ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ ОРТА АРНАУЛЫ БIЛIМ МИНИСТРЛIГI
Ө.Байқабылов, Д.Дуйсабаева
ҚАЗIРГI ҚАЗАҚ әдеби ТIЛI
(жоғары оқу орындарының қазақ тiлi мен әдебиетi мамандығына
арналған оқу көмекшi құрал)
Ташкент 2013
Низами атындағы Ташкент мемлекеттiк педагогика университетiнің Ғылыми кеңесi баспаға ұсынған
Пiкiр білдірушілер:
М.Сапарниёзова - филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Ш.Қудьярова - филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Оқу қолданбада қазiргi қазақ тiлiн меңгеруге қатысты мәселелер дәйектелген. Мұнда тiл бiлiмiнiң фонетика, лексикология, семасиология, фразеология, лексикография және морфология, сөзжасам, сөз таптары жүйелi түрде көрiнiс тапқан.
Әрбiр бөлiмнiң маңызын ашуда белгiлi лингвист ғалымдардың пiкiрлерi мен еңбектерiне сүйене отырып, қазақ тiлiнің лексика-грамматикалық ерекшелiктерi қысқа, түсiнiктi баяндалған.
В учебном пособии освещаются вопросы по изучению современного казахского языка. В нем получили отражения такие разделы, как фонетика, лексикология, семасиология, фразеология, лексикография и морфология.
При изложении каждого раздела используя работы знаменитых лингвистов кратко и доступно раскрываются лексико-грамматические особенности казакского лексикона.
In the very aid the questions are displayed on exploring of contemporary Kazakh language. The partitions of the language have been reflected in it. There are lexicology, semasiology, phraseology, lexicography and morphology.
On writing each partition and using the works of outstanding and distinguished linguists show the features of Kazakh vocabulary briefly and availably.
Өздігіңді тану, ұлттық сана мен түйсіктің сипаты, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс тіл арқылы көрініс табады. Ана тілі – ұлттың рухы.
И.А.Каримов
КIРIСПЕ
Әрбір мемлекеттің болашағы – жастар екені даусыз. Елдiң елдiгiн көрсетiп, мемлекеттiң мерейiн өсiретiн, халықты мұратына жеткiзiп, қажеттiлiгiн қанағаттандыратын - жан-жақты жетiлген, парасаты мен пайымы мол, асқақ рухты, туған елi мен Отанын сүйетiн ұлтжанды әрi үйлесiмдi дамыған азамат тәрбиелеу заман талабы.
Мұндай азаматты тәрбиелеуге жетудiң кепiлi – заман талабына сай, таным қажеттiлiгiн қанағаттандыратын, елiмiздiң ұлттық идеологиясы негiзiне сәйкес келетiн, жоғары сапалы әрi ыңғайлы оқу қолданбаларын жарату.
Қазiргi қазақ әдеби тiлi курсы - тiл және әдебиет мамандарын дайындау үшiн оқытылатын лингвистикалық пәндердiң негiзгi салаларынан саналады. Бұл оқу қолданба бүгiнгi күнi жалпы халық қолданып жүрген қазақ әдеби тiлiнiң лексикалық жүйесiн ғылыми теориялық негiзде танытуды мiндет етедi. Қазiргi қазақ әдеби тiлiнің әрбір саласына (оқу қолданбада үш тарауға бөліп қарастырылған) теориялық тұрғыдан тереңірек мәлімет береді. Фонетика саласы – сөз және оның дыбыстық құрамы, дыбыстардың акустикалық және артикуляциялық ерекшеліктерін, сөздің ішкі және сыртқы формаларын, буын мен тасымалдың айырмасын, қазақ тіліндегі екпіннің маңызын, графика, орфография, орфоэпия мәселелерін толық қамтиды.
Сөздiк қор мен сөздiк құрамның ерекшелiгi, олардың әрбiр адам үшiн маңызын ескере отырып, студенттерге де өз сөздiк қорларын байыту жолдары жайлы екінші тарауда, яғни лексикада мәлiмет берiледi. Сонымен қатар, лексикология саласында студенттерге қазақ тiлi лексикологиясының негiзгi стильдiк топтары, фразеологизмдердiң түрлерi, қолдану аясы, негiзгi мағынасы мен олардың маңызы, лексикографияның тiл бiлiмiндегi орны туралы мәлiметтер берiледi.
Сөзжасам жүйесі, сөздің морфемдік құрамы, морфеманың түрлері мен олардың өзіндік ерекшеліктері айқындап көрсетілген. Жалпы алғанда, үшінші тарау морфология саласына арналып, сөздерді таптар мен топтарға бөлу қағидалары мен зерттелу тарихы, сөз таптарының түрлері мен жасалу жолдары, әрбіріне тән категориялар мен мағыналық топтарына сипаттама берілген.
Бұл салада қазақ тiл бiлiмi мамандары елеулi еңбектер жасаған. Жалпы, тiл бiлiмiнiң мамандарынан К.Аханов және Ә.Хасеновтар қазақ әдеби тiлiн әрi туыс болған, әрi туыс емес тілдермен салыстыра зерттеген болса, Ә.Болғанбаев, Ғ.Мұсабаев, I.Кеңесбаев, С.Мырзабеков сияқты ғалымдар өз еңбектерiнде қазақ тiлiнiң фонетика, лексика салалары жайлы ой-пiкiрлерiн көрсетiп өткен, А.Ысқақов, С.Исаев, М.Оразов, Н.Оралбаева т.б. сөзжасам мен морфологияның қыр-сырын терең зерттеп, жоғары оқу орындарының филология факультеттерiне арнап бiрнеше оқулық, оқу-көмекшi құралдар да дайындаған.
Бұл оқу қолданба да жоғары оқу орындарының филология факультеттерiне арналған бағдарламаға сәйкес жоғарыда көрсетiлген авторлардың еңбектерiнен пайдалана отырып құрастырылған. Оқу қолданбаның оқулықтан ерекшелiгi берiлген материалдар ықшамдалған формада берiлген.
Бiрақ елiмiздегi бүгiнгi жаңалықтар мен ұлттық идеологияға сүйене отырып, кейбiр материалдарға өзгертулер енгiзуге мәжбүр болдық. Әрбiр бөлiм бойынша студент меңгеруi тиiс болған материалдар негiзiнде соңында студенттер бiлiмiн тескеру үшiн сұрақтар мен тапсырмалар берілді.
Оқу қолданбада әрбiр тақырыпты студент қай дәрежеде меңгергенiн бақылау және алған бiлiмiн пысықтау үшiн берiлген сұрақтар мен тапсырмалар студенттер мен оқытушыларға жеңiлдiк туғызары даусыз.
І БӨЛІМ
ФОНЕТИКА
Фонетиканың нысаны мен салалары
Фонетика казіргі қазақ тілі білімінің басты саласы болып табылады. Фонетика зерттейтін нысаны жағынан да, қарастыратын мәселесі жағынан да тіл білімінің басқа бөлімдерінен ерекшеленіп отырады.
Қазіргі қазақ тілінің фонетика саласы тілдің дыбыстық кұрамын және оның жүйелі зандарын тексереді. Фонетика гректің рhоnеtikоs деген сөзінен жасалған. Қазақша дыбыс мағынасын анғартады.
Тіл білімінде фонетика адам тіліндегі дыбыстық тіл объектісін зерттейді. Тіл дыбыстары әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі болып табылады. Фонетика тіл дыбыстары және дыбыс заңдарымен ғана шектеліп қоймайды. Тілдегі дыбыстарды, олардың құрамын, өзгеру зандылықтарын зерттейді.
Сондықтан да фонетиканың тіл білімінде алатын орны үлкен. Фонетика тіл дыбыстарын және оның заңдылықтарын тексеруде белгілі бір тілдік теориялық қағидаларға сүйенеді. Фонетика жалпы дыбыстардың кұрылысын, олардың жіктелу ерекшеліктерін, дауыс қатысын, дыбыстау аппараттарын, екпін, буын қасиеттерін, үндестік заңының өзіндік белгілерінің қыр-сырын үңіле зерттейді. Біз дыбыс дегенде әрбір қазақ тіліндегі дыбыстарды күрделі тұлға ретінде қарастырамыз. Сондықтан да фонетика тілдегі дыбыстарды фонемалық қасиетіне қарай сұрыптайды. Фонеманың басты объектісі фонема теориясы болып табылады.
Фонема - күрделі дыбыс деген сөз. Сонда фонема дегеніміз не? Сөз мағынасы мен сөз тұлғасын ажыратуға себі бар тілдегі ең кішкене дыбыстық единицаларды фонема деп атайды. Фонема туралы ғылымды фонология деп атайды.
Тілдегі сөздер бір-бірінен мағынасы мен дыбысталуы жағынан ажыратылады. Мысалы: Қазақ тіліндегі тас пен тес сөзін, тоз бен тез сөзін мағынасы мен тұлғасына карап ажыратуға болады. Мағына мен дыбысталудың әр басқа болуы сөздердің формаларын да морфемаларын да ажыратады. Сөйтіп, фонема сөздер мен олардың дыбыстық формаларын ажырататын әрі қарай бөлшектеуге келмейтін дыбыстық единица.
Сонымен, фонема дегеніміз де тіл дыбыстары болғанда сөздердің жігін өзгертіп, морфемалардың жігін ажырататын дыбыс болып табылады. Фонетика тілдің материалдық единицасы, мағына ажыратушылық қызметіне карап фонемаларды өзара ұқсастығы мен жақындығы жоқ екен деп қарауға болмайды. Фонетика өз алдына үлкен сала болуымен қатар, оны зерттейтін салалар мен бөлімдерге ие.
Фонетиканың зерттейтін салалары мыналар:
I. Физиологиялық фонетика. Бұл дыбыстар тіл дыбыстарының артикуляциялық және акустикалық қасиеттерін зерттейді.
Артикуляция дыбыстардың жасалуын тексереді де, акустика дыбыстардың әуенін карастырады. Артикуляция латын тілінің articulotuoz аrtkulre - дыбыс шығару, ашық айту, анық сөйлеу деген сөзінен алынған. Дыбыс шығаруды сөйлеу мүмкіншілігінің әрекеті артикуляция деп жүргізіледі.
Сөйтіп, физиологиялық фонетика дыбыстардың жасалуын және оның әуезі мен әуенін зерттейді.
2. Эксперименталдық фонетика. Физиологиялық фонетиканың объектісін түрлі инструменттер арқылы тексереді. Мұны эксперименталдық фонетика дейді.
Эксперименталдық фонетика дауысты және дауыссыз дыбыстардың артикуляциялық ерекшеліктерін лаборатория жолымен түрлі аппараттар арқылы зерттейді. Екпіннің, үндестік заңының түрін және олардың орфоэпиялық қасиеттерін түрлі лабораториялық жолмен инструменттер бойынша олардың өзіндік ерекшеліктеріне жан-жақты бақылау жасайды.
3. Салыстырмалы фонетика.
Белгілі бір тілдің дыбыс құрылыстарын өзге тілдердің дыбыс жүйесімен салыстырып зерттеуді салыстырмалы фонетика дейді.
-
Тарихи фонетика. Бір тілдің немесе алуан дыбыс
кұбылыстарының келіп шығу және даму жолдарын тексеретін саланы тарихи фонетика деп жүргізеді.
-
Сондай-ақ қазіргі қазақ тілінің фонетикасы ғылым
ретінде өзінің зерттеу объектісіне қарай жалпы фонетика
және жеке фонетика болып екі салаға бөлінеді. Жалпы фонетика тіл білімінің жеке бір саласы ретінде адамның сөйлеу аппаратының дыбыстық мүмкіндіктерін айқындайды.
Тіл дыбыстары классификациясының негізгі принциптерін белгілеп береді. Жалпы фонетика ғылымның басқа салаларымен: акустикамен, физиологиямен және психологиямен тығыз байланысты.
Академик Щербаның айтқанындай: "Жалпы фонетиканы акустика, физиологиядан да басқаша, лигнвистикалық айрықша пән ретінде бөліп қарау және оны тіл дыбыстарының, адамдардың тілдік қатынас жасау процесінде атқаратын қызметіне орай әлеуметтік ғылымдардың қатарында қарау керек" (М.В.Щерба. Тандамалы шығармалары, ЛГУ. 1958, 162-163-беттер).
Жеке фонетика белгілі бір тілдің дыбыстық құрамын, ондағы дыбыс заңдарын зерттейді. Осы зерттеу негізінде сипаттама фонетика пайда болады. Сипаттама фонетика тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстық құрамын қарастырады. Фонеманың жүйесін және олардың өзара ішкі байланысын белгілеп, айқындайды.
Адамдар арасындағы тілдік қатынас екі түрде болады: ауызша және жазбаша. Мұның алдыңғысы сөйлеу арқылы, кейінгісі жазу арқылы іске асады. Сөйлеу - іштегі ойды дыбыс арқылы сыртқа шығару, айту. Бұл адамзатпен бірге жасап келе жатқан ең көне, ең негізгі қару. Жазу - сөйлеудің қағазға түскен бейнесі. Бұл бертінде пайда болды. Мәселен, қазақ халқы ХХ ғасырдың орта тұсынан бері ғана жаппай сауатты елге айналды.
Адам баласының тілі - дыбыстық тіл. Жеке тұрғанда мән-мағынасыз көрінетін дыбыстар бірімен-бірі ұстасып, берік қиюласып сөзді жасаса, сөздерден сөз тіркесі, сөйлемдер құралатыны белгілі. Бұдан сөздердің қаңқасы да, қаны да, жаны да дыбыстар екенін, сөйлеу де, жазу да тек осы дыбыстардың арқасында ғана өмір сүретінін аңғару қиын емес.
Тілдің дыбыстық жағы - оның өмір сүру амалы. Тілдегі санаулы ғана дыбыс сөздік құрамға енетін әлденеше мың сөздің құрамында белгілі бір тәртіппен қиюласып, тіркесіп, қайталану арқылы дыбыс жүйесін, тілдің бет пішінін, болмысын айқындап, өзге тілдерден ерекшелендіреді.
Сондықтан да мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап жеке дыбыстарды айтып, олардың таңбалары - әріптерді жазып үйренеміз. Бертін келе дыбыстарды дауыстылар, дауыссыздар деп бөліп, дауыстыларды жуан-жіңішке, ашық-қысаң, еріндік-езулік деп, дауыссыздарды үнді, ұяң, қатаң деп жіктеп, олардың сөз ішінде біріне-бірі ықпал жасап, үндесіп тұратынын, дыбыстардың айтылу, жазылуындағы кейбір ерекшеліктерді, буын, екпін сияқты ұғымдарды пайымдауға тырыстық. Мұны танытатын ғылым фонетика деп аталатынын да білеміз.
Фонетика (грекше-дыбыстық) – дыбыс туралы ілім, тілдің дыбыс жүйесін зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Қазақ тіл білімінің атасы А.Байтұрсынұлы фонетиканы дыбыс жүйесі деп алған. Әзірше бұл екеуі синоним түрінде қолданылатынын ескеру керек.
Дыбыс жүйесі қарастыратын мәселелер - тіл дыбыстардың пайда болуы, олардың түрлері, іштей жіктелуі, сөз ішінде біріне-бірі ықпал етіп, үйлесіп, үндесіп, тіркесіп тұрудың тетігі, буын, екпін, сөйлеу мен жазудың арақатынасы, орфография, орфоэпия т.б.
Тіл мәдениеті сөздерді айтуда да, жазуда да бірізділіктің болуын талап етеді. Кезінде тіліміздің дыбыс жүйесі, дыбыс заңдары жете ескерілмегендіктен, қазіргі айту, жазуымызда ала-құлалық, ақтау көп. Мысалы, алдыңғы сөйлемде кездесетін қазір сөзін емлені құрметтеп, осылай жазып, айтатындармен қатар, қазыр, көбіне кәзір түрде қолдану да жарысып жүр. Олай болатыны, аралас (жуанды-жіңішкелі) буынды қазір сөзі тіліміздің үндестік заңымен үйлеспейді. Фонетиканы жете меңгергенде ғана тіліміздің дыбыстық жүйесін, дыбыстардың сырын дұрыс түсіндіріп, әлгіндей үйлесімсіздікке жол бермеуге болады.
Дыбыстардың пайда болу, өзгеру сырларын білмей тұрып, лексикалық та грамматикалық та құбылыстарға ғылыми түсінік беру, өзімізге мектептен таныс қатаңдану, ұяңдану сияқты дыбыстық өзгерістерді түсіндіру қиын. Фонетика тіліміздегі бірсыпыра сөздердің пайда болуын анықтауға, тілдердің арасындағы туыстық байланысты табуға, тілдің айту, жазу нормаларын дұрыс меңгеруге мүмкіндік береді.
Қазіргі қазақ тілінде орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген мың-мыңдаған сөздер бар. Біз оларды орыс тіліндегідей етіп айтуға, сондай-ақ жазуға тиіспіз. Мұның өзі орыс тілі фонетикасымен де етене таныс болуды талап етеді. Орыс тілінің дыбыс жүйесін, фонетикалық заңдылықтарын жақсы білгенде ғана әлгіндей сөздердің айтылуы мен жазылуын дұрыс меңгеруге, жетік білуге мүмкіндік туады. Орыс тілі оқулықтар мен оқу құралдарына бай.
Тілдің дыбыс жүйесін қазіргі және тарихи тұрғыдан қарастырған кезде туыс тілдердің фонетикасын да ескерген абзал. Мұның өзі дыбыстардың өзгеру, даму жүйесін айқындауға мүмкіндік береді. Туыс тілдердің дыбыс жүйесін салыстыра зерттеп, олардың ұқсастықтары мен кейбір белгілерін айқындау салыстырмалы фонетиканың міндетіне жатады. Туыстығы жоқ, құрылымы әр басқа тілдердің дыбыстық жүйесін салыстырып зерттеу салғастырмалы фонетиканың үлесіне тиеді.
Қазақ тілінің дыбыс жүйесі жөніндегі алғашқы мәліметті Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизкого наречия» деген еңбегінен кездестіре аламыз. Н.И.Ильминский қазақ тілі дыбыстарын екі топқа жіктеп, дауыстылардың түрін (а,ә,ы,і,о,ө,у,ұ), дауыссыздардың он тоғыз түрін (п,б,м,w;т,д,ң,ж,з,щ,с;р,л,j,қ,г,к,ғ,ң) атап өтеді (дыбыстарды өзара артикуляциялық жуықтығына қарай жіктеп көрсеткен). Н.И.Ильминский тіл алды ашық а(ә) дауыстысын дербес фонема түрінде қарамай, а дауыстысының варианты ретінде қарайды. Дауыссыз дыбыстардың құрамында дж, ч, аффрикаттары мен һ спиранты кездеспейді. Шамасы, Н.И.Ильминскийдің кітабы батыс қазақтарының тіл материалдары негізінде жазылса керек. Еңбекте кейбір дыбыстардың артикуляциясы, комбинаторлық жағынан алмасу (б-м, н-д-т, н-ң, к-г,т.б) қолдану ерекшелігі және екпін жайынан қысқаша мәлімет берілген. Одан соңғы М.Терентьев жазған «грамматикада» кейбір дыбыстардың айтылуы мен комбинаторлық түрде алмасуы (ч-ш, ш-с, м-б, л-д, к-г) сөздің екінші буынында келетін ы қысаң дауыстысының редукциясы жайында азын-аулақ мәлімет берілген.
Түркі тілдерінің фонетика мәселелерін зерттеу жайында В.В Радлов тұңғыш рет түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасын жасап онда қазақ фонетикасының едәуір мәселесін сөз етті. Түркі тілдері фонетикасының сан алуан мәселелерін лингвистиканың сол кездегі компаративистика бағыты бойынша түсіндіреді.
В.Радловтың «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты еңбегі күні бүгінге дейін өзінің ғылыми мәнін жоғалтқан емес, мұнда қазақ фонетикасының едәуір, атап айтқандай: дыбыс құрамы, сөзде дыбыстардың қолдану ерекшелігі, дыбыстардың тіркесу заңы, ол дыбыстардың әр түрлі өзгеру заңдылықтары, сингармонизм құбылысы, екпін категориясы сияқты өзекті мәселелер түркі тілінің материалдарымен салыстыра отыра әңгіме болады.
Қазақ вокализімі тоғыз дауыстыдан (а,ә,е,о,ө,у,і,и,й) консонантизм саласы жиырма дауыссыздан құралатынын атап, дауыссыздарды қатаң (q,k,t,p,s,s) ұяң (g,d,z,b,z) үнді (n,m,n,r,l,l) және аралық немесе жарты дауысты деп төрт түрлі акустика-артикуляциялық топқа жіктелген В.Радлов ұсынған мына екі мәселені мақұлдай алмаймыз: оның бірі - w,j дыбыстарын аралық дыбыстар деп сонор дыбыстардың тобына енгізбеуі, екіншісі - бүйір (латераль) л сонорының сөзде жуанды-жіңішкелі түрге айналатын варианты дербес фонема (сөз мағынасын ажырата салатын қасиеті бар) деп танылуы. Қазіргі тәжірибе фонетикасының берген мәліметіне қарағанда түркі тілдерінде оның ішінде қазақ тілінде w(у), j (й) дыбыстары акустика-артикуляциялық табиғаты бойынша сонор немесе үнді дыбыстардың тобына енеді.
Түркі тілдерінде дауыссыз дыбыстар сөздегі дауыстылардың ыңғайына қарай әр түрлі вариантта айтыла береді. Мәселен, ал, ел, ол - сөздерін алайық, мұнда л соноры дауысты дыбысқа байланысты бірде жуан (ал), бірде жіңішке (ел), бірде ерінмен (ол) айтылып тұр, олар атқаратын қызметіне қарай бір ғана фонеманы құрай алады. Фонема сөзде әлденеше фонетикалық-комбинаторлық вариантта кездесе береді. Демек, В.В Радлов л сонорының фонематикалық қасиетін теріс түсінген.
В.Радлов «Фонетикасын» сөз еткенімізде мына үш мәселелесі болуы қажет: оның бірі – екпін мәселесі, екінші мәселе – дыбыстардың дистрибуциясы: Үшіншісі – түркі тілдерінің үндестік заңы. В.Радлов көп буынды сөздерде сөз аяғына түсетін негізгі екпіннен басқа көмекші екпіндердің болатынын, көмекші екпінің фонетикалық табиғаты үнді (музыкалық екпін) екенін айтады. Сонымен қатар дыбыстардың, әсіресе дауыссыз дыбыстардың, дистрибуциялық ережелеріне едәуір көңіл аударып, дыбыс тіркестері жайында біраз мәлімет берген.
В.Радлов түркі тілдерінде сингармонизмнің екі түрі бар екенін атап (палаталды-езу, лабиалды-ерін) ерін үндестігі әлсізденіп бара жатыр деп қорытады.
П.М.Мелиоранский екі бөлімнен құралатын қазақ тілінің гармматикасын жазып, оның алғашқы бөлімін фонетика мен морфология мәселесіне арнаған болатын. Фонетика тарауында дыбыстардың артикуляциясы (жасалқы), дыбыстардың комбинаторлық түрде алмасуы, сөз шенінде қолдану жайы, үндестік заңы мен екпін мәселесі қысқаша түрде сөз болады. Дауыстылардың протеза, элизия, редукция құбылыстары жайында да азын-аулақ мәлімет берген. П.М.Мелиоранский дыбыстардың құрамына тоқтай келіп, қазақ вокализмі тоғыз дауыстыдан (а,ә,е,о,ө,ы,і.у,ұ) консонантизм саласы жиырма бір дауыссыз дыбыстан (б,п,м,т,д,н,ж,з,ш,с,р,л,к,г,ч,қ,ғ,ң,й, дж) құралатынын атап өтеді. Дауыстыларды жуан-жіңішке, ашық-қысаң деп жіктеп, графикаға қатысын да анықтайды. Қу, ту, би сөздерінде айтылатын у,и дыбыстарын естілуіне қарай созылыңқы дыбыстар деп таниды. П.М.Мелиоранский, В.Радлов айтқан пікірді қуаттай отырып л сонорының жуан-жіңішкелі түрде айтылатын вариантын дербес фонема деп түсінеді. Тіл ортасы к, г, және тіл арты қ, ғ дыбыстарын көмей дыбыстары деп олардың артикуляциялық жасалу орнын теріс көрсеткен.
Қазақ фонетика мәселелерін арнаулы жүйеге салып Қ.Жұбановтан басталған деп айтуға болады.
А.Байтұрсынұлы 1912 жылы «Айқап», «Жазу тәртібі» дейтін мақала жазып, сол тұстағы оқудың жайына тоқталады орысша, мұсылманша сауат ашуға көп уақыт кететінін, оның қиындықтарын айтады.
«Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап» оқу құралы «балалардың жанын қимайтын» болу керек дейді. Ондай оқулық жасау үшін алдымен жазу жөнделу керек, дыбыстар анықталып, «сөз ішінде қай дыбыс естілсе,сол дыбыстың әрпін жазу керек», - дейді. Оның айтуынша «Қазақ тілінде 24 дыбыс бар», «оның бесеуі дауысты , екеуі (й,у) жарты дауысты, 17 дауыссыз. Мақалада осы дыбыстарды жазу үшін өзі ойлап тапқан таңбаларды тәптіштеп түсіндіреді».
А.Байтұрсынұлы араб графикасын қазақ тіліне икемдеп, әр дыбысқа жеке таңба (әріп) берді, олардың сөздің әртүрлі деңгейінде (басында, ортасында, соңында) жазылуын аңғартатын мысалдар ұсынды, қолданудағы ерекшеліктерді ескертті. Арабта бір ғана у әрпімен бес дыбысты бейнелейді. Олар: о, ө, ұ, ү. Сондай-ақ и әріпін үш дыбысқа (ы, і, и) пайдаланды.
А.Байтұрсынұлы ұяң дауыссыздар туралы да жақсы ескерткен: з,ж, «сөздің басында да, аяғында да келеді», б, д «сөз аяғында келмейді», ғ, г «сөз басында да, аяғында да келмейді».
А.Байтұрсынұлы тілді оның жүйе-жүйесін жетік біліп қана қоймай, барынша бажайлап, байыппен баяндаған. Орыс тілін үздік біле тұрып қазіргі халықаралық деп жүрген тіл терминдерін мүлде пайдаланбай, қазақтың өз сөзімен өзінше түсіндірді. Сөйтіп қазақ тілінде тіл терминдерін жасап, қалыптастырды. Алайда сөз ішінде кездесетін қысаң дауыстыларды жазбау, сөздердің дыбыс, буын құрамын топшалап, көп қиындық келтірді. Мысалы: қи(қый), жйин(жиын), қйсқ(қыйсық), алтн(алтын), салқн(салқын), сзқ(сызық), алу(алұу), табу(табұу), сөну(сөнүу), жүру(жүрүу).
Кітапта қазақ тіліндегі дыбыстардың таңбасы деп 24 әріпті санамалайды да, оның 5-уі дауысты, 17-сі дауыссыз деп көрсетеді. Жалпы санда бар й,у бөліс кезінде қалып қойған. Жазуда тоғыз дауыстыға да таңба берілген. Алайда олардың жіңішке сыңарларын (е ден басқаларын) санға қоспаған. А.Байтұрсынұлының тілдің дыбыс жүйесіне арналған мақаласы 1928 жылы жарық көрді.
Мақала «Дыбыстарды жаңадан жіктейтін болсақ, сөз жүзінде білінетін қасиеттеріне қарай жіктеу керек» - деп акустикалық, артикуляциялық белгі-қасиеттерді басшылыққа алатынын аңғартады.
Дауыстыларды толық (а, е, о, ұ, ы) және шала (р, ң, л, м, н, у, й) деп екіге бөледі.
«Толық дауыстылары кең шығысты, тар шығысты болып, олар да екіге бөлінеді», - дейді. Бірақ қай қайсысына қандай дыбыс жататыны айтылмайды. Шамасы, ашық, қысаңды мегзеп отырған сияқты.
Шала дауыстылар (қазір үнділер) ауыз шығысты (р, л, у, й), мұрын шығысты (ң, м, н) боп бөлінеді. Бұлар қазір ауыз жолды, мұрын жолды делінеді.
Осылай «дауыссыздарды да қысаң (п, т, с, ш, қ, к) босаң (б, ж, д, з, ғ, г) жолды» деп екіге бөледі. Мұндағы қысаң, босаң-қатаң, ұяң. Бұларды әрі қарай ашықтар (с, ш, ж, з) тұйықтар (п, т, қ, б, д) және тұйықтаулар (қ, ғ) деп бөлінеді. Мұндағы ашық деп отырғаны – ызыңдар, ал тұйықтары – шұғылдар екені айқын. Ол тұйықтауларға жататын ғ мен г ерекшеліктерін де дұрыс аңғарған. Ахметтің айтуынша, дауыстылар мен дауыссыздардың шегін жалғаулар арқылы айыруға болады. Ал, «толық дауыстылар буын ішінде дауыссыз дыбыстардың алдында да, соңында да келетін» болса, шала дауыстылар буын ішінде дауыссыздардан кейін тұра алмайтынын дұрыс аңғарған.
?! Тақырыпты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар
-
Фонетика қандай сала? Фонология нені зерттейді?
-
Фонема дегеніміз не?
-
Фонетиканың қандай зерттеу салалары бар?
-
Ориенталист ғалымдардың қазақ дыбыс жүйесі жайлы көзқарастары қандай?
-
Қазақ әліпбиінің қалыптасуында А.Байтұрсынұлы еңбегі жайлы мәлімет беріңдер. Дыбыстардың құрамы мен жіктелуі жайлы қандай көзқараста болған?
ДЫБЫСТАРДЫҢ АКУСТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ
АРТИКУЛЯЦИЯЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ
Дыбыс атаулының қайсысы болса да серпімді заттың вибрациялық (діріл) қимылынан пайда болады. Осы дыбыстың жалпы теориясын физикалық, акустика (естілу) деп аталатын саласы карастырады. Бұл дыбыстарды акустикалық тұрғыдан карағанда бір дененің белгілі бір ортада теңселіп козғалуының нәтижесінде пайда болады да, ол құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта - ауа кеңістігі. Акустика дыбыстардағы мынадай белгілерді ажыратады: 1. Дыбыс ырағы. 2. Дыбыс күші. 3. Дыбыс әуені.
Дыбыс ырғағы деп бір секунд ішіндегі дірілдің мөлшеріне байланысты кұбылысты айтады. Дірілдің саны неғұрлым көбейсе, дыбыстың ырғағы соғұрлым өсіп күшейе береді. Ал дірілдің саны азайған сайын дыбыс ырғағы солғындап, әлсірей береді. Біз жоғарыда діріл түрліше болып келеді дедік. Діріл, өзінін кимылына қарай екіге ажыратылады: І.Ритмикалық діріл. 2. Ритмикалық емес діріл. Сондай-ақ, дыбыстардың жасалуы үшін резонанс құбылады да (бұл сөз француз тілінің резонанс - жаңғырық деген мағынадағы сөзі бойынша жасалған термин) айрықша қызмет атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |