Үзіліп түскен бір түйме



Дата08.07.2016
өлшемі35.11 Kb.
#184711
Үзіліп түскен бір түйме
Өмірдің ағысы мен үйреншікті ауанына үйреніп алғаның сондай, кейде айналаңдағы тыныс-тіршіліктегі, өмірдегі аралас-құраластағы, таныс-бейтаныстарыңдағы өзгерістер мен қарым-қатынасқа мән бере бермейсің. Мүмкін соның барлығын жадыңда сақтап қажеті де жоқ шығар. Алайда өкінішті бір жайлардан кейін сол өміріңе елеусіз араласып, көңіліңе дидар-ғайып бейнесінің суретін қалдырып кеткен адаммен кездескен сәттерді еске алған сәттерде Тайыр Жароковтың:

Жан сүйер сөз саулықта,

Айтыла бермейді екен ғой.

Жандарыңды жай уақта,

Азырақ ұққан екем ғой,-

деген өлең жолдары ойға оралады.

Мүсілім туралы осы жолдарды жазу кезінде мен де сондай күйді басымнан кешіп отырмын. Сыралғы болатындай замандасы емеспін, бірақ пікір алысқан аз уақыттың аясында мені өз ойын сеніп айтатын ағасының бірі ретінде қабылдады-ау деймін. Екі-үш мәрте Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде оңаша сөйлесіп, ой бөлістік. Көбіне ол сұрап, мен жауап берген сиқтымын. Өйткені сол кезде алаш ардагерлерінің өмірі туралы архив деректерін зерттеп жүргендігімнен шығар, маған үнемі солар туралы сауалдар қоятын.

Қалай екенін білмеймін, сол танысқан кезде де, өзімсіне өзіме тартқан тұста да, мен одан Еріктің «ірілене» (Ерік Асқаровқа солай деп қалжыңдаушы едім, ол да марқұм болды. Жалған-ай десеңші) бастаған шағындағы мінездерін аңғарған едім. Ол өзін маған: сол уақытқа дейін өмірден өз орынын іздеп келген, енді ғана соның мағынасын тауып, бағыт-бағдарын анықтаған ересек жігіт ретінде таныстырды. Оның бұл мінезінен - мақсаты айқындалған соң ойлаған ісін қуатты жігермен қауырт, еш қаперсіз, кеудесінің жалын табын суытпай тез атқаруға ұмтылған тура беттілік байқалатын. Сырт тұлғасынан да, сөйлеген сөзінен де, пікірлерінен де ешбір қауіп-қаперсіз, қазақша ораммен айтсақ, тәубесіз сенімділіктің нышаны білінетін.

Тіпті жазған жазуынан да соның табы сезіліп тұратын.

Мағжанның «Батыр Баян» мен «Қойлыбайдың қобызы» дастандарының тарихи сипаты туралы мақалаларын оқып шыққан соң мен өзімнің бұл пікірімді оған ашық айттым. Сонда ол өзінің ойларын қағазға тез түсіретінін, ал оны салмақтандырып, дәлелдерін толықтырып, пайымдауларын негіздеп, жазу мәнерін әрлеуге кейіндеп кірісетінін, қазір өзінің қолынан жазу келетіндігін көрсетіп, Мағжан туралы тақырыпты түпкілікті бекітіп алуының қажеттілігін айтты. Содан бастап мақалалары бірінен кейін бірі жарық көрді. Әр көрген сайын шрығып келе жатқаны, тіпті кей тақырыпқа тереңдеп әңгіме қозғап, өзінің пікірін ашық айтуға көшті.


Әрине, сондай сенімділікпен және жалындап айтқан ойлары бұл салада тіс қағып қалған адам үшін жаңалық болды дей алмаймын. Кейде балаңдығы мен бекімеген ойдың босаңдау ұшығы да шан беретін. Үлкен ортадан жырақ жүрген, бірақ бәрін де оқып-біліп, сезімі жанып-күйіп келген өршіл жасқа тән аңғалдықтың Мүсілімнің бойынан табылуы табиғи еді. Ол Алматыға тұрақтаған бір жылдың ішінде өзін-өзі қатты тәрбиеледі, ой жарыстыратын орта таба білді, іштей қатты өсті. Оған: «Іріленіп барасың» - деуімнің де бір себебі осы болатын. Мен оның өлең жазатынын білмедім. Ақынжанды, өлеңқұмар, алғыр жас зерттеуші ретінде қабылдағандықтан да арадағы сөздің негізгі тақырыбы да сол болды. Кейіннен оның өлеңдерімен, жазған мақалаларымен, ол туралы естеліктермен танысқан соң оның аз ғұмырының соңғы беттері туралы жоғарыдағы әсерімнің дұрыстығына көзім жетті. Ол өзінің таланты мен қабілетін Алматыда өткен бір жылдың ішінде сыртқа шығарып, дәмелі де үмітті ой иесі екенін танытыпты. Қауырт кірісіп, тез ой қорытып, жылдам жариялауға ұмтылуының сыры сонда екен.

Сол жылдары жалпы қазақ сөз өнерінде, оның ішінде Әдебиет институтында бір толқын мен екінші толқынның ауысу кезеңі жүріп жатты. Институт директоры академик Серік Қирабаев сыни ойлау қабілеті бар талантты шоғырды сондай бір ынтамен ғылымға тартты. Бейсенбай Байғалиев, Шөмішбай Сариев, Батырхан Дәрімбетов, Ғалым Доскенов, Тұрсынжан Шапаев және осы жолдардың авторы сынды әр салада істеп жүрген адамдардың ғылымға келуі де сол жылдары. Осы топқа бүгінде доктор, профессор дәрежесіне жеткен Диқан Қамзабеков, Бауыржан Омаров сияқты жастар да ілесе келді. Мүсілімнің солардың көлеңкесінде қалып қойғысы келмегені анық еді. Оның отызында орда бұзғысы келмеді. Арындап барып күш алған сәйгүлікке ұқсап ақыойына түскен салмақты бар жігерімен екпіндей көтерді. Аз уақыттың ішінде өзінің тума қабілетін, алғыр ойын, текті талантын мойындатып, үміт күттіре бастады.

Өкінішке орай, тура сол жылдары тәуелсіздіктің рухынан өзге жұбанышы аз еді. Жарты жылдап жалақы алмау үйреншікті жайға айналды. Күнделікті тіршіліктің өзі ғана дәтке қуат беретін. Қалаға енді ғана басын сұққан жас ғалым түгілі тұрмысы орнығып қалған байырғы тұрғындар да тұрмыстың қысымын басынан кешіп жатты. Жаға шығып, салынды болып қалмас үшін де жастар өз күнін өзі ілдебайлап көруге мәжбүр болды. Өмірдің талғажау жібін үзіп алмай, бір-бірімен жалғаймын деген үміттің ұшығына ілесіп Аягөзге кеткен Мүсілім қайтып оралмады. Жанайын деген бір шырақ жанбай жатып өшті.

Ол қазақ әдеби ойының өңіріне жаңа ғана қадалған бір түйме еді. Өзінінің қадалуын күтіп тұрған Өңіріне орнығып болмай жатып үзіліп түсті. Өкініштісі де сол орынның бос қалғандығында. Артында қалған аз мұрасы - Мүсілім қадалуға тиісті бос орынды еске түсіреді.



Тұрсын Жұртбай.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет