Республикалық «МӘдени мұРА» стратегиялық бағдарламасы бойынша 2009 жылы ортағасырлық тамды қаласында жүргізілген зерттеулер



Дата13.07.2016
өлшемі47.5 Kb.
#196673
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «МӘДЕНИ МҰРА» СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША 2009 ЖЫЛЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТАМДЫ ҚАЛАСЫНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН ЗЕРТТЕУЛЕР

Елеуов М., Қалиев С.


Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында табиғи апаттан (өзен шайып) және әртүрлі шаруашылық жұмыстарының барысында бұзылған, бұзылып жатқан 70-тен астам ортағасырлық қалалар мен елді мекендер бар. Олардың қатарындағы ортағасырлық Түймекент, Тастұмсық (Жамбыл облысы), Үтіртөбе, Күлтөбе, Боралдай, Жартытөбе, Көктөбе (Оңтүстік Қазақстан облысы), Раздыата, Сортөбе (Қызылорда облысы) табиғи апаттан бұзылып жатқан қалалар. Жамбыл облысы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласының батыс шетінде, Тамды өзенінің оң жағасында орналасқан ортағасырлық Тамды қаласы өзен шайып және ХХ ғасырдың 2- жартысында жүргізілген әртүрлі шаруашылық жұмыстары кезінде бұзылған және бұзылып жатқан ескерткіш. Географиялық координаттары: N. 43º10'871", Е. 070º25'901", теңіз деңгейінен биіктігі 544 м.

Ортағасырлық Тамды қаласын алғаш рет Г.И.Пацевич басқарған Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы 1941 жылы ашып, зерттеген [1].

1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам) Қаратаудың солтүстік беткейінде зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде ортағасырлық Тамды қаласында болып, оның тарихи-топографиялық құрлымына назар аударған [2]. Қаланың жобасында тік бұрышты болып келген шахристанының ұзындығы шығыстан батысқа қарай 300 м, солтүстіктен оңтүстіке қарай 175 м , биіктігі 1 м, оны сыртай қоршап жатқан қамалдың биіктігі 1,5-2,5 м. Қамалдың солтүстік-шығыс бұрышында бір үлкен мұнара, оңтүстік қабырғасының орта тұсында екі шағын мұнараның қалдығы сақталған. Шахристанның солтүстік-батыс бұрышын ала орналасқан жобасында тік төртбұрышты, көлемі 55Х55 м цитадельдің биіктігі 4 м, оны қоршаған биіктігі 0,5 м қамалда мұнара орындары сақталған. Цитадельдің солтүстік-батыс бұрышындағы жартылай бұзылған үлкен мұнара пахсадан тұрғызылған. Цитадельден шығыста шахристанда орналасқан тік бұрышты көлемі 80Х80 м, биіктігі 1,5 м алаңды қоршаған қамалдың (биіктігі 0,5-0,6 м) бұрыштарында мұнаралары бар. Қаланың солтүстік қабырғасының бірқатар жерін Тамды өзені шайып құлатқан [3].

Ортағасырлық Тамдыны 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген, 2009 жылы табиғи апаттан және шаруашылық жұмыстарына байланысты бұзылып жатқан бұл қалада Республикалық «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасы бойынша «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» мекемесі зерттеу жүргізді. 2009 жылы жүргізілген топографиялық түсіру кезінде ортағасырлық қаланың тарихи бедері 1947-2000 жылдары аралығында қатты бұзылып, өзгеріске ұшырағаны анықталды. Қаланың цитаделі мен шахристанының Тамды өзенінің оң жағасында орналасқан бөлігінің бірқатар жерін өзен шайып кеткен, өзеннің жағалық террасындағы үйлер, құрлыстар олардың мәдени қабаттары осы заманғы үйлерді, олардың қора-жайларын салу кезінде, бау-бақша алқаптарын тегістеу, қоршау кезінде қатты бұзылған. Шахристанның солтүстік-шығыс бұрыштағы мұнараның шығыс, оңтүстік-шығыс жақтары жол салу, құрылыс жұмыстарына топырақ қазып алу кезінде бұзылған. Шахристанның шығыс бөлігіне үй, қора жайлар тұрғызылып, қоқыс төгілген, ал оңтүстік бөлігінің мәдени қабаты тегістеліп, үстіне Қаратау қалалық жол құрылысы мекемесінің құрылыстары салынып, оның сырты тастан қаланған қабырғамен қоршалған.

Цитадельдің солтүстік-батыс, солтүстік жағын Тамды өзені шайып кеткен, оның солтүстік бөлігіндегі ХХ ғасырдың 60-жылдарында қазылған шұңқырдың ұзындығы 23 м, ені 10-12 м, тереңдігі 2-2,5 м. Цитадельдің оңтүстік, солтүстік-шығыс бөлігінің үстіңгі қабаты 0,5-0,6 м, ал кей жері 1 м тереңдікте қазылып, тегістелген. Цитадельдің шахристанның деңгейінен қазіргі күнгі биіктігі 1-1,5 м.

2009 жылы түсірілген топографиялық жоба бойынша Тамды қаласының сақталған бөлігінің көлемі анықталып, қорғау аймағы белгіленіп, оның картасы «Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет басқармасының тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік мекемесіне берілді.

2009 жылы цитадельдің әртүрлі бөліктерінде 3 қазба жүргізіліп 1 стратиграфиялық кесік салынды.

Қазба-1. Цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің жоғары қабатын зерттеу үшін салынған қазбаның көлемі 12Х16 м, тереңдігі 0,3-0,8 м. Қазбаның шығыс бөлігінен солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған ені 0,3-0,5 м (әр түрлі көлемдегі тастардан қаланған) ұзындығы 7,25 м қабырға ашылды. Осы қабырғадан батыста 0,9 м және 1,4 м жерден 2 шұңқыр ашылды, оның біріншісінің аумағы 1,5 м, тереңдігі 0,8 м, екіншісінің аумағы -1,35 м, тереңдігі 0,75 м. Қазбаның оңтүстік-батыс бөлігінен бір-бірімен есік арқылы байланысқан үш бөлменің қалдығы ашылды.

Қазба-2. Цитадельдің солтүстік бөлігіндегі ХХ ғасырдың 60-жылдарында қазылған шұңқырдың оңтүстік-батыс бұрышында жүргізілген көлемі 8Х10 м, тереңдігі 1,5-1,8 м қазбадан 2 құрылыс кезеңінің қалдықтары ашылды. 1- құрылыс кезеңінен сақталған екі бөлменің едені қазбаның жоғары нүктесінен 1,3 м тереңдікте жатыр. Көлемі 3Х3,75 м 1-бөлменің қалыңдығы 0,5 м солтүстік қабырғасы кесектен, басқа қабырғалары пахсадан тұрғызылған. Бөлмеден ашылған тандырдың аумағы 0,75 м, шұңқырдың тереңдігі 0,8 м. 1- бөлмемен батыс қабырғасы ортақ 2-бөлменің көлемі 3Х3,5 м. Оның оңтүстік-батыс бұрышынан ашылған шұңқырдың аумағы 0,3 м, тереңдігі 0,3 м.

2-құрылыс кезеңіндегі екі бөлменің едені қазбаның жоғары нүктесінен 1,7 м тереңдікте жатыр. Көлемі 3Х3,75 м 1-бөлменің шығыс, солтүстік қабырғалары кесектен, батыс және оңтүстік қабырғалары пахсадан тұрғызылған. Бөлменің шығыс қабырғасының жиегіндегі сұпадан ашылған тандырдың аумағы 0,85 м, солтүстік қабырғасының жиегіндегі шұңқырдың аумағы 0,35 м, тереңдігі 0,4 м. Осы бөлменің оңтүстік-шығыс бұрышында орналасқан қабырғасы кесектен өрілген шағын қойманың көлемі 1,1 х 0,85 м.

1-бөлмемен батыс қабырғасы ортақ 2-бөлменің көлемі 2,6-2,8х2,3 м, оның қалыңдығы 0,5-0,75 м солтүстік және батыс қабырғалары кесектен қаланған. Бөлменің шығыс қабырғасының жиегіндегі сұпада орналасқан аумағы 0,4 м тандырдың жанынан уақ малдың 60 асығы табылды.

Кесік. Цитадельдің мәдени қабатының қалыптасу тарихын және қамалын зерттеу мақсатында 2-қазбаның солтүстік-батыс бұрышынан бастап оңтүстіктен солтүстікке қарай қазылған стратиграфиялық кесіктің ұзындығы 11 м, ені 2-2,3 м, тереңдігі 5-6,2 м (1-сурет). Жүргізілген қазбаның нәтижесінде 4 құрылыс кезеңінің қалдықтары ашылды. 1-құрылыс кезеңінде биіктігі 1,5 м табиғи жарқабақтың үстіне бір-біріне жапсыра қаланған 3 қатар пахса блоктарынан (2,1 м; 0,8 м; 1,5 м.), жалпы қалыңдығы 4,4 м қамал тұрғызылған. Оның сақталған биіктігі 4 м.

2-құрылыс кезеңінде қамалдың ішкі жағынан оңтүстікте 5 м жердегі қабырғасы пахса мен кесектен қаланған құрылыс салынып, оның іргесінде жатқан 1 қатар су құбыры орнатылған (2-сурет). Желідегі құбырлардың ұзындығы 0,5 м, кең жағының аумағы 15 см, тар жағы-10 см. 3-құрылыс кезеңінде 1- және 2- құрылыс кезеңдерінде салынған құрылыстардың арасында жатқан қалыңдығы 0,7-1 м топырақ құландысының үстіне әр түрлі көлемдегі 1-3 қатар жалпақ тастар қаланып, оның үстіне айналма дәліздің қабырғалары тұрғызылған. Дәліздің ені 1 м, биіктігі 2,35 м солтүстік қабырғасы 1-кезеңдегі қамалдың ішкі жағына қосарлана қаланған, ал оңтүстік қабырғасының төменгі жағы пахса, кесек және бірқатар тастан, жоғары жағы - кесектен қаланған. 4-құрылыс кезеңінде айналма дәліздің еденінде жатқан қалыңдығы 0,4-0,5 м тығыз топырақ құландысының үстінен беті жалпақ тастармен жабылған ені 0,3 м, тереңдігі 0,2 м оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағытталған пайдаланған су ағатын арық қазылған.

3-қазба. Цитадельдегі кесіктен ашылған 4-құрылыс кезеңінде салынған айналма дәлізді зерттеу үшін жүргізілген қазбаның ұзындығы 10 м, ені 1,6-2,3 м, тереңдігі 1,6-2,75 м. Жүргізілген қазбаның барысында айналма дәліздің ішкі жағы 10 м аралықта, ал оның табанындағы су ағатын арық 5 м ұзындықта ашылды.

Сонымен, 2009 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде: табиғи апаттан және әртүрлі шаруашылық жұмыстарына байланысты бұзылып жатқан ортағасырлық Тамды қаласының цитаделі мен шахристанының сақталып қалған бөліктерінің көлемі анықталып, олардың қорғау аймағы белгіленді; цитадельдегі тіршіліктің соңғы кезеңіне қатысты құрлыстар ашылып, стратиграфиясы зерттелді, оның бекініс жүйесінің қалыптасу кезеңдері анықталды және осы жылы ашылған құрлыстарды уақытша сақтау, бекіту жұмыстары іске асырылды.

1. Археологическая карта Казахстана. Реестр. Алма-Ата, 1960. С. 249, № 3521

2. Бернштам А.Н. Проблемы древней истории и этногенеза Южного Казахстана // Известия АН КазССР, 1950, № 67. Серия археологическая. Выпуск 2. С. 73.

3. Агеева Е.И. Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселении и городов Южного Казахстана // Труды Института истории, археологии и этнографии АН КазССР. Алма-Ата, 1958. – Т.5: Археология. – С. 114 – 115, Рис. 54.

Резюме
В статье авторы затрачивают вопросы о городах и поселениях расположенных в Жамбылской, Южно-Казахстанской, Кзыл-Ординской областях которые находятся в стадии разрушения в результате природных катаклизмов и разных хозяиственных работ.

Далее исследователи приводят данные о ходе археологических раскопочных работ в одном из таких разрушаемых городов как средневековый город Тамды.


Summary

In this article the authors reseoroch problems of towns and villages in Zhambyl, South-Kazakhstan6 Kzyl-orda regions which are in a bad situation: wihld as the results of natural disasters and different ations. The scienfisty produce information about archeological excavafions in one of this wined fowns such as aincient town Tamdy.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет