Сырым Нұғыманов



Дата13.06.2016
өлшемі71 Kb.
#133471
Сырым Нұғыманов –

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті мен «Ғылым ордасы»

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих

және этнология институтының

2-курс магистранты

1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы аштық және ұлт зиялылары
Аннотация

Мақала 1921-1922 жж. Қазақстанда болған ашаршылық мәселесіне арналған. Автор мұрағат құжаттары, мерзімді баспасөз және ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, ашаршылықтың себептері мен зардаптарын көрсетеді. Қазақстан республикасындағы аштықты ауыздықтаудағы ұлт зиялыларының қызметін айқындайды. Ашаршылықпен күрес барысында жүргізген іс-шаралардың нәтижелерін нақтылайды.



Түйін сөздер: ашаршылық, жұт, астық нарқы, Ашкөм, азық-түлік, бүлік, тауар, босқын, бандитшілдік.
1921-1922 жылдардағы аштық қазақ халқының басына түскен аса ауыр нәубет. Қаншама азаматтарымыз аштықтан көз жұмып, ай далада көмусіз қалды. Қаншама қазақтың ошағы сөнді. Бір үзім нанға зар болып, қолын жайып, қайыр тілеп, ауыл-ауылды аралап, қала көшелерінде тентіреп, босып шет жұртқа кете барды

Қазақ жерінде аштыққа ұшыраған Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезінің жағдайы аса ауыр болды. Бұл өңірлер осы уақытқа дейін де көп қиыншылықты бастан кешірген еді. Кеңестік жүйе орнағанға дейін патша үкіметінің қыспағын көрген, жерінен айырылған, отарлаушыларға кіріптар болса, ал азамат соғысы кезінде ақтар мен қызылдардың қанды қылышына ілікті.

1921 жылы аштықтың жайлап бара жатқанын айтып, дабыл қаққан газеттердің бірі - «Ақ жол» газеті. Оның беттерінде күнделікті аштыққа ұрынған қазақ жерлері туралы ақпарат, мәліметтер жарияланып тұрды. Мәселен мына бір ақпаратта былай келтірілді: «Торғай уезінде ауру көбейіп барады. Иесіз, иен қалған үйлер бар. Қыс ерте түсті. Жер мұз. Мал өліп жатыр. Қара мал ноябрь (1920 ж. – С.Н.) басынан-ақ қолға қарады. Елде пішен аз. Ет салығын ел беріп жатыр. Мал мен жанға ауыртпашылық бірдей түсіп, шаруа күйзеліп тұр» [1].

Газет қазақ көп шоғырланған Ақтөбе губерниясында адам да, мал да азықтың жоқтығынан қырылып жатқандығы айтылса, Шымкент уезіндегі қазақ ауылында шешек ауруы жайлап, адамдардың өлімі көбейіп бара жатқандығы жөнінде хабар басылды.

Ел басына түскен қиын заманда Қазақ өлкелік Орталық Атқару Комитеті 1921 ж. 15 наурызында өткен РК(б)П-ның Х съезінің салғыртты салықпен алмастыру жөніндегі қарарын негізе ала отырып, осы жылдың 11-18 маусымында болған конференция барысында азық-түлік салғыртын салықпен алмастыруды бірауыздан мақұлдады [3, 177, 179-180-бб.].

Сөйтіп, азық-түлік салғыртының салықпен алмастырылуы барлық өнімдерге қатысты салық мөлшерін белгілеген құжаттар қабылдатып, сол мөлшер бойынша шаруаларға салық төлеу міндеттелінді. Жеуге азық, малын асырауға шөп таба алмай қиналған қазақ шаруалары үкімет белгілеген салықты төлеуге шамасы келмеді. Соның өзінде Жетісу облысынан 1652645 пұт астық, 293040 пұт тары, 2876 пұт кептірілген жеміс, 77458 пұт тұқым, 520864 мал басы жинап алынған [4, с.116].

Осындай елдегі ауыр жағдайға қарамастан үкімет уезд шаруаларын салықтан босатпады, керісінше төпелеп бірінің үстіне бірін салып, оларды салыққа әбден кіріптар қылып қойды. Семей облысына қарасты Павлодар уезінің Ақбеттау болысының алтыншы ауылына қарайтын қазақтар мынадай мөлшерде салық төлеген: қой терісі – 1050, жылқы терісі –1200, сиыр терісі –250, құлын терісі –100, елтірі – 80, бұзау терісі – 20, түйе терісі – 5, түйе жүні – 15, қой жүні – 250 пұт [5]. Қарап отырсақ, бір шағын болысқа салық өткізу үшін жоғарыда көрсетілген қаншама жылқысын, сиырын, қойын, тіпті жаңа туған бұзауын союы керек екен. Малынан айырылып азықсыз қалған шаруаның әрине бұған шамасы қандай келсін. Бұл жағдайға қарамастан үкімет салық есебіне деп, қалған малын тартып ала бастады. Шала сауатты және мәдени дамуының деңгейі төмен шолақ белсенділер қорқытып, үркітумен үкіметтің бұйрық-жарлықтарын осындай жолмен орындауға тырысты. Оның үстіне қолда бар мал басын барымташылар мен банділік топтар күштеп әкетіп те жатты. Оны дәлелдейтін тарихи айғақтар жетерлік.

Оларды құрықтауға ерекше жағдайға пайдаланылатын әскери бөлімдер (ЧОН – часть особого назначения) жіберіліп, қарақшы топтарды талқандаған. Ғалым К. Нұрпейісов ашаршылық жылдарында Бөкей ордасында осындай қарақшылық топтар құрылып, Тарғын, Нарын, Таловка, Жанғалы уездерінде ойран салып, қарсы шыққандарды өлтіруге дейін барғандығын келтірген [6, 187-б.]. Осындай аштық өршіп тұрған кезде күрескен бандалық топтармен күрес барысы 1922 жылдың жаз айларына дейін созылды.

Сонымен Қазақстандағы 1921-22 ж.ж. ашаршылықтың шығуына екі себеп, яғни Ресейдегі азамат соғысының кесірінен қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұрынуы және табиғи апат, қолайсыз ауа-райының салдарынан туған жұт әсер етті. Тарихшы Т. Омарбеков Қазақстандағы бұл ашаршылықтың шығуына ауа-райының қолайсыздығы емес, азамат соғысының тұтануынан шаруашылықтың күйзелуі, яғни большевиктердің біржақты саясат жүргізуінен деп тұжырымдаған [7, 24-б.].

Тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-22 жылдардағы аштық турасында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек тек қала тұрғындарына жетті, сол уақытта онда қазақтардың екі-ақ проценті орныққан еді, дені ауылдарда болатын», - дей келе, осы жағдайды орталық билік дер кезінде көріп, оған мән бере білмегендігін айтады. Сонымен қатар оның көрсетуінше, Орталықтан келген азық-түлік жинаушы Ф.Э. Дзержинскийдің отрядтары Түркістан өлкесі, Ақмола, Семей губернияларындағы еңбекшілердің қолындағы астықты артық деген желеумен күшпен алып кеткен екен [8, 219-б.].

Орын алған қиындықтарды ауыздықтауда шұғыл түрде түрлі шаралар ұйымдастырылып, ең алдымен түрлі комиссиялар ұйымдастырылып, оларға елдегі аштықтың көлемін анықтау мәселесі қойылды. Қазақ Орталық Атқару комитетінің қаулысымен 1921 жылдың 15 шілдесінде ашыққандарға арнайы төтенше комек комитеті (компомгол) құрылып, оның жұмысын басқару С. Мендешевке жүктелінді. С. Мендешев 1920-1925 жж. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған жылдары ашаршалықпен күресуде іскерлік таныта білді. Ол республикадағы төтенше комиссияның жетекшілік қызметін атқарып, елдегі жағдайды қалпына келтіруге аянбай күресті. 1921 ж. 17 Шілдесінде аштыққа байланысты РК(б)П ОК-нің арнаулы үндеуі жарияланып, шығу себебі айтылып, онымен күрес жүргізуге шақырды [3, 183-184-бб.].

С. Мендешевтің аштық кезеңіндегі қызметі шексіз. Оның басшылығымен құрылған Аштар комитеті тоқтаусыз қызмет етіп, қолдағы бар мүмкіншілікпен аштықты қалай да болса ауыздықтауға тырысты. Ол елдегі аштықпен күресіп жатқан кезде үстінен «кеңес үкіметіне жат, жікшіл» деген жалған құпия түрде іс ашылды. Мұрағат қорынан С. Мендешевтің 20-жылдары үкіметке қарсы құрылған үш топтың бірін басқарды деген дерек кездестіруге болады. Оның сыртынан жиналған мәліметте қазақ арасында аса беделді, көпшілікпен жақсы қарым-қатынаста екендігі келтірілген [9, 116-б.]. Осы жазылғаннан-ақ, қайраткердің қандай адам екенін тануға болады.

С. Мендешевдің көрсетуі бойынша Қазақстанда 1921 жылдың соңында 1 476 985 адам, оның ішінде 927593 ересектер, 158392 балалар ашыққан. Ол аштықпен күресудің жеті жолын ұсынады. Оның біріншісі, азық-түлік ресурстарын дайындауды күшейту және оны аудандарға бөлу болса, екіншісі, он тоқ адамдардың бір ашты, тоқ болыстардың бір аштыққа ұшыраған поселкені көмекке алуы турасында үгіт жұмыстарын күшейту, үшіншісі тұқымдық астықты уақытылы қабылдауда және оны бөлуде төтенше әдіс қолдану, төртіншіге қоғамдық жұмыстар мен қолөнер артелдерін ұйымдастыруды жеделдетуді, ал бесіншіге аштықпен күресуде барлық Халкомдардың және өлкелік мекемелердің жұмысын күшейтуді, алтыншы бойынша автотранспорттық тамақтандыру орындарды жеткізу арқылы Дала өлкесіндегі ашыққан қазақтарға көмек көрсетуді, жетіншісі, жұт пен аштық кезінде күйзеліске ұшыраған қазақ ауыл шаруашылығын тез арада малмен қамтамасыз ету болды [10, с.57, 61-62].

Ұлт зиялыларынан аштықты ауыздықтауға белсенді кіріскен азаматтың бірі – Мұхтар Әуезов болды. Аштықпен күреске қатысты өткізілген конференция барысында Қазақстан халқына аса үлкен нәубет әкелгендігін, аштықпен күресуде партиялық ұйымдардың босаңдығын, әлі күнге дейін нақты шығын турасында ешқандай да мәліметтің жоқтығын, Ашком ОК-і өте нашар жұмыс атқарып жатқандығын, дала халқына арнап нақты жоспар қабылданбағандығын баса көрсете келе, тез арада одан шығу жолын іздестіруді қажеттігін көтерді [10, с.67, 210-211].

М. Әуезов «Қазақ тілі» газетіне ең бірінші болып, қазақ жерінде аштық басталғандығы жөнінде дабыл қаққан. Ол аштықтан құтылудың бірден бір жолы егін салу деп көрсетеді [11].

Қазақстандағы аштықпен күресте ұлт зиялылары Тұрар Рұсқұловтан бастап, Мәннан Тұрғанбаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Шаймерден Тоқжігітов, Уәлитхан Танашев және тағы басқалар баспасөз беттеріне ойларын ашық жазған. Олардың аштық жайлап жатқан кезде халықтың салық төлеуін қисынсыз, азық-түлікті тұрғындарға бөлуде әділетсіздік орын алып отырғандығын ашық жазып, ұсыныстар білдірді. Мәселен, У. Танашев салық салуда егін шықпай қалған аудандарды ескеру қажеттігін көтерді.

М. Тұрғанбаев та газетке жариялаған «Аштарға жәрдем бер» деген мақаласында аштықтың алдын алуда келесі жылға дайындықты күшейтіп, егін салу, пішенді жөндеу жұмысына қамды алдын-ала жасау қажеттігіне үндеген [3, 186-186-бб.].

Жазушы Тұрсын Жұртбайдың құрастыруымен жарық көрген «Алаш қозғалысы» деп аталған жинақтағы құжатта 1921 жылдың 10 желтоқсанында Дала аудандарынан ашыққандарға тірідей (живой помощи) көмек көрсетуді ұйымдастыру туралы жиналыс өткендігі айтылады. Бұл жиналысты Ә. Жангелдин өткізіп, хатшылығын Нақымжан атқарыпты. Жиналысқа зиялдылардан М. Әуезов, А. Асылбеков, А. Кенжин, А. Байтұрсынов, Т. Жаманмұрынов, М. Саматов, Қ. Сармолдаев және т.б. қатысып, М. Әуезов аштар комитетінің көмегі ашыққан аудандарға әлі жетпегендігін айта отырып, тез арада ашыққандарға көмек көрсетуді көтереді. Пікір-таласты өткен жиналыс ашыққан аудандардағы жағдайды бағдарлап, қаншалықты мөлшерде көмек беруді анықтау үшін өкіл жіберу, аштық мәселесі жөнінде баспасөз беттерінде мақала жариялау жөнінде қаулы қабылдады [12, 157-161-бб.]. Бұдан кейін де бірнеше жиналыстар өтіп, аштықпен күресу жолдары қарастырылды.

Аштыққа көмек қолын Семей қаласындағы М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Р. Мәрсеков бастаған ұлт зиялылары созды. Олардың басқаруымен жиналыс өткізіліп, халықты көмек беруді шақырған үндеу жарияланды және осы іс-шараға белсене кірісіп, елден «жылу» жинай бастады. Семей өңірінен жиналған малдарды аштық тырнағына ілініп, әбден титықтаған Торға й уезіне айдап апару, оларды малсыз қалғандарға бөліп беру ісінде басшылық жасады. Өкінішке орай олардың бұл іс-әрекеттері кейін өздеріне керісінше тиіп, кейбірі істі болып, сотталып та кетті. Мысалы, М. Дулатов 1929 жылы 1 қаңтарда ОГПУ өкіліне берген жауабында Торғай, Ырғыз, Қостанай уездері мен Орал губерниясының ашыққан тұрғындарына арнап көмек көрсету жөнінде бірінші болып «Қазақ тілі» газетіне үндеу тастағанын жазып, өзінің Семей губерниясының үш уезін аралап «жылу» жинауға қатысқандығын, соның нәтижесінде 2-3 айдын ішінде 15 мыңдай ірі қара мал жиналып, атаған уездердегі аштарға үлестіріліп берілгенін айтқан. Алайда осыдан кейін ол Семейге келген кезінде тұтқындалып, Орынборға жіберіліп, біршама уақыттан кейін қайтадан босатылады [12,325-б.].

«Жылу» жинауға және оны ашыққандарға бөлісуге қатысқан бірақ сот үдерісіне ілікпеген кейбір азаматтар 1926-30 жылдары сотқа бір тартылып, істі болған.

Аштықпен күресу ісіне тікелей араласқандардың бірі, мемлекет қайраткері – Тұрар Рысқұлов. Қазақстанда аштық басталған тұста Тұрар Рысқұлов РКСФР Халық Комиссариатының Ұлт істер жөнінде орынбасарлық қызметін атқарып жүрген еді. Қазақ жерін аштық жайлаған кезде ол аштыққа қарсы күресудің бірнеше талаптарын ұсынды және олардың орындалу барысын қадағалады. Ол аштықтың зардабы мен оған қарсы елде жүргізіліп жатқан түрлі іс-шаралар барысы жөнінде өзінің “Қазақстан” деген кітабында айқын жазды. Сонымен бірге “Новый Восток” атты мақаласында көшпелі облыстар ұшырағандығын, ашыққандар азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етіліп, Орталық Ресей мен Түркістан өлкесіне және көршілес аймақтарға 80000 адам мен 35000 балалар қоныстандырылғанын, сондай-ақ, Американдық Әкімшілік Көмегінің (АРА) ашыққандарға көмек көрсетіп жатқандығын жазады [13, с.160-161].

1921-1922 жылдардағы аштықтан қазақтың отбасы тұтастай қырылды. Аман қалғандары босып шет мемлекеттерге кетті. Қазақстандағы ашаршылық ұлт зиялыларын бей-жай қалдырмады. Барлығы қолынан келгенше халықтың аман қалуын тілеп, жоғары үкімет орындарына, Орталық үкіметке хат жолдап, көмек сұрады. Өздері елді аралап, ашыққандарға арналған асханалар ашу, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге бар күштерін жұмылдырды.

Ұлт қамын ойлаған қазақ зиялылары мен жекелеген аймақтардың көрсетілген көмектері арқасында бұл күндер де артта қалды. Мұндай қиын-қыстау заманда өз халқы мен бауырларына жәрдем көрсетуді өздерінің азаматтық борыштары деп білген зиялыларымыздың бұл әрекеттері өміршең мүддеге қызмет еткендігінің тағы бір көрінісі болып табылады.
1 Қазақстанда // Ақ жол. 1921. – 28 январь. – №19.

2 «Ақ жол». Көп томдық. – Алматы: Оңтүстік қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы, 2011. – 2 том. – 246 б.

3 Смағұлова С. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХ ғ. 20-30 жж.). – Алматы: «Елтаным баспасы», 2011. – 432 б.

4 Отчет о деятельности Джетысуйского областного экономического совещания за 1921-1922 хозяйственный год. Туркестанскому экономическому совету. А.,1923.

5 Павлодар уезі // Ақ жол. 1921. – 4 февраль. – №22.

6 Нұрпейісов К. Қазақстанның шаруалар советтері (1917-1929 жылдар). – Алматы, 1972.

7 Омарбеков Т. Ашаршылық ақиқаты //Ақиқат. 1997. №5.

8 Қозыбаев М. Тарих зердесі. 1-кітап. –Алматы: “Ғылым”, 1998.

9 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 жж. – Алматы: «Елшежіре», 2007. – Т.3. – 1-кітап. – 304 б.

10 Казахстанская организация ВКП(б) в решениях ее конференций и пленумов. Вып.1. А.,– М., 1931.

11 Мұхтар. Егінге дайындалыңдар // Қазақ тілі. – 1921. - 18 ақпан.

12 Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трехтомник. – Алматы, ФФ «Ел-шежіре», 2011. – Т.1. – 428 с.

13 Рыскулов Т. Избранные труды. Алма-Ата, 1984.
Голод в Казахстане 1921-1922 гг. и национальная интеллигенция
Резюме

Данная статья посвящена проблеме голода 1921-1922 гг. в Казахстане. Автор опираясь на архивные документы, периодическую печать и научные исследования раскрывает причины и последствия голода. Освящает работу национальной интеллигенции по ликвидации голода в Казахстане, а также выявляет итоги мероприятий, проведенных в период борьбы с голодом.




Famine in Kazakhstan of 1921-1922 and the National Intelligentsia
Summary
The present paper deals with the issue of famine of 1921-1922 in Kazakhstan. The author reveals the reasons and consequences of famine (based on archive documents, periodicals, and researches). He highlights the work of the national intelligentsia on liquidation of famine in Kazakhstan, and reveals the results of activities undertaken during the period of struggle against famine.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет