Ерекшелігі.
Драма — көркем шындықты ерекше тәсілдерімен шиеленіскен тартыстар желісіне жинақтап, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер сөзі мен іс-қимылы арқылы көрсететін сөз өнерінің күрделі тегі. Драмалық шығармаларда баяндау болмайды. Оқиға, яғни тартыс желісі репликалар (кейіпкер сөзі) арқылы дамиды. Автор кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын білдіретін түсініктемелерді жақша ішіне бөлек жазып отырады. Оларды авторлық ремарка немесе ремарка деп атайды. Оқиғаның негізгі даму арнасы болып табылатын кейіпкерлер сөзі, яғни репликалар, көбінесе, диалог, кейде монолог түрінде болады. Қалай болғанда да репликалар шымыр, ондағы кейіпкер мүддесі мен құштарлығы, аласұрған сезім әлемі көрермендерді еліктіретіндей деңгейде құрылуы қажет. Олар өлең түрінде де, қара сөз түрінде де бола береді. Драмалық шығармалардың құрылымы ондағы оқиға мен тартыстардың даму қарқынына және ауқымына байланысты көріністерге, актілерге, бөлімдерге бөлінеді. Ал композициялық тұрғыдан Драмада оқиғаның (тартыстың) басталуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімін табуы болады. Кейбір шығармалар мұндай классик үлгіден өзгеше, яғни бірден тартыстың шиеленіскен тұсынан басталуы мүмкін.
Драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе - тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде. Пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жерге дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болады. Өйткені романда бір бетке суреттелетін шындық пен суретті пьесада бір ауыз сөзбен беру қажет. Ал әр сөз, әр сөйлем шындықты ғана емес, сол сөзді айтқан кейіпкердің мінезін аңғартуы керек және әр адамның сөзі өзін танытуы шарт.
Драмадағы хал-күйдің басы (экспозиция), әрине, пьесаның кіріспесі іспетті, алғашқы актіде жатады. Мұның міндеті - көрерменді пьесаға қатынасатын адамдармен (персонаждармен) таныстыру. Экспозиция екі түрлі (жардай экспозициясы, мінез экспозициясы) болуы мүмкін
"Drama" деген терминнің өзі қимыл, әрекет жоқ жерде драматургиялық шығарма да жоқ. Тартыс атаулының ең бір шиеленіскен, шым-шытырық, күрделі түрі пьесада жатады. Арқауында аса маңызды, қатал, қиын қақтығыстар жатпаған пьеса - пьеса емес. Қаһарман сахнаға шықты ма, болды, дереу іске, әрекетке көшуі қажет. Үнсіз-қимылсыз үш сағат түгіл үш минут отыра алмайды. Сырғып перде ашылды ма, болды, сахнада бірін-бірі ауыстырған суреттер, эпизодтар, оқиғалар тұтасып, дами бастауы шарт және әрбір эпизод тек қана қажеттіліктен туған қалаулы, қастерлі құбылыс болуы керек. Мәнсіз, мағынасыз көрініспен көрермен көңілін аудару қиын.
Достарыңызбен бөлісу: |