Тақырыбы: Қазақстан Республикасының
Республикалық Ұланына-20 жыл
Мақсаты:оқушыларға Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланының құрылуы,шығу тарихы,құрылымы мен негізгі міндеттері туралы түсінік беру.
Ұланнын шығу тарихы
"Ұлан" термині Италияда (XII ғ.) пайда болған және мемлекеттік туды күзету үшін іріктелген жасақты білдірген. Кейін ұлан Францияда (XV ғ.), Англияда, Швецияда, Прусияда (XVII ғ.), Түркияда, Жапонияда және басқа елдерде пайда болған. Ресейде бірінші ұландық полктер (лейб-ұлан) Преображенский и Семеновский полктерін I-Петр XVII-ғасырдың 80-жылдары құрған.
Қазақстанның аумағында жүргізілген қазба жұмыстары және басқа да зерттеулер ғалымдарға іріктелген әскери құрылымдардың пайда болған кезеңін жобамен анықтауға мүмкіндік берді.
Қытай жазбалары, мысалы, түрк қағандарында біздің эрамызға дейінгі V-VII ғасырларда жеке әскердің болғанын куәландырады. Қытайлықтар оларды «фули» деп атаған, ол түрк сөзінің «бори» деген сөзінен шыққан. Борилықтардың халаттарының түсі ерекше болған және онда қасқырдың басы суреттелген.
Қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек, Керей (ХV ғ.) және олардың мұрагерлері - Есім, Қасым, Тәуке хандардың қазіргі заманғы түсінік бойынша ұландықтар деп аталатын әскері болған. Оларға ханға адал, ақсүйектердің бозбалалары мен жеткіншектерін қабылдаған. Ұланның міндетіне хан отбасын қорғау, хан ордасын күзету, жол жүргенде ханға ілесіп жүру, көршілерден елші келгенде рәсімдік дәстүрлерді орындау кірген. Ханның ұланында мыңдықтан он мыңға дейін атты әскер болды. Олар шаруалардың салықтарының есебінен ұсталған.
Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланының тарихы.
Еліміз егемендігін әйгілеп, тәуелсіздігін паш еткен соң әлем елдеріне есігін айқара ашты. Қазақстан Көшбасшысының шақыруымен шетелдік жоғары лауазым иелері достық ниетпен елімізге сапармен келе бастады. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды атқару үшін айрықша құрылым қажет екенін білдірді. Бұл құрылымның қазақша атауы ежелгі оғландардай «Ұлан» аталды.
1992 жылғы 16 наурызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының республикалық Ұланын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы бұл айрықша құрылым Президентіміздің ұсынысымен, Елбасының тікелей қатысуымен құрылды. Оған себеп болған факторлардың бірі – тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің халықаралық байланыстар ауқымын кеңейтуі нәтижесінде шетелдерден келетін жоғары лауазымды қонақтарды қабылдап, халықаралық әдеп талаптарына сай хаттамалық шаралар өткізе бастауы еді.
Сол кезеңде айрықша мемлекеттік міндеттерді атқарып, ел қауіпсіздігін қорғау ісіне үлес қосатын арнайы орган құру қажет болды. Оған жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дәстүрлік рәсімдердің орындалуына қатысу, аса маңызды мемлекеттік нысандарды, Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңба эталондарын күзету жүктелді. Ал әскери және төтенше жағдай режімі кезінде Республикалық Ұлан Қазақстан заңдарына сай белгіленетін іс-шараларды жүзеге асыратын болып бекітілді.
Осылайша, тәуелсіздіктің екінші жылында аса маңызды нысандар мен тұлғаларды күзетіп, ел қауіпсіздігін қорғауға қатысатын әскери құрылымның тарихы бастау алды. Элитарлы әскери құрылымның негізін қалыптастыру үстінде оның ұлт мүддесіне сай келуі ескерілуімен қатар, әлемдік державалардың осы тектес құрылымдарының тәжірибесі мұқият зерделеніп, басшылыққа алынды.
Ұлан бригадасы 1992 жылдың мамыр айында Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері шұғыл бригадасының базасында жасақталды. Офицерлер корпусы Қарулы Күштер мен басқа құрылымдардың үздік әскери қызметшілерінен құралды. Ал жаз аяғына қарай әскери оқу орындарының түлектері ішінен таңдалып алынған жас мамандар да сардарлар корпусын толықтырды. Араға жарты жылдай уақыт салып, 5 желтоқсанда Ұлан сарбаздары алғаш рет Елбасының сән-салтанатын асырып, көп алдына шықты. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа Президент Штандарты ұсынылған күн еді.
Тәуелсіздіктің тете інісіндей Ұлан тарихындағы әрбір оқиғаға ерекше маңыз берілді. Сол жылғы 16 желтоқсанда ел Президенті мен белгілі қоғам қайраткерлері алдында сарбаздар әскери ант берді. Адалдыққа ант берген соң ұландықтар Президент резиденциясын, Штандартын, мемлекеттік рәміздер эталондарын, Елбасы қолданатын ұшақ, техника, көліктерді, маңызды нысандарды күзетумен қатар, елдегі тыныштық пен тәртіпті қорғауға да атсалысты.
1992-1993 жылдар елімізді жоқшылық жайлап, ұрлық-қарлық белең алған қиын кездер болатын. Сол тұста Президент ұландықтарға ішкі әскерлермен бірге Алматы қаласының тыныштығын күзетуді де тапсырды. Кейін республикалық Ұланның заңнамалық негізі бекітілген соң, бұрынғыдай ішкі тәртіпті қорғау мәселелеріне тартылмай, өзінің элитарлық мәртебесіне сай орындайтын ерекше міндеттері айқындалды.
1995 жылы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Заң күші бар "Респуликалық ұлан туралы" Жарлыққа қол қойды. Онда Республикалық ұланның тікелей Қазақстан Республикасы Президентіне бағынатыны және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер құрамына кірмейтіні айқындалды. Республикалық ұлан Елбасы және басқа да күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, жоралғылық рәсімдерге қатысады, тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін аса маңызды объектілерді, ғимараттар мен қызметтік үй-жайларды күзетеді.
Республикалық Ұланның ел ішіндегі беделі жыл сайын арта түсті.Бірақ мерзімдік қызметке алынатын үміткерлерге қойылатын талап қашанда жоғары еді. Бойы 175 см-ден кем емес, шымыр денелі, психологиялық тұрғыдан сенімді, сырт келбеті де келіскен жігіттер ғана алынады. Ол түсінікті де.
Алғашқы күннен-ақ республикалық Ұлан Елбасының тікелей назарында болды. Әскери қызметшілердің айырым белгілері мен киім нысандарының тұңғыш жобаларынан бастап, бүгінгісіне дейін Президентпен келісілді. Елбасы ұландықтармен жиі кездесіп, құрылымның даму барысын тікелей бақылап отырды. Жауынгерлік әзірлігін, техникалық және тылдық қамтамасыз етілуін, жарақталу деңгейін қадағалады. Әскерилер отбасыларын әлеуметтік жеңілдіктермен қамту мәселелерін үнемі назарда ұстады. Қазір де ұландық жауынгерлер мемлекет қамқорлығына бөленген. Соған сай алғашқы жауынгерлік қызмет күндерінен бастап-ақ республикалық Ұланның әскери қызметшілері құрылымның жоғары мәртебесіне сай болуға, Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы қойған маңызды тапсырмаларды сапалы орындауға тырысып келеді.
Алғаш құрылған күннен бастап, осы уақытқа дейін жауынгерлік әзірлік жағдайына, командирлік және жауынгерлік даярлыққа, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысқа, әскери тәртіптің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына, қарулану, техника мен тылдық қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша маңыз беріліп келеді. Бұл салалардың қарқынды дамуы – соғыс және төтенше жағдай режімі кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес әрекет етуге деген жоғары жауынгерлік және шұғыл-қызметтік әзірліктің кепілі.
Республикалық Ұлан ел өміріндегі барлық шешуші үдерістерге белсене араласып келеді. Қазақстан астанасы көшірілген кезде мемлекеттік құрылымдар ішінде алғашқы болып Ақмола қаласына орналасты. Бірінші күннен бастап-ақ ұландықтар үкіметтік мекемелерді, салынып жатқан мемлекеттік инфрақұрылымдарды күзетуге кірісті. Ал қазір Астана және Алматы қалаларында республикалық Ұланның екі бригадасы орналасқан. Олардың жеке құрамы Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы белгілеп берген міндеттерді абыроймен атқарып жүр. Мұның бір дәлелі, 2007 жылы Президенттің күзет қызметімен бірлесіп өткізілген «Қамал» оқу-жаттығулары болды. Жаттығулар барысын Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаев өзі қадағалап, екі құрылымның жеке құрамының жауынгерлік әзірлігіне жоғары баға берді.
Жыл өткен сайын халықаралық аренадағы салмағы артып, беделі өсе түскен Қазақ елінің өміріндегі маңызды оқиғалар республикалық Ұланның қатысуымен өтуде. 2010 жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болған кездегі биік деңгейдегі барлық іс-шараларды, ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге республикалық Ұланның жеке құрамы атсалысты. Сондай тарихи күндердің бірі – 2011 жылғы 8 сәуірде болған Президентті ұлықтау рәсімінде ұландық жауынгерлер мемлекеттік рәміздерімізді Ақорданың ғажайып залына енгізіп, Елбасына Мемлекеттік туды ұсынды.
Бұл – республикалық Ұлан сарбаздары ажарын кіргізіп, қуатын асырған мемлекеттік шаралардың бірі ғана. Өз тарихында Ұлан мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейдегі үш жүзге жуық хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз етуге қатысты. Елімізге сапармен келген шет елдер басшылары сұңғақ бойларын тік ұстаған, келбетіне көз тоярлық ұландықтарға үнемі тәнті болып жатады. Ұландықтардың даярлық деңгейі көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшылары тарапынан жоғары бағаланды. Бұл биік жетістікке рәсімдік бөлімшелердің еңбегі сіңді. Қазақстанның Құрмет қарауылы басқа елдердің осындай құрылымдары арасында танымал да беделді.
Ұлан Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық деңгейдегі биік беделін бекітуге де күш салып келеді. 1996 жылы екі жүзден астам жауынгерлерден тұратын үлкен топ Малайзияға барып, бірнеше қаласында әскери өнер үлгілерін көрсетті. Біздің Құрмет қарауылымыз Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін «Спасск мұнарасы» халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне бірнеше рет қатысып, шеру тарту, қаруды меңгеру шеберлігімен таңғалдырды.
Республикалық Ұлан құрамындағы Президент оркестрі де мемлекеттің айбынын асырып, сән-салтанатын паш еткен үлкен өнер ұжымы. Құрылуы мен қалыптасуына белгілі тұлғалар үлес қосқан оркестрде қазір де дарынды өнерпаздар тобы еңбектенуде. Барлық жанрлардың, түрлі ұлттар мен ұлыстардың музыка үлгілерін жоғары сапада орындайтын ұжым әлемдік сахналарда Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр.
Республикалық Ұлан құрылғаннан бергі 20 жыл ішінде оның қатарында он мыңнан астам сарбаз әскери даярлықтан өтті. Олардың көпшілігі республикамыздың түрлі күш құрылымдарында қызметте. Қандай қызмет атқарса да, олар біздің құрылым қатарында бойларына сіңірген жауынгерлік қасиеттерімен, патриоттық сезімімен ерекшеленіп тұрады.
Бүгінде Ұлан сарбаздары негізгі жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарғанына қоса, отандастарымызға патриоттық тәрбие беру ісіне де белсене қатысады. Ұландықтар Астана қаласының ең үлкен алаңдарында беретін плац-концерттерімен, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға күш салуымен, түрлі шығармашылық байқаулардан топ жарып шығуымен, спорттағы республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен, үлкенге құрметімен, кішіге ізетімен белгілі.
Олар осы уақыт ішінде жас мемлекет қол жеткізген жетістіктердің қадірін терең түйсінеді. Қарқынды даму үстіндегі зайырлы мемлекеттің бір бөлшегі ретінде республикалық Ұлан алдағы күндерге толағай мақсаттар қойып отыр. Жауынгерлер Елбасы мен халықтың қауіпсіздігі жолында аянбай тер төгіп, жоғары әзірлікте болуды көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |