Тал шыбықтай қарындасым, Ісің алға арындасын



Дата07.07.2016
өлшемі60 Kb.
#184027
`Қарындасқа
Тал шыбықтай қарындасым,

Ісің алға арындасын.

Ағалаған сөзіңменен

Ұмытылмай жанымдасың.


Бүгін туған күніңде

Тілек айтсам күлімде.

Жақсылыққа құмар бол,

Жаманатқа ілінбе.


Биік болсын арманың,

Құдай Ие – қорғаның.

Сеніміңе берік бол,

Жығылсаң да орға мың.


Рут, Естерлер сияқты,

Адал қыз бол ұятты.

Көреген бол, көсем бол,

Шалатұғын қияқты.


Ұзақ болсын жасың да,

Дос боп кетсін қасың да.

Бес балықтай көбейсін

Ішіп–жеген асың да.


Көктегі үйге апарар

Адамдарға саты бол.

Иса Мәсіх Иенің

Жерде жүрген хаты бол.



Ағаға

Барын жайып алдыға

Аңқылдаған ағажан.

Алмас қылыш секілді

Жарқылдаған ағажан.
Қамын ойлап туыстың

Көп уайымдап жүресіз.

Шайын ішіп келіннің

Ағайындап жүресіз.


Бауырларды тату ғып,

Ақыл айтар өзіңсіз.

Қалай өмір сүрер ек

Сіздің алтын сөзіңсіз.


Бала–шаға, жеңгеймен

Армандарға жетіңіз.

Мойынсұнып Құдайға

Шүкіршілік етіңіз.


Құда–құдағиға

Құдай қосқан құдамыз,

Сыйласып–ақ тұрамыз.

Тәңірден не тілесең,

Қабыл болсын дұғаңыз.
Аман болып шаңырақ,

Немерелер көбейсін.

Көсегеңіз көгеріп,

Керегеңіз кеңейсін.


Құда деген мың жылдық,

Дейді халық нән қылып.

Құтқарылсаң құда боп

Отырар ек мәңгілік.



Жиенге

Нағашылап келесің,

Анда–санда, жиенім.

Мінезің бар тым ерке

Асауындай биенің.
Ел емес не жау емес,

Дейді қазақ жиенді.

Сұрайды деп қорқады

Жалғыз ат пен түйемді.


Қалауыңды ала ғой,

Аямайын өзіңнен.

Жанымызды баурайсың

Балдай тәтті сөзіңмен.


Айналайын, жиенім,

Самуилдей бала бол.

Құдай сөзін тыңдайтын

Ақылды да дана бол.


Құрдасқа

Зымыран ғой қу уақыт,

Аға боппыз екеуміз.

Артымызға қарасақ,

Күрең тартқан екенбіз.
Құрдас, осы екеуміз

Айырылмас достар ек.

Інілерге үлгі боп,

Талай істі бастап ек.


Бірақ, досым, екеуміз

Бір нәрсені білмеппіз.

Құдай жайлы айтқанда

Құлаққа да ілмеппіз.


Тәңірменен екен–ау

Бұл өмірдің бар мәні.

Құтқарылса дүйім жұрт –

Сол досыңның арманы.


Туған күнің бүгінгі

Құтты болсын, құрдасым.

Шірімейтін байлық жи,

Иса болсын сырласың.


Рухани бауырласқа

Тар жолды таңдаған

Рухани бауырмыз.

Ақымақ дейді жұрт,

Ал біздер тәуірміз.
Құдайға бас иіп,

Сиынып келеміз.

Шірімес асылға

Айналар денеміз.


Сынақта сыналып,

Жығылдық, бір тұрдық.

Алдыға жоспарды

Кеңесіп бір құрдық.


Жолы бір бауырлас,

Туыпсыз дәл бүгін.

Тілегін қабыл ал

Мәсіхші аулының.


Мәуелі ағаштай

Мол болсын жемісің.

Арамшөп қаптамай,

Жайнасын егісің.


Садағың, қылышың,

Қалқаның сай болсын.

Рухани дүниең

Молайып бай болсын.


Адасқан ұл едің,

Әкеңмен қауыштың.

Қол жайып дұға қып,

Мұңыңды тауыстың.


Сол Әкең қарсы алсын

Көктегі үйіңде.

Той жасап шаттансын

Жар салып дүйімге.


Бөлеге

Бөлем үшін өлем деп

Қазақ бекер айтпайды.

Нағыз бөле бір–бірін

Жауға тастап қайтпайды.
Сондай бөле сен едің,

Адалдығын танытқан.

Тілін алып үлкеннің,

Жақсы сөзге қаныққан.


Бүгін туған күніңе

Ізгі тілек тіледім.

Жаратушы Тәңірім

Өзі болсын тірегің.


Жеңгеге

Су орнына сүт берген

Мейірімді жеңешем.

Ұмытпаймын ешқашан

Пейіліңді, жеңешем.
Мойын болып ағама,

Тіреу болған жеңешем.

Көп ішінен бөлініп,

Біреу болған жеңешем.


Бүгін туған күніңіз,

Айдан сұлу жеңеше.

Күн де артық болмайды

Өзіңізге теңесе.


Иса Мәсіх анасы

Мәриямдай болыңыз.

Құдай көктен жарылқап,

Ұзарса екен қолыңыз.


Енесіне тым адал

Рут сияқты келінсіз.

Құдай Ұлын қабылда

Ақы–пұлсыз, тегін сіз.


Сіңіліге

Бір анадан сүт емген

Соңымдағы сіңілім.

Тірегі бол әрдайым

Әке, бауыр, інінің.
Қайын жұртты қашанда

Туғаныңдай көре біл.

Алудай–ақ алсаң да,

Берудей–ақ бере біл.


Қайын ене, атаңды

Пайғамбардай сыйлай бер.

Кірін жуып, шәй беріп,

Көкке байлық жинай бер.


Жарыңды аса қадірле,

Пікірімен санасқын.

Қайын іні, сіңлінің

Көңілін тауып, қарасқын.


Ханнадайын ана бол,

Тапсыр бәрін Құдайға.

Киім тігіп балаңа,

Білгін көрпе құрай да.


Бүгін туған күніңде

Жарылқасын Құдайым.

Жүрегіңнің аңсауы

Орындалсын лайым.


Қайын ініге

Жігіт деген қалайша

Таза жолмен жүреді?..

Жақсы жігіт мұндайды

Айтқызбай–ақ біледі.
Таза жолды тілейін,

Ерке қайын ініме.

Тағы да не айтайын

Бүгін туған күніңе.


Күнәні жең, батырым,

Мықты болсаң көрейін.

Ақ батаға кенеліп,

Таси берсін мерейің.


Көршіге

Көрші деген жай атымыз,

Ағайын боп қалыппыз.

Жатырқамай құшақ жаяр

Қазақ жайсаң халықпыз.
Бала–шаға бір ойнап,

Ауылымыз аралас.

Мал–жанымыз бір төлдеп,

Қой–қозымыз қоралас.


Бүгін туған күнім деп,

Шақырыпсың үйіңе.

Дос–жараның құрметтеп,

Үлгі алсын сүйіне.


Берік болып босағаң,

Бейбітшілік орнасын.

Жаратқаның жар болып,

Жамандықтан қорғасын.


ҚАУЫМДАҒЫ БЕТАШАР

Ау, ағайын, ағайын,

Бір кәдеңе жарайын.

Бетін ашып келіннің

Көрімдігін алайын.
Қуаныңдар, бауырлар,

Той басталды ауылда.

Әппақ келін топ етті

Бүгін біздің қауымға.


Алғыс саған, Құдайым,

Сенен бата сұрайын.

Тағзым еткін, келінжан,

Мен куә боп тұрайын.


Ақ келін–ау, ақ келін,

Жолдасына шақ келін.

Тәңіріңе сиынып,

Бұл қауымға жақ, келін.


Ақсақал бар қауымда

Мызғымайтын дауылға.

Олардың ал батасын

Ұқсас нөсер жауынға.


Олар сенің қайын атаң,

Бес қаруын сайлаған.

Құтқарылсын елім деп,

Болашағын ойлаған.

Қайын аталарың ... бір сәлем!
Әжейлер бар таптырмас,

Бос ыржаңды жақтырмас.

Олар саған анаң боп,

Қанаттыға қақтырмас.


Сынағынан сүрінбе,

Шайын құйып күлімде.

Рут сияқты келін бол,

Жаманатқа ілінбе.

Қайын енелерің... бір сәлем!
Қой–қозысын баптаған,

Бақташың да жақсы адам.

Әйелдерге орамал

Тастама деп қақсаған.


Ерінбесең, келінжан,

Бақташыңа бір сәлем!


Көпті аузына қаратқан,

Ізгі хабар таратқан.

Құдай сені жарылқап,

Қайын аға жаратқан.

Қайын ағаларың... бір сәлем!
Абысындар–ажындар,

Құдай сөзін қазыңдар.

Өсек айтпай өзара

Иса жайлы жазыңдар.

Абысындарың ... бір сәлем!
Қайын әпке қандай–ды,

Көңілге кір салмайды.

Тілекшің боп қашанда

Оразасын қармайды.

Қайын әпкелерің... бір сәлем!
Келінжан–ау, қайын інің –

Таптырмайтын байлығың.

Тентек болса түзетіп,

Иемізге сайлы қыл.

Қайын інілерің... бір сәлем!

Жүретұғын жеңгелеп,

Қайын сіңілі бір бөлек.

Оған көйлек тігіп бер,

Қос етегін бүрмелеп.
Забур жырын оқытып,

Үйрет кілем тоқытып.

Жаттата бер аяттар

Әр жерінен шоқытып.

Қайын сіңілілерің... бір сәлем!
Келін, келін, тыңдай ғой,

Жарыңды аса сыйлай ғой.

Берік болып сенімде,

Көкке байлық жинай ғой.


Сәлем–сауқат бітпесін,

Халқым да көп күтпесін.

Көпшілікке сәлем бер,

Қадамыңды құп десін.


Енді маған сәлем бер,

Шаршасаңыз әрең бер.



Бетіңізді ашайын,

Қауым және әлем, көр!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет