12. Сиырды қолдан ұрықтандыру әдістері – Ұрықтандыру әдістері. Аналық малдарды ұрықтандыруды таза, жарық бөлмеде жүргізеді. Қолдан ұрықтандырудың интрагенитальдық тәсіліне: 1. қыныптық, 2. цервикальдық 3. жатырлық 4. аналық жыныс түтікшесі арқылы ұрықтандыру жатады.
1. Қынап әдісімен ұрықтандыру - сирек қолданылады, өйткені бұл жағдайда ұрық цервикальдық әдіске қарағанда көп мөлшерде жұмсалады. Ұрықты шприц-катетер, капрон шприцпен қосылған полистироль түтігі арқылы қынапқа жібереді. Осылай қояндарды және қынабы тар тұсақ пен құнажынды ұрықтандырады. Несеп шығатын жолға түспеу үшін аспапты қынаптың жоғарғы езуінен (бұрышынан) тоқтыларға 15-18 см, ал құнажындарға 30-35 см тереңдікке енгізеді.
2. Цервикальдық әдіспен ұрықтандырғанда - ұрықты жатыр мойынының жолына шприц-катетермен немесе басқа аспаптармен енгізеді.
Цервикальдық әдіс келесі түрлерге бөлінеді: а) қынап айнасы көмегімен ұрықтандыру (визоцервикальдық), б) жатыр мойынын тік ішек арқылы ұстап тұрып ұрықтандыру (ректоцервикальдық), в) жатыр мойынын қолмен ұстап тұрып ұрықтандыру (маноцервикальдық).
А) Қынап айнасы көмегімен ұрықтандыру (визоцервикальдық). Ұрық жатыр мойынының жолына шприц-катетер арқылы енгізіледі. Бұл әдісті сиырларды, саулықтарды және ешкілерді ұрықтандырғанда қолданады. Аспаптарды даярлаған соң аналық малдың қынабына, қынап айнасын кіргізеді. Содан кейін қолдың көмегімен жатыр мойынының жолына саулыққа 0,5 см, сиырға 4-5 см тереңдікке ұрықтың тиісті мөлшерін жібереді.
Б) Жатыр мойынын тік ішек арқылы ұстап тұрып ұрықтандыру (ректоцервикальдық).
Көп мамандар малдарды қынап айнасынсыз пипеткамен тік ішек арқылы жатырды ұстап ұрықтандыруды қолайлы деп санайды. Бұл үшін бір қолмен тік ішек арқылы жатыр мойынын ұстап, ал екінші қолмен қынап арқылы пипетканы енгізеді. Бұл әдісте бір рет қолданылатын полиэтилен қолғаптар, полистироль немесе шыны пипеткалар қажет.
Бұл әдісті әсіресе жұқпалы аурулары бар шаруашылықтарда қолдану пайдалы. Бұл әдіспен ұрықтандыру үшін жуылған және спиртпен сүртілген құрғақ қолмен пакеттен полистироль пипетканы алады да, оған пластмасса ампуланы немесе резеңке баллонды қосады да, пипеткаға байланыстыратын муфтамен кішкентай капрон шприцті жалғайды, содан кейін 1 мл ұрық сорады.
Сулы тампонмен немесе қайнатылған сулы сықпамен сиырдың сыртқы органдарың сүрткен соң, оң қолмен пипетканы қынапқа оның жоғарғы енуінен (қабырғасынан) кіргізеді. Полиэтилен қолғап киілген бір қолды сабындап тік ішекке енгізеді, онан соң жатыр мойынынан ұстайды да пипетканың ұшын оған бағыттайды.
Пипетканы енгізгеннен кейін (бір әрекетте), оны әрі қарай жылжыту үшін жатыр мойынын қолдың барлық саусақтарымен ұстап жеңіл айналдырып, абайлап пипеткаға кигізеді. Аналық малды ұрықтандырғаннан кейін поиэтилен қолғапты және полистироль пипетканы жағып жібереді, ал шыны пипеткаларды сүртеді сосын стерильденгенше бөлек темір трубкада сақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |