Турдалиев Әділ бек Олжабайұлы
Атырау мемлекеттік университетініњ доценті, т.,ғ.,к.
Қалмақ өз жерінде – қалмақ емес.
Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында әлемдегі саяси ахуал Кеңес үкіметінің ұлттық саясатына әсер етіп, өзіндік өзгерістер жасауға әкеліп соқтырды. Қазақ этносына қарсы “этноцид” саясаты одан әрі қарай жалғаса түсті. Миграциялық саясат “этноцидтің” құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып қазақ жеріне әртүрлі халықтардың өкілдерін жоспарлы түрде көшіру одан әрі жүргізіле басталған.
Кеңес үкіметінің бастапқы жылдары И.В.Сталин билік басына келуі кезеңінен бастап-ақ, аталған шараларды жүзеге асыруға бағытталған саяси-экономикалық, әлеуметтік шаралар ойластырылып, оған сай жағдай жасалды. 1924 жылдың қазан айынан бастап кеңестік билік бұл саясатқа заңдық негіз беріп заңдастырып, жоспарлы қоныс аударуға сай бағдарлама жасақталып, сол кездің өзінде отарлаудың таяудағы және болашақтағы міндеттерін анықтады. Осы кезге дейін жарық көрген заңдар қайта қаралып, қоныс аударуға заңды негіз беру ісімен және жергілікті халықты жерге орналастырумен сол кезде Серафимов комиссиясы деп аталған Бүкілресейлік Орталық атқару Комитетінің Ерекше комиссиясы айналысты. Жоспарға сай қазақ халқын отырықшылдандыру, сонан соң “бос қалған жерлерге” қоныстандыру ісі қолға алынуы белгіленген. Бұл іс “жалпыодақтық маңызға” ие болып, оның шешілуін орталық қолға алған. Орталықтан қоныс аудару қорына жер бөлініп, қажетті инфрақұрылымдық жүйе әзірленіп, қоныс аударушылар темір жол арқылы жеткізіле бастады. Темір жолдардың салынуымен бірге қазақ даласының кейбір аудандарына арнайы рұқсатпенен, арнайы рұқсатсызда көшіп келушілер көбейе түсті. Темір жол станциялары қоныс аударушылардың өзіндік базасына айналды. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Түрксіб темір жолының салынуы тұсында осындай құбылыстар байқалады. (Әрине, бұл аталған темір жол тек қана осы мақсатта салынды деген ұйғарым емес.) Қазақстанның басқа аудандарымен салыстырғанда Түрксіб бойындағы аудандарда жерге орналастыру ісі тездетіліп, қоныс аударушылар орналасатын жер қоры жасақтала бастап, орталық ұйғарымымен ҚАКСР солтүстігінде 5 жылда, ал аталған темір жол бойында 3 жылда аяқтау белгіленді/1/. 1924 жылға дейін қоныс аудару заң жүзінде тоқтатылып, іс жүзінде жалғаса түскен.
1925 жылдан бастап Бүкілодақтық Қоныс аудару Комитеті құрылып жыл сайынғы қоныс аудару жоспары жарияланып отырды. 1926 жылдан бастап бұл іске таптық сипат беріліп, 31 шілдедегі КСРО ОАК қаулысына сәйкес кедей және артта қалған шаруашылық объектілері басымдыққа ие болды/2/. Аса маңыз берілген қоныс аудару мәселелерімен айналысатын арнайы мемлекеттік басқару мекемелері құрылып жұмыс жасай бастады. Ресейде Егіншілік халық комиссариаты, елде оған бағынышты республикалық Егіншілік халық комиссариаты, Бүкілодақтық Қоныс аудару комитеті құрылғаннан кейін, елде қоныс аудару басқармалары, аудандық қоныс аудару бөлімшелері жасақталып орталыққа тәуелді етілді. Кейін 30-шы жылдары Қазақстан егіншілік комиссариатының, сонан соң республикалық Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан республикалық Қоныс аудару басқармасы жасақталған.
Сөйтіп 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың бас кезіне қарай республикаға қоныс аудару жүйесінің саяси-экономикалық негізі қаланды.
30-шы жылдардың орта шеніне қарай тоталитарлық мемлекеттің қолдауымен миграциялық процесс күшейе түсіп, орталық аудандардан республикадағы өндіріс орындарына ұйымдасқан түрде жұмысшылар, ауыл шаруашылық жерлерге шаруалар көшірілуі жалғаса түсті.
1936 жылы 25 қарашада бес жылға келісәлген фашистік мемлекеттердің Антикоминтерндік пактіге қол қойғаннан кейін, кеңестік билік қоныс аудару ісін күштеп жүргізе бастап, ол этникалық сипат алды. Ресми деректерде бұл шаралар шекара маңындағы қауіпсіздік шаралары деп түсіндірілді. Осындай желеумен 1936 жылы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 28 қазан 1936 жылғы қаулысына орай, Украинаның шекаралық аудандарынан көптеген поляк халқының өкілдері көшіріле бастады. Бұл жылы Қазақстанға 35820 поляк, ал 1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссия аумағы жаулап алынғаннан кейін жоғарыдағы жерлерден Қазақстанға қосымша тарихта “қоршаудағы поляктар”(польские осадники) аталған поляк ұлты өкілдері көшірілді/3/.
1937 жылы шілде айындағы Қытаймен шекарадағы жапон миллитаристерімен қақтығыстан соң Қиыр шығыстан корейлер қазақ даласына көшіріле бастады Республика аумағына 95421 адам корей халқы өкілдері күштеп көшірілген/4/.
1937-1939 жылдары елімізге КСРО түрлі шекаралық аймақтарынан азербайжан, курд, түрк, армян т.б. халықтардың өкілдері күштеп қоныс аударылды. Қоныс аударушыларды орналастыру ісімен Қаз ССР Ішкі істер халық комисариатының ІІХК (НКВД) еңбекшілер қоныстары, абақтылар және лагерлер бөлімі айнысып, қоныстанған аудандардан шығуға тиым салынған/5/.
Күштеп қоныс аударуды И.В.Сталин бастаған кеңес басшылары ұлтаралық қайшылықтарды шешудің құралы ретінде қарастырып, оның зардаптарын есепке алған жоқ. Ал бұл саясат күштеп қоныс аударуға ұшыраған халықтарды елінен, жерінен айырып қаншама қасірет әкелді десеңізші. Репрессияға ұшыраған халықтарды көшіруді өкіметтік орындар әртүрлі себептермен түсіндіріп, кеңестік идеологияға сай пайымдап бақты. Түрлі ұлттардың ұлтаралық қатынастарда алатын орны мен рөлінің әртүрлілігі сияқты, олардың қоныс аудару себептерін түрлі ресми ведомостілер, түрлі себептермен: біріншісі – қауіпсіздік мақсатында қоныс аударылғандар (неміс, корей, түрік-месхеттер, курд, хемшин, лазы, грек, фин), екіншісі – кеңес өкіметіне қарсы “қарсылық қозғалысын” ұйымдастырғаны үшін (Солтүстік Кавказ, Қырым АССР-і, Белоруссия, Украина халықтары), үшіншісі - өкіметке қарсы қарулы қарсылық көрсетуіне байланысты (Прибалтика халықтары т.б.), төртіншісі – конфессиялық және тағы басқа факторлар мен саяси себептермен байланыстыра түсіндірді.
Осындай себептердің бірі Қазақстанға қалмақтарды күштеп қоныс аударуға себепші болды. Қалмақ халқының арғы тегі Жоңғария, дінінің будданың Тибет ламасы (сары телпектер) тармағынан тарайтындығы, олардың патша өкіметі тұсында казачество атты әскері сапында қызмет еткендігі, қысқасы өткен тарихы бұл халықты уақыт өте келе қоныс аударуға бірден-бір себеп ретінде қарастырылды. РКП(б) ХІІ съезі қарарларына түзету енгізу жөніндегі 1923 жылы 25 сәуірдегі жауабында И.В.Сталин қалмақтар жөнінде : “Тибет пен Қытаймен байланысы бар, азғана жерде орналасқан қалмақтарға қатысты кішкене ғана қате жіберсек, оны Украинаға қатысты жіберген қателігімізбен салыстырар болсақ, қалмақтар біздің жұмысымызға украиндықтардан гөрі көп мөлшерде зиянын, әрі кері әсерін тигізеді” - деп жазады/6/.
Қалмақ тарихы қазақ жерімен тығыз байланысты екенін тарихтан белгілі. Қалмақтар ХVІІ ғасырдан бастап Жайық, Еділ өзендері бойндағы жерлерді мекендеп, орыс патшасы әмірімен Еділ өзені жағалауларына қоныстанып тарихта "Еділ қалмақтары" атанса Жайық өзенін сағалаған олар казактар құрамына енгізіліп, "Жайық қалмақтары" атанып ХVІІІ – ХХ ғасырдың бас кезінде қалмақ ұлты өкілдері осы аумақта өмір сүрген. Кеңес билігі орнағаннан кейін, қалмақ халқы басына дүрбелең туып, казактар әскери күш ретінде жойылғаннан кейін 1924 жылы Жайық қалмақтары қалмақ жеріндегі Городовиковск қаласына көшіріліп, өз елінде қалмақ болды. Алайда көп ұзамай кеңес билігі оларды алғаш қоныс аударғаннан кейін, қайта қозғап көшіруге кірісті. Оған Ұлы Отан соғысының басталуы себепші болып, қалмақ өз жерінде қалмақ болса да, еріксіз қазақ жеріне қайта аяқ басуына тура келді.
Арада жиырма жыл өткен соң, осы көзқарас негізінде қалмақ халқының фашистермен ынтымақтасуда деген айып тағылды. Бұл тағылған айып 110-шы қалмақ кавалеристік дивизиясының фашистер тұтқынына түсуі, ерікті түрде жау жағына өткен деп табылып, қалмақ даласында бандалық топтардың қимылдарының өршуіне байланысты жағдайларға сай негізделді. Соғыс жағдайын есепке алмай жасалған бұл тұжырым, 1943 жылы 27 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Қалмақ АССР-ның тарату жөніндегі жарлығының қабылдануына басты себеп болды. Қалмақ АССР-ы Кеңес саяси картасынан жойылып, оның аумағы көршілес орналасқан Астрахань облысына қосылды. Көп уақыт өтпей-ақ, келесі күні В.М.Молотов қолы қойылған №1432-425 қалмақтарды Алтай және Краснорярск өлкесі, Омбы және Новосібір, Қазақстан жерлеріне қоныс аудару жөніндегі КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы қабылданып/7/, қалмақ жұртының басына күн туды.
Қаулыға сәйкес аталған аумақтарға Қалмақ АССР-ы тұрғындарын қоныстандыру ұйғарылды. Оның ішінде Алтай өлкесіне - 25 мың адам, Краснояр өлкесіне -–25 мың адам, Омбы облысына - 25 мың адам, Новосібір облысына - 20 мың адам, Қазақ ССР-на 2500 адам орналастыру жоспарланып, дайындық жұмыстары жүргізіліп арнайы “Ұлыс” операциясы дайындалды/9/.
Қалмақтарды аталған аумақтарда ауыл шаруашылық саласында, мал өсіру орындары мен балық аулау кәсіпшіліктерінде тағы басқа “Еңбек армиясы” объектілеріне жұмысқа тарту көзделді. Осыған орай, өлкелік атқару комиттеріне, облыс басшыларына күштеп қоныс аударылғандарды қарсы алып, орналастыру жөнінде комиссиялар құрып дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Бүкілодақтық Мемлекеттік жоспарлау, Халық Денсаулығын сақтау, Жерге орналастыру жөніндегі комиссариаттарына арнайы тапсырмалар берілді.
“Ұлыс” операциясын жүзеге асыруға алдын-ала ІІХК тарапынан әскери-оперативті шаралар қарастырылып, елді мекендерді күзету ұйымдастырылып, көшірілетін халықты эшелондарға дейін күзетпен шығарып салу, тиеу жұмыстары жүзеге асырылды. “Бандыға қатысы бар”, “банды” немесе “фашистік тыңшылар” күдікті, қарсылық көрсетуі мүмкін деген адамдар, алдымен зиялы қауым өкілдері т.б, ел арасындағы беделді адамдар бірге 750 адам тұтқындалып, (КСРО ІІХК бандымен күрес бөлімі бастығының орынбасары мемлекеттік қауіпсіздік полковнигі Свиринге жазылған подполковник Свириннің хабарламасы бойынша) 432 адам түрмеге қамалып, оның 90 адамы Астрахань түрмесінде, 342 адам Элиста түрмесінде ұсталып, 84 адам босатылып, 84 адам қоныс аудару аудандарына жөнелтіліп, 17 адам ІІХК органдарынан басқа тергеу орындарына жөнелтілді/9/. Операция нәтижесінде 46 эшелонға 26359 отбасы тиеліп 93139 адам жоғарыда аталған аудандарға қоныс аударылды.
Бүкіл бір халыққа тағылған жалған айып негізінде қалмақтар туған жерінен аластатылды. Қоныс аударушылар қатарында көптеген қарттар мен балалар болатын. Көптеген қалмақтар жол азабын көтере алмай суықтан, адам төзгісіз жағдайда қаза болды. “Арнайы жер аударылғандарға” суық вагондарда, ашық далада, айлап тұруға тура келді. Қазақстан мен Сібірдің қара суығына тап келгендер арасында кісі өлімі көп болды. 17 мен 50 жас аралығында ұлты қалмақ ер азаматтар мен 16-45 аралығындағы әйелдер “Еңбек армиясы” қатарын толықтырды. Олар сым темірмен қоршалған Ішкі істер әскери қарулы күштері күзететін лагерьлерде ауыр жұмыстарға салынды. Соғыс жылдарында қалмақтарды басшылық жұмысқа алуға және облыс орталықтарында тұруға тиым салынған қаулылар қабылданды.
Қазақстанда алдын – ала дайындалған мекендерде орналастырылып, баспана жетіспегендер үй-үйге таратылып жіберілді. “Ежелгі жау” атанған қалмақтар ел басына түскен қиын кезеңде қазақ халқының қонақжай кең пейілінің арқасында тез сіңісіп кетті/10/.
КСРО ІІХК 1944 жылдың 10 ақпанындағы деректері бойынша Қазақстанға арнайы күштеп жер аударылған қалмақтар саны 2268 адам болған/9.86/.
Қалмақ халқын жер аудару тарихи әділетсіздік екендігін жаза келе “арнайы жер аударылған” қалмақ Д.Г.Гохаев 1944 жылы ақпан айында И.В.Сталинге жазған хатында “қалмақтарды жер аударудың себебі шындыққа жанаспайтындығы … 2000 қалмақ, тіпті 9000 адам фашистер жағына өтсе де, бүкіл бір қалмақ халқын опасыз деп айыптауға негіз бола алмайтындығын”- ашына жазған/9.86-87/.
Ұлы Отан соғысы басталғанда қалмақтар бүкіл Кеңес халқымен бірге неміс – фашистерімен соғысқа аттанып жауға қарсы шайқасты. Соғыстың алғашқы айында-ақ, көптеген қалмақтар өз еріктерімен Отан қорғауға аттанды. Алайда, қалмақтардың бұл жанкештілігі, оларды арашалап қала алмады, керісінше 1944 жылы 29 желтоқсан айынан бастап КСРО ІІХК № 275 циркулярына сәйкес, Қызыл Армия қатарында соғысып жүрген кейбір қалмақтар, әскер қатарынан босатылып жер аударылған. Осы жылы тек Новосібір облысына майданнан қайтқан 5111 майдангер күштеп қоныс аударылған. Жалпы, 1944-1948 жылдары бейбіт тұрғындар қатарынан қосымша Астрахань облысына 1047 адам, оның ішінде 758 майдангер; Ростов облысына 2684 адам; оның ішінде 81 майдангер күштеп қоныс аударылды. Бұл шара 1947 жылы 14 ақпандағы КСРО ІІМ №32/39сс бұйрығымен заңдастырылды/9.94-95/.
Қызыл-Орда облысында орналасқан “арнайы жер аударылған” қалмақтар тұрмыс жағдайларының нашарлауы адам өлімін көбейтті. Оларға азық-түліктен басқа, аяқ киім мен киім-кешек жетіспеген. Соғыс аяғына таман “арнайы жер аударылған” қалмақтардың мәселеріне көңіл аударып, 1944 жылдың аяғына таман үкімет орындары ХКК төрағасыныњ орынбасары А.И.Микояныњ бұйрығымен сабын, шай, тұз, мата, жүн бөліп, әр адамға айына 200 гр сабын, 100 гр шай, 0,5 гр тұз сатып беріп көмектескендей болды.
“Арнайы жер аударылған” қалмақтардың ауыр жағдайы көптеген қалмақ азаматтарын толғандырды. Қалмақ АССР-ы Халық Комиссарлары Кеңесі бұрынғы төрағасы Д.П.Пюреев қалмақтардың ауыр тағдыры жөнінде И.В.Сталинге хат жазып, қалмақтарды көшіру және қоныстандыру кезінде кеткен қателіктерді айта келе, “Қалмақ халқы КСРО конституциясы құқықтарын пайдалана ала ма?, Қалмақ автономиясы тағдыры не болады?” – деген сұрақтар қойған екен. Белгісіз болашақ халықтың еңсесін езе түсті.
Жазылған хаттар жауапсыз қалды. Соғыс жылдары және одан кейінгі уақытта күштеп қоныс аудару жалғасып, халық санының азаюына алып келді. 1943 жылғы КСРО ІІХК-ның “арнайы мекендер” бөлімі есебі бойынша 1943 жылы күштеп қоныс аударған 91 919 қалмақтардан, 1950 жылы 77 943 адам қалған екен. Бұл саясатты жүзеге асыру алдын-ала жоспарланып, үкімет қаулылары алынып, қаражат бөлініп, құпиялылық қамтамасыз етілді. Аталған шаралардың бірде – бірі заңға зәйкестендірілмей, КСРО конституциясына, одақтық республикалар конституцияларына қайшы келіп, ұлттық теңқұқықтық, жеке адам бас бостандығы, тұрғын үйге қолсұқпау принциптері бұзылды. Халықтарды күштеп қоныстандыру көпшілік жағдайда заңдастырылмады, заң сөзі “жоғарғы заң шығарушы” немесе “барлық халықтардың көсемі” И.В.Сталин еркімен алмастырылды.
Қалмақ АССР-ын қалпына келтіру тек қана, И.В.Сталиннің өлімінен кейін 50-ші жылдардың соңына қарай мүмкін болып, тарихта “жазылмас жара” танылып, халық есінде сақталған.
Переселенческое дело. Сборник декретов и распоряжении по переселению. Под редакции М.А.Большакова. М., 1927, с.28.
Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты . 1000-қ., 14-іс, 16-п.
Масанов Н.Э., Абылхожин Ж.Б., Ерофеева И.В., Алексеенко А.Н., Баратова Г.С. История Казахстана: народы и культуры. Алматы., Дайк-Пресс, 2000. С. 279-380.
Ким Г. Советские корейцы// История Казахстана: белые пятна. Сборник статьи. Сост. Абылхожин Ж.Б. Алма-ата. Казахстан, 1991. С. 275-295.
Д.А.Шаймуханов, С.Д.Шаймуханова. Карлаг. Караганда. 1997. с.13.
Сталин И.В. Сочинений. Т.5. М. Госполитиздат.1954. с.278.
Съезды Советов РСФСР и автономных республик РСФСР. т.2.
М. 1959. С. 79.
Бугай Н.В. Операция “Улусы”. Элиста, 1991. С. 20.
Иосиф Сталин – Лаврентию Берии: “Их надо депортировать”. Документы, факты, комментарии. Сост. Н.В.Бугай. М. 1992. С.91.
Қазақстан Республикасы Президенттік Мұрағаты 708-қ.,15-т.,234-іс.,46 п.
Достарыңызбен бөлісу: |