ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Филология институты
Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы
Тақырып: Людвиг Тиктің романтикалық новеллалары
6В017 - "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы
4 курс, 406 - топ
Орындаған: ҚЛЫШБЕК ҚЫМБАТ
ЛЮДВИГ ТИК
(1773-1853)
Людвик Тик – бүкіл иендік романтиктердің ішінде өзіндік орны бар, бүкіл өмірі мен талантын көркем шығармалар тудыруға арнаған неміс ақыны, прозаик, драматург, аудармашы, сыншы. Лирикалық өлеңдер, романдар, драмалар, новеллалар – міне оның талантын танытатын дүниелері. Осылардың ішінде ол әсіресе, новеллистикаға жақын болды. Оның романтикалық новеллалары әлем әдебиетіне үлкен ықпалын тигізіп, осы күнге дейін сақталып, оқырмандарын жоғалтқан жоқ. «Ол шынында да Германияның ең мықты новеллисі болды» деп жазды Генрих Гейне [1]. Ол осы жанрға көп ықпалын тигізіп, оның шығармалары неміс новеллистикасын жаңғыртты. Сонымен қатар Эрнст Теодор Амадей Гофман да Тиктің шығармаларынан үлгі алды. Оның шығармашылық белсенділігі сол иендік кезеңмен тұспа-тұс келді.
Әдеби өмір жолы. Людвик Тик 1773 жылы 31 мамырда Берлин қаласында қарапайым жанұяда дүниеге келді. Жас кезінен бастап ол театр мен әдебиетке қызығушылық танытты. Гимназияда оқып жүрген жылдарында ол Вильгельм Вакенродермен (1773-1798) танысады. Одан арғы білімін Галл, Эрланген және Геттинген университеттерінде жалғастырады. Осы кезде ол ағылшын әдебиетіне (әсіресе Елизавета дәуіріндегі (ХVІғ.) көп көңіл аударады. Алғашында теологияны оқудан бастап, лингвистика мен әдебиетке көшеді. Осы кезден бастап оның В.Вакенродермен, Новалиспен достық қатынасы тереңдей түседі және бұл адамдардың достығы неміс романтизміне де әсерін тигізеді. Тик өзінің ізденістері арқылы романтикалық шығармаларында белгілі эстетикалық бағдарламаларын ашты («Етік киген мысық», «Өмірдің жасырын жақтары», «Цербино ханзада»).
1794 жылдары ол Берлиндік белгілі жазушы К.Ф.Николаймен (1733-1811) жақсы қарым-қатынаста болып, тапсырыс бойынша И.К.Музеустың «Түйеқұс қауырсыны» (1787) атты прозалық циклын жалғастырып, оны новеллаларымен толықтырады. Мысалы «Альманур» (1790) новелласы, мұндағы рационализм мен романтизмнің қосындысы – оның шығармашылығына тән нәрсе [1].
1797 жылдан бастап Тиктің романтикалық позициялары анықтала бастады. Тиктің осы кездегі басты шығармаларының бірі – «Вильям Ловельдің әңгімесі» атты қайғылы романы. Роман хат түрінде жазылған. Бұл романды автор философиямен байланыстырып жазады. Романның басты кейіпкері ағылшындық жас бала – Ловель. Мұнда ол Еуропаға білім алу үшін барады, бірақ бар уақытын ойын-сауықпен өткізеді. Ол өзінің бұл әрекетін дұрыс деп санап, жауабын Фихтенің философиясынан іздейді. Әрине, жауап таба алмайды да. Өзінің жаман істерін дұрыс, заңды деп түсініп, барлық абыройынан айрылған Ловель романның соңында өзіне тиісті жазасын алады.
Осы жылдары ол өзінің «Петер Лебрехттің халық ертегілері» атты жинағын жарыққа шығарады (1797). Мұнда ортағасырлардағы халық ертегілері мен халық аңыздары жайлы жазған дүниелері жинақталған. Ортағасырлық «халық кітаптарын» өңдеп, патриархалдық әлемді идеализациялаған «Петер Лебрехттың халық ертегілері» жинағына ағайынды Шлегельдер де көңіл аударды және олар Тикті «романтик ақын» деп таныды [2]. 1799 жылдары Тик өзінің тағы бір шығармалар жинағын басып шығарады. Бұл жинақ фольклорлық шығармалар жинағы болып табылады, яғни бұдан оның неміс фольклорының дамуына белсене араласқанын көруге болады. Тик 1799-1800 жылдары иен романтиктерінің үйірмесіне мүше болады.
1802 жылы Одер бойындағы Франкфуртке жанұясымен көшіп келеді, мұнда ол граф К.Финкенштейннің имениесінде тұрады. Осы кезде ол «Швабстық миннезингерлердің өлеңдері» деген жинағын жарыққа шығарады. Және де ол Англияға да сапар шегіп, Елизавета кезеңі туралы пьесалар жинағына материал жинайды.
1819 жылы Тик жанұясымен Дрезден қаласына көшіп, сонда 1825-1830 жылдар аралығында театрдың әдебиет бөлімін басқарады. Бұл уақытта Тик романтикалық шығармаларға қарағанда новеллаларды көптеп жазады, оны романтизмнен біржола кетті десе де болады.
Достарыңызбен бөлісу: |