұмыстарында пайдалануға болады.
Жұмыстың сыннан өтуі. Диссертация ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстанның тарихи демография және қазіргі әлеуметтік процестер бөлімінде орындалып, талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды. Зерттеудің жалпы мазмұны Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі 4 ғылыми басылымдарда жарияланды. Халықаралық ғылыми-практикалық, ғылыми-теориялық конфер-енцияларда 5 баяндама ретінде ғылыми көпшілік назарына ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы кіріспеден, қысқартылған сөздерден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу дәрежесіне талдау жасалған, мақсаттары мен міндеттері, еңбектің методологиялық принциптері мен әдістемелері, деректік негізі, ғылыми жаңалығы, қолданбалық маңызы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдары айқындалған.
«Егемендіктің қарсаңы мен алғашқы жылдарындағы Қазақстандағы ахуал» деп аталатын бірінші тарауда ХХ ғ. 80-жж. ІІ жартысындағы – тәуелсіз Қазақстанның құрылуы қарсаңындағы елдің саяси-экономикалық дамуына шолу жасалады. Сонымен бірге, КСРО ыдырағаннан кейінгі республика халқының даму ерекшеліктері мен кеңес дәуіріндегі соңғы 1989 ж халық санағы мәліметтері мен тәуелсіздік алған 1991 ж. аралығындағы үрдістер жеке қарастырылады.
Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон процестеріне тән үрдіс өзіне дейінгі құбылыстардың заңды жалғасы болып табылады. 1980-жж. КСРО экономикасы құлдырап, шығынға жұмыс істеді. Азық-түлік себетінің негізгі бөлігі шетелдік заттарға мұқтаж болып, халық шаруашылығының, әсіресе, ауыл шаруашы-лығының дамуы тиімсіздігін көрсете бастады. Қазақстандағы 16 облыстың 12-сінің колхоз-совхоздарының шығыны жылына шамамен 1 млрд. сомды құрады. Идеологиялық қағидалар құрсауындағы кеңестік билік шешімді радикалды өзгерістерге бара алмай, экстенсивті жолмен даму әдісінен шыға алмады.
КСРО-ның басшылығындағы М.С. Горбачев жариялаған әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға негізделген «қайта құру» бағытында 1985-1987 жж. – тоқырау жылдары «жеделдету» тұжырымдамасын жүзеге асыру шаралары жүргізілді. Бірақ, ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді, жергілікті жердін пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. 1986 ж. 16 желтоқсанда, 25 жылдай Қазақстан Компартиясын басқарған Д.А. Қонаевты қызметінен алып, орнына Г.В. Колбинді сайлаған Пленум мәжілісінде бұл айқын көрінді. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үміт күткен республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығына тап болып, «Желтоқсан» оқиғасы мен қозғалысын тудырды. Қазақ жастарының қозғалысын басып-жаншудың фашистік озбырлықтан кем болмаған «Метель» операциясы жүргізілді [7].
«Жеделдету» тұжырымдамасы орындалмаған соң, жүйе «социалистік нарықты» қоғамға сіңірмекші болды. Бірақ, жеке меншіктік қатынас болмаған жерде нарық еркіндігін орталықтанған жоспарлы шаруашылықпен ұштастыру қоғамдық меншікке мемлекеттік монополия орнаған жағдайда іске аспайтын қиял болатын. КСРО-ның соңғы жылдарында республика жалпыодақтық мемлекеттік жоспарда бөлінген капитал қорынан тек 25%-ын ғана алды. Жылына 26,6 млрд. доллар кіріс кіргізетін Қазақстан өз азаматтарының әрқайсысын 1971 доллармен ғана қамтамасыз етті (жалпыодақтық бюджетке 3,7 млрд. доллар кіргізетін Эстонияда жан басына 2725 доллардан келген). Арал теңізі бассейнінде экологиялық апат туды. Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық ахуалға келсек, 1989-1991 жж. республика халқы өсті: жылдық орташа өсімі 0,7% болып, 265,5 мың (1989 ж. – 16527,6 мың, 1991 ж. – 16793,1 мың) адамға көтерілді. Сәл алға кетсек, 1992-1994 жж. жылына 0,9%-ға кеміп, бұрынғы деңгейінің 98,2%-на түскен [8, 5-б.]. Қала мен ауыл халқының үлестік арасалмағында ерекше өзгеріс бола қойған жоқ. 1989 ж. қала халқы көші-қоншылар есебінен 8 мың адамға өскенде, ауылдағы кері айырым 101,4 мың адам болған еді. Келесі жылы көші-қоншылар есебінен қалалардың да, ауылдардың да адам саны төмендегенімен, табиғи өсім халық санының өсімін қамтамасыз ете алды. Себебі, 1980-жж. соңында қазақ халқының 22-25%-дық өсімін берген 1960-1962 жж. «демографиялық дүмпу» жылдары туылғандар неке жасына жетіп, туу көрсеткіштерін біршама көтерді. «Демографиялық дүмпу» жылдарында туудың жиынтық көрсеткіші 4,2 промиль болса, 1980-жж. соңында, 2,5-2,7 промильді көрсетті. Ал, халықтың ұдайы өсіп-өнуі үшін ең төменгі туудың жиынтық коэффициенті 2,1 промиль болғандықтан, 1989-1991 жж. Қазақстандағы көші-қон теріс айырым көрсеткенімен, жағымды табиғи өсім есебінен халық саны өсті. Бірақ, көші-қоншылардың қозғалысқа түсуі белсендірілген сайын, табиғи өсім кеми бастады: 1989-1991 жж. 382,3 мың (23,0‰) адамнан 354,1 мыңға (21,0‰) түсті [8, 5-б.]. Ал, 1989 ж. басталған туудың қарқыны төмендеп, өлім-жітімнің өсу үрдісі 2003 ж. дейін жалғасты.
Республика ішілік көші-қон бағыттары 1926-1980 жж. Солтүстік және Солтүстік - Шығыстан Оңтүстік облыстарға бағытталса, 1980-жж. соңында Оңтүстіктен Солтүстік облыстарға қарай жүре бастады. Батыс және Шығыс Қазақстаннан қазақтар Алматы қаласы мен облыс орталықтарына, Жезқазған, Торғай, Павлодар, Қарағанды облыстарына көшті. Қазақстанның Оңтүстік және Батыс аймақтарындағы қазақтар өсімінің жоғарғы деңгейі, тұрғындар санының өсуі тоқырау кезіндегі демографиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауымен тұстас келіп, республиканың Оңтүстік аймағының тұрғындары өздеріне жайлы облыстарға көшті. Республика халқының динамикасында көші-қон 1989 ж. ғана оң айырымдық маңызын сақтағанымен (+8 мың адам), 1990 ж. кері айырым басталды. Бұл ХХ ғ. 70-жж. екінші жартысында басталған көші-қон процесіндегі кері айырымның басым болу үрдісінің жалғасы еді. Бірақ республикадағы табиғи өсім халық санының өсімін қамтамасыз еткендіктен, көші-қондық фактор шешуші рөлге ие болмады. Бірақ, 1990-жж. Қазақстан отбасын бір-екі баламен шектеуге көшкен аз балалық принципті ұстанған мемлекетке айналды. Сондай-ақ, 1980 жж. соңындағы тарихи даму нәтижесінде, қазақ халқы өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі мен қажеттілігіне ие болды.
Егемендік жылдарында кеңес дәуірі кезіндегі шикізат өндіруге ыңғайлы аймақтарға бөлу жүйесі мен демографиялық дамуы жағынан жекелеген этнос өкілдернің орналасу ареалына бейімделген әкімшілік-территориялық бірліктердің тиімділігі мен ыңғайлылығын орнықтыру мен реформалауға арналған шаралар негізінде Қазақстанның әкімшілік-территориялық құрылымына өзгерістер енгізіліп, қазіргі жүйесі анықталды [9]. Мысалы, 1988 ж. таратылған Маңғыстау (1973 ж. 20 наурызда құрылған) облысы 1990 ж. қалпына келтірілді. 1967 ж. 23 желтоқсанда қайта құрылған Талдықорған облысының территориясы 1997 ж. 22 сәуірдегі Президент Жарғысы бойынша Алматы облысының құрамына қосылды, облыс орталығы болып Талдықорған қаласы белгіленді; 1988 ж. таратылып, 1990 ж. қалпына келтірілген Торғай (1970 ж. 23 қарашада құрылған) облысының аудандары Ақмола және Қостанай облыстарының құрамына берілді. Алматы қаласына Талғар ауданы Алатау поселкесі қосылды. 1997 ж. 4 маусым № 925 үкімет қаулысы бойынша Атырау облысындағы Балықшы ауданы жойылып, территориясы Атырау қаласына қосылды. Қызылорда облысының Сырдария ауданы жойылды. Семей облысындағы КСРО-ның ядролық қарудың сынақ алаңы орналасқан Абралы ауданы Семей қаласы әкімшілігіне өтті (аудан жойылды). Сондай-ақ, Жезқазған, Көкшетау, Семей облыстары таратылып, территориялары: Қарағанды, Солтүсік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына қосылды. Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының шекаралары өзгерді. Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмола қаласына (кейінірек Астана) көшірілді және т.б.
Қазақстанмен көрші елдермен мемлекеттік шекараларды анықтау кезінде тарихи оқиғалардың әсерінен өзге республикаларда қалып кеткен жерлер республикалық әкімшілік-территориялық бірліктер қатарына қосылды. Мысалы: КСРО тұсында Қазақстаннан Өзбекстанға екі дүркін жер беріліп, екі дүркін шекара өзгертілгенімен, Сары-Ағаш ауданының Бағыс және Түркістан ауылдары мен біраз жерлер Өзбекстан құрамына беріледі деген мәселе болмаған. Бағыс пен Түркістан ауылдары этникалық жағынан алғанда, қазақ ауылдары болып табылады. 1999 ж. санақ бойынша, Бағыс ауылының барлық тұрғындары (қазақтар 98% және 4 өзбек) Қазақстан азаматтары болып шыққан. Ал, Түркістан ауылында этникалық қазақтар 78%, өзбектер 10% құраған. Делимитация барысындағы қиын келіссөздер барысында Бағыс елді мекені, Түркістан елді мекенінің оңтүстігіне қарай орналасқан жерлер Қазақстанға, Қызылорда облысындағы Нысан-1, Нысан-2 және Баймұрат өзбек ауылдары Өзбекстанға берілді. Ресеймен шекараны делимимитациялау кезінде де Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы КСРО ҒА Жәнібек стационары орналасқан бөлігі және Қостанай облысы мен Челябинск облыстары арасында орналасқан Огнеупорный поселкесі жайлы екі жақты келіссөздерде шекаралық аймақтардағы әкімшілік-территориялық бірліктердің шекаралары анықталды және нақтыланды [10, 126, 128-бб.].
Сондай-ақ, елімізде бірқатар әкімшілік-территориялық бірліктердің атаулары өзгертіліп, оларды біріктіру негізінде ірілендірулер жүргізілді. Ал, әкімшілік-территориялық бірліктердің саяси-экономикалық дамудағы орны мен маңызына қарай, оның көші-қон процесіне тартылу ерекшелігі туындайтыны және халықтың көші-қон процесіндегі белсенділігі анықталатыны белгілі.
«Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестері, оның түрлері мен нәтижелері» деп аталатын 2-тарауда жабық жүйеден шығып, ашық қоғам саясатын жүргізудегі тәуелсіз елдегі көші-қонның барысы жан-жақты талданған, ең алдымен, бұл процесті құқықтық қамсыздандыру мәселесі зерттеліп, оны қадағалау тетіктерін жетілдіру жолындағы мемлекеттік іс-шаралар сараланады.
Қазақстандағы көші-қонның құқықтық негізін құрайтын Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Иммиграция туралы» заң (1992 ж. 26 мау-сым), «Қазақстан Республикасында шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары туралы» Республика Президентінің Жарлығы (1995 ж. 19 маусым), «Халқымыздың көші-қоны туралы» Заңы (1997 ж. 13 желтоқсан), ҚР көші-қон саясатының Тұжырымдамасы (2000 ж. 5 қыркүйек), ҚР көші-қон саясатының 2001-2010 жж. арналған салалық Бағдарламасы (2001 ж. 29 қазан) мен «Нұрлы көш» Бағдарламасы және т.б. аясында мемлекеттің көші-қон бағытында ұстан-ған саясаты, соның ішінде басты бағыт – шет елдердегі қазақтардың елге оралу-ын ынталандыру мен қазақ ұлтының санын өсіру жолдары анықталуда [11].
Қазақстаннан сыртқа көші-қонның себептері мен көлемі арнайы кең талданды. Қазақстандағы көші-қон процестеріне әсер еткен саяси, этно-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, табиғи-климаттық, ақпаратты-насихаттық және т.б. факторларды талдай отырып, көші-қон процесі этнос өкілдерінің өмір сүру аймағына да қатысты болғандықтан, ол кеңістікті-мерзімдік шеңберде қарастырылды. Елдегі демократиялық өзгерістер мен саяси реформалардың көші-қон процесіне әсері күшті болды. Орыстардың, немістердің, белорустардың, украиндардың, еврейлердің тарихи отанына көшуіне саяси фактормен бірге әлеуметтік-мәдени және этникалық-мәдени факторлар да әсерін тигізді. Этно-мәдени факторлар Қазақстанға депортацияланған халықтар өкілдерінің тарихи территорияларындағы тұтастануға ұмтылысынан көрінді. Соғыс кезіндегі эвакуацияға, тың және тыңайған жерлерді игеруге, өнеркәсіп орындары құрылысы мен өндіріс орындарын меңгеруге келгендер үшін, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендеуі де, жұмыссыздыққа байланысты тұрмыс деңгейінің, сонымен бірге экологиялық жағдайдың нашарлауы да шешуші факторлардың бірі болды. Арал өңірі мен Семей полигонынан басқа Капустин Яр және Созақ полигоны секілді экологиялық салдарлары бар аймақтар пайда болды. Заңды көші-қон туралы мемлекеттік ақпаратты-үгіт жұмысының дұрыс жүргізілмеуі, сондай-ақ, еңбек көші-қонының мүмкіндігі де көші-қонға әсер етті.
Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдан бергі уақыттағы елімізде жүрген көші-қон процесін мәніне, халық өсіміндегі орнына, бағыттары мен ауқымдылығына орай екі кезеңге бөлуге болады:
Бірінші кезеңде (1991-2003 жж.) көші-қон векторының сыртқа бағытталуы халық санының өзгерісінде шешуші рөлге ие болып, өткір әлеуметтік-демографиялық мәселелерді туындатты. Көші-қондық қозғалыста теріс айырымның үздіксіз басым болуы, сондай-ақ, туудың азайып, өлімнің көбеюі негізінде халықтың табиғи өсімінің тежелуі Қазақстан халқын ІІ дүние жүзілік соғыстан кейінгі 50 жылда алғаш рет күрт кемітті. 1991-2003 жж. республика халқының саны 16793,1 мыңнан 14866,8 мыңға түсіп, 1926,3 мың адамға кеміді (2003 ж. 1991 ж. мөлшерінің 88,5%-ын ғана құрады). 13 жылда ішкі және сыртқы көші-қонды қосқанда, барлығы 11 644,4 мың адам көші-қон қозғалысына түсті. Соның ішінде сыртқа көші-қондық қоғалыстағы 983,5 мың иммигрант пен 3092,1 мың эмигрант 2108,6 мың адамдық теріс айырымды көрсетті. Жылына орта есеппен 162 мың адам кеткен. Сыртқа көші-қондағы теріс айырымның жоғары шегі 1994 ж. (- 410,4 мың адам) келді. Кейінгі жылдары шетке көші-қондағы теріс айырым төмендегенімен, 2003 ж. дейін орын алды. 1991-2003 жж. көші-қонның 2108,6 мың адамдық теріс айырымы осы кезеңдегі +182,3 мың адамдық табиғи өсімді толықтай жұтып қана қойған жоқ, одан 11,5 есе артық болды.
Қазақстан көші-қоншылары үшін ыңғайлы ел ресейден кейінгі орында Беларус, Украина және Өзбекстан тұрды. Алыс шетел бойынша Германияға кетушілер басым болды.
1990 жж. соңына қарай Қазақстаннан сыртқа көші-қон көлемі қысқара бастады. Бұл, біріншіден, Ресейдің экономикасын реформалаудың алғашқы кезеңіндегі еңбек нарығындағы жағдай мен кіріп-шығу еркіндігіне орай мүмкіндіктердің сол мерзімге қарай аяқталуына, екіншіден, көші-қоншылар негізінен айналысатын ұсақ бизнес – сауда-саттықтың халықтың шектеулі сұранысын қамтамасыз ету шегіне жеткендігі мен еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктердің болмағандығына байланысты. Сондай-ақ, 2000-жж. Қазақстандағы немістердің Германияға көшу қарқыны олардың көшіп-қонуға бейім бөлігінің потенциялының сарқылуы мен Германияның көші-қоншыларды қабылдауға шектеулер қоя бастауына байланысты бәсеңдеді.
Көші-қонның жаңа түрлері өрістеп, көші-қон мәселесі күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселеге айналды. Соның ішінде, негізгі себебі көші-қоншылардың шыққан жерлеріндегі әскери-саяси жағдайдың тұрақсыздығынан туындайтын заңсыз көші-қон түрі қауіпті. Ол қылмыстың, соның ішінде наркобизнестің өсуіне, қауіпті аурулардың таралуы мен астыртын еңбек нарығының кеңеюіне ықпал етеді. Алғаш заңсыз көші-қон мәселесі 1992 ж. Германиядан Қазақстан арқылы еліне қайтарылған Шри-Ланка елінің 50 азаматының құжаттарын самолетте жойып жіберуінен туындады [12]. Заңсыз көші-қоншылар: африкандық-азиялық аймақтар мен басқа да тұрақсыз әскери-саяси жағдайдағы елдерден әр түрлі (негізінен туристік) себеппен келушілер; Кеңес мемлекетінің жоғары оқу орындарында оқыған немесе келісім арқылы жұмыс істеп, мерзімі аяқталған соң отанына қайтпағандар; бұрынғы КСРО азаматтары. Негізгі бөлігі Ауғаныстан, Пакистан, ҚХР, Иран, Ирак, Гонконг, Вьетнам, КХДР, Сингапур және т.б. азиялық-африкалық елдерінен.
Босқындарға байланысты көші-қон. Мемлекеттік органдар босқындардың есебін тіркеуді жүргізбеген кездегі, Қызыл Жарты ай және Қызыл Кресттің қазақстандық қоғамының мәліметі бойынша, 1994-1997 жж. Қазақстанда 4 мыңдай босқын есептелінді. Мысалы, ауған босқындарында әйелдер мен балалар туралы мағлұмат күйеуінің паспортында жазылады. Ері болмаған, қайтыс болған не қашып кеткен жағдайда мәлімет алу мүмкін емес. Ал, БҰҰ-ның деректері бойынша ауған әйелдерінің 60%-ы ерлерін соғыста жоғалтқан жесірлер. 1992 ж. Наджибулла жүйесінің құлауы, 1996 ж. фундаменталист-талибтардың Кабулды басып алып, Мазари-Шарифке жақын келуі ауғандықтардың босып кетуіне әкелді. Мемлекеттік қызметкерлердің саяси баспана іздеуі мен соғыс кезінде туыстарынан айрылғандардың жапа шегуі негізінде босқын болуы, жүйе құлағанға дейін шетелдерге оқуға кеткен жас ауғандықтар және өздерінің тарихи отанына қайтқан қазақтар – бір ғана Ауған елінен келген босқындардың осындай түрлері болды. 1991-1998 жж. республикада 3437 отбасы (15277 адам) босқын тіркелді [13].
Көші-қон процесіндегі жағымды құбылыс – оралмандардың елге оралуы басталды. Сондай-ақ, экологиялық себептерден республиканың экологиялық нашар аймақтарынан халықтың кетуіне байланысты көші-қон. Мысалы, 1992-1998 жж. Арал теңізі маңынан 100 мыңдай адам, Семей ядролық полигонынан 160 мың адам көшіп кеткен. Бұл аймақтарда тұратын азаматтарға көмек көрсету мақсатында ҚР арнайы заңдары қабылданды.
Еңбек көші-қоны өрістеді. Әлемдік тәжірбиеде елден тысқары жерге еңбек ету жолындағы көші-қон, әдетте, үкімет аралық келісімдер, әр түрлі елдердің ұйымдары арасындағы келіссөздер негізінде немесе жұмыс іздеушінің жеке бастамасы арқылы жүзеге асырылады. Ал, Қазақстаннан шетелге еңбек көші-қоны стихиялы түрде жүрді. Көші-қоншылардың жұмыс іздеген бөлігі негізінен Израиль, Гректік Кипр, АҚШ елдеріне барды. Бұл елдерге алғашында турист ретінде, қонақ ретінде немесе еңбек келісім-шарты негізінде барып, сол жақта қалып қойып жатты.
Көші-қонның екінші кезеңі 2004 ж. басталды. Бұл кезеңнің ерекшелігі, 1992 ж. басталған халық санының кему үрдісі тоқтап, 2004 ж. бастап республиканың шетелдермен көші-қон айырбасындағы оң айырым есебінен халық санында өсім байқалды. Көші-қон қозғалысы 2004 ж. 2789 адамға оң айырым көрсетті. 2004-2009 жж. Қазақстандағы көші-қон процесіне 1806,8 мың адам кетіп, 1877,3 мың адам келіп, барлығы 3684,1 мың адам тартылды. Айырым +70,6 мың адамға оң нәтиже көрсетті. Қазақстаннан сыртқа кетуші қазақтар саны тоқтамағанымен, 1999-2009 жж. 72,9%-ға азайды: 1999 ж. 8,1 мың, 2004 ж. 3,4 мың, 2008 ж. 2,2 мың қазақ кеткен. Бұл кезеңде табиғи қозғалыс пен көші-қондағы жағымды айырым есебінен республика халқының саны өсуде. Ал, көші-қонның қалыптасқан түрлері өзіндік ерекшеліктерімен дамып, жалғасын табуда. 2004-2009 жж. республика халқының саны көші-қондағы оң айырым есебінен 70,6 мың адамға, табиғи өсім есебінен 756,2 мың адамға, барлығы 826,8 мың адамға өсті.
Көші-қон процесінде төмендегідей үрдістер қалыптасты. Көші-қон айырбасынағы әріптестер бұрынғыша - Ресей, Украина және Орта Азия республикалары мен алыс шетелдерден негізінен Германия. Ресей Федерациясы, Белорусь Республикасы мен Украинадан басқа ТМД елдерімен айырым оң. Ал, көші-қон айырбасындағы теріс айырым мөлшері 1999-2007 жж. Ресеймен 3 есе, Белоруссиямен 6 есе және Украинамен 7 есе кеміді. Бірақ, 2007 ж. бері шет елдермен көші-қондағы оң айырым төмендеуде: 2006 ж. салыстырғанда 2007 ж. 3 есе кемісе (11 мың адам), 2008 ж. 1,1 мың адамға дейін түсті. Тіпті, 2008 ж. ТМД елдерімен көші-қон айырымы 11,5 мың адамға теріс көрсеткіш көрсетті. Бірақ оны ТМД-дан басқа елдерден келгендердің 12,6 мың адамдық оң айырымы жауып жіберді. ТМД елдерінен келушілер саны да кеміді: 2006 ж. 56,6 мың, 2008 ж. 31,4 мың адам келген. Алыс шетелден келушілер саны, керісінше, өсуде: 2004 ж.6,5 мың, 2008 ж. 15 мыңдай адам келді [14, 36–б.]. Бұл ең алдымен оралмандардың көші-қоны мен оларға бөлінген квота мөлшеріне байланысты.
Көші-қон тербелісі 1990-жж. «ақыл-ойдың» Қазақстаннан сыртқа ағылу үрдісін туғызғаны белгілі. Екінші кезеңде эмигранттар ішінде жоғары білімділердің үлесі артып, орта білімділердің мөлшерінің кемуі байқалды. Мысалы, 2000-2005 жж. елге жоғары білімділерден 6655 адам келгенімен, 14488 адам кетіп, -7833 адамға теріс айырым көрсетсе, арнаулы орта білімді 2944 адам келіп, 6158 адам кеткен, айырым -3214 адамға тең болды. Келушілердің ішінде жоғары және орта білімділердің саны өскенімен, айырым теріс. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Мысалы, 2008 ж. ол көрсеткіш 4204 адамдық теріс айырымды көрсетті. Бірақ, 2005 ж. бастап орта білімді мамандардың келгендері кеткендерден 26 адамға артып, жағымды үрдістің басталғанын көрсетті. Бірақ, 1991-2009 жж. мамандықтары бар иммигранттар 27,4%-ға кеміді. Жалпы алғанда білімі барларға байланысты көші-қон теріс айырым көрсетуде. Көші-қоншылар ішінде еш уақытта некеге тұрмағандар саны 2004 ж. дейін өсті.
Сонымен, 1991-2009 жж. Қазақстанға барлығы 1657,7 мың иммигрант келіп, 3859,5 мың адам эмиграцияға кеткен. Халықаралық көші-қон процесіндегі айырбас -2037,9 мың адамдық теріс айырымды құрады. 2004-2009 жж. республика халқының санында өсім байқалғанымен, 2009 ж. 16004,8 мың адам 1991 ж. көрсеткішке (1989 ж. Қазақстанда 16527,6 мың, 1991 ж. 16793,1 мың адам) жете алмады.
Егер, алғашқы кезеңде (1991-2003 жж.) елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуындағы шиеленісті жағдай мен демократиялық қоғам құру кезіндегі реформалық өзгерістер көші-қон құбылысына ерекше әсер етіп республика халқы күрт кемісе, Қазақстанда жүргізіп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық саясаттың нәтижесінде 2004 ж. бері Қазақстан халқы көші-қон қозғалысындағы оң айырым мен табиғи өсімдегі өсу үрдісіне орай нығайып, өсіп-өну жолымен келеді.
«Қазақстанға басқа республикалардан көшіп келушілер, себептері, деңгейі мен көлемі. Оралмандар» деп аталатын тараушада республикаға көшіп келушілердің динамикасы сараланады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бұрын болмаған жаңа доминанттар: босқындар, шетелдік жұмыс күші немесе еңбек көші-қоны, шетелден оралған отандас-оралмандар пайда болды. Қазақтардың ата-жұртына біртіндеп оралуын, олардың азаматтық мәртебе алуын, тұрғын үймен қамтамасыз етілуін және т.б. мұқтаждықтарын шешуге байланысты Қазақстан үкіметі өзінің егемендігін алған алғашқы күндерден бастап-ақ ауқымды жұмыстар атқаруда. 2001 ж. Ауғаныстандағы талибтер мен Солтүстік Альянс арасындағы соғысқа байланысты ауыр жағдайда қалған қазақтарға ұшақ жіберіп, көшіріп алудың өзі Қазақстанның тәуелсіз ел болып ірге бекіткенінің белгісі. Қазақ жерінен кезінде әр түрлі себептермен көшіп кеткен отандастарымыз қайтадан елге орала бастады.
Этникалық көші-қон 1993 ж. бастап квота берілу арқылы реттелуде: 2005-2008 жж. жыл сайын 15 мың отбасыға квота берілсе, 2009 ж. бастап жыл сайынғы квота 20 мың отбасы болып өсті.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға келген оралмандар саны, ресми мәлімет бойынша 753,4 мың адам (192,4 мың отбасы) ал өз бетінше квотадан тыс келгендермен қосқанда 1 миллионннан асты деген есеп бар. Оралмандардың көші-қонының арқасында республикадағы қазақтар үлесі 1989 ж. 48%-дан 2009 ж. 63,1%-ға өсті.
Иммигранттар мен эмигранттардың біліми деңгейін 2006 ж. мысалында салыстырсақ, 2006 ж. Қазақстанға келгендердің 8,88%-ы, кеткендердің 17,36%-ы жоғары білімді болды. 1991-2008 жж. келген оралмандардың құрамын талда-сақ, жартысынан көбі еңбек жасындағылар (54%), 18 жасқа дейінгі балалар үлесі 41%, және зейнеткерлер 5%-дай. Білім деңгейі бойынша 33,1 мың адам (9,2%) жоғары білімді, 5,2 мыңы адамның (1,4%) аяқталмаған жоғары білімі бар. Әрбір бесіншісі – арнаулы орта білімді, 233,7 мың адамның (65%) жалпы орта білімі бар және 14 мыңнан аса адамның (3,9%) білімі жоқ [15, 1, 4-бб.].
Қазақстанда еңбек көші-қоншылары мәселесі де ерекше маңызға ие. Ел Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ), Ұйымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымының (ҰҚКҰ), Евразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕЭҚ) белсенді мүшесі, 2010 ж. ЕҚЫҰ-на төрағалық етуде. Қазақстан экономикасының қарқынды дамуы шекаралас елдерден мұнда көші-қоншылардың ағылуына себеп болып отыр. Заңсыз көші-қоншыларды: 1) Қазақстанның ірі қалаларына жұмыс іздеп келетін көрші елдердің тұрғындары мен 2) Шешенстан, Тәжікстан, Өзбекстан және т.б. елдерден келген босқындар деп екі топқа бөлуге болады. Осы елдердің өкілдері Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болғандардың 62 %-ын құрайды. Заңсыз көшіп келгендердің санын көбейтуші елдердің ірісі – ҚХР. 1990 жж. бас кезінде Қазақстан-Қытай екі жақты қатынастары жанданған кезеңде қытайлықтар республикаға ағылып келе бастады. Екі ел арасындағы сауда байланыстары мен туризмнің өркендеуіне байланысты жыл сайын Қазақстанға 150-200 қытайлық туристер келіп, солардың ішінен 30-50 адам шамасында кері қайтпай, заңсыз көші-қоншылардың санын көбейтті. Олардың көпшілігі Астана, Алматы сияқты ірі қалалар мен қала маңындағы елді мекендерде шоғырланды. Визасыз тәртіп, салыстырмалы түрде алғанда, жалақының жоғарғы деңгейі және экономикадағы жағымды жағдай елге Орталық Азия елдерінен арзан жұмыс күшінің тартылуына ықпал етеді. Заңсыз көші-қонды туындататын жағдайдің бірі – адам саудасы – республиканың барлық ірі қалаларында көрініс тауып отыр. Шетелдік азаматтарды құрылыс нысандары, фермерлік иеліктер, базарлар, моншалар, құпия жезөкшелік үйлер, мақта мен темекі плантациялары, техникалық қызмет көрсету станциялары, көлік жуу кешендері және т.б. пайдалануы кездеседі. Тіпті ірі қалаларда адам саудасына арналған базарлар жұмыс істейді. Бұл мәселе еңбек көші-қонымен тығыз байланысты. Көші-қонның адам саудасына байланысты осы түрі сыртқы және ішкі көші-қонды қамтиды. Бүкіл әлемдік банктің баяндамасына қарағанда, еңбек көші-қоншыларын қабылдауда Қазақстан тоғызыншы орында тұр. Ішкі көші-қондағы осы себепке қатысты процесс жұмыссыздық жайлаған шалғай, экономикалық жағдайы төмен елді мекен тұрғындарының қалаға, дамыған аймақтарға қарай күнкөріс үшін ағылуына байланысты. Өз азаматтарымызды қанау, езгіге ұшырату жолымен жүретін бұндай көші-қон Алматы, Астана, Атырау қалаларында көбірек кездеседі. Арнайы тіркеуден өтпегендіктен, мұндай көші-қонның ауқымын дәл айту киын. Ресми тіркелгендері 2006 ж. Жамбыл (7682 адам), Шығыс (6635 адам), Солтүстік (4786 адам) Қазақстан және Қызылорда (4272 адам) облыстары мен негізгі көпшілігі Алматы (21959 адам) және Астана (17938 адам) қалаларында. Трафиктік адам саудасы маршруты біздің еліміздің территориясы арқылы өтуде. Сондықтан, ШЫҰ, ЕЭҚ, ҰҚКҚ, ТМД сияқты саяси альянстар аумағындағы келісімдер [16, 28, 32, 33-бб.] еңбек көші-қонын реттеу, көші-қоншыларды әлеуметтік қорғау, олардың құқықтық, экономикалық және ұйымдастыруды жүйелі арнаға түсіруді мақсат етеді.
«1991-2009 жж. аралығындағы ішкі көші-қон: барысы, көлемі, қала-село тұрғындарының құрамындағы өзгерістер» тараушасында ішкі көші-қонның барысы, оның аймақтар, облыстар мен аудандар халқының құрамындағы өзгерістеріне тигізген әсері қарастырылады. 1991-2009 жж. ішкі көші-қон көп векторлылығымен, ауылды жерлерден қалаларға, Алматы, Астана секілді ірі мегаполистерге қоныс аудару ауқымының көлемділігімен ерекшеленді. Ішкі көші-қонға түрткі болған себептер: саяси-әлеуметтік, экономикалық қайшылықтар, ауыл шаруашылығындағы дағдарыс, колхоз-совхоздардың таратылуы және т.б.
1990 жж. ортасына дейін ауылдан қалаға ағылған қозғалыс басым болды. Мұның себебі қалада нарық элементтері тезірек дамыса да, ауылда сол тұста әлі де ұжымшарлар мен кеңшарлар істеп тұрған еді. 1993 ж. аяғы мен 1994 ж. басында ұжымшарлар мен кеңшарларды тарату қарқынды түрде жүзеге асырылып, ауыл толық дәрежеде нарыққа ене бастады. 1995 ж. қала тұрғындарының саны көші-қон есебінен кемуді тоқтатып, ішкі көші-қон екі бағытта да стихиялы түрде болғанымен белсенді түрде жүрді. Ол кезде ауылдағы жұмыссыздар қалаға жұмысқа орналасу үшін қоныс аударған еді. Өндіріс орындарындағы дағдарыс, зауыттар мен фабрикалардың жабыла бастауы, жекешелендірудің алғашқы жылдары көптеген қала тұрғындарының да жұмыссыз қалуларына әкеліп соқты. Нарық қыспағына шыдамай жабылған зауыттар мен фабрикалар жұмысшылары енді ауылға келе бастады. Бұл кездегі көші-қондағы векторлар қарама-қарсы бағыттарда жүргенімен, жергілікті халықтың мәжбүрлі-амалсыз қалаға қоныс аударуы қала халқының ауылға көші-қонына қарағанда басым болды. Ауыл халқы қалаларға сіңу үшін мегополистерге жинақы түрде де орналасты.
Ішкі көші-қон белсендігі баяуламады. Қалалардың әлеуметтік жағдайының реттелуі мен депрессивті қалалардың дамуына үкімет тарапынан көңіл бөлу қала халқының санының өсуіне, ауыл-қала көші-қондық вектордың жандануына әкелді. Егер, 1989-1999 жж. қала халқы 805,3 мың адамға кеміген болса, 1999-2009 жж. 46,3 мыңдық өсім байқалды. 2004-2009 жж. республика ішілік көші-қонға 1567,7 мың адам тартылды [17]. Аймақтық ерекшеліктер мен қалалардың даму өзгешеліктері де ішкі көші-қонға әсер етті. Көптеген ұсақ қалалардың дамуы экономиканың белгілі бір саласының дамуына, халықтың өмір сүру сапасы қалалардың табиғи ресурсы мен өндірістік мүмкіндіктеріне байланысты. Қазақстанда халқының саны 50 мың адамнан аспайтын 60-тан астам кіші қалалар бар. 1991-1998 жж. экономикалық дағдарыстар кезінде депрессиялық жайға түскен кіші және орта қалалардың халқы көші-қоны есебінен кеміді. Бұл қалалардың өнеркәсіптік өнімі жалпы республикалық орташа деңгеймен салыстырғанда әр адамға 20%-дан төмен, ресурстық база жоқтың қасы, қаланың ірі экономикалық орталықтан қашықта, өнім өндіру нарығынан алыс орналасуы жұмысшылар санының да орташа ресурстық көрсеткіштен 50% немесе одан да жоғары болуы, орташа айлық жалақы республикалық көрсеткіштен 1,5 есе төмен болуы, өнеркәсіптік инфра-структуралық жағдай мен қолайсыз экологиялық жағдай халықтың бұл қалалардан көшіп кетуіне әкелді. Мысалы, 1989-1999 жж. Курчатов (7,0 мыңға), Кентау (8,3 мыңға), Текелі (7,8 мыңға), Зыряновск (18,4 мыңға), Лениногорск (13,7 мыңға), Арқалық (20,3 мыңға) және т.б. қалалардың халқы кеміді. 1997 ж. облыс орталықтары болған қалалардағы халық саны осы облыстарының таратылуынан күрт төмендеді. Мысалы, Жезқазған қаласында 1991 ж. 111,1 мың адам есептелсе, 1998 ж. 103,4 мың, ал 1999 ж. 95 мың, 2000 ж. 89,6 мыңға түсіп кемісе, 2000 жж. қайтадан өсе бастады (2009 ж. 92,2 мың). Ал, Алматы мегаполисіндегі Қаскелең, Есік қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай, Шардара, Сарыағаш қалалары осы жылдардың бәрінде халық санын жоғалтпаған қалалар болып табылады [18, 10 – б.]
Республикаішілік көші-қон Алматы және Астана мегаполистері, Көкшетау, Қарағанды және Павлодар, Қостанай, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары бағытында белсенді түрде жүрді. Бұл көші-қондағы қазақтардың үлесі 65%, орыстардыкі 22% болды. Республика ішіндегі көші-қон қала мен ауыл халқы арасалмағын өзгертті: 1990 ж. қалада 57,4 %, ауылда 42,6 % болса, 1999 ж., тиісінше, 56,0% және 44,0%, ал 2008 ж. 53,2 % және 46,8% болып, қала халқының үлесі 1990-2008 жж. 4,4 пунктке төмендеді.
ХХ ғ. 90-жж. ауыл тұрғындарының табиғи өсімі қаланың табиғи өсімінен айтарлықтай асқанымен, қала мен ауыл тұрғындарының үлестік арасалмағы дейгейлес болды.
Ішкі көші-қон елдің өз ішінде жүретіндіктен, ел халқының жалпы санының динамикасына сырқы көші-қон сияқты әсер етпейді. Бірақ, ол республиканың ішкі аймақтарындағы халықтың еңбек ресурстарының толықтығы мен жетіспеушілігіне, экономикалық даму деңгейінің сапалық көрсеткіштеріне, жастық-жыныстық арасалмақ пен білім деңгейіндегі өзгерістерге, сондай-ақ, әлеуметтік және ұлттық құрамына әсер етеді. 1989-2009 жж. көші-қондық қозғалысқа түскен адамдардың 62%-ы республика ішіндегі аумақта орын ауыстырған. Ішкі көші-қон республиканың өз ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығынан немесе дағдарыстық жағдайда екенінен де хабардар етеді. 1994-1998 жж. ішкі көші-қонның жалпы көші-қондағы үлесі сыртқа кетушілер мөлшерінің өскендігімен бірге, елдегі экономикалық дағдарысқа орай, бюджеттік қызметкерлердің айлық алмай, жолға, көшіп қонуға қаражатының жетпеуінен төмендеді. Халық шетелге ең көп кеткен 1994-1997 жж. ішкі көші-қонға түскендер үлесі 54,4-54,8%-ға (1994 ж. 477,0 мың; 1997 ж. 299,4 мың) түсіп, ішкі көші-қон саябырсыды. Ал, 2003 ж. бастап елден сыртқа кетушілерден көрі елдің ішінде қозғалысқа түскен адамдар үлесі де саны да негізгі басымдылыққа ие болды: 1999 ж. – 58,5% болса, одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 1992 ж. 60,1 % бен 2008 ж. 88,2 % арасында өсіп отырды.
Қорыта айтқанда, 1991-2009 жж. көші-қонның нәтижесінде Қазақстан халқының демографиялық мінездемелерін шешуші эндогендік фактор екендігі және оның тікелей қазақ халқының дамуына байланыстылығы нақтыланды. Тұрғылықты халық – қазақтардың урбанизациялануы күшейіп, ірі елді-мекендердегі саны мен үлесі және өндіріс салаларына тартылу көлемі артты. Қаладағы сауда, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау орындарындағы қызметкерлер құрамындағы қазақтардың үлесі, кәсіпкерлер арасындағы саны молайды. Қала мектептеріндегі оқушылардың санының негізін құрайтын негізгі ұлт өкілдері мен қалалардағы қазақ тілінде оқытатын мектептердің де саны молайды. Жергілікті ұлт өкілдерінің қалаға көшу үрдістерінің молаюынан ауыл тұрғындарының саны азайды.
«1991-2009 жылдардағы көші-қонның республика халқының демографиялық және әлеуметтік дамуға ықпалы» деп аталатын 3-тараудың «Көші-қон процесінің халықтың саны, ұлттық құрамы мен білім деңгейіндегі өзгерістерге әсері» атты тараушасында көпұлтты тәуелсіз Қазақстан халқының ұлттық құрамы мен білім деңгейіндегі өзгерістер талданды.
Республика халқы 1991-2003 жж.11,5%-ға (1926,3 мың адамға) кемісе, 2003-2009 жж. 7,6%-ға (1138 мың адамға) өсті. Бірақ, 1991-2009 жж. тұтастай алсақ, онда халық санының 788,3 мыңға кемігенін көреміз. 2009 ж. 1991 ж. мөлшерінің 95,3%-на жетті. Тәуелсіздік жылдарын халық санының өсіміндегі орнына қарай, республикадағы ұлт өкілдерін саны өскені және кемігені деп екіге бөлер болсақ, онда өсімнің негізінен түркі тілдестер, соның ішінде оралмандар есебінен болғанын байқаймыз.
Қарастырылудағы кезеңде саны өскен ұлттарға қазақтар, түріктер, өзбектер, ұйғырлар және т.б. жатады. Соның ішінде 1989 ж. мөлшерінен күрт өскен түріктер екен: 20 жылда 81,8%-ға өскен. Саны шағын болғанымен, (1989 ж. 49,0 мың адам болса, 2009 ж. 89,1 мың адамға жетті), өсу қарқыны анағұрлым жоғары. Содан кейін қазақтардың кезегі: 1989-2009 жж. арасында 55,4%-ға (3601,6 мың адамға) көбейді. 1991-2009 жж. Қазақстанға ресми тіркелгені бар, квотадан тыс келгені бар 1 миллионнан аса қазақ келді. Қазақ халқы өзінің тарихи отанында ХХ ғ. 20-жж. соң алғаш рет басым көпшілікке айналды. Қазақстардың республика халқының құрамындағы үлесі 63,1%-ды көрсетіп, 20 пунктке көтерілді. Көп ғасырлық тарихында қазақтар саны алғаш рет 10 миллионнан асты. Келесі орында өзбектер: 20 жыл ішінде 38%-ға немесе 126,2 мың адамға көбейіп, үлесі 0,8 пунктке көтерілген. 2009 ж. Қазақстанда 457,2 мың өзбек тіркелді. Ұйғырлардың да өсу қарқыны жылдам – 20 жыл ішінде 22,6 %-ға немесе 41,1 мың адамға өсіп, үлесі 0,3 пунктке көтерілді. 2009 ж. 223,1 мың адамға жетті.
Қазақстандағы саны мен үлесі азайған этностық топтарға орыстар, немістер, еврейлер, татарлар, украиндар, поляктар, белорустар және т.б. жатады. 1989-2009 жж.европалық ұлттар өкілдерінің сыртқа көші-қонындағы теріс айырым мен табиғи өсімнің күрт төмендеуі олардың сандық және үлестік мөлшерін ерекше төмендетті. Көші-қон есебінен кему үрдісі негізінде өз халқының бастапқы мөлшерінен айрылу көлемі жағынан жоғары көрсеткіш көрсеткен немістер, украиндар мен белорустар болып табылады. Немістер осы кезеңде 768,8 мың адамдық теріс айырымды көрсетіп, 1989 ж. мөлшерінің 98,1 %-нан айрылды (соның ішінде 1989-1999 жж. 594 мың адамдық теріс айырым). Республика халқының құрамындағы үлесі 4,7 пунктке кеміп, 1,1%-ға түсті. Немістердің кему үрдісі әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Қазақстандағы украиндар бұл мерзім ішінде -542,8 мың адамынан немесе 1989 ж. мөлшерінің 62%-нан айрылды. Соның ішінде, -329 мыңдық айырым 1989-1999 жж. кеткендер есебінен. 1989-2009 жж. үлесі 3,3 пунктке кеміп, 2,1%-ға түсті. Белорустар, тиісінше, 90,9 мың адамға немесе 51,1%-ға кеміді. Тұрғындары санынан айрылу қарқындылығы бойынша одан кейінгі орында – орыстар. 1989-2009 жж. халқы 2430 мың адамға күрт кемігенімен, 1989 ж. мөлшерінің 39%-нан айрылды. Үлесі 14,1 пунктке төмендеп, 23,7%-ды құрады. Сонымен бірге саны мен үлесі төмендеген ұлт өкілдері - татарлар 20 жылда 125,0 мың адамынан немесе 38,1%-ынан айрылды [19].
Сонымен, европалық этностар топтарының күрт кемуі экзогендік фактордың халық өсіміндегі шешуші рөлдегі маңызын жойып, республикадағы азиялық ұлттар өкілдерінің, әсіресе, қазақ халқының саны мен үлесінің өсуі елдің демографиялық ахуалын реттеудегі басты фактор – ішкі – эндогендік фактордың басым маңызға ие болғанын көрсетті. ТМД елдеріндегі саяси-экономикалық ахуал, нарық қатынастарының талабы Қазақстаннан басқа ұлт өкілдерінің әлі де көшулері жалғасатындығын көрсетуде. Дегенмен, Қазақстандағы көпэтностық топтардың өмір сүруі еліміздің одан ары дамуына мүмкіндік беретін артықшылық болып табылады. Қазақстан халқы бүкіләлемдік құндылықтарға бай ұлттар мен халықтар өкілдерінің біртұтас жүйесі. Ал, бір мемлекетте әр түрлі халықтар мен ұлттар өкілдерінің бейбіт өмір сүруі қоғамды демократияландырудың негізгі белгілерінің бірі. Мемлекет құраушы – қазақ ұлты қоғамымыздың барлық мүшелерімен иық тіресе, азаматтық мемлекет құруы еліміздің жарқын болашағының кепілі. Көші-қон қозғалысының оң айырымдық көрсеткішінің елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуындағы артықшылықтарымен бірге, ел халқының құрамындағы сапалық жетістіктерге жеткізетіні шүбәсіз.
Көші-қонның республика тұрғындарының әлеуметтік құрылымына ықпалы ерекше байқалды. Нарықтық қатынасқа көшу жағдайында өндіріс құралдарына меншік нысандарының ауысуы Қазақстанның әлеуметтік құрылымын түп-тамырымен өзгертті - біртекті социалистік (мемлекеттік және колхоз-кооперативтік) меншіктің орнына, меншіктің көп түрлілігі келді. 1990 ж. тәуелсіздік жарияланғанға дейін қабылданған заң [20] елдегі кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлермен бірге жаңа страталардың қалыптасуының мемлекеттік саясатының негізін қаласа, 1992 ж. 4 шілдесінде қабылданған «Жеке кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау туралы» заң аясында республикада мемлекеттік, бұрынғы социалистік, меншіктен басқа меншіктің жеке және шетелдік сияқты жаңа нысандары пайда болды: азаматтардың меншігі; мемлекеттің қатысуымен (шетелдің қатысуынсыз); бірлескен кәсіпорындар (шетелдің қатысуымен). Жеке меншіктің пайда болуын жекешелендіру жылдам қарқынмен жүргізді. 1996-1999 жж. 16224 нысан жекешелендірілді [21, 196-б.]. Нарықтық экономикаға көшудің бас кезінде пайда болған жаңа әлеуметтік топ жұмыссыздар екі топқа жіктеледі: ресми тіркеуде тұрғандар (олар 1996 ж. – 282,4 мың – жұмыссыздық деңгейі – 4,2%) және іс жүзіндегі жұмыссыздар (1996 ж. – 970,6 мың, ал ресми жұмыссыздықтың деңгейі тек қана 4,2%-бен белгіленді, ал шын мәнінде 10,6%-ға жетті). Әлеуметтік құрылымның басында жаңа – жұмыс берушілер деп аталатын, ірі, орта және ұсақ кәсіпорындардың, ұйымдардың, фермерлік қожалықтардың, қызмет көрсету салалары қожайындарының және т.б. саны көп емес, бірақ, қолдарында республика өндірісінің 96%-ға дейінгісі бар үстем пайда болады.
Жалдамалы жұмыскерлер мүліктік жағдайы, физикалық және ой еңбегіне қатысы, кәсіби біліктілігі, білімділік деңгейі, техникалық дағдылары және әлеуметтік жағдайлары бойынша біртекті емес. Олар екіге бөлінеді: жұмысшылар және қызметкерлер (ескі әдет бойынша осылай аталады, бірақ оларды дербес тап ретінде белгілеуге болады) [22, 33, 34, 86-95-бб.]. Жұмысшылар әлеуметтік қорғалуы әлсіз көптеген әлеуметтік топтарының біріне айналды. Оған Қарағанды көмір бассейнінде, Жаңа Өзен және мұнай өндіретін батыс өңірлерде орын алған жағдайлар куә.
Ауыл шаруашылығы еңбекшілері нарықтық қатынастарға көшу және совхоздар мен колхоздарды жою кезінде жалдамалы жұмыскерлердің санын толтырды, көбінесе жұмысшы және аз дәрежеде қатардағы қызметкерлердің, ішінара – жұмыс берушілердің, ал нашар жағдайда – жұмыссыздар қатарына қосылды. Көптеген ауыл еңбекшілері ақша табу үшін жақын маңдағы қалалар мен елдің басқа өңірлеріне, сонымен қатар жақын және алыс шетелдерге тартты.
Сонымен, Кеңес дәуіріндегі біркелкі (жұмысшы, колхозшы және интеллигенциядан тұратын) әлеуметтік құрылым орнына көптеген әлеуметтік топтар, страттар жүйесі қалыптасты.
Қорытынды бөлімінде диссертациялық жұмыстың мазмұнынан туындайтын ойлар жүйеленіп, тұжырымдары нақтыланады.
Қазақстандағы көші-қонның екі кезеңіне талдау жасалынды. 1991-2003 жж. теріс айырымды көші-қон әсерінен республика халқының саны азайды, еліміз еңбек жасындағы мамандар мен білікті жұмысшылардың елеулі құрамынан айырылды. Ауыл-село тұрғындарының, соның ішіндегі ең бастысы – еңбек жасындағылардың саны да кеми түсті. Яғни, республиканың еңбек етуші адамдар қорына зиян келтірілді. Көші-қонның кері айырымның негізгі себебі Қазақстандағы орын алған саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыс болды. Сондықтан, еліміздің демократия мен нарық қатынастарына өтуі негізінде сыртқы, ішкі экономикалық қатынастарды қалпына келтіру міндеті ел болашағының, соның ішінде көші-қонның теріс айырымын тоқтатудың негізіне айналды.
2004-2009 жж. көші-қонның оның алдындағы кезеңдегі көші-қоннан айырмашылығы сонда, 1990-жж. басынан атқарылған нақты шаралардың барысында, қазақтардың республика тұрғындарының қатарындағы үлес салмағы артып, олар еліміздегі ең саны көп ұлт дәрежесіне ие болды.
Қазақ ұлтының көрсетілген уақыттан бастап молая бастауының бірнеше себептері болды: біріншіден, қазақ ұлт өкілдерінің сыртқы көші-қондағы үлесінің аздығы әсер етті; екіншіден, кезінде тарихи отандарын лажсыздан тастап кетуге мәжбүр болған қазақтардың қазіргі ұрпақтарын ХХ ғ. 90-жж. басынан іске асырылған елімізге қайтару мақсатындағы белсенді шаралардың нәтижелілігі айқындады; үшіншіден, бұл жағдайды қазақтардың басқа ұлт өкілдеріне қарағанда табиғи өсімі де едәуір жоғары болғандығы да жақсарта түсті.
Қазақстандағы 1991-2009 жж. аралығындағы көші-қонның ерекшелігі ХХ ғ. 90-жж. аяғынан басталған еліміздегі саяси, ұлтаралық қатынастардың тұрақталынып, нарықтық экономиканың халық шаруашылығына белсенді түрде енуі, экономиканың біршама серпінді дами бастауы, Отанымыздың халықаралық қатынастағы өзіндік орнының айқындалуы көші-қон құбылыс-тарының тиімді қалыптасуына зор әсер етті.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж., 6 наурыз // Егемен Қазақстан. – 2009. – 6 наурыз.
2 Базанова Ф.Н. Формирование и развитие структуры населения Казахской ССР (национальный аспект). – Алма-Ата: Қазақстан, 1987. – 152 с.; Сдыков М.Н. Население Западного Казахстана: история формирования и развития (1897-1989 гг.). – Алматы: Ғылым, 1995. – 220 с. и др.
3 Козина В.В. Народонаселение Центрального Казахстана (конец ХІХ –ХХ вв.): Автореф. … д.и.н. – Алматы: 2002. – 53 с.; Сүлейменова Қ.Қ. Алматы агломерациясы: этнодемографиялық және миграциялық даму ерекшеліктері мен динамикасы (1991-2007 ж.ж.): т.ғ.к ... дисс. автореф. – Алматы: 2009. – 31 б. және т.б.
4 Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980 гг.). – Алма-Ата: Ғылым, 1991. – 252 с.; Асылбеков М.Х., Козина В.В. Казахи (демографические тенденции 80-90-х годов). –Алматы: Өркениет, 2000. – 102 с. және т.б.
5 Мажитов С.Ф. Формирование исторического сознания в Республике Казахстан: реалии и перспективы // Современное состояние и перспективы развития исторической науки Казахстана и России. – Алматы: Тарих тағылымы, 2008. – 424 с.
6 Омарбеков Т.О. Қазақстанға қанша халық көшіп келген? // Ақиқат. – 1994. – №1. – 44-48-бб.; Мендикулова Г.М. Казахская диаспора: История и современность. Алматы: Всемирная ассоциация казахов. 2006. – 343 с.; Ғали Ә.Б, Ғали Д.Ә. Этнодемография және саясат сыры. – Астана: ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік қызмет академиясы, 2003. – 170 с. және т.б.
7 Алма-Ата. Декабрь 1986. Книга-хроника (вторая). – Алма-Ата: Казахстан, 1992. – С. 20; Романенко А.З. Геноцид (революция и сионизм). – Ленинград, 1989. – С. 73.
8 Демографический ежегодник Казахстана. – Алматы: Казинформцентр, 1994. – 227 с.
9 «О дальнейших мерах по совершенствованию административно-территориального устройства Республики Казахстан» Указ Президента Респуб-лики Казахстан от 3 мая 1997 г. // Казахстанская правда. – 1997, 5 мая и др.
10 Сейдин Н. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы: қалып-тасуы, мәселелері және айқындалу барысы. – Алматы: ҚР Президенті жылындағы ҚСЗИ, 2006. –172 б. және т.б.
11 Халықтың көші-қоны туралы ҚР Заң. 1997 жыл 13 желтоқсан. – № 204 // Егемен Қазақстан. – 1997 ж. 14 желтоқсан және т.б.
12 ҚРҰМ. 53-қ., 1-т., 24-іс, 28-п.
13 ҚРҰМ. 53-қ. 1-т. 116-іс. 38, 68-пп.; Сонда. 23-іс, 1-п.
Достарыңызбен бөлісу: |