Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата25.02.2016
өлшемі76.58 Kb.
#20177
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

АЙМАҚТЫҚ ӨЛКЕТАНУДЫҢ

ҚАЙНАР КӨЗІ – АЛАШ КӨСЕМСӨЗІ
Кең байтақ қазақ даласын толық танып білу үшін аймақтық өлкетану ғылымының алар орны айрықша зор. Ендеше Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұйымдастырып отырған конференцияда көтерілген мәселе көкейкестілігімен құнды.

Әдетте қандай да бір ғылым саласын терең тану үшін оның тарихына үңілетініміз бекер емес. Өйткені тарихты білмей, бүгінгі межемізді бағалау қиын, ал бүгінімізді бағамдай алмасақ, онда болашағымызды болжау мүлде мүмкін емес. Тәуелсіз елеміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» деген тарихи еңбегінде түйінделген ой осы. Онда өткенімізді танып біліп, оның кесапатқа толы залалды тұстарының тамырына қайта өнбестей етіп балта шауып, тарихтан тағылым алу арқылы болашаққа нық қадам басу керектігі алға тартылған [1].

Қазақстанда аймақтық өлкетану мәселесі алғаш көтеріліп отырғандықтан оның зерттеуді тіленіп тұрған саласы өте көп. Соның бірі ғана емес, бірегейі – аймақтық журналистиканың қалыптасып, даму тарихы мен бүгінгі болмыс бітімі. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» демекші, ғылыми баяндамамызда, біздің ұйғарымымызша, дау жоқ, аймақтық өлкетанудың қайнар көзі болып табылатын Алаш көсемсөзіне, оны да тұтас қарастырмай, «Қазақ» газеті публицистикасына, соның ішінде апталықтың аймақтардағы тілшілері туралы мәліметке маңыз бермекпіз. Бұлай етуіміздің екі түрлі себебі бар. Біріншіден, Алаш баспасөзі тарихында «Қазақ» газетінің орны орасан зор екендігімен байланысты. Екіншіден, біздің зерттеуімізше, қазақ журналистикасы тарихында аймақтарда тұрақты тілшілер ұстаған тұңғыш басылым– «Қазақ» газеті. Осы ғылыми тұжырымдамамыздың шынайылығына көз жеткізу үшін оны тарқата баяндауымызға тура келеді.

Алаш баспасөзі тарихында «Қазақ» газетінің айрықша аталатынының мәнісі мынада. Біріншіден, 1913-1918 жылдар аралығында үзбей шығып тұрған апталық – XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының шежіресі, басқаша айтқанда, халқымыз бастан кешкен күрделі кезеңнің айнасы. Ендеше, оған тыңғылықты зерттеу жүргізу арқылы Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ даласының қайшылыққа толы тарихи жағдайын жан-жақты айқындап, терең тани түсуге мүмкіндік туады деген сөз. Сондай-ақ, басылым материалдары арқылы сол кездегі ұлттық азат ойдың басты арналарын танып-біліп, олардың басы-қасында болған қазақ зиялыларының ұстанған жол, мақсат-мұраттарын анықтауға жол ашылады. Сонымен бірге ұлттық сананың ұйытқысы бола білген «Қазақ» газетінің «пікір тайқазанында» әбден піскен халқымыздың өсіп-өркендеуіне қатысты негізгі идеялар егемен еліміздің іргетасы қаланып жатқан бүгінгі күні де қоғамдық мән-маңызын жоғалта қойған жоқ. Оны зердемізге тоқып, игілігімізге жарату да – уақыт талабы.

Екіншіден, Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, «газет әдебиет тобына жататын нәрсе болғандықтан жазылған сөздер мағына жағынан толымды, көңіл жағынан қонымды, тізуі тәртіпті, сын алдында сымдай боларға тиіс» [2] десек, осы қағида алдына тартылған туы болған, одан бірде-бір ауытқымаған «Қазақ» газетінің бүгінгі журналистер қауымы үшін үлгі аларлық өнегелі тұстары ұшан-теңіз. Оның үстіне, Мұхтар Әуезовтің «Шолпан» журналының 1923 жылғы 4-5 нөмерінде жарияланған «Қазақ әдебитінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында берілген баға бойынша, «жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті» болуы да апталықтың бағасын еселеп арттыра түсетіні даусыз. Сонымен бірге «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп шырылдап, тілімізге төнген қауіпті сейілтіп, оның таза сақталып қалуына газет-журнал арқылы жанұшыра әрекет еткен алаш азаматтарының ізгі істерінен өнеге алу да – уақыт сұранысы. Ол бүгінде мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің көсегесін көгерту үшін ауадай қажет. Осы орайда, көрнекті қалам қайраткері С.Мұқановтың 1932 жылы жарық көрген «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында: «Айқапта» шала піскен мәселелерді («Қазақ» - С.Қ.) дұрыстап пісірді. Көмескі пікірлерді айқындады. Сонымен қатар «Қазақпен» қазақтың тілі туды. Таза қазақ тілінде шыққан баспасөз «Қазақ» газеті ғана болды. «Қазақ» газетінің тілінен өрбіп, қазақша оқу құралдары шықты»[3], - деп, тілге тиек етіп отырған басылымға жоғары баға беруі де сөзімізге жан бітіреді.

Үшіншіден, «Қазақ» газеті – төл журналистикамыздың дамуына тигізген ықпал-әсері орасан зор басылым. Оны теориялық және практикалық жағынан байытып қана қоймай, журналистерді баулу мектебіне айналғанын ешкім теріске шығара алмайды. Осы орайда, Алаш зиялылары шоғырынан шығып, әлемге танылған, сол арқылы қазақ халқының атын дүниежүзіне паш еткен Мұхтар Омарханұлының мына пікірі сөзімізді тірілте түсері хақ: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр» [4]. Біздіңше, сол «табалдырықтан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатқан» буын – бүгінде журналистика мамандығына баулыну үстіндегі жас шәкірттеріміз. Ендеше Алаш баспасөзінің қадір-қасиетін танып-білу үшін ғана емес, сонымен қатар осы күнгі ұлттық журналистикамыздың қанатын кеңге жая өркендеуіне қосар үлесі мол болғандықтан да «Қазақ» газетінің таным, тағылым, тәжірибесіне айрықша маңыз бергеніміз орынды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, «Қазақ» - тарихы күрделі, көтерген мәселелері қомақты да көкейкесті әрі жан-жақты, талай ғылым саласына, сондай-ақ барша жұртымызға рухани мол азық боларлық энциклопедиялық басылым. Оны философтарымыздан бастап, тарихшы, саясаттанушы, экономист, этнограф, филолог, өнертанушы т.б. ғалымдарымыз жұмыла зерттегенде ғана терең де толық игеруге мүмкіндік туады деп білемін.

Осы орайда, осынау бекзат болмысымен зерттеушілердің ынта-ықыласын туғызып, айналасына үйіре түскен басылымның тарихынан бастап, арқалаған жүгі, көтерген мәселелеріне дейін анықтауға мүмкіншілік беретін, арнайы бір ғылыми конференция ұйымдастыру қажеттігі тіленіп тұр. Алаштың шын мәнінде «көзі, құлағы һәм тілі» болған газеттің алдағы жылы 100 жылдық мерейтойына орай ондай ғылыми жиын ұйымдастырыла қалса, «Қазаққа» қатысты талқыға салатын мәселелер жетіп артылады. Соның бірі - газеттің шығарушылары туралы шындық. Бұл турасында біздің пайымдауымыз мынау. Басылымды жарыққа шығару дайындығының бар ауыртпалығын арқалаған және оның сол кездегі өлшеммен мейлінше ұзақ уақыт мерзімді әрі мазмұнды шығып тұруына қаржысымен де, қаламымен де қызмет еткен азаматтар - ең әуелі, Алаштың үш арысы, халқымыздың біртуар перзенттері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов. Бұл үшеуінің қай-қайсысының да «Қазаққа» қосқан үлесі қомақты, сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Олардың бұл қызметтерінің бірін жоғары, екіншісін төмен қоя қарастыруға мүлде болмайды.

Әрине, бұдан «Қазақ» тек аталған үш арыстың күшімен ғана, басқа ешкімнің көмек-қолғабысынсыз жарық көріп тұрыпты деген ой тумаса керек. Мұндай пікірмен сол азаматтардың өздері де келіспес еді. Олар осынау игілікті істерінің шын жанашыры халық екенін, ел-жұртқа арқа сүйеп, іс тізгінін қолдарына алуға тәуекел еткендіктерін әрдайым естеріне алып, оқырман назарына ұсынып отырған. Мәселен, газеттің 1915 жылғы 101-нөмерінде жарияланған «2-февраль» деген бас мақала - соның бір ғана дәлелі. Мұнда газеттің екіден үшке аяқ басқан құтты қадамы қалың оқырмандарының ортақ қуанышы екендігі айтылып, ол ел азаматтарының қолдау көрсеткен іс-әрекеттерінің жемісі екендігі баян етіледі: «Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемес» деген. Тәңірден соңғы күшті халық қой. Халық қолдаған іс анау-мынаудың қастығымен өшпейтінін көзбен көріп, қолмен ұстағандай болдық. Соған көзі жетіп, «Күштіге сыйынсаң Құдайға сыйын» деген, әуелі, Құдайға сыйынып, екінші, Құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп, «Қазақ» алдағы жасына аяқ басты», - деген жолдардан соны айқын аңғарамыз. Осы ой апталықтың 1914 жылғы 49-санында жарық көрген бас мақалада былайша нақтылана түседі.: «... («Қазақты» шығаруды - Қ.С.) бастауға себепкер біздер болсақ та, жүргізуге себепкер болған - жұртқа кірген саңылау, яғни жұрт ішіндегі саңылаулы, саналы адамдар». Осы жерде сол «саңылаулы, саналы адамдар» кімдер және олар газетке қандай көмек көрсетіпті деген занды сауалдар туындайды. Оған жауапты газет тігінділерінен іздеген жөн болар. Өйткені, ұлтымыздың ұлы жазушысы М.Әуезов «Істеген ісімен өзіне тұрғызған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш» деп бағалаған басылымның өз тарихын өзі жазып қалдырғанын ұмытуға болмайды.

Апталықтың 1914 жылғы 45-нөмерінде жарияланған «Оренбург, 9-январь» деген бас мақаладан мынадай мәлімет кездестіре аласыз. Алғашқы бір жылында «Қазақта» қаламымен қызмет еткен «алашқа аты білінген білімді азаматтарға тәңірі жарылқасын айта» отырып, басылым басқармасы мақала соңында олардың аты-жөнін тізуді де ұмыт қалдырмапты. Олар: «Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, доктор Әубәкір Алдияр, доктор Арғынғазы Поштаев, доктор Халел Досмұхамедов, доктор Дәулетше Күсебағалиев, доктор Банкеевич, присяжный поверенный Райымжан Марсеков, инженер Мұхаметжан Тынышбаев, қазақшыл Қасенғали (Тоқберлинов - С.Қ.), студент Есенғали Қасаболатов, шежіреші Шәкәрім Құдайбердин, Ғабдулғазиз Мосы, Ғұмар Қарашев, Жұмағали Тілеулин һәм басқалар» екенін оқып білеміз.

Бұл газеттің алғашқы бір жылындағы қалам қайраткерлерінің, яғни хат-хабар, мақала жазып тұрған тұрақты авторларының тізімі. Ал олардың қатары кейінгі бес жылында үсті-үстіне толығып, еселеп артып отырғаны ешқандай күмән келтірмесе керек. Оған газеттің алты жылдық тігінділерінің материалдарын көзден көшіріп, арнайы жинақ етіп құрастыру барысында көзіміз айқын жеткен. Атап айтқанда жоғарыдағы тізімді Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Дөнентаев, Жиһанша Досмұхамбетов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров және Мұстафа Шоқаев сынды халқымыздың маңдай алды біртуар ұлдарының есімдері толықтыра түсуге тиіс.

Бұлардан басқа да есімдерін әлі ел танып біле бермейтін, кезінде алдыңғы көшке ілесе қаламымен халқына қызмет еткен қаламгерлер қаншама. Есімізге түскенін айтар болсақ, Жүсіпбек Басығарин, Мырзағазы Есболов, Жанұзақ Жәнібеков, Ыспандияр Кенжин, Смағұл Найманқожаұлы, Уәлихан Омаров және Жиенғали Тілепбергенов секілді алаштың ардақты ұлдарының газетке сіңірген еңбектері де арнайы зерттеуді қажет етеді.



Сонымен бірге жер-жерден хабар-ошар жазып тұрған тұрақты тілшілерінің болуы да газеттің Қазан төңкерісіне дейінгі басқа басылымдардан артықшылығын айқындай түседі. Көбіне олардың аттары аталмай, газет редакциясына жолдаған материалдары «Тілшілерден» деген тұрақты айдары арқылы топтастырылып беріліп отырған. Дегенмен, апталықтың алты жылдық тігінділерін ақтара отырып, олардың бірқатарының есімдерін анықтауға мүмкіндік туды. Атап айтқанда, Ақмолада – К.Қарсақбаев, Ақтөбе үйезінде – Уәлихан Омарұлы, Жетісуда – Кеңесбай Үмбетбаев, Қызылжарда – Жиенғали Тілепбергенов, Қостанай үйіезінде – Асылбек Ташбайұлы, Павлодарда – Шәріп Ақпаев, Омбыда – Х.Бекжанов, Темір үйезінде – Спандияр Кенжин, Торғайда – Жүсіп Темірбеков, Шымкентте – Сүлеймен Қорғанбаев және Қытай жерінде Қасенбай Қожамияров секілді тілшілері болғандығын газет материалдары растайды. Бұл да - алғаш рет зерттеу жүзін көріп отырған мәселенің бірі. Аймақтық өлкетанудың бастауы және қазақ журналистикасы тарихында жер-жерде тұрақты тілшілер ұстау бстамасы болғандықтан да алдағы уақытта бұл тақырып арнайы ғылыми зерттеудің обьектісі болуға сұранып тұр. Ғалымдарымыздың мұны да қаперде ұстағанын қалар едік.

------------------------------------------------

1.Назарбаев Н.Ә. Жадымызда жатталып, татулық дәйім сақталсын.//Егемен Қазақстан, 1998 жылдың 16-қаңтары;

2.Байтұрсынұлы А. Басқармадан // «Қазақ» газеті, 1917, №216;

3.Мұқанов С. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті.–Алматы:Қазақстан баспасы,1932, 53-бет;



4.Әуезов М. Ахаңның елу жылдық тойы // «Ақ жол»газеті,1923, 4-ақпан.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет