1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет4/53
Дата09.10.2022
өлшемі0.62 Mb.
#462270
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53
лекция

Сөз мағынасы (семантикасы). Тілдік жүйе негізінде қалыптасқан мағына өз ішінен парадигмалық және синтагмалық мағыналар болып бөлінеді. Парадигмалық қатынастар негізінде алынатын мағынаны парадигмалық мағына деп аталады, ал парадигмалық қатынас - бір деңгейдегі тіл элементтерінің арасындағы байланысқа негізделеді. Мәселен, тәтті, ащы, дәмді, ұзын, қысқа т.б. заттың сынын; жел, су, өзен, жұлдыз, үркер күн т.б. табиғат құбылыстарының атауы; бас, көз, құлақ, бауыр, жүрек т.т. дене мүшелері атаулдары адам санасында мазмұнның ортақтығына негізделген өзара белгілі бір байланысы бар сөздер тобын құрайды. Парадигмалық мағынаның сөздерді тақырыптық және лексика-семантикалық топтарға бөліп қарастыруда атқаратын рөлі үлкен.
Әр текті тіл элементтері арасындағы қатынас тілтанымда синтагмалық қатынас деп танылады. Сөз синтагмалық қатынасқа түскенде бір-бірімен әрі семантикалық, әрі грамматикалық жағынан байланыста болады. Сөздер бір-бірімен өзара байланысқа түсу үшін сөздердің мағыналық құрамында ортақ бір семаның болуы шарт. Сөздердің семантикалық тіркесімділік қабілетін анықтаушы тілдік мағынаны синтагмалық мағына деп танимыз.
Мағынаның семантикалық құрылымы. Сөз мағыналары құрылымдық тұрғыдан денотаттық мағына, сигнификаттық мағына және коннотациялық мағынаны құрайды. Денотаттық мағына деп сөздің ақиқат дүниемен, ондағы заттармен, құбылыстармен байланысып жататын мағынасын айтамыз. Тілтанымда денотаттық мағынаның өзін материалды денотат (референт) және идеалды денотат деп бөлушілік бар. Денотаттық немесе референттік мағына белгілі бір сөзді айтқан кезде көз алдымызға, ойымызға келетін заттар мен құбылыстардың басты белгілеріне, бейнесіне негізделеді.
Ал сөз мағынасында өмір сүретін идеалды денотат санадағы ұғыммен байланысты. Яғни материалдық денотат арқылы қоршаған ортадағы заттармен, құбылыстармен байланысып жатады. Мәселен, тас қарапайым адам үшін «формасы әртүрлі, өзі қатты тау жыныстарының үлкенді-кішілі бөлшектері», тау - «жер бетінен жоғары да көтеріңкі жатқан биіктік» деген нақты денотаттық мағынаға ие болса, геолог мамандар үшін «тас - кристалды минералдардың жиынтығы», физикалық географияда «тау – айналасынан оқшау, айқын байқалатын беткейі, етегі және шыңы бар, теңіз деңгейінен биіктігі кемінде 200 м болатын көтеріңкі жер» деген ұғымдық (идеалды денотат) мағынаны білдіреді.
Сөздің лексикалық мағынасының құрамдас бөліктерінің бірі – сигнификаттық мағына. Денотатты мағына көрнекі нақты ойлау негізінде қабылданып, ұғым негізінде қалыптасқан ақиқат дүниенің обьект бейнесі болса, сигнификативті мағына - абстракті, дерексіз ойлау негізінде пайда болған субьект бейне. Сондықтан мұны қазақ тілінде пайымдық мағына деп те атауға болады (1,17-18 бб.). Пайымдық мағына – сөздің білдіретін тұрақты мағынасы. Кей сөздердің мағынасынан заттық мағына, кей сөздерден сигнификативті мағына айқын танылады. Мысалы: бақыт – адамның тілегінің орындалып, қуанышқа кенелуі (сигнификативті мағына). Проф. Б.Сағындықұлының айтуынша, зат есімдерден денотаттық мағына, сын есім, сан есім, етістіктерден пайымдық мағына анық та айқын сезіліп тұрады. Коннотатты мағына жоғарыда айтылған екі мағынаның үстіне қосылған үстеме мағына. Бұл үстеме мағынада стильдік бояу, сезімдік бағалау, экспрессивтік мағына бар. Коннотатты мағына эмоция мен бағалаудан тұрады. Мәселен, зат есімдер мен сан есімдерде, есімдіктерде сезімдік мағына сирек кездеседі, ал одағайлар мен сын есімдерде, етістіктерде бұл мағына жиірек кездеседі. Мәселен, сымпыс - 1. Құйрық қылшығы селдір, сымпыйған; 2. Ауыс. Зып-зып етіп, аннан-мұнан бір шығатын, шаруаға қыры жоқ, берекесіз, сұйық адам.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет