СманқҰлова жанат ерекенқызы қазақстан республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің Қалыптасу және даму тарихы



бет3/17
Дата17.01.2023
өлшемі202.48 Kb.
#468493
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
автореф колледж

Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1991-2008 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің қалыптасу және даму тарихы тарихшылар тарапынан зерттелген жоқ. Кәсіби лицейлер мен колледждер экономикалық, философиялық, педагогикалық ғылымдардың тұрғысынан ғана зерттеу нысаны болған.
Жалпы тәуелсіздігімізді алғанға дейін кәсіби-техникалық білім жүйесін зерттеу барысы 60-70 жылдары қолға алынып, нәтижесінде бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді. Бұл ретте Ф.К. Михайлов, Т. Қожамқұлов, М.Х. Асылбеков, С.Б. Нұрмұхамедов, Н.Г. Пан және т.б. ғалымдардың маман жұмысшыларды дайындау барысына, жас жұмысшыларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты іс-шаралар жайында жазған еңбектерін атап өтуімізге болады.
70-жылдары кәсіби-техникалық оқу орындарының тарихы ғана емес, оның теориялық, педагогикалық негізі туралы да бірнеше ғылыми еңбектер өмірге келді. Академик С.Я. Батышев, К.А. Айманов, К.Б. Балахметов, Л.З.Рүстемов және т.б. ғалымдар жұмысшы мамандығын алып жатқан жастарға педагогикалық тәрбие бере отырып, технологиялық процестердің мазмұнын түсіндіруге, аналитикалық ойлаудың қажеттелігіне, оларды ұйымдастырудың механизмдеріне де назар аудару керектігін ғылыми түрде негіздеген.
70-80 жж. кәсіптік-техникалық оқу орындарында мамандар даярлау барысы мен осы даярланып шыққандарды өндіріс орындарына немесе ауылшаруашылығына жұмылдыру, ғылыми-техникалық прогресстің жастарды оқытуда тигізген әсері С.М. Сүлейменов, Н.А. Гуляев, А.Г. Сармұрзин, Т.В. Шегай, Н.Р. Күнқожаев, Э.А. Түркебаев, Р.Т. Садықов, С.Бектұров, М. Құлбеков, М.Ж. Тәшенов, С.Қ. Жақыпбеков, М.Қ.Қойгелдиев және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты сараланып көрсетілді.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін қажетті өндіріс орындары, ауылшаруашылығы, мәдениет пен спорт, өнер саласына қажетті мамандар дайындау мәселесіндегі кәсіби оқу орындарының рөлі мен орнына арнап А.К. Асарбаев, С.Х. Байділдина, Ж.Е. Сманқұловалар кандидаттық диссертация қорғады.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Диссертациялық жұмыста Қазақстан Республикасының Заңдары мен Заң актілері, мұрағат құжаттары, республикалық, облыстық мерзімді басылым материалдары, тақырыпты ашатын ғылыми, саяси, педагогикалық еңбектер, статистикалық құжаттар дерек ретінде пайдаланылды. Кәсіби лицейлер мен колледждерге қатысты Қазақстан Республикасының Заң актілері, оның ішінде 1992-2001 жж. аралығындағы «Білім туралы» Заңы және оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, ҚР-да білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Бағдарламасы, Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы кеңінен қолданылды.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі ретінде Қазақстан Республикасы Президенті мен Орталық мемлекеттік мұрағаттары және Алматы қаласы, Алматы облысы және Талдықорған облыстық мұрағат қорларының құжаттары алынды.
Жұмыстың мақсаты мен міндетін ашуда ҚР Президенті мұрағатының (ҚРПМ) Қазақстан Коммунистік партияның Орталық комитеті (708-қ.), ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының 1137, 1692, 1720, 1721, 1890, 1982, 2253, 2265, 2270 қорларының, сонымен қатар Алматы облысы мұрағатының 499 қорының, Талдықорған облысы мұрағатының 2250 қорының кәсіби лицейлер мен колледждерге қатысты құжаттық деректері талдауға алынды.
Диссертациялық зерттеудің келесі деректік негізін Қазақстан Республикасының түрлі ақпарат құралдары құрайды. Республикалық, облыстық «Алматы ақшамы», «Орталық Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі», «Семей таңы», «Атырау», «Оңтүстік Қазақстан», «Жетісу», «Жас Алаш», «Президент және халық», «Заң», «Ақтөбе», «Арқа ажары», «Қазақ елі», «Астана хабары», «Қазақстан кәсіпкері – Профессионал Казахстана» және т.б. мерзімді басылымдарда жарияланған кәсіби лицей мен колледждердің қалыптасуы мен даму жұмысына қатысты шыққан мақалалар кең қолданысқа енді.
Кәсіби-техникалық оқу орындарына байланысты қабылданған үкімет шешімдері мен қаулы-қарарлары, деректі материалдар мен Республика Президентінің халыққа Жолдаулары зерттеу жұмысында пайдаланылды. Мәселен, диссертация барысында Елбасының «Қазақстан ғасырлар тоғысында», «Қазақстан-2030», «Жаңару стратегиясы», «Қазақстан дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында», «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» (2007 жылғы халыққа Жолдауы), 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты», «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» (6 наурыз 2009 жылғы халыққа Жолдауы) атты Жолдаулары кәсіби білім жүйесін дамыту мәселелерін айқындауда үлкен көмегін тигізді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет