Шарттылық Қатынастың каузальдық Қатынастар жүйесіндегі орны баялиева Г. Ж



Дата11.06.2016
өлшемі64 Kb.
#128491
ШАРТТЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫҢ КАУЗАЛЬДЫҚ

ҚАТЫНАСТАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ

Баялиева Г.Ж.

Филология ғылымдарының кандидаты,доцент



Бекмағанбетова Г.Ш.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің аға оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты
Шарт қатынасының грамматикалық табиғатын тереңдей тану үшін әуелі оның логика-философиялық табиғатына назар аударған дұрыс тәрізді. Тілдік және логикалық категориялар бірімен-бірі сәйкес келе бермейтіні түсінікті болса да, тілдің ойлауды бейнелеу принциптерін түсіну тұрғысынан бұл қажет. Қазіргі ғылымда жаратылыс болмыстағы алуан түрлі қатынастарды классификациялаудың түр-түрі кездеседі. Соның ішінде батыстық тіл білімінде каузальдық қатынастағы құрылымдарға себеп, мақсат, шарт қатынастарын жатқызады.

С.Ж.Тәжібаева себеп, шарт, мақсат мәнді құрмаластарды каузальды қатынастағы құрылымдар ретінде қарастырады. Каузальдық қатынастардың философиялық, логика-математикалық модельдері мәселенің байыбына баруда көптеген қызықты информациялар беруге қабілетті болғанмен, олардың тілдегі бейнелену заңдылықтарын толық көрсете алмайтындығын, сондықтан да мұнда лингвистикалық әдіс-тәсілдердің маңыздылығын атап көрсетеді [1; 50]. Ол каузальдық қатынастағы құрмаластардың ішінде негізгі орталық планда көрінетіні – себеп-салдарлық қатынас деп біледі. Автордың айтуы бойынша, американ лингвистикасында мәселеге өзгеше көзқарас қалыптасқан. Яғни, оларда негізгі орында шарттылық қатынастағы мағына тұрады. Мұның себебін автор былайша түсіндіреді: «Повышенное внимание американских ученных к условным конструкциям связано с гипотезой, согласно которой условие (непосредственно отражает типично человическую способность размышлять об алтернативных суждениях, делать выводы основанные на неполной информации, предпологать возможные коррелации между ситуациями и понимать, как мир менялся бы если бы определенные корреляции были бы другими)» [1; 53].

Халықтың өзіндік менталитетіне, этникалық дүниетанымы мен өзіндік ойлау ерекшеліктеріне байланысты олардың тілдік құбылыстарға деген көзқарас ерекшеліктері де өзгеше болуы заңды. Тілдік табиғат тұрғысынан келгенде, себеп-салдарлық қатынас пен шарт қатынасының дәреже-деңгейлері шамалас, қатарлас. Ал ұлттық таным тұрғысынан олардың қайсысына басымдық беру, жоғарыда айтып өткеніміздей, өзіндік ерекшеліктерімен көрінеді.

Тілдің негізгі коммуникативтік мақсатын жүзеге асыруда синтаксистік категориялардың, әсіресе, сөйлемдік сипаттағы синтаксистік категориялардың қызметі ерекше екені белгілі. Жалпы бітім-болмысы кең ауқымдағы философиялық, яки дүниетанымдық сипаттағы абстрактылық ұғым-түсініктермен – мезгіл (уақыт), мекен (кеңістік ), қозғалыс, себеп-салдар, т.б. тәрізді тікелей байланысты болып келетін тілдік қарым-қатынастық құбылыстың аясында тілдік-грамматикалық, модальдық т.б. тұрғыдан алуан түрлі көріну мүмкіндігі бар шарттылық қатынастың өзіндік орыны ерекше көрінеді. Өйткені жаратылыстық құбылыстар мен олардың пайда болуы және өзгеруі (дамуы) арасындағы негізгі заңдылықтар осы шарттылық заңдылығымен де тығыз байланысты. Тіл білімінде әуелде, негізінен, құрылымдық жүйе ретінде ғана қарастырылған тілдік заңдылықтар туралы ғылым (құрылымдық тіл білімі) кейіннен функционалдық тұрғыдан қарастырыла бастауының бір себебі де осында болатын.

Шынында да, тілдік бірліктердің пайда болуы мен қызметінің негізгі мақсаты да, тудырушы күші де адамдар арасындағы қарым-қатынасқа белгілі бір мақсатта қызмет ету болғандықтан, тілдің ішкі табиғатын тану мақсатындағы ізденістердің осы мәселемен, яки функционалдық бағыттағы зерттеулермен тікелей байланысты болуы да түсінікті болмақ. Сондықтан да біз бірыңғай құрылымдық бағыттағы ізденістерді тіл білімі дамуының алғашқы кезеңдеріндегі және тілдік материалды тереңірек тану мақсатына байланысты әр алуан практикалық қажеттіліктерден пайда болған деп білеміз.

Ал тіл білімі дамуының қазіргі кезеңіндегі дүниетанымдық сипаттағы (когнитивтік) тіл білімі мәселеге антропоцентристік принцип негізінде келе отырып, тілдік материалды адамзаттың не белгілі бір этностың ойлау, дүниені тану, оны тіл арқылы бейнелеу ерекшеліктері тұрғысынан қарастыруды мақсат етеді. Бұл бағыт, әрине, алғашқы екі түрлі бағытқа қарағанда да өзінің жаңашылдығымен, ғылыми тереңдігімен ерекшеленеді. Дүниені танушы, оны тіл арқылы бейнелеуші белсенді субьектінің – адамның орталық фигура ретінде көрінуімен ерекшеленетін бұл бағыттағы зерттеулерде тілдік құбылыс өзінің о бастағы пайда болуындағы негізгі принциптері тұрғысынан, яки дүниені ойлау арқылы тану және осы танымдық түсініктерді тіл арқылы бейнелеу принциптері тұрғысынан зерттеледі. Әрине, қазіргі ғылымда мұның өзі әр қалай түсіндіріліп жүрген жайы бар. Шарттылық қатынастағы құрылымдық-семантикалық бірліктерді тереңдей тануда осы шарттылық қатынастың табиғат пен жаратылыс-болмыста және адамзатқа тән ментальдық болмыста қалай көрінетіні мен олардың тілде қалай бейнеленетіні аса маңызды болмақ.

Тілдік құбылысты функционалдық тұрғыдан зерттеудің маңыздылығы туралы М.М.Төлеуп ғалым В.Н.Ярцеваның пікіріне сүйене отырып, былай дейді: «...тіл жүйесінде болып жатқан процестердің функционалдық маңыздылығын бірінші орынға шығару тіл құбылысының кейбір категорияларының сан алуан семантикалық байланысын көрсетуге, олардың түпкі негізін анықтауға септігін тигізуі мүмкін» [2; 12.].

Тіл құбылыстарын функционалдық-семантикалық жағынан сипаттау принциптері Ф.И. Буслаев, А.А.Потебня, А.А.Шахматов, И.И.Мещанинов, Л.В.Щерба еңбектерінде көрсетілгенін айта келіп, автор Р.М.Теремова пікірінің негізінде, қазіргі уақытта сол көзқарастарды ғылыми талдау кезінде тілдік тұлғаларды ескеру қажеттігін, мағынадан (функциядан) тұлғаға ғана емес, тұлғадан мағынаға (функцияға) қарай жүрудің де дұрыстығын қарастыратын жаңа бағытқа ие болып отыр» - дейді [2; 13].

Шынында да, тілдік бірліктердің пайда болуы мен қызметінің негізгі мақсаты да, тудырушы күші де адамдар арасындағы қарым-қатынасқа белгілі бір тұрғыдан қызмет ету болғандықтан, тілдің ішкі табиғатын тану бағытындағы ізденістердің осы мәселемен, яки функционалдық бағыттағы зерттеулермен тікелей байланысты болуы да түсінікті болмақ.

Ойшыл Гегель: «Изучение грамматики составляет начало логического образования» - деген болатын [3; 406]. Дүниедегі барша заттар мен құбылыстардың тіршілігі мен қызметіндегі сабақтастық байланыстар себеп пен салдар және шарт пен нәтиже қатынастарына құрылады. Диалектикалық қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігінің жаратылыстық ұлы заңдылығы сияқты шарттылық пен себептік қатынастар да диалектикалық категорияларға жатады.

Тіл білімі ғылымы дамуының кейінгі кезеңінде пайда болған танымдық (когнитиватік) тіл білімі бағыты тілдің бітім-болмысынан «ғалам бейнесін» тануды мақсат етеді. Жаратылыс-болмыстың заттары мен құбылыстарын тілдік-дыбыстық құралдар арқылы бейнелеу адамзаттың дүниетанымдық ойлауының нәтижесі болғандықтан, тілдік болмыстан жаратылыстық болмыстың бейнесін көру талабы орынды да. Штейнтальдың «четырех угольный круг» дегеніне сын айта отырып Р.А. Будагов: «Специфику языка в отличие от логики надо искать не в том, что язык будто бы разрушает все основы логики и сам по себе алогичен и даже антилогичен, а в том, что язык по своему передает логические законы нашего мышления»,-дейді [4; 58]. Бірақ, автордың осындағы «по-своему» деген сөзінің мағынасын түсіндіру де оңай емес тәрізді. Р.А.Будагов мұнан әрі: «Если бы сам язык был антилогичен, то с его помощью, во-первых нельзя было бы выразить логические законы и логические понятия и, во-вторых проблема понимания между людьми не могла бы находиться в центре науки о языке» - дейді.

Егер тілдік құбылысты тек қана формалық тұрғыдан – тілдің дыбыстық материалынан мағынаға қарай қарастырмай, тілде ақиқат болмыстың шынайы бейнеленуі тұрғысынан, яки жаратылыстық болмыстың мәні мен мағынасының тіл арқылы бейнеленуін тілдің когнитивтік қызметі тұрғысынан, оның қатысымдық-прагматикалық қызмет ерекшеліктері тұрғысынан қарайтын болсақ қана мәселенің байыбына бара аламыз.

Қ.Есенов өз еңбегінде: «Шарттық ұғым адамның түрлі сипаттағы ойынан туып отырады» - деген пікірді айтқанда, мәселенің осы жағын да ескерген тәрізді. Ойдың табиғатқа, табиғат құбылыстарына тікелей қатысты болып, сол табиғи процесті бейнелеуі бар: Жаңбыр жауса, жер көгереді.т.б. 2. Ойдың ішкі ментальдық объектіге қатысты болуы бар: Ойлап отырсам, Асқардың ісі ерлік екен. т.б. [5; 74].

Философиядағы шарттылық ұғымы мен тіл біліміндегі шарттылық ұғымдары бір емес екендігі түсінікті. Сондықтан бұл аталмыш екі мәселенің басын ашып алған жөн болмақ: философияда бұл шарттылық категориясы ретінде қарастырылса, тіл білімінде шарттылық қатынас ретінде қарастырылады. Сондықтан да біз шарттылық ұғымы деген жалпы атауды емес, олардың ара жігін аша, айқындай қарастыратын, ғылыми әдебиетте қалыптасып орныққан ғылыми терминдерін – философиялық тұрғыдан, шарттылық категориясы терминін, ал лингвистикалық тұрғыдан, шарттылық қатынас терминін қолданған жөн деп білеміз.

Бір ерекшелік, біздіңше, мынада: шарттылықты философияның обьектісі ретінде категориялдық тұрғыдан тану жаратылыстық-болмыстық, қоғамдық құбылыстардың философиялық табиғатын түсінуді, олардың жалпы заңдылықтарын ашуды көздесе, оны тілдік тұрғыдан тану жаратылыстық-болмыстық, қоғамдық құбылыстар мен олардың заңдылықтары туралы адамзаттың дүниетанымдық-философиялық түсініктерін сөйлеуші субьектінің қатысуы арқылы, соның ментальдық болмысы арқылы қабылдай отырып, тілдік амалдар арқылы бейнелеудің өзіндік заңдылықтарына сүйенеді. Яғни, бұл соңғы жағдайда жаратылыстық-болмыстық құбылыстардың тілде бейнеленуі ментальдық тұрғыдан сараланып, яки қайта қаралып, нақтырақ айтқанда, адамның тілдік санасы арқылы өткізіліп барып жүзеге асады. Міне, біз айтып отырған мәселенің негізгі екі жағы, басты екі бағыты осында деп білеміз.

Тіл білімі ғылымының кейінгі кезеңінде пайда болған танымдық (когнитиватік) бағыттағы зерттеулер тілдің бітім-болмысынан «ғалам бейнесін» тануды мақсат етеді. Жаратылыс болмыстың заттары мен құбылыстарын тілдік-дыбыстық құралдар арқылы бейнелеу адамзаттың дүниетанымдық ойлауының нәтижесі болғандықтан, тілдік болмыстан жаратылыстық болмыстың бейнесін көру талабы да орынды. Сондықтан да болу керек, А.Алтаева өзінің шартты бағыныңқылы сөйлемдер туралы мақаласында: «Шартты бағыныңқылы сөйлемдердің мәнін түсіну үшін алдымен «шарттылық» ұғымын тұтастай пайымдап алған жөн. Ондағы мақсат тіл мен танымды байланыстыру, соның негізінде «әлемнің тілдік бейнесін» жасау»,-дейді [6; 18]. Бірақ, бұл осылайша оп-оңай айқындап ала қоятын мәселе емес және оны «әлемнің тілдік бейнесі» мәселесімен байланыстырудың да өзіндік проблемалары баршылық.

Жаратылыс-болмыстағы және қоғамдық құбылыстардағы шарттылық құбылысын, оның философиялық табиғатын және олардың тілде бейнеленуінің мәселелерін танып-түсіну дегеніміз, шынында да, тілдік құбылысты тереңдей зерттеудің басты нысаны болып табылады. Басқа да алуан түрлі жаратылыстық құбылыстар мен олардың заңдылықтары тәрізді шарттылық қатынастар мен олардың заңдылықтары да табиғат пен болмыста алуан түрлі сипатта көрінетіндігі белгілі, ал осы жаратылыстық-болмыстық құбылыстардың тілдік бейнеленуі онан да күрделі болып келетіні соншалық - оны тереңдей түсіну, оның тілдік заңдылықтарын айқындау мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Ал шарт қатынасының тұтастай ғаламның тілдік бейнесін қамти алмағынымен, дүниені тілдік тұрғыдан танудың кейбір ерекшеліктерін көрсете алуы мүмкін деп білеміз.

Философиядағы шарттылық категориясы да, лингвистикадағы шарттылық қатынас дегеніміз де – жалпы жаратылыстық - болмыстың және ментальдық болмыстың да негізгі бір аспектісін қамтығанымен, тілдің мұнан да өзге алуан түрлі заңдылықтардың (себеп-салдарлық, мезгілдік, т.б.) бейнеленетінін ескерсек, ғаламның тілдік бейнесі туралы мәселе барынша кең ауқымды қамтитынын түсінуге болар деп ойлаймыз.

Жаратылыстық-болмыстық ақиқатқа келсек, «бірінен соң екіншісі келетін құбылыстардың бәрін бірдей себеп-салдарлық байланыстар деуге болмайды. Күн артынан түн келеді. Бірақ күн түннің себебі емес. Олардың өзара ауысуының себебі Жердің өз кіндігінен, сондай-ақ Күнді айналуынан». [7; 234]. Бірақ та тілде осы табиғи-жаратылыстық құбылысты бейнелеудің формалары мен мағыналық ерекшеліктері әр алуан көрінетінін аңғаруға болады. Мысалы: 1) Күн батты, түн келді. Тілде ыңғайлас салалас деп аталатын бұл құрылымда жаратылыстық жалғасты құбылыстардың болмысы сол күйінде беріліп тұр. Әдетте мұны ыңғайлас (мезгілдес) салалас деп атайтыны белгілі. Ал сабақтастық құрылымында бұл мағына Күн батып, түн келді – түрінде беріледі. Шартты рай тұлғасы арқылы берілетін құрылымдарда оқиға, құбылыс тек жай баяндалып қана қоймайды, олардың арасындағы белгілі бір заңдылық бейнеленеді. Яғни бұл тұлға жалғасты құбылыстарды емес, белгілі бір заңдылықтар негізінде байланысты болып келетін құбылыстарды бейнелейді. Күн батқандықтан, түн келді (келеді) (себеп). Күн батса, түн келеді( шарт). Күн батқан соң, түн келеді (мезгіл). Күн батып, түн келеді . – деген сөйлемдерде алуан түрлі синтаксистік мағынаның көрінуі осы табиғи-жаратылыстық құбылысты адам көзімен, түсінігімен қарауда деп білеміз. Табиғи-жаратылыстық тұрғыдан, жоғарыда Д.Кішібеков айтып отырғандай, бұл аталмыш құбылыстардың арасында ешқандай ішкі заңдылық негізіндегі сабақтастық байланыс жоқ болса да, яки ол екеуінің алмасып келуі олардың біріне бірінің әсерінен емес, басқа сыртқы күштердің – ғаламдық заңдылықтардың әсерінен болса да, адам көзімен қараған кезде, олардың қимылдарының арасында белгілі бір заңдылық бар тәрізді көрінеді. Бұл адамзат танымының әлсіздігінен, оның жаратылыс-болмыстық заңдылықтарды танып-түсіне алмағандығынан емес, оның күнделікті қарым-қатынаста табиғи-болмыстық құбылыстардың обьектілерін өздерінің мақсаттарына ыңғайлап пайдалану талабынан, осыған байланысты қалыптасқан машығынан туады. Қарым-қатынастағы адам үшін күн мен түн алмасуының жаратылыстық-болмыстық заңдылығы маңызды емес, аталмыш обьектілердің қатысым қызметіндегі көмегі, мысал ретіндегі қолданысы маңызды болмақ. Міне, тіл осы адам санасы мен сезімі арқылы өткен танымдық түсініктерді бейнелейді. Сондықтан да біз Күн батса, түн болады – деген сөйлемнен белгілі бір синтаксистік мағына іздеуіміз заңды. Ал ол нақты қандай мағына екендігі коммуникативтік мақсаттарға, т.б. байланысты болады да, солар арқылы айқындалады. Мұны шарт мағына ретінде де, себептік мағына ретінде де, т.б. түрде қолдану коммуниканттардың өз еркі.

Мысалы, келтірілген Күн батса, түн келеді деген сөйлемді тек қана мезгілдік қатынастағы сөйлем деп қарауға болмас еді, өйткені мұның астарында Күн батпаса, түн келмейді деген альтернативтік ой (көлеңкелі контекст) тұрғанын да ескермеуге болмайды. Сонда ол шарттылық мағына болар еді. Жоғарыдағы сөйлемнің бағыныңқы сыңарына шарттық және мезгілдік мағыналарға қатысты қашан?, қайтсе?-деген сұрақтардың қайсысын да қоюға негіз жоқ емес, бірақ олардың нақты қайсысы қойылуы контекст пен сөйлеушінің коммуникативтік мақсатына байланысты айқындалады. Демек, көріп отырғанымыздай, жаратылыс-болмыстық құбылыстарды тілдік бейнелеудің өзіндік заңдылықтары бар екен, тіл табиғатын тануда осы заңдылықтарды ескерген жөн.




Резюме
В статье рассматривается вопрос о месте условных отношении в системе каузальных отношении. Автор исследует данную проблему с точки зрения философских, мировоззренческих понимании мира субьектом познания. Связь между причинно-следственными и условными отношениями определяется в статье как разновидности творческого подхода человека к познанию окружающего мира.


Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Тәжибаева С.Ж. Каузальные полипредикативные конструкции казахского языка. (Сопоставительный аспект), Новосибирск, 2001.

  2. Төлеуп М.М. «Қазіргі қазақ тіліндегі себеп-салдарлықтың функционалдық аспектісі» канд. дисс. А., 2002.

  3. Гегель «Работы разных лет» І т , М., 1970.

  4. Будагов Р.А. Человек и его язык. М., 1976.

  5. Есенов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер. А., 1969.

  6. Алтаева А. Шарттылықтың лингво-диалектикалық сипаты. «Ұлағат» 2007, №4.

7. Кішібеков Д. Философия А.,1991.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет