Сайрам ауданының әкімі У.Қайназаровтың
2013 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі және алдағы
тұрған міндеттері туралы аудан тұрғындары алдындағы есепті
БАЯНДАМАСЫ
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы облысымыздың өркендеуіне сәйкес жылдан жылға жақсарып келеді. 2013 жылы атқарылған жұмыстар Елбасының жыл сайынғы жолдауы, еліміздің стратегиялық және өңiрдiң «Даму» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Өзіңіздің берген тапсырмаларыңызды және мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында, ауданда бірқатар жұмыстар жүргізіліп, жыл қорытындысы бойынша межеленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін ауданның 17 ауыл округінде халық алдында есебімді бердім, бүгінгі қорытынды есебімде 2013 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, 2014 жылға атқарылатын жұмыстар жөнінде және аудан көлемінде шешілуі тиіс мәселелерді айтып өтсем деймін.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 2012 жылы 103,3 млрд.теңгені құраса, 2013 жылы 151,6 млрд.теңгеге жетіп, өсім 46,7 пайызды құрады, ал жан басына шаққанда өнім көлемі 474,9 мың теңгеге жетті. Орташа жалақы мөлшері 76241 теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 11,0 пайызға өскен. Сонымен қатар, 58,4 млрд.теңгеге инвестиция тартылып, 2012 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артқан.
I. Бюджет саласы бойынша
Аудан көлеміндегі қордаланған проблемалық мәселелердің шешімі тек қана қаржы мәселесіне келіп тірелетіні белгілі. Аудан бюджетінің кірістері мен шығыстарын үнемі қатаң бақылауда ұстау, салық салынатын базаны жаппай түгендеуден өткізу, олардың толыққанды бюджетке түсуін қамтамасыз ету нәтижесінде аудан бюджетінің өзіндік кірістері соңғы 3 жылдың көлемінде 1,6 есеге немесе 1485,2 млн.теңгеге артты. Слайд №2.
Өзіндік кірісімізді 2009-2013 жылдармен салыстырғанда 1,6 млрд.теңгеден 3,8 млрд.теңгеге жетіп отыр.
2013 жылы аудан бюджеті 9 рет нақтыланып, кірістер жоспары 22 023,8 млн. теңгені, оның ішінде өзіндік кірістер 3 852,1 млн. теңгені құрады. Яғни, өзіндік кірістер жыл басынан 367,6 млн.теңгеге немесе 10,5 пайызға көбейтілді.
2013 жылғы бюджеттік түсімдердің жоспары контингент бойынша 101,7 пайызға, аудан бюджеті 100,9 пайызға артығымен орындалды.
Сонымен қатар, 2013 жылдың қорытындысымен аудан бюджетінің шығыстар бөлігі нақты 22 308,5 млн.теңгеге игеріліп, жоспар 99,9 пайызға орындалды.
2013 жылы ауданның жалпы кірісінің бір тұрғынға шаққандағы көлемі 17864 теңгені құрады. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 101,0 пайызды құрады.
Халқы тығыз орналасқан, кәсіпкерлігі дамыған Арыс, Қарасу, Қарабұлақ, Көлкент, Манкент ауыл округтерінде бір адамға шаққандағы кіріс көлемі аудандық орташа көрсеткіштен төмен болып отыр. Яғни, бұл ауыл округтерінде қосымша резервтердің бар екендігін көрсетеді. Сол себептен де ауыл әкімдері бұл бағытта жұмыс жүргізулері қажет.
«Шымкент қаласының әкімшілік шекарасын өзгерту» туралы қаулысына сәйкес, Сайрам ауданынан 55,4 мың.гектар жер Шымкент қаласының аумағына өтуіне байланысты, өнеркәсібі мен кәсіпкерлігі дамыған, ірі салық төлеушілер шоғырланған Сайрам, Тассай, Жұлдыз және Қаратөбе, Жаңаталап, Бадам ауыл округтері толығымен қалаға өтуінен аудан бюджетінің кіріс бөлігі 2,0 млрд теңгені жоғалтып отыр. Сол себептен де, 2014 жылы бюджеттің кіріс бөлігін арттыру мақсатында салық базасына қайта толыққанды түгендеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұл дегеніміз, ауыл округі әкімдері аудандық салық басқармасымен бірлесіп, қосымша басқа да кіріс көздерін анықтау жұмыстарын жүргізіп, есепке тұрмаған кәсіпкерлер, тіркелмеген үй жайлар және тағы да басқа салық объектілерін анықтау керек. Сонымен қатар, өнеркәсіп пен шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы бюджетке түсетін қаржыларды ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
II. Шағын кәсіпкерлік және өнеркәсіп. Аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 17253 бірлікке жеткен. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 47,9 млрд. теңгені құрап, өсім 7,4 % жетіп отыр. Бұл салада 26,0 мың адам жұмыспен қамтылған. Төленген салық төлемдері 2,7 млрд.теңге. Слайд №6.
«Аймақтық инвестициялық орталық «Максимум»» ЖШС арқылы 113 жоба 1165,7 млн.теңгеге нақты қаржыландырылып, 222 жұмыс орны ашылды. Ал «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында аудан бойынша құны 9 968,1 млн.теңгеге 30 жоба қаржыланып отыр.
Өнеркәсіп саласында былтырғы жылы 39,8 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 2012 жылмен салыстырғанда өсім 18,4% құрады. Соңғы үш жылда өнеркәсіп өнім көлемі 10,6 млрд.теңгеге немесе 36,8 пайызға артқан. Аудандық көрсеткіш облыстық көрсеткіштің 7,2 пайызын құрайды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құны 1 млрд 664 млн.теңгеге 4 жоба іске қосылып, жоспарланған индикатор 100 пайызға орындалды. Осы жобалар есебінен 193 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұдан бөлек, Индустрияландыру картасына енбеген, басқада жобалар іске қосылып, 93 жұмыс орны ашылып отыр:
«ЮНИКС» ЖШС салқындатылған қара және көк шәй сусындарын шығаратын жүйені іске қосып, 55 қосымша жұмыс орны, сүт өнімдерін жоғары технологиямен шығаратын «Айкан» ЖШС жаңа өндіріс орнын іске қосып, 20 жұмыс орны, ЖК Абдураимов жылыжай құрылысын аяқтап, 10 жұмыс орнын, «Шымпласт» ЖШС пластикалық трубалар шығаратын қосымша жүйені іске қосып, 8 жұмыс орнын ашты.
Жалпы өнеркәсіп саласына аудан экономикасын дамытуға 2013 жылы 10 024,0 млн.теңгеге инвестиция тартылып, 764 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Өнеркәсіп саласында 2014 жылы 5 253,0 млн.теңгеге 3 инвестициялық жобаларды іске асырып, 220 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Олар:
1. «Сайрам сүт» ЖШС «сүт өңдейтін цехты іске қосу үшін технологиялық құрал-жабдықтар алу» жобасы. Жобаның құны 285,0 млн.теңге, ашылатын жұмыс орны 10 адам.
2. «Bio Grain» ЖШС-«Бидайды терең өңдеу арқылы глюкозалы-фруктозалы шырын, клейковина, крахмал, кебек өндіретін зауыт құрылысы», жобаның құны 318,0 млн.тңг, ашылатын жұмыс орны 50 адам.
3. «STRATUS OIL» ЖШС жеке қаржысы есебінен «Мұнайды сақтайтын және өңдейтін кешен құрылысын» іске қосуды жоспарлап отыр. Ашылатын жұмыс орны 160 адам, жобаның құны 4650,0 млн.теңге.
Ірі өнеркәсіп орындары орналасқан өнеркәсіп аймақтардың қалаға өтуіне байланысты ауданның экономикалық потенциалы төмендеді. Сол себептен де , өнеркәсіп саласының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында жаңа инвестициялық жобаларды іздестіруіміз қажет. Ауданның даму бағдарламасын қайта қарап, жоспарланған көрсеткіштерге өзгеріс енгізілуде. Осының есебінен өнеркәсіп саласында 2014 жылы жоспарланған 47,6 млрд.теңге өнім көлемі 34,6 млрд.теңгеге қысқарып, өнеркәсіп өнім көлемі 16,0 млрд.теңгеге жоспарлануда.
Сонымен қатар , шағын және орта бизнесті әрі қарай дамыту жолдарын қарастырып, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санын 2014-2016 жылдар аралығындағы өсімін 10,0 пайызға, жұмысшылар санын 5,0 пайызға және өндірілген өнім көлемін 10,0 пайызға өсіру күтілуде.
III. Ауыл шаруашылығы саласы
Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында біраз жұмыстар атқарылды. Көрсеткіштерімізде жаман емес. Бұл салада 40,9 млрд. теңгеге жалпы өнім өндіріліп, өсім 6,7 пайызды құрады. Облыстық көрсеткіштің 13,7 пайызын құрайды.
Ауданымыздың дихандарының қажырлы еңбегінің арқасында 47040 тонна дәнді дақыл өндіріліп, орташа есеппен әр гектардан 21 центнерден өнім алынды. Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша 141430 тонна көкөніс, 50900 тонна картоп, 19200 тонна жеміс жидек, 20150 тонна жүзім, 1091 тонна бақша өнімдері жиналды.
2013 жылы 89 га жерге тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, жылдық жоспар 11,1 пайызға, 19,9 га жерге жылыжайлар салынып, жылдық жоспар 124,3 пайызға орындалды. Ауданда сиымдылығы 18200 тонна құрайтын 22 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қоймалары болса, оның ішінде 2013 жылы сиымдылығы 600 тонна құрайтын 1 қойма салынды.
Нәтижесінде, егін шаруашылығының өнім көлемі 20,0 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,9 пайызды құрады.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 382 бас мүйізді ірі қара мал алынды. Сонымен қатар, 1507 басқа арналған 4 ірі мал бордақылау алаңдары ашылып, жоспар 150,7% орындалды. Жыл басынан 24450 бас ІҚМ қолдан ұрықтандырылып, жоспар толығымен орындалды. 1 ет өңдейтін, 1 сүт өңдейтін цехтар іске қосылса, 106 басқа арналған 1 сүт тауарлы фермасы ашылды.
Облыстық бюджеттен 23,8 млн.теңгеге 8 қолдан ұрықтандыру бекеттерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Нәтижесінде , мал шаруашылығы саласында 20,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2012 жылмен салыстырғанда 11,0 пайызға артты.
2013 жылы 9 каналға механикалық тазалау, 1 каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2014 жылға 8 каналды механикалық тазалауға, 1 су тоғанын жөндеуден өткізуге облыстық бюджетке ұсынылып отыр.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына 2013 жылы 1 949,8 млн.теңгеге инвестиция тартылып, 340 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар, биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласында 29,8 млн.теңгеге 10 қолдан ұрықтандыру бекеттерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда.
2014 жылы бұл салада тамшылатып сұғару, жылыжай құрылысы, көкөністі сақтау қоймаларын кеңейту, мал бордақылау алаңдарын салу, қолдан ұрықтандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыратын боламыз. Биылғы Ел басының жолдауына сәйкес егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқартып, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру мақсатында жұмыстар атқарылатын болады.
Сонымен қатар, аудан аумағының жер көлемінің қысқаруына байланысты, егістік және суармалы жерлерге қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 2014 жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын жұмыстарымыз бен межеленген көрсеткіштерімізге нақтылау жүргізілетін болады.
IV.Білім беру саласы.
Бiлiм беру саласына жалпы 2013 жылы 16626,1 млн. теңге қаржы қаралды. Аудандық бюджеттен 342,0 млн.теңгеге 7 мектеп күрделі жөндеуден және 61,0 млн.теңгеге 9 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 36,5 млн.теңгеге 4 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мектептердің материалдық техникалық базасын жақсартуға 10 химия кабинетіне 40,9 млн. теңге қаралды. Мүгедек балаларды жабдықпен қамтамасыз ету үшін 26,2 млн. тенгеге жабдықтар толығымен жеткізіліп берілді.
2012-2013 оқу жылында ҰБТ бойынша ауданның орташа баллы -76,1, конкурс баллы- 61,8 болды. Облыс көлемінде 4-ші орында. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 6 орынға алға жылжып, білім сапасы біршама көтерілді.
«Балапан» бағдарламасы ауданда табысты жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама қабылданғаннан кейін ауданда мектепке дейінгі мекемелер саны 108-ге жетіп отыр, олардың 13-сі мемлекеттік балабақша, 71-і жекеменшік балабақша, 24-і мектеп жанындағы шағын орталықтар. Бұл мекемелерде 13873 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, қамту 65,1 пайызды құрап отыр.
2013 жылы жалпы 11 білім беру нысандарының құрылыстары жүргізіліп, оның ішінде былтырғы жылы 7 мектеп пайдалануға тапсырылса, 2014 жылдың басында 1 мектеп пен 1 балабақша пайдалануға берілді.
Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 1 642,3 млн.теңгеге 3 мектеп пен 1 бала- бақшаның құрылысы жүргізілсе, облыстық бюджеттен 828,5 млн.теңгеге 2 мектеп құрылысы, аудандық бюджеттен 945,3 млн.теңгеге 5 мектеп құрылыстары жүргізілді. Слайд №13,14
Білім беру саласындағы мақсатымыз бірінші кезекте апатты жағдайдағы және 3 ауысымдағы мектептерді жою және оқушыларға жаңа стандартқа сәйкес сапалы білім беруге бағытталуы тиіс.
Ол үшін 2014 жылы республикалық бюджет есебінен 742,2 млн.теңгеге 3 мектеп, облыстық бюджет есебінен 394,5 млн.теңгеге 1 мектеп пен туберкулез ауыруынан сауықтыру үшін санаторий үлгідегі балалар бақшасы және өзіміздің аудандық бюджет есебінен 1 мектеп құрылысын аяқтау және 230,4 млн.теңгеге 2 мектеп құрылысын бастау жоспарлануда және 4 мектеп құрылысының ЖСҚ дайындауға 23,7 млн.теңге қаралып отыр.
Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы аясында 90,3 млн.теңгеге 2 мектепті және аудандық бюджет есебінен 259,4 млн.теңгеге 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 93,1 млн.теңге 7 білім беру ошақтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаралып отыр.
V.Денсаулық сақтау.
Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына медициналық-санитарлық көмек көрсету барысында жалпы 6 аурухана, 3 аудандық емхана ұйымдары жұмыс атқаруда. Тұрғындарға 509 маман-дәрігер, 1989 орта буын медицина қызметкерлері қызмет етеді. Бұл салаға 2013 жылы 4 299,5 млн. теңге қаралған. Бұл қаржының 446,7 млн. теңгесі дәрі-дәрмекке, 118,3 млн. теңгесі тамақ өнімдерін сатып алуға қаралған. Одан бөлек, тегін дәрі дәрмекке 357,6 млн.теңге қарастырылған.
2013 жылы 5 денсаулық сақтау нысандарының (Сарыарық, Ошақты, Бескепе мед пунктері, Сиқым ФАП, Исфиджаб ДА) құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, Көлкент ауыл округі Көлкент дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізілді.
Нәтижесінде : 2013 жылы 8676 нәресте туылып, туылу көрсеткіші 28,0 құрады. Жалпы өлім көрсеткіші 4,3-тен 3,8-ге азайды. Ана өлімінің көрсеткіші 2012 жылы 11,3 болса, 2013 жылы орын алмады. Нәресте өлімінің көрсеткіші 14,6-дан 11,2-ге азайды, облыстық көрсеткіштен төмен. Туберкулезбен аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 35,5- ті құрап, 2012 жылмен салыстырғанда төмендеген.
2014 жылы Көмешбұлақ-2 ауылында ФАП құрылысына облыстық бюджеттен 35,2 млн. теңге қаралса, «Жұмыспен қамту -2020 жол картасы» аясында 138,9 млн.теңгеге «Қарабұлақ» орталық емханасын күрделі жөндеуден өткізіледі.
VI. Әлеуметтік сала.
Бүгінгі таңда жүргізіліп жақтан әлеуметтік іс-шаралардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар отбасы 20 отбасына, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысын алушы отбасы 381-ге, тұрғын үй көмегін алушы отбасы 58-ге кеміді.
2013 жылы экономикалық белсенді халық саны 140,9 мың адамды құрап, 3,8 пайызға өскен. Жоспар бойынша 3099 жаңа жұмыс орындарын ашу керек болса, нақты 4089 жаңа жұмыс орындары ашылып, тапсырма 131,9 пайызға орындалды. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 115 адам кәсіптік оқуға, 928 жұмыссыз азамат қоғамдық жұмыстарға жіберілді.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы » бағдарламасы бойынша 2099 адамды қамту жоспарланса, 3388 адам қамтылып, жоспар 161,4 пайызға орындалды.
Атап айтқанда, тұрақты жұмыспен 801 адам немесе 130,0% (жылдық жоспар – 616 адам), әлеуметтік жұмыс орындарына 640 адам немесе 156,1 % (жылдық жоспар- 410 адам), жастар практикасына 951 адам жіберіліп, жоспар 140,1% орындалды, 285 адам кәсіби оқытуға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жолданды. Республикалық бюджеттен әлеуметтік жұмыс орындарына 92,8 млн.теңге, жастар практикасына 101,3 млн.теңге қаржы қарастырылып, толығымен игерілді.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы » бағдарламасының 2 бағыты бойынша 131 азаматқа 287,9 млн.теңгеге шағын несие берілді.
Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыспен қамту іс- шараларының нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 % - дан 4,7% -ға төмендеген.
2014 жылы жұмыссыздарды жұмыспен қамту іс шаралары жалғасатын болады, 150 адамды жастар практикасына, 150 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, 180 адамды кәсіптік оқыту мен біліктілігін арттыруға жіберу жоспарлануда. Жалпы алғанда, ауыл округтерінде аз қамтылған отбасыларының жұмысқа жарамды мүшелерін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына тарту арқылы, олардың өмірлік деңгейін көтеруге басты назар аударылып, жұмыссыздық деңгейін 4,6 пайызға дейін төмендету үшін жұмыстар атқарылатын болады.
VII.Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы.
Тұрғын үй саласы. Республикалық бюджеттен Қайнарбұлақ ауыл округі Көмешбұлақ ауылындағы коммуналдық меншіктегі үш екі қабатты тұрғын үйлердің қайта құру құрылысы жүргізілді, бұл мақсатқа 109,1 млн. теңге қарастырылып, нысан құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Аудан көлеміндегі 48 мұқтаж азаматтар арендалық коммуналдық тұрғын үймен қамтылып отыр.
Ауыз су саласы. Бүгінгі таңда аудан бойынша 73 елді мекеннің 52-не тәулігіне 24 сағат, 21 елді мекеннің 15-де ауыз су кестемен беріледі. 5 елді мекен құдық суын, 1 елді мекен тасымал суын пайдаланып отыр.
2013 жылы Ақсукент ауылын сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы 4-кезеңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде, бұл нысандар 2014 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Жұлдыз ауыл округі, Жалын ауылын сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына облыстық және аудандық бюджеттен 227,9 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды.
Ал, Манкент ауылына 2012 жылы республикалық бюджет есебінен – 303,0 млн.теңге қаралса, 2013 жылы 613,5 млн.теңге қаржы қаралып құрылыс жұмыстары аяқталып, тапсырылды.
Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен 30,5 млн теңгеге Қайнарбұлақ ауыл округіне қарасты Шіркін және Жібек Жолы ауыл округіне қарасты Машат ауылдарының су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Газ саласында аудандағы 73 елді мекеннің 44 елді мекені немесе 60,3 пайызы газбен қамтылған. 2013 жылы 220,0 млн.теңгеге Қарабұлақ ауылында магистральді газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді, нысан 2014 жылға өтпелі.
2014 жылы 4 кезеңге бөлінген Ақсукент ауылын сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына барлығы 1 011,0 млн.теңге бөлініп, құрылыстарды аяқтау жоспарлануда.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында ауданның инфрақұрылым кешенін дамыту, елді мекендерді газдандыру және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында үстіміздегі жылы біраз жобалар іске асады. Оған керекті қаржы көлемі бюджетте қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, биылғы жылы аудандық бюджеттен Көлкент ауыл округіндегі Қосбұлақ ауылының су құбырларын ағымдағы жөндеу жұмыстары мен Ақбұлақ ауылындағы канализация жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 41,5 млн.теңге қаралып отыр. Сонымен қатар, құдық суын пайдаланып отырған елді мекендерге жер асты су қорын зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
2013 жылы аудандық бюджет есебінен 217,3 млн. теңге бөлініп, 17 көшеге жалпы 21,8 шақырым жолға орташа жөндеу, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 189,4 млн. теңге бөлініп, 14 көшеге жалпы 26,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында қосымша 430,5 млн. теңге қарастырылып, 29 көшеге 47,4 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ал, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 107,4 млн. теңгеге 10 көшеге жалпы 7,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджет есебінен 7,8 млн. теңге қарастырылды. Жалпы 2013 жылы жол саласында 952,5 млн. теңге игеріліп отыр.
2014 жылы «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы аясында 269,7 млн.теңгеге 15 көшені, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 82,2 млн.теңгеге 6 көшені орта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 194,6 млн.теңгеге 13 ішкі шаруашылық автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу көзделген.
Сонымен қатар, аудан бюджеті есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 49,3 млн.теңге, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 138,1 млн.теңге қаралып отыр.
VIII. Мәдениет және спорт.
Аудан бойынша 47 мәдени ошағы халыққа қызмет көрсетеді. Жыл басынан жоспарланған 64 мәдени іс-шаралар өз деңгейінде өткізіліп, республикалық, облыстық байқаулардан аудан таланттары жүлделі орындарға ие болды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Қайнарбұлақ ауылдық клубына 10,6 млн. теңгеге және Өтеміс ауылдық клубына 5,9 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудандық бюджеттен мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 23,7 млн.теңге, кітапхана жүйесіне 42,2 млн.теңге қаралды.
Аудан тұрғындарының 17,7 пайызы денешынықтыру және спортпен айналысады.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі 202 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 21512 спортшылар қатысты. Аудан спортшылары республикалық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрінді.
Аудан бойынша 2 спорт мектебінде 2494 оқушы спорт түрлерімен қамтылса, 2013 жылы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, қосымша 964 бала қамтылды. Сонымен қатар, биылғы жылы қаңтар айында № 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, 850 бала спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар, 2014 жылы аудандық бюджеттен Ақсукентте спорт зал мен жабық футбол алаңының құрылысының ЖСҚ әзірлеуге 2,8 млн.теңге және геологтар клубын гимнастикалық зал ғимаратына қайта құрудың ЖСҚ әзірлеуге 2,3 млн.теңге қаржы қаралды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан -2050 стратегиясы аясында «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауын жүзеге асыру мен Өзіңіздің берген тапсырмаларыңызды орындау аудан еңбеккерлерінің баста мақсаты мен бағыты деп білеміз. Алдағы уақытта Елбасы саясатын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік және аумақтық бағдарламаларды мерзімінде , әрі сапалы орындауға және Сайрам ауданы тұрғындарының әлеуметтік- мәселелерін шешуде аудан әкімдігі барлық мүмкіндіктерді пайдаланатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |