Құрметті жерлестер!



бет1/4
Дата23.02.2016
өлшемі0.55 Mb.
#11050
  1   2   3   4
Көкпекті ауданының әкімі Д.М.Мусиннің аудан тұрғындары алдында жергілікті атқарушы билік органдары жұмысының 2012 жылғы қорытындысы және 2013 жылға арналған міндеттер жөнінде есеп беру кездесуіндегі есебінің тезистері

Құрметті жерлестер!


Барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулері атқарушы билік үшін өзіндік сынақ және халық алдында алған міндеттерді орындаудағы жұмысын бағалау болып табылады. Есепті кездесулерді өткізу демократияландыру мен мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесін құрудың маңызды бөлігі.
2012 жыл біздің еліміз үшін маңызды оқиғалар мен игі істерге толы болды.
Жыл басында өткен Парламенттік сайлау қазақстандықтардың азаматтық тұрғыдан кемелденіп, тұрақтылық пен даму, бейбітшілік пен келісім үшін таңдау жасағанын көрсетті. Бүгінде Парламентте маңызды мәселелерді шешу жолында үш партия бірлесіп жұмыс атқаруда.
10 шілдеде Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық құжатын жариялады. Әлеуметтік жаңғырту «тіптен де мемлекет» үшін жасалмайды, ол әрбір нақты азаматқа қызмет етіп, пайда әкелуге негізделген.
Лондон Олимпиадасы Қазақстанның спорт тарихындағы ең жарқын беттердің біріне айналды. Республикамыздың ұлттық құрамасы қоржынына 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль салып, жалпыкомандалық есепте 12 орынға шықты. Қазақстандық спортшылардың тамаша жеңістері біздің бірлігіміз бен патриоттығымызды нығайта түсті.
Былтыр біз мемлекеттік рәміздеріміз бен қарулы күштеріміздің 20 жылдығын, және алғаш рет Тұңғыш Президент күнін атап өттік. Бұл мерекелер біздің жоғары азаматтығымыз бен отансүйгіштігімізді, ұрпақтар сабақтастығын және қазақстандықтардың жаңа шыңдарды бағындыруға толық дайын екендігін көрсетті.

Халықаралық EXPO-2017 көрмесін Астанада өткізу туралы қабылданған тарихи шешім өткен жыл жетістіктерінің шымылдығын жаба отырып, Қазақстанның өркениетті елдердің қатарынан ойып тұрып орын алСғандығын тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

онымен қатар, былтырғы жылдың ел тарихындағы аса маңызды тағы бір қарышты қадамы ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы болды. Жөні бөлек, маңызы ерекше бұл Жолдау еліміздің ұзақ мерзімді басым бағыттарын, стратегиясын, жаңа саясатын белгілеумен ерекшеленеді. Ол қоғамды біріктіруге және неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына енетін мемлекет құру жөніндегі нақты мақсаттарға жетуді көздейді.

Стратегияны жүзеге асырудың алғашқы жылы бәріміз үшін ерекше болмақ. Жолдаудағы міндеттерді орындау мемлекеттік билік, коммерциялық құрылымдар және еліміздің барлық азаматтары үшін басты басымдық болып табылады. Мемлекет басшысының ұсынған жаңа бағдарламалық құжаты бізді алға басуға жігерлендіріп, басты мақсатымыздан ауытқымайтындай жолымызға сәуле шашып тұратын шамшырақ іспеттес.

Есепті кезеңде жергілікті атқарушы органдардың барлық жұмысы экономиканы көтеру, индустриалдық-инновациялық даму, мемлекеттік бағдарламаларды орындау, халықтың әл-ауқатын арттыру сияқты көрсеткіштерді орындауға бағытталды.

2012 жылдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері 2011 жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 110,9 % өсіммен 2,3 миллиард теңгені құрады, нақты көлем индексі – 115,1%. Ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 106,9 % өсіммен 15,8 миллиард теңгеге жетті, нақты көлем индексі – 103,3%. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,4 миллиард теңгені құраса, өсу қарқыны – 125,5 %. 1419 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға енгізіліп, алдынғы көрсеткіштерден 15,2 %-ға артқан. Бөлшектік тауар айналымы 24,6% өсіммен 3,3 миллиард теңгеге жетті. Өзіндік кірістің өсу қарқыны 137,2% құрады, 646 жаңа жұмыс орыны құрылды.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың облыстық рейтингінде Көкпекті ауданы даму динамикасы жоғары аудандардың тобына кіреді. Экономикамыздың тұрақты дамуына қарап, бүгін Мемлекет Басшысының қойған барлық міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндігіміз жеткілікті деп толық сеніммен айта аламыз.

Бүгіннің өзінде ең алдымен толық сеніммен айта алатынымыз – Елбасы алға шығарған міндет Қазақстан үшін алынатын асу.

Өткен жылғы есепті кездесулерде маған 96 ұсыныс-тілектер айтылды. Оларды орындау үшін біз арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледік, және ол әкімдік жұмысындағы басым бағытқа айналды. Бүгінгі күнде 74 мәселе шешімін тауып, 22 сұрақ шешілу үстінде.

Аталмыш іс-шаралар жоспарын орындай келе, біздермен келесідей жұмыстар атқарылды:



Мәдениет саласында: Көкжайық ауылында салынған әкімшілік-мәдени орталық (58,5 миллион теңге) ауылдың ажарын аша түсті, бүгінде бұл ғимаратта орналастырылған ауылдық округ әкімінің аппараты, клуб, дәрігерлік амбулатория, полиция пункті, қазпошта бөлімшесі, кітапхана, спортзал, шаштараз халыққа толық қызмет түрлерін көрсетеді. Сарыбел ауылындағы клуб (11,1 миллион теңге), Көкпекті ауылындағы әртістер үйі (11,2 миллион теңге) Бастаушы ауылындағы клубтың шатыры (2 миллион теңге) жөнделді. Самар, Көкпекті, Көкжайық ауылдарының мәдениет үйлері жиһазбен, музыкалық аппаратурамен, сахна киімдерімен жабдықталды. Белое ауылындағы клубқа музыкалық аппаратура сатып алынды.
Білім беру саласы бойынша: Мамай және Ақ-ой ауылдарында жаңа мектеп салынды. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Көкжайық орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Новостройка ауылындағы бұрынғы мектеп ғимаратында жөндеу жұмыстарынан кейін «Балауса-2» лагері ашылды (25,5 миллион теңге). Жергілікті бюджет есебінен Октябрь мектеп-балабақшасының (11,1 млн.теңге), Аухадиев атындағы (1,8 миллион теңге) және Жұмба (3,5 миллион теңге) орта мектептерінің жылыту жүйелеріне, сондай-ақ, Самар ауылындағы шығармашылық үйіне (22,5 миллион теңге) жөндеу жұмыстары жүргізілді;
Спорт: Самар ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды (202 миллион теңге), селолық округтардың орталық елді мекендерінде 10 хоккей қораптары салынды, Преображенка және Көкжайық ауылдарында жасанды жамылғымен шағын футбол алаңдары ашылды.
Елді мекендерді көріктендіру: «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Көкпекті ауылындағы Желтоқсан көшесі жарықтандырылды, Көкжайық ауылындағы рұқсатсыз төгілген қоқыстар жойылып, Самар ауылындағы қоқыс төгетін орын ретке келтірілді, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Көкжайық ауылында 5 шақырым жарық шамдары орнатылып, 2,2 шақырым ауыл ішіндегі жолдар жөнделіп, тротуарлар мен жолжиектер салынды. Жеңіс саябағына жаңғырту жұмыстары жүргізілді, 2,5 шақырымнан астам аумаққа көшеттер отырғызылды, орталық алаң, демалыс саябағы мен балалар алаңы салынды;
Преображенка ауылында жаңа демалыс саябағы салынды. Самар ауылында жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін интернационалист жауынгерлерді еске алу саябағы жаңғыртылды, жас медицина қызметкерлері үйінің алдында балала алаңы салынды. Қарғалы ауылындағы бөгетке жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Су мәселесі бойынша: Тассай ауылында су құбырын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, ағымдағы жылы оның құрылыс жұмыстары басталады. Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Үлгілімалшы ауылы «Ақ бұлақ» бағдарламасына енгізілді.
Сонымен қоса, басқа да мәселелер тыс қалмады: Самар ауылында №1 медицина бірлестігінің емханасын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді (71,0 миллион теңге). Мариногорка ауылында Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлестерге арналған ескерткіш орнатылды. Ерекше көңіл ақпараттық технологияларды дамытуға бөлінді. Халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін Самар және Көкпекті ауылдарының кітапханаларына компьютерлер сатып алынды, Көкпекті орта мектебі интерактивті тақталармен жабдықталды.
Подгорное ауылындағы мектепті, Үлгілімалшы ауылындағы клубты, Жансүгіров және Маяковский атындағы мектептердің спортзалдарын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді.
Көкпекті ауылындағы кәріз желілері мен тазарту құрылыстары салу, Московка мен Теректі ауылдарындағы көпірлерді жөндеу мәселелері орындалу үстінде.
Халықтың бірқатар мәселелері мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру барысында шешімін тапты.
«Көкпекті ауданының аумақтарын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған Бағдарламасы» бекітіліп, жүзеге асуда. Аудан әкімдігі қызметінің тиімділігін бағалау жүйесінде ескерілетін 36 мақсатты индикаторлар мен 83 тура нәтиже көрсеткіштері қабылданды.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде ауданда үш тірек елді мекендері құрылды, олар: Көкжайық, Преображенка және Самар ауылдары.
Тірек ауылдық елді мекендерді дамытудың іс–шаралар жоспарына сәйкес 1,8 миллиард теңгеге, соның ішінде бір миллиард теңге барлық деңгейдегі мемлекеттік бюджет есебінен 59 жоба жүзеге асырылды. 788 миллион теңге экономиканың нақты секторының инвестициясы тартылды, соның ішінде 250 миллион теңге инвесторлардың жеке қаражаты, 470 миллион теңге қарыз қаражаттары және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша 68 миллион теңге тартылды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің алдын ала мәліметтері бойынша таяу жылдары 44 жобаны 2 миллиард теңге сомаға қаржыландыру жоспарланған. Оларды жүзеге асыра отырып, «зәкір» инвестициялық жобалар есебінен экономиканы әртараптандыруды және шағын кәсіпорындарды көбейтуді, жаңа жұмыс орындар санын арттыруды қамтамасыз етуге, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға мүмкіндік туады.
Өткен жылы «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының төрт бағытын орындай келе, 306 миллион теңге игерілді.
2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асуда. Осы жылдар ішінде білім, денсаулық сақтау және мәдениет саласының 96 жас маманына 9,9 миллион теңге көтермелеу жәрдемақысы төленді. 78,6 миллион теңге сомасына 42 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Өңірлерді қаржылай қолдау, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономикалық әлеуетін дамыту үшін екінші жыл қатарынан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы іске асуда. Егер өткен жылы аталған бағдарлама бойынша 4,2 миллион теңгеге 3 жоба жүзеге асса, биыл «жергілікті өзін өзі басқаруды қаржылай қолдау» басымдығы бойынша 28 миллион теңгеге 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар 14 ауылдың (Көкпекті, Преображенка, Белое, Үлгілімалшы, Палатцы, Қарағандыкөл, Шұғылбай, Тассай, Мариногорка, Новостройка, Бастаушы, Биғаш, Үлкенбөкен, Теректі) көшелерін жарықтандыру, 4 ауылдың (Самар, Көкжайық, Көкжыра, Раздольное) көшелеріне ағымдық жөндеу жүргізу.
Қомақты қаржы жұмсауды, заңды құжаттық ресімдеулерге ұзақ уақытты қажет ететін мәселе толық орындалғанға дейін біздің бақылауымызда болады.
Жалпы өңірлік өнім
2012 жылы ауданда өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 18 миллиард теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2011 жылғы 525 мың теңгеден 2012 жылы 566 мың теңгеге дейін өсіп, 108 % өсім қамтамасыз етілді.
Жалпы өңірлік өнім құрылымындағы өнеркәсіптің үлесі 13 %, ауыл шаруашылығы 87 % құрайды.
ӨНЕРКӘСІП
2012 жылы ауданда 2,3 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 229 миллион теңгеге артық.
Негізгі өсім тау-кен өндірісінде байқалады - 40 %. «Семгео» ЖШС ағымдағы жылы Балажал кен орнында алтын кенін шығарудың жұмыс Бағдарламасын бекітуді жоспарлауда. «Каскад-Н» ЖШС Құлынжүн кен орнында алтын қорын анықтау бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруда. «ДСУ-14» ЖШС-де жол-жөндеу жұмыстарын арзандату мақсатымен өздерінің құрылыс материалдарын шығару жұмысы ұйымдастырылған.
Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімнің 2 %-ға өсімі байқалады. «STM LTD» ЖШС Қойтас кен орнында ильменит өндіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Өткен олармен 15 мың тонна тауар өнімі өндірілген. «Рыбпром» ЖШС-де тауарлы өнімнің нақты көлемі қолданыстағы бағамен 598 миллион теңгені құрады. Биыл өнім көлемін 600 миллионға жеткізу көзделіп отыр.
ИНВЕСТИЦИЯЛАР
Негізгі капиталған инвестиция 154 % өсу қарқынымен 3,1 миллиард теңгені құрады, нақты көлем индексі – 157 %.
Қаржыландыру көздеріне жасалған талдау кәсіпорындардың меншік қаражаты барлық инвестиция түсімінің 69 % құрайтындығын көрсетті. Жергілікті бюджет есебінен инвестиция көлемі ұлғайып 63 % өсіммен 550 миллион теңгеге жетті. Кәсіпорындардың меншік қаражаттары 62% өсіп, 2 миллиард теңгеден асты. Қарыз қаражаттары төрт есе өсіп, 360 миллион теңгені құрады. республикалық бюджет есебінен инвестиция көлемі 62 %–ға азайған, шетел инвестициясы 65 % кеміген.
Ағымдағы жылы ауданды дамыту Бағдарламасы шеңберінде индустриялық–инновациялық даму жұмыстарын жалғастыру қажет. Осы орайда дербес бөлімдер басшылары мен селолық округтар әкімдеріне шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөле отырып, өндірістік күштерді орналастыру кестесіне ерекше назар аудару қажет. Қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген нақты жобалар болуы тиіс.
Бағдарламада ауылға қажетті жобаларды анықтау үшін халықты тарту қарастырылғанын атап өткен жөн. Бірақ қаржылай қолдау жыл сайын тек жоғары және орта экономикалық әлеуеті, оң демографиялық үрдісі бар ауылдарға ғана көрсетіледі. Демографиялық деректерге жасалған талдау жыл ағымында аудан халқының саны 0,4 % төмендеп, 32061 адамды құрағанын көрсетеді. Азаюдың себебі – көші–қон. Ауылдық округтар қимасында халықтың көп көшіп кетуі Биғаш ауылдық округында байқалады, онда 165 адам немесе 20% тұрғыны көшіп кеткен. Көші–қон оңды сальдосымен 3 округ бар - Көкпекті (+104), Самар (+56), Көкжайық (+10).
Осыған орай, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі мен селолық округтар әкімдеріне тапсырамын:
1. «Аумақты дамыту Бағдарламасындағы» мақсатты индикаторларды және Көкпекті ауданы әкімдігі қызметінің тиімділігін бағалауда ескерілетін тура нәтиже көрсеткіштерін орындау бойынша дербес бөлімдердің қызметін үйлестіру;
2. Аудан экономикасының өсу көздері және алгоритм іс-шараларынан меншікті кірістің қосымша түсімдерін қамтамасыз ету бойынша ұсыныс енгізу;
3. Салалық бөлімдермен бірге тірек ауылдық елді мекендерді дамытудың іс-шаралар жоспарын орындауды қамтамасыз ету;
4. Инвестиция тарту бойынша жұмысты жанандыру. Экономикалық әлеуетті арттыру мақсатымен қолайлы инвестициялық ахуал жасау.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Ауданда аграрлық саясат сәтті жүзеге асуда. 2012 жылдың нәтижесі бойынша ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,9 % өсіп, 15,8 миллиард теңгені құрады, соның ішінде мал шаруашылығы 10,3 миллиард теңге, өсімдік шаруашылығы – 5,5 миллиард теңге.
Оңтайлы агротехникалық мерзімде ауыл шаруашылық дақылдары егілді, соның ішінде бидай – 73,7 мың гектар (өсім 8,4 %), жемшөп дақылдары – 21 мың гектар (өсім 75%), күнбағыс – 34 мың гектар (24% азайған).
Өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға сәйкес жемшөп дақылдары 10 мың гектарға ұлғайтылып, күнбағыс 11 мың гектарға азайған. Бақша дақылдары мен картоп өндіру көлемі артқан.
Өсімдік шаруашылығын тиімді жүргізу үшін суармалы жерлерді кеңейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Ауданда 16200 гектар суармалы жер есепте тұр, өткен жылы соның 4000 гектары (өсім 500 га.) пайдаланылды. «Еңбек Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Теректі су» серіктестігі ылғал сақтау технологиясы бойынша жаңбырлату әдісімен суару аумағын біршама кеңейтті.
Суару көлемі 2077 гектарды құрайтын «Ворошилов» магистралдық каналында «Рустам» шаруа қожалығының күшімен бас тоғанда бөгет салынып, 400 гектар бидай алқабын суаруға мүмкіндік берді.
Ірі сушаруашылық объектілерін жөндеу мәселесін шешу «Елім-ай Көкпекті» агроөнеркәсіп кешені» жобасын жүзеге асыру шеңберінде көзделген. Бүгінгі күнде «Ворошилов», «Ақтоған», «Кіші бөкен» магистралдық каналдарын жөндеуге мемлекеттік сараптамасы бар жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген. Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасының 2012 жылғы 22 маусымдағы № П- 502 бұйрығына сәйкес аталған каналдар «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиалы балансына беріліп, ол арқылы жөндеу және жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру жоспарланған. Бұл каналдарды пайдалануға енгізу суармалы жерлер көлемін қосымша 6 мың гектарға жеткізуге мүмкіндік береіп, жемшөп қорын жақсартудың негізі болады.
Үкіметтің 2011 жылғы 4 қарашадағы № 1297 Қаулысына сәйкес жерлерді тиімді пайдалану жұмысы жандандырылып, барлық егістік жерлер ауылшаруашылық айналымына тартылды. Бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы бағытындағы жер көлемі өсіп, 40,3 %-ды құрады, өндірілген ауыл шаруашылық өнімінің көлемі үш есе өсті, 17,3 мың гектар пайдаланылмай жатып қалған жерлер ауыл шаруашылық айналымына тартылды.
Арнайы жұмыс тобы ауыл шаруашылық жерлеріне түгендеу жүргізіп, нәтижесінде мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан 91 жер учаскесі бойынша келісім шарттар бұзылды, бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, басқа жер пайдаланушыларға берілді. Ең көп бұзылған келісім шарттар Теректі (16), Белое (15), Үлкенбөкен (13) ауылдық округтерінде тіркелген.
Жыл ағымында жалға беру үшін 11,3 мың гектар көлемімен 116 жер учаскесі конкурсқа шығарылды. 2,2 миллион теңге кадастарлық құнымен жалпы көлемі 46,2 гектарды құрайтын 32 жер учаскесі жеке меншікке және заңды тұлғаларға сатылды және 355 мың теңге сомасына 8 жыл мерзімге көлемі 4 гектар жер учаскесіне жалдау құқығы берілді.
Ауылшаруашылық бағытындағы жерлерді ұтымды пайдалану ережелерінің талаптарына сәйкес 302 ауылшаруашылық құрылымдарымен 782 жер учаскесіне жалдау бойынша жаңа келісім шарттар жасалып, 575 ауыл шаруашылық құрылымдарымен бұрын жасалған 1802 жалдау келісім шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жыл сайын 700 тонна көлемінде жоғары репродукциядағы тұқым материалдары жаңартылады, бұл жалпы себілген тұқымның 6 %-ын құрайды.
Мал шаруашылығы дамуын жалғастырып, соңғы жылдың ішінде өндірілген ауыл шаруашылық өнімі көлеміндегі оның үлес салмағы 66,4% құраған. Бүгін ауданда 16 бордақылау алаңы және «Өрнек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Өткен жылы 14,6 мың тонна ет, 55 мың тонна сүт, 13,2 мың жұмыртқа өндірілген. Жылқы басы 1,5 %, ірі қара мал 0,2 %, қой мен ешкі 2,0 %, марал 27 %, құс 0,2 % өскен. Асыл тұқымды мал басы санының өсімі байқалады. Осылайша, асыл тұқымды ірі қара мал басы 50,6 %, ұсақ мүйізді мал басы 20,8 %, жылқы 29,6 % артқан.
Ерекше көңіл ветеринарияны дамытуға бөлінді. Эпизоотияға қарсы іс-шаралары бойынша 2012 жылы 43,6 миллион теңге игерілді. 20 мал сою алаңы бар. Бос жүрген иттерді ату үшін «Көкпекті мал дәрігері» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына биомылтық сатып алынып, селолық округтар әкімдерімен 7 келісім шарт жасалған.
Елбасының жаңа Жолдауындағы негізгі міндеттердің бірі – ауылшаруашылық қайта өңдеуде шағын және орта бизнесті дамыту. Ауданда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша 37 цех бар. Өткен жылы олармен 830 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3,1 % құрады.
Аграрлық сектордың индустриалдық – инновациялық дамуы 3 инвестициялық жоба бойынша жүргізілуде. Мұндағы басым бағыт – мал шаруашылығы.
1. «Елім-ай Көкпекті» агроөнеркәсіп кешенін құру» (Б.Бекбердинов) – Үйлестіру Кеңесінде қаралып, мақұлданған ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту жөніндегі ірі жобалардың бірі.
Инвесторлардың ұсынысы бізден қолдау тауып, оның алғашқы қадамы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.М.Сапарбаевпен бекітілген жеке жоспарға сәйкес жүзеге асырылды.
Жоба бастамашыларының бизнес–жоспарына байланысты бір мезгілде жемшөп базасын дайындау, асыл тұқымды малдарды жеткізу және техникалар сатып алумен қоса репродуктор мен бордақылау алаңының құрылысын бастау жоспарланған болатын. Инвесторлардың межелеген жоспарларын жылдам әрі қысқа уақытта жүзеге асыру ниеттеріне байланысты көптеген мәселелерді шешудің мерзімдері барынша тығыз болды. Аталған жобаның жалпы құны 5 миллиард теңгені құрады, оның 85%ын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қарыз қаражаты құрайды деп көзделген. Жобаның ауқымдығына байланысты оның сын-қатерлері де үлкен болатындығы белгілі, сондықтан миллиондаған несиені бөлер алдында инвестициялық компанияның барлық мүмкіндіктеріне, әлеуетіне аудиторлық тексерулер жүргізуді қажет етті. «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөлімдерінде бизнес жобаны зерделеу кезінде несиелендіру талаптарына сәйкессіздіктер туындап, оларды жоюға де белгілі уақыт кетті. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаржыландырудың кешіктірілу себептерін зерделеу үшін біз Астанаға барып, туындаған мәселелерді шешу бойынша «ҚазАгро» және «ҚазАгроҚаржы» басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Көптеген сұрақтар осы кездесу барысында талқыланды.
Жобаны жүзеге асыру жұмыстарын жеделдету мақсатымен өткен жылдың мамыр айында Бердібек Машбекұлының қолдауымен және жеке қатысуымен біз бірінші вице-премьердің және ауыл шаруашылық министрінің алдында аталмыш жобаны таныстырдық.
Бірнеше ай бойы тынымсыз еңбектің нәтижесінде жоба оңтайландырылып, оны кезең-кезеңмен қаржыландыру жөнінде шешім қабылданды. Инвесторлар несиелендіру мерзімдерін ескере келе, өз жоспарларына түзетулер енгізіп, 2016 жылға дейін жобаны жүзеге асырудың 4 инвестициялық бағытын белгіледі, олар: асыл тұқымды репродуктор құру, жемшөп өндіруді дамыту, бордақылау алаңын құру, мал сою цехын салу. «ҚазАгро» және «ҚазАгроҚаржы» басшылары Көкжайық ауылына келіп, зәкір жобаның әлеуетін бағалап, алғашқы екі кезеңін қаржыландыруды мақұлдады, осыған сәйкес 2012 жылы 95 миллион теңгеге Ирландиядан «герефорд» және «ангус» асыл тұқымды ірі қара малдары, 292 миллион теңгеге шетел техникасы сатып алынды.
«Елім-ай Көкпекті» жобасын қаржыландырудың кешіктірілуіне қарамастан, Көкжайықта тірек ауылдық елді мекенін құру жөніндегі барлық жоспарлар сәтімен жүзеге асқанын атап өткен жөн.
2013 жылы жобаны іске асыру бойынша нақты жұмыс жүргізу мақсатында желтоқсан айының соңында облыс әкімінде инвесторлармен кездесу өтіп, жобаны ары қарай жүзеге асырудың жаңа жоспар-тапсырмалары бекітілді. Осыған сәйкес инвесторлармен жемшөп өндірісін дамыту, 2000 басқа арналған асыл тұқымды репродуктордың және бордақылау алаңының құрылысын бастау, 500 бас шетел асыл тұқымды ірі қара малдарын сатып алу жөнінде міндеттемелер қабылданды.
Жоба Мемлекет Басшысының Жолдауындағы тапсырмалар шеңберінде жүзеге асуда, оған мемлекет тарапынан жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі, сонымен қоса қарыз қаражаттардың бөлінуіне де, мақсатты пайдаланылуына да қатаң бақылау орнатылады.
2. «Талап» шаруа қожалығы (Ж.Күшікпаев) 400 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салуда. Өткен жылы 164 бас ірі қара мал, соның ішінде Ресей Федерациясының Алтай аймағынан «герефорд» тұқымды 91 бас «Елім-ай Көкпекті» шаруа қожалығынан 73 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Қосымша 167 бас ірі қара мал халықтан сатып алынды. Астық қоймасы және малды ұстайтын 2 үй-жай салынған, техника сатып алынды. Биылғы жылы жемшөп цехын салу және қосымша техникалар сатып алу жоспарланған.
3. «Өрнек» ЖШС (Е.Қойгелдин) 400 бас ірі қара малға бордақылау алаңымен 1000 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салу бойынша жұмыстар жүргізуде және 800 гектар суармалы жерлерді игеруді жоспарлауда. Өткен жылы шаруашылықпен «Валлей» жаңбырлату құрылғысы, 3 комбайн сатып алынды, 430 басқа сиыр қора және 100 басқа бұзау қора жайлары салынды. 2015 жылға дейін 220 басқа арналған сиыр қора, тәулігіне 3 тонна сүт өндіретін цех, ауысымына 20 тонна қуаттылығымен жемшөп цехын салу жоспарлануда.
Мемлекет бүгін аграрлық сектор кәсіпорындарына үлкен көмек көрсетуде. Ауылшаруашылық құрылымдарына көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге арзандатылған бағамен 4980 тонна дизель отыны бөлінді. Өткен жылы олармен 431,3 миллион теңге субсидия алынды. Осындай жағдайда барлық шаруа қожалықтарынан бюджетке 26,7 миллион теңге салық түсті, яғни, салық сомасы алынған субсидияның тек 5,8 %-ды құрайды. Осы орайда шаруашылық басшыларына мемлекеттік қолдауды өздерінің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан қарағаны жөн. Оң өзгерістермен қоса аграрлық кешенді дамытуда бірқатар кемшіліктер де бар. Негізінен ауданда өндірілген ауыл шаруашылық өнімі (ет, сүт) қайта өңдеусіз шикізат түрінде сатылады. Қайта өңдеудің болмауы жеке сектордағы мал шаруашылығын дамытуға кедергі етеді. Тұрғын халық ет пен сүтті пайдамен өткізе алмайды. Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуіне мал басының барлық түрінің 75 %-ы ұсталатын және өнімнің 90 %-ы өндірілетін үй шаруашылық секторының басымдықпен әсер ететінін ескеруіміз керек. Бірнеше жыл қатарынан селолық округтар әкімдері мен ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің алдына жеке сектор шаруашылықтарын дамыту үшін жайылым мен шабындық бөлу мәселелерін кідіртпей шешу жөнінде міндеттер қойып келемін. Бірақ, түбегейлі шаралар қабылданған жоқ.
Егін алқаптарының құрылымын жетілдірілу жұмысы жеткіліксіз. Жердің құнарлығын арттыру бойынша шаралар нашар қабылдануда. Суармалы жерлердің тек 25 % ғана пайдаланылады. Ветеринариялық заңнаманы іске асыруда кемшіліктер бар. Осының барлығы инновацияға ауысуды қажет ететін аграрлық саланың серпінді дамуына кедергі жасайды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет