ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУДА ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНІҢ МАҢЫЗЫ
Төлегенова Ғазиза Әбдіқұлқызы,
Түркістан облысы, ауданы Қ. Бектаев атындағы жббм,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субьектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзіреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр. Осыған орай алған білімдері негізінде әрекет етуге қабілеттілік пен даярлықты білдіретін қалыптасқан құзыреттіліктерді анықтауда халықаралық зерттеу тапсырмаларының маңызы зор.
Оқушылардың білім жетістіктерін зерттеу негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асады: «математикалық сауаттылық», «жаратылыстану сауаттылығы» және «оқу сауаттылығы».
«Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.
Функционалдық сауаттылық тұжырымдамасына негізделген анағұрлым танымал халықаралық бағалау зерттемелерінің бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) қолдауымен өткізілетін 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (Programmer for International Student Assessment – РІSА) болып табылады. РІSА 15 жастағы жасөспірімдердің мектепте алған білімдерін, іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалайды.
РІSА зерттеулері қазіргі уақытта әлемде мектептік білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалаудың әмбебап құралы ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында алынған деректер тұтастай оқытудың мазмұны мен әдістері ретінде, сондай-ақ контексті факторлардың (басқару моделі, оқыту тілі, отбасының және т.б әлеуметтік мәртебесі) мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту деңгейіне әсері ретінде білім беру жүйесін дамыту стратегиясын анықтауға негіз болады.
Ғылым тілімен айтсақ, функционалдық сауаттылықтың ерекшелігі – жылдам өзгеріп отыратын қоғамда барлығы үшін қажетті қолданбалы білімдер негізінде әртүрлі қызмет салаларында өмірлік мәселелерді шеше алуымен сипатталатыны. Яғни, функционалдық сауаттылық «адамның өмірдің және іс- әрекеттің түрлі саласында қолданбалы білім негізінде қалыпты тіршілік міндеттерін шешу қабілеті» деген мағынада ұғынылады
Сауаттылық ұғымы оны білім берудің әрекеттік аспектісімен бірлікте алғанда ғана мағынасы кеңейе түсіп, функционалдық сауаттылыққа ұласады. Олай болса, функционалдық сауаттылық дегеніміз – тұлғаның пәндік білім, білік, дағдыларын әлеуметтік-қоғамдық ортада кез келген жағдаятқа сәйкес еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі болып табылады.
Оқу сауаттылығы – жазба мәтіндерді түсіну, өз мақсатына жету үшін оның мазмұнын қолдану, қоғам өміріне белсенді қатысу үшін білімі мен мүмкіншіліктерін дамыту қабілеті
Білім берудегі сауаттылық мәселесі, біріншіден, нақты бір елдегі халықтың әлеуметтік жағдайына, екіншіден, мемлекеттің экономикалық дамуына, үшіншіден, елдегі мәдени ахуалға тәуелді болатындығы айқын. Бүгінгі өркениеттің даму деңгейі білімділік пен сауаттылық ұғымдарының мазмұны мен оны түсінудің сара жолдарын іздестіруді қажет етіп отыр. Ғылыми еңбектерде сауаттылық ұғымының белгілі бір деңгейде ана тілінің грамматикалық нормаларына сай оқу, дұрыс жаза алу дағдыларын игеруі екені байқалады. Әйтсе де адамның өмір сүруіне қажетті деп танылып, меңгеруге ұсынылған бастауыш мектеп деңгейіндегі белгілі бір білім, білік пен дағдылардың жиынтығы (оқу, жазу, санау, сурет салу және т.б.) ретіндегі тілдік сауаттылық қазіргі кездегі әлеуметтік сұраным талаптарымен сәйкес келе бермейді. Сауаттылық мазмұнының нақты мазмұны дара тұлғаның дамуына қойылатын қоғамдық талаптарға байланысты құбылмалы сипатқа ие болады. Ол қарапайым оқу, жазу, санау біліктіліктерінен бастап адамның әлеуметтік үдерістерге саналы түрде қатысуына мүмкіндік беретін, қоғамдық қажеттігі айқын кешенді білімдер мен біліктерден құралатын функционалдық сауаттылықты меңгеруді де қамтиды. Яғни, «функционалдық сауаттылық» белгілі бір кезеңге сай субъектінің алған білімі мен білігі негізінде сауатты іс- әрекет ете алуы деген мағынаны білдіреді. Қоғамның дамуына байланысты сауаттылық ұғымының мәні тарихи тұрғыдан өзгергенін, тұлғаға қойылатын талаптарда оқу, жазу, санай білу қабілеттерінен гөрі белгілі бір қоғамда өмір сүруге қажетті білім мен біліктердің жиынтығын игеру, яғни функционалдық сауаттылыққа жету деген сипатта ұғынылады.
Функционалдық сауаттылық –тілдік тұлғаның әлеуметтік –қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім) өзінің мақсатына қарай еркін қолдана алу мүмкіндіктерінің қалыптасқан жүйесі.
Сұхбаттық тапсырмалар диалогтан тұрады. Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда диалогты таңдауымыздың себебі ол күнделікті өмірде қолданылатын ауызша сөйлеу тілінің ең көп тараған және тілдік қатынастың табиғи түрі. Диалогтың жағдаяттылығы, алдында және артындағы айтылған жалпы ойға байланыстылығы, алдын ала дайындықсыз іске асатын сөйлесім әрекетінің түрі екені ескерілді. Сөйлеу қызметінің барлық түрлерін меңгерген сауатты жазу және оқу дағдылары жетілген, шығармашылық қабілеттері мен тілдесімдік дағдылары дамыған, алған тілдік білімдерін ауызша және жазбаша сөйлеу әрекеттерінде қолдана білетін жеке тұлға қалыптасып, дамуына ықпал етеді.
Оқушылардың өз ана тілі – қазақ тіліне деген қызығушылығын ояту арқылы тілдің құдіретін, эстетикалық құндылығын сезіндіру арқылы қазақтың ұлттық мәдениетімен туралы білім алады. Тілдік ұғымдар арқылы оқушыларды өзін тілді иеленуші тілдік тұлға ретінде қалыптасады. Ауызекі және жазба тілде қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады. Тілдік материалдар негізінде қажетті тілдік білім, білік, (дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқу және сауатты, көркем жазу) дағдылары қалыптасып, дамиды. Алғашқы тілдік құбылыстарды танымдық нысан ретінде меңгеріп, оларды талдау, салыстыру, топтау және ажырату сауаттылықтары қалыптасады. Сонымен қоса оқулықпен, сөздіктермен, уақытты жоспарлау, жазба жұмыстарда қате табу, оқу әрекетінің нәтижесін ауызша бағалау дағдылары қалыптасады. Мәтінді дұрыс, мәнерлеп және шапшаң оқуды меңгеруі, шығарма авторының көзқарасын түсіну, мәтінді оқырман ретінде қабылдауға
тәрбиеленеді, көркем-шығармашылық қабілеттері дамиды. Сөз өнеріне деген қызығушылық, тілдік эстетикалық талғамы қалыптасады. Сөйлеу әрекетінің түрлері жетіліп, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық пен рухани- адамгершілікке тәрбиеленеді. Мәтінді оқу сапасы дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп дағдысы қалыптасады. Оқушыларының функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруда қатысымдық әдіс функционалдық сөйлеудің грамматикалық жағы мен лексикалық бірліктерді меңгертудің негізі ретінде алынды. Қатысым әдісі бойынша оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетіне баулу, тілді үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асыру, сабақты практикалық жағынан жан-жақты қамтамасыз ету ескеріледі.
Сонымен, осындай бағыттағы міндеттер жолға қойылып, нақты жұмыстар атқарылса, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік ашылады. Өйткені, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жас ұрпақтың ертеңгі күні қазіргі тез өзгермелі әлемде әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ «өмір бойы білім алуына» ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |