Тәуелсіздік – құлдық басыбайлылықтан құтылудың барлық мүмкіндігін берді. Алайда біз сол тарихи мүмкіндікті толық пайдалана алмадық. Жансарайымыз тазармады, өзегімізге тат болып қатып қалған кеңестік идеологияның ысы сол күйі сартаптанып тыныс жолын бітеп, санамызға азаттықтың таза уасын жібермеді. Миымызға бостандықтың каусары толық сіңбей, азаттық пен алаш идеясы буалдыр елес күйінде «елес» берді. Алғашқы күннен бастап біз толық тәуелсіздікке жетелейтін иедеологияны қауымға сіңіре алмадық. Тәуелсіздіктен көрі қарапайым жұрт «базар бағасын» бағдаршам етіп алды. Сіңірі шыққан адамның жілігіне май бітсе, ақылы тәннің тәбетіне жол береді. Өйткені ақыл да сол тәбеттен азықтанады ғой. Сондықтан да рухани және экономикалық тәуелсіздікке толық қол жеткізе алмағанымыз өкінішті.
Соның нәтижесінде, өзі жартылай аш өзек күйде жүрсе де «ырыздығын ауызымен құсша тістеп асыраған» бір буынды жзоғалтып алдық. Оларға қазір тәуелсіздік не десең, иығын қиқаң еткізеді. Ал өздерін өр сезінсе де, құл мен күңнің тоқтық психологиясының құшағында кайф кешіп жүр. Олар қоғам мен тәуелсіздікке қауіп төндіре алмайды, бірақ «артық адам» ретінде сүйретіліп жүріп бөгет жасайды. Олар тәуелсіздікті сезінген ұрпақтың екпініне қарсы тұруға дәрменсіз, бірақ, сүйретіндінің аты – сүйретінді. Алайда мұндай құбылыс бодандықтан жаңа құтылған отар елдердің бәрінде көрініс берген жай. Бүгінгі Ливия, Мысыр елдеріндегі азаматтық қозғалыстар сондай сүйретінділер мен әсірепатриоттардың арасындағы қайшылықтан туып отыр. Біздің сүйретінділер ондай қуатқа ие болады деп ойламаймын. Өйткені олар ондай қуатты күшке айналатындай еркіндікті сезініп көрген емес. Асырандылардың әптігі тез басылады, олардың орынын дәл қазіргі шақта азаматтық белсенділігі ояна бастаған бүгінгі бүлдіршіндер басады деп толық сенемін. Нағыз бостандықтың дәмін тататындар да солар болатынына сенемін.
Еліміз тәуелсіздік алғанымен, санамыз тәуелділіктен арыла алды ма?
Мен осы екі сұраққа бір мәсліммен жауап бердім ғой деп ойлаймын. Қашан тәуелсіз ғылым басымдылық алады, сонда ғана санамыз азат ойдың сауыты болады деп есептеймін. Еуроцентризммен күресіп «бас еркінен» айырылған ғалымдар мен зиялы қауымның өкілдері сиреген тұста тәуелсіздік алдық та, мемлекеттің идеологиясына «бас еркін» білмей өскен тетік иелері келді де, еуропцентристік, еураазиялық шырғағаға өз еркімен мойынын созды. Бұл ағыстың екпіні әлі бес-он жылға созылады. Содан кейін ес жиямыз деп ойлаймын. Бірақ оған дейін тағы да біраз ұлттық қасиеттеріміз бен зиялыларымыз көз жаздырып кететіні өкінішті.