Омаров Ғ.Қ., Умиткалиев У.У.
Ә.М. ОРАЗБАЕВТЫҢ МАРҚАКӨЛ ӨҢІРІНДЕ ЖҮРГІЗГЕН ЗЕРТТЕУЛЕРІ
Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірін зерттеуде Ә.М. Оразбаев үлкен үлес қосқан археологтардың бірі еді. Өзінің бағамды ғұмырындағы археологиядағы алғашқы қазба жұмыстары осы өлкемен тығыз байланысты болды. Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстан өңіріндегі осы зерттеулерге ерте темір дәуірі мәдениеттері арасындағы мәселеге ден қойып Шығыс Қазақстанды шешуші аралық аймақ екенін тани білді.
ҚазМУ-дың тарих факультеті археология және этнография кафедрасының археологиялық экспедициясы Ә.М. Оразбаевтың басқаруымен 1985 жылдан бастап Шығыс Қазақстан өңірінде зерттеулерін бастады.
1986 жылы Марқакөл ауданында да археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Бұрын белгісіз Архиповка, Қалжыр, Бала Қалжыр, Бестөбе, Қароба, Успенка, Горное ( қазіргі Ақбұлақ) және Бобровка ауылы жанындағы ескерткіштер өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі. Соңғы жылдардағы зерттелген Берел қорымындағы № 11, 10 тоң басқан қорғандар сияқты ру ақсүйектері не тайпа көсемдері жерленген, диаметрі 50м, биіктігі 6 метрге дейінгі тас қорғандар Бобровка ауылынан 15 шақырым шығысқа қарай тау арасындағы жазықта орналасқандығын жазып қалдырды және өмірінің соңғы жылдарына дейін қазуды армандап кетті [1, 36 б.].
1988 жылы Күршім, Марқакөл аудандарындағы ерте көшпелілердің 26 белгісіз қорымынан 487 обаны тізімге алды. Күршім ауданындағы Пятилетка ауылынан батысқа қарай 6 шақырым жерде Сарыкөл І, ІІ, Бәйгетөбе І,ІІ, Түлкілі ескерткіштері зерттелді. Сарыкөл 1 қорымы Егізсары жотасының етегінде, Пятилетка ауылынан 6 км батыста, Сарыкөл көлінен шығыста 300 м жерде орналасқан. Диаметрі 8-10 метрден 15-20 метрге дейін, биіктігі 0,7 метрден 2 метрге дейін.Сарыкөл І қорымындағы 18 обаның үшеуіне қазба жұмыстары жүргізілген. Қорым оңтүстіктен солтүстікке созыла орналасқан. Осындағы № 1 қорғанның диаметрі-12 м, биіктігі-0,9 м, тас үйінділі қабір шұңқыр 2,4 м тереңдікте тас тақталармен толтырылған. Сарыкөл І қорымындағы № 1 оба топырақтан үйілген, қабір құрылысы жай қазылып бетін жалпақ таспен жапқан. Қабірден табылған жас баланың сүйегі басы, солтүстік батысқа қаратылуы және шалқасынан жатқызылуы мен бірге қыш ыдысының өрнегі жоқ формасына қарай сақ дәуірімен, яғни б.з.д.. ҮІ-Ү ғғ мерзімдеді. Сарыкөл 2 қорымы Сарыкөл І қорымынан 2,5 км шығыста орналасқан. Топырақ үйінділі, етегі тас белдеулі. Сарыкөл ІІ қорымындағы 15 обаның екеуіне қазба жүргізген. Диаметрі 9 метр болатын қоршау ішін қазу кезінде 60 см тереңдіктен басы солтүстік шығысқа қаратылып сол қырымен жатқызылған жылқы сүйегі табылған. Жылқы сүйегінің астынан 1 метр 30 см тереңдіктен тас жәшік ішінен шашылған үш адамның сүйегі табылған. Адам сүйектерімен бірге таутекенің бейнесі бейнеленген киімге тігетін тесігі бар жұқа алтын қапсырма табылған. Жерлеу дәстүріндегі тас жәшікке жерлеу мен адам бастарының оңтүстік-батысқа қаратылуында және таутекенің бейнесіне қарап қола дәуіріндегі дәстүрлер жоғалмаған сақ-скиф кезеңінің б.з.д... ҮІ-Ү ғғ мерзімдейді. Келесі бір осы қорымда зерттелген диаметрі 6 метр болатын, биіктігі 50 см топырақ обадан және жай қазылған қабір ішінен ешқандай заттар табылмаған. Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі осы Сарыкөл ескерткіштерінің сыртқы құрылысы, жерлеу салты мен қоса жерленген заттарына қарағанда соңғы уақыттарда З.Самашевтың зерттеулерінде ашылған Майемер, Берел ескерткіштері мен Ресейдің Таулы Алтайындағы сақ дәуірі ескерткіштеріне өте жақын ұқсастықтарды байқауға болады. Әсіресе Сарыкөл ескерткішіндегі негізгі мәлімет беретін зат болып табылатын қойдың басын бейнелеген алтын фалга қапсырма Берел обаларында табылған болатын [2, 56 б.].
1988 жылы Ә.М. Оразбаев зерттеулерімен Марқакөл ауданы жерінен Бала-Қалжыр өзенінің оң жағалауындағы, Алексеевка – Горное тас жолының бойында Апар қорымында 15 оба тізімделіп, төрт обаға қазба жұмыстары жүргізіледі. Төрт обада тас аралас топырақтан үйілген диаметрлері 7-10 метр аралығында. Төрт обада да жай қабір ішінде түп жағында тас жәшік жасалып, адамның бастары солтүстік-батысқа қаратылып жерленген. Қазба жүргізілген төрт обада уақытында тоналған және қоса жерленген заттардан № 2 обадағы өрнегі жоқ қыш ыдыс пен № 4 обадағы адамның кеуде тұсынан табылған диаметрі 7,5 см болатын ешқандай өрнегі жоқ, артында тегіс ұстайтыны бар қола айна ғана табылған.
Қорымның солтүстік батысында диаметрі 9 м, биіктігі 0,6 м № 2 қорғанның диаметрі тас сақиналы шеңбері бар. Оның орталығында шығыстан батысқа бағытталған қабір үсті тас үйіндісінің астында солтүстік шығыс – оңтүстік батыс бағыттағы үш қатар тас тақталар астында 2,2 м тереңдікте жекелеген тастардан қырынан қойылған тас жәшіктің көлемі 2,2х0,85 м. Шашылудан қалған қаңқа сүйектерінің орналасуына қарағанда мәйіттің басын солтүстік батысқа қаратып жерлеген. Осы қорымдағы зерттелінген № 3, 4 қорғандар да топырақ пен тас үйінділі. Қабір шұңқырдың түбіне тас жәшік қойылып, оның ішіне басы солтүстік батысқа бағытталып шалқасынан жерленген адам мәйіттері қойылған. Бұл зерттелінген қорымдардағы қорғандар солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасқан. Мәйіттердің батыс, солтүстік батысқа бағытталып қойылуы негізінен қола дәуірі жерлеулеріне тән. Ал, тас шеңберлі сақиналы қорған-қоршаулар Жетісудағы үйсін қорғандарына ұқсағанымен, алайда мұнда жерлеу тас жәшіктерде жүзеге асқан. Сондай-ақ ақыреттік бұйымдары мен ас-суында қой жіліктері мен темір пышақтар кездеспейді. Бұл ескерткіштерде ара-тұра болса да жылқыны адаммен қоса жерлеу дәстүрі бар. Әбдіманап Медеуұлы бұл обалардың сыртқы құрылысы мен орналасу бағытына қарай ерте темір дәуірімен мерзімдеуге болады дейді. Ал тас жәшіктерінің солтүстік-батысқа бағытталуы қола дәуірінде кең тараған дей отырып, өз қазбаларындағы Солтүстік Қазақстан жеріндегі (Шағалалы қорымы), Павлодар облысындағы (Ақмола), және Орталық, Шығыс Қазақстан жерлеріндегі соңғы қола дәуірлерінің Бестөбе, Қойтас ескерткіштерімен мәдени байланыстар бар екенін салыстырады. Ә.М. Оразбаев зерттеулерін толықтырар болсақ біздің ойымызша бұл ескерткіштердің жай қабір ішінде тас жәшіктің жасалуы мен адамды шалқасынан жатқызу дәстүрлері, қыш ыдысы Шығыс Қазақстанның құлажорға кезеңі ескерткіштерімен де өте жақын екенін айтуға болады. Бұл ескерткіштердің қабір іші құрылыстарын қайталайтын обалар Құлажорға типіндегі Жартас, Убаредмет, Ақши ІІ, Қарашат ІІІ ескерткіштерімен сабақтастығын аңғара отырып Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің Құлажорға кезеңінің басындағы ескерткіштерімен мерзімдеуге болады деп жорамалдаймыз. Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев зерттеулеріндегі Шығыс Қазақстан өңіріндегі Ертістің арғы жағындағы ерте темір дәуірі ескерткіштері Черновая І. Сарыкөл І, ІІ, Апар қорымдарының жерлеу дәстүрлеріндегі тас жәшікке жерлеу, бүтін ағаштан ойылып жасалған ағаш табыттар, және қоса жерленген заттардан жылқы сүйектерінің кездесуі осы өңірдің өзіндік дәстүрлі ерекшелігі екенін айта аламыз. Ғалым зерттеулерімен сәйкесетін жаңа тұжырымдар мен көршілес Таулы Алтай өңірлерінің жаңа археологиялық зерттеулері Шығыс Қазақстан территориясында мекендеген ерте темір дәуірі тайпаларының генезисін анықтауда біржақты қорытындылар жасалуда. Шығыс Қазақстан жерлерінің ертесақ мәдениеті жерлеу ескерткіштерін ұзақ жылдар жүйелі түрде зерттеген С.С.Черников бұл аймақтың мәдени бірлігін және хронологиялық шеңберін екіге бөледі. Бірінші хронологиялық жағынан б.з.д.. ҮІІ-ІҮ ғғ ерте кезең және б.з.д.. ІІІғ- б.д І ғ соңы, Құлажорға кезеңі. Мәдени ерекшелік те аймақтық жағынан екіге бөлінді. Солтүстік аймақ Ертіске дейінгі таулы Алтай мәдениетіне жақын болса, оңтүстік аймақ Зайсан, Тарбағатай өңірлерінің Орта Азия ескерткіштеріне жақын үлгісі [3, 132-137 бб].
С.С. Черников зерттеулерінен кейін де Шығыс Қазақстан өңірінде Ф.Х. Арсланова, З.С. Самашев, А.С. Ермолаева, Г.А. Кущ сынды т.б ғалымдардың қайраткерлігімен көптеген қазба деректері толыға түсті.
Осы жиналған деректердің және өз қазбаларындағы Павлодарлық Ертіс бойы ескерткіштерінің мәліметтерімен қоса М.К. Қадырбаев тарапынан да Шығыс Қазақстан өңірінің ерте темір дәуірі ескерткіштері кезеңделді. Оның пікірінше де аталған аймақтың шығыс бөлігі ерекшеленген таулы Алтай ескерткіштеріне жақын болса, Ертістің бергі жағы, Тарбағатай, Зайсан өңірлері Жетісу ескерткіштеріне жақын екені айтылады. Алайда екі аймақты бір бірінен жеке дамыған деп қарастыруға болмайтынын да ескертті. М.К. Қадырбаев өз зерттеулері қорытындысы бойынша келесі бір жақын аймақ Батыс Сібірдің мәдениеттік белгілері бар Павлодарлық Ерті өңірі дейді [4, 250-264 бб].
Жоғарыдағы екі ғалымның да Шығыс Қазақстанға қатысты қорытындылары Ертістің арғы жағындағы ерте темір дәуірі ескерткіштері Алтай мәдениетіне жақындығын басты назарда ұстайды. Ал Ертістің бергі жағалауы, Тарбағатай өңірі және Павлодарлық Ертіс жағалауы ескерткіштері Қазақстанның Орталық және Жетісу өңірі ескерткіштеріне жақындығы айтылады.
Жаңа деректердің молайуы мен жерлеу ескерткіштерінің ерекшеліктеріне қарай тоқсаныншы жылдардың басында Ю.А. Заднепровский тарапынан да Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі ескерткіштеріне қайта кезеңдеме жасау қажет деп тапты. Ол да ерте темір дәуірін хронологиялық жағынан үш кезеңге бөлгенмен Ертістің арғы жағы мен бергі жағының Шығыс Қазақстандық ескерткіштерін бірге қарастырды. Бірінші, ерте кезеңінде Ертістің арғы жағы ескерткіштерінде қола дәуірінің тас жәшіктерін сақтаған (Зевакино, Қоғалы І, Юпитер, Славянка, Қанай ескерткіштерінен) генетикалық бірлікті көруге болады. Ал Ертістің бергі жағының Шілікті, Шағаноба және Алакөлдің солтүстік шығысындағы Арасан І,ІІ, Жарбұлақ ескерткіштерінен Жетісу мен Орталық Қазақстанның жақындықтары көрінеді.
Екінші кезең, пазырық мәдениетінің үлгілері бар «бөкен» кезеңі б.з.д.. ҮІ-ІҮғғ. Бұл кезең ескерткіштері тас пен топырақ үйінділі обалар дейді. Терең жай қазылған қабір түбінде оңтүстік қабырғаға жапсарлас орналасқан ағаш табыт. Адам шалқасынан басы батыс, солтүстік батысқа қаратылған. Қабір ішіндегі табыт сыртында басы шығысқа қаратылған жылқы сүйектері деп ерекшелейді. Ертіс жағалауында б.з.д.. ІҮ-ІІІ ғасырларда Еуразияның басқа өңірлеріндегі сияқты жерлеу дәстүрінде өзгерістер пайда болды. Алайда бұл жерлеу ғұрпындағы құлажорғалық тас жәшіктер ерте темірдің алғашқы ширегінде ақ болғанын атап өтеді.
Үшінші кезеңді С.С. Черников пікірі негізінде Құлажорға мәдениеті деп ерекшелейді. Бұл мәдениеттің ерекшелігі үлкен емес тас обалар, жай қабір түбінде тас жәшіктер және адамды сәл бүктете жатқызып басын шығысқа(ерте кезеңі) немесе батысқа (кейінгі кезең). Жылқы қоса жерлеу дәстүрі сақталған бірақ пазырықтағы сияқты емес, көп жағдайда жылқының терісі, бас сүйегі, тұяғы қоса жерленген. Ыдыстары да өзгеріске ұшырап, ағаш ыдыстар кездеседі. Осы кезеңге жататын Ертіс өзенінің оң жағалауындағы Пчела ауылының жанындағы қорымда 10 қабір, тас жәшікте болса, төртеуі ағаш табытта жерленген. Қорыта келе Құлажорға мәдениетінің Алтай мәдениеттеріне жақын үлгілері бар болумен бірге, Жетісудың үйсіндерімен байланыста болғанын айтады [5, 141-148 бб]. Ю.А. Заднепровский де М.К.Қадырбаевтың пікірін қолдап Ертіс бойының таулы өңірлерін мекендеген тайпалар Алтай мәдениетіне жақын болса, Шығыс Қазақстанның оңтүстік өңірлері Жетісу мәдениетіне жақын дейді.
Соңғы жылдары жаңа мәліметтердің толығуы мен бірге Таулы Алтайдың ескерткіштерін кеңінен қарастыра отырып П.И. Шульга ерте темір дәуірі ескерткіштерін бес топқа бөліп қарастыруды ұсынады [6, 245-250 бб]. П.И. Шульга топтамасындағы № 1 топқа тас үйінділі обалар мен адамды шалқасынан жатқызу мен бірге басын солтүстікке бағыттау тән екендігін айтады. Сондай ақ бұл ескерткіштер топтамасын б.з.д.. ҮІІ-ҮІ ғғ мерзімдеп Қазақстан мен Алтай жерінің көптеген ескерткіштерін жатқызған болатын. Солтүстік батыс Алтай жеріндегі П.И. Шульга зерттеулерінде табылған Гилево-10 ескерткіші мен Шығыс Қазақстан облысы, Новошулбинка ауданы жеріндегі Кондратевка ХХІ жеке обаларында табылған жылқы сүйектерімен бірге табылған ағаш табыт ішіндегі адам мүрдесі Черновая ескерткіштерімен өте жақын келеді [7, 161б.]. П.И. Шульганың ойынша солтүстік батыс Алтай ескерткіштерінің сабақтастықтары Қазақстан өңірлерінде кездескенімен ол ескерткіштерді тасмола, шілікті немесе алдыбел мәдениеттерімен шатастыруға болмайды дейді. Солтүстік батыс Алтайдың ерте сақ мәдениеттері Таулы Алтай мен Қазақстан далаларын біріктіріп жатқан мәдениеттер арасындағы көпір ретінде санайды. А.Д. Таиров та жоғарыдағы өзінің әріптесін қолдай отырып Алтай мен Қазақстан далаларының жерлеу ғұрпы, қоса жерленген заттары Еуразия даласындағы қатар өмір сүрген бір біріне тәуелсіз мәдениеттер деп санайды [8, 18-19 бб]. Кейінгі жылдары жоғарғы Ертіс бойының көне кезеңдерін зерттеп жүрген А.А. Ткачев еңбектерінен де Ә.М. Оразбаев пікірлерімен үндес келетін тұжырымдарды кездестіруге болады. Оның ойынша энеолит дәуірінен бастап ерте темір дәуіріне дейін аймақты зерттеуде автохтонды тайпалардың белгілі бір қатыстық дәрежеде дамығандығын және көршілес территорияны мекендеген тұрғындарға ықпал жасағандығын көруге болады, бұны тиісінше материалдық мәдениет ерекшеліктерінен байқауға болады [9, 288 б.]. Уақытында Ә.М. Оразбаев тарапынан жасалған Шығыс Қазақстандық ескерткіштердің ғылыми сараптамалық қорытындылары да өзіндік жеке ұстанымға ие дербес пікірлерде жасалды. Әсіресе жергілікті жерде табан аудармай өмір сүрген көне Шығыс Қазақстандықтар неолит дәуірлерінен бастап ақ көршілес жатқан Оңтүстік Сібірдегі Афанасьев және Орталық Қазақстандық тайпаларымен мол металл қорлары арқасында саяси, қоғамдық байланыстар орнатып үздіксіз даму үстінде болды. Оның кейінгі дәуірлердегі көріністерін тас жәшіктерде Құлажорға мәдениеттерінен де көруге болады дейді [1, 40 б.].
Шығыс Қазақстан өңірінің зерттелу тарихнамасында зерттеушілер пікірлері бір жерден шығып, карама-қайшылықсыз даму үстінде болды деуге болады. Әсіресе осы өңірдің үлкен зерттеушісі Әбдіманап Медеуұлы Оразбаевтың үзеңгілес әріптесі С.С. Черниковтың жасаған тұжырымдары негізінде жасалған және М.К. Қадырбаев пен Ю.А. Заднепровский тарапынан қолданған ерте темір дәуірінің жүйелік кестесі құнды. Әбдіманап Медеуұлы Оразбаевтың Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі уақытында берген зерттеу қорытындылары да осы ғалымдардың тұжырымдары негізінде үндес келетінін аңғаруға болады.
Қандай да бір мәдениеттің көршілес мәдениеттерімен өзара жақындығы, ұқсастықтары шекаралық өңірлерде аралас кездесуі мүмкін, бірақ ол мәдениеттен алыстаған сайын ұқсастықтары азайып, келесі жағындағы мәдениеттен басымдығы ауа бастауы шартты нәрсе.
Сол сияқты Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі тайпаларының қоғамдық және әлеуметтік өмір сипаты Ертістей күре тамырлы өзеннің арғы жағында мекендей отырып Оңтүстік Сібірдің ерте темір мәдениеттеріне бір табан жақын жалғасып жатуы заңды құбылыс. Ал Ертістің бергі жағын мекендеген Зайсан, Тарбағатай және Алакөл атырабының ескерткіштері Орталық Қазақстандықтарға, Жетісуға жақын келетіні қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған.
Әдебиеттер.
-
Оразбаев А.М, Омаров Г.К. Некоторые итоги археологического исследования Восточного Казахстана.// Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. Алматы: КазНУ, 1998. С.9-71.
-
Самашев З.С., Базарбаева Г.А., Жумабекова Г. және т.б. Берел. Алматы, 2000- С. 47.
-
Черников С. С. К вопросу о хронологических периодах в эпоху ранних кочевников (по материалам Восточного Казахстана) // Первобытная археология Сибири. М., 1975. С.120-148.
-
Қадырбаев М.К. История Казахской ССР (с древнейших времен до наших дней.) В пяти томах. Том І. Алма-Ата, «Наука» Каз ССР, 1977- 479с.
-
Заднепровский Ю.А. Ранние кочевники Восточного Казахстана. Степная полоса Азиатской части СССР в скифо-сарматское время. Издательство. «Наука». Москва 1992 С. 493.
-
Шульга П.И. Этнокультурная ситуация в Горном Алтае и северо-западных предгорьях в ҮІІ-ІІІ вв. До.н.э. // Итоги изучения скифской эпохи Алтая и сопредельных территорий. – Барнаул; Изд-во Алт. Гос. ун-та, 1999. – С. 245-250.
-
Шульга П.И. Снаряжение верховой лошади и воинские пояса на Алтае. Часть І. Барнаул 2008.-276 с.
-
Таиров А.Д. Кочевники Урало-Казахстанских степей в ҮІІ-ҮІ вв. до.н.э. Челябинск 2007.-274 с.
-
Ткачева Н.А, Ткачев А.А. Эпоха бронзы Верхнего Прииртышья. Новосибирск: 2008.- 304.с.
Достарыңызбен бөлісу: |