ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
«М.ӘУЕЗОВ атындағыОңтүстік Қазақстан университеті»
Реферат
Тақырыбы:“ Сыпыра жырау шығармашылығы ”
ФИ22-5К2
Орындаған:Купбай Әсем
Қабылдаған:Елтаева Ж.
Шымкент 2024
Жоспары:
1.Кіріспе.Сыпыра жырауы туралы аңыз.
2.Негізгі бөлім:
а . XІІІ-XІV ғасырларда Дешті Қыпшақтың әйгілі жыршыларының бірі
b.XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ жыраулары.
c.Алтын Орда жырауы
3. Қортынды
1)Сыпыра жырау (туған - өлген жылдары белгісіз) – Дешті Қыпшақтың әйгілі жыршыларының бірі, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, барабы, құрдақ, қырым татарларына ортақ тұлға. Оның жырлары бізде өз атымен жетпеген, толғаулары «Құбығұл», «Едіге би», «Тоқтамыс ханның хикаяты» аңыз-әңгімелер мен «Ер Тарғын», «Едіге батыр» эпикалық жырларында сақталған. Қазақ зерттеушілері Сыпыра жырауды ноғайлы дәуірінен жеткен көптеген эпикалық жырлардың бірден-бір авторы санайды. Қазақ аңыздары мен батырлар жырында жырау ел бірлігін көздеген дана ретінде суреттеледі, бірде 120, бірде 180 жасаған, көпті көрген тәжірибелі қарт кейпінде көрінеді. Ауыз әдебиеті дәстүрі біздің заманымызға Сыпыра жыраудың қиын кезеңде өзінен ақыл-кеңес сұраған Алтын Орданың сол кездегі билеушілеріне арнаған бірнеше толғау-монологын жеткізді. Бұл толғау-монологтарда жырау билеушінің өзін, оның ата-бабалары мен төңірегіндегілерді сипаттап, қалыптасқан жағдайға баға берген, болашақты болжап, содан кейін ақыл-кеңесін айтқан. Оның қиын жағдайда өзінен көмек сұрап, хандармен жауласқан батырларды бітістіру мақсатында жырлаған толғаулары белгілі.
Бұл толғаулар Сыпыра жыраудың негізінен мәңгілік жыршы және бітістіруші болғандығын дәлелдейді. Сыпыраның Едіге туралы эпоста бейнеленген Тоқтамыс ханға арнаған өлеңі оның толғауының классикалық үлгісі болып табылады. Арнау жырда Сыпыра жырау алдымен өзін таныстырған соң өзінің Тоқтамыстың сегіз атасын, соның ішінде Шыңғыс ханды да көріп-білгенін айтады, олардың әрқайсысына тиісінше мінездеме береді. Содан кейін Едігенің Тоқтамыстан қашуы кездейсоқ емес екендігін, оның Темірмен одақ құрып, қайта келіп соғыс ашуы мүмкін екендігін жырлайды. Сонымен бірге жырау Тоқтамыстың күйзеліске ұшыраған ұлысы мен тұтқынға түскен қыздары мен әйелдерінің тағдырын әдемі суреттейді. «Ер Тарғын» жырында Сыпыра жырау туралы «өз өмірінде толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен кісі» делінген, ал «Телағыс» жырында ол ноғайлы ішіндегі өзара қырқысты өршітпей, ел арасындағы беделімен тегеуірінді жырымен жауласушы жақтарды бітістіріп отырған тұлға ретінде көрінеді. Ноғай халқында кездесетін «Тоқтамыс ханның хикаяты» атты аңызда Сыпыра жыраудың атынан қара сөзбен аралас айтылатын жырлар өзінің табиғи сипаты жағынан жыраудың «Мен қартыңмын, қартыңмын» атты толғауына ұқсас келеді. «Қырымның қырық батырын» жырлаған әйгілі Мұрын жырау өзін Сыпыра жыраудың ұрпағы санаған. Сыпыра жырау шығармашылығы көптеген түркі халықтары әдебиетінде көркем үлгі ретінде орын алды.
a)Шоқан Уәлиханов Ноғайлы дәуірін “қазақтың алтын ғасыры” деп бағалаған. Ескілікті ақын-жыраулардың ноғайлыға соқпай өткені жоқ. Оны барынша ұлықтап, көтере дәріптеп жырлаған. Алайда, қазақ ұлысының бір бөлігі Ноғайлы Ордасы туралы түсінігіміз шектеулі боп келді. Осы ақтаңдақты игеру ниетімен “Ноғайлы” атты көлемді еңбек жазып бітірдім.
Бұрында да шамалаушы едім, тақырыпты нақты зерттеу үстінде Мұрын жырау аузынан жазылып алынған “Қырымның қырық батыры” ноғайлының саяси-әлеуметтік тарихының эпостық нұсқасы екеніне әбден көзім жетті. Міне, мұрағаттық-құжаттық, бұрын-соңды аталмыш тақырыпқа жасалған барлаулар мен зерттеулерді далалық тарихнама, шежіре, эпос-жыр деректерімен байытқанда өте бір қызғылықты да мағыналы еңбек боп шықты.
Сүйікті бас газетіміз “Егемен Қазақстанға” осы еңбегімнің “Ноғайлының рухани өмірі” тарауын ризашылықпен ұсынып отырмын.
Ноғайлы Алтын Орда ыдыраған кезде оның өзекті жұрты, ұйытқы тобы, орталық астанасы төңірегінде ірге көтерген жаңа мемлекеттік құрылым ретіне оның саяси мұрагері болмағанмен, рухани мұрагері болғанының басы ашық.
Алтын Орда империясында тәңірлік, шамандық, будда, мани, христиан, мұсылман діндері бірге қатар тұтылып, мидай араласты. Қазіргі көкжиек кеңейген өркениетті заманда осынау діни үрдістердің айдай әлемде басын біріктіре алмай жүргенде, оның бір ғана мемлекет көлемінде қайшылыққа келмей, төзімділікпен ауызбіршілікте қоян-қолтық өмір сүру феноменін терең зерттеген ешкім жоқ. Алтын Орда бір адамның ғана аузына қараған деспоттық мемлекет болғанымен, онда ұлтына, дініне қарай бөлу болмады, жекебастық қабілет, тұлғалық қасиет басты өлшемдердің бірі болды.
Алтын Орданың мұсылмандыққа бет бұруы елеулі уақиға еді. Бұл қадамды алғаш жүзеге асырған Берке (1257-1266). Ол 1263 жылы исламды қабылдап, туысқаны ирандық Хулагуге қарсы Мысыр сұлтаны Бейбарыспен бітім жасады. Алтын Орда исламды мемлекеттің ресми діні деп жариялағанмен, ол бірден бел алып, біржола орныға қоймаған сияқты. Өзбек хан кезінде (1312-1340) мұсылман діні әлі де әрі-сәрі халде еді. Осы жағдайды Өтеміс қажы жазбалары айқын суреттейді.
b.)“Аңыз былай дейді: дінсіз құшынаштар мен абыздар төменгідей ғажайыптар көрсеткен. Мәжіліске бір сұбжақы (жбан) бал әкеліп, оған түтік жалғайды. Сұбжақыдағы бал тостағанға өзі құйылып, кісілердің алдына өзі жылжып барады екен. Хан осы құшынаштарды өзінің шайхы¬лары санап, жанына отырғызып, үлкен құрмет көрсетер еді.
Бірде Ордаға төрт мұсылман келді. Олар құдайға құлшылық етіп жатқандарында Өзбек хан мәжіліс шақырды. Сүйікті шайхылары да бірге ілесе келді. Әдеттерінше қалайы ыдыстағы балдарын да ала келіп, түтікке жалғап, тостағандарды да қойды. Арада біршама уақыт өтті, балдан балшарап бөлініп шықпады. “Неге бал ақпай жатыр?” деп сұрады Өзбек хан. “Ордаға мұсылмандар келген шығар. Мынау солардың әлегі”, дейді шайқылар. “Іздеңдер, алып келіңдер”, деп әмір етті хан. Таса, қалқаларды тіміскіленіп жүріп, хан күрені сыртында бастарын жерге салбыратып дұға қып отырған төрт бейтанысқа кезігеді. “Кімсіңдер?” – деп сұрады мула-зимдер. “Бізді ханға апарыңыз” – болды әлгілердің талабы. Міне, келді. “Кімсіңдер, неғып жүрген жансыңдар?” – деп сұрады хан. “Мұсылманбыз. Алланың әмірімен сізді мұсылманға енгізуге келдік” – болды әлгілердің жауабы. “Бұлар қаскөйлер, сөйлетпеңіз, тезірек өлтіріңіз”, – деп шулап қоя берді шайхылар. Өзбек сонда тұрып былай деді: “Не үшін өлтірем? Мен падишахпын. Сендердің ешқайсыңда алашақ-берешегім жоқ. Қайсыңның дінің хақ болса, сонымен бірге боламын. Егер бұлардың діні хақ болмаса, бүгін бал неге ақпай қалды? Тез бәсеке ұйымдастырыңдар, қайсыңның дінің хақ болса, соған бағынармын”, – деді Өзбек хан (Чингиз-наме. Алматы, 1992. 105-106-б б.).
c)Әжептәуір ұзақ әңгімені қысқартып баяндағанда тоқетері былай: екі тандыр қазып, өртеп жақты. Біріне мұсылман түсті, екіншісіне шайхылардың бірі түсті. Шайхы елдің көз алдында лап етіп жанып кетті де, мұсылманның міні қурай аман шықты. Нәтижесінде, мұсылман дінінің артықшылығына көзі жеткен Өзбек хан ислам дінін қабылдады.
Тандырға түскен мұсылманның есімі БабаТуклас еді (Сонда, 106- б.).
Тілге тиек еткен әңгіме Берке қабыл¬даған мұсылман діні Алтын Ордада өркен жая алмай, 60 жылдан кейін Өзбек хан¬ның мұсылмандықты қайта қабылдаға¬нына көз жеткізеді. Тарихи деректер Өзбектің де, оның ізбасары Жәнібектің де мұсылмандықты қатты тұтынғанын айғақтайды. Алтын Ордада мешіттердің көп салынып, мұсылмандықтың іргесі нығайғаны осы шама болса керек.
Екінші бір маңызды мәселе қазақ жырлары мен әңгіме, аңыздарында жиі кездесетін, орыс ғылыми әдебиетінде бір бөлек, қазақ тарихи жадында бір басқа әліптелетін Баба Туклас – Баба түкті Шашты Әзиз дерегіне бетпе-бет жолығуымыз. Бұл тарихи тұлға төңірегінде арнайы әңгіме болатындықтан, қазір тоқталып жатпаймыз.
Сонымен, Алтын Орданың рухани мұрагері Ноғайлы жеке, дербес өз шаңырағын тіккенге дейін бұл ұлыста мұсылман жол-жоралғысы орныққан-ды. Алайда, Дешті Қыпшақтың өзге де мұсылмандары сияқты Құран қағидаларына сай таза мұсылмандықты емес, тәңірлік, шамандықпен мидай араласып, біте қайнасқан мұсылмандықты тұтынды. Қыпшақ нәсілді жұрт – өмірге фетешизмді (тасқа, аңға, ағашқа табыну), сосын табуды, ең соңы ата-баба аруағын бәрінен жоғары қою нанымын әкелген халық. Қыпшақтың ол діни нанымын тәңірлік, шамдық үрдістер де, ең соңы мұсылмандық та түп орнымен жойып, халық санасынан аластай алмады. Мұхаммед (с.ғ.с.): “Маған табынған халық сорлы” деп айтып, жан иесі адамға емес, жалғыз Аллаға табынуды өз үмметіне қатаң уағыз еткенмен, Дешті Қыпшақта ол талап орындалмады.
Ноғайлы негізінен қыпшақ жұрты еді, сондықтан олардың рухани жағынан моңғолға дейінгі қыпшақтармен етене жалғасып жатқанының да басы ашық. Ал қыпшақтардан қалған жазба мұра “Кодикус куманикусты” беттен қалқып ұққанымызбен, терең түсініп, байыбына барғанымыз шамалы. Осы мұраны ұзақ жылдар аударып-төңкерген орыс ғалымдары да, өзіміздің оқымыстылар да “Кодикус куманикустың” Ватиканда сақтаулы басылымының соңында екі музыкалық шығарманың нотасы барын білмеген. Бұл шындықты қазақтарға жеткізген Иштван Қоңыр. Ұлт мерейі десе ұшарға қанаты жоқ, ізденімпаз ғалымымыз А.Сейдімбеков сол нотаны алдырып, Еуропаның өзі ұмытып қалған байырғы нота әліппесін үлкен машақаттармен біреуге оқытып, тыңдап көрсе, “Кодикус куманикус” нотасынан “Ақсақ Құлан-Жошы хан”, “Елім-ай” сарындарын есітіп, таңғалғанын әңгімелейді.
Қысқа да шағын мәліметте үлкен мән бар: Ноғайлы-қыпшақ мәдениетінің әрі мұрагері, әрі ілгері дамытушысы. “Ақсақ Құлан” сарынының “Елайрылған”, “Көроғлыда”, “Елім-ай” сарынының Ноғайлы дәуіріне иек артатын “Япыр-ай”, “Қарағым-ай” әндерінде қайталануы тегін емес. Күйдегі толғау сарыны, әндегі жоқтау үрдісіндегі мұңды сағыныштар – Ноғайлы арқылы дамыған қыпшақ ән-күй өнерінің басты лейтмотиві. Ол Қорқыт күйлерінің де алтын тін, үзілмес арқауы. XІІІ ғасырда моңғол ләшкерінен жеңіліске ұшырап, Мажарстанға қашып барып, Бела патша төңірегіндегілердің ұйымдастырған бүлігінде суға ағып өлген Қотан ханның тағдырынан хабар беретін “Суға кетті Ер Қотан”, бәл¬кім, одан да бұрынғы заманның аужайын аңғартатын “Саймақтың Сарыөзенін” Жанақ ақынның қобызда шерлейтінін Ш. Уәлиханов жазып қалдырған. Сондай-ақ “Шоқан “Ер Шегедейді” Қанқожа, Досжан, Жанақ, Өтеболаттан жазып алған” (Ә. Марғұлан. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы, 1985. 219-б.). Қыпшақтың музыкалық өнерінің қайнар бастауында осы атаулы күйлер болғаны күмәнсіз.
Бұл орайда Сыпыра жыраудың орны бөлек. Ол шындығында Ноғайлы жырауы емес, Алтын Орда жырауы. Ноғайлы 1391 жылғы Ақсақ Темірдің бірінші жорығынан кейін Едіге ұлысы ретінде пайда болса, сол жылы Сыпыра Тоқтамыс алдында жырлап отырып, өліп кетеді. Ноғайдың “Едіге” жыры осындай дерек ұсынады. Демек, ол Ноғайлы ұлысы тарих есігін ашардан бұрын дүниеден озған. Ендеше, оны ноғайлыға неге телиді? Жоғарыда Ноғайлының Алтын Орданың рухани мұрагері екенін айтқанбыз. Сыпыра жырау өмірі соның бір дәлелі. Әр кезде, әр елде Ноғайлы жырларын, әсіресе “Едіге” дастанын шығарған Сыпыра деген әңгіменің айтылуы тегін емес сияқты. Сыпыра көрген-білген, араласып-қатысқан оқиғасы екенін айғақтағысы келгендей өзі шығарған дастандарға өзін қосалқы кейіпкер ретінде қатыстырып, берген ақыл-кеңестерін жасырмай айтып, жырға енгізіп отырған. Мұны Сыпыраның шығармашылық қолтаңбасы десе де болады. Жалғыз “Едіге” емес, “Айса”, “Айса ұлы Ахмет”, “Алау батыр” “Әмет батыр” жырларында да осы аужай анық аңғарылады. Өзбек хан, Жәнібек хан заманының мемлекеттік тұлғалары – аталмыш батырларды Сыпыра етене жақсы танып, біліп жырына арқау еткен. Сондай-ақ “Құттықия”, “Құбығұл” жырларына жыраудың кейіпкер ретінде қатысуы – Сыпыраның өзіндік тұтынымы мен қолтаңба ерекшелігін айғақтап тұр. Тақырыпты алғашқы зерттеушілердің бірі Ханғали Сүйіншәлиев “Ер Сайын”, “Ер Көкше”, “Ер Қосай” жырларын эпос қып жырлаған Сыпыра деп біледі (Х. Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 2006. 222-б.).
Тоқтамыс, Едіге қандай тарихи тұлға болса, Сыпыра да – сондай тарихи тұлға. Оны болды-болмады деп бұлдыратуға негіз жоқ.
Иә, оны ұзақ жасатып, бірде 120, екіншіде 180 жасқа жеткізіп, жырау бейнесін шындықтан гөрі елеске айналдырып жіберушілер бар. Түз жұрты қалаулыларын өлдіге қимай, сырлас сұқбаттасына айналдырып, ұзақ жасатуға тырысқан. Оған қоса Дешті Қыпшақ жылды күнтізбе қағидасына орай есептегенмен, адам жасын 9 ай, 9 күннен қайырған. Яки, биологиялық жасты есептеген. Ендеше, Сыпыраның 120-ға келуі мүлде таңғалдырмайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Тілепов Жұмат — Ел мүддесі — ерлер еншісі.
Ғылыми зерттеулер. Үш томдық шығармалар жинағы:
2 — том. — Алматы: «Дәуір-Кітап» баспасы, 2017. — 384 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |