ӘОЖ 94(574).084.5/6«1920-1936» Қолжазба құқығында
СЕЛКЕБАЕВА АЙМАН ТОҚТАСЫНовна
Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды зерттеу қоғамы: құрылуы мен қызметінің тарихы (1920-1936 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
Авторефераты
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекшісі:
|
тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Нұрпейіс К.Н.
|
Ресми оппоненттер:
|
тарих ғылымдарының докторы Дүкенбаева З.О.
тарих ғылымдарының кандидаты, Түменова С.М.
|
Жетекші ұйым:
|
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Отан тарихы кафедрасы
|
Диссертация 2007 жылы «_____» ________________ сағат _________
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады.
Автореферат 2007 жылы «____» _______________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғылыми
хатшысы, тарих ғылымдарының
кандидаты Қ.С. Алдажұманов
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы Отан тарихының түрлі салалары бойынша зерттеу жұмыстарының қарқынды түрде жүргізіліп жатқандығы баршамызға аян. Соған қарамастан, әлі де болса өз кезегін күтіп, зерттеу нысанына айналмаған тақырыптар бар. Соның бірі “Қазақстанды зерттеу қоғамының” тарихы.
Кеңестік кезеңдегі тарихи оқиғалардың өрбу барысына көз жүгіртер болсақ, оның бастапқы кезеңінің күрделі, әрі қарама-қайшылыққа толы болғанын байқаймыз. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы азамат соғысынан кейінгі тарих ғылымының даму мәселесі аса күрделі таптық және идеялық күрестермен ұштастырылған еді.
Қазақстандағы тарихи зерттеулерді 30-шы жылдардың ортасына дейін бірнеше мекемелер мен қоғамдық ұйымдар: Қазақтың маркстік-лениндік ғылыми зерттеу институты (КНИИМЛ), Қазақтың ұлттық мәдениетінің ғылыми зерттеу институты (КНИИНК), Қазақстанды зерттеу қоғамы (ОИК) жүргізді. Сонымен қатар тарих саласында ғылыми-зерттеулерді азды-көпті болса да Қазақстанның орталық мемлекеттік мұражайы, Орталық мұрағат басқармасы және “Қазақ АКСР-ның 10 жылдығы” атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасы атқарған болатын.
20-шы жылдардың басындағы кеңестік жаңа интеллигенцияның ғылыми зерттеулер төңірегіндегі айтыс-тартыстары қызу идеологиялық мазмұнға ие болды. Шығыс халықтарының, соның ішінде қазақтардың рухани жаңғыруы мәселесіне қатысты айтыс-тартыстар әр түрлі деңгейде, тіпті ең бір “тыныш” делінген мәдениет саласында, мысалы, халық ән-күйіне де қатысты жүргізілді.
Қазақстанды зерттеу қоғамының отырыстарында тұрақты түрде халық ағарту ісінің, денсаулық сақтау, кәсіби өнер, әдебиет, ғылымның жағдайы мен болашағы жайында баяндамалар тыңдалып, өте қызу талқылаулар мен айтыстарға айналатын. Тоталитарлық жүйенің қанды шеңгеліне жол ашқан 30-шы жылдарға қарағанда, 20-шы жылдардың басын еркіндік, кең тыныстау жылдары деуге болады. Дәл осы жылдары “Алаштың” көшбасшыларына кешірім жасалған еді. “Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу” қоғамының жұмысы да (Орынбордағы), “Қырғыз мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамының (Ташкенттегі) ғылыми-мәдени қызметінің жандануы да осы кезеңге дәл келеді.
Ал, 30-шы жылдардағы Қазақстанның тарих ғылымы жайында ой толғасақ, анығына көз жеткізуде қиындық тудыратын нәрселер жетістігіміз көп пе, жоғалтқанымыз көп пе және тарихтың таласты мәселелерінде, шығармашылық немесе келісімпаздықтың, күрес немесе ауытқушылықтың қай жағына шыққанын дөп басып айту қиын. Бір жағынан алғанда, осы кезеңде жаңа ғылыми мекемелердің құрылуы, қалыптасуы жүріп жатса, екінші жағынан өлкетану ісіне ешбір себепсіз тосқауыл қойылып, өзінің бар мүмкіндігін тауысып болмаған, толыққанды жұмыс істеп жатқан Қазақстанды зерттеу қоғамы жойылды, өлкенің өткен тарихын жан-жақты зерттеуге ұрандаумен қатар, дәл осы кезде ғалымдарды және олармен қызметтес болған мемлекет немесе партия қайраткерлерін жаппай қырып-жою басталды. Аса зор қиындықтармен және аздаған таралыммен, ғылыми тұрғыдан шалалау болса да, аса құнды мәліметтер мен байқауларға толы еңбектер басылып шықты, бұған керісінше, көпшілік қауым жиырма жылдан астам уақытқа кітапханалар мен сауда сөрелерінен “халық жаулары” дегендердің шығармалары алынып тасталынуы себепті олармен танысу құқығынан айырылды.
ХХ ғасырдың бастапқы кезін қоғамдық санада ұлт-азаттық идеяларының күшейіп, ұлттық рухтың оянуына түрткі болған кезең деп айтуға болады. Бұған ұйытқы болған ұлттық мәдениеттің жанашырлары – қазақ зиялылары еді. Ұлттың жаршысы болған қазақ баспасөзін ашудан бастаған олар азаттық идеяларын жалпыұлттық санаға айналдыру жолында қызмет етті. Кейін кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі ұлттық интеллигенцияның мәдениет саласындағы қызметін азаттық жолындағы күрестің ерекше түрі деп түсінген дұрыс. Мұндағы айтпақ ойымыз, қоғамда объективтік-тарихи жағдай қалыптасқан кезеңде ұлттың зиялы қауымының қоғамдық сананы қалыптастыруы арқылы өмірді белгілі бір арнаға бағыттауға мүмкіндігі болатындығы, ал қазақ елінде қалыптасқан мұндай жағдайды Ресей империясында жүзеге асырылған қазан революциясы басқа арнаға бұрып, өз ықпалына бағындырып алды.
Жалпы ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында орыс интеллигенциясының идеологиясы мен саяси психологиясында ұлттық идеология басымдықта болмады. Орыс философы Н.А.Бердяев бұл туралы мынаны айтады: “Дәстүрлі интеллигенттік санада қайырымдылық, әділеттілік, халықтың қамы, халықтар туыстығы сияқты құндылықтар болды, бірақ әлемдік құндылықтар дәрежесінде ерекше орын алатын ұлттық құндылықтар болмады” [1]. Бұл берілген сипаттаманың қазақ интеллигенциясына ешбір қатысы болмады. Отарлық езгіде болған елдің интеллигенциясы идеологиясының басты бағыты – ұлт-азаттық мағынада болуы заңды құбылыс еді. Оны ұлт зиялылары жақсы түсінді. Осыған байланысты, Міржақып Дулатов 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50-жылдығына арнап жазған мақаласында мына бір ойын келтіреді: “Если пришлый элемент окажется в культурном отношении сильнее коренного населения, то со временем последнее должно быть поглощено первым. И наборот, если оба окажутся в равной мере культурными, тогда только они могут развиватся самостоятельно, существовать на одинаковых правах и сохранить национальный облик свои... Поэтому перед нами во всем своем величин вырастает вопрос о самостоятельном существовании киргизского народа. Для того, чтобы сохранить свою самостоятельность, нам необходимо всеми силами и средствами стремиться к просвещению и общей культуре; для этого мы обязаны первым долгом заняться развитием литературы на родном языке. Никогда не нужно забывать, что на самостоятельную жизнь вправе претендовать только тот народ, который говорит на своем языке и имеет свою литературу” [2].
Кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы тарихи оқиғалардың мың құбылған заманында “Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу” қоғамы төңірегіне топтасқан ғылыми-мәдени топтың, қазақ зиялыларының қызметі мен осы қоғамның тарихына толғамды зерттеу жүргізіп, оны өркениеттілік негізде бағалау қазіргі кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Бұл мәселені жан–жақты, әрі терең қарастыру еліміздің мәдениет тарихын зерттеуге қосылған белгілі деңгейдегі үлес болар еді.
Сондықтан біздің диссертациямыздың негізгі зерттеу нысанасына кейіннен “Қазақстанды зерттеу қоғамы” деп аталған қоғамдық бірлестіктің құрылуы мен қызметінің тарихы тұтас бір мәселе, әрі ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында Республикада жүзеге асырылған кең көлемдегі мәдени құрылыстың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылған.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихын тың деректік материалдар негізінде жаңа көзқарас тұрғысынан талдай отырып, оның Кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы ғылыми зерттеулерге бастама болған маңызын ашып көрсету – зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай нақтылы міндеттер қойылып отыр:
- Қазақстандағы азамат соғысы аяқталғаннан кейінгі мұрағат ісінің, Академиялық орталықтың қызметін жолға қоюға қатысты қабылданған шараларды анықтау;
- Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының Орынборда құрылуы мен оның қызметі, жарғысына байланысты қолға алған істері мен оның жүзеге асуының барысын талдау;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының жергілікті бөлімшелерінің құрылуын және олардың ғылыми-зерттеу, ұйымдастырушылық қызметінің бағыттарын көрсету;
- Ташкенттегі “Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің Талап қоғамының” құрылу тарихы мен қызметін зерттеу және оның құрамындағы болған қазақ зиялыларының шығармашылық мұрасын пайымдау;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының елдегі өлкетану, мұражай және кітапхана ісін жандандыру барысындағы іс-әрекеттеріне талдау жасау;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының қазақ ғылымы мен ағарту ісіне қосқан үлесін бағалау және оның қазіргі кездегі Қазақстан ғылымымен сабақтастылығы жөнінде ой қорыту.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихына қатысты тікелей, арнайы зерттеулер жүргізілмегенімен, оның қызметіне байланысты мәліметтер мен зерттеулер 1920 жылдардан бастап қазіргі кезге дейінгі жарық көрген еңбектерде көрініс тапқан. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы мемлекеттік маңызды мәселелердің бірі сәулет пен өнер туындыларын, тарихи ескерткіштерді зерттеу мен сақтау болды. 1918 жылы РКФСР Халық комиссариаты елдегі бүкіл материалдық және рухани жәдігерлерді тізімдеу жайында декрет қабылдады, ал 1919 жылы көне ескерткіштерді зерттеу, есепке алу және қалпына келтіру міндеті жүктелген Материалдық мәдениет тарихының мемлекеттік академиясы (ГАИМК) құрылды. 1920 ж. Ташкентте Түркістан (кейіннен Орта Азиялық (Среднеазиатский) деп аталған) мұражайлар ісі мен көне ескерткіштерді, өнерді және табиғатты қорғау (Туркомстарис - Средазкомстарис) комитеті құрылды. Осы кезеңнен бастап Қазақстанның тарихи зерттеу нысанасына айналған әр түрлі елді мекендеріндегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері белгілі ғалымдар В.В. Бартольдтің, П.П. Ивановтың және М.Е. Массонның еңбектерінде кең түрде баяндалды. Бұл ғалымдардың еңбектерінде жәдігерлердің түгелдей сипаттамасы беріліп, олар жайында бар мәлімет толықтай жинастырылды.
М.П. Грязнова мен Б.Н. Граковтың жүргізген ғылыми зерттеулері жәдігерлерді зерттеудің жаңа жүйесінің қалыптасуында үлкен маңызға ие болды. Олардың 1926-1928 жылдары Батыс Қазақстанда жүргізген зерттеулері Қазақстан территориясындағы қола дәуірінің жоғары дамыған мәдени орталықтарының орнын ашуға мүмкіндік берді [3].
Б.Н. Жданов пен С.С. Черниковтың ізденістері де нәтижелі болды [4]. Бұл еңбектердің негізгі бағыттарын жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу мекемелері айқындады.
Кеңестік кезеңдегі жас қазақ этнографиясының бастаулары революцияға дейінгі шығыстанудан нәр алып, 20 жылдардың басында қалыптасу кезеңіне аяқ басып, мынадай ғылыми бірлестіктерге арқа сүйеді: Республиканың Халық ағарту комиссариаты жанындағы академиялық орталық, Ресейдің тайпалық құрамын зерттеу комиссиясының Сібір бөлімшесі (КИПС), КССРО Шығыс халықтарының ұлттық және этникалық мәдениетін ғылыми-зерттеу институты, Орыс географиялық қоғамының – Орынбордағы, Омбыдағы, Семейдегі, Ташкенттегі бөлімшелері. Бұл мәселе Б. Герасимовтың, Х.И. Бисенов, Э.А. Масанов, С.Ш. Ахметовалардың ғылыми-зерттеу еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Олар Қазақстанды зерттеу қоғамының өлшеусіз еңбек сіңіргенін айта келе, оның 1920 жылы құрылуына белсенді түрде атсалысқандар белгілі өлкетанушы ғалымдар Ә. Диваев, П.А. Гра, А.Л. Мелков, И.В. Мелкова, С.М. Петров, А.А. Четыркина, А.П. Чулошников, Н.А. Чулошникова және басқалар деп атап көрсетеді.
Қазақтардың рухани мәдениетін зерттеу, ғылыми ірі бағытының қалыптасуы мен дамуы көрнекті ғалым Әбубәкір Диваев есімімен тығыз байланысты. Ол ең алғашқылардың бірі болып нақты этнографиялық мәліметтер негізінде халықтық білімнің этникалық ерекшелігі мен құрылымына сипаттама берді [5].
Қазақстанды зерттеу қоғамының қолдауына ие болған жұмыстардың бірі ретінде белгілі өнертанушы және сазгер А.Затаевичтің еңбегін атап өтуіміз керек. Ол өзінің еңбегінде қазақ халқының 1000-нан астам ән-күйлері мен әуендерін жинақтап, оған ғылыми түсініктеме берді. Ал С.Д. Асфендияров, М. Тынышпаев, А.П. Чулошников, Г.Е. Грум-Гржимайло, А.Н. Бернштам, Ғ.О. Тоғжанов, Ә.Х. Марғұлан және тағы басқалардың зерттеулерінде этногенез және этникалық тарих, қазақ этносының ру-тайпалық құрылымы, көшпенділердегі қоғамдық-саяси қатынастар және т.б. мәселелер көтеріліп, жан-жақты талдауға алынды.
Ә. Жангелдин, О. Жандосов, П. Варламова, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, О.Исаев, А.Асылбеков еңбектерінде кеңестік кезеңдегі саяси-экономикалық өмірдің сан қырлы салалары жайында құнды мәліметтер келтірілген [6].
1926 жылы құрылған алғашқы қазақстандық жоғарғы оқу орны – Қазпедвуздың директоры (САГУ-дың студенті) Т.К. Жүргенов өзінің мақалаларында Қазақстанда жоғарғы оқу орындарын ашу туралы нақты ұсыныстар жасады. Ол ең алдымен Алматыда Қазақтың мемлекеттік университетін ашуды қажет деп санады. Өзінің көзқарасының дұрыстығына нақты мысалдар ретінде Ресей ғылым Академиясының және М.В. Ломоносов атындағы Москва университетінің кейбір факультеттерінде алғашқы жылдары бір студенттен болғаны жайында тарихи мәліметтер келтірді.
20-жылдардың ортасына таманғы осы тектес зерттеулерден І.Қабыловтың еңбегін ерекше атауға болады. Автор республикадағы халыққа білім беру ісін терең бақылауы барысында ондағы кемшіліктерді шынайы түрде көрсете білді. Сонымен қатар Қазақстан мәдениеті мен ғылымның аса өзекті мәселелері де оның ғылыми мақалаларына арқау болды. Оның жарияланымдарында көтерілген мәселелердің ауқымы кең болды: ағарту саласының материалдық-техникалық базасын жасау, мектептер салу, театрды дамыту, баспасөз, кітап шығару ісі. Сонымен қатар І. Қабылов Қазақстанның “ескі интеллигенциясын” қазақ мәдениеті мен ғылымын дамытуға тарту қажеттігін баса айтты.
Кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы ғылыми мекемелердің қалыптасуы әсіресе, 20-30-жылдардағы ғылыми-тарихи орталықтардың құрылу тарихы жөнінде, Г.Д. Алексеев, Г.И. Желтова еңбектерінде баяндалса, Орта Азия мен Қазақстандағы осы жылдардағы тарихи-өлкетанудың тәжірибесі жөніндегі мәліметтер Б.В. Луниннің еңбегінде берілген [7]. Бұл еңбекте революцияға дейінгі ғылыми-зерттеу мекемелерінің ізденістерінен бастап кеңестік кезеңдегі жаңа мекемелердің құрылуы мен олардың ғылыми-зерттеу бағыттарына талдау жасалған. Соның ішінде Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының қызметінің жемісті болғандығы айтылады.
Қазақстан ғылымының дамуында революцияға дейінгі ғылыми зерттеу мекемелері мен қоғамдардың үлкен маңызы бар екендігі жайында М.А. Асаинов, А. Сагдиев, Е.Ж. Уәлиханов, Б. Герасимов, Ә. Пірманов, А. Қапаева еңбектерінде көрсетілген.
А.В. Миронов, Д. Святский, Л.В. Иванова, К. Әуезова, Ғ. Сапарғалиев, А.К. Капышов, А.И. Сембаев және т.б. зерттеулерінде кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі мәдениет пен ғылым саласындағы өзгерістер, кадр мәселесі, мекемелер құрылуының тарихы әр түрлі деңгейде зерттеу нысанасына алынған.
Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметі жайындағы мәліметтер Х.И. Бисеновтың, Р.Б. Сүлейменовтың, М.Х. Асылбеков, Н. Әлімбаев, А.Б. Галиев, З.О. Дүкенбаева, Ж.Б. Әшірбекова, В.К. Кайрханова, Қ.Ә. Ахметов, А.С. Мұсағалиева зерттеулерінде берілген [8].
Ғылыми-зерттеу орталықтары мен маман-тарихшылардың қалыптасуы мәселесі – І.М. Қозыбаев, Б.А. Төлепбаев, В.К. Янулов еңбектерінде жан-жақты қарастырылса, ал біз қарастырып отырған кезеңдегі қазақ зиялылары туралы мол мағұлматтарды К. Нұрпейіс, Х. Абжанов, М. Қойгелдиевтің ғылыми іргелі еңбектерінен алуға болады [9].
Қарастырылып отырған кезеңдегі Қазақстандағы өлкетану ісі, мұражай қызметі және әр түрлі қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде, Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының тарихы С. Ахметованың еңбегінде біршама құнды мәліметтер негізінде қарастырылып, талданған. Соған қарамастан, Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамына қатысты көптеген мәліметтер назардан тыс қалған және оның қызметіне жасалған талдау жүйеленбеген. Бірақ бұл еңбек біздің қарастырып отырған тақырыбымызға қатысты мол мағлұмат береді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша мұрағат қорларында деректермен жұмыс жасаған Д. Қамзабекұлының кітабында Қазақстанды зерттеу қоғамы қатарында және Ташкентте құрылған Қазақ мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамы мүшелері жайында, қоғамның қызметі мен шығармашылық ғылыми мұралары жайында құнды мәліметтер келтірілген [10]. Жоғарыда сөз болған тарихнамалық шолу Қазақстанды зерттеу қоғамының тарихын жеке ғылыми тақырып ретінде қарастыру қажет екендігін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының деректік көзі ретінде мұрағаттық құжаттардың, баспасөз материалдарының, жинақтық құжаттардың, деректердің мәліметтері кеңінен ғылыми айналымға тартылды.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының 693-ші қорының 1-ші тізбесінде ҚазАКСР-ның Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды зерттеу қоғамының 1920-1936 жылдар арасындағы жинақталған мәліметтері берілген. Ал екінші тізбедегі мәліметтер қоры 1921 жылдан 1941 жылға дейін созылған. Сондықтан да бұл қор біздің диссертациялық жұмысымыздың негізгі дерек көзін құрады.
Мәліметтердің басым бөлігін Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының отырысында қаралған мәселелер құрайды: соның ішінде, қоғамның жарғысының жобасы, оған енгізілген түзетулер мен қабылдануы, қоғам мүшелерінің тізімі, қаржыландыру көзі, бөлімдерінің есебі берілген.
Бұл қордағы аса қызықты мәліметтер қатарына Ташкентте құрылған “Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамына” қатысты құжаттарды жатқызуға болады. Қоғамның қызметіне қатысты хаттамаларда оның жарғысы, құрамы, бағдарламасы және бөлімшелерінің жұмысы көрсетілген. Көптеген мәліметтер бұл қоғамның аз ғана уақыт ішінде қазақ мәдениеті мен ғылымының дамуына мол үлес қосқанын көрсетеді.
Осы мұрағаттың 81 қорында (Қырғыз (қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариаты деп аталатын) Академиялық орталықтың құрылуы, Қыроқу ағархалкомы (Кирнаркомпрос) жанындағы ғылыми комиссия қызметі, осы қоғамның кітапханасы, мұражайы және т.б. деректер сақталған. Зерттеу жұмысымызда бұл құжаттар молынан пайдаланылды.
Келесі бір мәліметтер көзін 921 қор - (Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитетінің халыққа білім беру бөлімі деп аталатын) береді. Бұл қорда Қазақстанды зерттеу қоғамының жарғысының кейінгі нұсқасы берілген.
Қазақстан Республикасының Президенті мұрағатының 141 қорындағы - (РК(б)П-ның Қазақ өлкелік партия комитеті) құжаттары деректік мәліметтер берді.
Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың көпшілік кітапханасы және Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұрағатының кітапхана қорларынан тақырыпқа байланысты ғылыми зерттеулер, мерзімдік баспасөз деректері (Мысалы, “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ”, “Сарыарқа” т.б.) пайдаланылып, молынан қолданысқа түсті. Қазақ зиялыларының халық арасындағы белсенді жұмысының жаршысы болған бұл газеттерде сол кездегі өзекті деген мәселелер көтерілген. “Еңбекші қазақ” газетінің беттерінде халық ағарту ісі, қазақ тілінің жағдайы, мәдениет мәселелері көтеріліп, Қазақстанды зерттеу қоғамына қатысты деректер, “Талап” қоғамы жайында, “Қазақ білімпаздары” съезінде қаралған мәселелер қарастырылды. Ал “Ақ жол” газетінде “Талаптың” құрылуы, жарғысы жарияланса, “Өркенде” “Алқаның” бағдарламасы берілді.
Өлкетануға байланысты мәліметтерді (“Краеведение”, “Советское краеведение”, “Известия ЦКБ” (Центр. Бюро краев.), “Известия Средазкомстарис”) тұрақты шығып тұрған басылымдардан алдық. Сонымен қатар біраз деректерді арнайы құжаттық жинақтардан қарастырдық.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы алға қойылған міндеттің өзектілігінен, тарихнамалық зерттеулерден, яғни Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу (кейіннен Қазақстанды зерттеу) қоғамының осы уақытқа дейін құрылуы мен қызметінің тарихы арнайы тақырып ретінде шынайы тұрғыдан зерттелмеуінен туындайды.
Диссертацияның басты ғылыми жаңалығы – мәселенің кешенді түрде зерттелуі. Зерттеу жұмысының негізіне – Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихы ғылыми негізде талдауға алынуы, мұрағаттық қорлардағы көптеген құжаттар бірінші рет зерттеліп, оның басым бөлігі ғылыми айналымға алғаш енгізіліп отыр. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтарына төмендегілерді жатқызуға болады:
- Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының құрылуының Орынборлық, Қызылордалық және Алматылық кезеңдерінің алғаш рет нақты, әрі деректік негізде баяндалуы;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының мүшелерінің тізімінің, басқарма құрамының, жарғысы мәтінінің және қаржыландыру көздерінің алғаш рет нақтылы мұрағаттық деректер негізінде анықталуы;
- Қоғамның ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарының, секциялық зерттеу мектептерін қалыптастыру ісінің әртүрлі талқылаулар мен оқылған дәрістер мазмұнының сапалық дәрежесінің анықталуы;
- Ташкенттегі “Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамының” құрылуы мен қызметінің мұрағат деректері арқылы талданғандығы;
- Ұлттық интеллигенцияның кеңестік кезеңдегі қалыптасуындағы Қазақстанды зерттеу қоғамының алатын орнының айқындалғандығы;
- Қазақстандағы Кеңес өкіметінің 20-30-шы жылдарындағы мұражай, мұрағат, кітапхана істерінің қалыптасуындағы Қазақстанды зерттеу қоғамының маңызының деректер арқылы дәлелденуі.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны - Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы. Нақтылап айтқанда диссертацияда зерттеуге алынған ұйымдар: “Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамы”, сол сияқты оның Оралдағы, Ақмола, Ақтөбе, Қарақалпақстан, Көкшетау, Қызылжар (Петропавлск), Қостанай және Жетісу (Алматы) бөлімшелері. Зерттеудің субъектілері – қоғамның төрағасы, басқарма мүшелері, қатардағы мүшелері мен қызметкерлері, партия және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар т.б.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері мен территориялық қамту аймағы. Диссертацияның қаралып отырған тақырыбына сәйкес оның қамтылу аймағы мен уақыты анықталды. Түркістан АКСР және Қырғыз (Қазақ) АКСР территориясындағы Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметі, оның құрылған 1920 жылдардан бастап, ол таратылған 30-шы жылдардың екінші жартысына дейінгі кезең қамтылды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысын жазу барысында соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі өзгерістерді негізге алдық. Танымдық мүмкіндіктердің кеңеюуі зерттеу негізіне тарихи-мәдени, өркениеттілік тәсілді қолдануға жол ашты. Әрбір өркениеттің өзіндік ерекшеліктерін тану, оның біртұтастығы, өзіне тән мәнге ие тұрақты жүйесі, өмірлік философиясы, құндылықтар жүйесі және тарихи-мәдени дәстүрлері, соған сәйкестендірілген халықтардың, жеке адамның өмірі, әлеуметтік және саяси институттары, ұлттық басымдылыққа ие ұстанымдар мен құндылықтарын неғұрлым терең танып білуге деген ұмтылыстарға жетелеуге әкеледі. Міне, осындай тәсілдерді пайдаланудың арқасында зерттеу көздерінің неғұрлым тиімді бағыттарға бет бұруына жол ашты. Атап айтқанда, зерттелуге алынған кезеңдегі оқиғалар мен мәліметтер кешенді түрде сол дәуірмен байланыстырылып, ұлттық басымдылықтар мен құндылықтар тұрғысынан қарастырылып, соның негізінде оның мәні, негізгі ағымдарының бағыты және қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және халықтың рухани өміріндегі алатын маңызды зерттеудің өзегіне айналды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен тұғырнамалық ұстанымдарын қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына (18 ақпан 2005 жыл) Жолдауындағы “ғылым халыққа қызмет етуі керек” деген сөзі басшылыққа алынды. Сонымен қатар Орталық Азия мен Қазақстан өркениетіне қатысты теориялық дүниетаным, қазақ халқының менталитетіндегі басты ұстанымдар, ұлттық тәуелсіздіктің даму стратегиясы, кеңестік кезеңдегі отаршылдық-империялық қысымнан арылу, таптық-партиялық әдіс-тәсілдерден бас тарту – зерттеу жұмысының негізіне алынып, Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметтік ортасының шынайы бейнесін жасау арқылы, тарихи-салыстырмалық, қазіргі заман төрінен баға берудің шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік берерлік тәсілге жүгіндік.
Міне, сондықтан зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер басшылыққа алынды. Диссертациялық зерттеудің методологиялық және теориялық негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен жүйелілік әдістері арқылы бердік. Сонымен қатар тарихилық, өркениеттілік пен тарихи ұстанымдар мен концептуальдық ережелер, танымдық теория негіздері алынды.
Зерттеу жұмысының қорғауға ұсынылатын тұжырымдары.
- 1920-1936 жж.аралығындағы ҚазАКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихын мұрағат құжаттарын алғаш рет ғылыми айналымға енгізу арқылы оның тарих үшін маңызды екендігін көрсету;
-
Қоғамның ғылыми-зерттеу жұмыстарына, «Талап» қоғамының қызметіне қатысқан мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің белсенді әрекеттеріне ғылыми тұрғыдан баға беру;
-
Осы қоғамның көпшілік кітапханалар мен мұражай және өлкетану істерін ұйымдастыруға мұрындық болғандығын нақты мұрағат деректері арқылы айқынап, оның нәтижелері туралы өзіндік тұжырымдар жасау.
Зерттеу жұмысының ғылыми және қолданбалық құндылығы. Ұсынылып отырылған диссертация – кеңестік кезеңнің 20-30-шы жылдарындағы Қазақстандағы алғашқы ғылыми-зерттеу, ағартушылық мекемелерінің қоғамдық негізде құрылуы мен қызметінің тарихына қатысты арнайы зерттеу ретінде оның теориялық және методологиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін ғылыми еңбек.
Зерттеу барысында келтірілген мәліметтер мен жасалған тұжырымдар Қазақстан тарихын жете тануға, ұғынуға ерекше мән беретін көпшілік оқырмандардың да өткенімізді жаңаша саралауына септігін тигізеді. Оларды Қазақстан тарихын танып-білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, жоғарғы оқу орындарының аспиранттары мен магистранттарына, тарих факультетінде дәріс алатын болашақ зерттеушілерге арнайы курс және семинар сабақтары ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдамалары бес халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес төрт ғылыми мақала жоғарғы аттестациялық комитеттің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сыннан өткен. Диссертациялық жұмыс Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның кеңестік кезең тарихы бөлімінде дайындалып, талқыланды және қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы анықтамалық-терминдік және қысқарған сөздер түсініктемелерінен, кіріспеден, әрқайсысы екі бөлімнен құралған үш тараудан және қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, мақсаттары мен міндеттері, әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы мен қолданбалы маңызы айқындалып, мәселенің зерттелу дәрежесіне талдау жасалады және пайдаланылған деректерге сипаттама беріледі.
«Қазақстанда қоғамдық негізде құрылған ғылыми ұйымдар» деп аталатын бірінші тарауда Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихы және оның қызметінің басты бағыттарының анықталуы, Қазақстанды зерттеу қоғамының ғылыми - ағартушылық іс-әрекетінің нәтижелері жан-жақты талдана баяндалады.
Патшалық Ресейдің отарлық билігі кезінде Ресей географиялық қоғамының бір-екі бөлімшелерінен басқа, статистикалық комитет және жекелеген ғылыми қоғамдармен қатар 1907 жылы құрылған Ақтөбе облысындағы Темір тәжірибе алаңы, 1912 жылы құрылған Қостанай облысындағы Львов тәжірибе алаңы, 1913 жылы ашылған Красноводская тәжірибе станциясы және 1914 жылдан бастап жұмыс істей бастаған Семей тәжірибе станциясы сияқты төрт ауылшаруашылық тәжірибе мекемелері болды. Сонымен қатар Орыс географиялық қоғамының бөлімшелері Орынбор, Семейде құрылса, ал Верныйда “Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі” мен басқа да ерікті қоғамдар мен үйірмелер болды. Бұл үйірмелер мен бөлімшелер және тәжірибе мекемелерінен басқа Қазақстанның территориясында жекелеген ғалымдар ұйымдастырған маршруттық экспедициялар зерттеулер жүргізді. Революцияға дейінгі кезеңде Қазақстанның табиғи байлығы мен тарихын зерттеу көбінесе өлкені отарлау мақсатына қатысты ғана жүргізілді. Кеңестік кезеңдегі Қазақстанда ғылыми зерттеулерді білімнің әр саласына маманданған ғалымдар, ғылыми мекемелер, зертханалар, ғылыми кітапханалар мүлдем болмауына байланысты басынан бастауға тура келді.
Қазақстанның бүкіл территориясын қамтыған азамат соғысы үш жылға созылды және елдің экономикасының құлдырауы, егіннің шықпай қалуы мен 1921 жылғы жұт ашаршылыққа алып келді. Бұның бәрі ғылыми саланың дамуына кері әсерін тигізді. Соған қарамастан Кеңес өкіметі ғылымды дамытуға көп күш салды.
1920 жылдың 7 қыркүйегінде В.П. Добров, Д.Н. Кашкаров және Н.Л. Корженевскийлер ботаникалық, зоологиялық және жалпы географиялық зерттеулер жүргізу үшін Мойынқұм шөлін кесіп өтіп, Бетпақдалада ботаникалық зерттеу және Шымкент уезінде географиялық барлау жұмыстарын қолға алды.
Қазақстанда орталықта жабдықталған бірнеше экспедициялар жұмыс істеді. 1920 жылдан бастап академик И.М. Губкин Орал-Ембі мұнайлы аудандарын зерттесе, ал Қарағанды көмір бассейініндегі көмір қорының мөлшерін анықтауда А.А. Гапеев бастаған экспедиция жұмыс жүргізді.
Қазақстанның табиғаты мен тарихын зерттеумен ерікті ғылыми қоғамдар айналысты. Олардың қатарына Орыс географиялық қоғамының Орынбор, Омбы, Семей, Верный, Ташкенттегі бөлімдері мен бөлімшелері, Ташкент қаласындағы Түркістанның археология әуесқойлары үйірмесі және басқа да бірқатар ұйымдарды атауымызға болады. Сондай-ақ, кең байтақ Қазақстан территориясы Ресей Ғылым Академиясының географиялық қоғамы және патша өкіметінің әртүрлі мекемелері, соның ішінде Әскери министрліктің жасақтаған экспедицияларының нысанасына да айналды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қазақстандағы алғашқы ғылыми-зерттеу мекемесін құру туралы шараны қолға алған Қырғыз әскери комиссариатының (Кирвоенкоматтың) штабы болды. Өлкедегі азамат соғысының оты өршіп тұрғанына қарамастан, 1919 жылдың желтоқсанында штаб бастығы А.Н. Турскийдің ұсынысымен және қолдауымен тарихи-статистикалық бөлім құрылып, бар-жоғы жарты жыл ғана жұмыс істеді. Аз мерзімнің ішінде бөлім аса маңызды жұмыстар тындырды. Бұл бөлімде тарих, этнография және табиғи-географиялық секциялар жұмыс жасады.
Тарихи-статистикалық бөлімі кейіннен Қырревкомның халық ағарту бөлімінің Ғылыми комиссиясы болып құрылса, біршама уақыттан соң Ағарту халкоматының Ғылыми бөліміне, соңынан Ағарту халкомының академиялық орталығы ретінде қайта құрылды. Осы Академиялық орталықтан жеке бөлімше ретінде “Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы” бөлініп шықты.
1920 жылдың қазан айында Қазақ АКСР мен Халық ағарту комиссариаты құрылып, ғылымға, әдебиет пен өнерге, мұражай мен мұрағатқа қатысты мәселелерді осы комиссариаттың ішінде құрылған Ғылыми бөлім басшылыққа алды. Осы жылы (1920 ж. – С.А.) Халық ағарту қызметкерлерінің съезі өткізіліп, Ахмет Байтұрсынов ағарту саласының нақты міндеттерін атап, оны іске асыру тетіктерін нақтылап берді.
Ахмет Байтұрсынов 1921 жылы құрылған Академиялық орталықтың жанынан халық поэзиясының, музыкасының үлгілерін және этнографиялық мәліметтерді жинау жөнінде арнаулы комиссия құрады. Комиссия құруда Қазақстанды зерттеу қоғамы да үлкен үлес қосты. Осы аталған істерге сол кездегі республикадағы белгілі тарихшылар, музыка мен фольклордың білгірлері – Ә. Диваев, А.П. Чулошников, А.В. Затаевич, А.Д. Кастальский, Н.Н. Миронов, А.Л. Мелков, Н.В. Мелкова, А.А. Четыркина сияқты т.б. оқыған зиялы қауым тартылды. Бұл комиссия жұмысымен қатар испарттар (партия тарихы) мен 20-жылдары ірі қалаларда, облыстар мен ұлттық республикаларда құрылған жергілікті испарт бюролары (партия тарихы бюролары) Коммунистік партия мен Қазан революциясы тарихын жинастыру және осы тақырыптағы ғылыми зерттеу мен материалдарды басып шығарумен айналысты.
1921 жылдың желтоқсанынан испарт РКП(б) Орталық Комитетінің құрылымына бөлім ретінде кіретін болды. Испарттың бөлімдері 1921-1923 жылдары бүкіл ел көлемінде барлық республика, облыстарда құрылды.
1920-жылдардың бірінші жартысындағы өлкенің ғылыми өмірінде басты рөл атқарған ерікті ғылыми қоғамдар еді. Қазақстанда Қазан революциясынан кейін құрылған ерікті қоғамдардың бірі: Ғылыми бөлімнен өзіндік жеке құрылым ретінде бөлініп шыққан “Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы” болды. Оны құруға тарихшы-өлкетанушы А.П. Чулошников, Орынбор өлкесінің байырғы зерттеушісі, бұрынғы Орынбор мұрағаты комиссиясының құрметті мүшесі А.П. Гра, тарихшы-этнограф Ә.Ә. Диваев, С.М. Петров, А.Л. Мелков, И.В. Мелкова, А.А. Четыркина, И.М. Расторгуев, Н.А. Чулошникова, топырақтанушы-биологтар Л.П. Лошкарев, М.И. Рожанец, К.К. Саковский, В.Е. Тележников және басқалар белсенділік танытты. Құрылтайшы мүшелерінің қатарында Қаз ОАК (КазЦИК) төрағасы С. Меңдешев, Казвоенкомат штабының бастығы А.Н. Турский де бар еді [11].
Ғылыми комиссия Қоғам құрылмай тұрып, оған мүше болатындардың тізімін жасады. 1920 жылдың 23 қыркүйегінде Ғылыми комиссияның бұйрығы бойынша қоғамға 35 адам лайықты деп шешіліп, оның құрамына ғылым және ағарту салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар енгізілді.
Қоғамның жарғысы бойынша үш ірі тарихи-археологиялық, этнографиялық және географиялық бөлімдер құрылды. Тарихи-археологиялық бөлімге 24 адам, оның ішінде қазақ зиялыларынан Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаевтар мүше болса, этнографиялық бөлімге 30 адам, ал географиялық бөлімге 17 адам мүше болған.
Қазақстанды зерттеу қоғамының бастапқы он екі жылын орналасқан жеріне ғана емес, әрекет ету сипатына қарай Орынборлық (1920-1925 жылдар), Қызылордалық (1925-1929 жылдар) және Алматылық (1929-1932 жылдар) деп үш кезеңге бөлуге болады.
Қазақ АКСР-нің 1921 жылы Бас мұрағатының құрылуы, 1922 жылы Республиканың Орталық мұрағаты деп өзгертілуі мұрағат материалдарының ауқымды қорын жинақтауға, өңдеуге, орталықтандыру және жүйелеу жұмысына бастама беріп, өлкенің тарихын зерттеуде жергілікті өлкетанушылар мен ғылыми қызметкерлерге көмек болды. Қазақстанды зерттеу қоғамы өзінің жұмысын Бас мұрағат пен Бас мұражаймен тығыз байланыста жүргізді. Олар ғылыми бөлімнің, кейіннен Халық ағарту комиссариаты Академиялық орталығының басшылығында болды. Қоғамның төрағасы 1922 жылы Халық ағарту комиссариатының Академиялық орталығының коллегиясы мен орталық өлкетану мұражайы кеңесінің құрамына енді, ал мұражайдың меңгерушісі қоғам басқармасының құрамына кіргізілді. Мұрағат ісіне жоғарғы оқу орындарының студенттерді көмектесті.
1923 жылы Ақмола, Ақтөбе, Бөкейде, Қостанай мен Орал губернияларында облыстық мұрағаттар құрылды.
Республиканың территориясында 20-жылдары құрылған физика-медициналық, ғылыми-педагогикалық, осы жылы өз қызметін жандандырған Орыс географиялық қоғамының Семей және Жетісу бөлімшелері және тағы басқалардың іс-әрекетімен салыстырғанда, республиканың білікті ғылыми күштері бас қосқан Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметі аса жемісті болды.
Сонымен, 20 жылдардың басында Қырғыз (қазақ–С.А.) өлкесін зерттеу қоғамы құрылып, өзінің мақсаты мен негізгі міндеттерін анықтағаннан кейін, жер-жерлерде өз бөлімшелерін құрып, кітапхана және мұрағат орындарын ашуға атсалысты. Ғылыми зерттеу, ағартушылық, мәдени және өлкетанушылық бағыттарда жұмыстар жүргізді. Алда жүзеге асатын игі шараларды талқылаулардан өткізді.
Қоғам 1923-1924 жылдар аралығында бірнеше игі шараларды жүзеге асырды. Атап айтсақ, біріншіден тұрақты түрде баспалармен айырбас жасау үшін мекемелер мен жеке тұлғалардың тізімін жасап, осы тізімдер бойынша қоғамның “Еңбектерін” жіберді, екіншіден қазақ өлкесін зерттеу қоғамының Бөкей ордасы бөлімшесімен байланыс орнатты, үшіншіден, Қазақ КСР Орталық өлкелік ғылыми мұражайымен тығыз байланыста болу үшін мұражай меңгерушісі қоғам Басқармасы құрамына енгізілді, төртіншіден, ҚКСР Халық комиссариаты мен қоғамның қызметі арасындағы байланысты нығайту және ғалымдарды Қазақстанды зерттеу қоғамы айналасында топтастыру үшін нақты қадамдар жасалды, бесіншіден, Орынбор Губерниялық халықтық оқыту бөлімінің (ГубОНО) көрнекі құралдар мұражайымен тұрақты байланыс орнатты.
Басқарманың келесі бір атқарған маңызды ісі – қоғамның “Еңбектерін” баспадан шығаруға қаржы іздестіру болды. Бұл салада мынадай нәтижелерге қол жеткізді: 1) Затаевич жинақтап жазып алған қазақтардың 1000 өлеңі енгізілген “Еңбектің” ІV-басылымының шығарылымына Қырғыз (қазақ) Халық ағарту комиссариатының өлкелік қорынан 6048 сом қаржыны толығымен Қоғамның қарамағына берілуіне күш салынды. 2) “Еңбектердің” VІ шығарылымының баспа шығынын өтеуге Қырғыз (қазақ) Жер Халкомы (Кирнаркомзем) мен Мемлекеттік баспа (Госиздат) қатысты.
Баспа ісін дұрыс жолға қою үшін Басқарма қоғам мүшелері арасынан ерекше редакциялық комиссия құрды. Сол жылдары еңбек мектептерінің (трудовые школы) жаңа бағдарламаға көшуіне байланысты қоғам олардағы оқу ісін өлкетанушылықпен ұштастыру үшін бірқатар жұмыстар атқарды. Қазақстанды зерттеу қоғамы осы еңбек мектептерінде өлкетану бөлімін құру үшін құрамы 3 адамнан тұратын ерекше комиссия құрып, өлкетану материалдарын мектептің өлкетану бағдарламасымен сәйкестендіріп, өлкетану ісіне мұғалімдер мен оқушыларды тартуды міндеттеді.
1923-1924 жылдары қоғамның тарих және этнология бөлімі табысты еңбек етті. “Еңбектің” бірінші басылымында А.П. Чулошниковтың “Қазақ-қырғыз халқының басқа да түркі тайпаларымен тағдырлас тарихы” деген еңбегі жарияланса, ал томның екінші басылымында И.М. Крашенниковтің “Қырғыз өлкесінің өсімдік қабаты (карталарымен және суреттерімен)”, С.Е. Рожанец-Кучеровскаяның “Семей губерниясы өсімдіктері. 1 бөлім. Зерттелу тарихы”, П.А. Воронцовскийдің “Acrіdodea биологиясына” және “Ұсақ хабарлары”, А.Ф. Рязановтың “Хиуалықтардың 1818 жылғы қырғыз даласына шабуылы”, Гр. Сербариновтың “Исатай Тайманов (1737-1738 жылдардағы Бөкей ордасындағы халық қозғалысының очеркі)”, А.Л. Мелков “Қырғыз этнографиясы бойынша материалдар” мен Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының 1923 жылға арналған есебі жарияланды.
М. Дулатов, Т. Шонанов және М.Д. Жолдыбаев сынды зиялылар Халық ағарту комиссариатының Ғылыми Кеңесінде жұмыс істей жүріп, бірнеше еңбектерін жариялады. Мәселен, М. Дулатов қазақ тілінде үш бөлімнен тұратын есеп кітабын құрастырып, “Қырғыз (қазақ - С.А.) тарихын” жазып шықса, М.Д. Жолдыбаев қазақ тіліне Коваленконың “Политграмотасын”, К. Маркстің “Коммунистік манифесін”, Л. Троцкийдің “Октябрь революциясы” және Бухариннің “Тарихи материализм теориясы” сияқты еңбектерін аударды. Ал Т. Шонанов қазақ тілінде “Қырғыздардағы (қазақ) жер мәселесінің тарихы очеркі” атты кітабын жазды.
Геолог К.В.Поляков Ор уезіндегі Суандық пен Қумақу өзендері бойындағы алтынды аудандарды зерттеп, алтын кварцтың, диабаз, гранит және сланецтің қабаттарымен қатар жатқандығын анықтады және ол КСРО-ның тау-кен өндірісі мен пайдалы қазбалары жайында очерк жазды, КСРО-нің пайдалы қазбаларының картасын жасау ісін қолға алса, ал топырақтанушы М.И. Рожанец Е.М. Овсянниковамен біріге отырып, Ор уезінің Орал-Тобыл суайрығының аймағындағы топырақ құрамын зерттеді.
Қазақстанды зерттеу қоғамының жұмысына белсенді атсалысқандардың бірі, Кеңестік Қазақстандағы мәдениет пен тарих ғылымында өзіндік орны бар Санжар Жафарұлы Асфендияров (1889-1937) болды. Ол Қазақстан тарихын дайындауға зор еңбек сіңірді [12].
1921 жылдың қазан айынан бастап Қазақ-қырғыз Білім Комиссиясының төрағалығына Халел Досмұхамедов тағайындалады. Білім Комиссиясының басшысы ретінде Х.Досмұхамедов бірден қазақ-қырғыз мектептері мен жоғары оқу орындарында оқылатын пәндердің бағдарламасын жасауға, түрлі саладағы оқулық кітаптар жазуға, ғылыми терминалогияны қалыптастыру, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жүйелеу, бастыру жұмыстарына белсенді түрде ат салысты.
1921 жылдың өзінде Білім Комиссиясы А. Байтұрсыновтың “Әліппе”, “Баяншы”, “Тіл-құралы” (1 және 2 бөлімдерін), Міржақып Дулатұлының “Оқу құралы”, “Есеп құралы”, Иса Тоқтыбайұлының “Жалпы жағырапия”, “Түркістан жағырапиясы”, Халел Досмұхамедұлының “Табиғат тану”, “Жануарлар” (1 бөлім) атты кітаптарын баспаға тапсырды.
1921 жылдары Білім Комиссиясы баспаға дайындалған Әбубәкір Диваевтың “Бекет батыр ”, “Мырза Едіге”, “Алпамыс”, “Нәрікұлы Шора”, “Шора батыр”, “Қобыланды”, “Тарту” жинағын, Сұлтанбек Қожанұлының “Арифметика” (1 бөлім), К. Жәленұлының “Арифметика” (2 бөлім), Х. Досмұхамедұлының “Жануарлар” (2 бөлім), “Адамның тән тірлігі”, Табынбайұлының “Педагогика”, “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, “Қыз Жібек”, “Кенесары - Наурызбай”, Ә. Бөкейхановтың “Сұлтан Кенесары тарихына қосымша материал” (орыс тілінде), “Абай өлеңдерінің таңдамалы жинағын” (Алғы сөз, түсініктемелерімен) жеке–жеке кітап қылып шығарды. Оның сыртында қазақтың халық әндерін нотаға түсіру, мектепте өтілетін пәндердің бағдарламасын, қазақ тіліндегі тұңғыш жағырапиялық карталар, күнтізбелер шығару, қазақша–орысша, орысша–қазақша екі тілдік сөздіктің түзілуі, ғылыми конференцияларда баяндама жасау, қысқасы, мәдени–рухани өмірдегі жаңалық біткеннің бәрінен Білім Комиссиясы мен Қазақстанды зерттеу қоғамы шет қалмайтын.
М. Тынышпаев қазақ даласында орын алған далалық өркениет пен қалалық тұрмыс-тіршіліктің, мал шаруашылығы мен егіншілік мәдениеттің арақатынасын зерттеу объектісі ете білді.
Қазақстанды зерттеу қоғамы сонымен қатар, мәдениеттің таралу ошағының бірі болды. Қазақ халқының салт-дәстүрін және этнографиясын, мәдениеті мен тарихын зерттей отыра, қоғам мүшелері жергілікті жерлерде бұқаралық мәдени шаралар өткізді, дәрістер оқыды, баяндамалар жасады, кітапханалар, экспонаттар жинастырып мұражайлар ашты, көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қалпына келтіріп, сақтауды жолға қойды.
Қазақстанды зерттеу қоғамы аясында қазақ зиялыларының топтасуы мен қалыптасуы орын алды. Ғылыми және мәдени-ағарту саласындағы маман кадрлардың қалыптасуына, оқулықтар мен оқу құралдарының дайындалуына әсер етті. Оның қызметі Қазақстан республикасының қалыптасу кезеңіндегі қиыншылықтармен қатар жүрсе де, сол кез үшін зор маңызы бар істерді қоғам мүшелері мойымастан атқара білді.
“Қазақстанды зерттеу қоғамы бөлімшелерінің құрылуы мен қызметінің тарихы” деп аталатын екінші тарауда жергілікті жерлердегі бөлімшелердің құрылуы мен олардың қызметінің бағыттары және Қазақ мәдениетін көркейтушілердің «Талап» қоғамы турасында қарастырылады.
Қазақстанды зерттеу қоғамының бөлімшелері Оралдан басқа Семей, Алматы, Ақмола, Қостанай, Шымкент, Өскемен және басқа да қалаларда құрылып, табысты жұмыс жүргізді.
Алғашқы құрылған бөлімшелердің бірі Оралдағы бөлімшесі болды. Бұл бөлімше 1921 жылдың ақпанында құрылып, құрамында 52 мүшесі болды. Бөлімшенің құрамындағы мүшелердің көпшілігі губернияның жауапты қызметтерін атқарған.
Орал бөлімшесінің қызметі 1925 жылдан бастап жандана түсіп, сауатсыздықпен күрес, социалистік мәдениетті насихаттау, ғылыми кадрлар дайындау және т.б. міндеттерді абыройлы атқарды.
Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуымен қатар Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семейдегі бөлімшесі өз қызметін қайта жандандырған болатын. Бөлімшенің қарамағында табысты түрде жұмыс істеп жатқан мұражай, 13 мың томды қамтыған кітапхана, ауа райын (метеорологиялық) болжайтын зертханасы болды. Бөлімшенің ғылымы зерттеу жұмыстарының нәтижелері Қазақ Халық ағарту Комиссариатының бөлген қаржысына шығарылған “Хабаршы” журналының он төртінші шығарылымына (алдыңғысы 1919 жылы шыққан –А.С.) басылды. Бөлімше Семей губерниясын аудандастыру ісіне де ат салысты және “Семей өлкесінің географиялық шолуы” анықтамасын құрастырды.
Қазақстанды зерттеу қоғамы аясында жұмыс істеген Семей бөлімшесі сол кездің өзінде елге танымал болды. Көптеген қоғамдық шараларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға бөлімшенің төрағасы В.Г. Герасимов, оның орынбасары М.О. Әуезов, мүшелері Ж.Т. Шанин, Ш.А. Айманов, А.Ф. Шубин, А.А. Адрионов, Н.Я. Коншин және т.б. көп күш жұмсады. 1902-1927 жылдар аралығында Семей бөлімінде 700-ден астам адам мүше болып, олардың ішінде құрметті мүшелікке 9 адам өткен, ал нағыз мүшелері 600, қалған 100 адам қызметкерлер болды. 1927 жылдың 1 қаңтарына қарай бөлімде 102 мүше тіркелген, олардың 6-уы құрметті, 72-сі нағыз және 21-і жай қызметкер болды [13].
Қазақстанды зерттеу қоғамының Сырдария бөлімшесі 1926 жылдың сәуірінде құрылды. Негізінде бұл бөлімшені құру ісі қазан төңкерісінің алғашқы жылдарында туындаған еді. Бөлімше төрағасы болып Сырдария губерниясындағы көне ескерткіштерді, өнер туындыларын, табиғатты сақтаудың өкілетті қызметкері Б.П. Тризна, орынбасарлығына губерниялық мұражай меңгерушісі П.К. Шпота сайланса, ал хатшылығын Губ. білім жоғарылату бөлімі ғылыми қызметкері П.Г. Афанасьев, қазнашылық қызметті оқу бөлімі инспекторы В.А. Агеев атқарды.
1926 жылдың 1-ші қазанынан бастап бөлім Қазақстанды зерттеу қоғамының Сырдария бөлімі деп атала бастады. Сырдария бөлімінің қызметі кеңестік кезеңдегі Түркімен КСР Ғылым академиясының академигі болған археолог және тарихшы-шығыстанушы М.Е. Массонның атымен тығыз байланысты. Ол 1926-1927 жылдары Әулие-Ата, Фрунзе, Алматы қалаларының аймағында археологиялық зерттеулер жүргізіп, Сырдария бөлімінде құрметті мүше атағына ие болды. 1928 жылдың 1 қазанына қарай қоғамның бөлімшесінде 40 нақты және 3 құрметті мүше болды.
Ақмола губерниясының жергілікті өлкені зерттеу қоғамының бөлімшесінің қызметі Петропавлда кеңестік қызметкерлердің бір тобының бастамасымен 1923 жылы құрылды. Олар бастапқыда өздерін “ғылыми-техникалық” деп, кейіннен жергілікті өлкені зерттеу қоғамы деп атады.
1923 жылдың 20 желтоқсанында Ақмола губисполкомы зерттеу қоғам бөлімшесінің жарғысы мен құрылтайшыларының тізімін бекітті. Бұл бөлім Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының Пенза, Пермь, Ирбит, Батыс Сібір бөлімі (РГО), Москвадағы Орталық өлкетану бюросымен тығыз ғылыми байланыс жасауды жоспарлады және әртүрлі жергілікті мекемелерінің жұмыстарына қатысты. Бөлім мүшелері Ақмола губерниясы мұғалімдерінің білімін жетілдіру курсына іссапарға жіберілді. Жергілікті комитеттерде (Местком) пионерлер отрядына нұсқаушылық қызмет көрсетіп, оларды жаратылыстану, тарих бойынша материалдар жинап, баяндамалар жасауға жұмылдырды. Бөлімнің жүргізген аса маңызды істерінің бірі өлкелік жергілікті мұражайды ұйымдастыруы еді.
Қазақстанды зерттеу қоғамының Қостанай бөлімі 1921 жылдың 28 шілдесіндегі басқармасының отырысында арнайы түрде тіркелді. 1920-1921 жылдар аралығында бөлім 100 отырыс өткізді, ғылыми кітапхана құрылды, қоғамның еңбектерін баспаға дайындады. Сондай-ақ, Халық ағарту комиссариатының ғылыми бөлімімен тығыз байланыс жасады, бірлескен экспедициялар мен экскурсиялар ұйымдастырылды. Мұражай ісін жолға қойып, экспонаттар жинады.
1925 жылдың 2 желтоқсанында Ақтөбе бөлімшесі ашылды. Бөлімнің құрылтайшылары болып Губерниялық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары С.Д. Сергеев, Губерниялық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі Ф.Н. Григорьев, Ақтөбе Губерниялық жер бөлімінің жер өлшеушісі А.И. Ошмарин, Губстатбюроның меңгерушісі И.Т. Турмухамедов, Ақтөбе Губерниялық Жер бөлімінің агрономы В.И. Озолин және Ақтөбе Губерниялық Жоспар бөлімінің ғылыми қызметкері Б.В. Тишков сайланды.
Аса қиындықпен құрылған Қазақстанды зерттеу қоғамының Қарақалпақстан автономиялық облысындағы бөлімшесі болды.
1927 жылдың 13 желтоқсанында Қарақалпақстан автономиялық облысы Су шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Солоцкий сол кездегі ҚКСР Өлкетану комитетінің басшысы О.Жандосовқа өткен тарихын анықтауға бағытталған бөлімше құру туралы ұсынысын білдірген. 1925 жылы бұл ұсынысы тиісті орынға жіберілсе де қаржы тапшылығына байланысты қоғам 1928 жылдың 11 қарашасында Төрткүл қаласында 21 құрылтайшылардың қатысуымен ашылды [14].
1929 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамының Алматыға көшірілуіне байланысты Орта Азия мен Орынбор мұрағаттарынан, кітап қоймаларынан, мұражайларынан Қазақстанға қатысты материалдар жинақталып, оларды Алматыға жеткізу мен орналастыру шаралары жүргізілді.
1930 жылы 24 желтоқсанда Қазақстанды зерттеу қоғамының жеке бірлігі ретінде Алматы қалалық бөлімі құрылып, бөлімнің төрағалығына Майлыбаев, орынбасарлық қызметіне Барлыбаев, ал хатшылыққа Дублицкий сайланады.Алматы қалалық бөліміне бастапқы кезде 76 адам мүше болып тіркелді. Бөлімнің 1930 жылдың 30 желтоқсанында өткен жалпы жиналысында төрт бұқаралық өлкетану, мектептік-өлкетану, тарихи-этнографиялық және қорғаныс секциялары құрылды.
1917 жылдың 14 қыркүйегінде жастардың “Талап” ұйымы Ташкентте құрылды. Оның құрамында Өміртай Ақбердіұлы, Микаел Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезұлы, Сіләмқажы Ғабитжанұлы сияқты жастар болды. Ұйым Семей облысы, Шыңғыс болысында орналасты. Сонымен қатар Омбыда Ақмола облыстық “Талап” ұйымы құрылып, оның басшылығын А. Тұрлыбайұлы атқарып, құрамында М. Жұмабайұлы, Х. Садықұлы сияқты мүшелері болды. Бірақ бұл ұйымдар өз қызметтерін бірнеше жылдардан кейін мемлекет тарапынан қолдау тауып, қоғамға айналған кезде ғана толық атқара алды. Кейінгі, мемлекеттік деңгейде соның қолдауымен құрылған “Талап” қоғамының (толық аты “Қазақстан мәдениетін көркейтушілердің (ревнителей) “Талап” қоғамы”) құрылуы деректерде екі түрлі көрсетіледі. Біріншісінде, 1922 жылдың 4 желтоқсанында қоғамның жарғысы Мемлекеттік ғылыми кеңестің бекітуінен өтіп, 14 желтоқсанда жалпы жиналысы болғандығы айтылса, келесі біреуінде қоғам 1923 жылдың 13 желтоқсанында құрылған делінеді.
Түркістан автономиялық республикасының Халық ағарту комиссариатының жанындағы Мемлекеттік ғылыми кеңестің қолдауына ие болған қоғам Ташкент қаласының Карл Маркс даңғылындағы 41 үйдегі Қырғыз (қазақ) Ағарту институтының (Киринпрос) 35-ші бөлмесіне орналасты. 103-тен астам мүшесі болған қоғамның төрағалық қызметін доктор Халел Досмұхамедов атқарып, басқарма мүшелерінің қатарында шығыстанушы профессор А.Э. Шмидт, географ Иса Тоқтабаев, ақын (студент) Қасым Тыныстанов, инженер-теміржолшы Мұхамеджан Тынышпаев, әдебиетші (студент) Мұхтар Әуезов, заңгер Жаһанша Досмұхамедов, математик Кәрім Жәленовтер болды.
“Талап” қоғамының алға қойған мақсаты қолда бар қолжазбаларды, ең алдымен оқулықтар мен оқу құралдарын басып шығару еді. Қоғам мүшелері Қазақстан мәдениетінің ежелден келе жатқан мұрасын төкпей-шашпай жинақтаумен қатар ел ішінде оны кеңінен насихаттау мен қайта жандандыруға қатынасты. Қазақ әдеби тілін қалыптастыру, қазақша түсіндірме сөздікті (терминологияны) жасау, орфографияны жетілдіру, дайындау, мәдени жетістіктерге қол жеткізу үшін, ұлттық өнерді зерттеу арқылы оның бастауларына жол ашу жұмыстарымен айналысты.
“Қазақстанды зерттеу қоғамының бұқаралық-ұйымдастырушылық шаралары” деп аталатын үшінші тарауда Қазақстанды зерттеу қоғамының кітапхана, мұражай және өлкетану ісін ұйымдастырудағы қызметі мен Қазақстанды зерттеу қоғамының мұражай ісін одан әрі жандандыруға бағытталған әрекеттері баяндалады.
Кітапханадағы кітаптарды реттеу, оларды тізімдеп, тәртіпке келтіру жұмысын жүйелі түрде жүргізу 1923 жылдың 1 маусымынан, яғни қоғамның шақыруымен келген маманның бастамасымен жасалды. Бұған дейін кітапханадағы кітаптар ешбір жүйеленбеген, әр жерде шашылып, жыртылып және қалай болса солай үйіліп жатқан болатын. Кітапханадағы кітаптардың негізгі қорын бұрынғы Орынбордағы Ресей географиялық қоғамы мен Орынбор Ғылыми мұрағат комиссиясы және Археология Институтының Орынбор бөлімшесі кітапханасының кітаптары құрады.
“Талап” қоғамының кітапханасы мен оқу залы Түркістан Халық ағарту комиссариаты Мемлекеттік ғылыми кеңесінің 1922 жылдың 4 желтоқсанында бекіткен “Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамы” жарғысының 1-ші бабына сәйкес ашылды.
1924 жылдың 26 маусымында Қырғыз (қазақ – С.А.) өлкесін зерттеу қоғамының басқармасы отырыс өткізді. М.П.Баталовтың төрағалығымен және басқарма мүшелері А.Л. Мелков, В.В. Тележников, С.И. Петров және Л.П. Лошкаревтердің қатынасуымен өткен осы отырыста кітапхана ісі туралы мәселе арнайы талқыланды. 1923 жылдың екінші жартысы мен 1924 жылдың басында қоғам кітапханасындағы кітаптардың барлығы Брюссель халықаралық ондық сыныптау принципіне сәйкес сұрыпталып, 10 негізгі бөлімге бөлінді. Көне кітаптар ерекше бөлініп алынды, шет тіліндегі кітаптар тілдік ерекшеліктеріне қарай топтастырылды. Ағылшын, француз, неміс тіліндегілер бірнеше топқа, басқа тілдегі қалған кітаптар бір топқа біріктірілді. Қоғам кітапханасы 1927 жылдың 1 мамырында 35 қаланың мекемесі мен қоғамдарындағы кітапханаларымен байланыс орнатып, кітап алмасқан. Орынбор, Ақтөбе, Қызылорда, Верный қалаларында орналасқан мәдениет ошақтары мемлекет қарауына берілді [15].
1941 жылғы соғысқа дейін Семей қаласында 42 кітапхана ашылып, кітап қорларымен жабдықтала басталды. Бұл кітапханалардың 5-еуі көпшілікке, 6-уы кәсіподақ ұйымдарына, 11-і мектеп оқушыларына, 15-і арнаулы орта оқу орындарына, ал 4-уі ғылым саласындағыларға арналды.
1920 жылдың 11 мамырындағы ХАК-ның мәжілісінің “Қырғыз (қазақ –А.С.) өлкесінде мұражай мен кітапхана ісін ұйымдастыру” жөнінде және 12 мамырда қабылдаған “мұражай және кітапхана ұйымдастыру” қаулыларына орай арнайы комиссия құрылып, кітапхана мен мұражай ісі қолға алына бастады.
Егер Қазақстанда революцияға дейін небәрі 3 мұражай болса, олардың қарастырылып отырған кезеңде жалпы саны 21-ге жетті. Атап айтсақ, Қостанай (1919), Орал (1920), Көкшетау (1920), Шымкент (1920), Ақмола (1923), Петропавл (1924), Ақтөбе (1929), Тараз (1931), Қарағанды (1932), Арал (1932), Риддер (1935), Жәркент (1935), Т. Шевченко атындағы (кейіннен Ә. Қастеев атындағы) ұлттық көркемөнер галереясы (1935), Қызылорда (1939), Атырау (1939) мұражайлары және А. Құнанбаев, Д. Фурманов, В. Чапаев (1940-1941) мемориалдық мұражайлары болды.
Мұражай қажетті жәдігерлермен толықтырылып, оны тамашалаушылармен қамтамасыз ету үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастады. Қоғам мұражайдың ағартушылық және тәрбиелік маңызын арттыра түсу үшін арнайы дәрістер өткізу мәселесін көтерді.
Қоғам мұражай қорын жәдігерлермен толықтыру мақсатында халық арасына барып, ескі тарихи заттардың құндылығын түсіндіріп, оларды мұражайға өткізуді өтінді.
1925 жылы Орта Азияның ұлттық-мемлекеттік тұрғыдан межеленуіне және Қазақстан жерлерінің біріктірілуіне орай, Түркістан көне тарихи ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру комитеті (Туркомстарис) Ортаазиялық көне тарихи ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру комитеті (ОртаазКТЕСҚКК) болып қайта құрылды. Бұл Қазақстанның оңтүстігіндегі мұражайлар ісінің дамуына, олардың қарапайым көрермендердің мәдени демалыс орнына айналуына зор үлес қосты.
Қазақстанның қалаларында тарихи мұражайлар ұйымдастырылып, олар жәдігерлермен толықтырыла бастады. Мәселен, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі 1940 жылы 1 сәуірде Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайын ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады [16].
Қазан қарулы көтерілісі жеңісіне дейін небәрі 3 мұражайы болып келген Қазақстанда 1940 жылы мұражайлардың жалпы саны 21-ге жетті.
“Қорытынды” бөлімінде зерттеудің нәтижелері мен олардан туындайтын тұжырымдар жүйеленіп, тақырып игерудің тағылымдық жақтары сөз болады.
Сонымен, Қазақстанды зерттеу қоғамының республикадағы негізінен қоғамдық бастамамен жұмыс істеген алғашқы ғылыми мекеме екендігін айта келе мынадай қорытынды жасауға болады. Қазақстанды зерттеу қоғамы және оның бөлімшелері сол кездегі партия ұйымдары мен Кеңестік республика өкіметі басшылығымен тығыз байланыста болып өлкенің территориясын аудандастыру ісіне, демографиялық, ауылшаруашылық, өнеркәсіп пен сауда бойынша санақ жүргізді. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, суғару жүйелері бойынша Қазақстанды зерттеу қоғамының жүргізген ғылыми-өлкетанушылық ізденістері мен ұсыныстары республиканың экономикасын дамыту бағдарламасын дайындап, жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Республикадағы ғылыми мекемелердің жоқтығын Қазақстанды зерттеу қоғамы толықтырды. Қоғамның “Еңбектері” ғылыми зерттеу жұмысының жоғары маманданған негіздегі және стационарлық (тұрақты) жағдайдағы ғылыми-практикалық маңыздағы дүниесі болып табылды.
Қазақстанды зерттеу қоғамы мәдениеттің таралу ошағының бірі болды. Қазақ халқының салт-дәстүрін және этнографиясын, мәдениеті мен тарихын зерттей отыра, қоғам мүшелері жергілікті жерлерде бұқаралық мәдени шаралар өткізді, дәрістер оқыды, баяндамалар жасады, кітапханалар, экспонаттар жинастырып, мұражайлар ашты, көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қалпына келтіріп, сақтауды жолға қойды.
Қазақстанды зерттеу қоғамы аясында қазақ зиялыларының топтасуы мен қалыптасуы орын алды. Ғылыми және мәдени-ағарту саласындағы маман кадрлардың қалыптасуына, оқулықтар мен оқу құралдарының дайындалуына әсер етті. Оның қызметі Қазақстан республикасының қалыптасу кезеңіндегі қиыншылықтармен қатар жүрсе де, сол кез үшін зор маңызы бар істерді қоғам мүшелері мойымастан атқара білді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Бердяев Н.А. Судьба России. –М.: МГУ, 1990. –240 с.
2 Дулатов М. Ахмет Байтурсунович Байтурсунов // Труды общества изучения Казахстана. – Оренбург, 1923. –Вып.3. –213 с.
3 Бартольд В.В. Ближайшие задачи изучения Туркестана // Наука и просвещение. – 1922. – №2.; Иванов П.П. Сайрам. Историко-археологический очерк // Сборник Туркестанского восточного института в честь проф. Э.А. Шмидта. –Ташкент, 1923; Массон М.Е. Старый Сайрам // Известия Средазкомстариса. –1928. –№3; Грязнов М.П. Погребения бронзовой эпохи в Западном Казахстане // Казаки. –Ленинград, 1927. –Вып. 2; Граков Б.Н. Работы в районе проектируемых южно-уральских гидроэлектростанций // Известия ГАИМК, 1933. –Вып. 110.
4 Жданов Б.Н. Отчеты о раскопках близ курорта Боровое в 1929-1930 гг. // Архив ИИМК. –1930. –Дело № 1930. В кн.: Историческая наука советского Казахстана. –Алма-Ата: Ғылым, 1990. –272 с.; Черников С.С. Древнее горное дело в районе г.Степняк // Известия АН КазССР. –Сер. археол. –1948. –Вып.1.
5 Герасимов Б. Двадцатилетие Семипалатинского отдела Русского географического общества (1902-1927). –Кзыл-Орда, 1927; Бисенов Х.И. Из истории развития науки в Советском Казахстане (начало 20-х годов) // Известия АН КазССР. Сер. истории, археол. и этногр. –1961. –Вып. 3. –С.44-54; Масанов Э.А. Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР. –Алма-Ата, 1966. –С.283-304; Ахметова С.Ш. Историческое краеведение в Казахстане. –Алма-Ата, 1982; Диваев А. Этнографические материалы по казах-киргизам Туркестана: Опись этнографических материалов, собранных в Семиреченской области // Наука и просвещение. –1922. –№ 1. –С. 43-48.
6 Затаевич А. 1000 песен киргизского народа: Напевы и мелодии. –Оренбург, 1925; Асфендиаров С.Д. О казахском эпосе // Труды Казахского научно-исследовательского института национальной культуры. –Алма-Ата, 1935. –т.1.; Тынышпаев М. История казахского народа. /Составители и авторы предисловия проф. Такенов А.С. и Байгалиев Б. –А-Ата: “Қазақ университеті”, 1993. –224 с.; Чулошников В.П. Вопрос о происхождении киргиз-казахской народности дальнейшего его освещения // Труды Общества изучения Киргизского края, 1924. –Вып. 5; Тогжанов Г.О. О казахском феодализма // Революционный Восток. -1933. –Вып.6. –С.120-138.; Джангильдин А. Советская власть в КССР // Советская степь. –4 октября; Джандосов У. Новый этап в развитии национального вопроса // Советская степь. –1928. –29 май; Рыскулов Т. Соб. соч. в 3-х т. –Т.2. –Алматы: Қазақстан, 1997. –384 с.; Исаев У. Октябрская революция и строительство социализма; Асылбеков А. За советизацию аула. –Алма-Ата, 1930.
7 Жургенов Т.К. К задачам нового педвуза КССР: Коренизовать мировую культуру // Советская степь. –1926. 7 сентября; Кабулов И. За решительное развертывание культурного строительства // Большевик Казахстана. –1933. –№ 8-9. –С. 2-3; Алексеев Г.Д., Желтова Г.И. Становление и развитие советской системы научно-исторических учреждений (20-30-е годы). –Ташкент, 1977; Лунин Б.В. Из опыта историко-краеведческой работы в Средней Азии и Казахстана (20-30-е годы) // История СССР. –1968. –№ 5. –С.190-191.
8 Бисенов Х.И. Из истории развитии науки в Советском Казахстане (начало 20-х годов) // Известия АН КазССР. Серия ист., арх. И этнографии, 1961. –Вып.3.(17); Сулейменов Р.Б. Ленинские идеи культурной революции и их осущуствления в Казахстане. –А-Ата: Наука, 1972. –494 с.; Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980 гг.). –А-Ата: Ғылым, 1991. –181 с.; Пірманов Ә., Қапаева А. Қазақ интеллигенциясы (Ұлттық интеллигенцияның қалыптасу тарихынан). –Алматы: “Атамұра”, 1997. –160 б.; Капышев А.К. Формирование и развития региональной высшей школы в Центральном Казахстане (30-60 гг.). Автореф... к.и.н. –Алматы, 2001. –23 с.; Сембаев А.И. Очерки по истории казахской советской школы. –А-Ата: Казгосучпедизд., 1958. –С.109-126.; Дүкенбаева З.О. Шығармашылық одақтардың қалыптасуы және оның Қазақстан мәдениетіне тигізген ықпалы (1920-1930 жж.). т.ғ.к. ... Автореф. –А., 1994. –23 б.; Соныкі. Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы (1917-1941). Т.ғ.д. .... автореф. –А., 2003. –52 б.; Қайырханова Ф.К. Создание и развитие сети культурно-просветительных учреждений в Казахстане (1920-1932 гг.). Исторический опыт и проблемы. Автореф... к.и.н. –А-Ата, 1993. –24 с.; Қ.Қ. Ахметов ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстан мәдениеті (“Мәдени революцияның” концепциясы, идеологиясы, жүзеге асырылуы). Т.ғ.д. дәреж. алу үшін дайындаған диссерт. –Алматы, 2002. –279 б.; Мұсағалиева А.С. Халық Ағарту комиссариаты қорының құжаттары республика зиялыларының қызметі мен көзқарасы жөніндегі дерек көзі (1920-36 жж.). Автореф... т.ғ.к. диссер. –Алматы, 2001. –30 б.; Түменова С.М. К вопросу о развитии учебных заведений культуры и искусства 1917-60 гг./ Сб. трудов КазГОСЖенПИ. –А.: Бастау, 1999; және т.б.
9 Козыбаев И.М. Создание научно-исторических центров в Казахстане, формирование кадров историков-марксистов / Историческая наука Советского Казахстана (1917-1960 гг.): Очерки становления и развития. –А-Ата: Ғылым, 1990. –С.272; Тулепбаев Б.А., Янулов В.К. Организация исторической науки и основные направления исследований / Историческая наука Советского Казахстана. –А-Ата: Ғылым, 1990. –272 с.; Нұрпейсов К., Әбжанов Х. Мәдени революция: тапқанымыз бен жоғалтқанымыз // Қазақстан коммунисі. –1990. –№ 10; Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. –А.: Ататек, 1995. –256 б.; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. –А.: Санат, 1995. –365 б.
10 Ахметова С.Ш. Развитие исторического краеведения в Советском Казахстане (1917-1932 гг.). Автореф... к.и.н. –А-Ата, 1981. –С.175; Қамзабекұлы Д. Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мақалалар мен зерттеулер. –Алматы: Руханият, 1997. – 43-47 б.
11 Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (бұдан былай ҚРОММ), 693-қ., 1-т., 1-іс, 2- п.
12 Асфендияров С.Д. История национально-революционного движения на Востоке. –Кзыл-Орда, 1932.
13 ҚРОММ. 693-қ., 1-т., 37-іс, 5 п.
14 ҚРОММ. 693-қ., 1-т., 28-іс, 1 п.
15 Богданов А. О пролетарской культуре. –Пг., 1924. –344 с.
16 Арықбаев А. Абай мұражайы. Абай оқылымдары баяндамаларының тезисі // Семей унив. хабаршысы, 1990. –№ 5. -76-б.
ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАЛАР
1 Н. Құлжанова және қазақ қоғамы // “Қазақ қызы: өткені, бүгіні, ертеңі” атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Қазақ Қыздар Педагогикалық институты, 2 том. - Алматы, 2003. –294 - 297бб.
2 Қазақ мәдениетін қызғыштай қорғаушы “Талап” қоғамының қызметінің тарихынан // Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың 70 жылдығына арналған “ХХІ ғасырдағы инженерлік білім мен ғылым” атты Халықаралық конференция материалдары. 4 том. –Алматы, 2004. –162-168- бб.
3 Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылу тарихынан // “Шоқан тағылымы – 9” атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. 1 том. –Көкшетау, 2004. –183-187-бб.
4 Қазақстан ғылымының 1920-1936 жж. қалыптасу тарихынан // “Бекмаханов тағылымы – 2004” атты Халықаралық ғылыми конференция материалдары. –Алматы, 2004. –154-156-бб.
5 Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының ғылыми ізденістері // ҚазҰУ хабаршысы: тарих сериясы, 2004. -№4(35).- 29-31 бб.
6 Қазақстанды зерттеу қоғамының бөлімшелерінің құрылуы мен қызметінің тарихы // ҚазҰУ хабаршысы: шығыстану сериясы, 2004. -№ 4(29). –20-23-бб.
7 Қазақстанды зерттеу қоғамының Оралдағы бөлімі // Қазақ тарихы, 2005. -№ 1. –74-76-бб.
8 Қазақстанды зерттеу қоғамының мұражай ісін одан әрі жандандыруға бағытталған шаралар // “Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдары және олардың инженер мамандарды дайындаудағы маңызы” атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының еңбектері. –Алматы: ҚазҰТУ, 2005. –192-194-бб.
9 Қазақстанды зерттеу қоғамының ғылыми-ағартушылық қызметінің нәтижелері // ҚазҰУ хабаршысы: тарих сериясы, 2006. -№ 2(41). –86-89-бб.
Р Е З Ю М Е
Селкебаева Айман Токтасыновна
«Общество исследования Казахстана при комиссариате народного Образования Казахской АССР: образование и история деятельности
(1920-1936 гг.)»
Диссертация на соискание ученой степени кандидата исторических наук по специальности 07.00.02.- Отечественная история (История Республики Казахстан)
В диссертационной работе как комплексная проблема исследована история становления и конкретной деятельности общества изучения Казахстана при народном комиссариате просвещения Казахской АССР.
Хронологические рамки диссертации охватывает 1920-1936 гг.
Предметом исследования является конкретно исторический анализ истории становления, укрепления и разносторонней деятельности общества изучения Казахстана при наркомате просвещения Казахской АССР.
Диссертация состоит из ведения, трех разделов и заключения, в конце рукописи дается список исследования, использованный литературы и источников.
Цель и задачи исследования – на основе анализа обобщения многочисленных архивных источников, данных научной литературы и периодической печати, большинство которых впервые вводится в научный оборот, изучение истории развития и деятельности общества с момента его зарождения и до роспуска в середине 30-х годов XX века.
Для реализации вышеуказанной цели ставятся следующие конкретные задачи:
- оценка степени изучения проблемы, систематизация источников темы;
- развернутый поэтапный анализ истории становления и развития Общества.
При этом в тесной логической связи показаны особенности деятельности Общества, относящиеся к Оренбургскому (1920-1925 гг.), к Кызылординскому (1925-1929 гг.), Алматинскому (30-е годы XX в.) периодам его функционирования;
- По достоинству показать весомый вклад в становление и развитие
Общества А. Байтурсынова, А. Букейханова, Б. Каратаева, М. Тынышпаева,
И. Токтабаева, М. Дулатова, С. Кожанова и других видных деятелей науки и культуры, ставших жертвами политических репрессий, осуществленных командно-административной системой в 30-е годы;
- В рамках темы и на основе новых источников специально рассмотреть деятельность историко-просветительскую деятельность общество «Талап» и его отделений на местах;
- Изучить деятельность Общества по развертыванию широкой сети библиотек и музеев, в становлении научного краеведения в республике, в издании научной литературы, а также различных учебников и учебных пособий для школ.
В результате выполнения поставленных задач получены научные результаты, благодаря которым представлены целостная партия истории становления, развития и конкретной деятельности Общества изучения Казахстана в 20-е -30-е годы XX века.
Степень внедрения научных результатов. Полученные результаты исследования были опубликованы в сети научных статьях, некоторые из них доложены в виде научных докладов на заседаниях ряда научной теоретических конференций. Большинство статьи опубликованы на страницах научных изданий, рекомендованных Комитетом по надзору и аттестации в сфере образования и науки.
SUMMARY
Selkebayeva Aiman Toktasynovna
The Society of Research of Kazakhstan under Commissariat of People’s Education of Kazakh ASSR: education and history of activity (1920-1936)
Dissertation for scientific degree of the candidate of historical sciences on major
07.00.02 – Native History (History of the Republic of Kazakhstan)
Development history and concrete activity of the research society of Kazakhstan under the People’s Commissariat of Education of Kazakh ASSR.
Chronological period of the dissertation is 1920-1936.
The subject of the research is concrete historical analysis of history of development, strengthening and multilateral concrete activity of the research society in Kazakhstan history under People’s Commissariat of Education of Kazakh ASSR.
The dissertation consists of introduction, three sections and conclusion, the list of the research, used literature and sources.
The aim and tasks of the research - on the basis of the analysis of generalization of a great number of archive sources , scientific literature data and periodical history, which mainly introduced in scientific circle for the first time , study of history of development and society activity since its establishment and till the dissolution in the middle of 30s XX century.
To implement abovementioned aim the following concrete tasks are set:
-
evaluation of the [problem study , theme source systematization;
-
extended stage analysis of history of Society development.
The specifics of the Sociaty activity have been demonstrated in close logic relation, related to its functioning in Orenburg (1920-1925) , Kyzylorda (1925-1929), Almaty (the 30s of XX century):
- to demonstrate worthy contribution in development of the Society A. Baitursynov, A. Bukeikhanov, B. Karatayev, M.T ynyshpayev, I. Toktabayev, M. Dulatov, S. Kozhanov and other prominent science and culture men, who have been victims of the political repressions, performed by command administrative system in 30s.
- to consider activity of historical and educational activity of “Talap” “society and its local sections in the framework of the theme and on the basis of new sources specifically;
- to study activity of the Society on extending of the wide library and museum net in development of scientific region studies in the republic in publication of scientific literature as well as different text books and supplementary for schools.
The scientific results have been gained as a result of set tasks completion, owing to them the whole part of development and concrete activity history of Kazakhstan research society in 20-30s XX century.
The degree of scientific results implementation. Gained results of the research have been published in the net of scientific articles, some of them have been reported in the form of scientific reports in the sittings of theoretical conferences. The majority of the articles have been provided in scientific publications recommended by the Committee on control and attestation in the area of education and science.
Достарыңызбен бөлісу: |