1-БӨлім. ҚЫлмыстық заң 1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы


-бап. Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету



бет13/13
Дата12.03.2022
өлшемі406.53 Kb.
#456208
түріКодекс
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
қылмыстық кодекс

423-бап. Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету
Ескерту. 423-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Жариялауға жол берілмейтіндігі туралы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен ескертiлген адамның сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария етуi, егер сотқа дейінгі талқылаудың деректерін жария ету – прокурордың немесе сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның келiсуiнсiз жасалған, сондай-ақ жабық сот талқылауының деректерін жария ету судьяның келісуінсіз жасалған болса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 423-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

424-бап. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария ету


1. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария ету, егер бұл іс-әрекеттi аталған мәлiметтер оның қызметтiк жұмысына байланысты сенiп тапсырылған немесе белгiлi болған адам жасаса, –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не қылмыстық топтың мүдделеріне орай жасалған дәл сол іс-әрекет –
алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 424-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

425-бап. Тізімдеме жасалған немесе тыйым салынған не тәркiлеуге жататын мүлiкке қатысты заңсыз әрекеттер


1. Тізімдеме жасалған, тыйым салынған немесе билік етуге шектеу қойылған мүлiктi осы мүлiк сенiп тапсырылған адамның жасаған ысырап етуi, иелiктен шығаруы, жасыруы немесе заңсыз беруi, сол сияқты кредиттік ұйым қызметшісiнiң тыйым салынған не шығыс операциялары тоқтатыла тұрған ақша қаражатымен (салымдармен) банк операцияларын жүзеге асыруы –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соттың үкiмi немесе қаулысы бойынша тәркiлеуге жататын мүлiктi жасыру немесе иемденiп алу, сол сияқты мүлiкке тәркiлеу тағайындау туралы заңды күшiне енген сот үкiмiн немесе қаулысын орындаудан өзге де жалтару –
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, мынадай:
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) бiрнеше рет жасалған іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ірі мөлшерде жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші немесе төртінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер:
1) оларды қылмыстық топ жасаса;
2) олар аса ірі мөлшерде жасалса, –
мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 425-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

426-бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу


1. Жазасын өтеп жүрген немесе алдын ала қамауға алынған адамның бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашуы –
үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп;
3) қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып
жасалған дәл сол іс-әрекет –
үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қашқан кезiнен бастап жетi күн мерзiмде қамауға алу немесе күзетпен ұстау орнына өз еркiмен қайтып оралған адам, егер ол өзге жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаса және егер қашуы осы баптың екiншi бөлiгiнің 2) және 3) тармақтарында көзделген әрекеттермен ұштаспаған болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
427-бап. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден жалтару
1. Бас бостандығынан айыру орнынан тысқары жерге қысқа мерзiмге шығуға рұқсат етiлген сотталған адамның шығу мерзiмi бiткеннен кейiн, сол сияқты айдауылсыз жүріп-тұру құқығын пайдаланатын не қадағалауда жүрген сотталған адамның бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын одан әрi өтеуден жалтару мақсатында түзеу мекемесiне қайтып оралмауы –
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін сотталған адамның, сондай-ақ психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емделуге мұқтаж деп танылған сотталған адамдардың өздеріне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудан жалтаруы -
бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 427-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

428-бап. Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау


1. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамның қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына қаскөйлікпен бағынбауы –
үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Алып тасталды - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


3. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбауды ұйымдастыру, сол сияқты күш қолданумен немесе өзіне қандай да бір қасақана зиян келтірумен ұштасқан не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан топтасып бағынбауға қатысу –
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 428-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

429-бап. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамға қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу


1. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қатысты оның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамға қатысты оның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне көрсеткен жәрдемі үшін кек алу мақсатында күш қолдану қатерін төндіру –
екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдарға, өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен не өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолданып жасалған іс-әрекеттер –
жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме қызметкерінің не оның жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының өміріне оның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамға қатысты оның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне көрсеткен жәрдемі үшін кек алу мақсатында қол сұғу –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
430-бап. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау
1. Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау –
сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыс жасау кезінде өндiрiп алу сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген он мың айлық есептiк көрсеткiштен асатын іс-әрекеттер, сол сияқты олардың орындалуына кедергі жасау –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген қылмысты жасаған және сот үкімі шығарылғанға дейін берешегінің бүкіл сомасын өтеген адамға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
Ескерту. 430-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

431-бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалаудан жалтару


Қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетімен тастап кетуінен немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейiн қадағалаудағы адамның таңдап алған тұрғылықты жерiне, демалыс және мереке күндерін есептемегенде, бес тәулік ішінде бармауынан көрінген, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалаудан жалтару –
бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 431-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

432-бап. Қылмысты жасырып қалу


Сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмысты не кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу –
алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы жасаған қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалғаны үшiн адам қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.
Ескерту. 432-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

433-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру


1. Уәкілетті лауазымды адамның анық дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызбен немесе хабарламамен жүгінген адамға қатысты алдау, азғыру, қорқыту немесе өзге де құқыққа сыйымсыз әрекеттер арқылы не аталған адамның өтінішін кез келген өзге тәсілмен жою немесе жасыру арқылы қылмыстық теріс қылықты немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты тіркеуден қасақана жасыруы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр қылмысты жасыруға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) аса ауыр қылмысты жасыруға не ауыр зардаптарға әкеп соққан;
2) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адам немесе уәкілетті мемлекеттік органның басшысы жасаған не сол адамдардың нұсқауымен жасалған іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 433-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

434-бап. Қылмыс туралы хабарламау


Дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау –
алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, сондай-ақ дiни қызметшiлер тәубе үстінде өздерiне сенiп сырын ашқан адамдардың жасаған қылмыстары туралы хабарламағаны үшiн осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.
Ескерту. 434-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

435-бап. Адвокаттар мен өзге де адамдардың адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау


1. Адвокаттар мен өзге де адамдардың қылмыстық процесте адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сол сияқты жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау не осындай қызметтің дербестігін және тәуелсіздігін өзге де бұзу, егер бұл іс-әрекеттер адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына немесе заңды мүдделеріне, заңды тұлғалардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, –
екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 435-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

436-бап. Азаматтың алқаби міндетін орындауына кедергі жасау


Азаматтың алқаби міндетін орындауына лауазымды адамның кедергі жасауы –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 436-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР


437-бап. Бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау
1. Қызмет мүдделеріне елеулі зиян келтірген бағынбау, яғни бастықтың бұйрығын орындаудан бас тарту, сол сияқты бастықтың белгiленген тәртiппен берiлген бұйрығын бағыныштының өзгедей қасақана орындамауы –
бір жүз жиырма айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққан нақ сол iс-әрекеттер –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екiншi бөлiктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезiнде жасалған iс-әрекеттер –
бес жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге, ал ауырлататын мән-жайлар болған кезде – он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған iс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасымен жазаланады.
5. Ауыр зардаптарға әкеп соққан, қызметке ұқыпсыз қарау не адал қарамау салдарынан бұйрықты орындамау –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
6. Осы баптың бесінші бөлiгiнде көзделген, соғыс уақытында, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезiнде жасалған iс-әрекет –
үш жылдан он жылға дейінгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 437-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - 12.07.2018 № 180-VI0 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен..

438-бап. Бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтiк мiндеттерiн бұзуға мәжбүрлеу


1. Бастыққа, сол сияқты өзiне жүктелген әскери қызмет
мiндетін орындайтын өзге адамға қарсылық көрсету немесе оны осы мiндеттердi бұзуға күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы мәжбүрлеу –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекет –
үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Ескерту. 438-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

439-бап. Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi


1. Бастықтың әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде немесе осы мiндеттердi орындауға байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, денсаулыққа жеңiл зиян келтiру немесе өзге де күш қолдану –
бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
440-бап. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу
1. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын жәбiрленушiнi ұрып-соғудан, денсаулығына жеңiл зиян келтіруден немесе өзге де күш қолданудан көрінген не оның абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіруге немесе қорлауға байланысты бұзу –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не қырық тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
3) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
4) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған іс-әрекеттер –
төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер –
сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 440-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

441-бап. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету


1. Бейбiт уақытта жасалған, бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету, сол сияқты қызметке дәлелсiз себептермен мерзiмiнде келмеу, егер өз бетiмен болмау бір айдан ұзаққа созылса, –
екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қызмет бабымен сенiп тапсырылған қарумен жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету, егер өз бетiмен болмау бiр тәулiктен ұзаққа созылса, –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезiнде жасалған, бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету, егер өз бетiмен болмау бір тәулiктен ұзаққа созылса, –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Ұзақтығына қарамастан, соғыс уақытында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету –
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген iс-әрекеттi жасаған әскери қызметшi, егер бұл iс-әрекет ауыр және өзге де мән-жайлардың тоғысу салдарынан болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
Ескерту. 441-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

442-бап. Қашқындық


1. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қызмет бабымен сенiп тапсырылған қарумен қашу, сол сияқты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қашқындық –
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметшiні, егер қашқындық ауыр мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
443-бап. Әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту
1. Әскери қызметшiнiң аурумын деп жалған сылтаурату немесе өзiне қандай да бiр болмасын зақым келтiру (дене мүшесiн зақымдау) не денсаулығына өзге де зиян келтiру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтаруы, сол сияқты әскери қызметті атқарудан бас тартуы –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Ескерту. 443-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

444-бап. Жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару қағидаларын бұзу


1. Қазақстан Республикасына кенеттен жасалған шабуылды уақтылы байқау және оған тойтарыс беру бойынша не оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша жауынгерлiк кезекшiлiктi (жауынгерлiк қызметті) атқару қағидаларын бұзу, егер бұл іс-әрекет мемлекеттiң мүдделерiне елеулі зиян келтiруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшiні, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
445-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзу
1. Шекаралық нарядтың құрамына кiретiн немесе Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі өзге де мiндеттерді орындайтын адамның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзуы, оның ішінде өткізу пункттерінде бұзуы, егер бұл іс-әрекет мемлекет қауіпсіздігі мүдделерiне елеулі зиян келтiруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
446-бап. Қарауыл (вахта) қызметiн атқарудың жарғылық қағидаларын бұзу
1. Қарауыл (вахта) құрамына кiретiн адамның қарауыл (вахта) қызметiнiң жарғылық қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет қарауыл (вахта) күзететiн объектiлерге зиян келтiруге немесе өзге де зиянды зардаптардың болуына әкеп соқса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
447-бап. Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын бұзу
1. Бөлiмнiң тәулiктiк нарядына (қарауыл мен вахтадан басқа) кiретiн адамның iшкi қызмет атқарудың жарғылық қағидаларын бұзуы, сол сияқты патруль нарядының құрамына кіретін адамның гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын және осы қағидаларды дамытуға шығарылған бұйрықтар мен өкiмдердi бұзуы, егер олар зиянды зардаптарға әкеп соқса, олардың алдын алу осы адамның мiндетiне кіретін болса, –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекеттер –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттердi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
Ескерту. 447-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

448-бап. Бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзу


1. Бақылау функцияларын жүзеге асыратын әскери қызметшілердің бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
Ескерту. 448-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

449-бап. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет атқару қағидаларын бұзу


1. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери нарядтың құрамына кіретін адамның қызмет атқару қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не жиырма тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 449-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

450-бап.Билiктi терiс пайдалану


1. Бастықтың немесе лауазымды адамның билiктi немесе қызмет бабын өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы теріс пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулі түрде бұзуға әкеп соқса, –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
451-бап. Билiктi асыра пайдалану
1. Билiктi немесе қызметтiк өкiлеттiктердi асыра пайдалану, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өзiнiң құқықтары мен өкiлеттiктерiнің шегiнен анық шығатын, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соққан әрекеттер жасауы –
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не:
1) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
2) өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасалған дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда мүлкі тәркіленіп, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
452-бап. Биліктің әрекетсіздігі
1. Билiктiң әрекетсiздiгi, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
453-бап. Қызметке салғырт қарау
1. Бастықтың немесе лауазымды адамның қызметке елеулі зиян келтiрген салғырт қарауы –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
454-бап. Батып бара жатқан әскери корабльді тастап кету
1. Батып бара жатқан әскери корабльді өзiнiң қызметтік мiндеттерiн ақырына дейiн орындамаған командирдiң, сол сияқты командирдiң тиiстi өкiмiнсiз корабль командасы құрамындағы адамның тастап кетуi –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған дәл сол іс-әрекет –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
455-бап. Соғыс жүргiзу құралдарын қарсыласқа беру немесе қалдырып кету
Бастықтың өзiне сенiп тапсырылған әскери күштердi қарсыласына беруi, сол сияқты ұрыс жағдайы мәжбүр етпеген ретте бекiнiстердi, жауынгерлік техниканы және соғыс жүргiзудiң басқа да құралдарын қарсыласына қалдырып кету, егер аталған әрекеттер қарсыласына ықпал ету мақсатында жасалмаса, –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады.
Ескерту. 455-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

456-бап. Тұтқынға өз еркiмен берiлу


Қорқақтық немесе жiгерсiздiк салдарынан тұтқынға өз еркiмен берiлу –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
457-бап. Мародерлік
Шайқас алаңында өлгендер мен жараланғандардың заттарын жымқыру (мародерлік) –
бес жылдан он жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
458-бап. Әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi жария ету немесе әскери сипаттағы құпия мәлiметтер жеткізгіштерді жоғалту
1. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтер жеткізгіштерді қызметi бойынша сенiп тапсырылған адамның абайсызда жоғалтуы, егер жоғалту аталған жеткізгіштермен жұмыс істеудің белгiленген қағидаларын бұзудың салдары болып табылса, –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi қызметi бойынша сенiп тапсырылған немесе белгiлi болған адамның жария етуi –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, iрi залал келтiруге немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соққан іс-әрекеттер –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бiрiншi, екінші немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 458-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

459-бап. Әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру


1. Қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
бес жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
460-бап. Әскери мүлiктi абайсызда жою немесе бүлдiру
Қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын не әскери техниканы ауыр зардаптарға әкеп соққан абайсызда жою немесе бүлдiру –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 460-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 249-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

461-бап. Әскери мүлiктi жоғалту


Қызметте пайдалану үшiн сенiп тапсырылған қару-жарақты, оқ-дәрілерді немесе әскери техника заттарын сақтау қағидаларын бұзу, егер бұл оларды жоғалтуға әкеп соқса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
462-бап. Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу
1. Қару-жарақпен, оқ-дәрiлермен, радиоактивтi материалдармен, жарылғыш немесе айналасындағыларға аса қауіп төндіретін өзге де заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге, әскери мүлiктiң жойылуына не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
463-бап. Машиналарды жүргiзу немесе пайдалану қағидаларын бұзу
1. Жауынгерлік, арнаулы немесе көлiктік машинаны жүргiзу немесе пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзу –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 463-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

464-бап. Ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу


1. Абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге не аварияға немесе жауынгерлік техниканың істен шығуына немесе әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік даярлығы мен жауынгерлік қабілеті деңгейінің ұзақ уақыт төмендеуіне алып келген ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу, сол сияқты әскери ұшу аппараттарын пайдалану қағидаларын бұзу –
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда адам өліміне алып келген дәл сол іс-әрекеттер –
белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан көп адам өліміне алып келген іс-әрекеттер –
белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 464-бап жаңа редакцияда - ҚР 19.04.2019 № 249-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

465-бап. Корабль жүргiзу қағидаларын бұзу


Әскери корабльдерді жүргiзу немесе пайдалану қағидаларын абайсызда адам өлiмiне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзу –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 465-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

466-бап. Адамның алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде машиналарды жүргізуі, корабльдерді жүргізуі, әскери ұшу аппаратын басқаруы, әскери техниканы осындай адамның жүргізуіне немесе басқаруына беру не жүргізуіне немесе басқаруына жол беру


1. Алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның жауынгерлік, арнаулы немесе көліктік машинаны жүргізуі не әскери корабльдерді жүргізуі не әскери ұшу аппаратын басқаруы не осындай адамға аталған әскери техниканы жүргізуге немесе басқаруға беру, сол сияқты осындай адамның әскери техниканы жүргізуіне немесе басқаруына лауазымды адамның жол беруі –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 466-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР


467-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің күші жойылды деп тану туралы
1. Осы Кодекс, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 45-бапты және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 48-бапты қоспағанда, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
1-1. Осы Кодекстің 45-бабының ережелері әскери қызметшілерге қатысты және осы Кодекстің 41-бабы алтыншы бөлігінің 1) тармағында, 42-бабы бесінші бөлігінің 1) тармағында және 43-бабы 2-1-бөлігінің 1) тармағында көзделген жағдайларда – 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, ал қосымша жаза түрі ретінде шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу тағайындалған адамдарға қатысты 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады деп белгілей отырып, оның қолданысы 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.
2. Осы Кодекстің 287-бабында бекітілген ережелер жарақаттайтын патрондармен атылатын ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының рұқсаты бар адамдарға 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жоятын 51-бапты қоспағанда, 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 15-16, 211-құжат; 1998 ж., № 16, 219-құжат; № 17-18, 225-құжат; 1999 ж., № 20, 721-құжат; № 21, 774-құжат; 2000 ж., № 6, 141-құжат; 2001 ж., № 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., № 4, 32, 33-құжаттар; № 10, 106-құжат; № 17, 155-құжат; № 23-24, 192-құжат; 2003 ж., № 15, 137-құжат; № 18, 142-құжат; 2004 ж., № 5, 22-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 139-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; № 14, 58-құжат; № 21-22, 87-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 3, 22-құжат; № 5-6, 31-құжат; № 8, 45-құжат; № 12, 72-құжат; № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 1, 2-құжат; № 4, 33-құжат; № 5-6, 40-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 17, 140-құжат; 2008 ж., № 12, 48-құжат; № 13-14, 58-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 126-құжат; 2009 ж., № 6-7, 32-құжат; № 13-14, 63-құжат; № 15-16, 71, 73, 75-құжаттар; № 17, 82, 83-құжаттар; № 24, 121, 122, 125, 127, 128, 130-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 11, 59-құжат; № 15, 71-құжат; № 20-21, 119-құжат; № 22, 130-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 19, 28-құжаттар; № 19, 145-құжат; № 20, 158-құжат; № 21, 161-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 13-құжат; № 3, 26, 27-құжаттар; № 4, 30-құжат; № 5, 35, 36-құжаттар; № 10, 77-құжат; № 12, 84-құжат; 2013 ж., № 1, 2-құжат; № 4, 21-құжат; № 7, 36-құжат; № 10-11, 54, 56-құжаттар; № 14, 72-құжат; № 15, 78-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 11-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 8, 49-құжат; № 11, 61-құжат; № 13-I, 13-II, 83-құжат).
Бұл ретте 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге 51-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"51-бап. Мүлікті тәркілеу
1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз – сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің, сондай-ақ қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүліктің барлығын немесе бір бөлігін мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде өтеусіз алып қою.
Сотталған адамның меншігінен басқа, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны және ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) не тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамында жасаған қылмыстары үшін, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған, сотталған адам басқа адамдардың меншігіне берген мүлік тәркіленуге жатады.
Сотталған адамның меншігінен басқа, осы Кодекстің 193-бабында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған, сотталған адам басқа адамдардың меншігіне берген мүлік те тәркіленуге жатады.
Сотталған адамның меншігінен басқа, террористік қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жолмен табылған, террористік әрекетті қаржыландыруға пайдаланылған не пайдалану үшін арналған мүлік те тәркіленуге жатады.
2. Пайдакүнемдік ниетпен жасалған қылмыстар үшін мүлікті тәркілеу белгіленеді және ол осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкін.
3. Сотталған адамға немесе оның асырауындағы адамдарға қажетті мүлік қылмыстық-атқару заңнамасында көзделген тізбеге сәйкес тәркіленуге жатпайды.
Ескертпе. "Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақша және өзге де мүлік, егер олар осы Заңда қылмыстық жауаптылықтан босату көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған жағдайда тәркіленуге жатпайды.
Бұл ретте осы бапқа ескертпенің ережелері 2014 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне қолданылмайды, сондай-ақ жария етуге жатпаған жария етілген мүлік пен ақшаға қолданылмайды.";
2) "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiн күшiне енгiзу туралы" 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 15-16, 212-құжат; 2000 ж., № 6, 141-құжат; 2002 ж., № 18, 158-құжат; 2003 ж., № 24, 180-құжат; 2009 ж., № 24, 128-құжат; 2014 ж., № 8, 49-құжат).

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет