ҰШАҚтарды басып алуғА Қатысты сұРАҚтарға имамдардың берген жауаптары



Дата23.02.2016
өлшемі86.27 Kb.
#10822
ҰШАҚТАРДЫ БАСЫП АЛУҒА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАРҒА ИМАМДАРДЫҢ БЕРГЕН ЖАУАПТАРЫ

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің қопарушы іс-әрекеттер туралы шешімі

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Тақуаларды ең соңында игілік күтеді, ал жауласуды тек қана залымдарға қатысты көрсету керек және Қиямет күніне дейін Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның жаратылыстарының ішіндегі ең абзалы - Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына, барлық сахабаларына және оның ең дұрыс басшылығының арқасында тура жолға түскендердің барлығына болсын.

Хижра жыл санауы бойынша 1409 жылы, мухаррам айының 12-нен 18-не дейін (1988 жылдың 24-тамызынан 30-тамызына дейін) әт-Таиф қаласында өткен Ең ірі ислам ғалымдарының Комитеті Кеңесінің 32-сессия мәжілісі террористік актілердің орын алғандығы жөніндегі анықталған фактілері бойынша өткізілді. Бұл терактілердің салдарынан көп мұсылман және мұсылман емес мемлекеттерінде көптеген жазықсыз адамдар құрбан болды және қоғамдық мүлік пен қоғамдық мекемелердің жойылуы орын алды. Бұл келеңсіз уақиғаларға имандары пәс немесе тіпті иманнан жұрдай, нәпсілерін дерт және жеккөрушілік жаулап алған адамдар жауапты.

Үйлерді жару, қоғамдық мүлікті өрттеу, көпірлер мен туннельдерді жару, сондай-ақ ұшақтарды жару немесе басып алу қопарушылықтың осындай іс-әрекеттерінің мысалы бола алады. Бірнеше алыс және жақын елдерде осындай қылмыстар жиі қайталанатындықтан және Сауд Арабиясы да басқа да елдер сияқты осындай қопарушылық іс-әрекеттерінің нысанасы болғандықтан, Ең ірі ислам ғалымдарының Кеңесі, ол іс-әрекеттер зиян тигізу немесе қоғамдық тыныштықты бұзу мақсатымен қоғамдық және үкіметтік мекемелерге немесе басқа бір нәрселерге қарсы бағытталғанына қарамастан, қопарушылық іс-әрекетімен айналысатын адамдарға ұстамды бастау бола алатын жазаны орнату мәселесін қарастыруды міндетті деп тапты.

Кеңес шариғат қағидалары жалпы алғанда бес міндетті нәрсені: нақты атап айтқанда - дінді, өмірді, ар-намысты, ақыл-есті және мал-мүлікті - сақтап-қорғау міндетіне қатысты екендігі туралы ғалымдардың нұсқауларымен танысты. Кеңес мұсылмандардың өміріне, ар-намысына және мал-мүлкіне қол сұғу алапат қауіптермен қаншалықты қатерлі екендігіне, сондай-ақ қопарушылық іс-әрекет қоғамдық тыныштықтың бұзылуына, анархияға, бүлікке, мұсылмандарды үрейлендіруге және олардың мал-мүлкіне қауіп төнуіне әкелетіндігіне өзіне толық есеп береді.

Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, жазаларды қолдануды, олар арқылы қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, заңдастырып, адамдардың дінін, тәндерін, өмірлерін, ар-намысын, ақыл-есін және мал-мүліктерін қорғады. Аллаһтың мына сөздері осының түсіндірмесі болады: «Соның салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған1 біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен; және кім оны тірілтсе2, барлық адамды тірілткенмен тең», - деп жаздық» (әл-Мәида сүресі, 32-аят).

Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері3, немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят).

Осы аяттарда аталған жазаларды қолдану қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге және мұсылмандардың өмірі мен мал-мүлкіне қол сұғуға нәпсісі итермелеген кез келген адамды жүгендеуге кепілдеме береді. Негізінде ғалымдар қалалардың ішінде соғыс әрекеттерін жүргізудің басқа жерлерде соғыс әрекеттерін жүргізуден ешбір айырмашылығы жоқ дейді, өйткені Аллаһ Тағала: «...және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің …», - деді.

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Адамдардан кейбіреуінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да, (ол) Аллаһты жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол - өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге, сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады, ал Аллаһ жауыздықты жақсы көрмейді» (әл-Бақара сүресі, 204-205-аяттар), - деді .

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін4 бүлікшілік қылмаңдар» (әл-Ағраф сүресі, 56-аят), - деп бұйырды.

Ибн Касир, Аллаһ оны рахымына бөлесін: «Аллаһ Тағала жер бетінде бұзақылық (жасауға) және ол (жер) түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді таратуға тыйым салады, өйткені егер алғашында істер дұрыс бағытта жүрген болса, ал кейіннен барлығы бұзылған болса, бұл Аллаһтың құлдары үшін ең зиянды болып табылады, сөйтіп Аллаһ Тағала бұған тыйым салды», - деді.

Әл-Қуртуби5: «Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, түзетуден кейін қандай болса да кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды және бұл (үкім) барлық (адамдарға) қатысты», - деді.

Жоғарыда баяндалғандарға негізделіп және жоғарыда аталған іс-әрекеттер материалдық немесе өзге де мүдделер үшін соғысып жүрген жақтардың іс-әрекеттерімен салыстырғанда анағұрлым қауіптірек екендігіне сүйене отырып, өйткені қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметін қиратуға, оның сенім жүйесін жоюға және оны Раббымыз көрсеткен жолдан тайдыруға ұмтылып жатқандықтары себепті, Кеңес төмендегідей шешім шығарды:


  1. Егер адамның қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіргені: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен қопарушылық іс-әрекетімен айналысып жүргені немесе жер бетінде бұзақылықты таратып жүргені шариғатқа сәйкес анықталса, күнәлі адам өлім жазасына лайықты.

Бұған осындай әрекеттерді істеп жүргені үшін күнәлі адам өлім жазасына лайықты болады деген жоғарыда келтірілген Құранның аяттары және қопарушылық іс-әрекетпен айналысып жүрген адамдар үлкен қауіп төндіретіндігі және қарақшылардан да көп зиян әкелетіндігі нұсқау бола алады.

Жеке адамды ғана өлтіру немесе тонау арқылы оған қастандық жасаған қарақшыға Аллаһ осындай жазаны бекіткен болса, онда көптеген жазықсыз адамдарға қайғы-қасірет тигізетін лаңкестер (терроршылар) оған тіпті лайық.



  1. Бірінші тармақта айтылған жазаны қолданудан бұрын шариғат соттары тергеу органдары мен Жоғарғы сот тарапынан іске асатын дәлелдерді жинақтау жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл өз парызымызды толық өтеу үшін, абай болудың қажетті іс-шараларын орындау үшін және бұл мемлекет қылмыстарды тергеуге және оларға жаза белгілеуге байланысты шариғат бекіткен барлық рәсімдерді ауытқымай ұстанатынын көрсету үшін қажет.

  2. Кеңес мұндай жазаның бекітілгендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануы қажет деп есептейді.

Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның құлы және елшісі - пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына болсын.

Ең ірі ислам ғалымдары Комитетінің Кеңесі6

Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың, Аллаһ оны рахымына бөлесін, ұшақтарды басып алу мәселесі бойынша жауаптары

Аллаһқа мадақ, Аллаһтың Елшісіне, оның отбасына, сахабаларына және оның жолымен жүргендерге Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.

Бір тамшыдай болса да ақыл-парасатқа ие адамға ұшақтарды басып алу, сондай-ақ елшіліктердің қызметкерлерін немесе басқа адамдарды кепілдікке алып тұтқындау – жазықсыз адамдарға көптеген қасіреттер мен үлкен зиян тигізетін, салдары едәуір салмақты болатын ауыр халықаралық қылмыстардың қатарына жататыны айдан анық.

Мұндай қылмыстар тек жеке мемлекеттер мен адамдардың топтарына ғана емес, бүкіл дүние жүзіне зиян тигізетіні де анық, демек үкіметтер мен барлық ресми тұлғалар, соның ішінде діндарлар да, еш күмәнсіз, оларға ерекше назар бөліп, бұл жауыздықты толығымен тоқтатуға мүмкіндігі барынша күш салу керек. Аллаһ Тағала қасиетті Құранды барлық нәрсеге түсіндірме, мұсылмандар үшін басшылық, рахмет және игі хабар ретінде түсірді, адамдарға Өзінің пайғамбары Мухаммадты, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ол бүкіл әлемдерге рахмет және Аллаһтың барлық құлдарына дәлел болуы үшін және баршаға Оның шариғатын басшылыққа алуды, ал тартыстар пайда болған жағдайда Құран мен Сүннетке жүгінуді міндеттеу үшін жіберді. Аллаһ Тағала былай деді: «Жоқ, Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, содан соң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды» (ән-Ниса сүресі, 65-аят).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Олар жаһилиет дәуірінің үкімін іздейді ме? Мығым иманға ие болғандар үшін Аллаһтан жақсы үкім беруші кім?» (әл-Мәидә сүресі, 50-аят).

Сондай-ақ, Аллаһ Тағала: «Әй, мүміндер. Аллаһқа бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаһқа, Пайғамбарға ұсыныңдар: егер сендер Аллаһқа, Ақырет Күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы хайырлы да, нәтижеде жақсы» (ән-Ниса сүресі, 59-аят), - деді.

«Аллаһқа ұсыну» деген Құранға жүгіну дегенді білдіретіні, ал «Елшіге ұсыну» деген оның көзі тірісінде тікелей өзіне, ал оның өлімінен соң оның Сүннетіне жүгіну дегенді білдіретіні жайлы барлық мұсылман ғалымдарының пікірлері ұштасқан, ал Аллаһ Тағала былай деп бұйырады: «Сендер не нәрседе тартыссаңдар да, шешім үшін Аллаһқа (жүгініңдер)» (әш-Шура сүресі, 10-аят).

Баршаға зиян тигізетін мұндай істердің қатарына ұшақтарды басып алу да жатады. Ұшақтарды басып алған адамдарды қолына түсірген мұсылман мемлекеті оларды шариғат бойынша соттау керек, өйткені мұндай жиіркенішті қылмысты жасау Аллаһқа мойынсұнбау және Оның құлдарының құқықтарын бұзу болып табылады. Мұндай қылмыстарға тосқауыл қоюдың бірден-бір құралы – Құранда түсірілген Аллаһтың шешімін іске асыру. Оны адамдарға жеткізу үшін Ол адамдардың ең ықыластысы және ең лайықтысы болған Мухаммад Пайғамбарды, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, жіберді. Бұл шешімнің мағынасын ұшақты басып алған адамдар және осыған қатысы бар болғандардың барлығы түсінулері керек. Егер олар мұсылман болса, онда бұл шешімге қанағаттануы керек, ал (мұсылман) болмаса, онда Аллаһ бәрібір Пайғамбарға оларды шариғат бойынша соттауды бұйырды, бұған Аллаһтың мына сөздері нұсқайды: «Олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Олардың ойларына ілеспе» (әл-Мәидә сүресі, 49-аят).

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Ал егер араларына үкім берсең, әділдік бойынша үкім бер» (әл-Мәидә сүресі, 42-аят).

Жоғарыда баяндағанымызға сәйкес, ұшақты басып алған адамдар пана сұрап жүгінген кез келген мұсылман мемлекеті, бұл істі қарап шығып, оны жан-жақты зерттеп, Кұран мен Сүннеттің нұсқауларының негізінде шариғатқа сәйкес келетін шешім шығару үшін, діндарлардан комиссия құруы міндетті болып табылады. Комиссия мүшелері «Аллаһ және Елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері, немесе жерден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жапасы. Және олар үшін Ақыретте ірі азап бар» деген аятқа қатысты басқа да ғалымдардың пікірлерін, сондай-ақ барлық мазхабтардың7 ғалымдары қарақшылық жөнінде не айтқандарын назарға алуы керек.

Ұшақ басып алған адамдар өздеріне пана іздеген мұсылман мемлекетінің үкіметі діндарлар комиссиясының шешімін міндетті түрде орындауы керек, бұл Аллаһқа мойынсұнуды, мұндай ауыр қылмыстардың қайталануынан аман қалуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ұмтылуды таныту, сондай-ақ басып алудың құрбаны болған адамдарға рахымдылық пен әділет көрсету болады.

Мұндай қылмыстардың ауырлығы мен қаіуптілігін ескерген түрде мұсылмандарға игі насихат беруім, өз парызымды орындауым және ресми тұлғаларға жәрдемдесуім үшін, менің айтқандарымды жариялау міндетті деп есептеймін.



Аллаһтан мұсылмандардың істерін тәртіпке келтіруін, оларды тура жолмен жетелеуді жалғастыруын және олардың үкіметтеріне шариғат негізінде шешім қабылдауына және оны барлық нәрседе басшылыққа алуына көмектесуін тілеймін. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Алынған көзі: «Мұсылман діндар ғалымдарының қазіргі заманның үндеулеріне жауаптары», құрастырушы шейх Мухаммад бин Хусайн бин Саад әл-Суфран әл-Кахтани, редакциясын басқарған Сауд Арабиясы Корольдігі Ең ірі ғалымдары Комитетінің мүшесі, шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузан, Кувейт, 2008 ж.

1 Не көпқұдайшылық, не қарақшылық, зорлық, қирату және сол сияқты қылмыстар айтылып тұр.

2 Яғни оның өмірін сақтап қалады.

3 Оң қолы мен сол аяғы айтылып тұр.

4 Яғни адамдарға Аллаһтың елшілері жіберілгеннен кейін.

5 Ибн Касир және Әл-Қуртуби – Құранның көпке әйгілі және көрнекті тәпсіршілері.

6 Ислам фиқхы қоғамының журналы, № 2, 181-бет. ,№ 148 - Шешім, 32-ші сессиясында қабылданған 24.08.1988 ж. (х. 12.01.1409 ж.)


7 Мазхаб – діни-құқықтық мектеп.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет