Реферат kz Қазақша рефераттар сайты жаңа заманның саяси ғылымының Қалыптасуы және дамуы қайта өрлеу дәуіріндегі саясат пен құқық проблемалары



Дата19.06.2016
өлшемі90.12 Kb.
#147930
түріРеферат

ЖАҢА ЗАМАННЫҢ САЯСИ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ

Қайта өрлеу дәуіріндегі саясат пен құқық проблемалары. ХVI ғ. феодализмге қатты соққы жасалды. Капиалистік қаты­настар ене бастады, буржуазия мен пролетариат пайда бол­ды. Шаруалар қозғалысы өршіді. Әлеуметтік, саяси револю­циялар дәуірі басталды. Католик шіркеуінің о дүниелік игілік теориясына қарсы адамның ақыл-ой, тәжірибесі, жасампаздық күші күреске шықты. Жаңа заманның саяси ілімдерінде адам, жеке адам мен мемлекеттің қарым-қатынасы туралы пробле­малар маңызды орын ала бастады. Бұл «гуманизм» немесе Қайта өрлеу идеологиясы деп аталды. Антикалық мұраттарды пайдалану арқылы жаңа, буржуазиялық идеология жасалына бастады. Шіркеу мекемелерін сынауды алдыңғы қатарлы күш­тер «реформация» туы астында жүргізді. Шіркеуді демократия­ландыру ежелгі христианствоның талаптарына сай болды. Алайда сенімсіздік те бар еді. Езілген халықтың идеологиясы утопиялық социализм теоретиктері Т. Мюнцер, Т. Кампанелла, Т. Мор шығармаларында көрініс тапты. Утопист-социалистер мүлік ортақтастығын, жеке адамды қорғайтын ұжымдық құры­лысты, мемлекетті жақтады.

Италияндық Никколо Макиавелли (1469-1527) заманының көрнекті ойшылы болды. «Государь», «История Флоренции» деген еңбектерімен діни көзқарастан қол үзіп, саясат туралы теологиялық пікірге қарсы болды. Ортағасырлық құдайлық тұжырымдаманы тарихи объективтік қажеттілік және заңдылық идеялармен немесе өзі атағандай тағдырмен байланыстырды. Адамдардың күшіне сеніп, оларды саясатпен белсенді, шығармашылықпен айналысуды нұсқайды. Дінді бұқараны идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеу жолында пайдалану керек дейді. Сондықтан жалпы діннен қол үзе отырып, саясатты тәжірибелік ғылым ретінде негіздейді. Схоластиканы жоққа шығарады. Нақты саяси өмірдің христиан моралінің уағыз­дарымен еш байланысы жоқ дейді. Саясатты тәжірибелі ғылым деп негіздеуі теология мен схоластикаға берген соқ­қысы еді. Ол сонымен қатар антикалық және буржуазиялық саяси ғылымды байланыстырушы буын болды. Макиавелли жаңа заман үшін саяси ғылымның негізгі терминдерінің бірі стато (мемлекет) деген сөзді енгізді. Мемлекет пен саясатты «адамның көзі» деп қарап, оның өзгеріп отыратындығын көрсетеді, халық пен аристократтардың арасындағы күрес деп қарастырады. Мемлекеттің түрінің өзгеруіне әсер ететін факторларды қарастырады.

Мемлекеттің формалары әр түрлі болады: жеке адамның билігі, аздаған адамдардың билігі, бүкіл халықтың билігі. Аздаған адамдардың билігінде монархия, аристократия және демкоратия болып келеді. Әр түрдің орнауы күштердің арасалмағына байланысты дейді. Диалектикалық тұрғыдан түсіндіреді. Ең басты түрлері: монархия мен республика деп көрсетеді. Монарх болса да, адал болуы керектігін айтады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, князьдер берген сертін орын­дау арқылы емес, алдаумен, айламен әрекет жасау жолымен орасан зор істер тындырған дейді. Макиавелли монархияны тиранияға қарсы қойғанда абсолютизмді ақтау үшін жасайды. Қайткен күнде мемлекетті нығайтуды көздеген. Бөлшектенген Италияны күшейту үшін бір адамның диктатурасы, қантөгіс сөзсіз болады, уақытша өтпелі шара қажет, тек ерікті мемлекет қуатты бола алады, егер ол ортақ игілікке қызмет ететін болса дейді. Республиканы негіздеу үшін дворяндарды құрту керек дейді. Бұл оның ілімінің буржуазиялық бағытын көрсетеді. Буржуазияның мемлекеттің демократиялық формасын қалай­тыны белгілі.

Бірақ Макиавеллидің демократиясы дәйекті емес. Демокра­тиялық, аристократиялық, монархиялық элементтерді қарас­тырады. Ежелгі Рим осындай аралас билік түрлерін қолдану арқылы қуатты болған дейді. Макиавеллидің аралас мемлекет формалары тұжырымдамасын кейін Дж. Локк, Ш. Монтескье және басқа саясат ойшылдары қабылдады. Макиавелли – ең алдымен патриот болды. Италияны қуатты, тұтас мемлекет түрінде көруді аңсады. Бұл жолда ол елін феодализм мен шіркеудің тежеуінен алып шығып, прогресс, революциялық өзгерістер мүмкіндіктерін таба білді. Оның ілімі іс-қимылға, шығармашылыққа, бостандыққа, қайта жаңартуға шақырады. Мұның өзі саяси ойлаудағы орта ғасырлардан жаңа заманға жол салған революция еді.



Реформация. ХVI ғасырдың бірінші жартысында Батыс және Орталық Еуропада католицизмге қарсы діни қозғалыс басталды. Орталығы Алмания болды. Реформациялық қозға­лысқа әр түрлі қоғамдық күштер қатысты. Мемлекет, заң, құқық туралы саяси бағдарламалары да әркелкі болды. Олардың барлығы шіркеу құрылымын радикалды, қарапайым ету, демо­кратияландыру болды.

Реформацияның бастаушысы Мартин Лютер (1483-1546) әрбір құдайға сенуші асқан сенім арқылы өзін-өзі құтарады деп дәріптеді. Христиан дінін уағыздады. Адамның еркі, нанымы, жаны, ішкі дүниесі мемлекеттің ықпалынан, заңынан тысқары тұрады деді. Мемлекет туралы тұжырымдамасында ол князь-монарх билікті сонда ғана ақылмен пайдаланады, егер ол билікті кеңшілік деп түсінбей, оны құдай жүктеген міндет деп қараса дейді. Христиандық билеуші халықтың қызметшісі болуы керек. Лютер Алманияда демократиялық өзгерістер жасаудан аулақ, бірақ монархқа бағыну керек, үкіметке қарсы шықпау керек дейді. Көзқарастары қайшылықтарға толы. Аймақтық князь абсолютизмнің орнығуының кепілі дейді. Діни фанатизм де орын алды, реформацияға кедергі де жасады.

Томас Мюнцердің (1490-1525) шаруалық-плебейлік көзқара­сы реформациялық қозғалысты қандай болмасын қанаушы тәртіпке, әлеуметтік теңсіздікке, князьдер билігіне, шіркеулер қыспағына бітіспес ашық күреске айналдырды. Соның нәтижесінде Алманияда 1524-26 жж. шаруалар соғысы болмай қоймады. Мюнцердің шығармалары: «12 статья», «Статьялық хат». Шығармаларында билікті қарапайым халыққа беру керек деді. Республикалық идеяны жақтады. Белсенді революция­лық қимыл жасайтын адам болды, өз ғасырынан озып кетті. Таптық айырмашылық жоқ, жеке меншік жоқ, қоғамның мүше­леріне кедергі тудыратын мемлекеттік билігі жоқ қоғамдық құрылысты қалады.

ХVI-ХVII ғғ. утопиялық социализм. Көрнекті өкіл Томас Мор (1478-1585) «Утопия» деген еңбек жазған. Англиядағы қоғамдық құрылысты сынады. Мемлекеттің қанаушылық рөлін жақсы түсіндірді. Ол – жеке меншікке негізделген әлеуметтік-саяси құрылысқа қарсы. Жеке меншік жойылғанда ғана теңдік, әділдік болады дейді. Еңбек міндетті болу керек. Мемлекет пен лауазымды адамдардың басты міндеттері өндірісті және игіліктерді бөлуді ұйымдастыру дейді. Лауазымды адамдар халық қызметшісі болуы қажет. Мемлекет басында сайланып қойылатын князь болуы шарт және ол президенттің рөлін атқаруы қажет. Демократия элементтері өкілдік басшылықтың араласуымен қатар қойылған. Т. Мордың социалистік идеалы феодалдық және капиталистік қатынастарға қарсылық еді. Ол басқыншылық соғыстарды да айыптады. Құлдық еңбекті мойындады, социализмі қияли, себебі ондай қоғамға әлі алғышарттар жоқ болатын.

Италияндық Т. Кампанелла (1568-1639) – утопист-социа­лист, елін шетел басқыншыларынан құтқару жолындағы күрес­кер. «Күн қаласы» деген еңбегінде зұлымдық атаулының бар­шасы жеке меншіктен дейді. Ең қажетті қоғамдық-саяси құрылыс қоғамдық меншікке негізделуі тиіс. Барлығы еңбек етуге міндетті. Оқу өндірістік еңбекпен ұштастырылуы қажет. Ғылым мен техниканың дамуына үлкен мән береді. Әйел мен еркектің теңдігін жақтап, демократиялық мемлекеттің болуын қолдайды. Мемлекеттің басында ақылды, діни адам тұру қажет. Ол адам «күн» немесе «метафизик» деп аталуға тиіс. 20 жасқа толған азаматтардың барлығы үлкен кеңес дегенді құруы қажет. Үлгілі мемлекет құруды армандады. Ондай мемлекетті құдай бермейді. Маркс Кампанелланы мемлекетке «адам көзімен» қараған ойшыл деп бағалады. Мемлекеттің табиғи заңдарын теологиядан емес, ақыл-ойдан, тәжірибеден шығарды. Бірақ Кампанелла адамгершілікті құқықпен шатас­тырды, діни идеологиядан толығымен қол үзе алмады.

Голландық заң қызметкері Гуго Гроций (1583-1645) «Соғыс пен бейбітшіліктің құқығы туралы» үш томдық еңбек жазған. Онда жаратылыс құқығы, бұқаралық құқық, халықтар құқығы­ның принциптері туралы айтылады. Ол – сонымен қатар мемлекет, құқық, соғыс, халықаралық құқықтар туралы да ілімдерді қалыптастырушы. Адам құқығы, құдай құқығы деген жіктеулерді де бөлген. Құқықты күшпен ұстап тұру туралы сөз еткенде ол мемлекет жайлы мәселені шығарады. Азаматтық билік мемлекет ішіндегі «заңды құқықты» жасаушы дейді. Адамдар меншіктенуді қандай жолмен алатын болса мемле­кеттік билікті де сондай жолмен алуға болады дейді. Соғыстан құтылуға болмайды деп тұжырымдайды. Соғыстардың әділет­ті, әділетсіз сипаттарын көрсете келіп, олардың қасіретін азайтуға шақырады. Қоғам дамуын артқа тартатын феодалдық соғыстар туралы ой толғайды.

Голландық материалист-философ Бенедикт Спинозаның (1632-1677) «Діни-саяси трактат», «Этика», «Саяси трактат» деген еңбектері бар. Мемлекет пен құқық жайлы мәселені табиғаттың құрамдас бөлігі деп қарастырады. Табиғаттың ең жоғарғы заңы – өзін-өзі сақтауға ұмтылу заңы. Адамдар – «табиғаттың бөлшегі». Адамның күші мен қуаты оның құқығын айқындайды. Сондықтан Спиноза адамның жаратылыс құқығы­ның негізі ақылынан, ойынан деушілермен келіспейді. Құқық адамның талпынысынан, ұмтылысынан дейді. Көзқарасы жағынан монархияға қарсы, республикалық басқаруды жақтай­ды. Құдай мен табиғатты біртұтас субстанция деп Спиноза диалектиканың өздігінен дамуы принципін пантеистік-материа­листік тұрғыда негіздеген. Адам жөніндегі ілімінде осы қағида­ларға сүйеніп, адамның өте күрделі психикалық өмірін ақылға, құштарлық пен ынтызарлыққа, аффектіге балады. Атеизм мен ғылыми ойдың дамуында Спинозаның ықпалы зор.



Ағылшынның материалист, ойшылы Томас Гоббстың (1588-1679) «Левиафан», «Философияның негіздері», «Адам жөнін­де», «Азамат жөнінде» деген еңбектері бар. Ол тұңғыш рет сол кездегі жаратылыстануға сәйкес механистік материа­лизмнің толық жүйесін жасады. Гоббс мемлекет жөніндегі ілімінде мемлекет шығуға дейінгі табиғи күйді жойып, оны адамдар арасындағы шарттасудың нәтижесі деп қарайды. Адамдардың әу бастан тең болу приципін жақтайды. Кейбір азаматтар мемлекет пайдасы үшін өз құқықтары мен ерік­теріне шек қояды. Мемлекеттің міндеті – бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету. Бірақ Гоббс монархияны жақтап, халықты бұғауда ұстау үшін дінді мемлекеттік өкіметтің идеологиялық қаруы ретінде сақтау қажет деп санайды. Гоббс «өзін-өзі сақтап, қажет өтеуді – «табиғи заңды», моральдың негізі деп ұйғарды. Адамның моральдық борышы өзінің мазмұны жағынан қоғамдық шарттан шығатын азаматтық борышқа сәйкес келеді дейді.

Ағылшындық Джон Локк (1632-1704) әлеуметтік компромисс идеологі болды. Материалист, ағартушы танымның эмпирика­лық (тәжірибелік) теориясы мен либерализмнің идеялық-саяси негізін жасады. «Адам санасы жайындағы тәжірибе» деген шығармасы түрлердің шығу тегі мен адам танымының мүмкін­шілігін зерттеуге арналған. Локктың ұйғаруынша, тұрмыстық идея мен принциптер теория жүзінде де, практика жүзінде де құдай жөніндегі идеяны қоса алғанда болмайды, адамның барлық білімі тәжірибеден туады. Локк әлеуметтік-саяси тұжырымдамасын «Мемлекеттік басқару жайындағы екі трак­татында» баяндаған. Мемлекет адамдардың еркімен құ­рылатын, қылмыскерлерді жазалайтын құрылым екен. Қоғам­ның игілігі үшін заңдарды шығарады, меншікті қорғау істерін жүргізеді. Заң шығару орындары жоғары тұруы керек. Локк абсолюттік-монархистік билік құрылымын қабылдамады. Оның мемлекет туралы идеялары ерте буржуазиялық революция­лардың талаптарына сай келді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет