Эссе
Тақырыбы: «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен жұмыс ерекшелігі»
ХХІ ғасырдың білім беру саласындағы бір жетістігі - инклюзивті білім беру аясы кеңейіп, дамып келеді. Өйткені, өкінішке орай, ерекше білімді қажет ететін балалар саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан арнайы мамандарға деген сұраныс та көп, талап та жоғары. Дегенмен, мамандардан бұрын мұндай жағдайда отбасын, соның ішінде ата-ананы дайындау қазіргі қоғамның мойнына салынған салмақ десе де болғандай. Өйткені, осы уақытқа дейінгі тәжірибемде баласының ерекше білімді қажет ететінін мойындағысы келмейтін ата-аналар жиі кездесті. Ата-аналар сау баланың дүниеге келуін күтетіндіктен, ерекше баланы қабылдауға даяр болмайды, оны тәрбиелеуді ұйымдастыру бағыттарымен мүлдем таныс емес. Ерекше балалары бар отбасыларының проблемалары мен кезігетін қиындықтары бірдей. Отбасы-бала үшін маңызды әлеуметтендіруші фактор, оның ықпалы өзге қоғамдық орталардың ықпалынан анағұрлым жоғары. Сол себепті ата-аналарды психологиялық қолдау, дайындау бірінші орында тұруы тиіс. Арнайы маманның ұсыныстары ата-анаға өз баласын жақсы түсінуге көмектеседі, онымен өз қарым-қатынасын құруды үйретеді және оған қоршаған өмірде толық бейімделуіне көмектеседі. Ол үшін ата-аналарды мамандармен бірлесе отырып әркет етуге дайындау қажет және ол көп уақыт пен төзімділікті қажет ететінін ескерген жөн. Сонымен қатар, ата-аналардың мамандармен бірлесіп жүзеге асыра алатын жұмыс көлемін анықтау керек. Мамандар ата-аналарды өз баласымен ынтымақтастықтың психологиялық - педагогикалық технологияларына, оны түзете оқытудың және тәрбиелеудің тәсілдері мен әдістеріне үйретеді, сондай-ақ оларға психологиялық қолдау көрсетеді. Өйткені, ата-аналар біртіндеп жүретін ұзақ процестен нәтижесіз күш жұмсадық деген көзқараста болуы мүмкін. Сондықтан ата-анаға психологиялық көмек көрсете отырып, өз баласының ерекшелігін түсініп, түзету жолында сауаттандыру - қысқа мерзімде жоғары нәтижелерге жетудің негізі. В. А. Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда «Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында педагогтер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін».
Достарыңызбен бөлісу: |