1. Эпикалық шығармаларды оқыту


Лирикалық шығармаларды оқыту



бет2/3
Дата21.12.2023
өлшемі25.79 Kb.
#487428
1   2   3
окыту

1. Лирикалық шығармаларды оқыту. Поэзия – әлем құбылыстарының жиынтығы. Поэзияны әр оқырман өзінің жанының сүзгісінен өткізу керек. Ақын ерекшелігін тану мен өлеңді мәнерлеп оқу үндестігі лирикаға жан бітіреді. Мұғалім сынып оқушыларының осындай маңызды әрекетіне мән беруі керек. Өлең оқушыны сезімге бөлейді. 
Лирика-поэзиялық жанрға орыс халқының ұлы сыншысы Л.И.Белинский: «Поэзия – өмір айнасы», – деп баға береді. Лириканың поэтикалық сөзі эстетикалық сезім қалыптастырады. Лирикалық кейіпкер сезімі ақын жүрегінің лүпілі, нәзік қылы арқылы беріледі. Толғаныс-тебіреніспен, сезіммен оқыған оқушы лириканың ішкі нәзік үнін жүрекпен сезініп, эмоционалдық реңін бойына дарытады. Лирика оқушыға тілмен жеткізгісіз ләззат беріп, эстетикалық сезімге баурайды. Эстетикалық сезім – адамның рухани қымбат қасиеті. Оқырманның ләззат алуға бейім эстетикалық сезімдері адам табиғаты дамуының объективті жағдайларына сай дамып, өрістейді. Лирикада сезім жүйесін тебірентетін көркем де терең идея бар. Лирикалық шығармаларды оқи отырып, оқырман әр алуан көңіл күй кешеді. Лирикалық шығарманың қуаты жанға сая таптырып, көңілді ажарландырып, әсемдікті, нәзіктікті, асқан сұлулықты сүюге үйретеді. Лирика – нәзіктік бейнесі. Онда сезім мен ой, этика мен эстетика, ақыл мен эмоция тоғысады. Нәзік лириканың ерекше мәні – жан әлемінің тереңіне адамның бойлауында жатыр. Лирикада шынайы сұлулық, әсем нәзіктік, асқақ арман, адам жанының пәктігі жырланады.
Лириканың бас кейіпкері – ақынның өзі. Ақын ең алдымен өз жайын, мұңын, арманын, қуаныш сезімін жыр ету арқылы халықтың тағдырын, қайғысын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек-мақсаттарын білдіреді. Лирика көлемі жағынан ықшам болады. Оқиғадан гөрі отты сезім басым болады, күллі сурет сол сезімнің айналасына, бас-аяғы тұжырымды философиялық ой маңына жинақталады. 
Лириканы оқыту – күрделі мәселе. Оның күрделілігі оның жанрлық ерекшелігінде ғана емес, ең бастысы, оқушылардың оған деген көзқарасы мен қарым-қатынасында. Олай дейтін себебіміз: жоғарыда айтқанымыздай, поэзияны жүрекпен қабылдап, поэзия тіліне тұшынып, сезімталдықпен оқу керек. V-VIII сынып оқушыларының көбі поэзиядан гөрі, прозалық шығармаларды оқуды ұнатады. Өйткені прозалық шығармаларда қызықты мазмұн бар, айтайын деген ойының бәрі айқын, анық тұрады. Сондықтан мұғалімге лирикалық шығармаға оқушыны қызықтырудан гөрі, прозалық шығармаларға қызықтыру жеңілірек. 
Лирикалық шығармаларда ақын өз ойын, өз сезімін, өз күйін тікелей кейіптеу арқылы жіткізсе, лириканың сол өзіндік қасиеттерін түсіну үшін, баланың да ақынжанды жүрегі, нәзік сезімі, ұшқыр ойы болуы керек. Лирикалық шығармаларды құлақпен емес, жүрекпен, сезіммен қабылдау керек десек, ол шығармаларды бала қалай меңгереді, не нәрсеге тебіренеді, қандай көңіл-күйде болады, оны тексеру де мұғалімге оңайға соқпайтын мәселелер. Міне, сондықтан да лириканы оқытудың күрделілігі осында жатыр.
Лирикалық шығармаларды оқытуда сабақ басталмас бұрын, көңілді, сазды, әсерлі әуен қойып қою, мүмкіндігі келсе, өткелі отырған лирикалық шығарманың әні болса, әнімен қойып қоюдың, күйлерді тыңдатудың оқушыларды сабаққа әзірлеуде маңызы зор.
VII сыныпта С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңін оқып-талдау барысында төмендегідей жұмыстар жүргізіледі.
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі (достық туралы айта келіп, оқушылардан достық жайлы сұрайды). Бұл кезеңде әңгімелесу әдісі қолданылады.
2. Әдеби-теориялық ұғым беру (лирикалық жанр, оның түрлері жайлы, лириканың өзіндік ерекшеліктерін қарапайым тілмен түсінікті етіп түсіндіру). Бұл кезеңде баяндау әдісі қолданылады.
3. Мәнерлеп оқу: мұғалімнің әуенмен, сазымен мәнерлеп оқуы (үнтаспадан не интерактивті тақтадан тыңдатуға болады); оқушының мақамдап оқуы. 
Мәнерлеп оқу өтіліп жатқан көркем туындының мазмұнына байланысты. Егер шығарма ерлік, елжандылық тақырыбына негізделсе, көтеріңкі ырғақпен, көтеріңкі көңіл күймен оқылады, ал табиғат, махаббат жайлы өлеңдер болса, нәзік леппен, терең сезіммен оқылады. Лирикалық шығармаларды мәнерлеп, нақышына келтіре оқуда әр сөз, әр тыныс белгі үлкен рөл атқарады.
4. Көркем туындыдағы ақынның көңіл күйін бағдарлау, өлеңнің оқушыға қалай әсер еткендігіне назар аудару.
5. Өлеңдің мазмұнын меңгертуге жағдай жасау: тақырыпқа сай әуен таңдау, бейнелеу өнері саласынан өнер туындыларын, сабаққа қажетті көрнекіліктерді тиімді де ұтымды пайдалану.
6. Тақырыпқа сай психологиялық жаттығулар, тринингтер жүргізе отырып, жағымды ахуал жасау.
7. Оқушылардың қабілеттерін ояту, сабаққа деген белсенділігін арттыру мақсатында шығармашылық бағыттағы әдіс-тәсілдерді пайдалану.
8. Әр шумақпен жұмыс: шумақтағы, тармақтағы ақынның негізгі ойын табу, әр шумаққа тақырып қою. Сөздік жұмысын жүргізу. 
Лирикалық шығармаларды оқытуда қойылатын ортақ талап – шығарманың компоненттеріне талдау жасау. Бұл өлеңде көңіл бөлерлік мәселе – өлеңнің сырласу стилінде жазылуы, ақын монологі, лирикалық кейіпкердің әр алуан көңіл күйінің тоғысуы.
9. Лирикалық кейіпкердің көңіл күйіне сипаттама беру. Өйткені барлық лирикалық шығармаларға тән қасиет – лирикалық кейіпкерлердің болуы.
10. Өлеңді құрылысына талдау, яғни жүйелілік-құрылымдық талдау жасау.
11. Көркемдік ерекшелігіне талдау жұмыстарын жүргізу, яғни эстетикалық талдау жасау.
12. Қарапайым сұрақтарды өрбіте отырып, проблемалық сұраққа айналдыру. Мәселен, Ақын суреттеген жалған достық пен шынайы достықтың ара жігін қалай ажыратуға болады? Ақын сырын ұғу үшін қандай әрекетке барар едіңдер?
Лирикалық шығармаларды оқытуда оқушының поэзияны оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі әдістерді қолданып, тапсырмаларды түрлендіріп отырған жөн. Мәселен, VIсыныпта М.Мақатаевтың «Қайырлы түн» өлеңін өткенде, «Қайырлы таң» өлеңімен минималды жұп жасап, екі мезгіл суреттелген шығарманы минималды жұптастыру әдісі арқылы жан-жақты талдау өте қолайлы.
Гомотетиялық әдіс арқылы бір ақынның екі өлеңін не екі ақынның бір тақырыпта жазылған өлеңін талдатуға болады.
Лирикалық шығармаларды оқытуда сабақты интеграциялық негізге құрылған трио сабақ (үштік сабақ) ретінде өткізудің тиімділігі де зор. Орыс әдебиеті, бейнелеу өнері пәні мұғалімдерімен қосыла отырып, қысқы, жазға табиғат құбылысын әр қырынан суреттей отырып, тақырыпты білімдік жағынан терең, жан-жақты талдап, түрлі тапсырмалар беріп өткізуге болады.
Лирикалық шығармаларды оқыту барысында оқушылардың шығармашылық жұмыстарына да ерекше көңіл бөлу керек. Осы сабақта қабілеттеріне қарай өлең жаздыру, сурет салдыру немесе шағын шығарма-суреттеме жаздырудың маңызы зор болмақ.
Қорыта келгенде, лирикалық шығармаларды оқыту барысында ұстаз тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап, өлеңнің мән-мағынасына қарай мәнерлеп оқи отырып, жан-жақты терең талдау жүргізгені абзал.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет