Мұғалжар ауданының әкімі С.Т.Шаңғұтовтың аудан тұрғындары алдында «Мұғалжар ауданының 2015 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және оны одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы» есепті баяндамасы
Қандыағаш қаласы 3 ақпан 2016 жыл
Құрметті Бердібек Машбекұлы!
Құрметті жерлестер!
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы негізінде жыл қорытындысын баяндап, жылма-жыл тұрғындар алдында есеп беріп келемін. Биыл да қаңтар айының 15-і мен 25-і аралығында тұрғындар алдында есеп бердім. Бүгін қорытынды кездесу Қандыағаш қаласында өткелі отыр.
2015 жылдың 30 қарашасы күні Елбасы-Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы жарияланды.
Елбасы өз Жолдауында «Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету!» деп жария етті.
Өткен айдың 20-ы күні мәжілістің кезектен тыс, мәслихаттардың кезекті сайлауын өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл жаһандық дағдарыс кезеңінде экономикалық толқулар мен тұрақсыздығына жауап беру үшін жасалған бірден-бір саяси қадам деп есептейміз. Сондықтан, мемлекеттің мықтылығы мен халықтың бірлігін көрсету үшін, Мұғалжар ауданының халқы да бұл сайлаудың өз деңгейінде өтуіне бір кісідей атсалысады деп сенемін.
Құрметті жерлестер!
Елбасы алға қойған мақсаттар аясында ауданымызда өткен 2015 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жаңа жылдың міндеттеріне тоқталмас бұрын, ауданның әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары мен алда тұрған міндеттері туралы баяндама тезистері аудандық «Мұғалжар» газетінің 2016 жылғы 7 қаңтардағы №1 санына жарияланғанын естеріңізге саламын. Сонымен бірге жаңа өздеріңіз ауданның дамуы туралы бейнефильмді көрдіңіздер және баяндаманың барысында негізгі көрсеткіштер слайдпен көрсетіліп отыратын болады. Сондықтан бүгінгі баяндамамды ресми деректер мен дәйектермен нақтылай отырып, бүгінге дейін шешімі табылмай отырған проблемалар төңірегінде жасауға рұқсат етіңіздер.
Бұған дейін ауылдарда есепті кездесу өткізе жүріп, аңғарғаным, тұрғындар арасында әлемдік дағдарысқа қатысты даурығу жоқ, халықтың көңіл-күйі ертеңге деген сенімге негізделген, тұрмыс-жағдайлары тұрақты, жұмыссыздық, өзге де мәселелерге байланысты айқай-шу, арыз болмады. Ауыл ауызбіршілігін сақтап, ертеңінен үміт күтіп, тіршілік етуде. Олар Елбасының әлемді алаңдатқан дағдарыстан Қазақстанды тура жолда бастап алып шығатындығына сенетіндіктерін білдірді. 2014-2015 жылдары халықпен болған есепті кездесулерде көтерілген мәселелер бүгінде ауылдарда 100 пайызға орындалған болатын. Бүгін міне, сіздердің алдарыңызда мен осымен 11-рет есеп беріп отырмын. Осы жылдарда ел ішінде орын алған көңіл-күй мен әлеуметтік ахуалды сараптай жүріп, мемлекеттің экономикалық ілерілеуімен бірге халықтың санасында да серпіліс болғанын аңғардым. Ауылда жеке басының тұрмыстық мәселелерін алға тартушылар азайды, сөйлеушілердің дені елдің қамын ойлап, тұтас ауылға қажетті мәселелерді айтатын болды. Мұның өзі халықтың түсінегінің түзелгендігін айғақтайды деп білемін.
Жалпы Мұғалжар – демографиялық өсім көрсеткіші тұрақты аудан. Аудандағы 3 қала, 12 ауылдық округтердің аумағындағы 38 елдімекенде 67 149 адам тұрады. (Оның ішінде зейнеткерлер 6100, мүгедек адамдар 1490, оқушылар 10471, мектеп жасына дейінгі балалар 4887). Экономикалық белсенді халық 38475. (Табиғи өсім 1026 адамды құрады, 2014 жылы табиғи өсім 1231 адам болған). Тұрғындардың басым бөлігі өндіріс саласында, яғни мұнай-газ кешендерінде жұмыспен қамтылған. Аудан бойынша жан басына шаққандағы орташа жалақы 119 мың 906 теңгені құрайды. (Аудан халқына 2 ірі банк филиалдары, банкоматтарымен қызмет көрсетеді.) Бүгінде аудан бойынша 13282 телефон нүктесі жұмыс жасайды, олардың 6082-і кең жолақты интернет желісіне қосылған. 1934 абонент Қазақтелеком арқылы ID TU (АЙДИТВ) арнасын пайдаланады. Автокөлік саны жыл сайын артып бүгінде 13 885 көлік құралына жетіп отыр, бұл әрбір 4,7 мұғалжарлықта көлік бар деген сөз.
Өткен 2015 жылы аудан бойынша барлық жоспарланған жұмыстар ойдағыдай іске асты деп айтуға негіз бар.
Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 271,9 млрд.теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,4 пайыз. Ауданда 12 айда 2892,7 мың тонна шикі мұнай өндірілді, бұл облыста өндірілген мұнайдың 45,9 пайызы. Сонымен қатар, 4143,3 млн.текше метр мұнайға ілеспе газы өндірілді, бұл облыс бойынша өндірілген газдың 76,9 пайызы. Жалпы таяу жылдарда табиғи газ өндірудің көлемі артып, өнеркәсіп өнімдерін өндіру басты салаға айналады деген жоспар бар. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сатыға көтеріп, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсарта түседі деп сенеміз.
Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 65,4 млрд.теңге, бұл былтырғы жылғы салыстырмалы деңгейдің – 69,9 пайызы. Жалпы аймақ бойынша негізгі капиталға тартылған жылдық инвестиция көлемінің төмендеуі әрбір жыл ішіндегі іске асырылатын инвестициялық жобалар саны мен олардың ақшалай мөлшерінің қатысына байланысты болатындығы байқалады.
Атап айтқанда, бұны аудан бойынша 2014 жылғы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің 64 пайызы аймақтағы аса үлкен мекеме «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ (үшінші ЖГӨЗ 2-ші және 3-ші кезеңдерінің бөліктері) есебінен жүзеге асырылғандығымен түсіндіруге болады. Демек, биылғы жылдың негізгі капиталға тартылған жылдық инвестиция көлемінің былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы төмендеуіне жоғарыдағы көрсетілген жағдайлардың әсері тиді, ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің жылдық мөлшері толығымен қамтамасыз етіліп отыр.
Құрметті жерлестер!
«Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген басты бағыттардың бірі - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Елбасы «Бұл біздің – дәстүрлі саламыз. Болашақ – аграрлық сектордың әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруы»,- деп атап көрсетті.
Аудандық ауылшарашылық саласында өсім мен өнім бар. Жыл сайын дәйекті деректерден мал басының артып келе жатқанын байқап отырмыз, ауданның аграрлық секторында 2016 жылдың бірінші қантарына 21 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 382 шаруа қожалығы, 1 ауылдық тұтыну кооперативі, 2 сервистік дайындау орталығы және 1 ауылдық несие серіктестігі тіркелген.
Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өндірілген өнімнің көлемі 2015 жылы 11 млрд. 778,2 млн. теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығы 7 млрд. 526 млн 400 мың теңге, егін шаруашылығы 4 млрд. 247 млн. теңге. 2014 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,1 пайызды құрап отыр.
2015 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласына 113 млн 200 мың теңге инвестиция салынды, 2014 жылмен салыстырғанда 4,2 есеге артық.
(Қазіргі таңда аудан бойынша 42 575 бас ірі қара, 132 122 бас қой, 12 304 бас жылқы, 563 бас шошқа, 268 бас түйе және 64 943 құс тіркелген.) 2014 жылмен салыстырғанда ірі қара 100,3, қой-ешкі 105,7, жылқы 106,9, түйе 103,1 және құс 101,0 пайызға өскен. Малдың өсуімен қатар өндірілген өнімдердің де көлемі өсуде. Ет өндірісі 10209 тонна, сүт 31 мың 28 тонна, жұмыртқа 5 млн 694,2 мың дана және 350 тонна жүн өндірілген.
2014 жылмен салыстырғанда ет өндірісі 103,1 сүт 103,9, жұмыртқа 103,5 және жүн 116,6 пайызға өсіп отыр.
«Агробизнес -2020» бағдарламасының аясында ауышаруашылық саласына 810 млн 600 мың теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. (2014 жылмен салыстырғанда, 177 пайызға артық көрсетіліп отыр. Субсидия – 254 млн 800 мың теңге, мал шаруашылығына – 93,1 пайыз). Мемлекеттік қолдауды анық сезінген тұрғындар бүгінде мал басын арттырудан оның сапасын көтерудің маңызды екенін түсіне бастады. 2015 жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша 292 бас ірі қара, 976 бас қой, 198 бас жылқы малдары алынды. 2014 жылы «Сыбаға» арқылы 455 бас ірі қара, «Алтын асық» арқылы 300 бас қой, «Құлан» бағдарламасымен 56 бас жылқы алынған болатын. 2016 жылға 3 шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламалар арқылы 90 бас ірі қара алуға ниет білдіріп отыр. («Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында ауданда асылтұқымды мал басын көбейту мақсатында 2015 жылы 320 бас ірі қара, 500 бас қой, 100 бас жылқы асылтұқымды малдары алынды. 2014 жылы 96 бас асылтұқымды ірі қара, 456 бас ұсақ малдар, 20 бас жылқы алынған болатын. Бүгінде аудан бойынша барлық малдың басына шаққанда, асылтұқымды малдардың үлесі – ірі қарада 1,8, қой-ешкіде – 4,1, жылқыда – 44,7 пайыз болып отыр. 2014 жылы бұл көрсеткіш ірі қарада – 0,9 пайыз, қой-ешкіде - 9,3 пайыз, жылқыда – 30 пайыз болатын. Асылтұқымды мал санын арттыруда ірі қара мен жылқы малында өсім болғанымен, өткен жылы қой-ешкіде мал басының төмендеуі байқалып отыр.)
Сонымен қатар мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2015 жылы Талдысай елді мекенінде 600 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары басталды. Осы жылы бес адам мал бордақылау алаңын салуға ұсыныс беріп, несие алуда. Жоспар бойынша отбасылық шаруашылықтарды дамыту мақсатында шағын мал бордақылау алаңдарын ашу туралы ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
(Мемлекеттік бағдарламалардың тұрғындар арасында кеңінен насихатталмауы – мал басын асылдандыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуіне тұсау болатындығын түсінген абзал. Бұл туралы ауылшаруашылық бөлімі мамандарымен ауыл әкімдерінің жұмыстарында салғырттықтың салдарынан болған кемшіліктің орнын осы жылы толтыруға күш салуымыз керек.)
Мал тұқымын асылдандыру мақсатында өткен жылы 112 бас асыл тұқымды бұқа сатып әкелініп, Ембі қаласы, Ақкемер, Егіндібұлақ, Қайыңды, Ащысай және Еңбек ауылдарында қолдан ұрықтандыру бекеттері ұйымдастырылған. Басқа округ әкімдеріне маңыздылығы жоғары бұл іске қатысты жұмыстарды жедел жүгізу туралы тапсырма берілді. Үкімет тарапынан ветеринарлық қауіпсіздікті сақтауға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, мал арасында жұқпалы аурулардың алдын-алу мақсатында біршама жұмыстар атқарылып, материалдық-техникалық базалары нығаюда. Мал дәрігерлік жұмыстарға, жұқпалы аурулардың алдын алуға 2015 жылы 80 млн. 673 мың теңге бөлініп, іс-шаралар толықтай атқарылды. 2015 жылы 706 бас ірі қара, 92 бас қойдан сарып ауруына оң таңба берілді. 2014 жылы 769 ірі қара, 474 ұсақ малдар сарып ауруына шалдыққан болатын. 2015 жылы ауруға шалдыққан малдың саны 63 басқа азайып отыр. Осы жылға ветеринарлық іс-шараларға 69 млн 847 мың теңге бөлінуде. Халықтың дені сау болуы үшін, ол тұтынатын азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін бірінші кезекте, өзіміз өсіріп, өнім өндіріп отырған малдың саулығын сақтауымыз керек. Біз өзіміз қолдан өсіріп, өндіріп, дастарханға қойған ағарған мен адал етімізден үйдегі бала-шағаның саулығына қауіп төнетін болса, бұл маңдай тер еңбегіміздің далаға кеткені емес пе?! Сондықтан, сарып ауруына оң таңба берген малдарды ауыл тұрғындары сауатсыздыққа салынып, мамандардан жасырып, өріске ұзатпай, дер уақытында көзін жоюы керек. Сарыптың малдан малға тез жұғатынын ескергендеріңіз жөн.
Қазірден бастап, көктемгі егіске тиянақты дайындалып, қолда бар тұқымды себу дәрежесіне жеткізіп, зертханадан өткізіп, техникаларды толық жөндеуден өткізу қажет. Өткен 2015 жылы аудан бойынша 7511 гектар жерге егін себілген болатын. Одан 5091 га дәнді дақыл жиналып, олардан 2,5 центнерден өнңм алынып, барлығы 1280 тонна өнім алынды. 2016 жылы 5700 гектарға дәнді дақыл, 300 гектар майлы дақыл, 2500 мал азығы дақылдары, 554 а жерге бау-бақша дақылдары егіледі деп жоспарланып отыр. Ол үшін барлығы 514 тонна тұқым қажет болса, бүгінгі күнге құйылған 60 тонна тұқым зерттеу лабораториясына тапсырылды. Жалпы көлемі 317,5 тонна тұқым дайындалып отыр. Қалған 196,5 тонна дәнді дақыл тұқымы елдің өзге облыстарынан сатып әкелінеді.
Аудан бойынша егістікке жарамды 36,0 мың гектар жердің 8,6 мың гектары, немесе 23,8 пайызын пайдаланып отырмыз. Ауданда 2591 гектар жүйелі суармалы жер болса, бүгінгі күнге оның 404 гектары (15,6%) пайдаланылып келеді. 2015 жылы 4100 тонна картоп, 2700 тонна көкөніс өнімдері өндірілді, жалпы аудан тұрғындарын жергілікті өніммен қамту бойынша картоп 90,4, көкөніс 36 пайызды құрап отыр. 2014 жылы картоппен аудан тұрғындары 87,2 пайызға, көкөніспен 35 пайызға қамтылған болатын. Биылғы жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қосымша 150 гектар қосып, суармалы жерлердің көлемін 554 гектарға (21,4%) жеткізу көзделіп отыр. Соның нәтижесіне осы жылы 329 гектар жерге картоп, 209 гектарға көкөніс, 16 гектарға бақша дақылдары егіледі деп жоспарланып отыр. Бұл аудан халқын картоп өнімімен 100 пайыз, көкөніс өнімдерімен 44,7 пайызға қамтуға мүмкіндік береді. Бізде суармалы жерлердің көлемін арттыруға барлық мүмкіндік бар. Себебі, аудан аумағында бастауын Мұғалжар тауынан алатын өзен-көл көп. Мұны ауыл әкімдерінің ұтымды ұйымдастыруымен тұрғындар тиімді пайдалануы керек. Суармалы егін салу мақсатында ауыл аумағындағы өзен-көлдердің тұсынан арнайы алқаптар дайындалып, тұрғындарға пайдалануға берілуі керек. Бұл жұмыстарды биылғы жылдан қолға алуды ауыл, қала әкімдеріне тапсырамын.
Тұрғындар ауыл сыртындағы алқаптарды пайдаланбақ түгілі, өз ауласына көкөніс егуге де ерінеді. Өсіп келе жатқан баласына екі шелек су көтертіп, кетпен ұстатуды ар санайды немесе аяйды. Есесіне, жас балалар көше кезіп, бос сенделіп жүреді. Егер баланы жастайынан еңбекке баулып, егіс салуға, мал бағуға үйретпейтін болсақ, күндердің күнінде дайын өнімді базардан сатып алып жейтін бала, өсіп келе жатқан қызанақ пен картоптың сабағын айыра алмайтын дәрежеге де жетуі мүмкін.
Облыс басшысы Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сай, аудан бойынша егістік жерлерді тиімді пайдалану үшін инвестиция тарту және шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстарын нақты жүргізу керек. Игерілмеген жерге дәнді дақылдарды өсіріп, оны өндейтін цех салуға жұмыс істеуіміз керек. Аудан халқын көкөніс өнімдерімен жыл көлемінде тұрақты қамтамасыз ету мақсатында инвесторлар арқылы жылыжай құрылысын салып іске қосу мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ, картоп, көкөніс өсірген шаруа қожалықтарымен ауылшаруашылық бөлімі, қала, ауылдық округ әкімдері меморандум жасасып олардың қоймаларында сақталған өнімдерді қыс, көктем айларында базар бағасынан қымбат емес бағаға сатылуына қол жеткізуіміз қажет. Бүгінде Қандыағаш қаласында жеке кәсіпкер Қуандық Төлегенов көлемі 1 гектар болатын жерге жылыжай салып, көкөніс өнімдерін өсіруде. Дайын өнімдері ақпан айының аяғында саудаға шығарылатын болады. Сонымен қатар, және бір жеке кәсіпкерлер Зиба Сұңғатова, жылыжай ашу туралы құжаттарын әзірлеуде.
Сонымен қатар, картоп, көкөніс өнімдерін сақтау қоймасын ұйымдастыру арқылы тұрақтандыру қорын құру аса маңызды қажеттіліктердің бірі. Осы мақсатта аудан орталығында 200 тонна көкөніс, картоп өнімдерін сақтайтын қойма ашылды. Алайда, бұл аудан қажеттілігін өтей алмайды, сондықтан, аудан аумағында тағы да көкөніс қоймаларын ашу туралы жұмыстар жүргізілуде. Осы міндеттемелерді орындау арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін шешіп, азық-түлік қауіпсіздігі және нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге қол жеткізетін боламыз.
(Ауылшаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде аудан бойынша 26673 га болатын 30 жер учаскесі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай отырғандығы анықталды, оның 20759 га яғни 21 жер учаскесі мемлекетке қайтарылып, қайтадан ауылшаруашылығы айналымына енгізілді. Қалған 5914 га 9 жер учаскесіне қатысты шаралар қабылдануда. Жайылым жерлер ауысыммен пайдаланылмағандықтан да, мал жайылатын жерлер құнарлығынан айрылып барады. Қазіргі таңда мұндай жайылым жерлерді суландыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып отыр. жер балансы есебіне сәйкес, ауданда 24861 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы тыңайған егістік жерлер бар. Алайда, ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірнеше жылдан бері егіс екпей, жерді мақсатына сай нысаналы пайдаланбай отырған 17 шаруа қожалығы мен 2 ЖШС-тің жер учаскелерін қайтару туралы шаралар қабылдануда.)
Осы жұмыстарды ұйымдастыруды менің орынбасарларым Дастан Сағыровқа, аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Әлібек Қалмұрзаевқа, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Алмас Салықбаевқа тапсырамын.
Құрметті мұғалжарлықтар!
«Қазақстан-2050» Стратегиясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту - ел экономикасының негізі ретінде атап көрсетілген. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында бұл салаға ерекше тоқтайды. «Шағын және орта бизнесті дамыту – XXI ғасырдағы Қазақстанның индустриялық басты құралы. Экономикамызда оның үлесі артқан сайын еліміздің дамуы да орнықты бола түседі», - деп Елбасы атап көрсетті. Бұл орайда, 2014 жылдың 12 айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3332 болса, 2015 жылдың 12 айындағы саны 3360 нысанды құрады. Аудан бойынша Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алтынды ауылында бизнес-инкубатор ғимараты демеушілердің көмегімен салынып ашылды. Аудан орталығында да Бизнес инкубатор ашу туралы келісім жүргізу, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда баға тұрақтылы бойынша штаб жұмыс жасап, әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түлік тауарларына күн сайын мониторинг жасалып отырады.
«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы 138,7 млн теңгеге 15 жоба мақұлданып, несиелендірілген. Және «Кәсіпкер» бағдарламасымен 25 жеке кәсіпкерге 64,6 млн теңге көлемінде несие берілді. 2015 жылы елді мекендерде жаңадан 23 нысан іске қосылды. Жалпы құны 298 млн теңге болатын кәсіпкерлік құрылыс нысандары пайдалануға берілді.
Аудан бойынша жеке кәсіпкерліктің 80 пайызы негізінен сауда, тұрмыстық қызмет көрсету аясында дамуда. Ал, мал өнімдерін қайта өңдеуге, фермерлік, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жұмыс өз дәрежесінде емес. Өнім өндіру, өңдеу, тамақ өнеркәсібі бағытына басымдық берушілердің қатары аз. Сүт, ет өңдейтін, тері илейтін зауыттардың өнімдеріне қажеттілік пен сұраныс болса да, ашуға ниет білдірушілер жоқ. Сондықтан кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің мемлекет, халық алдында әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін ұқтыруымыз керек. Мәселен, Ембі қаласында кәсіпкерлердің демеушілік көмегімен көпір жөнделді, орталық саябақ ретке келтіріліп, ескерткіш қойылды, сонымен қатар соғыс жылдарында Қырғыз бекетінде опат болып, сол жерге көмілген белгісіз солдаттардың мүрделері табылып, қайта жерленді, басына белгі қойылды. Мұның барлығы кәсіпкерлердің қаржылай демеушілігінің арқасында жүзеге асырылған іс-шаралар. Осы секілді жұмыстар Қандыағаш, Жем қалаларында да жалғасуы керек. Әсіресе, кәсіпкерлік нысандарының дені аудан орталығында шоғырланғанын ескеріп, осы бағытта қала әкімі белсенді жұмыс атқаруы тиіс.
Бүгінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік құру туралы Елбасының нақты тапсырмасы бар. Осы бағытта кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Өткен айда Мұғалжар ауданы бойынша мұндай әріптестік кәсіпорын құрылып, Ембі қаласында балабақша ашылуда. Жалпы жұмыссыздықтың алдын алу, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту үшін аудан халқының шағын фермалар ашып, отбасылық бизнесін құруына мүмкіндік беруіміз керек.
Кәсіпкерлермен жұмыстарды ұйымдастыруды менің орынбасарым Д.Сағыровқа, аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ә.Қалмұрзаевқа, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Салықбаевқа тапсырамын.
Құрметті жерлестер!
Өткен жыл ішінде коммуналдық жүйе саласы мекемелері қалыпты жағдайда қызмет атқарды. Аудандағы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер 46 жылу қазандығы арқылы жылумен қамтамасыз етіліп, оның 20 қазандығы газбен, 18 қазандық қатты отынмен және 8 қазандық сұйық отынмен жылу берді.
Бүгінгі таңда аудан аумағында орналасқан 3 қала және 7 ауыл табиғи газ отынын пайдаланады, немесе барлық тұрғындардың 78 пайызы табиғи газды тұтынады. Өткен жылы Ақкемер ауылына табиғи газ (220 млн. теңге) отыны жеткізілді. Талдысай және Еңбек ауылдарына табиғи газ отынын жеткізуші газ құбыры нысанының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.
Өткен жылы 2012 жылы басталған Қандыағаш қаласының жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. (2012 жылы – 122 179,5 мың теңге, 2014 жылы – 400 980 мың теңге, 2015 жылы -781 589,0 мың теңге бөлінді). Жаңартылған жылу құбыры 19,9 шақырым.
Бүгінде Қандыағаш қаласының жылу жүйесіне қатысты маған тікелей телефон шалушылар көп. Ақсақалдар «үйіміз ысып кетті, жылу беруді азайтпайсыңдар ма?» деп сұрап жатады. Ал осыдан он жыл бұрын, Қандыағаш қаласының жағдайы қалай еді, жылу жүйелерінің қаланы қажетті жылумен қамтуға мүмкіндігі болмады. Сол уақытта Қандыағаш қаласының жылу беру жүйесінің жүктемесін үш жылу қазандығына бөлу туралы шешім қабылданып, осы бағытта жұмыстар жүргізілді. Нәтижесін бүгін байқап отырсыздар, пәтерлеріміздің ыссылығынан терезе ашып отырсыздар. Мұның барлығы мемлекетіміздің аяғынан тұрғандығының айғағы. Аудандағы кез-келген проблеманың түйінінің тарқатылуы, қалалар мен ауылдардың гүденуі, дамуы - елді жақсылыққа үндеп, жарқын болашаққа жетелеген Елбасының саясатының ел ішінде дұрыс бағытта жүзеге асырылуынан деп білемін.
Бір кездері толықтай мұз құрсауында қалған Жем қаласы қалай түледі?! Әскерилер үдере көшкеннен кейін жартылай қаңырап бос қалған қалаға бүгінде болашағына сеніп, қоныс аударушылар көп. Жем қаласына көгілдір отын да кіргізілді, жылу жүйелері қалыпқа келтірілді. Есепті кездесу кезінде халық сол үшін де қуанышын жасыра алмай, алғысын білдіріп жатты.
Ал өткен жылы су құбырлары желілерін және имараттарын қайта жаңарту нысанының құрылысы мәресіне жетті. (2014 жылы – 263 416,7 мың теңге, 2015 жылы -республикалық бюджеттен 195 299,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 58312,0 мың теңге бөлінді).
Аудандағы келелі мәселелердің бірі - ауыз су жүйелерімен бірге, ескірген кәріз жүйелерін жаңалау болатын. Әсіресе, бұл Ембі қаласында өзекті мәселе еді. Сондықтан Ембі қаласындағы кәріз жүйесін қайта жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыс 2014 жылы басталып, өткен жылы аяқталды. (2014 жылы – 297 758,4 мың теңге, 2015 жылы- республикалық бюджеттен 205 146,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 59 306,0 мың теңге қаржы бөлінді). Сметалық-жобалау құжатары бойынша қайта жаңартылған кәріз жүйесінің ұзындығы 42,3 шақырым.
Қандыағаш қаласының Есет батыр, Гагарин, Шынтасов, Торайғыров көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 57 024,0 мың теңге қаржы бөлініп, игерілді.
Қандыағаш қаласы аумағында соңғы 5 жылда «Болашақ», «Самал» ықшам аудандары қалыптасып, қазіргі таңда бұл ықшам аудандарда 500-ден астам тұрғын үй және 320 орындық бала бақша ғимараты салынды. Жаңа салынған ықшам ауданға электр желісі, көгілдір отын, ауыз су және кәріз жүйелері жүргізілді. Осы ықшам ауданда автокөлік жолы қиындық тудырып келген болатын, мәселе өткен жылдың 20 қазаны күні Сіздің Қандыағаш қаласы тұрғындарымен кездесуіңізде де көтерілген болатын. Осы жерде Қандыағаш қаласының тұрғындарына сүйіншілі хабарды жеткізсем болады, аталмыш мәселе облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының бақылауына алынып, жоба бойынша ұзындығы 2,5 шақырым жол құрылысын салуға 2016 жылға бюджеттен – 128 151 000 теңге қаражат бөлінді. Құрметті облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлы, сізге қандыағаштықтар атынан ризашылығымды білдіремін.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Жем қаласына кіре беріс жол күрделі жөндеуден өтеді, бұл мақсатқа 58 млн. теңге бөлінді.
Жастық мөлтек ауданында құны 69 млн. теңге тұратын айналма жол салынатын болады. Жастық және Достық мөлтек аудандырында тротуарлар салу жоспарға енгізілді. Бұл мақсатқа 63 млн. теңге бөлінді.
Келесі жылға «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 8 елді мекеннің ауыз су жүйесіне жөндеу (2 млрд. 253 млн. 300 мың теңге) жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Құрметті жерлестер!
Жыл бойы ұжымдар, кәсіпкерлер, жалпы қала тұрғындары жұмылдырылып, көшелерді тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Ауданымыздағы осындай атқарған жұмыстарымызды қолдап, шын пейілдерімен атсалысқан мектеп ұжымдарына, мекеме қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Жұмыс жасап тұрған саябақ пен «Астана», «Тәуелсіздік» алаңдарын күтіп-ұстауда да кемшілік бар. Осы тұрғыда қала тұрғындарына да айтылар сын бар, өткен кездесулердің бірінде ақсақал қала тазалығына қатысты сауал қойды. Оның соңынан іле-шала көтерілген бір жас жігіт оның сауалын сынға алып, мүмкіндігі шектеулі жандардың атынан сөз сөйледі. Расында да, көшеде жатқан қағаз бен қоқысты қала әкімі жиналуын қадағалауға міндетті, алайда, қала тұрғындары сол тазалықты сақтай білуі тиіс. Неліктен сол ақсақал үйінде шәй үстінде немересіне қоғам мүлкін бүлдіруге болмайтынын, ішкен шырынының, жеген кәмпитінің бөтелкесі мен қағазын аула сыртына, жол үстіне лақтыруға болмайтынын, өзі секілді қарт адамдар отырып демалатын орындықтың ағашын тектен-текке сындырып, көшеге сән беріп тұрған гүлді таптауға болмайтынын түсіндірмейді?! Егер үйде өсіп келе жатқан бала-болашаққа осындай тәрбие-тәлім берілетін болса, өз қаласын, отанын сүйетін, өзі өскен көшесін қорламайтын керісінше, қорғайтын азаматтар әр отбасында өсіп шығар еді.
Бүгінгі күні аудан бойынша 1771 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бос пәтерлердің болмауының салдарынан мұқтаж азаматтардың саны жыл өткен сайын өсіп, басты проблемалардың біріне айналып отыр. Сондықтан 2014 жылы Қандыағаш қаласындағы Есет батыр көшесіндегі №13-ші 90 пәтерлік тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық-жобалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Сметалық құжаттамаларына сәйкес жөндеу жұмыстарына 273 655 114 теңге қаражат қажет. Сонымен қатар Самал м/а үш сегіз пәтерлі жалдамалы тұрғын үй (162 788,0 мың теңге), 2 бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй (№1 үйге 406 144,0 мың теңге), (№2 үйге 377 178,0 мың теңге) құрылыстарына, Ембі қаласы Б.Момышұлы көшесі №11 және №15 көпқабатты тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін (соның ішінде №11 үй – 166 848,6 мың теңге, №15 үй – 300 148,7 мың теңге) жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.
Сондай-ақ, қазіргі таңда «Нұрлы көш» м/а 472 жер учаскесіне жоспар жасалып (ПДП), инженерлік жүйе (су, электр, газ, кәріз жүйелері) жүргізу мақсатында сметалық жобалау құжаттары дайындалды. Алайда, бұл жоспарымыз да қаржы болмауына байланысты орындалмай келеді. 2016 жылы қаржы бөлініп инженерлік жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілетін болса, 472 жер учаскесі кезек ретімен берілетін болады.
Құрметті жерлестер!
Аудан мектептерінің, мектепке дейінгі, одан тыс мекемелердің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығаюда.
2015 жылы білім саласына жергілікті бюджеттен 3 млрд 420 млн 748, 8 мың теңге бөлініп, толық игерілді. 2014 жылы 3 млрд 349 млн 365,1 мың теңге бөлінген болатын.
2016 жылы жергілікті бюджеттен 3 млрд 348 млн 520,0 мың теңге бөлінді. Оның ішінде білім беру ұйымдарының материалдық техникалық базасын жақсарту мақсатында 100 000,0 мың теңге орта мектептердің бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларының парталары мен класс тақталарына және компьютерлерге жұмсалатын болады, бұдан басқа аудан мектептері асхана жиһаздары, спорттық инвентарлар, интерактивті тақталармен толықтыруды қажет етеді. Сол себептен осы секілді мәселелерді түбегейлі шешу үшін облыс әкімінің бастамасымен «Туған жерге тағзым!» акциясы біздің өңірімізде де қолға алынды. Үстіміздегі жылдың 8 қаңтары күні Қандыағаш қаласында өткен алғашқы акцияның өзінде мектеп түлектерінен қалалық бес мектепке 15 млн. теңге көлемінде демеушілік қаржы түсті. Бұл бастама өзге де елді мекендердің түлектері тарапынан қолдау тауып, 10 ақпан күні Ембі қаласында жалғасатын болады.
Жыл сайын жаңа оқу жылында аудан ұстаздарының қатары жас мамандармен толықтырылып келеді. 2015 жылы жалпы аудан бойынша 95 жас маман білім саласына жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 12 жас маманға көтерме ақы, 4 маманға тұрғын үй сатып алуға пайызсыз несие берілді. 2014 жылы 54 жас маман келген болатын, олардың 11-і тұрғын үй жәрдемақысын, 7-уі көтермеақы алды.
2015 жылы ҰБТ-ға 23 орта мектептен 399 түлек қатысты, бұл жалпы түлектер санының 73,5 пайызы. Аудан бойынша ҰБТ қорытындысының орташа бағасы 86,3 баллды құрады, білім көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда, 4,1 баллға артты. 2014 жылы ҰБТ-ға 319 түлек қатысып, жалпы қатысым мектеп бітірушілердің 72,2 пайызын құраған болатын. Ал осы жылы аудан бойынша 471 түлек мектеп бітіреді деп күтіліп отыр.
(ҰБТ бойынша аудан көрсеткішінен 3 мектеп төмен балл алды. Төменгі көрсеткіштер Сағашилі, А.Жұбанов атындағы және Талдысай орта мектептерінде болды.) Мектеп басшыларына оқушылардың білім алу деңгейіне басты назар аудару туралы тапсырма берілді.
Кейбір ауылдарда бала өсімі аз. Сондықтан алдағы 2016-2017 оқу жылында үш бастауыш, бір негізгі мектеп және екі балабақша жабылатын болады. Бұдан басқа екі мектеп негізгі және бастауыш мектеп есебінде қайта құрылады. (Мәселен, Сергеевка бастауыш мектебінде мектеп жасындағы 7 оқушы, мектепалды даярлық тобында 1 оқушы және мектеп жанындағы шағын орталықта 12 оқушы білім алуда. 21,25 штат бірлігі, оның ішінде 9,0 педагог қызметкерлер бар. №52 бастауыш мектебінде мектеп жасындағы 5 оқушы, мектеп алды даярлық тобында 2 оқушы, 5 штат бірлігі, оның ішінде 2 мұғалім. № 57 бастауыш мектебінде мектеп жасындағы 8 оқушы, 5 штат бірлігі, оның ішінде 2 мұғалім. Коктөбе негізгі мектебі мектеп жасындағы 27 оқушы, мектеп алды даярлық тобында 5 оқушы, 25,5 штат бірлігі, оның ішінде 12 педагог қызметкерлер бар.)
Сонымен қатар, осы жылдың сәуір айынан бастап, бала саны аз Ащысай ауылдық округіндегі «Таңшолпан» (4 бала барады) және Ақкемер ауылдық округіндегі «Балдырған» (11 бала барады) балабақшалары жабылады. Жабылатын білім ұйымдарындағы барлық педагог қызметкерлер ауданның басқа мектеп, бала-бақшаларына жұмысқа орналастырылатын болады.
Аудан бойынша 53 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 22-сі балабақшалар. Бүгінгі таңда балабақша кезегінде Қандыағаш қаласы бойына 4 балабақшаға 1261, Ембі қаласы бойынша 3 балабақшаға 339 бала тұр. Ал ауылдық жерлердегі балабақшаларға кезек жоқ. Мектепке дейінгі жастағы балаларды қамту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында Ембі қаласында 200 орындық «Нұр-Малика» балабақшасы жұмысын бастады. Соның есебінен мұндағы кезек 139-ға азайып, қамту 93,3 пайызға көтерілді. Осындай жұмыс Қандыағаш қаласында да қолға алынып, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылдың аяғына дейін Қандыағаш қаласынан 300 орындық балабақша ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, оқушыларды мектеп оқулықтарымен қамту мәселесіне салғырт қарауға жол берілмеуі тиіс. Өткен оқу жылында 36 млн 313,6 мың теңге қаражат оқулықтар сатып алуға бөлініп, толық қамтылды. Осы жылы бұл мақсатқа 67 млн теңге бөлініп отыр. Мемлекет оқушыларды тегін оқулықпен қамту жүйесін енгізді, бұл жеңілдікке мектеп оқушылары дер уақытында қол жеткізуін қамтамасыз ету де аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбек Жүсіповтың бақылауына алынуын тапсырамын.
2015 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Бұлақты, Қ.Жұбанов атындағы, Құмсай, Қайыңды, Сағашилі орта, Крупская, Елек пен Қожасай негізгі мектептеріне және «Гүлдер» мектепке дейінгі ұйымға ағымдағы жөндеу жұмыстары, ал облыстық бюджеттен 124275,0 мың теңгеге Қандыағаш қалалық №5 орта мектебі мен Қандыағаш қалалық №2 орта мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті бюджет есебінен Қандыағаш қалалық №3,4 және Ембі қалалық №3 орта мектептерінің шатырына және ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстарына 11292,0 мың теңгеге жұмыстар жүргізілді. Ембі қаласында 320 орындық мектеп құрылысы 2015 жылы аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыстың жалпы құны 558 млн 693 мың теңгені құрады. Аудан бойынша апаттық жағдайдағы мектептерді жою мақсатында Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектебіне – 1 166 300,0 мың теңгеге жобалау сметалық құжаттары жасалып мемлекеттік сараптама жасалды. 2016-2017 жылдарда мектептің орнына жаңа мектеп ғимаратының салынуы жоспарлануда. Мектеп-гимназия болып ашылатын бұл білім ошағына оқушылармен мұғалімдер аудан бойынша конкурстық жүйемен іріктеліп, қабылданады.
Еңбек рыногының сұранысы мен оқу орындарының ұсынысын үнемі ескеріп, мектеп бітіргелі отырған түлектермен дұрыс жұмыс жүргізілуі керек. Мектеп бітірген түлектермен де байланыс болуы керек. Олардың оқу орындарына түсуі, дұрыс мамандық алуы, жұмысқа орналасуын мектеп басшылығы, класс жетекшілері назарда ұстап, дерекқор жинап отырса, біз мұғалжарлық әрбір бала-болашаққа өзіне сенетін, өзі сүйене алатын туған жері бар екенін сезіндіре алатын едік. Сонда ол түлек те өз елін, отанын, туған жерін сүюді, іздеуді үйренер еді. Мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауға дұрыс бағыттауымыз керек. Сондай-ақ, жастарды кәсіпкерлікке даярлау ісін жолға қою қажет. Ауданда 3 колледж жұмыс жасайды. (Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі, Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжі, Ембі қызмет көрсету саласы колледжі). Жыл сайын колледждердің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Тиісті оқу кабинеттері, шеберханаларға құрал жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар оқу процесіне пайдаланатын техникалары да жаңалануда. 2014 жылы аталмыш оқу орындарын 269 түлек бітіріп, 197-сі өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. 2015 жылы 279 түлек бітіріп, 240-ы жұмыспен қамтылған. Осы жылы колледждерде 522 студент білім алуда. Колледждерде негізінен кәсіптік-техникалық, теміржол, мұнай-газ өндірісіне қатысты мамандықтарға оқытылады. Осы оқу орындарының есебінен аудан аумағындағы теміржол, коммуналдық мекемелер, және асхана, мейрамханаларға жергілікті жерден кәсіби мамандар даярлануда. Кандыағаш өнеркәсіп колледжі өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 51,936 млн теңге қаржы жұмсалды.
Бүгінгі таңда 44 (2014 жылы-58) жасөспірім, 34 (2014 жылы-31) ата-ана есепте тұр. 2015 жылы - 2 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды. Тәлім-тәрбие бермедің деп ата-ананы кінәлауға болмас, дегенмен, әкесі мен шешесі 15 күндік ауысымдық жұмыста жасайтын баланың тәриесі көшеге тапсырылғанын да мойындауымыз керек. Бүгінде күнкөрістің қамымен жүріп, ең қымбаттымыз – бала тәрбиесінің тізгінін уысымыздан шығарып алдық.
Мұның барлығы сайып келгенде олардың кейінгі отбасылық өміріне де кері әсерін тигізетіні анық. Мәселен, 2014 жылы аудан бойынша 645 шаңырақ көтерілген, есесіне, 153 отбасы ажырасуға арыз берген. Ал 2015 жылы 483 неке тіркелсе, 154 неке бұзылған. Отбасы – мемлекет тұтастығының кепілі, біздің болашағымызды баянды етер құндылық. Сондықтан, біз әрбір құрылған шаңырақты сақтай білуіміз керек.
Білім беру саласындағы алдымызда тұрған үлкен міндет, өткен жылы қол жеткізген жетістіктерімізді баянды ету. Бұл мақсатта менің орынбасарым Қ.Назаровқа жүктелетін талап өте жоғары болмақ.
Құрметті жерлестер!
Былтырғы жылы мәдениет саласына 16 млн 500 мың теңге бөлініп игерілді. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша Сағашилі ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. (25 067,0 мың теңге)
Өткен жылы аудандық мұражай жаңа ғимаратқа көшірілді. Үстіміздегі жылы жерлесіміз, белгілі сазгер Ахмет Жұбановтың 110 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Бұл шараға дайындық жұмыстары басталды.
Биыл мәдениет саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға қаржы бөлініп, сахна киімдерін алу және аудандық мәдениет үйінің жиһаздарын жаңарту жоспарланып отыр.
Жыл сайын мәдениет қызметкерлерінің қатары өнерлі жас кадрлармен толықтырылуда. Талантты жастарды ауылдардан іздеу керек деп білемін, ол үшін аудандық мәдениет басшылығы ауыл-аймақты жиі аралап, жастар арасында байқаулар өткізіп тұруды үрдіске айналдыруы керек. Ауылдарды аралаған сайын кітапханаларға міндетті түрде соғып тұрамын. Сол уақытта саралап жүріп байқағаным, ауылда кітап оқитын оқырмандар саны азайып барады. Ауылда ғана емес, қалада да дәл солай. Оқырмандардың қатарын негізінен зейнеткерлер толтырып тұр, ал жастардың саны аз, жастармен өткізген кездесуімде олар өздеріне қажет ақпаратты телефоннан, ғаламтордан алатынын айтады. Алайда, бұл сауаттың азаюына алып келуі мүмкін үрдіс, сондықтан мұның алдын алып, мектеп мұғалімдері, кітапхана қызметкерлері кітап оқуды бастауыш класс оқушыларынан бастап насихаттауымыз керек. Баланы жастайынан неге баулысаң, бала соған икемді болып өсетінің ұмытпауымыз керек.
Құрметті жерлестер!
Аудандық денсаулық сақтау саласында аудан халқына 37 медицина мекемелері қызмет атқарады. Оларда 101 дәрігер, 334 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Дәрігерлердің 15, орта буын медицина қызметкерлерінің 44 біліктілік санаттары бар. Алайда, тұрғын үймен қамту мүмкіндігінің болмауына байланысты, бүгінде ауданда 16 дәрігер мамандары жетіспейді.
Ана мен бала денсаулығын қорғау және өлім деңгейін азайту мақсатында бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарының медицина қызметкерлерін жаңа бағдарламамен оқыту жүргізілуде. Жылжымалы ФЛГ қондырғы және жылжымалы медициналық комплекс елді-мекендерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жекелеген санаттағы диспансерлік есепте тұрған науқастарға және балаларға тегін 42 млн. 141,3 мың теңгеге дәрі-дәрмек берілді.
Жыл сайын аудандық аурухана жаңа заманғы медициналық құрал-жабдықтарымен қамтылып келеді. Аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі күнге медицина қызметкерлері алдында жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар балаларына жасалатын мерзімді екпелерден өз еріктерімен бас тартуда. Бүгінде олардың саны 263-ке жетті. (2014 жылы екпе алушылардың саны – 214 бала болды. 2016 жылдың алғашқы екі айында екпеден бас тартушылардың саны 5 балаға артып отыр). Өкінішке орай, үгіт жұмыстары үздіксіз жүргізілгенімен, екпеден бас артушылардың санын азайту мүмкін болмай келеді. Әрине, бұл мәселе дабыл қағарлық жағдай. Әсіресе, дін мәселесіне байланысты жағдай қатаң бақылауға алынды. Апта сайын мешітте жұма намазына аудан активінен жауапты тұлға бекітіліп, қатысып отырады. Жұма намазына жиналған жамағат арасында мемлекеттік мекемелердің қызметі мен мемлекеттік саясат түсіндіріледі. Соның нәтижесінде өткен жылы дұрыс емес діни ағымдардың жетегінде жүрген 25 адам, осы жылдың алғашқы екі айында 4 адам дәстүрлі дінге қайтарылды.
Ауданымызда жыл өткен сайын жүкті әйелдердің саны көбейе түсуде, алайда жүктіліктің ерте аяқталу фактілерінің жиі кездесуінің салдарынан бала туу көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда азайған. Мәселен, 2014 жылы туылған нәресте саны 1627 болса, 2015 жылы 1508 нәресте дүние есігін ашты. (1 жасқа дейінгі балалар өлімі 2014 жылы – 14, 2015 жылы - 12). Өткен жылы 213 нәресте түрлі ауытқушылықпен туылды. Мұның өзі әйелдердің денсаулығында ақаудың көп екендігін білдіреді. Сондықтан медицина қызметкерлері тарапынан өмірге дені сау ұрпақ әкелу мақсатында халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мәселесін жолға қою қажет. Әрбір қыз бала – болашақ ана екенін түсініп, оның денсаулығын сақтау туралы мектеп жасынан қыздар жиналысына дәрігерлер мен психолог мамандарды қатыстыра отырып түсіндіру керек. Мемлекет үшін демографиялық өсім маңызды, сондықтан мемлекет әрбір туылған нәрестені өз қамқорлығына алып, жөргекпұлын төлеп отыр. Әрбір жүкті әйел өмірге дені сау ұрпақ әкелуі керек. Аурухана қызметкерлері әйел денсаулығын күтуі үшін оларды алдын ала тексеру, емдеу, кеңес беру бағытында жұмыс жасауы керек. Дәрігерлер тек сегіз сағаттың жұмысы үшін жалақы алып отырғандарын ғана емес, мемлекеттің ертеңгі күні мықты тірегі болатын дені сау ұрпақ үшін міндет алып отырғандарын жете түсінуі керек. Ерте жүктіліктің алдын алу, тастанды балалардың санын азайту бағытында насихаттау-түсіндіру жұмыстары толастамауы керек.
(Әлеуметтік ауру саналатын туберкулезді алдын ала анықтау мақсатында жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылы туберкулез ауруы 13 жасөспірімнен анықталып, олар дер уақытында емделді. 2014 жылы 3 бала, 5 жасөспірім осы аурумен тіркелген болатын. Олармен жанаста болған балалар мен отбасы мүшелері алты ай сайын тексеруден өткізіліп отырады. )
Осыны ескере отырып, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Қыдырбек Әбішевке, Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Дінмұхамбет Шетенбаевқа тиісті шаралар қабылдап, қалыптасқан проблемалық мәселелерді шешу ісімен айналысуы қажет.
Жүйелі түрде бұқаралық спортпен айналысатындардың саны 2015 жылдың қорытындысы бойынша 14 703 адам (21,9 пайызды) құрап отыр.
Ауданда 310 спорттық секция жұмыс жасауда, онда 212 дене шынықтыру және спорт мамандары қызмет етеді.
Спортшыларымыз самбо мен гандболдан республика чемпионы атанып, пауэрлифтингтен әлем, Азия, республикалық жарыстарда жеңіске жетуде. Бұл мұғалжарлық спортшылардың еңбегі мен ерлігі. Бүгінгі күні баскетбол, волейбол сынды жекелеген спорт түрлерін дамыту және бұқаралық спортқа жұрт қызығушылығын тудыру мәселесі туындады. Аудан аумағына сырғанақ алаңдары көптеп ашылуда. Күн өткен сайын халықтың қысқы спорт түрімен айналысуға деген қызығушылығы артып келе жатқанға ұқсайды. Мұны демалыс күндері бес жасар балаларын жетектеп сырғанақ теуіп жүрген ата-аналардың көптігінен анық аңғаруға болады.
Өздеріңізге мәлім, Елбасы бұқаралық спортпен қамтылған қазақстандықтардың санын 30 пайызға дейiн жеткiзу туралы тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындау үшiн аудан тұрғындарына спортпен шұғылдануға жағдай жасау қажет.
Сондықтан үстіміздегі жылы бар спорттық құрылғыларды қалпына келтiрiп, жөндеу, спорттық құралдармен қамту, спортпен айналушылардың саны мен сапасын арттыру, қарапайым спорт алаңдары мен спорт залдарды тиімді пайдалану деңгейін көтеруді, спорт саласындағы мамандардың жауапкершілігін арттыруды орынбасарым Қ.Назаровқа жүктеймін.
Құрметті жерлестер!
Халықтың жұмыспен қамтылуы жөніндегі аумақтық жоспары бойынша ауданда халықты жұмыспен қамту шараларын жақсарту, жұмыссыздарды әлеуметтік қосымша қорғау шараларын орындау мақсатында 2015 жылдың 12 айында ауданда 705 жаңа жұмыс орындары ашылып, жылдық жоспар 100,7 % орындалып отыр (жылдық жоспар - 700). 1276 жұмыссыз жұмысқа орналастырылып, жылдық жоспар 170,1 % орындалса (жылдық жоспар - 750). 260 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып (жылдық жоспар -170) жылдық жоспар 152,9 % орындалды. Жыл басынан әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған жұмыссыздар қатарынан 156 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар 256 жас маман мамандықтарына сай Жастар тәжірибесіне орналастырылып (жылдық жоспар - 120) жылдық жоспар 213,3 % орындалды. 86 жас маман Жастар практикасынан өткен мекемелерге тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан 775 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып уақытша жұмыспен қамтамасыз етіліп (жылдық жоспар - 400) жылдық жоспар 193,7 % орындалды, оларға жергілікті бюджеттен 45 086,9 мың теңге еңбек ақы төленді. Ауданда ағымдағы жыл басынан жұмыс берушілердің берген сұраныстары бойынша 3 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді, оның екеуі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін болды. Жәрмеңке нәтижесінде 33 мүгедек тұрақты жұмысқа орналастырылып (жоспар-27) белгіленген жоспар 122,2 пайызға орындалды. 2015жылда есепте тұрған жұмыссыздар саны 172 адам болып жұмыссыздық деңгейі 0,4 пайызды құрап отыр. 2014 жылы 703 жұмыс орны ашылып, 1248 жұмыссыз жұмысқа орналастырылған, 788 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберіліп, 247 жас Жастар тәжірибесінен өткізілді, және 340 әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. 2016 жылы 700 жаңа жұмыс орнын ашу, 750 жұмыссызды жұмысқа орналастыру, 500 жұмыссызды қоғамдық ақылы жұмысқа, 300 адамды Жастар тәжірибесіне орналастырып, 250 әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Құрметті жерлестер!
2015 жылы құқық қорғау органдарының атсалысуымен құқық бұзушылық және қылмысқа қарсы бірқатар жұмыстар атқарылды. Алайда, атқарылған жұмыстарға қарамастан Мұғалжар ауданы бойынша 2014 жылы 573 қылмыс тіркелсе, 2015 жылдың басынан 647 қылмыс оқиғасы тіркелген немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға өскен.
Көшеде, қоғамдық орындардағы және бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстардың өсу себебін 2015 жылы жаңа заңнамаға сәйкес, қылмыстық және әкімшілік кодекстерінің өзгеруімен байланыстырып отырмыз.
Жалпы қылмыстардың ашылу деңгейі 2014 жылы 52 пайыз болса, 2015 жылы 77,3 пайызға өсіп отыр. Жергілікті полиция құрылып, басшысы тағайындалды. Бүгінде бұл құрылым өз жұмысына кірісті.
Мұның өзі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстарды болдырмау, ашылмай тұрған қылмыстарды ашу мақсатында жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асты. Қазақстан полициясының беделін арттыру бағытында жергікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері жастарға үлгі боларлықтай әдепте болуы керек. Сонымен қатар, учакелік полицейлер өз қызмет аумағындағы тұрғындарды жіті танып, олардың шұғылданатын ісін, отбасын бақылауда ұстап отырса, қылмыстың саны азайып, ашылу дерегі көбейер еді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Әлімжан Базекеновке және Жергілікті полиция қызметінің басшысы Алтай Аманжоловқа өткен жылы аудан аумағында жасалған қылмыстық ахуалға талдау жасай отыр, жеке құрамның жұмысын жақсартуға бағытталған қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы аудан бюджетінің өсуіне байланысты.
2015 жылдың қорытындысымен аудан бюджетінің кіріс бөлігі жоспарланған 8 млрд. 301млн. 356,3 мың теңгенің орнына 8 млрд.341млн. 277,4 мың теңге аудан бюджетіне түсіп, 100,5 пайызға орындалды. Яғни 39 млн. 921,1 мың теңге артық түсіп отыр. Оның ішінде кіріс көзінің салықтық түсімдері 100,4 пайызға орындалса, салықтық емес түсімдер 108,3 пайызға орындалып отыр. Жер сатудан 33,0 млн. теңгенің орнына 41млн.920,2 мың теңге түсіп, жоспар 127 пайызға орындалды. 2014 жылы нақты түсім 8 млрд 901 254,3 теңге болды.
Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша 2015 жылға қаралған 10 млрд.647млн.223,8 мың теңге 99,8 пайызға орындалып, 10 млрд. 627млн. 907,1 мың теңгесі нақты игерілді.
Қалалық, ауылдық окуг әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары қосымша резерв қалыптастыру, табыс көздерін іздеу жолдарын қарастыру керек.
2015 жылғы 21-30 қаңтары аралығында аудан әкімінің қала, ауылдық округтері әкімшілік-аумақтарында есептік кездесулері өтті. Есептік кездесулерде 99 адам сөз сөйлеп, олардан мазмұны жағынан әлеуметтік сипатта 32 ұсыныс-пікірлер түсті. Сұрақтарға кездесу үстінде толық жауап берілді.
2015 жылғы 4 ақпанда ұсыныс-пікірлердің орындалуын қамтамасыз етудің іс-шаралар жоспары бекітіліп, лаузымды тұлғаларға арнайы тапсырмалар берілді. Бақылауға алынға 7 ұсыныстың барлығы бүгінде толық орындалды.
Аудан бойынша өткен жылдың ішінде жеке тұлғалардан – 3259 өтініш түсті. Барлық өтініш иелеріне заң талаптарына сәйкес жауаптары беріліп отырылды. Бұрынғы жылдары арыз жазушылар бірден жоғары тұрған органдарға арызданушы еді. Қазірде бұл үрдіс бәсеңдеп, тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтармен тікелей ауданға жазатын болды. Мұның өзі тұрғындармен арада байланыс, сенім бар дегенді білдірсе керек. Оның үстіне аудан әкімі ретінде, белгіленген қабылдау уақытынан тыс, мұң-мұқтажын білдіріп келген халықты кез-келген уақытта қабылдауға, телефон арқылы болса да жауап беруге тырысамын. Тіпті кей кездері тұрғындар далада кездесіп қалып та, шаруасын айтып жатады, мұндай жағдайларда да олардың дегеніне құлақ асуға тырысамын. Сондықтан болар, бүгінде халық тарапынан арыз-шағым азайып, аудан тұрғындарында ертеңге деген сенімділік пайда болды. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуы үшін ауыл-аймақты аяғынан тұрғызуға басымдық берген сарабдал саясатының арқасында, ауданда келелі мәселелердің шешімін тауып келе жатқандығының белгісі.
Сонымен қатар, ауданның жергілікті атқарушы органдарымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйегінде №983 «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне» (бұдан әрі –тізілім) сәйкес, 2015 жылы мемлекеттік қызметтердің 98 түрінен барлығы 102 120 мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Соның ішінде мемлекеттік органда 73 504 қызмет, 10 200 қызмет Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілсе, 13 322 қызмет электронды үкіметтің веб-порталы арқылы көрсетілді.
2015 жылдың қорытындысы бойынша баламалы түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 97,2 пайызды құраса, электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер 15,3 пайызын құрап отыр. Көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы хабардарлығын жоғарылату мақсатында жергілікті атқарушы органдарда ақпараттық тағандар (стендтер) орналастырылды, аудан әкімінің ресми интернет ресурстарында (веб-сайт) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттері, паспорттары тағы басқа да ақпараттар жарияланды. 2015 жыл бойы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге байланысты 175 жиналыстар мен лездемелер,семинар-кеңестер, «дөңгелек үстелдер», брифингтер және БАҚ беттерінде сөйлеу тағы басқа шаралар ұйымдастырылды.
Құрметті жерлестер!
Бүгінгі күні Елбасы және облыс басшысының тапсырмаларын нақты іске асыру мақсатында 2016 жылы алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ең басты мәселе белгіленілген барлық көрсеткіштерді орындау үшін жыл басынан бастап жұмысымызды жандандыруымыз керек. Ол үшін:
1. Өнеркәсіп өнімдерін өндіруді ұлғайту жөнінде пәрменді жұмыстар атқара отырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қосымша резервтерді игеру, жұмыс орындарын қысқартпау, жұмысшыларға уақытылы жалақы төлеуді қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру жұмыстарын одан әрі жақсарту,
2. Ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік бағдарламалардың барлығына қатыса отырып, ауыл шаруашылығы саласына салынатын әр түрлі инвестицияларды, субсидияларды көбейту, суармалы егістіктің көлемін арттыру. Мал басын көбейтіп, оның өнімділігін арттыру, тұқымын асылдандыру, өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу, ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру,
3. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес қала, ауылдарды ары қарай дамыту. Барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында оларды дамытуда қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану,
4. Ұйымдастыру жұмыстарының пәрменділігін арттырып, денсаулық, білім, спорт, мәдениет салаларында халыққа қызмет көрсетуді ұлғайтып, жақсартып, сапалы нәтижеге, көрсетіштерге жету,
5. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және кондоминимумдар қызметін жақсартып, «Термомодернизация» бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу,
6. Барлық қоғамдық, мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс пәрменділігін нақты үйлестіру,
7. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігің 25 жылдығын жоғарғы деңгейде атап өту,
8. Жерлесіміз, сазгер А.Жұбановтың 110 жылдығын атап өту.
Құрметті Бердібек Машбекұлы!
Құрметті жерлестер!
Сөзімнің соңында ауданымыздың алдына қойылған міндеттер мен тапсырмаларды нақтылы іс жүзінде орындап, аудан халқының игілігі үшін аянбай қызмет жасауға дайын екендігіме сендіремін. (Облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлының бүгінгі жұмыс сапары Мұғалжар ауданында төртінші рет өтіп отырғандығын, оның аудандар мен ауылдардың дамуына, әлеуметтік ахуалына басымдық беруі деп ойлаймын. Сондықтан, аудан халқының атынан бүгінгі есепті кездесуге арнайы келіп қатынасқаныңыз үшін алғысымды білдіремін).
Баршаларыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жақсылық, табысты еңбек тілеймін.
Назарларыңызға рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |