Сұхбат алушы



Дата15.07.2016
өлшемі40.52 Kb.
#201735
Сұхбат алушы: Салеметсіз бе Ағұлыш Ғұбайдоллақызы! Сіздің заманыңыздағы білім беру жүйесі туралы сізбен сұхбаттасу үшін қонаққа келіп отырмыз. Сізді таңдап келуіміздің бірден-бір себебі, жоғары біліміңіз болмаса да сіз көптеген маңызды қызметтерді атқарғаныңызды білеміз. Айта кетсек: жәй кітапханашы, бастауыш мектеп мұғалімі, сот мәжілісінің хатшысынан бастап бухгалтер, бастауыш мектеп директоры, кадр бөлімінің меңгерушісі және аэропорт бастығы сияқты қызметтерді атқарыпсыз. Жоғары біліміңіз болмаса да сондай лауазымды жұмыстарды атқаруға сізге не көмектесті?

Сұхбат беруші: Мен қазір зейнеткермін. Балаларымның ортасында әже болып, немере бағып, ел қатарлы жанұя болып отырған жайым бар. Жаңағы жұмыстардың түрлерін айта кетсек, қамтып өттіңіз ғой. Маған маңызды жұмыстарды атқаруға бірден-бір себепші болған − орыс тілі. Ол кезде біздің заманымызда орыс тілінің маңыздылығы өте жоғары болған. Алғашқы да арман болған. Бірінші класқа барған кезімде, орыс тілі пәнінің мұғалімі Татьяна Захаровна деген орыс кісі болатын. Сондағы мұғалім: «Сіз өте киын баласыз. Сізге орыс тілін үйрену деген қиын болады. Мен үйрете алмаймын. Сенің орысша үйренуің мүмкін емес» деген пікір айтты. Сол жадымда қалып, содан оқымай қалдым. Келесі жылы бірінші класқа қазақ класына бардым. Қазақ мектебінде бесінші класқа дейін ойдағыдай оқыдым. Содан денсаулығыма байланысты Саратовқа дәрігерге қаралып, аяғымнан операция жасалатын болды. Балаларға арналған «Вольск» деген санаторияға бардым. Онда орысша мектеп тек қана үшінші класқа дейін екен. Содан өзім армандағандай орыс тілін үйренейін деп, сол үшінші класқа баруға бел будым. Орыс тіліне деген арманым сондай үлкен болды. Сөйтіп орысша үйреніп кеттім. Содан бастап орыс тілі өзімнің айнымас, қалмас серігім болды. Орысша үшінші класты бітірдім. Содан бастап орысша жалғастырып кеттім. Қиын болған жоқ, жақсы оқыдым, сабағым, үгерімім төрт пен бес болды. Өзімде орыс тілін жақсы меңгергеніме көп қуандым. Ол тек мектеп қабырғасымен шектелген жоқ. Ол кезде әдебиетке көп көңіл бөлетінбіз. Әке-шешемізде біздерді кітап оқуға баулыған. «Кітап оқу керек. Кітап оқысаң сауатты боласың. Адам болуға бірден-бір көмекші болатын серігің кітап болсын» деп, көркем әдебиетті орысша, қазақша деп талғамай, жақсы көретінмін. Соны оқып, оның арасында журналдар жаздырып алатынмын. Соларда мүмкін көмектескен шығар. Өзімнің білімімді солай толтырдым деп есептеймін.

Сұхбат алушы: Сіздің кезіңізде мектеп қандай болды? Сол кездегі мұғалімдер, оқушылар туралы айта кетсеңіз.

Сұхбат беруші: Біздің кезімізде білімге өте үлкен мән берілді. Оқымаған адам сауатсыз, өмір сүруіне қиындық туады. Ол дұрыс қатардағы адам болмайды деген қағида біздің санамызға орнап қалған. Әрине мектептің де рөлі зор. Ол кездегі мұғалімдер өте сауатты, мәдениетті,балаға деген сүйіспеншілігі зор болды. Сондай бір еліктегің келіп тұратындай жақсы адамдар болатын.

Сұхбат алушы: Өздерінің бір ерекшелігімен, сабақ беру әдісімен есіңізде қалған мұғалімдеріңіз туралы айта кетсеңіз.

Сұхбат беруші: Санаторийда оқытқан мұғалімім орыс, өте биязы сондай нәзік. Қалайда сол бір сөзін болсада ұқтырып кеткісі келіп, ынталанып жүретін. Менің әрбір ілгері басқан қадамыма қуанып, жақсы үйретті. Тоғызыншы кластағы мұғалімім алдында айтып кеткенімдей, шығарма жазудан бесте-бес деген баға қойып, мені құптап. «Орыс тілі пәнінің мұғалімі боласын сен түбінде» деп маған жігер беретін мұғалімім − Ержанова Ханымай Тұржановна. Қазақ болсада орысшаға өте сауатты. Орыс тілін ұқтыра білетін. Өзі жанындай сүйетін сондай адам болды. Сол есімде қалды.

Сұхбат алушы: Қазіргі уақытта мектепте оқып жүрген немерелеріңіз бар шығар. Солардың біліміне қарай отырып, қазіргі біліммен бұрынғы білімнің айырмашылығы бар ма? Сол туралы не ойлайсыз.

Сұхбат беруші: Білімсіз деп айта алмаймын. Қазір заманның талабына сай мұғалімдермен қоса ақпараттық құралдар пайда болды. Қазір балалардың жан-жақты қабілетті болып, білім алуына болады. Бірақ ақпарат құралдар терең ойлануға тежеу салады деп ойлаймын. Тәрбие жөнінде әсіресе айтқым келеді. Біздер ол кезде тәрбие мен оқу егіз деп есептейтін едік. Бірақ қазір тәрбие бір бөлек, оқу бір бөлек алды-алдына, бір-бірімен байланысы жоқ сияқты болып көрінеді маған.

Сұхбат алушы: Бағана айтып кеткендей жоғары оқуға түсу өте қиын дедіңіз. Қандай емтихандар, қалай болатын еді оқуға түсудің өзі?

Сұхбат беруші: Ол кезде оқуға түсу қиын деген себебім, ол тек қана менің біліміме байланысты емес. Менің ата- анам орта шаруадағы адамдар болды. Ол кездегі жалақы төмен болған. Қалаға бару үшін қомақты қалтаңда ақша болу керек. Нархоз институтына түсетін мүмкіндік болып тұрған кезде бір анықтама сұрады. Өзім бухгалтерлік білім жетілдіру курсына келіп жатырған кезім еді. Маған бухгалтер болып жұмыс істейді деген анықтама керек болды. Соны үйдегілер уақытында жеткізе алмағандықтан, менің құжаттарым кешігіп қалып, оқуға түсейін деп тұрған жерімнен түсе алмай қалдым. Мен бірақ өкінбеймін. Оқуға түсіп жоғары білім дипломын алмасамда, сол дипломы бар адамдардың қатарында жұмыс жасадым. Менің қабілетім бәріне де жетті. Жұмысымды тиянақты атқарып, атақ пен марапат алып жақсы бағаландым.

Сұхбат алушы: Осы сұхбатымызды қорыта келе сіздің заманыңызда білім жүйесіндегі қазір жоқ ерекшеліктері қандай?

Сұхбат беруші: Менің көзқарасым бойынша бұрынғы адамдардың жауапкершілігі өте үлкен болды. Білім алуға құштар болды. Қазір тіпті адам білгенінен айырылып қалатын заман. Ақпараттық құралдардан қаншама хабар көрсетіп жатса да, бірақ көзбен көрген жеткіліксіз. Көзбен көріп, құлақпен естіп, ойлап, соны тұжырымдап, тіліңмен, өзіңнің сөзіңмен шығару керек деп есептеймін. Қазіргі кезде балалар қазақша екі сөздің басын құрай алмайды. Жүйелеп бір сөйлемді аяғына дейін жеткізе алмайды. Сөздердің орны ауысып кетеді. Тікелей орысшадан аударады. Орысша ойлайды ма? Қазақ қазақша ойлай білу керек. Қазақ тілінде ойлағанда сөздер өздері маржандай тізбектеліп шыға береді. Сондықтан жауапкершілік болу керек деп есептеймін. Білім беруде басты міндет жауапкершілік. Өзінің істеген жұмысына, мамандығына сондай мән беріп, өмірмен ұштастырып, мен не үшін өмір сүріп жүрмін деген сұрақ қою керек. Өзінің білгенін кейінгі ұрпаққа жеткізу мұғалімнің басты міндеті.

Сұхбат алушы: Бізге сұхбат беруге келісіп, қызық әңгіме айтып, ойыңызбен бөліскеніңіз үшін көп-көп рахмет. Сау болыңыз!

Сұхбат беруші: Сау болыңыз!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет