Оян ауылдық кітапханасы.
Жаңа заман талаптарына жауап бере отырып, ел өмірінің шындығын терең және жан-жақты бейнелеп көрсете алатынын, әдеби мұралардың да жаңа қырынан танылатынына дау жоқ. «Сталин» атындағы колхоз клубының бір бөлмесінде «Қызыл бұрыш» болатын. Алғашқы кітапханашылардың бірі Жұмағаным Бисекешқызы Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесін 1956 жылы бітіріп, кітапханашы қызметіне орналасады. Бисекешова Жұмағаным 1934 жылы 27-желтоқсанда дүниеге келген. Жұмағаным Бисекешқызы кітапханашы болған күннен бастап-ақ өз жұмысын тиянақты істей бастады. Бірте-бірте кітап қоры көбейіп, кітапханаға келушілер көбейіп, оқырмандар саны өсті. Кітапхана оқырмандары: ауыл тұрғындары, механизаторлар, мұғалімдер, мектеп оқушылары еді. Жас маман фермаларға кітап, газет-журнал апарып, олардың арасына жиі барып тұратын.
Осы жұмыстың алға басуына жұртшылықтың қосар үлесі мол болған. Атаулы күндерге байланысты стендтер, көрмелер, оқырмандар конференциялары, анкеталық сұрақ-жауап, диспуттар өткізуге оқырмандардың көмегі зор болған. Кітапханадағы жұмыстың сәтті өтуі де соларға байланысты болған. Кітапханада көрнекті ақын-жазушыларға арналған «Біздің сүйікті жазушыларымыз»,«С.Сейфуллин-революционер жазушы»,«Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық жолы», Х.Есенжановтың «Ақжайық» романы туралы, «Өмірді сүйіп өткен ақын» т.б оқырмандар конференциясы өтілді.Кітапхана жұмысын өркендете, дамыта отырып, кітапханашы кітапхананы жұмысшы мен тұрғындардың мәдени-тәрбие орнына айналуына үлкен үлес қосты. Өзі жұмыс істеген сол бір жылдарды кітапханашы еске ала отырып, былай дейтін: «1960 жылдары оқушылардың 6 конференциясында аға жазушылардың шығармашылығына арналған кеште негізгі баяндамалар мен хабарламаларды өзім жасадым. Әр кезде жазушылардың шығармаларын өзім мұқият оқып шығамын да, содан кейін жұртшылыққа ұсынамын. Оқырмандар саны жыл сайын өсіп отыруы да осындай жұмыстың нәтижесі болса керек».
Жұмағаным Бисекешқызы облыста, ауданда өтілетін семинарларда өз тәжірибесін ортаға салып, әртүрлі тақырыптарда баяндамалар жасаған. Ол өз мамандығын ұнататын, ауданымызға танымыл кітапханашылардың бірі болыпты. Кітапхана кеңесінің мүшелерін 7 адамнан кұрып, оның құрамына партия, кәсіподақ, мұғалім, оқушы, жұмысшы және кітапханашының өзі де болған. Жұмағаным Бисекешқызы өнерлі жан, ол домбыра тартып, ән салатын өнері де болған. Талай рет облыстық, аудандық сайыстарға қатысып, диплом, грамоталармен марапатталған. Бұл кітапханашының қай жұмыста болса да, іскер, ынталы болғанын көрсетеді. Жұмағаным Бисекешқызы осы жұмысты 1967 жылға дейін атқарған. 1967 жылдың жазында жолдасы Бақашев Мендеш «Крупская» атындағы совхоздың «Жайықбай» бөлімшесіне ферма меңгерушісі болып тағайындалады да, сол жерге қоныс аударады. Жұмағаным Бисекешқызы сол бөлімшеде кітапханашы болып жұмыс істейді, одан кейін бастауыш класты бітірген балаларын оқыту үшін совхоз орталығына қоныс аударады да, басқа салада жұмыс істеп 1984ж зейнеткерлікке шықты.
Оян ауылында ол кісіден кейін кітапханада: Бұлхайрова Мұқсина, Бұлхайрова Клара (қазір зейнеткерлер 1967-1970жж), Мухамбетиярова Бақыт (1970-1974жж) жұмыс істеген. 1974-1978 жылдар аралығында Ақтөбе мәдени-ағартуучилищесін бітірген маман Хайретдинова Айгүл жұмыс істеген. 1982-1985жж. жоғары білімді мұғалім Бекешова Сақыш жұмыс атқарды.
1986 жылдан күні бүгінге дейін Зайнуллина Алмаш қызмет етіп келеді.
1980-1985 жылдары Алматы қаласының Қыздар институтының кітапхана және библиография бөлімін тәмамдады. Бірнеше жылдардан кітапханашы оқырманы болып келе жатқан Инисов С., Мергенбаева Х., Шилмухамбетов Ж., Жунсаев Б., Ажбаев Л., Есполаев К., Казбекова Ш., Даулеткалиев Б сынды оқырмандарымыз кітапхананың мәдени шараларына белсене қатынасады.
1978-2000жж. «Оян» ауылында жерлес ақын-жазушыларымыз: А.Нәріков, Қадыр Мырза Әли, Ақұштап Бақтыгереева, Ұлдай Сариева, Бақытжан Момышұлы мен зайыбы Зейнеп Ахметова, «Қазақстан әйелдері» журналының редакторы Әтина Жәкетова, өнер қайраткерлері Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, «Дос-Мұқасан» ансамблі, жерлесіміз Қанатқали Қожақов т.б. қонақта болып, өз қолтаңбаларын қалдырды. 2012 жылдың 2-қарашасында «Оян» ауылында жерлес ақын –жазушы Айтқали Нәріковпен «Жайықтың қоңыр үнді қоңырауы» атты кездесу кеші өтті.
Қазіргі таңдағы кітапхана ғимараты 1980ж салынған. 2012 жылдың тамыз айынан бастап осы ғимаратқа кітапхана көшірілді.
Оян ауылдық кітапханасы- ауыл оқырмандарының сүйікті орны. Кітапханада әр оқырманның сұранысы қанағаттандырылады. Оян ауылдық кітапханасының бүгінгі таңдағы кітап қоры 14756 дана, соның ішінде қазақ тіліндегісі 10892 дана кітап. Жыл сайын 500-ден астам оқырманға кітапханалық қызмет көрсетіледі. Оян ауылдық кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі: оқу залы мен абонементтен тұрады.
Ауылдық кітапхана оқырмандар үшін тұрақты түрде 27 атаулы мерзімді баспасөз басылымдарын алады. Оның 18-і газет, 19-ы журнал. Қазіргі заман талабына сай жаңа ақпаратты технологияны енгізу бағытында кітапхана компьютермен жабдықталған. Кітапхана өз жұмысын өрістету негізінде ауыл тұрғындарын, кітапхана ісін пайдалануына, қор әдебиеттерінің кеңінен оқылуына тарту мақсатында кітап қорын жаңа мерзімді басылымдармен және әдебиеттермен толықтырылып отырады. Бұл бағытта кітапханада «Ашық есік күндері», «Мамандар күндері» өткізіліп, «Жаңа кітаптар», «Ата-аналар, Сіздер үшін», «Отбасы –шағын мемлекет», «Туған жерім- байтақ өлкем Қазақстан», «Ел қалаған таңдау», «Тәуелсіз елдің бас құжаты» атты кітап көрмелері және мәдени шаралар ұйымдастырылады.Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір.
Достарыңызбен бөлісу: |