70. Қазақтың алғашқы баспасөз органдары: «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті және олардың қазақтың ұлттық сана-сезімін оятудағы маңызы.
Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905-1907 жылдардағы революцияның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден (Шахмардан) Қосшығұловтың (қосарлас редакторы А. Ибрагимов) бастамасымен “Улфат” газетіне қосымша ретінде “Серке” газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3-4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жабылып қалған.
Қазақ қоғамы демократияшыл жұртшылығыныңұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911жылғы 16 наурызда Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді “Қазақстан” газеті шықты. 1911-1913жылдарда (қаңтар-ақпан) небәрі 16 нөмірі шығарылды (редакторы Елеусін Бұйрин). Газет “кәсіпкерлік пен ғылымға үйрету” ізгі мақсат деп санады.
“Айқап” журналы. Ұзақ уақыт күш-жігер жұмсап, аянбай еңбектенуінің арқасында М. Сералин 1910 жылдың аяғында журнал шығаруға рұқсат алды. “Қостанай уезінің Шұбар болысы № 5 ауылының қазағы М. Сералинге, — делінген құжатта,- Троицк қаласында оның жауапкершілігімен мынадай бағдарлама бойынша: бас мақалалар, шетелдік хабарлар, мұсылмандар өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, аралас дүниелер және редакцияға хаттар бағдарламасымен ай сайын “Эй-кафь” журналын шығаруға рұқсат берілді”. Прогресшіл демократияшыл зиялылардың сан жылдар бойы аңсаған армандары орындалды:1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш “Айқап” ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Нақ соның, ал кейініректе, 1913 жылғы 2 ақпанда Орынбор қаласында шыққан “Қазақ” газетінің де тағдырына жалпы ұлттық басылымдар болу жазылған еді.
“Айқап” журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті.
Достарыңызбен бөлісу: |