25.Көрнекілікті қолдану әдісі. Бұл әдістер жиынтығы көру, есту және үйренетін жаттығудың қимылын қабылдауды қамтамасыз етеді де, үш топқа бөлінеді:
1. Көру көрнекілігі әдістері.
2. Есту көрнекілігі.
3. Қимыл көрнекілігі әдістері.
Көру көрнекілігі әдістеріне жататындар:
Үйренетін қозғалысты мұғалімнің немесе мұғалімнің тапсырмасымен оқушының көрсетуі. Көрсету кезінде мұғалім мынандай әдістемелік талаптарды басшылыққа алу керек:
- көрсетудің мазмұны сөзді қолдану әдісімен қатар жүруі тиіс;
- көрсетудің мазмұны, үйретудің мақсатына сәйкес келуі қажет;
а) бірінші рет жаттығу тәсілін көрсеткенде ол стандартты түрде, оқушыларға түсінікті деңгейде толық орындалуы керек; ә) үйрету кезінде оқушылар қиын элементтерді жақсы игеру үшін қозғалыс толық немесе бөлшектеліп, ақырын өз қарқынында немесе баяу қарқында көрсетіледі; б) жетілдіру кезеңінде оқытушы жаттығуды жоғары дәрежедегі спорт шеберлері орындағандай көрсетуі керек, ол оқушыларды ынталандырады, сол деңгейде орындауға ұмтылдырады;
- жаттықтырушы жаттығуды көрсеткенде спорт залдың, алаңның ең қолайлы, оқушылардың бәріне көрінетін, өзі де жаттығудың орындалуын бақылай алатын жерді таңдап алуы керек;
- қарапайым, жалпы жетілдіру жаттығуларын көрсеткенде «айнадан көру тәсілін» қолданған жөн;
- оқытушы көрсетуді өзі орындай алмайтын жағдайда: а) денсаулығына байланысты; ә) көрсету кезінде дененің қалпы жаттығуды түсіндіруге ыңғайсыз болса (мысалы, баспен төмен қарап тұрса), б) жаттығуды орындағанда мүмкін болатын қателіктерді оқушының өзі арқылы көрсету керек болса, көрсетуді жақсы дайындығы бар оқушыға тапсыруға болады.
Көрнекі құралдарды көрсету. Жаттығуларды бөлшектеп қарауда оның орындалу тәсілін түсіндіруде көрнекі құралдар, суреттер, плакаттар, фото, кино, бейне көріністер үлкен рөл атқарады (дене қалпы, статикалық дене тұрысы, т.с.с).
Суреттеме-тақтаға немесе қағазға жаттығудың орындалу схемасын оқушының түсіруі. Оқытушы сол суреттеме арқылы оқушының жаттығуды орындауды қалай түсінгенін біледі. Сонымен қатар кино және бейне магнитофон таспаларында жазып алынған жаттығуды көрсету арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуге болады, өйткені ол қозғалысты әр қырынан көрсетіп, тәсілдің барлық бөлшектерін анықтап түсінуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |