Қайталауға және өздік бақылауға арналған сұрақтар :
1. Электролиз арқылы галогендерді алу процесі, механизмі, галогендердің химиялық қасиеттері;
2. Оксидтері, гидроксидтері, қасиеттері, алынуы; 3. Сутектік қосылыстары, қасиеттері;
4. Галогенсутектер қасиеттерінің сипаттамалары өзгеруінің заңдылықтары;
5. Галогендердің оттекті қосылыстары қасиеттерінің өзгеруі заңдылықтары.
Осы дәріс материалымен танысқан соң, мына мағлұматтарды білу керек:
1.Галогендердің периодтық жүйедегі орны;
2.-1-ден +7 тотығу дәрежелеріне сәйкес қосылыстарының айырмашылықтары мен ұқсастықтары;
3.Галоген қосылыстарының химиялық қасиеттері.
Осы тақырып бойынша көрсетілген әдебиеттердің мына беттерін оқу керек:
1. Нұрахметов Н.Н., Ташенов Ә.К. Бейметалдар химиясы. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011. –127-177 беттер.
2.Кабдулкаримова К.К., Омарова Н.М.,Абекова Р.С. Жалпы химия курсы бойынша есептер мен жаттығулар. – Семей,2012 – 84-86 беттер.
3.Угай Я.А. Неорганическая химия. – М.: Высш.шк.,1988. –349-371 беттер.
МОДУЛЬ 2. ХАЛЬКОГЕНДЕР
ДӘРІСТЕР 4-7
-
Оттегі, жалпы сипаттамасы, қасиеттері, қолданылуы.
-
Күкірт, жалпы сипаттамалары, қасиеттері, қолданылуы.
-
Селен топшасы, жалпы сипаттамалары, қасиеттері, қолданылуы.
Халькогендер – « кен түзушілер ». Периодтық жүйенің VІА тобында оттегі, күкірт, селен, теллур, полоний орналасқан. Атомдарының сыртқы валенттілік қабатының электрондық конфигурациясы ns2np2. Оттегі типті бейметалл, күкірт диэлектрик, селен мен теллур металдық жылтыры бар, электр тоғын жақсы өткізеді, олар жартылай өткізгіштер, полоний типті металл. Оттегінің максималь валенттілігі төрттен, максималь тотығу дәрежесі екіден аспайды, қалған халькогендерден айырмашылығы. Оттегі - жердегі ең көп тараған элемент - 50% массалық үлесін құрайды. Электртерістігі (ЭТ ~ 3,5) болғандықтан, барлық дерлік элементтермен әрекеттеседі, тек фтор атомыныкінен төмен, сондықтан фтормен қосылысында тотығу дәрежесі +2, қалған қосылыстарында негізінен - (-2), тек сутегі пероксидінде –(-1). VI A топша элементтерінің V A топша элементтеріне қарағанда сутекті қосылыстары берігірек, себебі олардың ЭТ- гі (электр терістігі) жоғары, керісінше VI A топша элементтерінің оттекті қосылыстарының беріктігі азырақ.
Табиғатта кездесу. Табиғатта оттегісі бар 1400 минерал кездеседі (кварц, слюда, дала шпаты, саз, ізбес, т.б.). Оттегінің өте көп мөлшері химиялық байланысқан, еріген күйінде суда болады. Атмосферада 1015 т, адам организмінде 65%. Оттегіні алу әдістері: 1. Сұйық ауаны фракционды айдап;
2.Судың электролизі арқылы: 2H2O →электролиз 2H2 + O2 .
Зертханада:
1. Оксидтерді термиялық айыру арқылы : 2CrO3 →t02Cr+3O2 ;
2.Пероксидтерді айыру арқылы: BaO2(пероксид) →t0 Ba+O2 ;
3.Оксоқышқылдар тұздарын айыру арқылы:
2KNO3 →t0 2KNO2+O2 ;
2KClO3→t0 2KCl+3O2 ;
2KMnO4 →t0 K2MnO4+O2+MnO2 ; Физикалық қасиеттері: O2 суда аз ериді 100:3. Жер бетінен 100 км жоғары атом күйінде болады, УФ-сәулесі әсерінен айрылады О2 →фотолиз О+O. О3 – озон оттегінің аллотропиялық түр өзгерісі, молекуласы диамагнитті. O2 –түссіз, О3 – көк түсті газ, полярлығы және полярлануы O2 –ге қарағанда жоғары.
Химиялық қасиеттері: Оттектің химиялық активтігі тек галогендерден ғана төмен. He+O2→ жүрмейді; Ne+O2→ жүрмейді; Ar+O2→ жүрмейді, басқа барлық элементермен қосылыс түзеді. 3O2 →эл.разряд 2О3. Атмосферада 3O2 найзағай әсерінен 2О3 . Озонның химиялық активтігі оттекке қарағанда жоғары.
О3 +2H++2e-→ O2 +H2O E0=+2,07в
O2 +4H++4e- →2 H2O E0=+1,23в, соңдықтан О3 өте күшті тотықтырғыш. Химиялық активтігі бойынша O2 тек F2 кейін тұр. Инертті газдар, Pt, Au +O2 → жүрмейді. Қалған бейметалдар оттегімен әрекеттеседі. ЭТ оттегі және бейметалдар айырмашылығы аз болғандықтан, оксидтері ковалентті байланыс түзеді. Соңдықтан бейметалл оксидтері - газдар, ұшқыш сұйықтар, тез еритін қатты заттар. Бейметаллдар оксидтері суда еріп, қышқыл түзеді. СО, NO, N2O,SiO тұз түзбейтін оксидтер, суда ерімейді, себебі ол молекулалар өте берік. Бейметаллдар оксидтері қышқылдық қасиет көрсетеді: P4O10(к) + 6H2O(су) = 4H3PO4 ;
SO3(г) + H2O(с) = H2SO4 ; Cl2O7(г) + H2O(с) = 2HClO4 . Элементтердің тотығу дәрежесі өскен сайын, олардың қышқылдық қасиеті артады: FeO3 , CrO3 , Mn2O7 тағы сол сияқты.
Металдардың оксидтері : негіздік, қышқылдық, амфотерлік болып бөлінеді. Сілтілік және сілтілік - жер металдар оксидтері суда ериді, бұл оксидтерде иондық байланыс болады. Металдардың тотығу дәрежесі өскен сайын оксидтерде коваленті байланыс болады. Егер элемент бірнеше оксид түзетін болса, оның тотығу дәрежесі артқан сайын оксидтердің қышқылдық қасиеті артады. Пероксидтер, супероксидтер, озонидтер: Пероксидтер сілтілік, сілтілік-жер металдар оттегіде жанғанда түзіледі: 2K+O2 → K2O2 , құрамында О22- - анионы бар, тұрақсыз, суда гидролизге ұшырайды, сутек пероксидін түзеді. Сондықтан олар сутек пероксидтерінің тұздары деп саналады.
Супероксидтер сілтілік металдар жоғары қысымда, оттек атмосферасында жанған кезде түзіледі: К + О2 → KO2 , олар тұз тәріздес иондық құрылысты кристалдық заттар. Күшті тотықтырғыштар, сумен қуатты әрекеттесіп, оттек бөліп, ыдырайды. 2КО2 + 2 H2O = H2O2 + 2КОН + О2 .
Озонның электронтартқыштығы жоғары, сондықтан ол сілтілік металдармен немесе олардың гидроксидтерімен оңай әрекеттесіп озонидтер түзеді:
K + O3 → KO3 oзонидтер қызыл түсті, гидролизге түседі. K+O2→KO2 супероксидтер. K2+O2→K2O2 пероксид.
Күкірт. Алу, қасиеттері, қолданылуы. Қосылыстары, алу, қасиеттері
Күкіртте 3d- орбиталі болғандықтан, IV, VI валенттіліктерін де көрсетеді. Күкірт атомдары арасындағы байланыс өте берік, жер бетінде 0,05 % : бос күйінде, сульфидтер FeS2-пирит , PbS-галенит, сульфаттар CaSO4- ангидрит, BaSO4- барит кездеседі. Минералды су көздерінде - H2S газ күйінде болады.
Алу. Бос күкіртті кендерден алады. Күкірт сутекті, сульфидтерді тотықтырып, сульфаттардан карботермиялық әдіспен алады: SО2 + 2СO → S + 2СO2
Физикалық қасиеттері: бөлме температурасында ромбалық (α-күкірт), сары түсті, суда ерімейді. S-ромбалық → 940С температурада моноклинді, ß- күкірт (S8), тәж сияқты. sp3 – гибридтелу. Сонымен күкірттің аллотропиялық түр өзгерістері бір-біріне температураға байланысты ауыса алады.
S8 ↔4500C↔S6 ↔6500C↔S4 ↔9000C↔S2↔15000C↔S
S2 парамагнитті О2 сияқты, қалғандары диамагнитті. Күкірт химиялық активті. Кәдімгі жағдайда фтормен тез, сынап пен күміспен баяу, ал қыздырғанда көптеген элементтермен әрекеттеседі:
S + Me → t0 сульфидтер Ме2 Sn - металл валенттілігіне байланысты.
Оттегімен, галогендермен әрекеттесіп, диоксид және дигалогенид түзеді:
S + О2 → SО2 ; S + Г2 → SГ2 .
Сілтінің ыстық ерітінділерінде күкірт диспропорцияланады.
3S + 6NaOH = 2Na2S + Na2SO3 +3H2O диспропорциялану реакциясы.
Қосылыстары, алу, қасиеттері, қолданылуы
Күкірттің бірнеше оксидтері бар, тұрақтылары - SО2 , SО3 . Табиғатта кездесетін күкіртті жағу арқылы S + О2→ SО2 немесе сульфидтік минералдарды өртеу арқылы ZnS + O2 = ZnO + SO2 алады, бұл өндірістегі алу жолдары. (4+) тотығу дәрежесіне сәйкес оксиді өткір иісті, улы газ. Ол суда жақсы ериді. SО2 + H2O ↔ H2 SO3 ↔ H+ + HSO3- ↔ 2H+ + SO32- Бұл тепе-теңдік қыздырғанда не қышқылмен әсер етсе, солға қарай, салқындатса не сілтімен әсер етсе, оңға ығысады. Күкіртті қышқыл тұрақсыз, бос күйінде болмайды, орташа күшті, екі негізді қышқыл.
Зертханада концентрлі күкірт қышқылы мен мысты әрекеттестіріп алады:
Cu + 2H2SO4 → Cu SO4 + SО2 + 2H2O; немесе сульфидтерге қышқылмен әсер етіп: Na2SO3 + 2НСІ →2NaСІ + SO2 + H2O.
Күкірт (ІV) оксиді химиялық активті, себебі молекуласы полюсті, сонымен бірге электрондық жұптың доноры, сондықтан ол комплекс түзу, гидраттану реакцияларына бейім. Бұл оксидте күкірттің тотығу дәрежесі аралық болғандықтан, ол тотығу және тотықсыздану реакцияларына түсе алады:
SО2 +2H2S→3S+ 2H2O - күкірт (ІV)оксиді тотықтырғыш;
2Na2SO3 + О2 → 2Na2SO4 - күкірт (ІV)оксиді тотықсыздандырғыш. Күкірт (ІV)оксиді сілтілерде еріп, сульфит және гидросульфит түзеді:
SО2 + NaOH → NaHSO3 - гидросульфит SО2 + 2NaOH→ Na2SO3(сульфит) +H2O Гидросульфидтер суда жақсы ериді, гидролизге ұшырайды. Қатты күйдегі гидросульфиттерді қыздырғанда дисульфидтер түзіледі:
2NaHSO3-гидросульфиттер → t0 Na2S2O5+H2O пиросульфитке айналады, бірақ H 2S2O5 – пирокүкіртті қышқылы жоқ, себебі тұрақсыз.
Күкірт (ІV) – тің оксогалогенидтері бар, ондағы SO2+ радикалы тионил деп қосылыстарын тионилгалогенидтер дейді:
SО2 +PCl5→POCl3(оксихлорид) + SOCl2 (тионилхлорид).
Олар тотықсыздандырғыштар болады және суда еріп гидролизге ұшырайды: SОCl2+2H2O→2HCl+H2SO3- суда жақсы ериді; Тионилхлорид – түссіз, өткір иісті сұйықтық.
Күкірт (ІV) – тің туындысы тиокүкіртті қышқыл және оның тұздары тиосульфиттер бос күйінде белгісіз, ал тиосульфаттар бар:
Na2SO3 +S→ Na2S2O3 – тиосульфат,
Na2S2O3+HCl →2NaCl + H2S2O3 - тиокүкірт қышқылы да күкірт қышқылы сияқты күшті қышқыл, бірақ тұрақсыз: H2S2O3 → S+ SО2 + H2O.
Тиосульфаттар тотықсыздандырғыш, себебі құрамында тотығу дәрежесі -2 болатын күкірт атомы бар, әлсіз тотықтырғыштармен де реакцияға түседі:
2Na2S2O3 + J2 → 2NaJ + Na2S4O6 Тиосульфат-ионы лиганда ретінде комплексті қосылыстар құрамына кіреді: 2Na2S2O3 + AgBr → NaBr + Na3 [Ag(S2O3)2].
Күкірт (ІV)оксиді тотықсыздандырғыш қасиетін көрсететін реакцияға сульфурилгалогенидтердің түзілуін де жатқызуға болады:
SO2 + Cl2 →hυ SO2Cl2 - хлорлы сульфурил, өткір иісті түссіз сұйықтық. Ыстық суда ыдырайды SО2Cl2+2H2O→2HCl+H2SO4
Күкірт (VІ) оксиді 2SО2 + О2 ↔ 2SO3 катализаторлар қатысында (NO және ванадий(V) оксиді, оған активатор ретінде натрий оксиді мен кремний оксиді қосылады) түзіледі. Қолданылған катализаторларға байланысты: нитроза және контакт әдістері болып бөлінеді. Процесс 5000С маңында жүреді.
Сумен реакциясы өте шабытты жүреді: SO3 + H2O → H2SO4 ;
H2SO4 - май тәріздес, түссіз, иіссіз моногидрат; H2SO4 - күшті тотықтырғыш, күшті қышқыл, суда шексіз ериді, судағы ерітіндісі толық диссоциацияға түседі. Сілтілік және сілтілік- жер металдар сульфаттары термиялық тұрақты, ал активтігі төмен металдар сульфаттары айрылады: ZnSO4 →ZnO +SO3 ; Ag2SO4 →2Ag+SO2+O2 ; Гидросульфаттарды балқытса: 2NaHSO4→ t0 Na2S2O7 + H2O дисульфат (пиросульфат) түзіледі. Пирокүкірт қышқылын H2S2O7 → H2SO4 + SO3, оны оксидті күкірт қышқылында еріткен деп қарау керек. Егер H2SO4-те SO3 ерітсе , олеум (май тәріздес деген сөз) түзіледі. Олеум күшті тотықтырғыш, су тартқыш.
Күкірт қышқылының химиялық қасиеттері оның ерітіндідегі концентрациясына байланысты. Тотығу-тотықсыздану реакцияларында металдар активтігіне және қышқылдың концентрациясына байланысты ол күкірт (ІV) оксидіне , дербес күкіртке, тіпті күкіртті сутекке дейін тотықсызданады. Al, Fe, Cr металдары суық концентрлі H2SO4 пассивтеледі, оксид қабаты пайда болады, сондықтан концентрлі қышқылды болаттан жасалған цистерналарда тасымалдайды.
Жеңіл металдар (ρ<5 г/см3) + H2SO4 конц. → металл сульфаты+ H2S+ H2O; (Pt- тобы металдарынан басқа) Ме + H2SO4 ыстық конц. → SO2 (S, H2S) металл активтігіне байланысты + металл сульфаты + H2O ; H2SO4 конц. +Me → H2 шықпайды, не SO2 , не S, не H2S түзіледі. H2SO4 конц. HJ, HBr тотықтырады, HCl –ды тотықтырмайды. H2SO4 +8 HJ → H2S+ 4J2 +4H2O; H2SO4 +4 HBr→ SO2+2Br2+2H2O H+2SO4 сұйытылған +Me→ H2 бөлінеді + металл сульфаты, реакция тек кернеу қатарында сутегінің алдында тұрған металдармен жүреді.
Сұйытылған күкірт қышқылы + Pb → жүрмейді, себебі Pb беті PbSO4 тұнбасымен жабылады. H2SO4 тұздары → сульфаттар, гидросульфаттар түзіледі. Көп сульфаттарда кристалданған суы болады: Na2SO4 10 Н2О глаубер тұзы. CaSO42H2O - гипс ; CaSO4H2O – алебастр; CuSO45H2O; FeSO47H2O – мыс, темір купоростары; қос тұздары ашудас (квасцы) деп аталады. KAl(SO4)212H2O; KCr(SO4)212H2O.
Гидросульфаттарды активті металдар түзеді, суда жақсы ериді, қыздырғанда дисульфаттарға айналады. Дисульфаттар гидролизге түскенде кері реакция жүреді: Na2S2O7 + H2O ↔ 2NaHSO4
Алу: Күкіртті сутекті балқытылған күкіртті сутекпен әрекеттестіріп не сульфидтерге сұйытылған тұз қышқылымен әсер етіп алады:
H2 + S = H2S; ZnS + 2HCI = ZnCI2 + H2S
S 2- - қосылыстары: H2 S газ, судағы ерітіндісі, әлсіз қышқыл. H2 S ↔ H++HS- ↔ 2H++S2- Бұл өте улы газ , гемоглобин құрамындағы Fe 2+ әрекеттеседі. H2S → сульфид → гидросульфидтер , гидросульфидтер суда жақсы ериді. Тұздары түсті HgS-қызыл, CdS- тоқ сары; ZnS – сары.
1.суда еритін сульфидтер: сілтілік, сілтілік-жер металдар сульфидтері, гидролизге ұшырайды.
2.cуда ерімейді, бірақ қышқылдарда (HCl, H2SO4) ериді, егер ЕК <10-26 .
3.азот қышқылындада ериді
CuS+4HNO3 конц. →Cu(NO3)2 +S+NO2+2H2O.
Күкіртті сутек күшті тотықсыздандырғыш, ауада жанады:
2H2S + 3О2 → 2SO2 + 2H2O , ауа жеткіліксіз болса, күкірт түзіледі, бұл реакцияны күкірт алу үшін пайдаланады: 2H2S + О2 → 2S + 2H2O.
Сульфидтерді элементтерді тікелей әрекеттестіріп алады: Zn + S = ZnS;
Суда ерімейтін сульфидтерді сульфаттар ерітіндісіне көмірсутекпен не еритін сульфидтермен әсер етіп алады: CuSO4 + H2S = CuS + H2SO4 ;
Активті металдар сульфидтерін сульфаттарды көмірмен жоғары температурада тотықсыздандырып: ВаSO4 + 4С = ВаS + 4СО алады.
Сульфидтер де оксидтер сияқты период бойынша негіздік, қышқылдық, амфотерлі болады. Сульфидтер жартылай өткізгіштік қасиеттер көрсетеді.
Негіздік және қышқылдық сульфидтер әрекеттесіп, тиотұздар түзеді.
Na2S + CS2 = Na2CS3. Тиоқышқылдары тұрақсыз.
Күкірт және оның қосылыстарының қолданылуы: Өндірілетін күкірттің жартысынан көбі күкірт қышқылын алуға қолданылады. Ауыл шаруашылығында өсімдіктер ауыруымен күресуге қолданылады. Каучуктер вулканизациясында, сіреңке өндірісінде, күкіртті көміртек синтезінде, тері ауруларын емдеуге қолданылады. H2SO4 – минералды тыңайтқыштар алуда, басқа қышқылдар алуда, металдар мен бейметалдар алуда, сульфаттар алуда, мұнай өнімдерін тазалауда, қорғасын аккумуляторларын алуда, шыны өндірісінде қолданылады. Металдардың сульфидтерінің түстеріндегі және ерігіштіктеріндегі айырмашылықтарын аналитикалық химияда металл катиондарын анықтауға және бір-бірінен ажыратуға қолданады.
Қайталауға және өздік бақылауға арналған сұрақтар :
1.Элементтердің жалпы сипаттамасы; 2. Оттегінің металдармен, бейметалдармен қосылыстары, қасиеттері; 3. Күкіртті сутек, алу, қасиеттері; 4. Күкірттің оттекті қосылыстары, қышқылдары, қасиеттері; 5. Сульфиттер, сульфаттар, сульфидтер, алу, қасиеттері.
Селен топшасы элементтері
Оттегі және күкірт элементтерінен селен топшасына өткенде атомдық радиустарының өсуі, иондану энергиялары мен электртерістіктерінің кемуі, олардың О2 → Те қарай металдық қасиеттерінің артуына әкеледі, сондықтан тотықтырғыштық қасиеттері кемиді де, тотықсыздандырғыштық қасиеттері артады. Оң тотығу дәрежелерінде топ бойынша жоғарыдан төмен қарай тотықтырғыштық қасиеттері артады. Мысалы, күкірт +4 тотығу дәрежесі көбірек тотықсыздандырғыштық қасиет көрсетсе, ал селен мен теллурдың +4 тотығу дәрежелеріндегі қосылыстары - тотықтырғыштар.
Алу: жер қыртысында Sе - 6.10-5% , Те - 1.10-6 %. Бұл элементтер көбінесе мыс, мырыш, қорғасын сульфидтерінде ілесіп жүреді. Сондықтан оларды түсті металлургия қалдықтарынан және күкірт қышқылы өндірісінде алады. Олар да сульфидтерді жаққанда күкірт сияқты SеО2, ТеО2 оксидтеріне айналады, содан кейін күкіртті газбен тотықсыздандырады:
SеО2 +2SО2 + 2Н2О = Sе + 2Н2SО4
Аса таза Sе және Те вакуумдық дистилляция арқылы алынады.
Физикалық қасиеттері: Sе мен Те әртүрлі түр өзгерістерде бола алады.
Sе және Те – жартылай өткізгіштер. Sе, Те оттегімен, галогендермен +6 және +4 тотығу дәрежелерін көрсететін қосылыстар түзеді.
Sе (Те) + О2 →SеО2 (ТеО2), SеО3 (ТеО3),
Sе (Те) + Г2 →SеГ4 (ТеГ4), SеГ6 (ТеГ6)
Күкірттен теллурға қарай металдық қасиет артатындықтан галогенидтері
әртүрлі және тұрақты. Суда ериді, гидролизге ұшырайды.
Сұйытылған тотықтырғыш-қышқылдармен селен әрекеттеспейді, ал теллур сумен де тотығады, қыздырғанда: Те + 2Н2О = ТеО2 + 2Н2
Қыздырғанда (балқытқанда) Sе, Те металдармен әрекеттесіп, селенидтер мен теллуридтер түзеді: 2 Сu + Sе → Cu2Se; 2 Ag + Te → Ag2Te
Күкірт сияқты сілтілер ерітіндісімен Sе әрекеттессе , ал Te қайнатса ғана, диспропорциялану реакцияларына түседі:
қыздыру
3Sе + 6КОН ───→ 2К2Sе + К2SеО3 + 3Н2О
←───
суыту
Қосылыстары, алу, олардың қасиеттері
Sе, Те ауада жанғанда диоксидтері түзіледі:
Те (Sе) + О2 → ТеО2 (SеО2). Бұл диоксидтер-қатты, полимер заттар. SO2 – SeO2 – TeO2 қатары бойынша қышқылдық қасиеттері азаяды.
ТеО2 суда нашар ериді, ол амфотерлік қасиет көрсетеді. SеО2 суда жақсы ериді, екі оксид те сілтілерде жақсы ериді.
(TeO2) SеО2 + 2NaOH = (Na2TeO3) Na2SeO3 + H2O,
TeO2 + 4НСІ → ТеСІ4 + 2H2O
Осы оксидтерге сәйкес селенді және теллурлы қышқылдар тұздары -селениттер мен теллуриттер түзіледі. Бұл қышқылдардың күші H2SO3 - H2SeO3 - H2TeO3 қатар бойынша төмендейді. Бұл қышқылдарды тұздарына күшті қышқылдармен әсер етіп, бөліп алуға болады. Н2SeO3 – ақ, оны диоксидін суда ерітіп те алуға болады, ылғал жұтқыш, қатты зат, 700С-ден жоғары болса, айрылады; Н2ТеО3 полимеризацияланады, оны ТеО2 . хН2О деп те жазуға болады, амфотерлік қасиет көрсетеді. Екі қышқыл да әлсіз қышқылдар, күшті тотықтырғыштар оларды селен қышқылы мен теллур қышқылына айналдырады.
5Н2SeO3 + 2 КМnO4 +3Н2SО4 = 5Н2SeO4 + 2МnSО4 + К2SО4 + 3Н2О
Теллурдың ортотеллур Н6ТеО6 және Н2ТеО4 метателлур қышқылдары бар. Н2SeO4 және Н2ТеО4 селен, теллур қышқылдары. Бұл қышқылдар-түссіз, қатты заттар. Н2SeO4 –күшті қышқыл, Н6ТеО4 әлсіз қышқыл. Н2ТeO4 және Н2SeO4 күшті тотықтырғыштар:
SeO42- + 4H+ + 2e = Н2SeO4 + Н2О, Е = 1,15в
Н6ТеО6 + 2Н+ +2e → ТеО2 + 4H2O Е = 1,02в
SО42- + 4Н+ +2e → Н2SО3 + H2O Е = 0,17в
Бұл мәндерден Н2SО4 әлсізірек тотықтырғыш екендігін көруге болады, сондықтан олар НСI-ды СI2-ге дейін тотықтыра алады (Н2SО4 –тотықтыра алмайды):
Н2SeO4 +2 НСI = СI2 + Н2SеО3 + Н2О
Селен қышқылында ыстық күкірт қышқылы да еріте алмайтын алтын ериді:
2Аu+6H2SeO4 =Au2(SeO4)3+3SeO2 +6H2O
бірақ платинаны еріте алмайды, тек селен және тұз қышқылдарының концентрлі ерітінділері қоспасы болса, платина мен алтынды ерітеді (хлор атомы бөлінетіндіктен):
2Н2SeO4+4НСI+ Рt = PtCI4 +2SeO2+4H2O
Селенаттар сульфаттарға көбірек ұқсас: бірдей металдардың селенттары мен сульфаттары ерігіштіктері бойынша жақын, ашудас сияқты қос тұз түзуге қабілеттіліктері де ұқсас, кристаллохимиялық структуралары жақын. Олардың арасында изоморфизм мысалдары көп, ал теллураттар бөліктеу, ВаТеО4 суда жақсы ериді. Сонымен бірге, селенаттар тұрақсыздау, оттегіні оңай бөледі, ал тотықсыздандырғыштармен қыздырған кезде селенді бөледі.
Ортотеллур қышқылын қыздырғанда триоксид түзіледі.
3000
Н6ТеО6 = 3H2O + TeO3 не H2TeO4 ═ H2O + TeO3
Селен триоксиды былай алынады: К2SeO4 + SO3 = К2SO4+ SeO3,
SeO3 кристалды зат, суда жақсы ериді, TeO3 суда ерімейді. SeO3, TeO3 күшті тотықтырғыштар, суық тұз қышқылын SeO3 тотықтыра алады, ал TeO3-тек қыздырғанда: ЭО3 + 2НСI → СI2 +Н2ЭО3 РоО3-алынған жоқ.
Селен қышқылы күші бойынша Н2SO4 жақын КD=1.10-2, ал теллур қышқылы әлсіз КD=2.10-8.
Сонымен, селен қышқылын SeO3 + Н2О = Н2SeO4 алса, теллур қышқылын тек қыздырып, мына реакция бойынша алады:
t 0
Те + Н2О2 → Н2TeO4 + 2H2O
(30%)
Күкірт сутектің гомологтары Н2Se, Н2Те - ұшқыш заттар.
Оларды былай алады: АI2Te3 + 6H2O = 3H2Te + 2AI(OH)3 теллуридтерді, селенидтерді суда не сұйық қышқылдарда ерітіп: FeSe + 2HCI = FeCI2 + H2Se
Олар улы, түссіз, жағымсыз иісті газдар, суда ерітіп, әлсіз қышқылдарын алады. Н2S → Н2Sе → Н2Те қышқылдық қасиеттері артады, себебі халькоген мен сутегі арасындағы байланыстың беріктігі азаяды. Н2Те тек орта тұз түзеді.
Н2S → Н2Sе → Н2Те тотықсыздандырғыш қасиеттері жоғарылайды. Н2Sе және Н2Те судағы ерітінділерінде тотығып, бос Sе,Те бөледі. Газ тәріздес Н2Sе мен Н2Те жанғанда диоксидтер түтінденіп бөлінеді: 2Н2Э + 2О2 → 2Н2О + ЭО2
Селенидтер (металдармен қосылыстары) қасиеттері бойынша көбірек сульфидтерге ұқсас. Сілтілік металдар, мыс және күміс селенидтері мен теллуридтері - стехиометриялық қосылыстар, селенсутек және теллурсутек қышқылдарының тұзы, олар оңай гидролизденеді.
5>
Достарыңызбен бөлісу: |