ЖАРАПАЗАН
Жарапазан қалаға жақын ауылдардың өмірінен өшіп бара жатқан салт болатын. Тіпті менің бала күнімде де жарапазан айтып келгенді естімеппін. Әке-шешеміз әңгіме қылатын, оқып білдік. Бірақ қандай әуенмен айтылады, тәртібі қандай, ол жағын анық елестету қиын болды.
Мұғалімдердің ішінен Шымкент жағында өсіп, жарапазанды көзімен көргендер табылды. Бірақ әуенін есіне сақтамаған. Жандосов ауылында бір жылдары жарапазан айтып байқаған екен. Ондайды «мәмбетшілдік» көрген ауыл бұзықтары ұрып кетіпті. Содан бері шығуға қорқып қалған.
Ораза айы келді. Әуелі оқушыларға отыз күн оразаның мәнісін, тұтуға-тұтпауға жататын жағдайларын, арабша сүресін, одан соң жарапазанды түсіндіріп дайындадық. Мәтінін жаттады. Қолымызға мәтінді алып, үзілістерде, реті келе қалған сәттерде мұғалім болсын, бала болсын – бәріміз қосыла қалып, айтып жүрдік. Не керек, дайын болдық. Бұл әрекетімізден ауыл хабарсыз еді.
Оразаның соңғы он күні қалғанда, көктемнің ери бастаған, әлі ызғарлы күндерінің бірінде түнгі сағат 10-да мектеп жанына жиналдық. Алаламау үшін бір көшенің басынан түсіп, шетіне шейін шықпақшымыз. Алдымызда – Самал мырза баянмен, оқушы Бұлан мен Бағылан мырзалар домбырамен, одан соң – өзім, Бекболат мырза, Зиба бике, Бақытжан бикелер, он шақты ұстаздар. Соңымызда «бойлары бір қарыс, сақалы қырық қарыс» отыз шақты оқушы. Бір үйдің терезесінің түбінен өлеңді қоя бердік. Тым-тырыс. Бір кезде жанып тұрған шам шалп етіп өше қалды, есікті қаттырақ бекітіп жатқаны байқалды. Екінші үйдің адамдары үркіп: «Бұл не?» дегендей, таңданыспен есік алдына өздері шығып қарады. Әнші топ тыңдаушының табылғанын көрген соң серпіліп, баян мен домбыраның екпінді үніне қосылып шабытпен шырқап кетті:
Жарапазан айтамын есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсің бесігіңе,
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Батыр болсын, бақ берсін несібіңе.
Ақ тауық, қызыл тауық қырман шашар,
Осында бір жеңгей бар теңге шашар.
Теңгені шашпай-ақ қой, қолыма бер,
Қасымда қу жігіт бар ала қашар…
Аузы ашылып тыңдап қалған көршілер бір кезде: не айтарын білмей ыңғайсызданып, «Үйге кіріңіздер», «Рақмет, Рақмет…» – деп алақанын жайды. Әйел адам есін жиып, жүгіріп үйіне кіріп кетті, қайта шығып, балаларға қарай қағазға оралған кәмпиттерді шашып жіберді. Балалар салмақпен еңкейіп жинап алды. 6-оқитын Айдарбек мырза жүрелеп отыра кетіп, бата берді. Әумин!
Келесі күні Ораз Жандосовтың немере қызы Күлиса апайдың үйіне келдік. Әндетіп тұрмыз. Бір кезде үйге кіріп айтсын деген хабар келді. Дәлізге кіріп қайта айттық. Біраз тыңдап болған соң, ішіне шақырды. Апай сырқаттанып жатыр екен, бас жағында тұрған бізге ризашылығын білдірді де: «Әуендеріңді жөндеу керек. Бұрын басқаша болатын. Айтып беруге қазір шамам жоқ. Кейін...– деді. Біз қуанып, магнитофон әкеліп, жазып алмақшы болдық.
Жарапазанды 4-5 күндей айттық-ау. Хабарланған үйлер жылы қарсы алып, балаларға үйреткеніміз үшін рақметін айтып жатты. Ол ауылда балқарлар көп тұрады. Баяғы заманда Каспий мен Арал маңынан Еділді кешіп өтіп, Қапқаз асқан түркі ұрпақтары, бауырлар ғой. Қазақша таза сөйлейді. Ата-баба салтын, мұсылманшылығын жақсы сақтаған. Бір балқар үйіне жарапазан айта барғанымызда, алдымыздан қарсы алған әйел көзіне жас алды: «Бұл бір ұмтылған, сағынған салтымыз еді. Есімізге түсірдіңдер. Естіп қуанып жатырмыз», – деді. Сонда барып, біз балаларды тәрбиелейміз деп жүріп, байқамай, ауылды да ұмытылған салтымызға «тәрбиелей» бастағанымызды аңғардық.
Түннің ортасына қарай жарапазан бітеді.
Дорбаны ашып, балалардың қалтасын тәттіге толтырамыз. Бұл да – көрмегенге таң, көргенге қызық, бастан кешкен күндер.
КОНЦЕРТ
Мұғалімдерді балалардың көз алдында қатал сабақ берушіден аға досқа айналдыратын құрал – бірігіп шығармашылық жұмыстарын атқару. Жалпы, біз сабақтан тыс уақыттардың көбінде өз отырыстарымызда, қыдырыс, демалыстарымызда да балаларды қасымызға алып жүріп, бірге болуға тырыстық.
Алдымен, мұғалімдер ішімдікті тоқтаттық. Содан соң-ақ, өміріміздің базары балалар бола бастады. Баяғының ұстаздары шәкірт тәрбиелегенде жанынан тастамайды екен. Шәкірт ұстазының әңгімесін, тірлігін, қуаныш-мұңын, қайғысын – бәрін көру арқылы тәрбиеленеді. Қазақтың шалдарының тізесіне сүйеніп отырып, тіпті кітаптан ала алмайтын талай дағдыны меңгерген. Сөз саптауды, кісілік-парасатты меңгерген, қазақы қалжыңды үйренген. Жүйелі сөз бен қорқақтықтың қадірсіздігін пайымдаған. Кісі сыйлаудың жөн-жосығын көзімен көріп отырған. Өз халқымыздың салтынан ажырап, отырысқа арақ, былапыт сөз, орынсыз әрекеттер араласқан соң, балалар шеттетілді. Бөлек бөлмеге қамалды. Кісілікті тым аз көретін болып қалды. Бұл да дәстүрлі тәрбиені тоздырудың амалы еді.
Оқушылар мен мұғалімдер бірігіп дайындаған бір үлкен концерт бәріміздің есімізде қалды. Ауыл да ауызынан тастамай жүрді. Әншейінде ықыластана қоймайтын өнерпаздарды көрсең.
Бірінші болып сахнаға ұлттық киіммен домбыра ұстап, директордың өзі шықса. Мұғалім мырзалар қыздарша киініп алып, «Тамашаның» рөлін орындаса. Бибілер мен бикелер қойылым жасап, ән айтып, билеп жатса, «ұрыста тұрыс бар ма?» Оқушылар одан асып түспесе де, терлеп-тепшіп, өз міндеттерін тамаша атқарып шықты. Қызық болғанда, концерттің беделін көтеру үшін шақырып, соңына таман шығармақшы болған Сәуле (Жанпейісова) қызымыз сахнаның сыртында күте-күте шаршап, кезек әрең тигенде: «Туһ, кәсіби әртістердің өзі бір жарым сағат концерт қоюшы еді, сіздерге, міне, үш сағат болды ғой», – деп күлді. Өз өнерлеріне риза болып, уақыттың қалай тез өткенін аңғармай, қуаныштан екі беттері бал-бұл жанған оқушылар мен ұстаздар «Шынымен бе?» – деп, сағат сұраса бастады. Сөйтсек, қызық-ай, үш сағат бойы концерт қойыппыз.
Содан соң концертімізді шақтап, қырнап, кеңшардың орталығына, Ұзынағашқа дейін апарып көрсеттік. Ептеген "табысымызды" бөліп алып, жыртық қалтамызды жылытқан болдық. Бәрінен де сахнаның сыртында тұрып, ортақ істің жақсы шығуы үшін жанашырлықпен сыбырласқандарымыз, бірімізді-біріміз киіндіргеніміз.
– Ләйлә бике, көйлегіңіздің етегін тигізіп алмаңыз.
– Самал мырза, сырнайыңыздың қайысы түсіп кетпесін.
– Айдарбек мырза, сөзіңізді тағы бір қайталап қойыңызшы.
– Бекболат мырза, арқаңыздағы шашыңыз мықты ма?
– Қорықпаңыздар, бәрі тамаша!
Шүпір-шүпір, сыбыр-сыбыр дыбыстар, дың еткен домбыра, зың еткен мандолина, сыңқ еткен күлкі тағы-тағылар бәрімізді бір мүддеге бағындырып, бір адамға айналдырғандай еді. Көрерменнің ду-ду шапалағы мен ұстаздардың сенімі тіпті бұйығы балалардың да көңілін судай тасытты. Сахна түгіл өз құрдастарының алдына шығуға ұялатын балалардың бірте-бірте ашылғанын көру қандай қуаныш!
Достарыңызбен бөлісу: |