Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары (жинақ) Балалардың құқықтарын қорғау департаменттері



Дата03.07.2016
өлшемі60.11 Kb.
#175025


28.12.2011 ж.

№ 12-2-01/4339



Облыстардың, Астана және Алматы

қалаларының білім басқармалары (жинақ)

Балалардың құқықтарын қорғау департаменттері

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың

және қатыгез қараудың алдын алу жөніндегі

шаралар туралы
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 67-бабына сәйкес баланың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төнгендiгi, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы өздеріне белгiлi болған жағдайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары (білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері) және өзге де азаматтар бұл туралы баланың нақты тұратын жерi бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға (бұдан әрі - қорғаншылық және қамқоршылық органы) хабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтер алынған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңының 7-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде білім беру органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен (дене жарақаты, психологиялық, сексуалдық және экономикалық) зардап шеккен кәмелетке толмағандарды анықтайды және оларды есепке алуға міндетті.

Осыған байланысты, білім беру органдары мен ұйымдарының бұйрығымен төмендегілерді бекіту қажет деп санаймыз:

1) мектеп директорларына, оқу-тәрбие жөніндегі директорлардың орынбасарларына, әлеуметтік педагогтерге, сынып жетекшілеріне және басқа мектеп мұғалімдеріне, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілеріне және қызметкерлеріне, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық ұйымдардың, КТБО-лардың, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының директорларына және қызметкерлеріне балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау жөнінде, оның ішінде оқушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты зорлықтың, қатал қараудың барлық түрлеріне қарсы тұрудың, сонымен қатар, зорлықтың құрбандары болған кәмелетке толмағандарды анықтау және көмек көрсету жөнінде кешенді шараларды жүзеге асыру міндеттерін жүктеу;

2) барлық білім беру ұйымдарында қоса берілген нысанға сәйкес педагогтер мен басқа қызметкерлердің қорғаншылық және қамқоршылық, сондай-ақ құқық қорғау органдарына отбасында, білім беру ұйымында (қызметкерлердің мұндай фактілер туралы жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта білгендерінен басқа) орын алған зорлық және қатыгез қарым-қатынастың фактілері туралы тез арада хабарлау (ескерту) туралы міндеттемелерін орындау жөніндегі нұсқаулық журналын жүргізу;

3) барлық білім беру ұйымдарында педагогтерге, ата-аналарға, оқушыларға, тәрбиеленушілерге және қоғамға «Зорлықсыз балалық шақ» атты хабарлама түрінде қазіргі заманғы дизайнмен жабдықталған анықтамалық ақпараттық стендтер әзірлеп, келесі ақпараттарды орналастыру қажет:



- кез-келген бала және ересек адам көмек алу үшін хабарласа алатын тәулік бойы тегін ұлттық 150 телефон желісі туралы;

- Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің (8 7172 742528), балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінің, облыстық, аудандық, қалалық білім беру органдарының сенім телефондары туралы;

- балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға қолдау көрсетуге бағытталған барлық балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінің жанынан құрылған балаларды қоғамдық қабылдау бөлмелерінің мекен-жайлары және телефондары туралы. Балаларды қоғамдық қабылдау – ақпараттық-консультативтік орган. Балаларды, ата-аналарды және азаматтарды қабылдау күнделікті (жұмыс күндері) 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Консультациялар мен түсіндіру жұмыстары ауызша түрде беріледі;

- Білім және ғылым министрлігінің www.edu.gov.kz, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің www.bala-kkk.kz балалардың құқықтарын қорғау департаменттері сайттарының, сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрайымының блогтарының мекен-жайлары туралы;

- қамқоршылық және қорғаншылық органдарының, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының, құқық қорғау органдарының телефондары мен мекен-жайлары туралы.

Бұдан басқа, стендтерде балаларға қатысты зорлық-зомбылық белгілері топтастырылған қысқаша ақпараттар орналастырылуы қажет;

4) облыстардың, аудандардың, қалалардың білім беру органдарында, балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінде сенім телефондарының жұмысын ұйымдастыруға жауапты мамандарға төмендегі жұмыс түрлері бойынша нұсқаулықтарды жүйелі түрде өткізіп отыру керек:

- зорлық-зомбылық туралы хабарламаларды классификациялау;

- қабылданған мәліметтерге сараптама жасау;

- қамқоршылық және қорғаншылық, құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс ұйымдастыру;

- балаларға қатысты зорлық фактілері туралы хабарламаларды зерделеу;

- қоңырауларды тіркеу, есепке алу және статистикалық есеп құрастыру.

Сенім телефонына соғылған қоңырауларды есепке алу және зерделеу журналының нұсқасы қосымша тіркеледі (3-қосымша).

5) білім беру ұйымдарының, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының әдістемелік жұмысы, біліктілік арттыру, педагогтер мен қызметкерлерді аттестациялау жоспарларында балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауының барлық аспектілерін қамтитын мәселелерді қарастыру:

- зорлық-зомбылықтың белгілері мен түрлері және олардың балаларға әсері;

- зорлық-зомбылықтың құрбандарымен және куәгерлерімен сөйлесу тәсілдері;

- құқық қорғау органдарына көмек алу үшін жүгіну;

- зорлық-зомбылықтың шынайы орын алғанын анықтау;

- балаларға қатыгез және салғырт қарым-қатынас бойынша істер жүргізу шеңберінде қызмет көрсететін түрлі қызметтер арасындағы әрекеттесуді қамтамасыз ету;

- зорлық-зомбылық туралы түскен хабарламаларды сұрыптау;

- алдағы уақыттағы бала өмірі қауіпсіздігі дәрежесін бағалау;

- отбасына бағалау жүргізу, балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілерін зерделеу, оларға әсер ету, сондай-ақ зорлық пен қатыгездіктің алдын алудың қажетті шараларын қабылдау.

Педагог қызметкерлерді аттестациялау барысында көрсетілген сұрақтарды ескеру міндетті түрде қажет;

6) барлық білім беру органдары мен ұйымдарында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 2011 жылғы БҰҰ-ның халықаралық білім жүйесіне ғаламдық шолуына жасаған балаларға қарсы зорлықтың алдын алу бойынша жұмыс туралы ақпаратты зерделеу және жұмыс барысында қолдану (электронды нұсқада жолданады) керек. «Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбындағы әдістемелік және тәрбие жұмыстарын, сынып сағаттары мен ата-ана жиналыстарын ұйымдастыру кезінде, білім беру ұйымдары, қамқоршылық және қорғаншылық органдары педагогтері мен қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, аттестациялау барысында берілген ақпаратты қолдану қажет;

7) білім беру органдары мен ұйымдарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен (дене, психологиялық, сексуалдық, экономикалық) жапа шеккен кәмелетке толмағандарды қоса тіркелген нысандар бойынша есепке алуды қамтамасыз ету қажет (1,2-қосымша).

Жоғарыда баяндалғанды ескере келе, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары анықталған мәліметтерді Балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінің ақпараттарын есепке ала отырып, тоқсан сайын сәуірдің, шілденің, қыркүйектің және қаңтардың 5-іне Комитетке жолдауы қажет. Сонымен қатар, көрсетілген міндеттердің сапалы орындалуы үшін осы сұрақтарға функционалдық қызметіне сәйкес жауапты адамды бекітуді сұраймыз.

Бұдан басқа, 2012 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 12-отырысын өткізу жоспарлануда. Отырыста білім беру органдары мен ұйымдарының балаларға қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы мәселе тыңдалатынын хабарлаймыз.

Сонымен қатар, осы хатты білім беру ұйымдарының барлық педагогтері мен басқа да қызметкерлерінің назарына жеткізу қажет. Осы хаттың әр тармағы бойынша қабылданған шаралар және бекітілген жауапты орындаушы туралы ақпаратты 2012 жылғы 1 ақпанға дейін жолдауды сұраймыз.



Қосымша: 3 бет.

Төрайым Р.Шер
Саймасаева Г. 8-717-2742517

gsaimasaeva@edu.gov.kz



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет