Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі
Семей қаласы Шәкерім атындағы Мемлекеттік Университет
Реферат
Пәні: Информатика және робототехника мұғалімі мамандығына кіріспе
Тақырыбы: Мұғалім мәртебесі
Орындаған:Ануарбекова А.
Тексерген:Жумаханова Д.
Тобы: ИР-301
Семей қаласы 2023
Қазіргі заманда адами капитал қоғам, мемлекет алдындағы маңызды міндеттерді шешуде басты рөл атқаратын әлеуетті күш, құнды ресурс саналуда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында адами капитал бес басымдықтың бірі ретінде арнайы аталып, оның сапасын жақсарту қажеттігі қадап айтылды. Демек, бүгінде адамның жасампаздық қабілетін оның ақыл-ойын, білім-білігін жетілдіру арқылы дамыту алдыңғы орынға шығып отыр. Ал, оны жүзеге асыру алдымен білім беру саласы қызметкерлерінің еншісінде. Әрине, педагогтардың бәрі бірдей емес, сондықтан болар, мұғалімдер көп, нағыз ұстаздар аз дейтініміз. Шынында да, қырық жыл мұғалім болса да, деңгейі шамалы, ортаңқол маман ретінде көптің арасында еленбей жүретіндер аз емес.
Бүгінгі әңгіме төркіні сол мәртебесі биік ұстазға қатысты болмақ. Мамандық мәртебесінің көтерілуіне ықпал ететіндер де кәсіби әлеуеті жоғары мұғалімдер. Үздік педагогтарды дөп басып тану, оларды шынайы қолдау – осы саладағы өзге жандарды ынталандыратын, бүгінде жаңа мазмұнға ие болуы тиіс маңызды фактор. Мәңгі өшпес құндылық – білім сапасын қамтамасыз етіп, адами капитал сапасын арттыру арқылы елімізді бәсекеге қабілетті етуге үлес қосатын – үздік педагог. Олай болса, кәсіби белсенді, көшбасшы маман қандай құрмет, марапатқа болсын әбден лайық. Десек те, солардың ішіндегі бір емес, бірнеше атағы бар, ел ішінде мойындалған, шығармашылықпен жұмыс істейтін, санаулы дарабоз ұстаздарға бір ерекше құрмет жасалса ғой дейсің. Бірде Елбасы мұғалімнің беделін көтеруіміз керектігін, келешекте мұғалім жоғары ақы төленетін мәртебелі мамандыққа айналатынын айтқан болатын. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «...құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деуінде үлкен мән жатыр. Демек, осы сала мамандарына артылар жауапкершілік салмағы ауырламаса, жеңілдемесі анық. Осыған орай, оларға да сәйкесінше жағдай қарастырылса, құба-құп.
Мәселен, докторларды қозғамай-ақ қоялық, кандидаттығын қорғап алғаннан кейін кейбір кемталант «ғалымдардың» да жалақысына үстеме ақы төленеді. Мемлекетіміздің әдебиет пен мәдениет саласының майталмандарына ұдайы қолдау білдіріп, құрмет көрсететіні жөн-ақ. Айталық, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының әдебиет және мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясына 2016 жылы ие болғандар тізімін ( «ЕҚ», 5 қаңтар 2017 ж.) қарап отырсақ, онда жасы 22-ден бастап 90-нан асқан танымал және есімдері белгісіздеу де азаматтар қамтылған екен. Ал, мұғалім қабілеті, еңбегі жарқ етіп, бірден көзге түспейді, жария болмайды, кең қауымға танылу үшін уақыт керек. Танылғанның, мойындалғанның өзінде еңбегі елеусіз қалып, зейнеткерлікке марапатсыз кететіндері де жоқ емес. Осы орайда журналист Сүлеймен Мәметтің «Мұғалім беделін қайтсек көтереміз?» деген мақаласындағы «Ұрпақ тағдырын шешетін мұғалімдер құқығын қорғайтын арнайы заң қабылдасақ, ұтылмас едік. Онсыз мұғалімдер туралы түйткіл оңай шешілмейді» деген ой-пікірі көңілге қонымды. Бұл ретте нағыз ұстаз да шынайы бағасын тапқан болар ма еді. Шынында да, «арпа ішіндегі бір бидай» дегендей, жүздеген, тіпті мыңдаған мұғалімдер арасындағы дарабоз мамандарға мемлекет тарапынан өзгеше қолдау көрсетілгені жөн.
Осыдан бірер жыл бұрын осы мазмұндас хатты Білім және ғылым министрлігіне жолдаған едім. Олардан келген жауапта бүгінде мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі іс-шаралар, оның ішінде жыл сайын «Үздік педагог» республикалық байқауы өткізілетіні жазылған болатын. Бұл − толағай табысын паш еткісі келетін талантты мұғалімдер арасындағы шоқтығы биік кәсіби байқау. Өкінішке қарай, жеңімпаз атанатынына күмәні жоқ, қашанда топ жаратын нағыз ұстаздың конкурстан өтпей қалуы көңіл құлазытады. Өзгелердің қандай критерийлер бойынша үздік атанғаны да жария етілмейді. Қалай десек те, өзгеше ойлап, өзгеше әрекет жасайтын шығармашыл ұстаздың еңбегі де өзгешерек еленуі тиіс. Тіпті, ХІХ ғасырда ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин жақсы оқытушыға ерекше көңіл бөлгенін мына бір сөздері айғақтайды: «...ағаш-балта ұсталығы өнерінен сабақ беретін бір жақсы оқытушы табыла қалатын болса және оның үстіне оқу-жазу үйрете де білетін болса, оған пәтер беріп, оның үстіне 400-500 сом жалақы берудің де тәсілін табар едім» (В.В.Катаринскийге жазған хатынан, 1883 жылғы 1 сәуір). Өзгелерден бәсі жоғары маманға қошеметтің де молырақ болуын қалаған ұлы ұстаз өнегесі өміршең болса екен дейсің. Мұны қолдаушылар да баршылық.
Айталық, еліміздің білім саласы қызметкерлері арасындағы бірден-бір Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мұғалім еңбегінің мемлекеттік деңгейдегі «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин медалі және басқа да марапаттар қаржылық түрде бекітілгенін қалайды. Яғни, марапат иелеріне өз деңгей-дәрежесіне қарай айлық жалақыларына қосымша ақы беріліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді деп санайды атақты педагог. Оның пікірінше, егер мұғалімнің жалақысы дұрысталса, мұғалім тапшылығы емес, мұғалімдікке орын таппай жүрер едік. Дамыған елдерде, айталық, білім саласы ең үздіктер қатарында саналатын Финляндияда мұғалімдердің айлығы кәсіби ерекшелігіне қарай 2-3,5 мың еуро аралығында екен. Одан өзге де дамыған елдерде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі жоғары, беделі биік.
Келешекте мамандықтардың біршамасына жойылу қаупі төнетіндігі айтылуда, ал мейлінше кең тараған, «күн сөнгенше сөнбейтін» мұғалім мамандығын қадірлеу тетіктері жүзеге асып жатса, ел ертеңі жастарымыз да неғұрлым зерделі, әлеуетті болмақ. Шынында да, білім сапасын арттыру, оған тікелей ықпал етуші тұлға – мұғалім мәртебесін көтеру, түптеп келгенде, өзара тәуелді, бір-бірімен байланысты шешуші, пәрменді құбылыстар. Осы тұста ертеңгі ел болашағын оқытып тәрбиелейтін ұстазға өзгеше көңіл бөлу қажет екенін тағы да бір рет қаперге салғымыз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |