26-1-бап. Оңалту жоспарын келісу
1. Оңалту жоспарын келісу кезінде кредиторлар жиналысы оған мүдделері осы жоспарда қозғалған, талаптары екінші және төртінші кезектер құрамында жеке қанағаттандырылуға жататын кредиторлардың дауыс санының елу пайызынан астамын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда құқықты болады.
2. Оңалту жоспары, егер бір мезгілде:
1) екінші кезектегі кредиторлар дауыс санының көпшілік даусы;
2) төртінші кезектегі кредиторлар дауыс санының көпшілік даусы оған дауыс берсе, келісілді деп есептеледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген бір немесе екі шарт орындалмаған жағдайда, оңалту жоспары келісілмеді деп есептеледі.
Ескерту. 2-тарау 26-1-баппен толықтырылды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
26-2-бап. Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу
1. Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келісу кезінде кредиторлар жиналысы оған талаптары мұндай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) келесі кезектер құрамында қанағаттандырылуға жататын, талаптары әрбір кезек құрамында жеке қанағаттандырылуға жататын кредиторлар дауыс санының елу пайызынан астамын құрайтын дауыс санына ие кредиторларды қоса алғанда, мүдделерін оңалту жоспарына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар қозғайтын кредиторлар қатысқан жағдайда құқықты болады.
2. Кредиторлар жиналысының оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келісу туралы шешімін, егер оған әрбір кезек бойынша көпшілік дауыспен жеке дауыс берілсе, талаптары мұндай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) келесі кезектер құрамында қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, мүдделерін жоспарға енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар қозғайтын кредиторлар қабылдайды.
3. Осы бапта көзделген шарттар орындалмаған жағдайда, оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу келісілмеді деп есептеледі.
4. Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келісу бойынша жеке-жеке дауыс беруде кредиторлардың даусы тең болған кезде кредиторлар жиналысының шешімдері "талаптардың бір теңгесі – бір дауыс" қағидаты бойынша, сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысына қатысатын кредиторлардың жалпы дауыс санының көпшілік даусымен қабылданады.
Ескерту. 2-тарау 26-2-баппен толықтырылды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
27-бап. Кредиторлар комитеті
1. Кредиторлар комитеті оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде осы Заңда белгіленген тәртіппен құрылады.
Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген, кредиторлар комитеті мүшелерінің ең аз саны туралы талапты сақтау мүмкін болмаған кезде кредиторлар комитетінің өкілеттіктерін кредиторлар жиналысы жүзеге асырады.
2. Кредиторлар комитетінің құрамын кредиторлар жиналысы қалыптастырады және бекітеді. Кредиторлар комитетіндегі мүшелердің ең аз саны үш адамнан кем болмайды.
Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, кредиторлар комитетінің құрамына біртекті кредиторлардың әрбір тобынан бір кредитор кіреді.
Борышкерге бірдей талаптары бар басқа кредиторлардың болмауы себебінен біртекті кредиторлар тобын құрмаған кредитор кредиторлар комитетінің құрамына кіргізілуі мүмкін.
Кредиторлар комитетінің мүшесі үлестес тұлға немесе кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылған тұлға болмауға тиіс.
3. Мыналар:
1) кредиторлар комитетінің құрамына кіретін кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау;
2) кредиторға кредиторлар комитетінің құрамында болуға кедергі болатын мән-жайлар (заңды күшіне енген сот актілері, кредитордың таратылуы не қайтыс болуы және басқалары);
3) үлестес тұлғалардың анықталуы;
4) кредиторлар комитетінің отырыстарына кредиторлар комитеті мүшесінің осы Заңның 26-бабының 4-тармағы төртінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген дәлелсіз себеппен екі реттен көп қатыспауы кредиторлар комитетінің қалыптастырылған және бекітілген құрамына өзгерістер енгізудің негіздері болып табылады.
4. Кредиторлар комитетінің отырысын өткізу туралы хабарламаны әкімші отырыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, пошта арқылы тапсырысты хатпен жібереді.
Осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда кредиторлар комитетінің өкілеттіктерін кредиторлар жиналысы жүзеге асырған кезде кредиторлар жиналысының отырысын өткізу туралы хабарлама осы бапта көзделген тәртіппен жіберіледі.
5. Кредиторлар комитетінің өкілеттіктері осы Заңның 76 және 94-баптарында көзделген.
Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
28-бап. Кредиторлар комитетінің шешімдер қабылдауы
1. Кредиторлар комитетінің отырысы комитет мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып табылады.
2. Кредиторлар комитетінің шешімі "комитеттің бір мүшесі – бір дауыс" қағидаты бойынша кредиторлар комитеті мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Дауыс беру рәсімінде дауыстар тең болған кезде кредиторлар комитетінің төрағасына шешуші дауыс құқығы беріледі.
3. Кредиторлар комитетінің отырысы хаттамамен ресімделеді.
Хаттамада отырыстың өткізілген күні мен орны, кредиторлар комитетінің дауыс беруге қатысқан мүшелері, күн тәртібі, дауыс беру нәтижелері мен қабылданған шешімдер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Хаттамаға кредиторлар комитетінің дауыс беруге қатысқан барлық мүшесі, әкімші қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
Әкімші хаттамаға қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға, кредиторлар комитетінің мүшелеріне жібереді. Хаттаманың бір данасы әкімшіде болады.
4. Кредиторлардың, борышкер – дара кәсіпкердің, борышкер – заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің (ол уәкілеттік берген тұлғаның), құрылтайшыларының (қатысушыларының) кредиторлар комитетінің отырысына қатысуға құқығы бар.
5. Осы Заңның 27-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда кредиторлар комитетінің өкілеттіктерін кредиторлар жиналысы жүзеге асырған кезде кредиторлар жиналысы шешімдерді осы бапта көзделген тәртіппен қабылдайды.
6. Рәсімдерге қатысушылар кредиторлар комитетінің шешіміне ол қабылданған күннен бастап бір ай ішінде шағым жасауы мүмкін.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |