16-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды
жүзеге асыру
1. Алынып тасталды - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
2. Алынып тасталды - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3. Біртекті болып табылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мұндай тауарларды конкурстық құжаттамада лоттарға міндетті түрде бөле отырып, аталған тәсілмен бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге құқылы.
Біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
Біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірнеше түрлерін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және (немесе) беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
Осы тармақта көзделген жағдайларда, конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.
4. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау қорытындылары бойынша айқындалған біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін және конкурстық комиссия конкурсқа қатысушы деп таныған әлеуетті өнім берушілер қатысады.
Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу:
1) конкурстық комиссия екіден кем әлеуетті өнім берушіні конкурсқа қатысушы деп таныған;
2) осы Заңның 26-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстары қабылданбағаннан кейін конкурсқа қатысушылардың екіден кем конкурстық баға ұсыныстары бағалануға және салыстыруға жатқызылған;
3) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайлардың бірі болғанда өтпей қалды деп танылады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
17-бап. Конкурстық құжаттама
1. Конкурстық құжаттаманы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған үлгілік конкурстық құжаттаманың негізінде немесе электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған конкурстық құжаттаманың электрондық нысаны негізінде қазақ және орыс тілдерінде әзірлейді.
2. Конкурстық құжаттамада осы Заңның 8-бабында белгіленген жалпы және арнайы біліктілік талаптарынан басқа мынадай мәліметтер:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жері;
2) белгіленген тәртіпте бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы, техникалық өзіндік ерекшеліктерін қоса алғанда, ал қажет болғанда нормативтік-техникалық құжаттаманы көрсете отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы мен талап етілетін техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары;
3) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлемі;
4) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету орны;
5) тауарды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің талап етілетін мерзімдері, ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасына кепілдік беру;
6) төлем жасау шарттары және елеулі шарттары көрсетіле отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы;
7) бағадан басқа критерийлер, солардың негізінде конкурс жеңімпазы, оның ішінде әрбір осындай критерийлердің салыстырмалы мәні және шартты бағаны есептеудің әдістемесі айқындалады;
8) конкурстық баға ұсынысының мазмұнына қойылатын талаптар, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларынан басқа, оларды тасымалдау мен сақтандыру шығыстарын, кеден баждарын, салықтар мен алымдарды, сондай-ақ тауарларды беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету шарттарында көзделген өзге де шығыстарды төлеуді көрсету;
9) конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысы көрінетін валюта немесе валюталар және оларды салыстыру мен бағалау мақсатында шартты бағаны бірыңғай валютаға сәйкес келтіру үшін қолданылатын бағам;
10) конкурсқа қатысуға өтінімдер, мемлекеттік сатып алу туралы шарт Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес жасалатын және табыс етілетін тілге қойылатын талаптар;
11) конкурсқа қатысуға өтінімді енгізудің талаптары, өтінімді қамтамасыз етудің мазмұны мен түрлері;
12) әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өз өтінімін оны берудің соңғы мерзімі өткенге дейін өзгерту немесе кері қайтарып алу құқығына тиісті сілтеме жасау;
13) конкурсқа қатысуға өтінім салынған конвертті табыс етудің тәртібі, тәсілі, орны мен соңғы мерзімі және конкурсқа қатысуға өтінімнің қолданыста болуының талап етілетін мерзімі;
14) әлеуетті өнім берушілер олардың көмегімен конкурстық құжаттаманың мазмұны бойынша түсініктемелер сұрата алатын тәсілдер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру бойынша әлеуетті өнім берушілермен кездесулер өткізу орны, күні және уақыты;
15) конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу орны, күні және уақыты;
16) конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу, конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен салыстыру рәсімдерінің сипаттамасы;
17) алда болатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуда тапсырыс берушінің және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атынан уәкілеттік ететін олардың өкілдері туралы мәліметтер;
18) мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудің талаптары, түрлері, көлемі және оны енгізудің тәсілі;
19) конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген сомалар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Конкурстық құжаттамада әлеуетті өнім берушілерге өткізілетін мемлекеттік сатып алудың шарттары туралы неғұрлым толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін басқа да қосымша мәліметтер қамтылуы мүмкін.
3. Конкурстық құжаттамада тауар таңбаларына, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттерге, пайдалы модельдерге, өндірістік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларға сілтемелердің болуына:
1) негізгі (белгіленген) жабдықтарды қосымша жинақтау, жаңғырту және қосымша жарақтау үшін;
2) тауарды лизингке беру жөнінде қызметтер көрсетушіні айқындау және лизинг нысанасын толық сипаттау қажеттігінің туындауы үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, жол берілмейді.
4. Неғұрлым сапалы тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті ұсынатын конкурсқа қатысушыны айқындау және отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсынысына әсер ететін мынадай критерийлерді:
1) әлеуетті өнім берушіде:
өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесінің;
Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес отандық тауар өндірушілер үшін ұсынылатын тауарларды ерікті түрде сертификаттауды растайтын құжаттың;
ұлттық стандарт талаптарына сәйкес сапаның сертификатталған менеджмент жүйесінің (сертификатталған жүйелерінің);
ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес қоршаған ортаны басқару менеджментінің сертификатталған жүйесінің (сертификатталған жүйелерінің) және (немесе) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес экологиялық таза өнім стандартына сәйкестікті растаудың болуын;
2) тауарлардың функционалдық, техникалық, сапалық сипаттамаларын және (немесе) сатып алынатын тауарларды пайдалануға, оларға техникалық қызмет көрсетуге және оларды жөндеуге арналған шығыстарды;
3) жергілікті қамтуды көздеуге міндетті.
5. Конкурстық құжаттамада осы Заңда белгіленген жағдайларда жариялануға тиісті ақпаратты орналастыру жоспарланып отырған интернет-ресурстың электрондық мекенжайы (бұдан әрі - тапсырыс берушінің интернет-ресурсы ) көрсетілуге тиіс. Тапсырыс берушінің интернет-ресурсы тұрақты жұмыс істеуге және Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын тұлғаға тиесілі болуға тиіс.
Осы тармақтың талаптары конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларына қолданылмайды.
5-1. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен конкурстық құжаттама сараптама жасауға жатады.
6. Конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушінің бірінші басшысы не жауапты хатшысы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшы өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды тұлға не оның міндетін атқаратын тұлға бекітеді.
Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы әзірлеген конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушілердің бірінші басшылары не жауапты хатшылар немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды тұлғалар не оның міндетін атқаратын тұлғалар бекітеді.
7. Конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу осы Заңның 20-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.12.03 № 505-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.22 № 515-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.09 № 535-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
18-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге
асыру туралы хабарлама
Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекiтiлген күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, бiрақ әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтiнiмдер табыс етуінің соңғы күніне дейiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күн бұрын:
1) конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтiнiн, сондай-ақ бекiтiлген конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушінiң интернет-ресурсында жариялауға;
2) конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтiнiн мемлекеттiк сатып алу веб-порталында жариялауға;
3) тапсырыс берушінің интернет-ресурсында хронологиялық тәртіппен конкурстық құжаттаманы алған тұлғаның орналасқан жерi, почталық және электрондық мекен-жайлары туралы мәлiметтердi, сондай-ақ ол туралы басқа да мәлiметтердi көрсете отырып, бекiтiлген конкурстық құжаттаманы табыс ету фактiсiн тiркеудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекітілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бірақ әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдер табыс етуінің соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік жиырма күн бұрын конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтінін мемлекеттік сатып алу веб-порталында жариялауға міндетті.
Конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды қайтадан жүзеге асырған жағдайда мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекiтiлген күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, бiрақ конкурсқа қатысуға өтiнiмдер табыс етудің соңғы күнiне дейiн кемiнде күнтiзбелiк он бес күн бұрын осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген талаптарды орындауға мiндеттi.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырған жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттама бекітілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бірақ конкурсқа қатысуға өтінімдер табыс етудің соңғы күніне дейін кемінде күнтiзбелiк он күн бұрын, мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтінін жариялауға міндетті.
Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
19-бап. Конкурстық құжаттаманы табыс ету
1. Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы қағаз жеткізгіште (бұдан әрi – конкурстық құжаттаманың көшiрмесi) не бекiтiлген конкурстық құжаттаманы осы Заңның 18-бабының 3) тармақшасында белгiленген талаптарды ескере отырып, тапсырыс берушінiң интернет-ресурсында жариялау арқылы мүдделi тұлғаларға ұсынады.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алу өткізілген жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы бекітілген конкурстық құжаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында жариялау арқылы конкурстық құжаттаманы мүдделі тұлғаларға ұсынады.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың көшірмесін мүдделі тұлғаларға олар мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға конкурстық құжаттаманың көшірмесін табыс ету туралы өтініш жасаған күні табыс етуге міндетті.
Егер конкурстық құжаттаманың көшірмесі арқылы негізде табыс етілген болса және бұл туралы сілтеме тиісті хабарламада қамтылса, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы оны мүдделі тұлғаларға мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға аталған ақыны енгізгенін растайтын құжатты ұсыну шартымен өздері өтініш жасаған күні табыс етеді.
Конкурстық құжаттаманың көшірмесін табыс еткені үшін ақы мөлшері мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық құжаттама көшірмесінің данасын әзірлеумен тікелей байланысты шығыстарынан аспауға тиіс.
2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың көшiрмесiн табыс еткен тұлғалар туралы мәлiметтердi, сол сияқты тапсырыс берушінің интернет-ресурсынан не мемлекеттік сатып алу веб-порталынан бекiтiлген конкурстық құжаттаманы алған тұлғалар туралы мәлiметтердi мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы алған тұлғаларды тiркеу журналына енгiзуге тиiс.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға тілек білдірген, мемлекеттік сатып алу веб-порталынан конкурстық құжаттаманың көшірмесін алған тұлғалар туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркеледі.
3. Конкурстық құжаттаманы конкурс өткізу туралы хабарландырудың мәтінін жарияланғанға дейін табыс етуге жол берілмейді.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
20-бап. Конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру
1. Тiркеу журналына өздері туралы мәлiметтер енгiзiлген немесе мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркелген тұлғалар осы Заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес, бірақ конкурсқа қатысуға өтiнiмдер берудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей, ал конкурс тәсілімен өткізілетін электрондық мемлекеттік сатып алу бойынша кемінде күнтiзбелiк он күн бұрын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сауалмен жүгінуге құқылы. Конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру туралы сауал конкурстық құжаттамада көрсетiлген тәсiлдермен мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушыға жiберiлуге тиiс.
Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы сауалды алған күннен бастап - үш жұмыс күнi iшiнде, ал конкурс тәсілімен өткізілетін электрондық мемлекеттік сатып алу бойынша екі жұмыс күні ішінде оған жауап қайтаруға және сауалдың кiмнен келiп түскенiн көрсетпестен:
1) осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген тiркеу журналына өздері туралы мәлiметтер енгізілген тұлғаларға конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiрудi жiберуге;
2) конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру мәтінін тапсырыс берушінің интернет-ресурсында жариялауға;
3) конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізген жағдайда конкурстық құжаттаманы алған әлеуетті өнім берушілерді автоматты түрде хабардар ете отырып, мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру мәтінін жариялауға міндетті.
2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдер табыс етудің соңғы күні өткенге дейін – күнтiзбелiк бес күн мерзiмінен кешiктiрмей, ал электрондық мемлекеттік сатып алу бойынша күнтiзбелiк үш күн мерзiмінен кешiктiрмей өз бастамасы бойынша немесе осы Заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес өздері туралы мәлiметтер тiркеу журналына енгізілген не мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркелген тұлғалардың сауалына жауап ретінде конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы. Конкурстық құжаттамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу осы Заңның 17-бабының 6-тармағында белгiленген тәртіппен бекiтiледi.
Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей:
1) енгiзiлген өзгерiстердiң және (немесе) толықтырулардың мәтiнiн осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген тiркеу журналына өздерi туралы мәлiметтер енгiзiлген тұлғаларға өтемсiз негiзде жiберуге;
2) енгiзiлген өзгерiстердi және (немесе) толықтыруларды көрсете отырып, нақтыланған конкурстық құжаттаманы тапсырыс берушінiң интернет-ресурсында жариялауға;
3) конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізген жағдайда, енгізілген өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың мәтінін осы Заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркелген тұлғаларға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жіберуге міндетті.
Конкурсқа қатысуға өтiнiмдер берудiң соңғы мерзiмi кемiнде күнтiзбелiк он күн мерзiміне ұзартылуға тиiс.
3. Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру үшiн осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген тiркеу журналына өздерi туралы мәлiметтер енгiзiлген тұлғалардың уәкiлеттi өкiлдерiмен конкурстық құжаттамада көрсетілген белгiлi бiр жерде және тиiстi уақытта кездесу өткiзуге құқылы. Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы мүдделi тұлғалармен аталған кездесу өткiзiлген күннен бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей, олардың дереккөздерiн көрсетпей, ұсынылған конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру туралы сауалдар, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптар қамтылуға тиісті хаттаманы ресiмдейдi және оған қол қояды.
Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерiн түсiндiру туралы хаттама ресiмделген және оған қол қойылған күннен бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей:
1) конкурстық комиссияға, сондай-ақ осы Заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген тiркеу журналына өздерi туралы мәлiметтер енгiзiлген тұлғаларға аталған хаттаманың көшiрмесiн жiберуге;
2) көрсетілген хаттаманың мәтiнiн тапсырыс берушінің интернет-ресурсында жариялауға мiндеттi.
Осы тармақтың талаптары конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларына қолданылмайды.
Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
21-бап. Конкурсқа қатысуға өтінім
1. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға және шарттарға сәйкес тауарларды беруді, жұмыстарды орындауды, қызмет көрсетуді жүзеге асыруға келісім беру нысаны болып табылады.
2. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің:
1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулерді бұзушылықтың болмағандығы туралы;
2) өзінің және тапсырыс берушінің не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының арасында осы Заңда тыйым салынған қарым-қатынастардың болмағандығы туралы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы Заңның 37-бабының 10-тармағында көзделген фактілер анықталған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзуға келісімі туралы растауды қамтуға тиіс.
Конкурсқа қатысуға өтiнiмде қамтылуға тиiсті мәлiметтер, сондай-ақ құжаттар мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында немесе электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалады.
3. Конкурсқа қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
22-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс ету
1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтiнiмдi табыс етудің конкурстық құжаттамада көрсетiлген соңғы мерзiмi өткенге дейiн оны мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушыға – мөр басылған конвертте, ал конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда, мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық құжат нысанында табыс етедi.
Конкурсқа қатысуға өтінім салынған конвертті не конкурсқа қатысуға өтінімнің құрамдас бөлігі болып табылатын құжаттарды және (немесе) материалдарды оларды табыс етудің конкурстық құжаттамада көрсетілген соңғы мерзімі өткеннен кейін табыс етуге жол берілмейді.
Белгіленген мерзім өткеннен кейін табыс етілген конкурсқа қатысуға өтінім салынған конверт ашылмайды және әлеуетті өнім берушіге қайтарылады.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімі:
1) әлеуетті өнім беруші бұрын осы конкурсқа қатысуға өтінім берген;
2) конкурсқа қатысуға өтінім мемлекеттік сатып алу веб-порталына осы конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін келіп түскен;
3) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 3), 3-1), 3-2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, оны мемлекеттік сатып алу веб-порталының автоматты түрде қабылдамауына жатады.
2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінім салынған конверттерді белгіленген мерзім өткенге дейін табыс еткен әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына хронологиялық тәртіппен енгізеді.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға әлеуетті өнім берушілер берген өтінімдер мемлекеттік сатып алу веб-порталында электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында көзделген конкурсқа қатысуға өтінімдерді электрондық тіркеу журналында автоматты түрде тіркеледі.
3. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс ету мерзімі аяқталған кезден кешіктірмей:
1) конкурсқа қатысуға енгізілген өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;
2) конкурсқа қатысуға өзі енгізген өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін кері қайтарып алуға құқылы.
Конкурсқа қатысуға өтiнiм салынған конверттi табыс етудің не конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді табыс етудің соңғы мерзiмi өткеннен кейiн конкурсқа қатысуға өтiнiмге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзуге, сол сияқты оны керi қайтарып алуға жол берiлмейдi.
4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдердің конкурстық құжаттамада белгіленген қолданылу мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей әлеуетті өнім берушілерден олардың қолданылу мерзімін нақты уақыт кезеңіне ұзартуды сұратуға құқылы. Әлеуетті өнім беруші:
1) өзінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі ішінде конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысу;
2) мұндай өтінімнің қолданылу мерзімі өткеннен кейін өзі енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, мұндай сауалды қабылдамауға құқылы.
5. Әлеуетті өнім беруші конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға өзінің қатысуына байланысты барлық шығыстарды көтереді. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, конкурстық комиссияның, сараптамалық комиссияның, сарапшының, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындыларына қарамастан, мұндай шығыстарды өтеу жөніндегі міндеттемелерді мойнына алмайды.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
23-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету
1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді, өзінің:
1) конкурсқа қатысуға өтінімін мұндай өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін кері қайтарып алмайтындығының не өзгертпейтіндігінің және (немесе) толықтырмайтындығының;
2) оны конкурстың қатысушысы деп таныған жағдайда, өзінің конкурстық баға ұсынысын белгіленген мерзімде табыс ететіндігінің, ал кейіннен оны кері қайтарып алмайтындығының;
3) оны конкурстың жеңімпазы деп таныған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасатындығының және конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізетіндігінің кепілі ретінде енгізеді.
2. Конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ережелерінде айқындалған тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір проценті мөлшерінде енгізіледі.
3. Әлеуетті өнім беруші, егер ол:
1) екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңіне;
2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста көзделген көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысатын болса, конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.
4. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банк шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;
2) банктік кепілдікті таңдауға құқылы.
Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін үшінші тұлғаларда енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға толығымен не бір бөлігінде талап ету құқықтарының туындауына әкеп соғатын іс-әрекеттер жасауына жол берілмейді.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, осы баптың 6 және 7-тармақтарында аталған іс-әрекеттерді қоспағанда, әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.
5. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі туындаған кезде:
1) әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімді кері қайтарып алса не өзгертсе және (немесе) толықтырса;
2) конкурсқа қатысушы болып танылған әлеуетті өнім беруші өзінің конкурстық баға ұсынысын белгіленген мерзімде табыс етпесе не кері қайтарып алса;
3) конкурстың жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарса;
4) конкурстың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, конкурстық құжаттамада белгіленген, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімдері туралы талаптарды орындамаса не уақтылы орындамаса
қайтармайды.
6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайлардың бірі туындаған кезде, конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің сомасы тиісті бюджет, мемлекеттік кәсіпорын, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлға немесе олармен үлестес заңды тұлғалар табысының есебіне жатқызылады.
7. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) осы әлеуетті өнім беруші өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін конкурсқа қатысуға өтінімдерді табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін кері қайтарып алған;
2) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Аталған жағдай конкурстың қатысушылары деп танылған әлеуетті өнім берушілерге қолданылмайды;
3) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Аталған жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
4) мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген және конкурс жеңімпазы конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізген;
5) әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі өткенде қайтарады.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
23-1-бап. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып
алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету
1. Әлеуетті өнім беруші конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді:
1) өзін конкурсқа қатысушы деп таныған жағдайда, өзінің конкурстық баға ұсынысын белгіленген мерзімде беретінінің, ал кейіннен оны кері қайтарып алмайтынының;
2) өзін конкурстың жеңімпазы деп анықтаған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасатындығының;
3) конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасатындығының, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) оны енгізу мерзімдері туралы талаптарды уақтылы және тиісті түрде орындайтындығының кепілі ретінде енгізеді.
2. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
3. Әлеуетті өнім беруші конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің біреуін:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;
2) банктік кепілдікті таңдауға құқылы.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі өткенге дейін әлеуетті өнім берушінің енгізілген кепілдікті ақшалай жарнасына тұтастай не оның бір бөлігіне талап ету құқығының үшінші тұлғаларда туындауына әкеп соқтыратын іс-қимылдар жасауына жол берілмейді.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, осы баптың 5 және 6-тармақтарында аталған іс-әрекеттерді қоспағанда, әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.
4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі туындаған кезде:
1) конкурсқа қатысушы деп танылған әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде өзінің конкурстық баға ұсынысын бермеген не кері қайтарып алған;
2) конкурс жеңімпазы деп анықталған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған;
3) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаса отырып, конкурстық құжаттамада белгіленген, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімі туралы талаптарды орындамаған не тиісті түрде, оның ішінде уақтылы орындамаған жағдайларда, конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтармайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі туындаған кезде, конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджет, мемлекеттік кәсіпорын, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлға немесе олармен үлестес заңды тұлғалар табысының есебіне жатқызылады.
6. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады:
1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдер табыс етудің соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін кері қайтарып алған жағдайда;
2) конкурсқа қатысуға рұқсат ету туралы хаттамаға қол қойылған жағдайда. Аталған жағдай конкурсқа қатысушылар деп танылған әлеуетті өнім берушілерге қолданылмайды;
3) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған жағдайда. Аталған жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
4) мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген және конкурс жеңімпазы конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізген жағдайда.
Ескерту. Заң 23-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған
конверттерді ашу
1. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімде, уақытта және орында ашады.
Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінім салынған әрбір конвертті ашқан кезде конкурсқа қатысуға өтінімде қамтылған құжаттар мен материалдар тізбесі туралы ақпаратты жариялайды.
Конкурсқа қатысуға өтінімді табыс еткен әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның уәкілетті өкілі аудио жазба немесе бейнетүсірілім жүргізу құқығымен конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашқан кезде қатысуға құқылы.
Конкурстық комиссияның отырысына қатысушы адамның конкурстық комиссияның қызметіне араласуға құқығы жоқ.
2. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті хаттама жасайды.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасына конкурстық комиссияның төрағасы және конверттерді ашу рәсіміне қатысқан конкурстық комиссияның барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.
3. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінім салынған конверттерді ашқан күннен кейінгі екі жұмыс күнінен кешіктірмей:
1) конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасының көшірмесін ашу рәсіміне қатысқан әлеуетті өнім берушілерге не олардың уәкілетті өкілдеріне жіберуге не табыс етуге;
2) конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасының қол қойылған мәтінін тапсырыс берушінің интернет-ресурсында жариялауға міндетті конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасында қамтылған және тапсырыс берушінің интернет-ресурсында орналастырылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғаларға танысу үшін төлем алынбастан қолжетімді болуға тиіс.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімі кезінде болмаған әлеуетті өнім берушілерге конверттерді ашу хаттамасының көшірмесі олардың жазбаша сауалы бойынша не олардың уәкілетті өкілдерінің жазбаша сауалы бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының осындай сауалды алған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде табыс етіледі.
4. Конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу күнін, уақытын және орнын өзгертуге осы өзгерістерді конкурстық құжаттамаға енгізбей тұрып жол берілмейді.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
24-1-бап. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып
алуға қатысуға өтiнiмдерді ашу
1. Конкурстық комиссияның хатшысына конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімдерді ашуға рұқсатты конкурстық құжаттамада мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы көрсеткен өтінімдерді түпкілікті табыс етудің күні мен уақыты келген кезде мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде береді.
2. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысу өтінімдерін ашу хаттамасын ашылған күні конкурстық комиссияның хатшысы мемлекеттік сатып алу веб-порталында жариялайды. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу веб-порталы конкурстық комиссия мүшелеріне, осы Заңның 22-бабының 2-тармағында көзделген тіркеу журналына өздері туралы мәліметтер енгізілген әлеуетті өнім берушілерге конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімдерді ашу хаттамасын жариялау туралы хабарламаны автоматты түрде жібереді.
Ескерту. Заң 24-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
25-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа
қатысуға рұқсат беру
1. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындау және оларды конкурсқа қатысушы деп тану мақсатында жүзеге асырады.
2. Қажет болған жағдайда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкес келуіне қатысты сараптамалық қорытынды әзірлеуі үшін сараптама комиссиясын құруға не сарапшыны айқындауға құқылы.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыда тиісті бейіндегі мамандар болмаған жағдайда, ол мемлекеттік қызметшілерді не сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге мамандығы сәйкес келетін өзге мамандарды сарапшылар ретінде жұмысқа тартады. Мемлекеттік қызметшілер сарапшылар ретінде өтемсіз негізде тартылады, ал өзге де мамандар тараптардың уағдаласуы бойынша ақылы да, өтемсіз де негізде тартылады.
Сарапшылардың конкурстық комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ.
Ақылы негізде сарапшылар ретінде тартылатын тұлғаларды таңдау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Конкурсқа қатысуға өтінімді қарау кезінде конкурстық комиссия:
1) конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды жеңілдету үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірмелерді жазбаша нысанда, ал конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алу жүргізілген жағдайда жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға;
2) конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында қажетті ақпаратты тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан жазбаша нысанда, ал конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алу жүргізілген жағдайда жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға құқылы.
Конкурсқа қатысуға өтінімді жеткіліксіз құжаттармен толықтырудан, конкурсқа қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстырудан, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруден көрінетін конкурсқа қатысуға өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіруге байланысты конкурстық комиссияның сауал жіберуіне және өзге де іс-әрекеттеріне жол берілмейді.
Конкурстық комиссия, егер конкурсқа қатысуға өтінімде оның мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер бар болса, конкурсқа қатысуға өтінімді конкурстық құжаттаманың талаптарына сай келетін өтінім ретінде қарайды.
4. Әлеуетті өнім беруші, егер:
1) осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында немесе электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған негіздер бойынша оның және (немесе) оның қосалқы мердiгерiнiң не бiрлескен орындаушысының бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмейтiндiгi айқындалса;
2) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзса;
3) осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында немесе электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған негіздер бойынша оның конкурсқа қатысуға өтінімінің конкурстық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес келмейтіндігі айқындалса, конкурсқа қатысуға жiберiлмейді (конкурсқа қатысушы деп танылмайды).
5. Егер әлеуетті өнім беруші осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша конкурсқа қатысуға жіберілмесе:
1) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада осындай әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімін қайтарудың негіздемелері көрсетіледі;
2) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілуге тиіс.
6. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша:
1) біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттаманың өзге де талаптарына сай келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және оларды конкурсқа қатысушылар деп таниды;
2) оларға осы Заңның 17-бабының 4-тармағында көзделген критерийлердің салыстырмалы мәнін қолданады;
3) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманы ресімдейді.
Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу лоттардан тұрса, онда конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада әрбір лот бойынша конкурсқа қатысушылар көрсетіледі. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы жалпы хаттаманы онда әрбір лот бойынша конкурсқа қатысушыларды көрсету шартымен ресімдеуге жол беріледі.
7. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға конкурстық комиссияның төрағасы және отырысқа қатысқан барлық мүшелерi, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуына рұқсат беру (конкурсқа қатысушылар деп тану) туралы шешiм қабылданған күннен бастап – екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ал конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алу өткізген жағдайда шешiм қабылданған күнi қол қояды.
Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей:
1) конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманың көшiрмесiн табыс ету не оны осы Заңның 22-бабының 2-тармағында көзделген тiркеу журналына өздерi туралы мәлiметтер енгiзiлген әлеуетті өнім берушілердiң мекенжайына жiберу;
2) қол қойылған хаттаманың мәтiнiн тапсырыс берушінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы конкурстық комиссияның қабылдаған шешiмi туралы мүдделi тұлғаларды хабардар етуге мiндеттi.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде конкурстық комиссияның хатшысы рұқсат беру туралы шешім қабылданған күні осы Заңның 22-бабының 2-тармағында көзделген тіркеу журналына өздері туралы мәліметтер енгізілген барлық әлеуетті өнім берушілерге электрондық почта бойынша автоматты түрде хабарлама бере отырып, конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында жариялайды.
8. Конкурстық комиссияның конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы шешіміне осы Заңның 45-бабында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
26-бап. Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен
салыстыру (конкурс)
1. Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен салыстыру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада уақыты мен орны белгіленген күні, бірақ осы Заңның 25-бабы 7-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген тәсілдермен мүдделі тұлғалар хабарландырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен ерте өткізілмейді.
Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен салыстыру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысына конкурсқа қатысушылар және (немесе) олардың уәкілетті өкілдері аудио жазба және бейнетүсірілімдерді жүргізу құқығымен қатысуға құқылы.
2. Конкурсқа қатысушылар немесе олардың уәкілетті өкілдері конкурстық комиссияға конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген мерзімнен кешіктірмей конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттерді табыс етеді.
Конкурсқа қатысушының бір конкурстық баға ұсынысынан артық баға ұсынысын табыс етуіне, сол сияқты конкурстық баға ұсынысын кері қайтарып алуына не ұсынылған конкурстық баға ұсынысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.
Конкурстық комиссия хронологиялық тәртіппен конкурстық баға ұсыныстарын тіркеу журналына конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттер ұсынған конкурсқа қатысушылар туралы мәліметтерді конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген мерзім өткенге дейін енгізеді.
3. Конкурстық комиссия конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттерді конкурсқа қатысушылардың және (немесе) олардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен ашады және оларға әрбір конкурстық баға ұсынысын жариялайды.
Конкурсқа қатысушылар және (немесе) олардың уәкілетті өкілдері конкурстық баға ұсыныстары салынған конверттердің мазмұнымен танысуға құқылы.
4. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын мынадай жағдайларда, егер:
1) конкурстық баға ұсынысының бағасы демпингтік болып табылған жағдайда қабылдамай тастайды. Демпингтік бағаны есептеу тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде айқындалады;
2) конкурстық баға ұсынысы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан артық болған жағдайда қабылдамай тастайды.
5. Конкурстық комиссия қабылдаудан бас тартылмаған конкурстық баға ұсыныстарына конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген тиісті салыстырмалы өлшемдер мәнін қолдану арқылы оларды бағалайды және конкурсқа әрбір қатысушының шартты бағасын есептейді.
Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларын салыстырады және ең төменгі шартты баға негізінде конкурс жеңімпазын айқындайды.
Конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде отандық тауар өндіруші, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық беруші жеңімпаз деп танылады. Отандық тауар өндірушілердің, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде конкурстық нысанасы болып табылатын сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында мол жұмыс тәжірибесі бар отандық тауар өндіруші жеңімпаз деп танылады.
Конкурстық комиссия конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру жүргізілген күні қатысушыларға конкурс жеңімпазын жариялайды және оған конкурстық комиссияның төрағасы не оның міндетін атқарушы адам қол қойған жазбаша хабарламаны береді.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
26-1-бап. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып
алуды жүзеге асыру кезінде конкурстық баға
ұсыныстарын бағалау және салыстыру
1. Конкурстық комиссия конкурстық баға ұсыныстарын бағалауды және салыстыруды конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген күні және уақытта жүргізеді.
2. Конкурсқа қатысуға рұқсат берілген (конкурсқа қатысушы деп танылған) әлеуетті өнім беруші рұқсат беру туралы хаттама жарияланған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу веб-порталына конкурстық баға ұсыныстарын беруге тиіс.
3. Конкурсқа қатысушылар берген конкурстық баға ұсыныстары туралы мәліметтер конкурстық баға ұсыныстарын тіркеудің электрондық журналына автоматты түрде енгізіледі.
4. Конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысы мынадай жағдайларда мемлекеттік сатып алу веб-порталының одан автоматты түрде бас тартуына жатады:
1) конкурстық баға ұсынысының бағасы демпингтік болып табылған жағдайда. Демпингтік бағаны есептеу тәртібі электрондық мемлекеттік сатып алу қағидаларында анықталады;
2) конкурстық баға ұсынысы осы тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен жағдайда;
3) конкурсқа қатысушы бұрын осы конкурс бойынша баға ұсынысын берген жағдайда;
4) конкурстық баға ұсынысы осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімнен кеш келіп түскен жағдайда.
5. Конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген күні және уақытта мемлекеттік сатып алу веб-порталы бас тартылмаған конкурстық баға ұсыныстарын оларға конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада көрсетілген тиісті салыстырмалы критерийлер мәнін қолдану арқылы автоматты түрде бағалайды және конкурсқа әрбір қатысушының шартты бағасын есептейді.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталы конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларын автоматты түрде салыстырады және ең төменгі шартты баға негiзiнде конкурс жеңiмпазын айқындайды.
Конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде отандық тауар өндiрушi, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi отандық беруші жеңiмпаз деп танылады. Отандық тауар өндiрушiлердiң, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілердің конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде, конкурстың нысанасы болып табылатын сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында мол жұмыс тәжiрибесi бар отандық тауар өндiрушi, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер жеңiмпаз деп танылады.
Ескерту. Заң 26-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
27-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың
қорытындылары туралы хаттама
1. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізуді қоспағанда, конкурстық комиссия конкурс жеңiмпазы анықталған күннен бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, конкурс тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы ресiмдейдi, оған конкурстық комиссияның төрағасы және отырысқа қатысқан барлық мүшелерi, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.
Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу лоттардан тұратын жағдайда, конкурстық комиссия конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы жалпы хаттаманы ресімдейді және оған қол қояды, онда әрбір лот бойынша конкурс жеңімпаздары көрсетіледі.
2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей:
1) хаттама мәтінін тапсырыс берушінің интернет-ресурсында орналастыруға;
2) алынып тасталды - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
3) конкурс тәсілімен өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы ақпаратты мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастыруға міндетті.
Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алу өткізілген кезде конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама автоматты түрде жасалады және барлық конкурстық комиссия мүшелеріне және конкурстық баға ұсыныстарын тіркеу журналына өздері туралы мәліметтер енгізілген барлық әлеуетті өнім берушілерге электрондық почта арқылы хабарлама бере отырып, мемлекеттік сатып алу веб-порталында жарияланады.
3. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдерді тіркеу журналына өзі туралы мәліметтер енгізілген әлеуетті өнім берушінің жазбаша сауалын алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей оған конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесін өтемсіз негізде табыс
етуге міндетті.
4. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамада қамтылған және тапсырыс берушінің интернет-ресурсында орналастырылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғаларға танысу үшін төлем алынбастан қолжетімді болуға тиіс.
Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
28-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды
өтпеді деп танудың салдары
1. Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылса, тапсырыс беруші:
1) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;
2) конкурстық құжаттаманы өзгерту және конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қатысуға өткізу туралы;
3) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімдердің бірін қабылдауға құқылы.
2. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу конкурсқа қатысуға тек қана бір әлеуетті өнім берушінің жіберілуіне байланысты өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші онымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім берушінің жіберілуіне байланысты өтпеді деп танылған конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу үшін бөлінген сомадан аспауға тиіс.
3. Осы Заңның 26-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысы қабылданбағаннан кейін қабылданбаудан тысқары бір ғана конкурстық баға ұсынысының қалуына байланысты конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші мұндай конкурсқа қатысушымен бір кезден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт мұндай конкурсқа қатысушының өтінімінде көзделген талаптарға сүйеніп жасалады және онымен жасалған шарттың бағасы оның конкурстық баға ұсынысынан аспауға тиіс.
29-бап. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс
тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізудің
ерекшеліктері
1. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің егжей-тегжейлі өзіндік ерекшелігін толық тұжырымдау әрі олардың техникалық және өзге де сипаттамаларын айқындау қиын және (немесе) әлеуетті өнім берушілердің ұсыныстарын сұрату не туындаған мәселелер бойынша олармен келіссөз жүргізу қажет болған;
2) зерттеулер, эксперименттер, іздестірулер жүргізу немесе әзірлемелер жасау қажет болған жағдайларда өткізілуі мүмкін.
2. Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай дәйекті кезеңдердің жиынтығын білдіреді:
1) бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны айқындауы;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының сараптама комиссиясын құруы не сарапшыны айқындауы;
сараптама комиссиясының не сарапшының тапсырыс берушінің қажеттілігі негізінде сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге техникалық тапсырманы қалыптастыруы;
тапсырыс берушінің интернет-ресурсын айқындау;
екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыруды мемлекеттік сатып алу веб-порталында және тапсырыс берушінің интернет-ресурсында жариялау;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңіне қатысуға мүдделі тұлғаларға техникалық тапсырма табыс етуі;
әлеуетті өнім берушілердің техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарды табыс етуі;
сараптама комиссиясының не сарапшының әлеуетті өнім берушілердің техникалық ұсыныстарын қарауы және олармен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық, сапалық және (немесе) өзге де сипаттамаларына, оларды жеткізудің (орындаудың, көрсетудің) шарттық талаптарына қатысты мәселелерді талқылауы;
сараптама комиссиясының не сарапшының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшеліктерін әзірлеуі;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының конкурстық құжаттаманы әзірлеуі және оны тапсырыс берушінің бірінші басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды тұлғаның не оның міндетін атқаратын тұлғаның бекітуі;
мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бірінші кезеңде техникалық ұсыныстарды табыс еткен әлеуетті өнім берушілерге екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың екінші кезеңіне қатысуға шақыру жіберуі;
2) екінші кезеңде конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу үшін көзделген іс-шаралар жүзеге асырылады.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.20 № 87-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.18 № 408-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |