Қос академиктің қолтаңбасы [Текст] / Т. Ғалымов // Орталық Қазақстан. 2010. 14 қыркүйек (№149).



Дата11.07.2016
өлшемі55.85 Kb.
#191495
Ғалымов, Т.

Қос академиктің қолтаңбасы [Текст] / Т. Ғалымов // Орталық Қазақстан. - 2010. - 14 қыркүйек (№149). - (Е.Бөкетовтің туғанына - 85 жыл)
980 жылғы шілде айы. Мен Қаныш атындағы совхоздағы Ақ­келін аулында бөлімше мал дә­рігері болып істейтін едім. Бас­қарушымыз кезекті еңбек дема­лысына кетіп, сол кісінің орнына уақытша қалған маған сол кездегі совхоз директоры Әди Әлкебаев телефон соғып:

Ертең қазақтың атақты жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов ағамыз біздің сов­хозға келеді. Әрине, ол кісі жолда Қанағаңның кіндік кескен жеріне ат басын бұрғысы келері сөзсіз. Дайындалыңдар, қасыңа Қанағаңды көзі көрген ауыл ақсақалдарын ерте жүр, - деп қатты тапсырған.

Ертеңінде ауыл ақсақалдары Қа­мыш, Мұқыш, директор Әдекең, селолық кеңестің төрағасы, марқұм Мәшкен ағай бар қонақтарда Ақке­ліннің қырынан қарсы алдық.

Жазушының қасында жеңгеміз Ғазиза және академик жазушы Ев­ней Бөкетов аға баласымен еріп келген екен. Ғабең амандықтан соң Мұса Шормановтың басына зират еткісі келетінін білдірген. Ауыл шетіндегі Ащы өзенінің бойындағы үлкен қорымда жатқан полковник Мұса Шормановтың басына құран оқып отырған сәтте менің көзім әлденеден Ғабеңнің жүзіне түсе бергені. Жазушы біртүрлі тебіреніс, толғаныс үстінде отырған сияқты көрінді.

Сонан Айрыққа бет түземес бұ­рын Қаныш ағаның әкесі Имантай марқұмның басына да құран оқылды.

Сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты жастар тә­лімгері атанған Дәмет Ақаева үй-ішімен қос академикті және оларға ере келген кісілерді құшақ жая қуана қарсы алды. Шай ішіп аз-маз демалған соң күні бойғы жол мен әңгімеден зерікті ме, Ғабең бір кезде: «Пропиранс сызайық», - деді жайымен. Өкінішке орай біздің арамызда бұл ойынды білетін адам болмай шыққаны. Басқаларды кім білсін, ал өз басым картаны жа­рытып ойнамайтыныма, оның ішінде преферансты білмейтініме тұңғыш рет қатты өкіндім. Ұлы адаммен карта ойнаудың өзі бақыт емес пе, әттең, деймін ішімнен.

Тығырықтан шығар жолды Мәшкен ағай тапқан:

– Тілеубек, сен дәрігер Қай­ыркенді тез осында жеткіз, мына кісімен пропиранс ойнасын, - деп машинаның кілтін ұстата берді.

Жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта Кәкеңді алып мен де жет­тім. Аздан соң Ғабең, осы сапарда онымен бірге жүрген сол кездегі халық депутаттары аудандық Со­веті атқару комитетінің төрағасы Балта Мәмбетов, Қайыркен үшеуі карта ойнауға кірісті.

Ойын қыза бастаған кезде Евней аға:

– Жүр, Тілеубек шырағым, Айрықтың төбелеріне шығып аз-маз тыныстап, келейік – дегені. Төбелерді асықпай аралап, ағамен ұзақ әңгімелестік. Қызметке ара­ласқан аз жылда көптеген «алдынан ел тараған» азды-көпті ағалармен ұшыраса, кездесе жүріп мінезімді дәл сол жолғыдай емін-еркін се­зінген жоқ шығармын. Атағы әлем­ге танылған қазақтың даңқты ұлдарының бірі, өзі көрнекті ғалым, жазушы Евней аға менің жас маман, бар болғаны бөлімшенің мал дәрігері екендігімді есінен шы­ғарғандай өзіне тең ұстап, тіпті, әңгіме арасында «Інішек, солай емес пе?» деуі менің көңілімді мей­лінше қанаттандырып жібергендей еді. Содан нартәуекел деп мен ол кісіден Қанағаң жайлы сұрадым.

Айналайым інім, Қаныш ағаң туралы сұрағаның жөн, ол кісі жайлы азды-көпті еңбек жазып жүргенімді білетін боларсың, - деп сәл іркіліп, сөзін сабақтаған.

– Қанағаңның өмірінің қыры мен сыры көп қой, інішек. Жазатын материал да жеткілікті, бірақ тірі адам түгіл, өлі адамның бағын көре алмайтын қуыс кеуделі жандар да аз емес екен, сондықтан да жазып жүрген шығармам жарыққа шыға ма, шықпай ма, өзге түгіл өзім де мұны тап басып айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетер. Қалай десек те негізінде ерте ме, кеш пе өмірде бір әділдік болуы керек қой,- деген ол жеңіл күрсініп. Бұл академиктің жазықсыздан жазықсыз құдалауға түскен кезі болатын.

Сөздің реті келгенде Ғабең манағы Қамыш ақсақал туралы сұрады:

– Сөзге жүйрік, ескі әңгімені терең білетін, ақылды адам екен, - деді. Расында, Қамыш ақсақал Қаныш ағаның ағасы болатын. Руы – Қаржас – Жәдігер. Ол кісі ту­ралы біраз әңгіме айттық. Қамыш Ысқақов аға әкеден жеті жасында жетім қалады, шешесі адуынды бәйбіше болған. Бүкіл ауыл, ел тыңдайтын ана болады. Имантай аға да немерелес болғасын қолдан келген көмегін аямаған. Қамышты анасы он үш жасында он жеті, он сегізге келген, бір елдің қадірлі азаматының бойжеткен қызына құда түсіп, айттырып алып берген. Он үштегі Қамыш күні бойы балалармен асық ойнап, өзенге шомылып, кешкілік шай ішкесін анасының жанында ұйықтап қа­лады екен.

Сонда анасы келініне ұрсатын көрінеді:

– Әй келін, ана байыңды төсекке көтеріп алып, қасыңа жатқыз, – дейді екен.

Сол бәйбішесімен жиырма жылдан аса тату-тәтті өмір сүріпті, бес бала сүйіпті.

Бірақ, 1940 жылы Қ.Сәтбаев атындағы және «Алексеевка» кеңшары аумағында қалың өрт болып, Қамыш ағаның бәйбішесі бес баласымен және отыз-қырық адам өртте жанып кеткен. Көргендер айтады: «Бұл ғаламат өрт болды, тіпті өзенге тығылғанның өзінде құйын болып үстінде тұрып алған» деп. Кейінгі бәйбішесінен үш қыз, бір ұл бар, жасы 83-ке келсе де әлі ширақ. Қаныш аға ауылға – Тең­дікке келгенде жеке киіз үй тігіп, ту бие сойған.

Біздің осы әңгімеміз Ғабең мен Евней ағаға қатты әсер етті. Біраз ойланып отырғасын: «Қарақтарым, әлгі Қамыш ақсақалды ертең алып келіңдерші, біраз шер тарқасып әңгімелесейік», - деді. Директор Әди аға маған тапсырды. Түнде барып, қамыш аға мен Мұқыш ақсақалға ескерттім. Таңертең ерте тұрып, ол кісілерге бардым.

Келсем екі ақсақал шырт киініп дайын отыр екен. УАЗ машинасына мінгізіп «Айрыққа» алып бардым. Қамыш аға мен Мұқыш ақсақал қазақы әдетпен төс түйістіре амандасты. Мұқыш ақсақал тоқсанға келген, сөзге жоқ адам еді. Сөздің майын тамыза ағып сөйлеп отырған Қамыш аға. Ғабең екеуі көп сөйлесті, арасында әзілдесіп қояды. Ғабең кешегі біз айтқан әңгімелерді тиянақтап сұрап алды.

Қазіргі бәйбішеңіз қалай, күте ме? - деді Ғабең.

– Әрине, құдай берген бір ұл, үш қызым бар, – деді Қамаң.– Бірақ жастай қосылған бәйбішем мен қыршын кеткен бес балам есімнен кетпейді... бәрі Алланың әмірі ғой, бергеніне шүкір.

– Е, мына жастар біздер сияқты тоқал ала ала ма, - деп Ғабең әзілдей Евней ағаға қарады.

Қала академигі мен «дала» академигі жадырай күлісті.

...Біз төбеден төмен түсіп шопан аулына беттеп келеміз. Еңіске түсе бергенде Евней ағаның аяғы тайыңқырап кетіп, қолтығынан демегем. Маған рахмет айтқан ол біраздан соң әлдене есіне түскендей: «Мен өз өмірімде екі адамға қарыздармын. Біріншісі Ғабит, екіншісі Қанағаң деп білемін» - деген еді ол.

Ғабит аға үлкен дәм үстінде үйдегі келіндерді, ең аяғы балаларға дейін дастарқан басына шақыртқан.

Бірге отырыңдар, осы бә­рімізге жетеді, - деді ол қысыла-қымтырыла келіндер мен балалар келіп жайғасқанда. Үлкен адамның пейілі қандай кең болса, жүрегі де сондай дарқан-ау деген ойға қалдым.

Ғабит аға өте баппен сөзінің нәрін келтіре сөйлейтін жұмсақ үнді адам екен. Көптеген қызықты әңгімелер айтты.

Келесі күні Ғабеңдер жолға жиналды. Бұқар жырау бабамыздың басына бармақшы екен. Аттанарда Ғабең қатты толқып:



– Баянауыл жеріне келіп дәм татқанымды өзіме бақыт деп санаймын. «Енді кездесеміз бе, оны бір құдай біледі. Ал ағайын, қош-аман болыңдар»,– деп қимай қоштасты. Сол сәт өзгелермен қатар мен де қолтаңба алу үшін әдейі ала келген кітаптарымды ұсынғам.

Бұл кезде қазақ әдебиеті мен ғылымына өшпес із қалдырған қос академиктің қолтаңбасы қойылған сол кітаптар маған баға жетпес қымбат ескерткіш сияқты көрінеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет