5.1 Жалпы жағдайлар
5.1.1 Негіздердің жобалануына, есептелумен негізделген, мынандай таңдаулар кіреді:
- негіздің типтері (табиғи немесе жасанды);
- іргетастардың түрі, құрылымы, материалы мен өлшемдері (терең немесе тайыз орнатылатын; таспалы, бағаналы, тақталы және басқа; темірбетонды, бетонды, кесектас бетонды және басқа);
- ғимараттың пайдалануға жарамдылығына негіз деформацияларының әсерін азайту қажеттілігі туған кезде қолданылатын шаралар.
5.1.2 Негіздер шектік күйлердің екі тобы бойынша есептелінуге тиісті: біріншісі – көтергіштік қабілеті бойынша, ал екіншісі – деформациялар бойынша.
Негіз есептеулерінде күштік факторлар мен сыртқы ортаның қолайсыз әсерлерінің бірігіп әсерлесулерін (мысалы, топырақтың физикалық-механикалық қасиетіне жерүсті немесе жерасты суларының әсері) ескеру қажет.
5.1.3 Ғимарат – негіз немесе іргетас – негіз жүйелерінің есептік сұлбасы, ғимарат құрылымдары мен негіздерінің (ғимараттың статикалық сұлбасының, оны тұрғызу ерекшеліктерінің, топырақтың қатпарлану қасиетінің, негіз топырақтары құрылымдарының, ғимаратты пайдалану мүмкіндігінің) деформациялары мен кернеулік күйін анықтайтын ең маңызды себептерді ескере отырып негізді таңдау қажет. Құрылымдардың кеңістіктік жұмысын, геометриялық және физикалық сызықсыздығын, анизотроптығын, материалдар мен топырақтардың иілімділік және реологиялық қасиеттерін ескеру керек. Негіздің статикалық әртектілігін, жүктемелердің кездейсоқ табиғатын, құрылым материалдарының құрамы мен әсерлерін ескеретін ықтималды есеп әдістерін де қолдануға болады.
5.2 Үймереттер және ғимараттар негіздерінің сенімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз ететін талаптар
5.2.1 Ғимараттар іргетастары арқылы беріліп, негіздерге түсетін жүктемелер мен әсерлер, қағида түрінде, ғимарат пен негіздің бірігіп жұмыс істеуін қарастырған есептелумен анықталуы қажет.
5.2.2 Негіздің деформация бойынша есептелуі жүктемелердің негізгі бірігуіне; көтергіштік қабілеті бойынша – негізгі бірігуіне, ал ерекше жүктемелер мен әсерлер бар болғанда – негізгі және ерекше бірігуіне орындалуға тиісті. Сонымен қатар, жүктемелер мен әсерлер бойынша, жабындарға түсетін жүктемелер мен қар жүктемелері, көтергіштік қабілеті бойынша есептеу жүргізгенде қысқауақыттық, ал деформациялары бойынша есептеу жүргізгенде – ұзақмерзімдік, ал жылжымалы көтеруші-көліктік жабдықтардан түсетін жүктемелер екі жағдайда да қысқауақыттық болып саналады.
5.2.3 Егер шөгулік-температуралық жіктердің арақашықтықтары, сәйкес құрылымдарды жобалау жайындағы нормативтік құжаттарда көрсетілген шамасынан аспайтын болса, онда климаттық температуралық әсерлерден туатын құрылымдардағы кернеулерді, негізді деформациялары бойынша есептегенде ескермеуге болады.
5.2.4 Негіздің көтергіштік қабілетін анықтайтын топырақтардың механикалық қасиеттерінің негізгі өлшемдері ретінде топырақтардың беріктік және деформациялық сипаттамалары (ішкі үйкеліс бұрышы, ілініс күші, топырақтардың деформация модулі, тас топырақтардың сығылу беріктік шегі және т.с.с.) қабылданады. Іргетастың негіз топырағымен өзара әсерлесуін сипаттайтын және сынақтау жолымен анықталған (тоңданған кезіндегі ісінудің меншікті күші, негіздің қатқылдық еселіктері) басқа да өлшемдерді қолдануға болады.
5.2.5 Құрылымы табиғи күйінде сақталған, сондай-ақ жасанды түрдегі топырақтардың сипаттамалары, ғимаратты пайдалану және құрылыс барысында топырақ ылғалдылығының өзгеру мүмкіндігі ескеріліп, далалық немесе зертханалық жағдайларда тікелей сынақтау негізінде анықталуға тиісті.
5.2.6 Топырақ сипаттамаларының нормативтік және есептік шамалары, [2] көрсетілген әдістеме бойынша алынған сынақ нәтижелерінің статистикалық өңдеу негізінде анықталады.
5.2.7 Негіздердің барлық есептеулерін топырақ сипаттамаларының есептік шамаларын қолдана отырып орындау қажет.
5.2.8 Топырақ бойынша сенімділік еселігі, беріктік сипаттамалар (тасты емес топырақтардың ілініс күші, ішкі үйкеліс бұрышы және тас топырақтардың сығылу беріктік шегі, сондай-ақ топырақ тығыздығы) шамаларының есептік мәндерін анықтағанда, осы сипаттамалардың өзгергіштігіне, анықталу санына және сену ықтималдылығына байланысты қабылданады. Топырақтың басқа сипаттамалары үшін бірге тең деп қабылдауға болады.
ЕСКЕРТУ Топырақтың меншікті салмағының есептік мәні топырақ тығыздығының мәнін еркін түсу үдеуіне көбейту арқылы анықталады.
5.2.9 Сенімділік ықтималдылығының әр түрлі мәндеріне сәйкес келетін топырақ сипаттамаларының есептік мәндері инженерлік-геологиялық ізденістер жөніндегі есепнамаларында көрсетілуге тиісті.
5.2.10 Топырақ сипаттамаларының нормативтік және есептік шамаларының есептеуге қажет анықталу саны, негіз топырағының әртектілік дәрежесіне, есептеу дәлдігіне және ғимараттар мен үймереттер тобына байланысты анықталып, зерттеу бағдарламасында көрсетілуге тиісті. Құрылыс алаңында бөлінген әрбір инженерлік-геологиялық элементі бойынша біратаулы анықтаулар саны алтыдан кем болмауы қажет. Дала жағдайында, топырақтарды штамппен сынақтау нәтижелеріне байланысты, деформация модулін анықтау кезінде үш сынақтың нәтижелерімен шектелуге болады.
5.2.11 Негіздерді жобалау кезінде ғимаратты пайдалану және құрылыс барысында гидрогеологиялық жағдайлардың өзгеру мүмкіндігі ескерілуі қажет, әсіресе: қом сулардың бар болуы немесе олардың пайда болу мүмкіндігі, жерасты су деңгейінің мезгілдік және көпжылдық табиғи өзгерістері, жерасты су деңгейіінің мүмкін болатын техногендік өзгерісі, өндірістің технологиялық ерекшеліктерін ескергендегі инженерлік ізденістер деректері бойынша топырақтардың тоттандыру белсенділігі және жерасты құрылымдарының материалдарына қатысты жерасты суларының жегілік дәрежесі.
5.2.12 Жерасты су деңгейінің мүмкін деген мезгілдік және көпжылдық табиғи өзгерістері, қысқа уақыттық бақылау, сонымен бірге құрылыс алаңшаларындағы инженерлік ізденістер кезінде жерасты су деңгейлерін бір реттен өлшеу нәтижелері пайдаланылып, ҚР Су ресурстары жөніндегі Уәкілетті мемлекеттік органдары жүргізген көпжылдық режимдік бақылаулар деректері бойынша бағаланады.
5.2.13 Аумақтың су басуы мүмкін дәрежесін бағалағанда, құрылыс алаңының және оған жақын жатқан аумақтардың инженерлік-геологиялық және гидрогеологиялық жағдайларын, жобаланып және пайдаланып жатқан ғимараттардың, сонымен бірге инженерлік желілердің құрылымдық және технологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет.
5.2.14 Егер, болжамды жерасты суларының деңгейінде, негіз топырақтарының физикалық-механикалық қасиеттерінің рауасыз нашарлауы, қолайсыз физикалық-геологиялық үрдістердің дамуы, тереңдетілген үй-жайлардың қалыпты пайдалану жағдайларының бұзылуы мүмкін болса, онда жобада сәйкес қорғау шаралары қарастырылуға тиісті.
5.2.15 Iргетастар салу тереңдігін қабылдағанда, келесі жайттар ескерілуге тиісті:
- жобаланып жатқан ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері мен міндеті, олардың іргетастарына түсетін жүктемелері мен әсерлері;
- жақын орналасқан ғимараттар іргетастарының салу тереңдігі, сондай-ақ инженерлік коммуникациялардың жүргізілу тереңдігі;
- құрылыс жүргізілетін аумақтардың жобаланатын және табиғи жер бедері;
- құрылыс алаңының инженерлік-геологиялық жағдайлары (топырақтардың физикалық-механикалық қасиеттері, қатпарлану сипаты, жылжуы мүмкін қабаттардың бар болуы, мүжілу қойындары, карсттық қуыстар);
- алаңның гидрогеологиялық жағдайлары мен олардың, ғимаратты пайдалануы және құрылысы барысында өзгеру мүмкіндігі;
- мезгілдік тоңдану тереңдігі.
5.2.15 Топырақтың мезгілдік тоңдануының нормативтік тереңдігін, көпжылдық бақылау деректері жоқ болса, жылутехникалық есептеулер негізінде анықтаған жөн. Егер құрылыс ауданына қарасты деректер болмаса, онда құрылыс ауданына ұқсастығы бар жағдайларда орналасқан гидрометеорологиялық станциялардың бақылау нәтижелері бойынша алынады.
5.2.16 Топырақтың есепті мезгілдік тоңдану тереңдігі, нормативтік тоңдану тереңдігі мен ғимараттың жылулық жайына байланысты анықталады.
Есептік тоңдану тереңдігі, негіздің тұрақты жылуқорғауы пайдаланылғанда да, сондай-ақ, жобаланатын ғимараттың жылулық режимі топырақ температурасына елеулі әсерін тигізетін (тоңазытқыштар, қазандықтар) жағдайларда да жылутехникалық есептеулер арқылы анықталуға тиісті.
5.2.17 Негіздің деформациялар бойынша есептеліну мақсаты, іргетастар мен іргетас үстіндегі құрылымдардың абсолюттік немесе салыстырмалы ауытқуларын (жол берілмейтін шөгулердің, көтерілулердің, жантаюлардың пайда болу, құрылымдардың жобалық деңгейлері мен орындарының өзгеру, олардың біріктірілуінің бұзылу және т.с.с. салдарынан), ғимараттың қалыпты пайдалануына және оның төзімділігіне кепілдік беретіндей шамалармен шектеу.
5.2.18 Негіз деформациялары шөгулер, лықсып шөгулер, көтерілулер мен шөгулер, отырулар, көлденең ауытқулар және опырылулар деп ажыратылады.
5.2.19 Негіз деформациялары пайда болу себебіне қарай екі түрге бөлінеді: бірінші – негізге сыртқы жүктемелерден (шөгулер, лықсып шөгулер, көлденең ауытқулар) берілетін деформациялар; екінші – негізге берілетін сыртқы жүктемелерге байланысы жоқ, негіз бетінің тік және көлденең ауытқулары (отырулар, топырақтың өз салмағынан лықсып шөгуі, көтерілулер).
5.2.20 Негіздің деформациялар бойынша есептелінуі, ғимарат пен негіздің бірігіп жұмыс істеу шартын ескеру арқылы, орындалуга тиісті.
5.2.21 Ғимарат пен негіздің біріккен деформациялары: жеке іргетас негізінің абсолюттік шөгуімен, ғимарат негізінің орташа шөгуімен, екі іргетас шөгуінің салыстырмалы әркелкілігімен, іргетас (ғимарат) жантаюымен, салыстырмалы иіліс немесе иінімен, ғимарат бөлігінің бүгіліс қисықтығымен, ғимарат бұралысының салыстырмалы бұрышымен, іргетастың (ғимараттың) көлденең ауытқуымен сипатталуы мүмкін.
5.2.22 Негіздің деформациялар бойынша есептелінуі, есептелген негіз бен ғимараттың біріккен деформациясының мәні негіз бен ғимараттың біріккен деформацияларының шекті мәндерінен аспауға тиісті деген шарт арқылы жүргізіледі.
ЕСКЕРТУ 1 Қажетті жағдайларда, ғимарат құрылымдарының кернеулік-деформациялық күйін, ұзақ құбылыстар мен негіздің нығая сығылу уақытын болжамды ескеріп, бағалау үшін, шөгулердің уақыт бойынша өзгеруін есептеген жөн болады.
ЕСКЕРТУ 2 Құрылыс барысында өтетін негіз шөгулерін (мысалы, іргетастар орнатылмастан бұрын төсемдер салмағынан пайда болатын шөгулерді, құрылыс құрылымдарының түйістерін тұтасқұймалағанға дейінгі шөгулерді), егер олар ғимаратты пайдалану жарамдылығына әсерін тигізбейтін болса, ескермеуге болады.
ЕСКЕРТУ 3 Негіздерді деформациялары бойынша есептегенде, негіз деформацияларының есептік те, шектік те шамалар мәндерінің өзгеруі, деформацияларды азайтатын шараларды қолдану арқылы, мүмкін екендігін ескеру қажет.
5.2.23 Сығылатын немесе сызықты деформацияланатын қабат тереңдігін шартты шектейтін сызықты-деформацияланатын жартылай кеңістік түріндегі негіздің есептік сұлбасын қолданғанда, іргетас табанындағы орташа қысым негіз топырағының есептік кедергісінен асып кетпеуін қадағалау қажет.
5.2.24 Iрі кесекті топырақтардан құралған негіздің есептік кедергісі топырақтардың тікелей анықталған беріктік сипаттамалары бойынша есептелінеді.
5.2.25 Негіз топырақтарының есептік кедергісі, олардың тығыздалу немесе топырақ төсемдері орнатылатын жағдайларда, тығыздалған топырақтардың, жобада берілген физикалық-механикалық сипаттамаларының шамаларына байланысты, анықталуға тиісті.
5.2.26 Үзікті іргетастар үшін, негіз топырақтарының есептік кедергісі таспалы іргетастар жағдайындағыдай анықталып, еселікпен арттыру арқылы қабылданады.
5.2.27 Тұрғызылған ғимараттың негізіне түсетін жүктемелер артып кеткен кезде (мысалы, қайта құрылымдағанда) негіз топырақтарының есептік кедергісі ғимараттардың іргетастары мен іргетас үстіндегі құрылымдардың түрлері мен күйлерін ескергендегі олардың физикалық-механикалық қасиеттері, оларды пайдалану ұзақтығы, іргетастарға түсетін жүктемелердің өсуі кезіндегі күтілетін қосымша шөгулер және олармен жапсарлас ғимараттарға тигізетін әсерлері туралы деректеріне сәйкес қабылдануы қажет.
5.2.28 Егер негіздің есептік деформациялары (қысым, топырақтың есептік кедергісіне тең болған жағдайда) шектік мәндердің есептік кедергісіне сәйкес өсірілуі мүмкін.
5.2.29 Ортадан тыс жүктелген іргетас табанының шетіндегі топыраққа түсетін қысым (негіздерді деформациялар бойынша есептегенде, қабылданатын жүктемелер, іргетас табаны бойынша сызықты таралады деп анықталған жағдайда), қағида бойынша, іргетастың топыраққа тереңделуі және іргетас үстіндегі құрылымдардың қатқылдығы ескеріле анықталуға тиісті.
5.2.30 Жеке іргетастың немесе бүкіл ғимараттың жантаюы іргетас табанындағы бұраушы күш, көршілес іргетастар әсері, жапсарлас аудандардағы жүктемелер және сығылатын негіз әркелкілігі ескеріле есептелуге тиісті.
5.2.31 Негіздің көтергіштік қабілеті бойынша есептелуінің мақсаты негіздің беріктігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ іргетастың табаны бойынша жылжып кетуін және оның аударылып кетуін болдырмау. Есептелуде қабылданатын негіздің қирау сұлбасы (оның шектік күйіне жеткендегі) осы әсерлер мен іргетас немесе ғимарат құрылымы үшін статикалық және кинематикалық тұрғыда мүмкін болуға тиісті.
5.2.32 Негіздің көтергіштік қабілеті бойынша есептелінуі, негізге түсетін есептік жүктеме шамасы, жұмыс жағдайлары мен ғимараттың міндетіне байланысты қабылданатын сенімділік еселіктері ескерілгендегі, негіздің шектік кедергі күшінен аспауға тиіс деген шартпен жүргізіледі.
5.2.33 Таутастық топырақтардан құралған негіздің шекті кедергісінің тік құрамдасы іргетастың салыстырмалы ені мен ұзындығына және тас топырақтың тік бағытта сығылу беріктік шегінің есептік мәніне байланысты анықталады.
5.2.34 Тұрақты күйдегі шөгінді топырақтардан құралған негіздің шектік кедергісінің күші, негіздің шектік күйіне сәйкес келетін сырғудың барлық беттеріндегі тік және жанамалық кернеулердің өзара қатынасы Мор-Кулон беріктік қағидасы бойынша қабылданып, анықталуға тиісті.
5.2.35 Сазбалшықты суға қаныққан баяу тығыздалатын топырақтардан құралған негіздің шектік кедергісінің күшін, кеуектер суындағы артық қысымнан негіз топырақтарында пайда болуы мүмкін тұрақсыз күйді ескере отырып, анықтау қажет. Кеуектік судағы артық қысымды, негізге түсетін жүктеме жылдамдығын ескере отырып, топырақтардың сүзілулік нығая сығылу әдістерімен анықтауға болады.
5.2.36 Егер іргетастың табаны жазық және оның табанынан төмен орналасқан негіз топырақтары, табан енінен кем емес тереңдікке дейін біртекті болса, ал іргетастың жан-жағынан қатарлас жүктер әсер еткен жағдайда, оның ең үлкенінің қарқыны негіз топырағының кедергі мәнінің жартысынан аспаса, онда тұрақталған күйдегі жартастық емес топырақтан құралған негіздің шекті кедергі күшінің тік құрамдасын, Пузыревский және Герсеванов шешіміне негізденіп те анықтауға болады.
5.2.37 Іргетастың, табаны бойынша сырғуға есептелінуі, іргетас бүйірлі жақтарында пайда болатын тура және кері қысымдар, сенімділік еселігімен ескеріліп, сырғу жазықтығына түсірілген ығыстыруші күштер проекцияларының қосындысы, анықталатын ұстаушы күштерден аспайды деп, қабылданған шарт бойынша жүргізіледі.
5.2.38 Негіздің көтергіштік қабілетін графоаналитикалық әдістермен анықтауға болады, егер: негіз, тереңдігі бойынша, әртекті болса; іргетастың жан-жағынан түскен негіз жүктеуі бірдей емес болса, ғимарат еңісте немесе еңістің жанында орналасса, негіз топырақтарының тұрақсыздандырылған күйінің пайда болуы мүмкін болса.
Достарыңызбен бөлісу: |