Дауа жəне күрес шаралары. Соналарды жайылымда жоюды ең алғаш орыс энтомологы Порчинский ұсынған. Кіші-гірім шалшық суларды “өлім шалшығына” айналдыруға болады. Кішкене шалшық суларға дизель жанар майы немесе мұнай өнімі 50 мл м2 м өлшерінде шашылады. Мұндай жерлерді шарбақпен қоршап қояды. Мұнайланған шалшық суларға қонған соналар денесін былғап, ұша алмай жерге құлап түсіп өліп қалады. “Өлім шалшықтарында” Tabanus жəне Chrysops туыстарына жататын соналар қырылады, ал Haematopoda туысына жататын соналар суға жоламайды. Жануарлар үстіне қонған соналарды жою үшін дезинфекциялық машина арқылы оларға хлорофостың 1 % ерітіндісін ДДВФ-ның 0,15 % эмульсиясын, үшхлорметафостың немесе карбофостың 1 % эмульсиясын шашады. Репеллент (үркіткіш) дəрілерден гексамид немесе карбоксидтің 3 % эмульсиясы, оксоматтың 3 % ерітіндісі қолданылады. Дəрі мөлшері: жылқы мен сиырға 1,5-2 л жəне бұзау мен құлынға 0,5-1 л. Экологиялық əдістерден мелиорация (жер құрғату), жер жыртып, мəдени өсімдіктер егу қолданылады. Сонасы көп жерлерде малды түнде жаю ұйымдастырылады.
Бөгелектер - Dіptera тегіне жататын қосқанатты жәндіктердің биологиялық тобы. Бөгелектердің балаңқұрт фазасы сүтқоректілердің тұрақты паразиттері, ал ересек сатысы өз бетінше тіршілік етеді.
Жылқы гастрофилезі Гастрофилез - тақ тұяқтылардың (жылқы, есек, қашыр) асқазан жолдарын, таз қарнын мекендейтін Gastrophіlіdae тұқымдасының Gastrophіlus туысына жататын бөгелек балаң құрттары қоздыратын энтомоз ауруы. Індет ауру малдың ас қорыту процесі бұзылуымен, жануарлардың бірте-бірте арықтауымен, гастритке, гастроэнтеритке шалдығуымен сипатталады.
Қоздырғышы. Қазақстанда тақ тұяқтылардың гастрофилезін бірнеше бөгелек түрлері қоздырады. Төменде олардың негізгі түрлерін атап өтеміз.
Gastrophіlus іntestіnalіs - қарынның үлкен бөгелегі. Жылқы бөгелек-терінің ішіндегі ең ірісі. Дене тұрқы 13-16 мм, сары қоңыр түсті. Басы үлкен жəне түкті. Басында екі күрделі жəне 3 қарапайым көздері орналасқан. Құрсақ жағында денесін дақтар басқан. Жұмыртқасы сары түсті, ұзындығы 1,2 мм айқын көрінетін көлденең жолақтары бар.
І сатыдағы балапан-құрттардың ұзындығы 1,05-1,1 мм, ақ түсті. Бас жағында екі ілмекті аузы, бар. 200 ІІІ сатыдағы балаң құрттардың дене тұрқы 20 мм, пішіні сопақ. Денесінің əр буылтығында екі қатар тікенектері бар, біреуі екіншісінен ірірек.
G. haemorroіdalіs- қызыл құйрық бөгелек, күрең түсті, дене тұрқы 9-11 мм, құрсақ жағының түсі үш түрлі: алдыңғы жағы ақ, орта тұсы -қара, құйрық жағы - жирен, сондықтан оны қызыл құйрық бөгелек деп атаған. Қанаттары түссіз, жұмыртқалары қара-қоңыр. І сатыдағы балаң құрттарының 13 буылтығы бар, ұзындығы 0,58 мм, ақ түсті, ІІ сатыдағы балаң құрттардың ұзындығы 14 мм.
ІІІ сатыдағы балапан-құрттардың ұзындығы 18,5 мм, əр буылтығында ұсақ екі қатар тікенектері бар. G. Pecorum- шөп бөгелегі. Ұрғашылары күрең түсті, дене тұрқы 16 мм, еркектерінің түсі сəл анықтау, дене тұрқы 13 мм. Басы кеудесінен сопақтау, маңдайы тар, басы түкті. Кеудесі қоңыр, оның орта шенінде - қара түсті, ашық екі жолағы бар. Құрсақ жағы қара қоңыр, кеудесінен кеңірек. Жұмыртқалары қара түсті, ұзындығы 0,9 мм, ірі сопақ қақпақшасы бар. І сатыдағы балаң құрттарының ұзындығы 0,30-0,95 мм, ақ түсті. ІІ сатыдағы балаң құрттарының ұзындығы 12 мм, ал ІІІ сатыдағы балаң құрттары- 20 мм. Буылтықтардың бірінші қатардағы тікенектері екіншісінен екі есе ірі. (қараңыз: XІІІ – сурет ).
Достарыңызбен бөлісу: |