Источник: Информационная система «ПАРАГРАФ»
Документ: ҚР ҮКІМЕТІНІҢ 2012.16.01 № 72 ҚАУЛЫСЫ
Дата: 05.01.2016 18:46:56
Почта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларын және Почта жөнелтімдеріне почта мөртабанын қолдану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 16 қаңтардағы № 72 Қаулысы
(2014.10.02. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2014.10.02. № 74 Қаулысымен кіріспе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
«Почта туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-тармағының 5) және 7) тармақшаларына және «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Почта байланысы қызметтерін көрсету қағидалары;
2) Почта жөнелтімдерінде почта мөртабанын қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
К. Мәсімов
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 16 қаңтардағы
№ 72 қаулысымен
бекітілген
Почта байланысы қызметтерін көрсету
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Почта байланысы қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Почта туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына, Қазақстан Республикасымен ратификацияланған халықаралық келісім-шарттарына сәйкес әзірленген және почта операторларының пайдаланушыларға почта байланысы қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
2. Почта байланысының қызмет көрсетуіне мыналар жатады:
1) почта байланысының баршаға қолжетімді қызметтерін көрсету, олар почта жәшіктерінен жиналып алынған және (немесе) операциялық терезелер арқылы қабылданған жай хаттарды, почталық карточкаларды және бандерольдерді жіберуді білдіреді;
2) тіркелінетін почта жөнелтімдерін жіберу бойынша қызмет көрсету, оларға:
тапсырысты хатты;
тапсырысты почта карточкасын;
тапсырысты бандерольді;
құндылығы жарияланған хатты;
құндылығы жарияланған бандерольді;
ұсақ пакетті;
«М» қабын;
жай посылканы;
құндылығы жарияланған посылканы;
тікелей почталық контейнерді жіберу жатады;
3) жеделдетілген және курьерлік почта қызметін көрсету, оларға жеделдетілген және курьерлік почтаның хатын (пакетін) және посылкасын жіберу жатады;
4) ақшаны почтамен аудару қызметін көрсету, оған почта желісі бойынша жіберілетін белгіленген үлгідегі бланкіні пайдаланып ақшаны жіберу жатады. Осы Қағидаларда төлемдер мен ақша аударымдары саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын ақша аударымдары регламенттелмейді;
5) жазылып алынатын мерзімдік баспасөз басылымдарын тарату қызметін көрсету, ол мерзімдік баспасөз басылымдарына каталог бойынша жазылуды қабылдауды, тапсырыстарды өңдеуді, экспедициялауды, жіберуді және жеткізуді білдіреді, және олардың бөлшек сатуын білдіретін мерзімдік баспасөз басылымдарын сату;
6) филателистік өнімді сату қызметін көрсету, ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік почта төлемі белгілерін пайдаланушыларға коллекциялау мақсаты үшін сату қызметін білдіреді. Ұлттық почта операторының филателистік іс-шараларды өткізуі оның ішкі құқықтық актілерімен регламенттеледі;
7) Почта байланысының өзге қызметтерін көрсету, олар:
почта жөнелтімдерін үйден қабылдап алу;
почта операторының өндірістік объектісінде беруге жататын почта жөнелтімдерін үйге жеткізіп беру:
абонементтік және абоненттік жәшіктерді пайдалануға беру;
сүйемелдеуші бланкілерді толтырып беру;
почта жөнелтімдерін буып-түю;
почта жөнелтімдерін сақтау;
көрсетілуі почта байланысы қызметтерімен ажыратылусыз байланысқан өзге де қызметтер, оның ішінде электрондық почта және факсимильдік байланыс қызметін көрсету болып табылады.
Электрондық почта қызметтері пайдаланушыға электрондық тасығышта берілетін немесе пайдаланушының дербес компьютеріне жіберілетін электронды хабарламаға және бөлек кезеңде жай немесе тапсырысты хатпен жіберілетін (гибридтік жөнелтім) электронды хабарламаға бөлінеді.
Факсимильдік байланыс қызметтері почта операторының өндірістік объектісінде қолға берілетін ашық факсимильдік хабарламаға, және көрсетілген мекенжайға тапсырысты немесе жай хатпен жеткізілетін жабық факсимильдік хабарламаға бөлінеді.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақаулы жөнелтім - салымға қол салушылық белгісі бар (буып-түюі бұзылған) немесе салмағы жөнелтімде көрсетілген салмаққа сәйкес келмейтін жөнелтім;
2) алынғаны туралы хабарламасы бар почта жөнелтімі - беру кезінде жөнелтуші почта жөнелтімінің кімге және қашан табыс етілгендігін өзіне немесе көрсеткен адамына хабарлауды почта операторына тапсырған, тіркелетін почта жөнелтімі;
3) бақылау мерзімі (почта жөнелтімдерін, почтамен ақша аударымдарын, жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдерін жіберудің бақылау мерзімдері) - оларды қабылдаған орынның өндіріс объектісінен оларды беретін орын өндіріс объектісіне дейін жөнелтімдерді жіберуді оператор жүзеге асыруға міндетті мерзім;
4) бандероль - баспасөз басылымдары, іс қағаздары және басқа заттар салынған почта жөнелтімі, оның салымы, мөлшері, салмағы мен буып-түю тәсілі осы Қағидаларда көзделген;
5) Дүниежүзілік почта одағы (ДПО) - почта байланысы саласындағы халықаралық ұйым;
6) Дүниежүзілік почта одағының актілері (ДПО актілері) - Дүниежүзілік почта одағының Жарғысы, Жалпы регламенті, Дүниежүзілік почта конвенциясы, Жазбаша хат-хабарлар регламенті, Почталық посылкалар регламенті, Почта төлемдерінің қызметі туралы келісім және Келісімнің регламенті;
7) жай почта посылкасы - салынымдарының құнын бағаламай жіберушіге түбіртек беріп қабылданатын және алушыға қолхат арқылы тапсырылатын посылка;
8) жеделдетілген почта жөнелтімдері - жеделдетілген тәртіпте өңделетін және жеткізілетін хаттар (пакеттер) және посылкалар;
9) каталог - бөлшек сату және жазылым бойынша таратуға қабылданған мерзімді баспасөз басылымдарының жинақ тізбесі;
10) «Консигнация» - халықаралық почта жөнелтімдерін бір жөнелтуші бір алушының мекенжайына топтастыра жіберу қызметін көрсету;
11) курьерлік почта жөнелтімдері - курьерді пайдалану арқылы жедел тәртіпте өңделетін және жеткізілетін хаттар (пакеттер) және посылкалар;
12) «М» қабы (арнайы қап) - бір жөнелтушімен бір алушыға жіберілетін басылымдарын (мерзімді басылымдар, кітаптар және сол сияқты) қамтитын халықаралық почта жөнелтімі;
13) операциялық терезе - пайдаланушыға қызмет көрсететін почта операторының өндірістік объектісіндегі жұмыс орны;
14) почта жөнелтімін жеткізу - почта жөнелтімін жеткізу жеріндегі өндірістік объектілерінен абоненттік, абонементтік почта жәшігіне, не болмаса жөнелтушімен көрсетілген басқа мекенжайға орын ауыстыру;
15) почта жөнелтімінің санаттары - почта жөнелтімінің қабылдау, өңдеу, жіберу және жеткізу тәртібі мен шарттарын айқындайтын сипаттар жиынтығы (жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған, арнайы белгілермен);
16) посылка - салынымы, көлемдері, салмағы және буып-түюі осы Қағидаларда көзделген тауарлар және басқа заттар салынып жіберілетін почта жөнелтімі;
17) секограмма - секографиялық әдіспен жазылған, ашық түрде берілетін жазбаша хабарламалар, секографиялық белгілері басылған клишелер, тек зағиптарға арналған дыбыс жазулары салынған почта жөнелтімі;
18) таратылмаған почта жөнелтімдері - белгіленген мерзім ішінде алушыға жеткізілмеген (табыс етілмеген), жіберушісіне кері мекенжайы көрсетілмегендіктен қайтарылмаған почта жөнелтімдері;
19) төлемақысы қосарланған почта жөнелтімі - тапсыру кезінде жөнелтуші төлемақы сомасын алушыдан алуды почта операторына тапсырған почта жөнелтімі;
20) тікелей почта контейнері - тауарлар және басқа да материалды құндылықтар салынып, белгіленген тәртіппен жөнелтушімен пломбалаған (мөрлеп бекіткен) және тиісті орнына жеткізілгенге дейін жолда ашылмайтын контейнер түріндегі почта жөнелтімі;
21) тірек пунктінің почта шкафы - жеткізу учаскесінде почта жөнелтімдерін уақытша сақтау үшін немесе адресаттың почта жөнелтімдерін алуына арналған арнайы шкаф;
22) ұсақ пакет - салынымы тауарлардың бір үлгілерінен, сыйлық сипатындағы ұсақ заттар болатын, және көлемдері, салмағы және буып-түюі осы Қағидаларда қарастырылған халықаралық тапсырысты почта жөнелтімі;
23) үстеме төленетін жазбаша хат-хабар - жөнелтуші жіберу ақысын жартылай немесе толық төлемеген жай жазбаша хат-хабар;
24) ішкі почта жөнелтімі - Қазақстан Республикасы аумағының шегінде алушыға жіберу және жеткізіп беру үшін қабылданатын жөнелтім;
25) халықаралық почта жөнелтімі - ДПО-ға мүше елдердің аумағы шегінде алушыға жіберу және жеткізіп беру үшін қабылданатын жөнелтім;
26) хат - жазбаша хабарлама салынған хатқалта түрінде жіберілетін почта жөнелтімі.
2. Пайдаланушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша
талаптар және операциялық күнді өткізу тәртібі
4. Ұлттық почта операторымен республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының келісімі бойынша елді мекендерде, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсететін теміржол станцияларында, әуежайларда, теңіз (өзен) айлақтарында және кеме тоқтайтын жағалауларда, көшпелі почталық пункттер аялдамаларында жай жазбаша хат-хабарларды жинау үшін почта жәшіктері орнатылады. Почта жәшіктері сондай-ақ Ұлттық почта операторының өндірістік объектісінің кіреберісте орнатылады.
Почта жәшігінде Ұлттық почта операторының логотипі, берілген нөмірі, хат-хабарларды жәшіктен алу жиілігі мен уақыты (алғашқы және соңғы алыну уақыты) көрсетіледі. Ауылдық жерлердегі почта жәшігінде Ұлттық почта операторының логотипі, берілген нөмірі, қызмет көрсететін почта байланысы бөлімшесінің почта индексі, алыну уақыты, сондай-ақ алынбайтын күндер көрсетіледі.
5. Почта байланысының қызметін көрсету үшін почта операторының өндірістік объектілерінде барлық операциялық күн бойы почта байланысының қызметін көрсету үшін операциялық терезелер орнатылады.
6. Операциялық күннің жүргізілу тәртібі мен оның ұзақтығы почта операторы почта байланысы технологияларын ескере отырып пайдаланушылар үшін ыңғайлы режимде почта операторымен белгіленеді.
7. Почта операторының өндірістік объектісіне кірер жерде өндірістік объектінің атауы және жұмыс тәртібі көрсетілген маңдайша жазба орнатылады. Қалаларда орналасқан және жылжымалы кесте бойынша, түскі үзіліспен немесе демалыс күндерімен жұмыс істейтін өндірістік объектілерде сондай-ақ басқа кесте бойынша немесе демалыс күндерсіз қызмет көрсететін таяу маңдағы өндірістік объектінің орналасқан жері және жұмыс тәртібі көрсетілген хабарландыру ілінеді. Маңдайша мен хабарландыру мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылады.
8. Почта операторының өндірістік объектісінің операция залында пайдаланушыларға көрнекі және қол жетімді жерде өтініш, шағым және ұсыныстар кітабы, сондай-ақ, мынадай ақпараттық материалдар ілінеді:
1) почта байланысының қызмет көрсету түрлерінің тізбесі;
2) почта байланысының қызмет көрсетулеріне тарифтер;
3) почта жөнелтімдерін, почтамен ақша аударымдарын жіберудің бақылау мерзімдері;
4) почта жөнелтімдерін, почтамен ақша аударымдарын сақтау мерзімдері;
5) мекенжайды жазу тәртібі;
6) почта жөнелтімдерін буып-түю тәртібі;
7) почта жөнелтімдерінің көлемдері және шектеулі салмағы;
8) жіберуге тыйым салынған және шектелген заттар мен бұйымдардың тізбесі;
9) почта индекстері;
10) жеке санаттағы азаматтарға қызмет көрсетудің артықшылықтары туралы;
11) почта қызметін көрсету барысында пайдаланушылар алдындағы міндеттерін бұзғаны және почта туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін почта операторының жауапкершілігі;
12) пайдаланушылардың почта туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігі;
13) почта операторының өзінен жоғары тұрған бөлімшесінің атауы, мекенжайы және телефон нөмірі;
14) почта байланысының қызметтерін көрсету жөнінде басқа да ақпарат.
Ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде беріледі.
3. Почта операторының атаулы заттарын пайдалану тәртібі
9. Почта операторының өндірістік объектілері өзіндік атаулы мүліктермен қамтамасыз етіледі.
10. Ұлттық почта операторының атаулы мүліктері: почталық, қосымша төлеу және арнайы штемпельдер, сақтандыру мөрлері, пломбирлер, айналмалы баспа құрылғылары, өндірістік объектілердің атауы ойылып жазылған металл пластиналар, бақылау-аударым мөрлері болып табылады.
11. Ұлттық почта операторының әрбір атаулы мүлігінде: мемлекеттің («Қазақстан»), облыстың, Ұлттық почта операторының, оның өндірістік объектісінің атаулары және объектінің нөмірі (егер бір елді мекенде бірнеше объектілері болса) ойылып жазылады. Облыс орталықтарының және Астана, Алматы қалаларының өндірістік объектілерінің атаулы мүліктерінде облыстардың аттары көрсетілмейді.
Бір елді мекенде почта операторының бірнеше өндірістік объектілері болған жағдайда, ал бір өндірістік объектіде жұмыс шарттары бойынша біреуден аса атаулы мүлік болуы қажет болса, атаулы мүліктерге ерекшелік әріп немесе нөмір енгізіледі. Одан басқа, почта штемпелінде бедерді соққан күні болады.
12. Өзге почта операторларының атаулы мүліктерінде осы операторлардың атауын көрсету арқылы Ұлттық почта операторының өндірістік объектілерінде қолданылатын атаулы мүліктерінен айырмашылығы болуы тиіс.
4. Почта жөнелтімдерін ресімдеу стандарттары
Почта жөнелтімдерін буып-түю
13. Почта жөнелтімдерінің буып-түйілуі салыным сипатына, жіберілу шарттарына және жол ұзақтығына сәйкес болуы, өңдеу және тасымалдау кезінде салынымдардың бүліну, оған орамын, мөрін, пломбасын, байламын, таспасын бүлдірместен қол сұғу, сондай-ақ басқа жөнелтімдерді бүлдіру және почта операторының жұмыскерлеріне залал тигізу мүмкіндігіне жол бермейтіндей болуы тиіс.
14. Хатқалталар және почта карточкалары, посылкаларды (бандерольдерді) буып түю үшін ыдыс осы Қағидалар мен ДПО актілерінің талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Буып-түю материалы ретінде:
1) хаттар үшін - почта хатқалталары;
2) құндылығы жарияланған хаттар үшін - почта хатқалталары немесе қатты қағаз, мата, полиэтилен хатқалталары және салынымның сақталуын қамтамасыз ететін басқа материалдар;
3) бандерольдер мен ұсақ пакеттер үшін - полиэтилен пакеттері, почта хатқалталары, қатты қағаз, мата, қорап, картон қорап, ағаш (фанер) не металл жәшіктер;
4) посылкалар үшін - посылкалық жәшіктер (картон, ағаш, фанер және полимер) немесе жұмсақ тыс қолданылады.
Почта жөнелтімдерін буып-түю үшін қолданылатын мата тұтас кездемеден жасалып, ашық бір түсті болуы тиіс.
15. Салыным орам ішінде қозғалмауы тиіс. Бір бандерольге бірнеше заттар салынатын болса, олар алдын ала байланады.
Салмағы 500 граммнан (бұдан әрі - г) асатын жай және тапсырысты бандерольдер айқастырылып кендір жіппен буылады.
16. Бандероль салынымы түтікше етіп оралуы және қағаз не басқа таспамен қосымша бекітілуі (бандерольденуі) мүмкін, заттың ұзындығы 45 сантиметрден (бұдан әрі - см) артық болған кезде ол қатты затқа оралады.
17. Посылкалар салынымының ерекшеліктеріне байланысты, оларды буып-түю кезінде мына шарттар сақталуы тиіс және оларды орындауы қажеттілігі туралы жөнелтуші ескертіледі:
1) осал және сынатын заттар қатты ыдысқа ағаш үгіндісімен аралас салынады немесе жоңқамен, мақтамен және басқа толтырғышпен салынады;
2) фильмдер, фильмдер мен киношежіренің бастапқы материалдары, магнит таспалары, компакт-кассеталар, компакт-дискілер арнайы ыдысқа салынады;
3) тұқым, дән, жаңғақ, кептірілген жеміс, ұн және басқа сусымалы заттар тығыз матадан, үлдіршектен істелген қапшықтарға, мықты қағаз пакеттерге оралып, жәшікке немесе картон қорапқа салынады;
4) көшеттер сырты матамен тігілген себетке немесе желдеткіш тесіктері бар жәшіктерге салынады. Себеттің (жәшіктің) түбіне тығыз полиэтилен үлдіршек салынады;
5) құрғақ бояу ұнтақтары (анилин көктігі сияқты), майлы, сұйық, сұйық күйге айналатын заттар (май сылаулар, жұмсақ сабындар, сағыздар, сироптар, қайнатпалар, бал және басқалар) алдымен жабық шыны емес ішкі ыдыстарда болуы керек, кейіннен олар екінші мықты жәшікке салынып, екі арасына сәйкесінше ағып кетуден сақтандыратын және тартып алғыш материалмен толтырылады;
6) тірі аралар, сүліктер және жәндіктер шығып кету мүмкіндігінің алдын алуы тиіс арнайы мықты торкөзді жәшіктерге салынады. Аралары бар посылкалар ауа еркін кіретін көлеңкелі орында сақталуы керек, мұндай посылкаларды тығыз жабылатын шкафтарға салуға тыйым салынады;
7) фабрикалық өңдеуден өтпеген аң және кеміргіштер терілері, сондай-ақ жүн, қылшық, шаш, мамық салынған посылкалар алдымен матаға (қапқа, полиэтилен үлдіршекке) оралады, содан кейін жәшікке не картон қорапқа салынады;
8) радиолампалар мен басқа дәл аспаптар (өлшеуші және т.б.) жұмсақ төсенішпен толтырылған қатты ыдысқа немесе орнықтыратын арнайы жүйесі бар жәшіктерге салынады;
9) тірі өсімдіктер (жүзім сабағы, көшет және т.б.), сондай-ақ сынбайтын ірі габаритті үшкір ұштары мен қырлары жоқ, өздерінің көлемі жағынан белгіленген көлемдердегі посылка ыдысына буып түюлуі мүмкін емес заттар, олар жіберу үшін қаптық материалға (матаға) оралған күйде қабылданады;
10) тұтас және сынбайтын, сондай-ақ бөлшектенбейтін, өткір қырлары жоқ заттарды көлемі мен салмағы осы Қағидалардың 1-қосымшасында белгіленгеннен аспайтын заттар (сызу тақтасы, балалар шанасы, чемодандар, бидондар және басқалары), жәшіктерде немесе матада буып-түйілмей ақ ашық жіберіле алады. Автодөңгелектер тек таза күйінде қабылданады;
11) жас жеміс-жидектердің қатты сорттары салынған посылкалар ағаш не фанер жәшікпен қабылданады, олардың бүйір қабырғаларында желдеткіш тесіктері не көлденең ойықтары болады;
12) қымбат бағалы металдардың буып-түюі мықты метал жәшіктен немесе ағаш жәшіктен болуы тиіс, оның қабырғасы 10 килограммға (бұдан әрі - кг) дейінгі посылка үшін кем дегенде 1 см, және салмағы 10 кг жоғары посылка үшін 1,5 см болуы керек. Сондай-ақ буып-түю қосарланған ораманы құрайтын тігісі жоқ екі қаптан болуы мүмкін. Егер фанерден жасалған ағаш жәшік қолданылса, оның шеттері темір бұрыштамамен бекітілген жағдайда қабырғаларының қалыңдығы 0,5 см-мен шектелуі мүмкін.
13) зауыттық орамадағы бөлінбейтін заттарды (ағаш немесе мықты картон жәшікте), белгіленген көлемдерге жауап беретін және салыным сақталуын қамтамасыз ететін болса, жерүсті көлігімен жіберу үшін қосымша буып-түюсіз қабылдауға рұқсат етіледі.
Почта жөнелтімдерінде, почтамен ақша аударымдарында
мекенжайды ресімдеу тәртібі
18. Почта жөнелтімдеріндегі және сүйемелдеуші бланкілеріндегі, сондай-ақ почтамен ақша аударымдары бланкілеріндегі мекенжайлық барлық деректері қолмен (немесе типографиялық әдіспен не басқа да баспа техникасын пайдалану арқылы басылып) айқын, түсінікті, түзетулерсіз, қысқартылған атауларсыз немесе шартты әріпсіз, цифрлерсіз, белгілерсіз жазылады. Почта жөнелтімдеріне мекенжайы ақ қағазға басылған немесе қолмен жазылған адрестік жапсырма жапсыруға болады.
Хаттардағы және почта карточкаларындағы адресаттың почталық индексі кодтық орынға цифрлермен қызыл, сары және жасыл түсті сиялардан басқа кез келген түсті сиямен жазылады.
19. Почта жөнелтімдерінде, сүйемелдеуші бланкілерінде және почтамен ақша аударым бланкілерінде жіберуші мен адресаттың мекенжайын көрсету жіберуші мен алушының тек бір мекенжайын көрсету арқылы жүзеге асырылады.
Халықаралық почта жөнелтімдерінде Қазақстан Республикасының елді мекенінің мекенжайы болып табылатын жіберушінің тек бір мекенжайы көрсетіледі.
20. Мекенжайды жазу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) жеке тұлғаның фамилиясы, аты, әкесінің аты немесе заңды тұлғаның атауы;
2) көшенің, ықшам ауданның аты, үй нөмірі, пәтер нөмірі;
3) елді мекеннің атауы (қала, кент, ауыл және село);
4) ауданның атауы;
5) облыстың атауы;
6) елдің атауы (халықаралық жөнелтімдер үшін);
7) почта индексі.
Алуды тездету үшін жіберуші адресаттың (жіберушінің) үй, мобильді телефон номерін, электронды почтасының мекенжайын көрсете алады.
21. Жөнелтушінің мекенжайы почта жөнелтімінің сол жоғарғы бұрышында, адресаттың мекенжайы - почта жөнелтімінің оң астыңғы бөлігінде көрсетіледі. Адрестік блоктағы жолдар сол жақпен түзете жазылуы тиіс.
22. Почта жөнелтімдерінде почта операторының, сондай-ақ тапсырыс берушілердің жарнамасын жарнама туралы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен орналастыруға болады.
23. Почта жөнелтімдері, почтамен ақша аударымдары, факсимильдік байланыс пен электрондық почта жөнелтімдері адресаттың аты-жөнін, заңды тұлғаның атауын көрсете «Талап еткенге дейін» немесе «Абонемент жәшігіне» адрестелуі мүмкін.
24. Қазақстан Республикасы аумағы бойынша жіберілетін почта жөнелтімдеріндегі, почтамен ақша аударымындағы жөнелтуші мен алушының мекенжайлары жөнелтушінің қалауы бойынша мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде ресімделуі тиіс.
Халықаралық почта жөнелтімдерінде және халықаралық почтамен ақша аударымы бланкілерінде мекенжай латын әріптерімен және араб цифрымен немесе жеткізілетін елдің тілінде, елдің аты міндетті түрде мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қайталай отырып, жазылады.
25. Түрлеріне, санатына қарай ішкі почта жөнелтімдері мен почтамен ақша аударымдары бланкілерінің адрес жақ бетінің жоғарғы бөлігіне мынадай қосымша жазбалар жазылуы тиіс:
1) құндылығы жарияланған бандерольдерде - «... теңгеге құндылығы жарияланған бандероль», оған қосымша, ішіне салынғандарына тізімдеме жасалған құндылығы жарияланған бандерольдерге - «Тізімдеме жасалған», зағиптарға арналған шығыңқы әріпті бандерольдерге - «Зағиптарға арналған шығыңқы әріпті бандероль», зағиптарға арналған аудио жазба салынған бандерольдерге - «Бандероль. Зағиптар үшін сөйлейтін кітап»;
2) құндылығы жарияланған хаттарға - «... теңгеге құндылығы жарияланған» немесе «Жабық... теңгеге құндылығы жарияланған», ішіне салынғандары хатталып, құндылығы жарияланғанға - оған қосымша «Тізімдеме жасалған» деп жазылады;
3) төлемақысы қосарланған почта жөнелтімдеріне - «...теңге төлемақысы қосарланған» деп жазылады;
4) алғандығы туралы хабарламасымен қабылданған тіркелетін почта жөнелтімдері мен почтамен ақша аударымы бланкілеріне хабарламалы екені туралы жазылады, ал посылкаларда ондай жазба ілеспе бланкілерде көрсетілуі керек;
5) адресаттың өзіне табыс етуге жататын почта жөнелтімдерінің үстінгі бетінде мынадай белгілер болуы тиіс - «Өзіне табыс етілсін. Тапсырысты хабарламамен» деп жазылады;
6) соттық шақыру қағазымен тапсырысты хаттарда - «Сот шақыруы. Тапсырысты хабарламамен»;
7) дәл құралдар және радиолампалар сияқты осал заттар салынған почта жөнелтімдеріне және ондай посылкалардың ілеспе бланкілеріне «Абайлаңыз» деп жазылады;
8) посылкаларда және олардың ілеспе бланкілерінде:
құндылығы жарияланғандарына - «... теңгеге құндылығы жарияланған»;
ішіне салынғандары тізімдеме жасалғандарына - «Тізімдеме жасалған»;
көшет салынғандарына - «Көшет»;
бал аралары салынғандарына - «Абайлаңыз. Бал арасы. Күнге ұстамаңыз. Ветеринариялық сертификатпен»;
аң және кеміргіштер терісі салынғандарға - «Аң терісі. Ветеринариялық сертификатпен»;
жүн, қыл, шаш, қауырсын, түбіт салынғандарына - «Ветеринариялық сертификатпен»;
жаңа піскен жемістер мен көкөністер салынғандарына тиісінше «Жеміс», «Көкөніс» деп жазылады;
9) әуе кемелері арқылы жіберілетін посылкалар мен олардың ілеспе бланкілеріне, бандерольдерге - «Авиа» деп жазылады;
10) осы Қағидалардың 165-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалардан қабылданған почта жөнелтімдерінде - «Үкіметтік»-«Правительственное» белгісі болуы тиіс.
26. Ішіне оңай сынатын заттар салынған және оны ұстағанда өте абай болуды қажет ететін халықаралық посылка осал посылкаға жатады және оларда «Абайлаңыз» - «Осторожно» - «Colіs fragile» белгілері болуы тиіс. Әр осал посылкаға салудың және буып-түюдің жалпы ережесін сақтаған кезде жөнелтуші немесе почта операторының өндірістік объектісінің жұмысшысы оған ақ түске қызыл бояумен басылған шыны бұйымның бейнесі бар жапсырма желімдейді. Ілеспе бланкінің бет жағына өте анық көрінетіндей етіп «Абайлаңыз» - «Осторожно» - «Colіs fragile» белгілері желімделеді.
27. Өлшемдері осы Қағидалардың 2-қосымшасында белгіленген шамалардан асатын және өзінің көлемі немесе құрылымы бойынша басқа посылкалармен бірге тиеуге болмайтын немесе ерекше ұқыптылықты талап ететін халықаралық посылка «Қомақты» деп аталады.
Қомақты халықаралық посылкаға, сондай-ақ тиісті ілеспе мекенжайдың бет жағына айқын етіп «Қомақты», «Громоздкая», «Encombrant» сөздері жазылған жапсырма желімделуі тиіс.
28. Халықаралық алмасуда құндылығы жарияланған, осал және қомақты заттар салынған посылкалар мұндай жөнелтімдерді қабылдауға рұқсат ететін елдерге жіберуге қабылданады.
5. Почта жөнелтімдерінің түрлері және олардың техникалық сипаттамасы
Достарыңызбен бөлісу: |