Тергеу сұрақтары: Бұрын «Алашорданың»



бет1/9
Дата19.06.2016
өлшемі0.59 Mb.
#147936
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
Тергеу сұрақтары:

Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370 - iс.

1. Тарихи анықтама

Ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiрген, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болған, сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен, кейiннен контреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерi кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерiн жалғастырып келдi.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

„ҰРАНЫМ – АЛАШ!..”

деректі толғау

АЛМАТЫ

ЕЛ ШЕЖІРЕ



2008
АЛҒЫСӨЗ

Қазақ ақыл-ойының тамырын отап, тектік ұйытқысын ірітіп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған, қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісі 1927 жылы қазақ – желтоқсант айларында басталып, үкім алпыс жылдан кейін күшін жойды. Түрме – құпия мекеме,ал түрмеге түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттар құпияның құпиясы балып табылады. Саяси қылмыскерлерге қатысты, оның ішінде КССРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік комітеті жүргізген тергеулердің құжаттарына екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тіпті тєуелсіздік тұсында да ол деректер жалпыға жария етілмеді. Бұл кез-келген мемлекеттегі қауіпсіздік мекемесіне тән заңдылық.

Тергеу ісімен танысудың қысқаша тарихы мынадай: 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында.2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында.3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында бізге Праволық комиссия құруды тапсырды. Ақпан айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары генерал-майор Әбдірахманов бастатқан 7 полковник жазушылар одағына келіп, осы үш мәселе төңірегінде мағлұматтар берді.

1988 жылы қаңтарда Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлйменовтың сұрау салуы бойынша Қазақ ССР-нің бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов „Алашорда” қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi коллегиялық мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан „Алашорда” қайраткерлерінің контр-революциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Оған Қазақ ССР Жоғары сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ ССР прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Осы жолдардың авторы, сол кездегі Праволық комиссияның төрағасы, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі, жазушы Т.Жұртбайдың әдеби сарашылығымен жасалған қорытынды да олардың шығармаларында кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Қазақ ССР қылмыс және праволық Кодекстiң 375 статьясын жетекшiлiкке ала отырып:

Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің (Төтенше Мемлекеттік Саяси басқармасының – автор) ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлов Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Софы, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайреддин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын.



Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын. Қазақ ССР-нiң Жоғары соты – Т.К.Аймұхамбетов.Коллегия мүшелерi – Е. Л. Грабарник, К.Т.Кенжебаев» –деген шешім шығарды.
Осы шешімнің негізінде Жоғары соттың мүшесі Қазықан Кенжебаев Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің атына Олжас Сүлейменовтің қолымен “Алаш” қайраткерлерін ақтау туралы қорытынды ұсыныстың мәтінін даярлады. Қазақстан Орталық комитетінің иедеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты. 1989 жылы сәуір айында осы жолдардың авторына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіне ресми рұқсат берілді. Ьұл ретте сол кезде қауіпсіздік комитетінің идеология саласын басқарған генерал Әбдірахмановқа, біздің мақсатымызға түсіністікпен қараған Қараби Мұқамедқалиев пен Шыңғыс Салықбаевқа ілтифат білдіреміз. 1991-1992 жєне 1997 жылдары құпия архивтегі тергеу ісімен қайтадан тиянақты түрде танысуға мүмкіндік алды. Ол деректердің біразы толық, біразының үзінділері ғана тиісті түсініктемелермен жарияланды. Алайда өмірі мен қайраткерлігі беймәлім арыстардың түрмедегі жауаптары мен хаттамаларындағы кейбір «көрсетінділер мен айыптаулар» ел арасындағы қатардағы оқырмандарға түсінбестік тудырмас үшін 15 жылдан бері жабық сақтауға мәжбүрлік етті. Қазір олардың өмірі мен қызметтері, жазған еңбектері туралы зерттеулер жарияланып, жалпы қауымның тарихи және өмірлік шындықты, жалған айыптаулар мен жаланы ажырата алатындай мүмкіндігі туған сәтте оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жиынтығы 14 томнан тұратын әрқайсысы бір-бірімен сабақтас 3 тергеу ісінің сұрақ-жауап құжаттары сот хаттамасындағы тіркелген реті бойынша берілді. Сол арқылы тергеу ісі қашан және қалай басталды, кімге қандай айып тағылып, қай күні ұсталды, сұрақ-жауаптар қалай жүргізілді және 72 адамның (бір адам қашып кетіп, мерт болған) айыбы бір-бірімен қалай байланыстырылды, тергеу барысында кім өзін-өзі қалай ұстады немесе алдыңғы жауаптарына қарама-қайшы қандай көрсетінді жасады, қандай арандатулар мен қысым жүргізілді, жалған үкім қалай шығарылды – деген сияқты көптеген ашық та астарлы шетін сұрақтарға жауап беруді, жазалау саясатына негізделген кеңестік сот жүйесінің ішкі құрылымымен таныстыра отырып сот барысын толық ашуды мақсат етіп ұстандық.

Әрине, олардың барлығы, әсіресе, айыпау үкімдері мен жекелеген адамдардың жауаптары нақты өмірлік шындыққа сәйкес келе бермейтіні түсінікті. Өйткені тергеу жұмысы жауапқа тартылғандарға қалайда саяси айып тағып, оларды қылмысты етіп көрсетуге бағытталса, айыпталушылар қалайда бір-біріне зиянын тигізбей, араша түсу мақсатын ұстанған. Сондықтан да тергеу ісінде бір-біріне қарама-қайшы жауаптар да кездеседі. Мысалы, қазақ ұлтының көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Мағжан ақын. Ал менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов – большевик. Сондықтан да ол мені жақтырмайды. Ал Қожанов – коммунист, ол мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларды жақтырмаймын» – деген мағынада жауап берген. Бұған қарап бұл үш тұлғаны өзара жау етіп көрсеткен және соны «дәлелдеуге тырысқан» ұшқары жарияланымдардың жарық көруі өкінішті. Ұлтымыздың ұйытқылары үшін мұның кесірінен басқа пайдасы жоқ, күмәнсізге күдік қана тудырады. Шындығына келсек, патша өкіметі мен кеңестік тергеушілердің арандату тәсілін әбден меңгерген Ахмет Байтұрсынов осы жауабы арқылы Рысұловты да, Қожановты да қылмысты іске тартылудан аулақтатып, қорғап қалған және солай болды да.

Осындай „түсініксіздіктерге” қарамастан сұрақ-жауаптарды жарияланымға ұсынуымыздың басты себебі: онда өмірі түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы қолға түсе бермейтін мәліметтер, олардың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректерді жұртшылықтың назарына ұсыну. Сондай-ақ кеңестік қысым тұсындағы жазалау саясатының ішкі құрылымынан да мағлұмат алуға мүмкіндік беру. Мұның барлығы алаш арыстарының өмірімен ғана емес, сол бір зауалды заманға тарихи тұрғыдан баға бергісі келген немес оқып, білгісі келген зиялы қауым үшін де түпнұсқалық қызмет атқаратынын, кеңітіп пікір қорытуға да мүмкіндік жасайтындығын ескердік. Сондықтан да “Алаш ісіне” қатысты құжаттарды кітаптың құрылымы мен тартымды оқылуына нұқсан келтіретіндігін сезіне отырып, тергеу барысындағы санкциялар мен хаттамаларды, сұрақ-жауаптар мен қосымша деректерді, жеке адамдардан тәркіленген хаттар мен олардың үстінен жазылған “домалақ арыздарды”, жауапқа тартылушылардың түрме ішінде өзара жазысқан хаттарын толық келтіруді жөн көрдік.

Әр жауаптың ақиқатын өмірлік дерекпен салыстыра отырып анықтау - осы іске тартылған арыстардың өмірін жеке-жеке зерттеу арқылы жүзеге асатын, дара-дара зерделеу мен уақытты қажет ететін ғылыми шара. Бұл өте шетін де кірпияз, төзімді дауысатын іс. Бірақ біз шыдам сақтауға ұмтылдық. Мыңдаған беттерді қамтитын тергеу ісінде біреуіне қойылған сұрақ 71 адамға қайталанып қойылғандықтан да, оған берілген жауаптар да өзара жиі қайталанады. Сондықтан да әфсананың барынша жинақы әрі жүйелі шығуы үшін талдаулар тақырыпқа топталып, бір адамның ісіне үйлестіре өрбітілді. Мысалы: саяси күресжәне жер мәселесі – Әлихан Бөкейханов, , «Алашорда» мен кеңес өкіметінің арасындағы оқиғалар – Ахмет Байтұрсынов, тәргілеу мен «Алаш» жасағы – Халел Ғаббасов, «19211922 жылдары Ташкенттке құрылған астыртын контрреволюциялық ұйым» туралы ісі – Дінше Әділев, 1917–1919 жылдар арасындағы «Алаш» әскері туралы мағлұматтар – Міржақып Дулатов, 1921–1922 жылдардағы ашаршылық жайы – Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Орта Азиядағы астыртын ұйым мәселелері мен Батыс және шығыс «Алашорда» әскери кеңесінің оқиғалары – Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаев, әдебиет пен мәдениет саласындағы айыптаулар – Мағжан Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов туралы тарауларға жинақталды. Онсыз қазақ ұлтының рухы мен ақыл-ойын жегідей жеген, жүлын-жүйкесіне көбелей ши жүгірткен сұрқия саясатты талдау да мүмкін емес. Сондықтан да сол жегіге қарсы «Алаш!» деп ұрандап күрескен шаһиттерге арналған бөлімді «жегіге» бөлдік. Бөлімнің басында сол саяси жегіге қатысты шолу жасалды (ал мұнсыз, алаш ардагерлерінің не үшін тұтқындалғанын түсіну өте қиынға соғады, тіпті мүмкін емес), содан кейін тергеу барысынан жалпылама мағлұмат, айыптау актісі, айыпкердің алғашқы жауабы қамтылып барып, айыпкерлерді тергеу кезіндегі оған қарсы жазылған көрсетінділер, тыңшылардың мәліметтері жарыстырыла ұсынылды. Ол айғақтар мен көрсетінділер Қ.Мұхамедханов, Ж.Бектұров, С.Бөкейхан, Б.Байғалиев, Д.Досжан, М. Қойгелдиев, М.Құлмұхамед, Т.Омарбек, М.Әбсәмет, Б.Қойшыбай, С.Аққұлұлы, Д.Қамзабе, Д.Махат сияқты тағы да басқа мұрағаттанушылардың жарияланымдармен, өмірлік деректермен салыстырылды. Сөйтіп барып шындық ашылды. Тағылған айыптардың жалғандығы, тергеу барысы мен шығарылған үкімнің заңсыздығы туралы пайымдауларға Қазақ ССР Жоғары сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы шешімі басты негіз етіп алынды.

Сондай-ақ Қазақстан, оның ішінде «Алашорда» тарихында көмескі қалған және біздің тақырыбымызға тікелей қатысы бар осынау бір қатерлі күндер туралы 1917 1919 жылдар арасындағы тәуелсіз Башқортстан республикасының үкімет төрағасы З.Валидовтің (Заки Уалиди Тоған,1891–1970) Стамолда 1969 жылы жарияланған «Қатирасында» (Естеліктерінде) баяндалған деректерді де ретіне қарай қысқаша баяндап өтуді қажет деп таптық. Өйткені мұнда талай тарихи пайымдауларға жол ашатын астарлы тағдырдың таңбалары бар. Өйткені кеңес өкіметінің идеологтары мен тарихшылары Башқұрт пен «Алашорда» үкіметінің тарихын бұрмалап, мән-маңызын өшіріп, жеккөрінішті етіп көрсеткені сондай, бостандыққа ұмтылған бодан ұлттардың азаттық күресі мен азаматтық тұлғалары қақында еске алатын ақылға сиымды, шындыққа негізделген бір сөйлем табу мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақстанның тарихшылары да «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығуының психологиялық қысымдарын толық талдап берген жоқ. Өкінішке орай сол тұстағы булығу мен буырқаныстың ішкі иірімдері жөнінде жазылып қалған естелік жоқ. Тек түрме тергеушілеріне берген түсініктемелері, сұраққа жауаптары, көрсетінділері, «салпаңқұлақтар» мен үндеместердің домалақ арызы сақталған. Ал бұлар өткен оқиға туралы нақты шындықты, пайымды көзқарасты бермейді. Өйткені тұтқындағылар өзін де, өзгені де ұстап бермес үшін жалтарып, сылтау араластрып, мойындаудан бас тарта жауап берген. Бұл астыртын саяси ұйымда жұмыс істегендер үшін жазылмаған заң. Ал «Алашорда» үкіметінің мүшелері эмиграцияға кетуге өздеріне-өздері тиым салған:

«Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс» - деп шешкен.

Сондықтан да өмірбаяндық естелік жазуға олардың мүмкіндіктері болмады. Оның орынын өзге бір «Тар жол, тайғақ кешулер» толтырды. Сондықтан да «Алашорданың» басына бұлт үйірілгенде қайғы-қасіретті, қуаныш-үмітті, амалды-амалсыз булығуларды бірге өткізген башқұрт азаткері Заки Валидовтің «Қатираларын» барынша тиянақты, ықтиятты түрде пайдалануға тырыстық. Өйткені тергеу барсындағы сұрақ-жауаптардың астарын аштын бұл естеліктер «Алашорда» тарихы үшін де маңызды. Империяның, оның iшiнде кеңестiк арандату мен жазалау саясатын жақсы бiлетiн, Сталиннiң өзiмен бiрнеше рет бетпе–бет сөйлесiп, пiкiр таластырған Заки Уәлиди ғұлама «Естелiктерiнiң» ұзақ жылдар бойы жарияламауының негiзгi себебi – туған Отанында қалған тұлғалардың өмiрiне қауiп төндiрмеудi ойлағандығын да едi. Ол қауіп лорынды да екен. «Қазақ ұлтшылдарының қылмыстық әрекеттерiндегi» тергеу iсiнiң негiзгi және ең басты бағыты – осы Заки Уәлидидiң астыртын ұйымын әшкерелеуге құрылыпы. Бұл айып «ұлы құрбандықтардың» бәрiне де тағылып, сұрақ-жауап кезiнде үнемi алдарын орап отырды.

Ескерте кетеріміз, бұл мәліметтерді пайдаланғанда авторға міндетті түрде сілтеме жасау – ғылыми әдептіліктің ғана нышаны болып табылмайды, сонымен қатар сіздің сүйенген дерегіңіздің дәйектілігіне де кепілдік береді. Бұл авторлық құқықты жанкешітілікпен қорғау емес, керісінше, көпшіліктің пайдалануына еркіндік беру деп есептейміз. Өйткені: бұл мағлұматтар “өте құпия” деген белгімен таңбаланып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ерекше мұрағатында сақталған, ашық танысып, жалпылама жариялауға әлі де рұқсат етілмеген. Сондықтан да авторға сілтеме жасау арқылы ғана пікіріңіздің дәйектілігіне сендіре алатындығыңызды тағы да қаперіңізге сала кетеміз.

Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды. Осы жылдың iшiнде олардың біразының шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Барлығының әйелдерi азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады. Ең үлкен қиянат та осы.Соның ішінде М.Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова, Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов, Муза (Мағырипа) Жүсіпбекқызы Аймауытова, Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова сияқты асылдың көзімен сол жылдары жүздесіп, естеліктерін жазып алудың да сәттері түсіп еді. Соны медет ете отырып, әр тарудың соңына олардың ұрпақтары туралы деректерді қысқаша баяндап өттік. Өйткені, «жаппай жазалаумен» ұрпақтардың үзіліп қалмағаны анық және деректі әфсананы түйіндеудің бір нүктесі осылай қойылу керек сияқты болып көрінді де тұрды.

Қысқа қайырып, тұтамдай тұжырғанның өзінде де, әлқиссаны әріден бастауға, жегінің жүйесін шүйкелеуге тура келеді.

БІРІНШІ БӨЛІМ: ЖЕГІ


Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі.

Абай.

БІРІНШІ ТАРАУ: ЖЕГІЛЕР ЖҮЙЕСІ


1.
Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт. Өйткенi тарихтағы ұлы сiлкiнiстер – ұлы тебiренiстен туады. Ал ұлы тебiренiстер – ұлылардың ой толғанысы мен таным талқысынан күш алады. Қоғамдағы күйзелiстер мен буырқаныстардың тұсында тұлғалардың ақыл-ойы, рухани қуат-қайраты, қайраткерлiк қабiлетi мен мінезі шешушi және шағымды мiндет атқарады. Ұлттың келешектегi даму бағыты мен танымдық рухын, құрмет тұтар қадiр-қасиетiн, бақыты мен сорын сол сiлкiнiс пен тебiренiстердiң шарпысқан шағындағы ұлылардың адамға, ұлтқа, қоғамға деген тарихи көзқарасы, азаматтық тұлғасы, рух тазалығы анықтап бередi.

Рухы күштi, «ұлы өзегi таза», «арабасқан алақұйын заманаларда» өзiн-өзi қорғауға қабiлеттi ұлт – келешекке қол созған ұлт. Сондай талантты, қайсар, дүниедегi өз орыны үшiн күресе бiлетiн, елдігiн есiнде ұстаған ақыл-санасының, iшкi қайратының ең қасиеттi мүмкiндiгiн көрсететiн, сыртқы және iшкi ықпалға көнбейтiн, тәуелсiз ой қорытып, шешiм қабылдайтын қайраткер тәрбиелеп шығаруы заңды әрi тарихи қажеттiлiк.

«Iргелi жақсыға жарымаған ел» – бақытсыз (Абай). Ондай жұрттың нәсiл, ұлыс, халық ретiнде өмiр сүруiнiң өзi қауiптi әрi ұлттық қорлық. Өйткенi «қол қайраты мықты» (Абай), қандай «күштi үкiмет» (Шәкәрiм) болса да ол:

«Халықты тәрбиелей де алмайды, аздыру да қолынан келмейдi: үкiмет халықты сүйiндiредi не күйiндiредi. Ал халықты тәрбиелеу – ел иесi мен оқымысты зиялылар тобының (тұлғалардың) мiндетi». (В. О. Ключевский.).

Қадым замандардан бергi табиғатпен тел өмiр сүрген барлық қасиетiн: бiтiм-болмысын, ойлау қабiлетiн, салт-дәстүрін, әдетiн, жандүниесiн, еркiн рухын, жан сергектiгiн, елдiк сезiмiн, адал рухын бойына сiңiрiп, ХХ ғасырға сол қалпында алып келген қазақ ұлты да өзiнiң ел ағалары мен тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, елдiк намысы мен тағдырын соған сенiп тапсырды.

Қазақ елiнiң рухын тәуелсiз ұлт дәрежесiне жеткiзу жолына бүкiл арман – мұратын, қайратын талантын тағдыр талайына салған тұлғалар сол «астан – кестен заманда» өмiр сүруiмен де Бостандық рухының қасиеттi бейнелерiне айналды. Олар ұлттың тәрбиешi зиялылары ретiнде танылып, исi алашқа мойындалды. Ұлттық биліктен айырылып, «өз қолынан өзінің ырқы кеткен соң да» қазақтың қамын жеп, елінің мұң-мұқтажын жоқтай білді. Азаматтық Мойынсынбауды, Рухани Тәуелсіздікті,Ұлт Азаттығын мұрат тұтты. Соның нәтижесінде екі жыл өмір сүрген «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құрды. Сөйтіп, қазақ қауымының дербес ел ретінде өмір сүру құқығы бар екенін негіздеп берді.

Ақыл-есін жегідей жеп, жүйкесін шүйкелеген арандатуды, арбауды, қасақана мекiрелiктi, басынуды, қорлықты, аярлықты, тергеудi, түрменi, бопсаны көре жүрiп, ұлтын – «өлiп таусылу қаупiнен» (М.Әуезов), рухын – «жем болудан» (Ә.Бөкейханов) сақтап қалды. Бүкiл қоғам – рухы еркін, дербес ойлау жүйесi қалыптасқан, кесек харакет-қабiлетке ие, аяр идеологияға бас имейтiн, тәуелсiз шешiм қабылдай алатын, жан дүниесi, мәдениетi жоғары тұлғаларға қарсы күрестi.

Әлихан Бөкейханов « Алашорда» Үкiметi Ресейден дербес мемлекет болатынын мәлiмдегенде атышулы адмирал Колчак бiрде:

«Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас едi: халыққа сөзi өтетiн, халық сенетiн 500 интеллигенттiң көзiн жойса, жетiп жатыр – қазақтар тағзым еттi деп есепте», – деген екен.

Расында да қазақ ұлтының ең осал жерi осы зиялы қауым болатын. Заманның тiлiн бiлетiн, қоғамдық күрес пен саяси талас-тартысқа әбден ысылған қайраткерлер тым аз едi. Алайда, Сiбiр мемлекетiнiң әскери әмiршiсi адмирал Колчактың өзi мұндай қаскүнемдiкке бармады. Ал 1924- жылы мемлекеттің билігі тұтастай өзіне көшкен, Сталин үшiн ұлттық қайраткерлерден неғұрлым тез құтылса, соғұрлым жолы ашылатын. Сондықтан да СССР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылғы 4 апрельдегi қаулысына (Айыптау қорытындысына) орай:



«Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370-iстің «Тарихи анықтамасы» бойынша:

Ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiргені,

«Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болғаны,

сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескені,

кейiннен контреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болғаны,

Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны,

кеңес өкiметiн құлату және құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құру үшін –

қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерi» ату жазасына кесілді.

Өйткені империяның мемлекеттiк басқару билiгiнде жалғыз ғана (!) жоғары бiлiмдi адамы (Молотов) бар шiркеу тақуасы Сталин үшiн – тұлға, зиялы (интеллигент) деген сөздiң өзi жеккөрiнiштi едi. Төбе шашы тiк тұрып, мұрты едiрейiп, алдына келген оқымыстыларды бишара күйге түсiрiп, қорлаудан масаттана ләззәт алатын мизаяны (паранойктi) көргенде Әлихан Бөкейханов:



«Сауатсыз, өзi бiлмейтiн, бiлгеннiң тiлiн алмайтынның» нағыз өзi екен. Қазақты былай қойғанда, Ресейдiң соры ендi қайнайтын болды», – дептi Әлiмхан Ермековке.

Оның бұл айтқан пiкiрi расқа шықты.

Сталиннің өзі, тiптi, кеңес үкiметi мүшелерiнiң барлығы да можантопай, тек патшаның жазалау және отарлау саясатын, түрменiң iшкi-сыртқы арандату мен аярлық әрекеттерiн өте жақсы бiлетiн тiсқаққан ысқаяқтар едi. Монархиялық диктатура пролетариат диктатурасымен алмасты. Идеологиялық саясат пен оның үгiт-насихаттық тәсiлi өзгергенмен де, мемлекеттiк құрылым мен мойынсындыру әдiстерi сол күйiнде қалды.

Сот, прокуратура, тергеу мекемелерiнiң жазалау құралына айналды. Пролетариат диктатурасының идеологиясына негiзделген заң тек қана кеңес үкiметiнiң мүддесiн қорғап, адамды, оның iшiнде тұлғаларды жаншып, қысым көрсетiп, жазалауға бағытталды. Бұл ретте В.О.Ключевскийдің:



«Александр І таққа отырған 1801 жылдан бастап мұқым ХІХ ғасырдың ұзына бойында орыс үкіметі тек қана арандату әрекетімен шұғылданды: олар қоғам мүшелеріне сырттай ғана әсер қалдыратын мөлшерде ғана бостандық берді де, іле-шала оны жылы жаба салып, аңғал жұртты жазаға тартты. Александр І дәл осылай болды: Сперанский өзінің конституциялық жобасы арқылы декабристердің алаңға шығуына құқық берді де, сөйтіп, еріксіз арандатушы боп шыға келді, содан кейін шеңгелге іліккен өзінің саяси шәкірттерінің тергеу тобының құрамында жүріп, сұрақ алу кезінде көзінің жасын сығумен болды. Император Николай І тұсында үкіметті арандату өзінің тәсілін өзгертті» – деген пікірін кеңес үкіметіне де қаратып айтуға толық дәлел бар.

Өйткені, Александр І мен Николай І жазалау саясатын адамдардың рухын жаныштап, еңсесiн езуге бағыттай отырып, айла тәсілдерін өзгертіп қолданса, Ленин мен Сталин бұл екi «амалдың» басын қосып, қысым құралының құрсауын бұрынғыдан бетер күшейттi. Әрине, ол Сперанский сияқты «көзінің жасын сыққан жоқ», керісінше,

Мысалы: Жаңа экономикалық саясатты қауырт жүзеге асырды да, iле еңсесiн көтерiп үлгергендердi тап жауы, кулак ретiнде тәркiлеп, тоз-тозын шығарды. «Алаш» партиясы мен «Алашорда» Үкiметiнiң мүшелерiне бүкiлодақтық Орталық Атқару комитетiнiң 1919 жылғы 4 көкектегi және 1920 жылдағы 15 көкектегi Лениннiң өзi қол қойған қарармен кешiрiм жасалды да, екi жыл өткен соң оларды жаппай қудалау басталды. Ақыры көздерiн жойып тынды.1920–1922 жылдар аралығында ұлттық федерация мен автономия, ұлт мәселесi, 1923–1927 жылдардың аралығында жаңа экономикалық саясат пен коллективтендiру туралы «партиялық диспуттар» ұйымдастырды да, iле бұл науқанда белсендiлiк көрсетiп, батыл пiкiр айтқандарды ұлтшыл, байшыл, буржуазия мүддесiн қорғағандардың қатарына қосып, тазалау науқанын жүргiздi. 1937 жылы «халық жауын әшкерелеу» басталды. «Жазалау әрекетi» шегiне жеткенде, 1938 жылы «асыра сiлтеушiлiк» туралы қаулы қабылдап, ендi «әшкерелеушiлердiң» өздері «әшкереленіп», адал азаматты әдейi арандатқандар есебiнде түрмеге қамалды. 1956 жылы жеке басқа табынушылық деген саясатпен Сталиннің өзі де сақнадан ысырылды. «Жылымық әкелген» Хрущевті Брежневтің «ыстық құшағы мен тәтті сүйістері» ерітіп жіберді. Горбачев мұны «қайта құруға ұмтылып» еді, оны пучча өртеп жіберді. Сөйтiп, ол күндердің де тiрi куәләр жойылды.

Орыс самодержавиесі мен кеңес өкіметінің тарихында тұрақты мемелекеттік ұстаным болмады. Билік иесі ауысса – сарай дәбiрлерi де қоса ауысып, алдыңғылар мiндеттi түрде басқару жүйесiнен шеттетiлді. Бұл «тәсiл» және әккiлiкпен қолданылды. Кадр мәселесiн жазалау арқылы шешiп, қылмыстың куәләрiн дер кезiнде тазалап отырды. Басшы ауысқан сайын жазалаудың тактикасы мен стратегиясы да өзгердi. Бұл өз кезегінде қазақ ұлтының да мәйегін ірітіп, жүйкесін жегідей жеп, тұрақты ұлттық ұстанымды ұйытуға мүмкіндік бермеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қайраткерлер емес, қондырғы қайраткерлер республиканы Мәскеудің емеуірінімен қақпайлап қана отырды. Қазақстан тарихында өзінің дербес құрылымдық-құқықтық, саяси-экономикалық, тарихи-мәдени, рухани дербес билігін жүргізген нағыз ұлттық тұлға болған емес. Міне, бұл ұлттық тұлғаның тоқырауына алып келді.

Не болады өңшең ноль,

Бастамаса бір кемел,

деп Абай айтқандай, ұлт тұлғасыз тұл қалды. Тұлғасызға тұлға болады деп:



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет