Еуразиялық мәдени тип. Бұл типті негіздеуден бұрын, қазіргі кезде өтімді бір теория - С. Хантингтонның «Өркениеттер жанжалы» ілімінің бір қырын қарастырып өтейік. Бұл ілім бойынша әртүрлі суперөркениеттердің шекаралық аймағы тұрақсыздық пен жанжалдардың (конфликтердің) ықтимал ошақтары болып табылады. Ал Қазақстан өзінің геомәдени кеңістігі бойынша конфуцийлік және православиедік өркениеттердің ортасында орналасқан. Алайда ТМД-ның кейбір мемлкеттерімен салыстырғанда, Қазақстанда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен келісушіліктің мығым екендігі белгілі.
Мұны көптеген факторлармен түсіндіруге болады. Олардың арасында мәдени фактордың да алатын орны ерекше. Біздің пікірімізше, қазіргі Қазақстан Республикасының ішкі жағдайын анықтайтын маңызды және аумақты мәдени топқа еуразиялық менталитет; өкілдері жатады.
Қазақстандағы Ресей ықпалы тек республикадағы үлкен славяндық топтың барлығымен (соңғы деректер бойынша республика халқының санының – 40-42%) ғана емес, қазақ халқының ұзақ жылдар бойы Ресейдің қол астында болуына қатысты. Отаршылдықтың қазақ мәдениетіне тигізген теріс әсерлері жөнінде осыған дейін жеткілікті айттық. Алайда, бірнеше ғасырлар бойы бірге өмір сүрудің нәтижесінде қазақ халқының мәдени құрылымында біраз өзгерістер болды. Бұл процесс ең алдымен тілді қамтыды және орыс тілді қазақтар (ұйғырлар, өзбектер, татарлар т.б.) мәселесін тудырды. Белгілі елтанушы ғалым М. Тәтімовтың деректеріне сүйенсек, 1992 жылы қазақтардың 25%, яғни төрттен бірі өз ана тілінде үй-ішінде сөйлесуден қалған. Жеке қалаларда бұл процент тым жоғары: Алматыда - 85%, Қостанайда - 75%, Қарағандыда - 80%; салыстыру үшін басқа тенденцияны да алайық: орыс тілді қазақтар халықтың Қызылорда облысында - 3,5%, Атырауда - 4%, Жамбылда - 6,5%, Семейде - 12,5% құрастырады. Осы деректерді келтіре отырып, М. Тәтімов өз ойын былай түйіндейді:
«Тұжырымдап айтар болсақ, қазақтар арасында шешуші де-мографиялық фактор - тілдік ортаның тікелей ықпалымен өз ана тілін жоғалту енді ғана тоқталып, өз ана тіліне оралу үрдісі жаңа ғана күш ала бастады. Демографиялық ахуалымыздың жақсаруы оған тегеурінді ықпал көрсеткенімен, бұл үрдісті тағы да жылдамдату үшін өмірдің әр саласында (мысалы, бала тууды өсіруден бастап, оларды үйде тәрбиелеуден, мектепте оқытудан, еңбекке баулудан едіміздің мемлекеттік тілін әр салада ресми түрде қолдануға дейін) оған пәрменді жәрдем көрсету қажет, Былайша айтқанда белсенді тіл саясатын демографиялық шешуші, өзімізге тиімді өзгерістермен ұштастырғанда ғана ол жемісті болмақ, яғни екінші сөзбен айтқанда, ананың тілін атаның күшімен (демографиямызбен) құлпырта аламыз». (Қазақ әлемі, 91-бет).
Әрине, демографиялық және тілдік факторлардың этномәдениетке тигізетін әсері мол. Алайда, тілден айырылдың деп бұл үлкен топты ұлттық мәдениет аймағынан шығарып тастаған да дұрыс емес. Мысалы, шотландтар мен ирландтар ағылшын тілінде сейлегенімен ұлттық менталитетінен айырылған жоқ. Осы сияқты республикадағы орыстілді қазақтардың және басқа да мұсылман халықтарының бірталайы ұлттық салт-дәстүр мен діни - мәдениет әрісінен алыстап кеткен жоқ. Және мәселе сан-мөлшер мен үлес туралы болып отырған жоқ.
Қазақ халқының XX ғасырдың басындағы мәдени жүйесінде үш бөліктің бар екендігіне көз жеткізуге болады. Оларға төлтума дәстүрлі мәдениет, отаршыл мәдениет және батыстық әсер жатады. Еуразиялық мәдени тип дәстүрлі мәдениетті батыстық өркениет жетістіктерімен ұштастыра білген. Арнаулы зерттеулер қазақтардың мәдени диалогқа икемді екендігін көрсетеді. Бұл туралы Абай да жеткілікті айтқан. Тек «дәстүрлі адам» прогрестің антиподы, ал «модернделген тұлғаны» антиподтың антиподы деп қарастырған жасандылық. Осы мәселе төңірегінде Елбасының мына бір орынды ойын келтірейік: «Біз өзіміздің мәдени тамырларымыздан едәуір ажырап қалдық. Оңың есесіне өзге өркениеттер әсеріне көбірек ұшырадық. Бұл жақсы ма, жаман ба - өз алдына мәселе». (Ғасырлар тоғысында. Алматы, 1996, 264-бет).
Әлемдік тарихтан да бірнеше осыған ұқсас жағдайларды келтіруге болады. Бодандық халға түскен еврейлердің алдында екі жол тұрды: бірі беріспейтін зилоттық тактиканы (А. Тойн-би, Тарихты игеру) жүзеге асыру, антикалық Рим мәдениетін түгелдей бекерге шығару. Екіншісі жауды оның құралымен үру, оның әрбір жүрісін алдын ала аңғарып, қарсы құралды дайындап қоюмен байланысты. Бұл тактика еврей мәдениетіне стратегиялық жеңіс әкелді. Оған қазіргі еврей мәдениеті куә.
Осыған ұқсас құбылыстарды Ресей, Жапония мен Қытайдың батыстық мәдени экспанциясьша қалай жауап бергенінен де байқай аламыз. Батыспен кездесердің алдында бұл үш ел технологиялық жағынан одан көп төмен еді. Бірінші Петрдің реформаларынан кейін Ресейдің батыс еуропалық мәдениетке жақындағаны белгілі. Бұл істегі 1 Петрдің қарсыластарын - «ескі сенімдегілер» мен славянофильдерді зилоттық архаизмнің Ресейдегі көріністері деп бағалауға болады.
Жапония мен Қытай батыстық қысымға сәл өзгеше жауап берді. Өздерінің материалдық мәдениет деңгейін батыстық озық үлгілерді қабылдау арқылы көтергеннен соң, Жапония мен Қытай еуропалық рухани экспанцияның алдына тосқауыл қойды. Бұл, әсіресе, Қытайға қарағанда Жапонияда дәйекті жүргізілді және осының нәтижесінде ол әлемдегі озық бір мәдениеттің иесіне айналды. Көріп отырғанымыздай, еуропалық экспанцияға әр түрлі жауап беруге болады. Қаншама орны толмайтын құрбандықтарына қарамай, қазақ халқы тарихтың бұл сынынан абыроймен шықты деп есептеуге болады. Бұл жерде қазақ мәдениетіндегі еуроазиялык субтитің рөлін кеміту дұрыс емес.
Еуразиялық мәдрни тип, Гегельдің тілімен айтқанда, «айырылған санаға» жатады, ол Батыс пен Шығыстың арасында ауытқып жүреді. Бұл дәстүрдің ескі үлгісін Ұлы Жібек жолы мәдениетінен де көруге болады. Бірақ еуразиялық мәдениетті тек Батыс пен Шығыстың ортасындағы буферлік аймақ ретінде қарастыру да сыңар жақтылықтың бір түрі. Өйткені, бұл жерде біз адамзат тарихындағы екі суперөркениеттің жай қарым-қатынасын емес, олардың тұтастану үлгісінің (модедінің) қалыптасуының куәсі болып отырмыз. Азияның кіндігінде адамзат мәдениеті үшін маңызды оқиға жүзеге асты.
Орта ғасырларда эллинистік, арабтық, парсылық, түріктік мәдениеттердің тоғысуынан бір Ренессанстың өріс алуып байқасақ, XXI ғасырда Орталық Азияда жаңа өрлеудің басталатыны күмәнсіз. Тек бұл үшін халықтың қажымас қайраты, елдің бірлігі, дәстүр мен заман тұтастыты қажет.
Еуразиялық мәдени типтің менталитетін айқындау үшін шығыстық, батыстық және қазақи дүниетанымдар мен дүниедік қатынастардың ерекшеліктерін кестедік тәсілмен келтіріп көрейік.
Достарыңызбен бөлісу: |