Терең ой мен ақылға айтамын дат
Әлемдік тіл ғылымына аты мәлім болған В. Фон Гумбольдтың тіл философиясы туралы айтқан идеяларының бірі тіл мен ұлттық мінездің арасындағы қарымқатынас болатын. Қазіргі таңда тіл адамдар арасындағы қарымқатынастың құралы ретінде көрініс табатын қызметтің көрсеткіші деп бағаланады. Басқаша айтқанда, тіл қарымқатынас құралы болу үшін, сөйлеушілердің ырқынан тыс бір жерде сақталып тұратын нәрсе емес, керісінше, оны қолдану барысында туындап, жаңарып, жасарып отыратын динамикалық дамудағы шығармашылық қызмет. Тілге қолданыс керек, қолданыста болатын тіл ғана дамиды, жаңарады, жасарады. Тілдің жаңаруы мен жасаруы дегенде біз сөз мағыналарының дамуын, көпмағыналылықтың жаңа сөзжасамдық мағынаға ұласуын, сөз қолданысындағы әртүрлі метафоралық, метанимиялық мәнді, сөз тіркесімділігіндегі сәтті логикасемантикалық уәжді байланыстылықты меңзейміз.
Шаһкәрім шығармашылығыныдағы басты қағида, негізгі концепция – ойлану мен ақыл. Ақын сезім ағынына бой алдырмайды, дәлелсіз нәрсеге сенбейді. Сондықтан:
Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,
Терең ой мен ақылға айтамын дат.
Пайғамбар, әулие айтты деседағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат, – деуінен дала қазағының танымдағы еркіндік табиғатын танимыз. Ой еркіндігі санасында сіңіп, ішкі болмысының нәрінде тұнбаса, мұндай сөзді қанша данышпан болса да айта алмас еді. Алланың, Шынның құдіретін тануға ұмтылып, ойын өзгеге ноқталатпаған еркін кемел адам ғана осылай нақпа-нақ айта алар болар. Ақын үшін бастағы көз, құлақ бар, көкіректегі көз бар. Бұлар бір-бірінен бөлек. “Дат” сөзінің қолданысы да ерек. Әдетте “датты” – субъект адамға қатысты, көбінесе, патшаға бағыттап айтса, Шаһкәрімдегі қолданыста дерексіз ұғымға қатысты жұмсалады. Өзінің терең ойы мен ақылына дат айтылады. Біздіңше, сөздің бұлайша қолданысы ақынның өз идиостилін танытады.
“Ақыл” лексемасының қарапайым индивид санасында шындық болмыстағы құбылыс ретіндегі қабылдануы үлкен концептік жүйені анықтайды.
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Ол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Шаһкәрім “ақылды” жарық нұр ретінде таниды. Ақыл моральдық сана ұғымы, танымдық және аналитикалық қабілет. “Мұсылманның кереметі – дін, адамгершілігі – ақыл, абыройы – жақсы ахылақ” Әбу Һұрайра (р.а) Пайғамбардан (с.а.у) риуаят еткен хадисте айтылады.
Т. Шаңбай “Ұғым мәдениеті” атты зерттеуінде1: “Ақыл, Шәкәрімнің философиялық трактаты “Үш анық” пен көркем философиясы, яғни поэзиясында ең көп қолданыс тапқан метакатегория” – деп жазады.
Ақын шығармашылығынан таңдалып алынған мәтіндер көрсеткендей, “ақыл” ұғымы семантикалық деңгейде субъект рөлінде де, нысандық (объект) қалыпта да қолданады. Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр – сөйлемінде ақыл – субъектілік, ерекше қызметтік сапада.
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа ол да көнбек.
“Таза ақыл” жанды затқа ұқсатылып өзіндік бір кейіпкер бейнесіне енеді. Мәтіндегі сөз мағынасының құрылымында метафоризация болып, “ақыл” сөзі поэзиялық қолданыста авторлық шешіммен жаңа мазмұнда көрініс табады. Адамзалымның бойынан “адал еңбек, ақ пейіл, мейірім” таппай, қиянатқа көне отырып, ақыры өледі.
Сөз атом сияқты көпвалентті бола алады, өзге сөзбен тіркеседі, өзіне тіркестіреді, байланысады. Ақын өлеңдерінде “ақыл” сөзі де көпвалентті болып, әр алуан тіркес құрайды, ой иіріміне орай алуан түрлі мағыналық құрылым жасайды: жанды ақыл, таза ақыл, арлы ақыл, толық ақыл, терең ақыл, анық ақыл, сау ақыл, саяз ақыл, шын ақыл, еркін ақыл, жайлы ақыл, арақақыл, масақыл, ақылды зат, ақылды жан, ақылайна, азат ақыл, ақылдың шолғыншысы, ақылыңа сынат, өлшеусіз ұлы ақыл, ақылдан ойға сыр тарау, ақыл қарауында болу, науқассыз сау ақыл, ақыл көзі, толық терең ақыл, есті ақыл, ақылнұр, ақылға сынат,ақылың сезеді, ақылым болды сырласым, ақылым соның сырын тап деп отыр,ақыл қабыл алмаса,ақылға билетпеген пенде – айуан т.б. Келтірілген әрбір атаулық тіркес пен еркін тіркестердің ішкі мағыналық, мәндік байланысы мен ұғымдық уәжділігі бар, ал мұның өзі мәтінге сай тек коммуникативтік міндеттен ғана туындамайды, сонымен бірге көркемдік, эстетикалық талғаммен таңдалып, тұнық ойдың бастауына жеткізеді.
“Ақыл” сөзі арқылы жасалған осынша авторлық атаулық тіркестердің уәжінде ақынның дүниетанымы мен көзқарасы жатыр. Өзін қоршаған шындық болмысты санамен танып, оған деген субъективті көзқарасын қалыптастырып, оны сөзбен таңбалау барысында, негізінен, узуальдыға жатпайтын бірліктердің, яғни окказионализмдердің мағынасы арқылы бұрын әдеби тілде қолданыста болмаған жаңа ұғымдарды уәждеуші жаңа атаулар мен атаулық тіркестер пайда болды. Таза ақыл, арлы ақыл, толық ақыл, анық ақыл, сау ақыл, саяз ақыл, шын ақыл, еркін ақыл, жайлы ақыл сынды тіркестер де, олардың беретін мағыналары да әдеби тілімізде бұрын қолданыста танылмаған, авторлық ізденіс пен танымнан туындаған тұлғалар. Бұл тіркестер жеке ұғымды анықтағандықтан жай еркін тіркестер ретінде емес, окказионалдық мағынадағы атаулық тіркестер ретінде танылады.
Арақақыл, масақыл сияқты бейузуальды сөзжасам, біріншіден, тіл жүйесінің мүмкіндігін ашып берсе, екіншіден, сол мүмкіндіктің шегін де анықтайды. Тілдік шығармашылықтың басқа түрлеріне қарағанда, сөздердің тұтасуы окказионалды және болуы мүмкін сөздерді жасаудың өнімді тәсілі ретінде ойды толық жеткізуге ұмтылған адамның басты когнитивтік қабілеттерін пайдалануға негізделген. Бұл тұтасқан сөздердің графикалық қысқалығымен және мазмұнының толықтығымен түсіндіріледі.
Окказионалды тұтасулардың жасалуы ойдың барша тереңдігін жеткізуді мүмкін ететін алдын-ала есептелген когнитивті әрекетке жатады. Сау ақыл, ақыл көзі, толық терең ақыл, есті ақыл, ақылнұр тұлғаларының жасалуы ақылдың қасиеті мен мәнін терең танудан туған танымдық мәні терең ұғымдарды анықтау барысында жасалған тілдік таңбалар
Табиғи тілде жаңа номинативті атаудың жасалуы да, мағыналық тұтастыққа жеткен сөздер коммуникативтік әрекет кезінде жиі пайда болып жатады. Олардың аз бөлігін ғана тіркеп, сипаттауға болады. Адамның когнитивті қызметіндегі сөздердің мағыналық тұтастығының болуы тіл-тілде заңды құбылыс ретінде танылады. Мұнда сөздің мағыналық тұтасуының жалпы когнитивті кеңістігі болып табылатын сөйлеу тұтастықтары сипатталады.
“Ақыл” сөзі арқылы жасалған атаулық тіркестер негізінен айқындауыш мүшемен (сын есім) тіркесу негізінде есімдер арқылы көрінетін алдын-ала мағыналық тұтасулар шеңберінде экзоорталық және эндоорталық тіркестерде жүзеге асады. Сөз мағынасы контексте сан құбылып, әртүрлі мағынаға ие болады, қолданысқа қарай сөз сипаты өзгеріп, ерекше семаға ие болады.
Поэтикалық сөз – нақты, затты. Автор өз көзқарасын боямасыз жеткізер тұста сөздің өткірлігінде шек жоқ:
Айла, күш – айуандықтың ең жаманы.
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес,
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.
Құр айтқанмен қолынан түк келмейді.
Ақ жүректі таза адам болса кем-кес.
Шындықты дәлелдей алмау, болғанды болды деп сендіре алмау – бек мүмкін нәрсе, өйткені айлалы қу мен сұрқия істің шебері сұмның күші ерен. Сондықтан да мұндайда ақын тілі нақтылықты көздейді, метаморфозасыз, метафорасыз, боямасыз жазады. Ой мазмұны – анық, нақты.
Салыстырып көрелік, жоғарыдағы алты жолда барлығы 30 сөз бар; оның ішінде: зат есім – 14, сын есім – 4, етістік – 8, сан есім –1, үстеу – 3.
Айла, күш, айуандық, боқ, боқ, ел, ар, зұлымдық, жалған (дүние мағынасында) әділ, ғылым, қол, жүрек, адам сөздерінің бәрі тура, негізгі мағынасында жұмсалған. Нақтылық – өмір тәжірибесі. Нақтылықты нақты денотаттық атаулармен таңбалау, шындық өмірдің өзін көрсетуде таптырмас құралға айналған. Бұл да – үлкен көркемдік шешім.
Бастысы, ақын мұнда “ар түзерлік бір ғылым” іздейді. Тағы бір “... ға жауап” атты өлеңінде:
Еңбекпенен,
өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл,
қайнар өмір,
Ар білімі оқылса, – деп жазады.
Еңбекпенен, өрнекпенен ойға тоқылған өнер – бұл ойды, нәпсіге құл болған сананы өзгерту туралы тұжырым. Ары нәпсіні жеңсе, қорлықтан, құлдық санадан құтылатын жол бар. Бұл жолды Шаһкәрім осы өлеңінде анық нұсқайды, ол – ар білімін оқыту. Ақын өлеңін бастап оқысаңыз, оның қай заман үшін де ескірмейтінін аңғарасыз:
Жойып,
зорлық пен қару жолдауды,
Қойып,
Күндестік, мақтан, алдауды,
Ерді
Адалдық жлға бастайтын,
Елді
Арамдыққа әсте баспайтын.
Басшы адам қойылса ...
Түркі ғылымы мен санасында ӘлФарабиден басталып, Ж.Баласағунимен жалғасып, Абаймен дамытылып келе жатқан ежелгі толғаутаным осы. Шаһкәрім осы идеяны жалғастыра келе “ар білімі” оқылса деген ұсыныс айтады.
Сөз өнерінің бір құдіреті – уақыт атты ұлылықтың өзін игере алуы. Нағыз суреткер осындай құдірет туғыза алады, сөйтіп өзі өмір сүрген уақыт ширегінен асқақтай көтеріліп, өзінің көркемдік әлемін жасайды, поэтикалық уақыт ұғымын туғызады. Осындай көркемдік самғау Шаһкәрім шығармашылығында мол кездеседі.
Ақын сананың мүлде ерекше заңдылықтарын анықтау үшін ерекше көркемдік тәсілдер қолданған. Бізге табиғи болып көрінетін нәрсенің бәрі – біздің әлем туралы түсінігіміз, білім мен күнделікті тәжірибеміз, қалау мен таңдауымыз – мұның бәрі қоршаған шындықпен жанасады және оларда оның ізі қалады.
Ал Шаһкәрім ақын батыл қадам жасап, осындай табиғи түсініктерден ары асып, санаға сыртқы әлем әсер етпейтін шекараға дейін барады. “Жарымды жаным сүйді, сүйе алмау тәнім күйді” өлеңін алыңыз:
... Уайым жоқ, табылды арман,
Түсіп сәуле асық жардан.
Көтерді пердесін әбден,
Қызыл гүлім ашылған шақ.
... Қара көзі түсіп ойға,
Әсері жайылып бойға,
Тұрғандай шақырып тойға,
Бойымда жоқ сабыртұрақ
Ерніңде қиын сыр бар,
Жаным соған тым ынтызар.
Сүйейін дейтұғын шығар,
Лайық па екен денем, бірақ?
Бұл Шаһкәрімдік жанның, ақ жүректің табиғи сипаттағы нақтылы әлемді, барша білімді, заттарды, адамдарды, ғылымдарды, сырттай телінетін сызбаларды, ойлаудың қалыпты жолдары мен жүйелерін ойыннан шығарып тастайтын ерекше процедурасы. Жанның Иемен, Мәнмен, Жармен кездесу сәті. Тән аулақта қалады да, жан иеге барады. Мұны медитация дейсіз бе, сопылық сарын дейсіз бе? Нәтижесінде ақындық поэзияда ғылыми өңдеуден өтпеген болмыстың ерекше түрі, сананың әуелгі тәжірибесі ретіндегі өлең қалады. Бірақ бұл біздің түсінігіміздегі табиғи ұстанымнан бас тарту ма, әлде ойдан шығарылған әдіс пе? Шаһкәрім үшін бұл саналы ойдан шығарылған әдіс. Сондықтан да мұндай әдіс автордың бірнеше өлеңінде қолданылады.
Жар қанжары маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.
Талай асық жаралсын,
Жар ағызған қанымнан,
Жер жүзіне таралсын,
Жүрегі таза есті жан.
“Қырық жылдан өтіп жасым” атты өлеңде бұл тәсіл жақсы көрініс тапқан:
Жарымның нұрын жанып,
Тәнім көмір боп қалып,
Жүрегімді жарып алып,
Ағызды, арамын, насын.
Сопы, молда, поп, пір, патша, ұлық, би, нашардың еңбегін жегендер, арам дос, өнершіл, келіншек, еркек, әділеттің атын сатқандар т.б. бәрінің де нәпсінің қалай құлы болғанын, жанының қандай қара екенін тәптіштей жазып, “Астапыралдасын” айтып отырады. Біз білеміз деп есептейтін заттық әлемде бұлай болмайтынын білсек те, ақын сөзіне иланасыз. Күнделікті тіршіліктегі жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен махаббаттың, айту мен істеудің арасын ойша салмақтап, “ақылға салып барып”, амалсыз бас изейсіз.
Осының негізінде жатқан “көру” мен “көре алмау” концепті екеніне көз жеткізесіз. “Көру” концепті арқылы – тану, білу, сезу, ұмтылу ұғымдары қалыптасса, “көре алмау” концепті арқылы – қызғаныш, жек көру, білмеу, сезбеу, ұмтылмау ұғымдары кісінің адамдық келбетін бұзып, нәпсінің еркіндеуіне жол ашады. Яғни “көру” – таза ақылмен тікелей байланысты ұғым. Осыны бек түсінген Шаһкәрім ақын көкірек көзімен көргенін баян қылады:
... Беріп жатыр тілегімді,
Тазартқан соң жүрегімді,
Деді: “Ұстат білегіңді”.
Дедім: “Қайда апарасың”
“Адамзаттың қылар ісін,
Иманын, ары, нәпсісін,
Жарамын, көрсетем ішін,
Ниеті мен ішер асын.
Адам баласының бұл дүниеде жасаған нәрселерін, ниетін “ішін жарып көрсету”. Біз осындағы “көрсету” етістігінің жұмсалуына ерекше назар аударған болар едік. Шынында да, жеке адамның араздығынан бастап, ер мен ердің, ел мен елдің арасында болып жататын іріліуақты даужанжалдың бәрінің болуының басы себебі – көре алмаудан шықпай ма? Көре алмау қызғанышты туғызады да, содан ары қарай қаулаған өрттей жылжып жүре береді. Шаһкәрімдік “Мен” жүрегін тазартып, Жар нұрына ілесе отырып, нәпсіге ергендердің істегенін, ниетін көреді. Көргенін көпшілікке айтады. Өлеңді оқып шыққан соң, айналамызда осындай жоқ па, осыны мен істемедім, білмедім дер жан табыла қояр ма?
Шаһкәрім заттық әлемнің санаға тән емес заңдары мен категориялық қатынастарын бейнелеп, болмыста білінбейтін, ғылымда танылмаған, бірақ ешқашан ешкім жоққа шығара алмаған біздің санамыздағы бар ақпараттармен өлшенбейтін жаңа бір өзіндік әлеммен тілдеседі. Жан арқылы ЖАР нұрымен тілдеседі. Біздегі сондай үстірт санадан, сананың ерекшелігін көмескілейтін қабаттан арылу арқылы шынайы, таза санаға баруға болады дегенді көрсетеді. Мұнда жерде субъект-объект антитезасы, себептілік, мүмкіндік пен шындық, өткен мен болашақ заңдары болмайды. Таза сана барлық нәрсе өзара байланысатын және әрбір феноменде өзіндік тұтастық болатын ағын тәрізді нәрсе. Шаһкәрім өлеңдерінда “таза ақыл” тіркесі жиі жұмсалады. Тыңдап байқалық:
Рух деген – дінсіз таза ақыл (234).
Таза ақыл анық адамда,
Әлім бе, мейлі надан ба?
Айтқанға нанба – шынға нан.
Шын таза ақылдың таппас заты жоқ
Ол қасиетін жойма (229)
Таза ақыл ақты барлайды,
Дәлелсіз сөзді алмайды (236)
Сананың ағынына біз объект ретінде сырттай қарамаймыз, онымен толғаныста қосылып кетеміз: мен сүйем деп ойламай, шынымен сүйемін; сезем деп ойламаймын, сеземін. Ақын шығармашылығындағы ой ағынын бағамдағанда, ақын сезімі де осындай шын сезім. Ол пенделік ақылға сыймайды. Бұл таза ақылға бағынған өзгеше сезім.
Жарға жетсем болғаны,
Сулаған көңіл толғаны,
Басыма қыдыр қонғаны,
Ақсам дағы миллион жыл.
Басқаны сенен білмесем,
Қайғырмасам, күлмесем.
Дүниені көзге ілмесем.
Кім менен ер, кім әділ?
Шаһкәрімнің бұл идеялары ХХ ғасырдың ең ықпалды философиялық ілімінің бірі – феноменологияның негізін салушы атақты ғалым Гуссерльдің идеясымен сәйкес келеді. Гуссерльдің феноменологиялық ілімге негізделген философиялық дүниетанымы бүгінде де Батыс пен Шығыстың көптеген елдерінде қолдау тапқан. Көптеген елдерде осы идеяны негізге алатын феноменологиялық қоғамдар жұмыс істейді. Атақты философтар М. Хайдеггер, Н. Гартман, М. Шелер, Ж.-П. Сартр, М. Мерло-Понти сияқты ғасырдың ірі ойшылдары феноменологиялық идеяларды қабылдаған. Гуссерль сана туралы емес, бірге болатын болмыс туралы айтады, яғни санаға мүлде басқа тұрғыда қарайды. Сана Гусерль теориясы бойынша – заттық әлемнің заңдарынан бөлек өзіндік заңдары бар болмыстың ерекше түрі. Шаһкәрімдік қолданыстағы “таза ақыл” – осындай философиялық категорияның заңдарымен сәйкес келеді. Мұндағы “Таза ақыл” ұғымы Абай қолданысында этикалық категория ретінде кездесетін “ақылдан” ерекше, “Ие”, “Жар” сөздерінің синонимі ретінде танылады. “Таза ақылдан” сыр тартқан ақын үшін жаңаша үміт оты жағылып, асыл иман алып, хақиқатқа нанады, “нұрына жүрек қанады”. Яғни сүюім керек деп сүймейді, сүйеді, нәпсіні тыю керек деп емес, таза ақылға жеткендіктен тыйылады, т.б.
Таза сана өз бойында құдіретті қабілеттерге ұқсас қабілеттерді табады: ғылыми теориялар мен ұғымдық құрылымдардың контексінен тыс Мәнді тікелей көру қабілетін ашады. Есте жаңғыратын нәрсе, бірмезетте, жеке, тұлғалық әрі жалпыға бірдей, мәнді феномен болады. Феномен мәнді жасырмайды, оны табу үшін күш салуды қажет етпейді. Феномен қандай да бір өздігінен жетерлік және өздігінен құнды нәрсе, санада көрінетін мән, ол ғылымды қажет етпейтін құдіретті көріністің болу мүмкіндігін дәлелдейді.
Ақын Мәнді аңдайды, сезеді, өзінің сезімі арқылы көңілі нық сенген жайтқа сендіреді. Таза ақыл арқылы жеткен шындық арқылы ой түйеді, оны сыр етіп таратады. Ақынның жан сыры, сыр сөзі осы аяда:
Ақылдан ойға сыр тарап,
Үміттің шамы жанған күн,
Жар есіркеп бері қарап,
Нұрына жүрек қанған күн.
Ескі иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн.
Асық Жарды таптым деп
Хақиқатқа нанған күн.
Қазіргі адамзаттық ой мен ғылым жете алмай отырған жағдаят ақын өлеңдерінде ой-толқудан өткізіледі және байқалып, көрген нәрсе сол қайта жаңғыру мен көру әрекетінде берілген.
Заттық сипат үстейтін қызметтік және себептілік байланыстар тән болатын кәдімгі адами сана мен сондай екіншілік қызмет рөлінен ада таза сананың айырмашылығын айқын елестету үшін көмір мен алмазды салыстыруға болады. Біз білетін, қабылдайтын кәдімгі адами сана көмір сияқты, ал таза сана, таза ақыл – көптеген қырлары жалт-жұлт етіп, нұр шашатын гауһар сияқты. Таза сананың өрісінде мәндерді тікелей аңдау мүмкіндігі ғана емес (құдіретті сый), сонымен бірге жаңа мінсіз объектілерді, мінсіз әлемдер мен мәнді тану мүмкіндігі де пайда болады.
Бояуы мінсіз, сұлу шын жар.
Жүрегімде сипатың бар.
Болып ынтық қыламын зар,
Бұ әлемде бармысың шынақ?
Таза сананы бейнелеуден гөрі, жасайды, құрастырады. Таза сананы көшпенділердің далада желмен, көкжиекпен жарысып, ат үстінде желдей есіп, шауып келе жатқандағы сезімімен салыстыруға болады. Бұл соншалықты мінсіз жаралған бүтіндік, кемелдік, мәңгілік. Ақын түсінігі мен танымы осындай.
Ақын өлеңдерінің негізгі лейтмотивіне айналған ұғым – таза ақыл мен ойлану. Ал оның тұжырымы:
Ақ жүрек пен Таза ақыл
Қылсаң Адал еңбек
Бәрінен де сол мақұл.
Айнымайтын ақ жүрек пен таза ақыл бұл өмірде адам баласын жеңіске бастайды, ақынның кейінгіге айтар сөзі де, мирас етер өсиеті де осы!
Достарыңызбен бөлісу: |