ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢСЫЗ АКТІЛЕРМЕН КҮРЕС ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
Пекинде 2010 жылы 10 қыркүйекте іске асырылды
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢСЫЗ АКТІЛЕРМЕН КҮРЕС ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
ОСЫ КОНВЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР авиацияға қарсы бағытталған заңсыз актілердің адамдар мен мүліктердің қауіпсіздігіне қауіп-қатер келтіретініне, әуе қатынасын, әуежайлардың және аэронавигация қызметін елеулі бұзатынына, және азаматтық авиацияның барлық мемлекеттер үшін қауіпсіз және ретті жұмыс істеуіне әлем халықтарының сенімін жоғалтатынына МЕЙЛІНШЕ АЛАҢДАЙ ОТЫРЫП, азаматтық авиацияға қарсы жаңа қауіп-қатер түрлерінің мемлекет тарапынан жаңа келісілген күш қолдану және ынтымақтастық саясатын орнатуды талап ететіндігін МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП, осындай қауіп-қатерлерге тиімдірек, қарсы іс-қимылдар үшін азаматтық авиацияға қарсы заңсыз актілерді болдырмау және олармен күресу жолында халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық шеңберлерін қауырт нығайту ҚАЖЕТ ДЕП СЕНЕ ОТЫРЫП, ТӨМЕНДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ КЕЛІСТІ:
1-бап
1. Кез келген тұлға қылмыс жасаған болып табылады, егер ол заңсыз және қасақана:
a) ұшып бара жатқан әуе кемесінің бортындағы адамға қатысты күш қолдану актісін жасаса, егер мұндай акт осы әуе кемесінің қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндірсе; немесе
b) пайдаланудағы әуе кемесін сындырса немесе сол әуе кемесіне істен шығатындай не болмаса ұшу кезінде оның қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіндей бүлдірсе; немесе
c) әуе кемесін сындыруы мүмкін немесе оны істен шығаратындай не болмаса ұшу кезіндегі қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіндей бүлдіруі мүмкін қандай да бір құрылғыны немесе затты қандай да бір тәсілмен орнынан жылжытатын немесе пайдаланудағы әуе кемесіне қарай жылжытатын іс-қимылдар жасайтын болса; немесе
d) аэронавигациялық құралдарды сындырса немесе бүлдірсе не болмаса оны пайдалануға араласса, егер кез келген мұндай акт ұшып бара жатқан әуе кемесінің қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіндей болса; немесе
e) ұшып бара жатқан әуе кемесінің қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіріп, жалған мәліметтерді хабарлайтын болса; немесе
f) өлтіру, ауыр зақым келтіру не болмаса мүлікке немесе қоршаған ортаға едәуір залал келтіру мақсатында пайдаланудағы әуе кемесін пайдаланатын болса; немесе
g) кез келген БХЯ қаруын немесе жарылғыш, радиоактивті немесе осы сияқты заттардан өлімге апаруы немесе денені ауыр жарақаттауы немесе мүлікке не болмаса қоршаған ортаға едәуір залал келтіруі мүмкін тәсілмен пайдаланудағы әуе кемесінің бортын босатса не болмаса оларды лақтырса; немесе
h) әуе кемесіне қарсы пайдаланудағы немесе әуе кемесінің бортына кез келген БХЯ қаруын немесе жарылғыш, радиоактивті немесе осы сияқты заттарды өлімге апаруы немесе денені ауыр жарақаттауы немесе мүлікке не болмаса қоршаған ортаға едәуір залал келтіретін немесе келтіруі мүмкін тәсілмен пайдаланатын болса; немесе
i) төмендегілерді тасымалдауды, тасымалдауға апаратын іс-қимылдарды орындайтын немесе әуе кемесінің бортында тасымалдауға көмектесетін болса:
1) өлімге апаратынын немесе денені ауыр жарақаттайтынын немесе зақымдайтынын біле тұра халықты қорқыту немесе үкіметті не болмаса халықаралық ұйымды қандай да бір іс-қимыл жасауға немесе оны жасаудан тартынуға мәжбүрлеу мақсатында, ұлттық заңнамада көзделгендей шартпен немесе онсыз, қандай да бір жарылғыш затты немесе радиоактивті материалды; немесе
2) 2-бапта көрсетілгендей БХЯ қару екенін біле тұра кез келген БХЯ қаруды; немесе
3) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жасалған Кепілдіктер туралы келісімге сәйкес кепілдіктермен қамтылмаған ядролық жарылғыш құрылғылармен байланысты қызметте немесе басқа ядролық қызметте пайдалануға арналғанын біле тұра кез келген бастапқы материалды, арнаулы жарылғыш материалды немесе оны өңдеу, пайдалану және өндіру үшін арналған немесе бұлар үшін арнайы дайындалған жабдықтарды немесе материалды; немесе
4) заңды рұқсатсыз және оларды осындай мақсатта пайдалану үшін БХЯ қаруды жобалауға, өндіруге немесе жеткізуге елеулі үлес қосатын кез келген жабдықты, материалдарды немесе бағдарламалық жасақтаманы не болмаса тиісті технологияны; жеке немесе заңды тұлға, уәкілетті қатысушы мемлекет қолданған қызмет түрлерін қоса, қатысушы мемлекет қатысатын қызмет түрлеріне қатысты 3 және 4-тармақтарда көзделген қылмыс болып табылмаған жағдайда, мұндай заттарды немесе материалдарды тасымалдау 7-бапта айтылған шарттарды қоса, өзі қатысушысы болып табылатын таратпау туралы көпжақты шартқа сәйкес құқықтарына, міндеттемелері мен міндеттеріне сәйкес келетін қолданысқа немесе қызметке сәйкес келсе не болмаса қолданыс немесе қызмет үшін жүзеге асырылса.
2. Кез келген тұлға қылмыс жасаған болып табылады, егер ол кез келген құрылғыны, затты немесе қаруды қолдану арқылы заңсыз және қасақана:
a) халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайдағы тұлғаға қатысты денсаулығына едәуір зиян келтіретін немесе келтіруі мүмкін немесе өлімге апаратын зорлық-зомбылық актісін жасаған болса; немесе
b) халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайдағы жабдықты және құрылғыларды не болмаса әуежайда тұрған, бірақ қолданылмайтын әуе кемесін сындырған немесе едәуір бүлдірген болса не болмаса әуежай қызметтерінің жұмысын бұзған болса; егер мұндай акт осы әуежайдағы қауіпсіздікке қауіп-қатер келтіретін болса немесе қауіп-қатер келтіруі мүмкін болса.
3. Кез келген тұлға қылмыс жасаған болып табылады, егер ол:
a) осы баптың 1-тармағының a), b), c), d), f), g) және h) тармақшаларында немесе 2-тармағында көрсетілген қылмыстардың бірін жасайтындығымен қорқытқан болса; немесе
b) іс жүзінде қауіп төнуі мүмкін екендігін растайтын жағдайларда кез келген тұлғаны осындай қылмыс жасайтындығымен заңсыз және қасақана қорқытқан болса.
4. Кез келген тұлға қылмыс жасаған болып табылады, егер ол:
a) осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасамақ болса; немесе
b) осы баптың 1, 2, 3 немесе 4 а) тармақтарында көрсетілген қандай болса да қылмысты жасау мақсатында басқа тұлғаларды ұйымдастырса немесе басқарса; немесе
c) осы баптың 1, 2, 3 немесе 4 а) тармақтарында көрсетілген қылмысқа сыбайлас ретінде қатысқан болса; немесе
d) басқа тұлғаның осы баптың 1, 2, 3, 4 а), 4 b) немесе 4 c) тармақтарында көрсетілген қылмыс болып табылатын әрекет жасағандығын немесе осындай қылмыс жасағандығы үшін құқық қорғау органдары тарапынан іздеуде болуын немесе осындай қылмыс үшін сотталғандығын біле тұра, оған тергеуден, қудалаудан және жазалаудан қашуына заңсыз немесе қасақана көмектескен болса.
5. Әрбір қатысушы мемлекет осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген кез келген қылмыстардың іс жүзінде жасалуына немесе оны жасауға әрекеттің жасалуына қарамастан, егер олар қасақана жасалған болса, төмендегі әрекеттердің екеуін немесе біреуін қылмыс деп таниды:
a) осы баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасауға қатысты бір немесе бірнеше басқа тұлғалардың сөз байласуы әрі ол ұлттық заңнамада көзделген болса, сондай-ақ сөз байласуға қатысушылардың біреуі осы сөз байласуды іске асыру үшін қандай да бір іс-қимылдың іс жүзінде орындалуының болжануы; немесе
b) ортақ мақсатта іс-қимыл жасайтын адамдар тобының осы баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген бір немесе одан көп қылмысты жасауына кез келген басқа тәсілмен көмек көрсету, және осындай көмек:
i) егер қызмет немесе мақсат осы баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасаумен байланысты болса, қылмыстық істің ортақ сипатын және топтың мақсатын қолдау үшін; немесе
ii) топтың осы баптың 1, 2 немесе 3-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасау ниетін түсіне отырып көрсетілген жағдайда.
2-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
a) әуе кемесі адамдар отырғызылғаннан кейін барлық сыртқы есіктері жабылған сәттен бастап, адамдарды шығару үшін мұндай есіктер ашылған сәтке дейін ұшып бара жатқан болып есептеледі; мәжбүрлі қонған жағдайда, құзырлы билік әуе кемесі мен борттағы тұлғалар және мүлік үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанға дейін ұшу орындалып жатқан болып есептеледі;
b) жердегі персонал немесе экипаждың нақты ұшуды орындау үшін ұшу алдындағы дайындықты бастаған уақытынан бастап, кез келген қонудан кейін жиырма төрт сағат өткенге дейін әуе кемесі қолданыста болған болып есептеледі; әуе кемесінің пайдалану кезеңі қандай жағдай болмасын осы баптың a) тармағында белгіленгендей бүкіл ұшу кезеңі бойы жалғасады;
c) "аэронавигациялық құралдар" әуе кемесінің навигациясы үшін қажет сигналдарды, деректерді, ақпаратты немесе жүйелерді қамтиды;
d) "улы химикат" тіршілік үдерістеріне химиялық әсері жағынан өлімге апаруы, уақытша улауы немесе адамға немесе жануарларға үнемі зиян келтіруі мүмкін кез келген химикат дегенді білдіреді. Оларға шыққан жеріне немесе өндіру тәсіліне және объектілерде өндірілгеніне немесе оқ-дәрілерде не болмаса басқа да жерде өндірілгеніне қарамастан осындай барлық химикаттар жатады;
e) "радиоактивті материал" дегеніміз - өздігінен ыдырайтын (бір немесе бірнеше түрде иондаушы сәуле шығаратын үдеріс, мәселен, альфа сәулесі, бета сәулесі, нейтронды сәуле және гамма сәулесі) нуклидтері бар, радиологиялық қасиеттерінің немесе ыдырату қасиеттерінің арқасында өлімге апаруы, қатты жарақаттауы немесе меншікке немесе қоршаған ортаға едәуір залал келтіруі мүмкін ядролық материал және басқа да радиоактивті заттар;
f) "ядролық материал" плутоний-238 бойынша 80%-дан асатын изотоптар концентрациясы бар плутонийден басқа плутоний; уран-233; уран-235 немесе уран-233 изотоптарымен байытылған уран; табиғатта кеннен немесе кен қалдықтарынан өзгеше пішінде кездесетін изотоптар қоспасы бар уран; немесе жоғарыда аталған элементтердің бір немесе одан көп түрі қосылған кез келген материал;
g) "уран-235 немесе уран-233 изотоптарымен байытылған уран" дегеніміз - уран-235 немесе уран-233 изотоптары бар немесе осы изотоптардың жиынтық мөлшері уран-238 изотопымен салыстырғанда табиғатта кездесетін уран-238 изотопымен салыстырғандағы уран-235 изотопының пайызынан жоғары екі изотоп та бар уран;
h) "БХЯ қару" дегеніміз:
a) "биологиялық қару" дегеніміз:
i) профилактикалық, қорғаныс немесе басқа да бейбітшілік мақсаттар үшін арналмаған түрі мен мөлшерінде, шыққан жеріне немесе өндіру әдісіне қарамастан микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттер немесе токсиндер; немесе
ii) жауласу мақсаттарында немесе қарулы қақтығыс кезінде қолдану үшін арналған қару, жабдық немесе жеткізу құралдары;
b) "химиялық қару" дегеніміз – жиынтығында немесе жеке алғанда:
i) улы химикаттар мен олардың прекурсорлары, олар төмендегі мақсаттардан басқа мақсатта қолданылған жағдайда:
A) өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, зерттеу, медициналық, фармацевтикалық немесе өзге де бейбітшілік мақсаттарда; немесе
B) қорғану мақсаттарында, атап айтқанда, улы химикаттардан қорғанумен және химиялық қарудан қорғанумен тікелей байланысты мақсаттарда; немесе
C) химиялық қару қолданумен байланысы жоқ және химикаттардың уыттық қасиеттерін соғысты жүргізу құралы ретінде қолдануға тәуелді емес әскери мақсаттарда; немесе
D) келесі мақсаттарға сәйкес келетін түр және мөлшер қолданған жағдайда, елдегі тәртіпсіздіктермен күресуді қоса, құқық қорғау мақсаттарында:
ii) оқ-дәрілер мен құрылғыларды қолдану нәтижесінде пайда болатын улы химикаттардың b) i) тармақшасында көрсетілген уыттық қасиеттерінің көмегімен өлтіру немесе өзге зиян келтіру үшін арналған оқ-дәрілер мен құрылғылар;
iii) b) ii) тармақшасында көрсетілген оқ-дәрілер мен құрылғыларды қолданумен тікелей байланысты қолдануға арналған кез келген арнайы жабдық;
c) ядролық қару және басқа да ядролық жарылғыш құрылғылар;
i) "прекурсор" дегеніміз – қандай да бір тәсілмен улы химикатты өндірудің кез келген сатысында қолданылатын кез келген химиялық реагент. Оған бинарлық немесе көпкомпонентті химиялық жүйенің кез келген басты компоненті жатады;
j) "бастапқы материал" және "арнаулы ыдырайтын материал" терминдері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің 1956 жылғы 26 қазанда Нью-Йоркте шығарған Жарғысындағы мәнге ие.
3-бап
Әрбір қатысушы мемлекет 1-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты қатаң жазалау шараларын қолдануға міндеттенеді.
4-бап
1. Әрбір қатысушы мемлекет өзінің ішкі құқық принциптеріне сәйкес оның аумағында орналасқан немесе оның заңдары бойынша құрылған заңды тұлғаны басқаруға немесе оны бақылауға жауапты және сол ретінде қызмет ететін жеке тұлға 1-бапта көрсетілген қылмысты жасаған жағдайда, ол заңды тұлғаны жауапқа тартуға қажетті шараларды қолдана алады. Бұндай жауапкершілік қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сипатта болуы мүмкін.
2. Бұндай жауапкершілік осы қылмысты жасаған жеке тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі үшін шығынсыз пайда болады.
3. Егер қатысушы мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес заңды тұлғаны жауапкершілікке тарту бойынша қажетті шараларды қабылдаса, ол қолданатын қылмыстық, азаматтық-құқықтық немесе әкімшілік санкциялардың тиімді, шамалас және тыйым салу әсерін тигізетіндей болуын қамтамасыз етеді. Осындай санкциялар қаржылық санкцияларды қамтуы мүмкін.
5-бап
1. Осы Конвенция әскери, кедендік және полиция қызметтеріндегі әуе кемелеріне қатысты қолданылмайды.
2. Осы Конвенция 1-баптың 1-тармағының a), b), c), e), f), g), h) және i) тармақшаларында көзделген жағдайларда әуе кемесінің халықаралық ұшуды немесе ішкі әуе желілерінде ұшуды орындайтынына не орындамайтынына қарамастан қолданылады, тек егер:
a) әуе кемесінің іс жүзіндегі немесе межелі ұшып көтерілу немесе қону орны осы әуе кемесі тіркелген мемлекеттің аумағы шегінен тыс болса; немесе
b) қылмыс әуе кемесі тіркелген мемлекеттен өзге мемлекеттің аумағында жасалса.
3. Осы Конвенция осы баптың 2-тармағына қарамастан, 1-баптың 1-тармағының a), b), c), e), f), g), h) және i) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда қылмыскер немесе болжалды қылмыскер әуе кемесі тіркелген мемлекеттен өзге мемлекеттің аумағында болған жағдайда да қолданылады.
4. Осы Конвенция қылмыс кез келген басқа мемлекеттің аумағында жасалған не болмаса қылмыскер немесе болжалды қылмыскер сол аумақта болған жағдайдан басқа жағдайларда, 15-бапта көрсетілген қатысушы мемлекеттерге қатысты және 1-баптың 1-тармағының a), b), c), e), f), g), h) және i) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда осы баптың 2-тармағының a) тармақшасында көрсетілген жерлер 15-бапта көрсетілген мемлекеттердің бірінің аумағы шегінде болған жағдайда қолданылмайды.
5. 1-баптың 1-тармағының d) тармақшасында көзделген жағдайларда осы Конвенция аэронавигациялық құралдар халықаралық авиация үшін қолданылған жағдайда ғана қолданылады.
6. Осы баптың 2, 3, 4 және 5-тармақтарының ережелері 1-баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда да қолданылады.
6-бап
1. Осы Конвенцияда еш нәрсе мемлекеттер мен тұлғалардың халықаралық құқыққа, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның мақсаттары мен принциптеріне және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес басқа құқықтарын, міндеттемелерін және міндеттерін қозғамайды.
2. Халықаралық гуманитарлық құқықта ұғынылатын терминдер ретіндегі, осы құқықпен реттелетін қарулы қақтығыс кезіндегі қарулы күштердің іс-қимылдары осы Конвенциямен реттелмейді, сол сияқты, өздерінің ресми функцияларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттің әскери күштері орындаған іс-қимылдар да реттелмейді, себебі олар халықаралық құқықтың басқа нормаларымен реттеледі.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелері басқа тұрғыдан заңсыз емес актілерді ақтайтын немесе заңды ететін немесе басқа заңдардың негізінде сотпен қудалауға кедергі келтіретін ережелер болып ұғынылмайды.
7-бап
Осы Конвенцияда еш нәрсе 1968 жылғы 1 шілдеде Вашингтонда, Лондонда және Мәскеуде қол қойылған Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, 1972 жылғы 10 сәуірде Вашингтонда, Лондонда және Мәскеуде қол қойылған Бактериологиялық (биологиялық) және улы қару қорларын әзірлеу, өндіру, жинау және жою туралы конвенцияға немесе 1993 жылғы 13 қаңтарда Парижде қол қойылған Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинауға және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға сәйкес осындай шарттарға қатысушы мемлекеттердің құқықтарын, міндеттемелерін және міндеттерін қозғамайды.
8-бап
1. Әрбір қатысушы мемлекет 1-бапта көрсетілген қылмыстарға өзінің заңды құзыретін белгілеу үшін қажетті болуы мүмкін осындай шараларды мына жағдайларда қабылдайды:
а) қылмыс осы мемлекеттің аумағында жасалған болса;
b) қылмыс осы мемлекетте тіркелген әуе кемесіне қарсы немесе соның бортында жасалған болса;
c) бортында қылмыс жасалған әуе кемесі оның аумағына қонса және болжалды қылмыскер әлі де бортта болса;
d) қылмыс негізгі қызмет орны немесе, егер оның қызмет орны жоқ болса, тұрақты тұрған орны осы мемлекетте орналасқан, жалдаушыға экипажсыз жалға берілген әуе кемесіне қарсы немесе соның бортында жасалған болса;
е) егер қылмысты осы мемлекеттің азаматына жасалған болса;
2. Әрбір қатысушы мемлекет мына жағдайларда кез келген осындай қылмысқа қатысты өзінің заңды құзыретін белгілей алады:
а) қылмыс осы мемлекеттің азаматына қарсы жасалған болса;
б) қылмысты әдетте осы мемлекеттің аумағында тұратын азаматтығы жоқ тұлға жасаған жағдайда;
3. Әрбір қатысушы мемлекет болжалды қылмыскер оның аумағында болып, ол мемлекет осы баптың осы қылмыстарға қатысты қолданылатын тармақтарына сәйкес өзінің заңды құзыретін белгілеген қатысушы мемлекеттердің біріне 12-бапқа сәйкес аталған тұлғаны бермеген жағдайда, 1-бапта көрсетілген қылмыстарға өздерінің заңды құзыретін белгілеу үшін қажетті болуы мүмкін шараларды қолданады.
4. Осы Конвенция ұлттық заңнамаға сәйкес кез келген қылмыстық заңды құзыретті жүзеге асыруды жоққа шығармайды.
9-бап
1. Аумағында қылмыскер немесе болжалды қылмыскер бар кез келген қатысушы мемлекет жағдайдың соны талап етіп тұрғанына көзі жеткен кезде, сол тұлғаны қамауға алады немесе сол тұлғаның қатысуын қамтамасыз ететін басқа шараларды қолданады. Қамауға алу немесе басқа шаралар сол мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, алайда қылмыстық істерді жүргізу іс-қимылын немесе шығару жөніндегі іс-қимылды қабылдау үшін қажетті уақыт аралығына ғана созылады.
2. Мұндай мемлекет фактілерді алдын ала тергеуді дереу жүргізеді.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қамауда жатқан кез келген тұлғаға өз азаматы болап табылатын мемлекеттің тиісті жақын өкілімен дереу байланыс орнатуға көмек көрсетіледі.
4. Осы бапқа сәйкес қатысушы мемлекет тұлғаны қамауға алатын болса, ол 8-баптың 1-тармағына сәйкес заңды құзыретін белгілеген және 21-баптың 2-тармағы а) тармақшасына сәйкес депозитарийге хабарлаған қатысушы мемлекеттерге және, егер орынды деп тапса, басқа мүдделі қатысушы мемлекеттерге қамауға алу фактісі мен осы тұлғаны ұстауға негіз болған жағдайлар туралы тез арада хабарлайды. Осы баптың 2-тармағында көзделген алдын ала тергеуді жүргізетін қатысушы мемлекет алынған деректер туралы тез арада жоғарыда аталған қатысушы мемлекеттерге хабарлайды және оның заңды құзыретті жүзеге асыруға ниетінің бар немесе жоқ екендігін хабарлайды.
10-бап
Аумағында болжалды қылмыскер бар қатысушы мемлекет бұл тұлғаны бермесе, ешқандай айрықшылықсыз және оның аумағында қылмыстың жасалғанына немесе жасалмағанына қарамастан істі қылмыстық қудалау мақсаты үшін өзінің құзырлы органдарына беруге міндетті. Бұл органдар сол мемлекеттің заңнамасына сәйкес ауыр сипаттағы кез келген әдеттегі қылмыстағыдай шешім қабылдайды.
11-бап
Қамауға алынған немесе осы Конвенцияға сәйкес оған қатысты кез келген басқа шаралар қолданылған немесе тексеру жүзеге асырылып жатқан кез келген тұлғаға әділ қарау жөнінде, оның ішінде ол тұлғаның өзі орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес барлық құқықтар мен кепілдіктерді, қолданылатын халықаралық құқық ережелерін, оның ішінде адам құқықтары туралы ережені пайдалануға кепілдік беріледі.
12-бап
1. 1-бапта көрсетілген қылмыстар қылмыскерді беруді талап ететін қылмыстар ретінде қатысушы мемлекеттер арасында жасаған қылмыскерді беру туралы кез келген шартқа енгізуді қажет ететін қылмыстар болып табылады. Қатысушы мемлекеттер осындай қылмыстарды қылмыскерді беруді талап ететін қылмыстар ретінде қатысушы мемлекеттер арасында жасалған қылмыскерді беру туралы кез келген шартқа енгізуге міндеттенеді.
2. Егер қылмыскерді беруді шарттың болуымен негіздейтін қатысушы мемлекетке қылмыскерді беру туралы шартты жасаспаған басқа қатысушы мемлекет қылмыскерді беру туралы өтініш жасаған болса, ол өзінің қалауы бойынша 1-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты осы Конвенцияны қылмыскерді берудің заңды негіздемесі ретінде қолдана алады. Қылмыскерді беру ол туралы өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасында көзделген басқа талаптарға сәйкес жүргізіледі.
3. Қылмыскерді беруді шарттың болуымен негіздемейтін қатысушы мемлекеттер 1-тармақта көрсетілген қылмыстарды өздерінің арасында қылмыскерді беру туралы өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес қызметкерді беруді талап ететін қылмыстар ретінде қабылдайды.
4. Қатысушы мемлекеттер қылмыстардың әрқайсысын қылмыскерді беру мақсаттары үшін тек ол қылмыс жасалған жерде ғана емес, 8-баптың 1-тармағының b), c), d) және e) тармақшаларына сәйкес өзінің заңды құзыретін белгілеуге міндетті және 8-баптың 2-тармағына сәйкес заңды құзыретін белгілеген қатысушы мемлекеттердің аумағында жасалған қылмыс сияқты қарастырады.
5. 1-баптың 5-тармағының а) және b) тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың әрқайсысы қылмыскерді беру мақсаттары үшін қатысушы мемлекеттер тарапынан барабар қылмыстар ретінде қарастырылады.
13-бап
1-бапта көрсетілген қылмыстардың еш қайсысы қылмыскерді беру немесе өзара құқықтық көмек көрсету мақсаттары үшін саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс, немесе саяси себептерден туындаған қылмыс ретінде қарастырылмайды. Сондықтан осындай қылмыспен байланысты қылмыскерді беру немесе өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс, немесе саяси себептерден туындаған қылмысқа қатысты негізде ғана қабылданбай қоймауға тиіс.
14-бап
Егер 1-бапта көрсетілген қылмыстармен байланысты қылмыскерді беру немесе осындай қылмыстарға қатысты өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш тұлғаның нәсіліне, діни сеніміне, ұлтына, этникалық шығу тегіне, саяси пікірлеріне немесе жынысына байланысы оны сотпен қудалау немесе жазаға тарту мақсатында жасалғандығына немесе ол өтінішті қанағаттандыру аталған себептердің кез келгенінен ол тұлғаның жағдайына нұқсан келтіретіндігіне сұрау салынатын қатысушы мемлекеттің орынды дәлелі бар болса, осы Конвенциядағы еш нәрсе қандай болмасын бір тұлғаны беру немесе өзара құқықтық көмек көрсету міндеттемесін жүктейді деп ұғынылмайды.
15-бап
Бірлескен әуе көлігін пайдалану ұйымдарын немесе халықаралық пайдалану агенттіктерін құрушы, бірлескен немесе халықаралық тіркелуге тиіс әуе кемелерін пайдаланушы қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның мақсаттары үшін әрбір әуе кемесіне қатысты өздерінің ішінен заңды құзыретті жүзеге асыратын және тіркеуші мемлекет ретінде танылатын мемлекетті тиісті түрде көрсетеді, және ол туралы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысына хабарлайды, ал ол бұл хабарламаны осы Конвенцияның барлық қатысушы мемлекеттеріне таратады.
16-бап
1. Қатысушы мемлекеттер халықаралық құқыққа және ұлттық заңнамаға сәйкес 1-бапта көрсетілген қылмыстардың алдын алу мақсатында барлық тәжірибелік жүзеге асыруға болатын шараларды қабылдауға тырысатын болады.
2. 1-бапта көрсетілген қылмыстардың бірін жасау нәтижесінде ұшу кейінге қалдырылған немесе үзілген кезде, аумағында әуе кемесі, жолаушылар немесе экипаж орналасқан кез келген қатысушы мемлекет оның жолаушылары мен экипажының сапарын жалғастыруға мүмкін болғанша жылдам жәрдемдеседі және әуе кемесі мен оның жүгін заңды иелеріне кідіріссіз жеткізеді.
17-бап
1. Қатысушы мемлекеттер 1-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты қабылданған қылмыстық іс жүргізу іс-қимылдарына байланысты бір-біріне толық құқықтық көмек көрсетеді. Барлық жағдайларда өтініш жолданған мемлекеттің заңнамасы қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері қылмыстық іс бойынша өзара құқықтық көмекті толық немесе ішінара реттейтін немесе болашақта реттейтін екі тарапты немесе бірнеше тарапты кез келген басқа шарттың міндеттемелеріне әсер етпейді.
18-бап
1-бапта көрсетілген қылмыстардың біреуі жасалатындығы жөнінде дәлелі бар кез келген қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес 8-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мемлекеттер болып табылады деп санаған қатысушы мемлекеттерге өзінде бар кез келген тиісті ақпаратты ұсынады.
19-бап
Әрбір қатысушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Халықаралық азаматтық авиация ұйымының кеңесіне мыналарға қатысты кез келген қолда бар тиісті ақпаратты мүмкіндігінше жылдам хабарлайды:
a) қылмыстың жағдайы;
b) 16-баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған іс-қимылдар;
c) қылмыскерге немесе болжалды қылмыскерге қатысты, оның ішінде қылмыскерді беру немесе басқа құқықтық іс-қимылдар бойынша кез келген іс-қимылдардың қорытындысына қатысты қабылданған шаралар.
20-бап
1. Осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты екі не одан да көп қатысушы мемлекеттер арасындағы сол мемлекеттердің келіссөздер арқылы реттелмейтін кез келген дау бірінің өтінуі бойынша төрелікке ұсынылады. Егер төрелік туралы өтінген күннен бастап алты айдың ішінде Тараптар төрелікті ұйымдастыру туралы мәселе бойынша келісе алмаса, осы Тараптардың кез келгенінің өтінуі бойынша дау Соттың мәртебесіне сәйкес Халықаралық сотқа берілуі мүмкін.
2. Осы Конвенцияға қол қою, оны ратификациялау, қабылдау немесе бекіту немесе оған қосылу кезінде әрбір мемлекет өзін алдыңғы тармақтың ережелерімен байланыстырылған деп санамайтыны туралы өтініш бере алады. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай түсінікті жасаған кез келген қатысушы мемлекетпен өзара қарым-қатынаста алдыңғы тармақтың ережелерімен байланыстырылмайды.
3. Алдыңғы тармаққа сәйкес түсінікті жасаған кез келген қатысушы мемлекет депозитарийге хабарлама жіберу арқылы бұл түсінікті кез келген уақытта алып тастай алады.
21-бап
1. Осы Конвенция 2010 жылғы 30 тамыз бен 10 қыркүйек арасында Пекинде өткен авиациялық қауіпсіздік жөніндегі Дипломатиялық конференцияға қатысқан мемлекеттердің қол қоюы үшін Пекинде 2010 жылғы 10 қыркүйекте ашық болады. 2010 жылғы 27 қыркүйектен кейін бұл Конвенция 22-бапқа сәйкес күшіне енгенге дейін Монреальдағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының штаб-пәтерінде барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық болады.
2. Осы Конвенция ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге жатады. Ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар осы арқылы депозитарий тағайындайтын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысына сақтауға табысталады.
3. Осы Конвенцияны осы баптың 2-тармақшасына сәйкес ратификацияламаған, қабылдамаған және бекітпеген кез келген мемлекет оған кез келген уақытта қосыла алады. Қосылу туралы құжат сақтау үшін депозитарийге тапсырылады.
4. Осы Конвенцияны ратификациялаған, қабылдаған және бекіткеннен кейін немесе оған қосылғаннан кейін әрбір қатысушы мемлекет:
а) депозитарийге 8-баптың 2-тармағына сәйкес өзінің ұлттық заңнамасы шеңберінде белгілеген заңды құзыреті туралы хабарлайды және тез арада депозитарийге кез келген өзгеріс туралы мәлімдейді;
b) отбасы мүшелерін жауапкершіліктен босатуға қатысты қылмыстық құқық принциптеріне сәйкес 1-бап 4-тармағының d) тармақшасының ережелерін қолданады деп мәлімдеуі мүмкін.
22-бап
1. Осы Конвенция ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы жиырма екінші құжатты депозитарийге сақтауға табыстаған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны ратификациялаған, қабылдаған, бекіткен немесе ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы жиырма екінші құжатты сақтауға табыстағаннан кейін оған қосылған әрбір мемлекет үшін осы Конвенция осындай мемлекет ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы жиырма екінші құжатты сақтауға табыстаған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
3. Осы Конвенция күшіне енген сәттен бастап оны депозитарий Біріккен Ұлттар Ұйымында тіркейді.
23-бап
1. Әрбір қатысушы мемлекет депозитарийге жазбаша түрде хабарлай отырып, осы Конвенцияны бұза алады.
2. Шарттың бұзылуы депозитарий хабарлама алған күннен бастап бір жылдан кейін күшіне енеді.
24-бап
Қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда осы Конвенцияның мынадай құжаттардың алдында басым күші бар:
-
1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қол қойылған азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенция; және
-
1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қол қойылған азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенцияны толықтыратын 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайларда заңсыз күш салу актілерімен күрес туралы хаттама.
25-бап
Депозитарий осы Конвенцияның барлық қатысушы мемлекеттеріне және осы Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттерге әрбір қол қою күні, әрбір ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға табыстау күні және осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы және басқа тиісті ақпаратты тез арада хабарлайды.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН төменде қол қойған, тиісті түрде уәкілеттік берілген өкілетті өкілдер осы Конвенцияға қол қойды.
Пекинде екі мың оныншы жылғы қыркүйектің оныншы күнінде орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндер Конференция Төрағасының өкілеттіктері шегінде көрсетілген күннен бастап тоқсан күннің ішінде бір-біріне сәйкестендіру тұрғысынан Конференция хатшылығы тексергеннен кейін түпнұсқалыққа ие бола отырып, тең түпнұсқалық болып табылады. Осы Конвенция Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мұрағаттарында сақталады, ал оның куәландырылған көшірмелерін депозитарий осы Конвенцияның барлық Уағдаласушы мемлекеттеріне жолдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |