Телжан Шонанұлы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазған әдіскер ғалымдардың бірі – Т.Шонанұлы. Молда алдында сауат ашып, кейін екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Оқуын Ы.Алтынсарин мектебінде жалғастырып, кейін 1910 жылдары Орынборда білім алады. Қазақ лингвистикасы мен қазақ тілін оқыту әдістемесін қалыптастыруда, дамытуда үлкен орын Т.Шонанұлына беріледі. Жаңа әліппе, «Бірінші басқышта ана тілі», «Қазақ жері мәселесінің тарихы», «Тіл дамыту», «Өзге ұлт өкілдеріне арналған қазақ тілі» оқулықтары және көптеген еңбектері – қазақ тілі, тарихы, мәдениеті, әдістемесінің негізін қалаған туындылар болып саналады. Ол оқулық түзуде де, әдістемелік мақалаларында да тіл дамытуға ерекше мән берді. Ғалым 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналының «Білім кеңесінің программы және 1-ші басқышта ана тілі» атты мақаласында сауаттандыру жұмысының маңызына, сауат ашу әдістеріне, тіл ширату жұмыстарының түрлеріне тоқталған.
Қажым Басымов «Грамматика оқыту жөнінде» деген мақаласында оқыту әдістеріне тоқталады. Грамматиканы оқытуға неге мән беру керектігін сөз етеді. Грамматиканы «құрғақ қисын жаттау үшін» оқылмау керектігін, «схемалық жолды қуалап, түрлі форманың жалаң артына түсуімен ешнәрсе» шықпайтынын, «түрден қол үзіп қалуға да» болмайтынын, «екі жағын тең» ұстағанда ғана грамматиканы меңгертуге болатынын айтады. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «грамматиканы оқытқанда, мағына мен түрін тең алып бару ғана негізгі мақсатымыздың бәрін шешіп бере алмайды, сондықтан тек бұл екеуімен қанағаттанып, жайбарақаттануға тағы болмайды».
Ғали Бегалиев – «Қазақша-орысша сөздік», «Қазақ тілінің грамматикасы» (Мұғалімдерге арналған), орыс тілді аудиторияда қазақ тілін оқыту, «Қазақ тілі» т.б. көптеген әдістемелік мол мұра қалдырған әдіскер ғалым. Ғали Бегалиевтың «Бастауыш мектепте қазақ тілінің методикасы» (1950 ж.) «Бастауыш мектепте қазақ тілі методикасының мәселелері» деген кітабы жарық көрді.
Шамғали Сарыбаевтың «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» (I бөлім, фонетика мен морфология) еңбегі 1956 жылы шықты. Ш.Х.Сарыбаев та қазақ тілінің сабақтары арқылы тіл дамыту жұмыстарын ескерген. Мәселен, әдіскер еңбектеріндегі «сұрау-жауап арқылы пысықтау» – оқушыны сөйлеуге мәжбүр ететін, оны ойландыратын, белсенділігін арттыратын тәсіл.
Достарыңызбен бөлісу: |