Ш.Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы заман шындығы үшін күрескен
ғашықтар тағдырының өміршеңдігі.
Ш.Құдайбердіұлының шығармалары ұрпағына берер тәлім-тәрбиесі, ғибраты молдығына ешкімнің таласы жоқ. Ақын шығармаларын қай қырынан алсақ та бұл анық сезіліп тұрады. Мәңгілік тақырып болып саналатын адал махаббат, пәк сезім мәселесі адамгершілікке,ізгілікке шақырып тұр емес пе?
Поэмада өз бақыты үшін арпалысқан ғашықтардың аянышты әрі күрескер тағдыры сөз болады. Өз заманының қатал салт-дәстүріне қарсы шығып, болашақтары үшін соңғы демі қалғанша күрескендіктен, бұл оқиға өміршең болып, тарихта аты қалды. Шығарманың басты құндылығы сол өміршеңдігінде деп ойлаймын.
Ең алдымен, поэмадағы қос ғашық бір-біріне серт беріп, уағдаласады. Поэмада: «Қыз айтты: - Түнеугі айтқан уағда қайда, Кел, кетелік, кідірмей осындайда...» деген жолдардан, екі жастың серттескенін байқаймыз. Біздің халқымыздың ұғымында «серт, уәде» киелі саналған. Міне, сол киелі уәдесінде тұрып, екі жас соңғы демі қалғанша бірге болады.Тіптен, екеуі қашқан кезде Еңлік аттан ауып түсіп қалады, сол кезде «уәдем-уәде» деп Кебек қайтып оралады емес пе? Менің пайымдауымша, поэмадағы қос ғашықтың бойындағы осы бір қасиет екеуінің адал сезімін одан әрі айғақтайды.
Сонымен қатар, екі жас өздерінің бас бостандығы үшін ескілік ата салтына қарсы үн көтереді. Бұл тек қана өр кеуделі, батыл жандардың қолынан келеді. Әрине, ата салтына қарсы шыққандарын көпшілік қолдай бермейді. Десе де, адам өз тағдыры үшін күрессе, айып па?
Поэманың өміршеңдік сипатының бір көрінісін оқиғаның аяғында көреміз. Екі рудың ақсақалдары екеуіне өлім жазасын кескеннен кейін, екі ғашық өлімге де мойынсұнып, қасқайып тұрып қарсы алады. Тіптен, Еңлік қыз өлер алдында үш тілек сұрамай ма? Өзінің ғашығымен сүрген аз ғана ғұмырына ғанағат тұтып, өлген соң да бірге болғысы келіп: «... Өлген соң бірге қосып таспен бастыр...» деп соңғы тілегін айтады.Махаббатпен өткен аз ғана ғұмырға ризашылық білдірген қос ғашыққа тәнті боласың. Сол заманның кедергісіне қарамай, болашақтан үміт күткен, жаңашыл көзқарасты жастар тағдыры сондықтан ел ішінде аңыз болды.
Қорытындылай келе, Еңлік пен Кебек оқиғасы автор айтқандай, ғибаратқа толы, үлгі алатын жерлері өте көп деп ойлаймын.Екеуі өлсе де, махаббаттары ғасырдан-ғасырға жасай бермек!
263 сөз
Достарыңызбен бөлісу: |