Америкалық ғалымдар Ластер Браун мен Хал Кэйн «Лық толған үй» деген кітабында халықаралық қатынастардың басымдықтарын қайта қарауды ұсынып, осы күндері азық-түлік мәселесінің маңызы мен өзектілігі жағынан алғашқы орынға шығатынын ескертеді. Азық-түлік мәселесі ушыққан елде саяси-әлеуметтік тұрақтылық орнамайды. Бүкіләлемдік банктің есебінше, тұрақсыздық, инфляцияның шарықтауы, азық-түліктің қымбаттауы секілді қиындықтарға душар болып отырған 33 ел бар. Мәселен, 2008 жылы жаһандық дағдарысқа байланысты тамақ өнімдерінің күрт қымбаттауына орай 40 елде халықтық толқулар бел алды. Қазіргі кезде азық-түліктен мұқтаждық көріп отырған 36 елге жедел халықаралық көмек қажет болып отыр. Шамамен 88 елде табыстың төмендігінен азық-түлік жетіспейді.
1996 жылы 13 қарашада қабылданған Рим декларациясында көрсетілгендей, «азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз – барлық адамның ұдайы белсенді және салауатты өмір сүруі үшін ас-ауқатқа физикалық және экономикалық тұрғыдан жеткілікті мөлшерде қолжетімділіктің болуы». Рим декларациясы кез келген елдің әр азаматының жеткілікті деңгейде тамақтану, денсаулығын сақтау және аштықтан ада болу құқығын қамтамасыз етуге, ұлттық тәуелсіз азық-түлік жүйесін қалыптастыруға шақырады.
1945 жылы 16 қазанда Квебекте өткен БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының негізі қаланып, оған қатысушылар «аштықсыз әлем құруға көмектесеміз» деген ұранды басшылыққа алды. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бастамасымен Рим декларациясына қатысушы елдер 2015 жылға дейін аштық деңгейін екі есеге дейін төмендетуге ниет білдірген болатын.
БҰҰ-ның жанындағы «Халықтар қоры» Жер тұрғындарының 2050 жылға қарай 7,8 млрд адамға өсуіне орай, күрделенуі мүмкін азық-түлік мәселесіне қатысты 61,2 млрд долларға бағаланған арнайы бағдарлама ұсынды. Оның ішіне ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға – 5 млрд доллар, егістік жерді сақтауға – 24 млрд доллар, ормандарды қалпына келтіруге 6,8 млрд доллар бөлуді көздеп отыр.
Кез келген елде азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін, алдымен, арнайы резерві жасақталуы қажет. Мәселен, БҰҰ-ның азық-түлік жөніндегі халықаралық ұйымы сарапшыларының пікірінше, егер мемлекетте астық қоры 60 күнге жетерлік болса немесе жылдық тұтынымның 17-20 пайызын құраса, жинақталған қор жеткілікті болып есептеледі. Дүниежүзінде халық саны қанша өссе де, азық-түлікпен қамтамасыз етуге қиналмайтын екі ел (Ресей мен Бразилия ғана) аталады. Осы орайда, әлемдегі мемлекеттерді азық-түлікпен қамтамасыз етілу жағынан бірнеше типке жіктеуге болады. Мысалы, 1-типке азық-түлік тауарларының басты экспорттаушылары – АҚШ, Канада, Оңтүстік Африка Республикасы, Тайланд, Еуропалық одақтың кейбір елдері жатады. Шағын ел бола тұра, тамақ өнімдерін ұдайы экспорттайтын Венгрия, Финляндия сияқты елдер 2-типті құрайды. Ал 3- типке азық-түлік тапшылығына душар, бірақ оны еңсере алатын елдер, мысалы, Жапония жатады. Өз күшімен өз қажеттіліктерін әзер қамтамасыз етіп отырған Үндістан, Қытай, Оңтүстік Американың кейбір елдері 4-типке жатқызылады. Су және жер ресурстары болғанына қарамастан, азық-түлік тапшылығын өткізіп жатқан Мысыр, Индонезия, Пәкістан, Филиппин сияқты елдер – 5-тип, жан басына шаққанда үнемі азық-түлік тапшылығына душар Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері – 6-тип, ал ұдайы азық-түлік дағдарысынан құтылмайтын Гаити, Непал, Сальвадор секілді мемлекеттер 7-типке жіктеледі.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін қалай бағалауға болады? Ғалымдар бірауыздан «егер мемлекет 25 пайыз азық-түлікті сырттан алатын болса, бұл ел азық-түлік қауіпсіздігінен айырылады» деген байламға келіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан 40 пайызға жуық сүтті, 29 пайыз етті және 43 пайыз көкөністерді сырттан әкеледі. Азық-түлік қоры мол деген Ресейдің өзі тамақ өнімдерінің 40 пайыздайын шетелден тасиды. Осыдан кейін азық-түлік қауіпсіздігі туралы айту қиын. Ауыл шаруашылығының шикізаттық сипаты азық-түлік қауіпсіздігіне кедергі келтіреді. Елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы шикізат күйінде шығарылады, ал технологиялық мешеулік салдарынан дайын өнім шығара алмай отырмыз. Елбасы атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды әлі де жетілдіре түскен абзал. Әлемдік тәжірибеде Германия, Франция, Швеция, АҚШ елдері 70-80 жылдары-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шаралар бойынша, әсіресе, фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдаған. Қазіргі кезде АҚШ-та азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында ондаған бағдарламалар бойынша жыл сайын 35-40 млрд доллар бөлінеді.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Молдахметов З.М., Газалиев А.М., Фазылов С.Д. «Экология негіздері». Қарағанды, 2002
2. Дарибаева А.О., Оразбаева Р.С. «Экология негіздері». Астана, 2001
3. Бродский А.К. Жалпы экологияның қысқаша курсы. Алматы, 1997
4. Сағымбаев Ғ.Қ. Экология негіздері. Алматы, 1995
5. Батиева Г.К. «Азық-түлік проблемасы» //Денсаулық №5
Достарыңызбен бөлісу: |