МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ:
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЦИКЛДЕР, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, ИНФЛЯЦИЯ
«Прометей» бағдарламасы шеңберінде
Жанат Мырзабек, Рахимжанова Бақтыгүл,
Соспанова Қарлығаш, Шарипова Зухра
Павлодар 2009
УДК 330.101.541(07)
ББК 65.012.2я7
М15
С. Торайғыров атындағы ПМУ қаржы–экономикалық факультетінің «Экономикалық теория» кафедрасымен
баспаға басуға ұсынылды
Пікір-сарапшы:
Э.ғ.к., доцент Байтаева Г.Р.
Орындаушылар:
«Экономикалық теория» кафедрасының
аға оқытушысы Жанат Мырзабек
«Мемлекеттік және жергілікті басқару»
мамандығының студенттері Рахимжанова Бақтыгүл
Соспанова Қарлығаш
Шарипова Зухра
М15 «Макроэкономикалық тұрақсыздық: экономикалық циклдер, жұмыссыздық, инфляция». студенттерге арналған оқу-әдістемелік құрал / орындаушылар: Жанат Мырзабек, Рахимжанова Б., Соспанова Қ., Шарипова З. – Павлодар, 2009. – 36 б.
Оқу-әдістемелік құралында «Макроэкономика» пәні бойынша «Макроэкономикалық тұрақсыздық: экономикалық циклдер, жұмыссыздық, инфляция» тақырыбын оқып-үйренуге қажетті теоретикалық материалдар, тақырыпты кеңінен меңгеруге қажетті есептер, тестлік сұрақтар мен қажетті әдебиеттердің тізімі келтірілген.
Оқулық экономикалық мамандықтардың студенттеріне, магистрлерге, оқытушыларға, өзбетінше ізденушілерге арналған.
УДК 338.101.541(07)
ББК 65.012.2я7
© Жанат Мырзабек, Рахимжанова Б., Соспанова Қ., Шарипова З., 2009
© С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2009
МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЦИКЛДЕР, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, ИНФЛЯЦИЯ
1 Экономикалық цикл және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер серпіні. Әлуетті ЖІӨ
2 Жұмыссыздық және оның түрлері. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі. Оукен заңы. Жұмыссыздық деңгейін реттеу
3 Инфляция деңгейі. Сұраныс инфляциясы және ұсыныс инфляциясы. Болжанған және болжанбаған инфляция
4 Жұмыссыздық пен инфляцияның арабайланысы
1 Экономикалық цикл және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер серпіні. Әлуетті ЖІӨ
Экономикалық дамудың циклділігі (кезеңділігі) – өндірістің өсуі құлдырауымен, іскерлік белсенділіктің артуы кемуімен алмасып отыратын нарықтық экономиканың үздіксіз толқулары. Экономикалық цикл – бұл бір экономикалық құлдыраудың басталуынан екіншісінің басталуына дейінгі кезең (Сурет-1-де t1t6 аралығы 1 экономикалық циклді құрайды). Яғни, ол өндіріс, инфляция, жұмысбастылық деңгейінің қандай да бір уақыт аралығындағы өзгеруі.
Сурет-1 – Экономикалық цикл
Жекелеген экономикалық циклдер бір-бірінен ұзақтығы және интенсивтілігі бойынша өзгешеленеді. Алайда, барлық циклдерге тән фазалары болады: құлдырау, тоқырау, жандану, өрлеу.
Экономиканың циклділігінің негізгі себептері: тұтынудың, инвестицияның, негізгі қорлардың жаңаруы, ақша массасының өзгеруі және тағы басқалары. Экономикалық циклдердің әр фазасында өзіне тән негізгі ерекше құбылыстар көрініс береді.
Кесте-1 – Экономикалық циклдің әр фазасына тән негізгі ерекшеліктері
Цикл фазасы
|
Ерекшеліктер
|
Құлдырау
(Сурет-1-дегі
АӘ қисығы)
|
өндіріс көлемінің қысқаруы => жалақының төмендеуі => жұмыссыздықтың көбеюі => пайыз мөлшерлемесінің көтерілуі => банк, кәсіпорындардың банкроттыққа ұшырай бастауы => елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайдың нашарлауы
|
Тоқырау
(Сурет-1-дегі
ӘВ қисығы)
|
өндірістің, бағаның төмендеуінің, тауарлардың босалқы қорларының өсуінің тоқталуы => кәсіпкерлік сектордың жаппай банкроттыққа ұшырауы => жаппай жұмыссыздық => өте төмен жалақы => пайыз мөлшерлемесінің төмен деңгейі => экономика шыңырауға (Сурет-1-дегі Б нүктесі) дейін құлап, тоқырауы => іскерлік белсенділікке негіз қалыптаса бастауы
|
Жандану
(Сурет-1-дегі
ВС қисығы)
|
өндіріске инвестициялар келе бастайды => іскерлік белсенділіктің жандана бастауы => жұмыссыздық азая бастауы => бағалардың көтеріле бастауы => өндіріс көлемінің өсуі => экономиканың бұрынғы шың деңгейіне (сурет-1-дегі А нүктесі) жетуі
|
Өрлеу
(Сурет-1-дегі
СД қисығы)
|
Бағалардың едәуір өсуі => жұмыссыздықтың табиғи деңгейіне дейін азаюы => шамадан тыс жұмыспен қамтылу => жалақының жоғары деңгейі => несиеге сұраныстың артуы => бос ақша капиталы ұсынысының өсуі => өндірістің экстенсивті ұлғаюы => тауарлардың артық өндірілуінің ұлғаюы (AS > AD) => экономиканың шың деңгейіне (Сурет-1-дегі А және Д нүктелері) жетуі
|
Экономикадағы циклдік ауытқуларға әсер ететін факторларды ықпал ету сипаттарына қарай сыртқы және ішкі факторларға жіктейді. Сыртқы факторларға халық санының өзгеруі, түбегейлі технологиялық өзгерістер, ауқымды саяси оқиғалар, соғыстар, табиғи үлкен апаттар және осылар тәріздес басқа да құбылыстар жатқызылады. Ішкі факторларға тұтынуға, инвестицияға шығындардың өзгеруі, үкіметтің түрлі саясаттар көмегімен жүргізетін іс-шаралары және т.т. жатады.
Цикл фазаларының негізгі индикаторлары болып жұмысбастылық деңгейі және шығарылым көлемі табылады. Ал, инфляция деңгейі, пайыз мөлшерлемесі және валюта бағамы үкіметтің, орталық банктің нақтылы жағдайлармен байланысты жүргізілетін саясаттарымен реттеліп отырады.
Экономикалық циклдің негізін кезеңді пайда болып отыратын экономикалық күйзелістер құрайды. Циклдің жандану және өрлеу фазаларында өндірістің ұлғаюы, сәйкесінше интенсивті және экстенсивті болады. Сонымен қатар, бұл кезеңдерде халықтың табысы артады және жиынтық тұтынуға сұраныс артады. Жандану кезеңінде тұтынушылық сұраныстың артуы кәсіпкерлердің өндіріс қуаттарын арттыруға және капитал салымдарын ұлғайтуға түрткі болады. Бұл өндіріс құралдарына сұранысты ынталандырады. Жиынтық сұраныстың өсу қарқынының қоғамдық өндірістің өсу қарқынынан артып түсе бастауы өндірушілер арасындағы бәсекені әлсіретеді. Ол, өз кезегінде өндіріске ғылыми жетістіктерді, жаңа технологияларды енгізуге ынтаны төмендетеді. Алайда, өндірістің экстенсивті дамуы ұлғая отырып, ақыры соңында төлем қабілетті сұраныстан асып түскен кезде, тауарлардың артық өндірілуі (AS > AD) басталады. Бұл өз кезде экономикалық күйзеліс те бой көрсетеді.Экономикалық күйзеліс капиталдың пайдалы қызмет етуін қамтамасыз ете алмайтын өндіріс құралдарының моральдық тозуына әкеледі. Бұл өз кезегінде жаңа технологиялық негізде капиталдың жаңаруына серпін береді. Осылайша, күйзеліс экономиканың интенсивті дамуына бастау болады.
Экономикалық циклдер ұзақтығы бойынша келесі түрге жіктеледі:
-
қысқа циклдер немесе Китчиннің циклдері (2-4 жылдық);
-
ірі өнеркәсіптік циклдер немесе Жугляр циклдері (7-12 жылдық);
-
құрылыс циклдері немесе Кузнецтің циклдері (16-25 жылдық);
-
Кондратьевтің ұзын толқындар (40-60 жылдық).
Әлуетті ЖІӨ немесе экономикалық әлует – бұл ресурстардың толық жұмысбастылығы кезіндегі өндіріс көлемі. Ресурстардың толық жұмысбастылығы дегеніміз халық шаруашылығы қуатының 10-20 %-ы игерілмегендегі және жұмыссыздықтың табиғи деңгейі кезіндегі өндіріс көлемі. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі жалпы жұмыс күшінің 5-7 %-ы жұмыссыз болған кездегі жұмысбастылық деңгейі. Жұмыс күші – бұл ел халқының жұмысқа жарамды бөлігі, яғни ол есептік кезеңдегі жұмысбастылар мен жұмыссыздар санының қосындысы:
N = U + E (1)
N = R – H (2)
Мұндағы, N – жұмыс күші, адам;
U – жұмыссыздар саны, адам;
E – жұмысбастылар саны, адам;
R – ел халқының саны, адам;
H – жұмысқа жарамсыздар саны, адам.
2 Жұмыссыздық және оның түрлері. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі. Оукен заңы. Жұмыссыздық деңгейін реттеу
Жұмыссыздық – бұл еңбекке қабілетті халықтың жұмыс істеуді қалайтын, бірақ уақытша немесе мүлдем жұмысынан айырылған бөлігінің жұмыспен қамтылмауы көрінісі. Жұмыссыздық өндірістің тиімділігінің артуымен немесе жұмыс күшінің бір бөлігін жұмыстан босатуға мүмкіндік беретін, жұмыс күшінің құрылымына, сапасына жаңа талаптар қоятын ғылыми техникалық ілгерілеушіліктің және мемлекеттің өндіргіш күштерді орналастырудағы қате құрылымдық саясаты салдарынан туындайды.
Жұмыссыздықты қалыптасу сипаттарымен байланысты негізінен үш түрге жіктеуге болады:
-
уақытша (фрикциондық) жұмыссыздық;
-
құрылымдық жұмыссыздық;
-
циклдік жұмыссыздық.
Уақытшы жұмыссыздық (Uf) – бұл өздерінің біліктілігіне және жеке қалауларына сәйкес келетін жұмысты іздеп жүрген немесе күтіп отырған жұмыс күшінің бір бөлігі. Бос жұмыс орындары және оған үміткерлер туралы ақпараттар жеткіліксіз, тіптен бар болған күннің өзінде бұл ақпараттар таралуы үшін белгілі шамада уақыт қажет. Міне, сондықтан да жұмыстан өз қалауы бойынша немесе еріксіз босағандар және жұмыс күшінің құрамына жаңадан қосылған мамандар белгілі бір мерзім аралығында жұмыссыз болады. Бұл топтың басты артықшылықтарының бірі – олардың еңбек нарығында сата алатын дайын «кәсіби дағдысы» бар. Яғни, олар өздерінің еңбек күшін тез арада сата алады. Қорыта айтқанда, уақытша жұмыссыздар өздерінің еңбек күшін тез арада сату арқылы, қысқа мерзімді кезеңде жұмысбастылар санатына қосылады.
Құрылымдық жұмыссыздық (Us) – бұл жұмыс күшіне сұраныстың құрылымын өзгертетін өнеркәсіптегі технологиялық ілгерілеушілікпен байланысты туындайтын, жұмыссыздықтың бір түрі. Яғни, құрылымдық жұмыссыздар – олар ғылыми-технологиялық ілгерлеушілік нәтижесінде мамандықтары аса қажетсіз немесе мүлдем жарамсыз болуы себепті жұмыстан шығып қалғандар не жұмыс таба алмай жүрген тұлғалар. Құрылымдық жұмыссыздық көбінесе еріксіз (амалсыз) және ұзақ мерзімді сипатта болады. Себебі, еңбек нарығында олардың «дайын машығына» (мамандығына) сұраныс жоқ болғандықтан, оларға кәсіби қайта даярлықтан өтуіне немесе тұрғылықты мекендерін ауыстыруларына тура келеді. Аталмыш шаралар едәуір ұзақ уақытты қажет етеді.
Уақытша жұмыссыздық пен құрылымдық жұмыссыздықтың негізгі айырмашылықтары:
-
уақытша жұмыссыздардың еңбек нарығында тез сата алатын дайын машықтары бар, ал құрылымдық жұмыссыздар қосымша оқу оқымай, не қайта даярлықтан өтпей немесе тұрғылықты мекендерін ауыстырмай тез арада жұмыс таба алмайды;
-
уақытша жұмыссыздық қысқа мерзімді сипатта болады, ал құрылымдық жұмыссыздық ұзақ мерзімді және бұл ұлттық экономика үшін де ауыр (жағымсыз) құбылыс;
-
уақытша жұмыссыздық әлде қайда қалаулы болып табылады. өйткені, көптеген адамдар өз еркімен «жұмыс аралық» күйде болады және олардың төмен жалақылы жұмыстан жалақысы жоғары жұмысқа ауысуы нәтижесінде жеке табыстарының артуы еңбекке ынталарын арттырады. Мұндай салдар еңбек өнімділігінің артуына алып келеді және нәтижесінде ұлттық өнімнің көлемі арта түседі.
Циклдік жұмыссыздық (Udd) – экономикалық циклдің құлдырауы кезеңінде жиынтық тұтыну шығындарының азаюы салдарынан өндірістің қысқаруымен байланысты пайда болатын, жұмыссыздықтың бір түрі. Циклдік жұмыссыздар – бұлар ұлттық өндірістің қысқаруымен байланысты жұмысын жоғалтқандар. Экономикалық циклдің құлдырау және тоқырау фазасында уақытша және құрылымдық жұмыссыздық циклдік жұмыссыздықпен толықтырылады. Ал, циклдік өрлеу фазасында циклдік жұмыссыздық болмайды (Udd = 0).
Экономикалық циклдің құлдырау және тоқырау фазаларындағы кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауы жаппай жұмыссыздыққа алып келеді. Мұндай кезде жұмыссыздарды басқа кәсіпке оқыту арқылы қайта даярлау немесе олардың тұрғылықты мекен-жайларын ауыстыруы жұмыссыздықтан құтылудың жолы болып табыла алмайды. Өйткені, басым жағдайда дағдарыс оты ұлттық экономиканы тұтастай шарпиды және ол әлемдік деңгейге де өрбуі әбден мүмкін.
Жұмыссыздық – бұл еңбекке қабілетті адамның жұмыссыз қалуы. Ал, жұмыссыз қалу адамдардың тұрмыстық жағдайын нашарлатып ғана қоймайды, сонымен қатар бұл жағдайда адамдар моральдық тұрғыдан да күйзеліске ұшырайды. Өйткені, бір жағынан жалақы басым көпшіліктің бірден-бір табыс көзі болып табылса, екінші жағынан жұмыссыз қалған жан өзін қоғамға қажетсіз сезінуі мүмкін.
Жұмыссыздықтың негізгі көрсеткіштерінің бірі ол – жұмыссыздық деңгейі болып табылады:
U
u = —— × 100 % (3)
N
Мұндағы, u – жұмыссыздық деңгейі, %.
Жұмысқа жарамсыздар немесе жұмыс күшіне жатпайтындар: кәмелеттік жасқа толмағандар, зейнеткерлер, үй шаруасындағылар, оқушылар, күндізгі оқу бөлімінің студенттері, жұмысы жоқ болғанымен жұмыс іздемейтіндер, жұмыс іздеуден жалыққандар, арнайы мекемелерде бас бостандығынан айырылып қамауда отырған, яғни сотталып жазасын өтеп жүргендер мен психиатриялық ауруханаларда ұзақ уақыт бойы емделіп жатқандар және т.б.
Сурет-2 – Жұмыс күші мен жұмысқа жарамсыздардың негізгі ағындары
Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі (u*) – бұл уақытша жұмыссыздар мен құрылымдық жұмыссыздар санының жиынтығы:
u* = Uf + Us (4)
Яғни, толық жұмысбастылық кезіндегі жұмыссыздық деңгейі жұмыссыздықтың табиғи деңгейі деп аталады және ол жұмыс күшінің жуық шамамен 5 %-ын құрайды. Толық жұмыс бастылық – циклдік жұмыссыздық жоқ, яғни нөлге тең (Udd = 0) болғандығы жұмыс күшінің жұмыспен қамтылуы деңгейі. Толық жұмысбастылық кезінде ұлттық өндіріс қуатының 80-90 %-ы қолданыста болады және осы күйдегі ұлттық өндірістің көлемін әлеуетті (потенциалды) ЖІӨ деп атайды.
Аса үлкен жұмыссыздық үлкен экономикалық және әлеуметтік шығындарды туындатады. Дәлірек айтқанда, жұмыссыздықтың негізгі құны – бұл өндірілмеген өнім. Экономика жұмыс істегісі келетіндер мен жұмыс істей алатындарды барлығына қажет шамада жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алмаған жағдайда тауарлар мен қызметтердің өндірісі әлуеті қайтарымсыз жоғалады. Жұмыссыздық қоғамның даму жолында бөгет болады. өндірілмеген өнім – ол ЖІӨ-нің жоғалтылған көлемі.
ЖІӨжоғалтылған = ЖІӨәлуетті – ЖІӨнақты (5)
Жұмыссыздық неғұрлым үлкен болса, өндірілмеген өнім де (жоғалтылған ЖІӨ) соғұрлым көп болады. Жұмыссыздық деңгейі мен жоғалтылған ЖІӨ-нің көлемі арасындағы байланысты математикалық жолмен келесі түрде анықтауға болады:
Ү – Ү*
——— = – β × (u – u*) (6)
Ү*
Мұндағы, Ү – нақты ЖІӨ, ш.а.б. (ш.а.б. – шартты ақша бірлігі);
Ү*– әлуетті ЖІӨ, ш.а.б.;
u – жұмыссыздықтың нақты деңгейі, %;
u* – жұмыссыздықтың табиғи деңгейі, %;
β – ЖІӨ-нің циклдік жұмыссыздықтың серпініне сезімталдығының эмприкалық коэффиценті немесе Оукен коэффиценті (2 < β < 3).
Жұмыссыздық пен жоғалтылған ЖІӨ көлемі арасындағы тәуелділікті алғаш зерттеген американдық экономист Артур Оукеннің (1928–1979) анықтауы бойынша, егер жұмыссыздық деңгейі 1 %-ға ұлғаятын болса, онда ел экономикасы ЖІӨ-нің 2,5 %-ын жоғалтады. Яғни, нақты жұмыссыздық деңгейі (u) табиғи жұмыссыздық деңгейінен (u*) 1 %-ға артық болса, нақты ЖІӨ-нің (Ү) шамасы әлуетті ЖІӨ-нің (Ү*) көлемінен 2,5 %-ға кем болады. Мұндай заңдылық Оукен заңы деп аталады.
Жұмыссыздықтың ұлғаюы экономикалық, әлеуметтік, тіптен саяси салдарға әкеліп соғады. Нақтырақ айтқанда, жұмыссыздықтың салдарынан:
-
ұлттық экономика өзінің экономикалық әлуетін толық пайдалана алмайды. Мысалы, ЖІӨ-нің жоғалтылуы;
-
жұмысын жоғалтқан адамдар уақыт өте келе өздерінің кәсіби біліктіліктерін де жоғалтады;
-
ұлттың психикалық денсаулығы бұзылады;
-
қоғамда әлеуметтік және саяси мәселелер бой көрсетеді, бұл тіптен әлеуметтік-саяси жанжалдарға әкелуі мүмкін және т.б.
Қорыта айтқанда, жұмыссыздық қоғам үшін өте ауыр, тиімсіз құбылыс болып табылады. Әсіресе, жұмыссыздықтың деңгейі 5–7 %-дан неғұрлым үлкен болған сайын, оның қоғамға әкелетін зардаптары ауырлай түседі.
Жұмыссыздық аса күрделі мәселе болып табылатындықтан, оның алдын алу және онымен күресу мемлекеттік деңгейде дұрыс саясат жүргізу арқылы ғана оң нәтижеге әкеледі. Жұмыссыздықпен күрес сұранысқа сәйкес кадрлар даярлау, елдің демографиялық жағдайына, экономикалық ерекшеліктеріне байланысты жұмыс күшін оңтайлы орналастыру, жалақы деңгейін реттеу секілді алуан түрлі іс-шаралар негізінде жүргізіледі. Жұмыссыздықпен күресудің мұндай әдіс-амалдардың ішінен келесі әдістерді атап көрсетуге болады. Олар:
» классикалық тәсіл;
» Кейнсиандық тәсіл;
» Мальтузиандық тәсіл.
Классикалық әдіс бойынша:
Классикалық мектептің жақтастарының көзқарастары бойынша, жұмыссыздықтың туындауының негізгі себебі – ол өте жоғары жалақы деңгейі болатындықтан, олардың пікірінше жалақы деңгейін төмендете отырып, жұмыссыздықты қысқартуға болады (Сурет-3).
Мұндағы, W – жалақы деңгейі, %;
L – жұмысбастылық деңгейі, %;
DL – еңбекке сұраныс, адам;
SL – еңбек ұсынысы, адам;
Uw – күтілім жұмыссыздығы, адам;
А – еңбек ұсынысы мен еңбекке сұраныстың теңдестігі нүктесі.
Сурет-3 – Жұмыссыздықпен күресудің классикалық тәсілі
Егер, жалақы деңгейі (W2) еңбекке сұраныс пен еңбек ұсынысының теңдестігі нүктесі деңгейінен (Сурет-3-те А нүктесінен) жоғары болса, онда елдегі жұмыссыздық ұлғаяды. Себебі, еңбек ұсынысының сұранысынан артып кетуі (SL > DL) кезінде жалақы деңгейінің көтерілуі үрдісі (W1-ден W2-ге) жүріледі. Мұндай жағдайда, кейбіреулер әлде қайда жоғары жалақылы жұмысты күтіп уақытша жұмыссыздық күйін кешеді. Осындай себеппен байланысты туындаған жұмыссыздық түрін күтілім жұмыссыздығы (Uw) деп атайды. Оның шамасы тең болады:
Uw = L3 – L2 (7)
Керісінше, жалақы деңгейі (W1-ден W3-ке) төмен жағдайда да жұмыссыздықтың шамасы (UА) жоғарлайды және ол тең болады:
UА = L4 – L2 (8)
Жұмыссыздықтың әлде қайда қалаулы деңгейіне еңбек ұсынысы мен еңбекке сұраныстың теңдестігі жағдайында (А нүктесінде), яғни жалақы деңгейінің теңдестігінде (W1) қол жеткізуге болады.
Кейнсиандық тәсіл
Жұмыс күшіне сұраныстың жеткіліксіздігінен жұмыссыздық туындайды. Жиынтық сұраныстың (АD) өзгерісі ұлттық өндірістің көлемін (Ү) өзгеріске ұшыратады (Сурет-4). Демек, ол жұмыс күшіне деген сұранысқа ықпал етуші негізгі фактор болып табылады. Кейнсиандықтардың пікірінше ұлттық өндіріс пен жұмысбастылықтың шамасы ұсыныс факторларымен емес, төлем қабілетті сұраныс факторларымен анықталады. Яғни, жиынтық сұраныстың өсуімен (Сурет-4-де АD1-ден АD2-ге) жұмыссыздық та төмендейді. Кейнсиандық теорияға сәйкес жұмыссыздықты азайту үшін жиынтық сұранысты ынталандыру соның ішінде мемлекеттік шығындарды көбейту, салықты азайту, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру шараларын мемлекет тарапынан жүргізуге болады.
Сурет-4 – Жұмыссыздықпен күресудің кейнсиандық тәсілі
Мальтузиандық тәсіл
Ағылшын экономисті Томас Мальтустың пікірінше жұмыссыздықтың негізгі себептерінің бірі – халық санының теңгерімсіз өсуі. Олай болса, Мальтузиандық тәсіл бойынша, жұмыссыздық деңгейін өсірмеу үшін мемлекеттік деңгейде бала тууды шектеу саясатын жүргізу, жұмыссыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
3 Инфляция деңгейі. Сұраныс инфляциясы және ұсыныс инфляциясы. Болжанған және болжанбаған инфляция
Тұрақсыздығы экономиканың жағдайын сипаттайтын ең маңызды макроэкономикалық индикаторлардың бірі – инфляция. Инфляция (inflatio) – бұл елдегі орташа (жалпы) бағаның деңгейінің есептік кезеңдегі көтерілуі үрдісі. Бірақ, мұнда бір ескеретін жай инфляция кезінде барлық тауарлар мен қызметтердің бағасы барлығы бірдей көтерілмейді. Яғни, игіліктердің біреуіне баға жоғары қарқынмен, екіншісіне баяу өссе, енді бірінің бағасы өзгеріссіз қалып, келесі біреулерінің бағасы тіптен төмендеуі де мүмкін. Инфляция деңгейі (баға деңгейінің өсу қарқыны) – орташа баға деңгейінің белгілі бір уақыт аралығындағы салыстырмалы өзгерісі.
Макроэкономикалық үлгілерде инфляция деңгейі келесі түрде бейнеленеді:
Рдо – Рдө
π = ———— × 100 % (9)
Рдө
Мұндағы, π – инфляция деңгейі, %;
Рдо – ағымдағы кезеңдегі бағаның орташа деңгейі, %;
Рдө – базистік кезеңдегі бағаның орташа деңгейі, %.
Орташа баға деңгейі баға индексінің көмегімен анықталады. Кей жағдайларда инфляция деңгейін анықтауда тұтыну бағасының индексі (СРІ) қолданылады. Онда, инфляция деңгейі келесі түрде өрнектеледі:
СРІо – СРІө
π = —————— (10)
СРІө
Мұндағы, СРІо – ағымдағы кезеңдегі тұтыну бағасының индексі, %;
СРІө – базистік кезеңдегі тұтыну бағасының индексі, %.
Егер, инфляция деңгейі көрсеткішінің мәні теріс таңбалы (π > 0) болса, онда аталмыш кезеңде дефляциялық үрдіс жүрілгені. Яғни, дефляция – ол елдегі орташа (жалпы) бағаның деңгейінің есептік кезеңдегі төмендеуі үрдісі.
Ласпейрес индексімен (тұтыну бағасының индексімен) және Пааше индексімен (ЖІӨ-нің дефляторымен) есептелген инфляция деңгейінің көрсеткіштері едәуір айырмашылықта болады. Мысалы:
Кесте-2 – Ресейдегі 1996-1999 жылдардағы инфляция деңгейі, %
Инфляция деңгейі
|
1996 жыл
|
1997 жыл
|
1998 жыл
|
1999 жыл
|
Ласпейрес индексімен
|
48
|
15
|
28
|
88
|
Пааше индексімен
|
43,9
|
16,6
|
11,4
|
74,9
|
Әртүрлі елдердегі инфляциялық үрдістің себептері де сан түрлі. Өйткені, мұндағы инфляцияны қоздыратын факторлардың комбинациясы сол елдегі нақты экономикалық жағдайларға байланысты болады. Енді осылардың кейбіреулеріне тоқталар болсақ:
Біріншіден, инфляция мемлекеттік бюджеттің тапшылығын қысқарту мақсатында «ақша станогын» белсенді пайдаланған кезде ұлғаяды. Яғни, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы орталық эмиссия банкінен заемдар арқылы қаржыландырылса, айналыста пайда болған артық ақша массасы салдарынан инфляция қарқыны ұлғаяды;
Екіншіден, баға деңгейінің жалпы өсуінің себебі, қазіргі қалыптасқан экономикалық жүйенің ерекшелігіне байланысты. Қазіргі кезең нарықтық экономикаға, яғни өндірушілері көп, тауарлары мен қызметтері сан алуан, капитал ауысуы оңай жетілген бәсекелес нарыққа соншалықты ұқсамайды. Қазіргі нарық әлде қайда олигополиялық нарыққа жақын келеді. Ал, олигополист едәуір дәрежеде бағаны бақылайды. Олар бағаны өсіруді бірінші болып бастамаса да, оны қолдауға ынталы. Жетілмеген бәсекелес нарықта олигополисттер мен монополисттер тауарлар ұсынысын қысқарту арқылы, «жасанды» тапшылық жасай отырып, жоғары баға деңгейіне ұмтылады;
Үшіншіден, елдің экономикасының ашық болуы, оның экономикасына біртіндеп әлемдік шаруашылық байланыстарға тереңдеп енуі барысында импорттық инфляция қауіпін төндіреді. Импорттық инфляциямен күресу мүмкіндігі әркез шектеулі болады. Әрине, ел ұлттық валютасын ревальвациялау* арқылы импортты арзандата алады. Алайда, ревальвация отандық тауарлардың экспорттық бағасын да қымбаттатады, ал бұл дүниежүзілік нарықта елдің экономикасының бәсекеге қабілетін төмендетеді;
Төртіншіден, инфляциялық күтіліс салдарынан инфляция өзіне-өзі дем беруші сипат алады. Яғни, баға деңгейінің көтерілуі жағдайында өмір сүріп
үйренген халық бағаның бұдан әрі өсуін күтеді. Мұндай кезде еңбекшілер жалақының (табыстың) көтерілуін талап етеді. Табыстың өсуінің қолайлы әсерінен және бағаның өсуінен қауіптенген халық тауарларды көптеп сатып ала бастайды. Сұраныстың артуын пайдаланып және қосымша жалақылық шығындары салдарынан өндірушілер өз өнімдеріне бағаларды көтереді.
Инфляцияны қалыптасуы, өтуі, анықталуы, қарқыны және т.б. себептерімен байланысты келесі түрде жіктейді:
Бағаның еркіндігі дәрежесі бойынша:
-
ашық инфляция – еркін (бақылау орнатылмаған) бағаның деңгейінің көтерілуі үрдісі;
-
қысымға түскен – үкіметтің баға мен табысты уақытша тұрақтандыру мақсатында, бағаға бақылау орнатуы кезіндегі инфляция;
Инфляцияның өту қарқыны бойынша:
-
сырғымалы – инфляцияның қарқыны жылына 10 %-ға дейін (π < 10 );
-
өршімелі – жылына 10 %-дан 200 %-ға дейін(10 ≤ π < 200 );
-
гиперинфляция – жылына 200%-дан артық (π ≥ 200).
* елдегі шетел валютасына сұраныстың төмендеуі ұлттық валютаның бекітілген айырбас бағамының төмен белгіленгенін білдіреді. Мұндай жағдайда, елдің экспорттан алатын пайдасы төмендейді және импорты артады. Бұл ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін төмендетеді. Сондықтан, Ұлттық банк ұлттық валютаның бекітілген айырбас бағамын көтереді және бұл шара ұлттық валютаны ревальвациялау деп аталады.
Инфляцияның пайда болу тегіне байланысты:
-
сұраныс инфляциясы – артық жиынтық сұраныс салдарынан пайда болған инфляция;
-
ұсыныс инфляциясы – жеткіліксіз жиынтық ұсыныс салдарынан пайда болған инфляция
Инфляцияның байқалуы дәрежесіне байланысты:
-
болжанған инфляция – экономикалық агенттердің алдын-ала болжаған деңгейінде (күтіп отырған қарқынмен) өтетін инфляция;
-
болжанбаған инфляция – экономикалық агенттер күтпеген қарқынмен өтетін инфляция.
Бағаның өсу қарқынына экономиканың қаншалықты нәтижелі бейімделуіне байланысты:
-
балансталған инфляция – басқа да макроэкономикалық көрсеткіштердің бірқалыпты өзгеруіне сәйкес бағаның бірқалыпты өсуі;
-
балансталмаған инфляция – бұл кезде экономика өзгеріп жатқан жағдайларға уақтылы бейімделе алмайды.
Инфляцияның таралу ауқымына қарай:
-
ұлттық;
-
әлемдік және т.б..
Енді, шығу тегіне байланысты сұраныс және ұсыныс (шығындар) инфляцияларына нақтырақ тоқталайық:
1 Сұраныс инфляциясы – бұл ұлттық экономиканың әлуетті деңгейіне жуық шамада, артық жиынтық сұраныс салдарынан нақты ЖІӨ-нің тұрақты көлеміне баға деңгейінің көтерілуі. Ұлттық экономика өзінің әлуетіне жақындаған және жеткен кезде артық жиынтық сұранысқа толық жауап қата алмайды. Өйткені, экономикадағы барлық ресурстар қолданыста болған кезде ұлттық өндірістің нақты көлемі одан әрі ұлғая алмайды. Мұндай жағдай, қалыптасқан артық жиынтық сұраныстың тұрақты нақты өнім көлеміне бағаның жоғарлауы мәселесін, яғни сұраныс инфляциясын туындатады.
Сурет-5 – Сұраныс инфляциясы
Бұл жағдай сызбалық түрде Сурет-5-те бейнеленген. Ұлттық өндіріс өзінің әлуетіне (Ү*) жақындаған кезде жиынтық сұраныстың артуы (АD1-ден AD2-ге) өндіріс көлемінің өсуіне (Ү1-ден Ү2-ге) ықпал етуімен қатар, баға деңгейінің де көтерілуіне (Рд1-ден Рд2-ге) алып келеді. Ал, экономикалық әлуетке қол жеткен кезде жиынтық сұраныстың артуы (АD3-тен AD4-ке) өндіріс көлеміне (Ү*-не) ықпал ете алмағанымен, баға деңгейінің көтерілуін (Рд3-тен Рд4-ке) болдырады.
2 Шығындар инфляциясы немесе ұсыныс инфляциясы – бұл орташа шығындардың өсуі немесе жиынтық ұсыныстың азаюы салдарынан туындайтын баға деңгейінің көтерілу үрдісі. Орташа шығындардың өсуі тұрақты жиынтық өнім көлеміне жалпы шығындарды ұлғайтады. Орташа шығындардың өсуінің негізгі себептері:
-
атаулы еңбек ақының еңбек өнімділігінің өсуіне теңгерімсіз өсуі;
-
шикізаттарға бағалардың көтерілуі;
-
Салықтың артуы және т.с.с.
Орташа шығындардың өсуі фирма пайдасын азайтады, ол өз кезегінде фирманың өндіріс көлемінің қысқаруына алып келеді. Нәтижесінде, берілген баға деңгейінде жиынтық ұсыныс азаяды. Жиынтық сұраныстың өзгеріссіз көлемінде (Сурет-6-те АD) жиынтық ұсыныстың қысқаруы (АS1-ден АS2-ге) баға деңгейін көтереді (Рд1-ден Рд2-ге), яғни инфляция қарқынын үдетеді.
Сурет-6 – Ұсыныс немесе шығындар инфляциясы
Егер, инфляция атаулы еңбек ақының теңгерімсіз өсуі, шикізаттарға бағалардың көтерілуі, салықтың артуы және т.б. себептермен байланысты орташа шығындардың өсуі салдарынан туындаса, мұндай инфляцияны шығындар инфляциясы деп атайды. Шығындар инфляциясы белгілі бір дәрежеде өзін-өзі шектеуші сипатта болады. Нақтырақ айтсақ, орташа шығындардың өсуі салдарынан өндіріс көлемінің қысқаруы, өндірістің қосымша шығындарының өсуін тежейді. Өйткені, жұмыссыздықтың көбеюі кезінде атаулы еңбек ақының мөлшері азаяды, сәйкесінше фирманың жалақылық шығындары қысқарады. Шығындардың қысқаруы және үй шаруашылығының табыстарының азаюы инфляцияның өсуін тежейді.
Сұраныс инфляциясы мен ұсыныс инфляциясының үйлесуі инфляция шиыршығын (спираль) туындатады. Яғни, жиынтық сұраныстың өсуі мен жиынтық ұсыныстық қысқаруының қатар өтуі жағдайында баға деңгейінің көтерілуі, гиперинфляцияны туындатады. Мысалы, экономиканың толық жұмысбастылыққа жуық сатысында, ақша ұсынысының ұлғаюы нәтижесінде жиынтық сұраныстың өсуі (АD1-ден АD2-ге) өндіріс көлемінің ұлғаюына (Ү1-ден Ү2-ге) ықпал етумен қатар, баға деңгейінің де көтерілуін (Рд1-ден Рд2-ге) туындатады (Сурет-7). Өндірістің ұлғаюымен байланысты ресурстарға
Рд2
Сурет-7 – Инфляциялық шиыршық
сұраныстың артуы және ресурстардың толық дерлік жұмысбастылығы, уақыт өте келе олардың бағаларын өсіреді. Өндіріс шығындарының бұлай ұлғаюы жиынтық ұсынысты (AS1-ден AS2-ге) азайта отырып баға деңгейінің Рд2-ден Рд3-ке көтереді. Нәтижесінде, ұсыныс инфляциясы туындайды. Егер, мұндай жағдай одан әрі жалғасар болса инфляция қарқыны үдей түседі де, инфляциялық шиыршық орын алады.
Енді, инфляцияның табыстардың бөлінуіндегі рөліне тоқталар болсақ, мұндай әсерлер екі жақты болуы мүмкін. Мысалы, тұлға біреуден бір жылға 5%-бен 100 мың теңге қарыз алу арқылы, қандай да бір тауар сатып алды делік. Осы жылы 10 %-дық инфляция болса жыл соңында ол 105 мың теңге етіп қарызын қайтару тиіс. Сонымен қатар, жыл соңында қарыз алушының сатып алған тауарының бағасы 110 теңге болады (инфляция салдарынан). Сонда, қарыз алушы жыл соңында 5 мың теңге ұтыс алады (110 – 105 = 5 теңге). Ал, қарыз беруші 5 мың теңге пайда тапқанымен, инфляция салдарынан 10 мың теңге зиян шегеді. Нәтижесінде, ол қаражатының 5 мың теңгесін жоғалтады. Бұл мысалдан, инфляция кезінде бұған дейін қарыз бергендер көбірек, ал қарыз алушылар әлде қайда аз зиян шегетінін немесе тіптен пайда табуы да мүмкін екенін байқаймыз. Яғни, инфляция табыстардың бөлінуіне түрлі әсер етеді екен. Ақшалай немесе атаулы табыс – бұл адамдардың еңбек ақы, рента, пайыз немесе пайда түрінде қолына алатын ақша мөлшері. Ал, нақты табыс атаулы табысқа сатып алуға болатын тауарлар мен қызметтердің мөлшерімен анықталады. Егер, атаулы табыс баға деңгейінің өсуіне (инфляция қарқынына) қарағанда жоғары қарқынмен өссе, онда нақты табыс артады. Ал, керісінше инфляция қарқыны атаулы табыстың өсу қарқынына қарағанда шапшаң өссе нақты табыс азаяды. Бұл жағдайды жуықтап келесі түрде бейнелеуге болады:
ΔRн = ΔRа – π (11)
Мұндағы, ΔRн – нақты табыстың өзгерісі, %;
ΔRн – атаулы табыстың өзгерісі, %;
π – инфляция қарқыны, %;
Мысалы, атаулы табыстың 5 %-ға көтерілуі 10%-дық инфляция кезінде нақты табыстың 5 %-ға азаюын алып келеді. Егер, Rн / Rа > 1 болса, табыс иесінің өмір сүру деңгейі артады, ал керісінше Rн / Rа < 1 болса төмендейді. Мұндағы, Rн – нақты табыс, Rн – атаулы табыс.
Табыстардың бөлінуіне инфляция өзінің байқалу дәрежесіне байланысты әртүрлі әсер етеді. Болжанған инфляция жағдайында табыс иесі инфляцияның жағымсыз салдарының алдын-алу немесе азайту үшін шаралар қолданады. Олай істемеген жағдайда, оның нақты табысының шамасына кері әсер болады. Яғни, нақты табыстың шамасы инфляция шамасына қысқарады.
Ұлттық табыстың атаулы мөлшеріне инфляция салдарынан арылту үшін түзетулер Фишер теңдігінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін. Фишер теңдігі келесі түрде бейнеленеді:
i = r + πе (12)
Мұндағы, r – нақты пайыздық мөлшерлеме, %;
i – атаулы пайыздық мөлшерлеме, %;
πе – күтілетін инфляция деңгейі, %;
Инфляция қарқыны 10%-дан көп болған жағдайда Фишер теңдігі келесі түрде болады:
i – πе
r = ——— (13)
1 + πе
Болжанбаған инфляция атаулы табысы орташа баға деңгейінен тез өсетін экономикалық агенттердің табысынан басқа барлық түрдегі тұрақты табыстарды қысқартады. Болжанбаған инфляция кезінде қарыз алушы қарыз беруші есебінен ұтымды жағдайда болады. Өйткені, қарыз алушы өз қарызын құнсызданған ақшамен қайтарады. Мысалы, үкімет мемлекеттік қарыз көптеп жинақталып қалған кезде қысқа мерзімдік инфляцияны белсендіру саясатын жүргізу арқылы өз қарызын салыстырмалы түрде құнсыздандырады.
Инфляцияның экономикалық-әлеуметтік зардаптары оған шалдыққан елдердің үкіметін инфляцияға қарсы бағытталған белгілі бір экономикалық саясат жүргізуге мәжбүрлейді. Бірақ, жүргізілетін саясаттар әр елдің ерекшеліктеріне байланысты болады. Инфляцияға қарсы саясаттың негізінен екі бағыты бар. Олар:
-
кейнсиандық инфляцияға қарсы саясат;
-
монетаристтік инфляцияға қарсы саясат.
Бірінші бағыт бюджеттік-салықтық (фискальдық) саясатты жақтайды. Мұндай жағдайда үкімет мемлекеттік шығыстар мен кірістерді (салықтарды) икемді пайдалану арқылы төлем қабілетті сұранысқа ықпал жасайды. Сұраныс инфляциясы кезінде үкімет өз шығыстарын қысқартып, салықтар шамасын арттырады. Нәтижесінде, сұраныс қысқарады және инфляция қарқыны бәсеңдейді. Алайда, мұнымен қатар өндіріс көлемі қысқарып, жұмыссыздық өседі, экономикада күйзеліс белгілері байқалады. Бұл инфляцияны тежеудің қоғамдық құны.
Экономиканың құлдырау кезінде сұранысты ұлғайту үшін арнайы бюджеттік-салықтық саясат жүргізіледі. Егер, сұраныс жеткіліксіз болса, мемлекеттік қаржыландыру бағдарламалары жүзеге асырыла бастайды және салықтар деңгейі төмендетіледі. Төмен деңгейлі салықтар ең алдымен табысы аз топтарға салынады, әдетте олар табыстарын жедел пайдаланады. Сөйтіп, тауарлар мен қызметтерге сұраныс ұлғаяды. Бюджет қаржылары арқылы ынталандыру сұранысты арттырғанымен, бюджеттің тапшылығын арттырады. Бюджет тапшылығының ұлғаюы үкіметтің салықтар арқылы маневр жасау мүмкіндіктерін тарылта түседі.
Екінші бағыт экономикада пайда болған инфляциялық ақауларды ақша-несие (монетарлық) саясат арқылы реттеуді ұсынады. Реттеудің бұл түрі үкіметтің тікелей бақылауынан тыс, Ұлттық банкпен дербес жүргізіледі. Ол айналымдағы ақша массасын және несие пайызының мөлшерлемесін өзгерту шаралары арқылы жүзеге асырылады. Экономикаға қысқа мерзімдік кезеңінде ықпал жасау құралы ретінде ақша-несие саясаты, дәлірек айтқанда артық, төлем қабілеті бар сұранысты тежеу үшін ақша және пайыз мөлшерлемесі саяси құралдары қолданылады.
Антиинфляциялық саясатты шартты түрде 2 типке бөлуге болады:
-
инфляцияға ыңғайласу;
-
инфляциямен күресу.
Инфляцияға ыңғайласу жағдайында табысты индекстеу шаралары жүргізіледі, бірақ бұл шара өте шектеулі болады. Өйткені, өте жоғары индекстеу (100%-ға жуық) «жалақы-баға» инфляциялық шиыршығын тудыруы мүмкін.
Инфляцияға қарсы күресу шараларының ішінен «естен тандыру терапиясын» ерекше атауға болады (Ресей 1992-жылы). Қымбат несиелер арқылы әлсіз фирмалардың жұмысын тоқтату, әлеуметтік топтардың табыс айырмашылығының күрт өсуі, өндірістің қысқаруы, жұмыссыздықтың өсу нәтижесінде инфляцияны тоқтату.
4 Жұмыссыздық пен инфляцияның арабайланысы
1958-жылы ағылшын экономисті Олбан Филлипс Ұлыбританиядағы жүз жылға жуық мерзім ішіндегі (1861-1957 жылдар аралығындағы) жұмыссыздық деңгейі мен еңбек ақы мөлшерлемесі арасындағы өзара байланысты зерттей отырып, еңбек ақы деңгейі тұрақты болып келетін жұмыссыздықтың белгілі бір деңгейін (5-7%) анықтайды. Ол жұмыссыздық деңгейі бұл деңгейден төмен болса, еңбек ақының тез өсетінін, ал кері жағдайда, яғни жұмыссыздық деңгейі «табиғи» деңгейден жоғары болса, еңбек ақының өсу қарқынының төмендейтінін айқындайды. Бұл байланыс келесі түрде өрнектелді:
(wt – wt-1)
———— = const – b × U (14)
wt-1
Мұндағы, wt – t-інші кезеңдегі атаулы еңбек ақы, ш.а.б.;
wt-1 – (t-1)-інші кезеңдегі атаулы еңбек ақы, ш.а.б.;
b – жұмыссыздық деңгейінің өзгеруіне атаулы еңбек
ақының бейімін сипаттайтын шама;
U – жұмыссыздықтың іс жүзіндегі деңгейі, %.
Кейіннен Филлипс концепциясы әрі қарай П. Самуэльсон, Р. Солоу; М. Фридмен; Э. Фелпстердің толықтыруларымен өзгертілді. Дәлірек айтқанда, атаулы еңбек ақының өсу қарқыны инфляция көрсеткішімен және инфляциялық күтіліс гипотезасымен толықтырылды. Нәтижесінде, инфляция қарқыны мен жұмыссыздық деңгейі арасындағы байланыс қысқа мерзімді Филлипс теңдеуімен келесі түрде бейнеленді:
Wt+1 = πе – b × (Ut - Un) (15)
π = πе – b × (Ut - Un) + ε (16)
Мұндағы, Wt+1 – алдағы кезеңдегі нақты еңбек ақының өсімі, %;
πе – алдағы кезеңнен күтілетін баға деңгейінің (инфляцияның) өсу қарқыны, %;
b – нақты еңбек ақы (инфляция) деңгейінің жұмыссыздықтың нақты деңгейінің өзгеруіне бейімін сипаттайтын шама;
Ut – ағымдағы жұмыссыздық деңгейі, %;
Un – жұмыссыздықтың табиғи деңгейі (NAIRU – Non-Accelerating-Inflation Rate of Unemployment), %;
π – ағымдағы инфляция деңгейі, %;
ε – жиынтық ұсыныстың талдырмасы (шогы) коэффиценті.
Инфляция мен жұмыссыздық деңгейі арасындағы байланыс қысқа мерзімді Филлипс қисығы (Phillips curve) көмегімен бейнеленеді (Сурет-8).
Сурет-8 – Қысқа мерзімді кезеңдегі Филлипс қисығы
Филлипс қисығы ҚМК-де инфляция мен жұмыссыздықтың кері тәуелділігін көрсетеді: егер, π1 инфляция қарқыны кезінде жұмыссыздық деңгейі U1 болса, инфляцияның π2 деңгейіне төмендеуі жұмыссыздықтың U2-ге өсуімен қатар жүреді. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі (Un) кезінде инфляция қарқыны өзгеріссіз қалады, яғни π = 0. Ал, жұмыссыздық деңгейі өзінің табиғи деңгейінен неғұрлым үлкен болған сайын (U > Un), инфляция деңгейі соғұрлым өте жоғары қарқынмен өседі.
Сурет-9 – Стагфляция
Экономикалық құлдырау кей кездерде инфляция мен жұмыссыздық арасындағы кері байланысты, Филлипс қағидасын жоққа шығарады. Мұндай жағдайда стагфляция деп аталады. Яғни, стагфляция – бұл инфляцияның өсуімен қатар жұмыссыздық деңгейінің де ұлғаюы үрдісі. Стагфляция кезінде қысқа мерзімді Филлипс қисығы оң жаққа қарай ығысу (Ph1 » Ph1 » Ph1) арқылы бейнеленеді (Сурет-9).
ҚМК-де фирмаларға әлде қайда көп жұмысшылар жалдау тиімді болатындай етіп, нақты жалақыны инфляция көмегімен төмендету арқылы жұмыссыздық деңгейін жұмыссыздықтың табиғи деңгейінен төмен түсіруге болады. Қысқа мерзімде уақыт аралығында жұмысшылардың бағалық күтілісі инфляцияға нақты еңбек ақыны төмендетуге мүмкіндік бере отырып, инфляцияның нақты қарқыннан қалыс қалып отыруы әбден мүмкін. Алайда, ҰМК-де бұлай болмайды. Өйткені, белгілі бір сәттен бастап жұмысшылар бағалардың олар күткеннен әлде қайда жылдам қарқынмен өскенін түсінеді. Бұл кезде жұмысшылардың талап ету нәтижесінде жалақы өседі. Тұрақты өндіріс көлеміне шығындары өскен фирмалар жұмысшыларының санын қысқартады. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі өзінің табиғи деңгейіне жоғары инфляциялық қарқынмен қайтып оралады (Сурет-10).
Сурет-10 – Ұзақ мерзімді кезеңдегі Филлипс қисығы
Бұдан байқағанымыздай, ұзақ мерзімді кезеңдегі инфляцияның өсу қарқыны жұмыссыздық деңгейіне тәуелді емес, яғни ҰМК-дегі Филлипс қисығы (LrPh) жұмыссыздықтың табиғи деңгейіндегі (Un) тік сызық болады.
Қорыта айтқанда, ҚМК-де инфляция мен жұмыссыздық қарсы бағытта өрбісе, ҰМК-де инфляцияның өсуінен жұмыссыздықтың азаюы әркез өзінің табиғи деңгейіне қайтып орала береді.
ТАҚЫРЫПТЫҚ ЕСЕПТЕР
Есеп 1
Ел халқының саны 15 миллион.Оның ішінде:
-
ер адамдар – 7,2 миллион;
-
кәмелетке толмағандары – 1,8 миллион;
-
жұмыс табудан үмітсіздер – 0,7 миллион;
-
зейнеткерлер – 1,9 миллион және олардың 0,8 миллионы жұмыс істейді;
-
16 жастан асқан оқушылар мен күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер – 0,8 миллион және кешкі жұмыстармен студенттердің 0,1 миллионы қамтылған;
-
бас бостандығынан айырылғандар – 0,2 миллион;
-
жұмыс іздеп жүрген еңбекке жарамдылар жұмыс күшінің 8 %-ын құрайды;
-
экономикалық циклдің өрлеу сатысында ұлттық өндірістің технологиялық ілгерлеушілігімен байланысты жұмыстан шығып қалғандар 0,05 миллион адам.
Келесі сұрақтарға жауап беріңіз:
А) елдегі жұмыс күшінің шамасы қанша және ел халқының құрамындағы олардың үлесі қандай?
Ә) егер, әйел адамдардың 45 %-ы жұмысқа жарамсыздар санатында болса, жұмыс күшінің құрамындағы олардың саны қанша?
Б) елдегі жұмыссыздық деңгейі қандай?
Г) жұмыссыздықтың табиғи деңгейі 5 % болса, ұлттық экономикадағы өндірілмеген өнім көлемі неше пайыз?
Ғ) егер, жұмыссыздықтың жылдық азаю қарқыны 5% болса, неше жылдан кейін елде толық жұмысбастылық жағдайы орын алады?
Есеп 2
Ағымдағы жылда жұмыссыздықтың табиғи деңгейі 6 %, ал іс жүзіндегі деңгейі 9 % болса:
А) ЖІӨ-нің циклдік жұмыссыздыққа сезімталдығы коэффиценті 2,5 тең алып, ЖІӨ-нің іс жүзіндегі көлемінің әлуетті деңгейінен ауытқуын анықтаңыз;
Ә) аталмыш жылда ЖІӨ-нің іс жүзіндегі көлемі 1,2 триллион теңде болса, циклдік жұмыссыздықпен байланысты туындаған ұлттық өндірістің үлес салмағын анықтаңыз.
Есеп 3
Елдегі жұмыссыздықтың табиғи деңгейі 6 %-ға, ЖІӨ-нің әлуетті көлемі 100 млрд. долларға және ЖІӨ-нің жоғалтылған көлемі әлуетті ЖІӨ-нің 2 %-на тең. Егер, Оукен коэффиценті 2,5 болса, елдегі жұмыссыздық деңгейі қандай?
Есеп 4
Кесте-3-те бірінші және бесінші жылдардағы еңбек ресурстары және жұмысбастылық деңгейі туралы мәліметтер берілген.
Кесте-3 – Жұмыс күшінің көрсеткіштері
Көрсеткіштер
|
Бірінші жыл
|
Бесінші жыл
|
Жұмыс күші, мың адам
|
82 500
|
95 300
|
Жұмысбастылар, мың адам
|
80 700
|
87 000
|
Достарыңызбен бөлісу: |